Дидахмет Әшімханұлы (1950-2015)
Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін жол құрылысы учаскесінде жұмысшы, Большенарым аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Совет Армиясы қатарында (1969-1971) сарбаз, Алматы үй құрылысы комбинатында тас қалаушы болған. КазГУ-дің журналистика факультетінің (1972-1978) күндізгі бөлімінде оқи жүріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (1975-1976), «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған ол кейін республикалық «Қазақстан пионері» (1978-1980), «Қазақ әдебиеті» (1980-1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992-1993) газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан 2015 жылға дейін халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Сонымен бірге 2003 жылдан 2015 жылға дейін «Ел-шежіре» баспасының президенті қызметін атқарды. Дидахмет Әшімханұлының бастамасымен «Алаш мұрасы» сериясы бойынша 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін «Ел-шежіре» баспасынан жүздеген аяулы арыстардың небір тамаша туындысын том-том кітап етіп шығарды.
Нақты атап айтар болсақ, М.Ж. Көпейұлы, С.Сәдуақасов, Нәзір Төреқұлов, А.Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Қайым Мұхамедханов, Бейсенбай Кенжебаев, Сарышолақ Боранбайұлы, Темірбек Жүргенов, Рәбиға Сыздықова, Оралхан Бөкей және тағы басқа зиялылардың көптомдық шығармалар жинағы басылып шықты.
Дидахмет Әшімханұлы, сондай-ақ, 1999 жылдың ақпан-маусым аралығында арнайы шақырумен Астана қалалық «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың 1-інші орынбасары, 1993 жылдан 2000 жылға дейін негізгі қызметімен қоса әр кезеңде «Атамұра» баспасында редактор, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «Отан» журналында бас редактордың орынбасары, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы болады.
Әдеби шығармасы тұңғыш рет баспасөз бетінде 1965 жылы 8 наурызда Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде жарияланады. («Шырқал ән». Өлең).
Проза жанрындағы тұңғыш әңгімесі «Аққабаның толқыны» деген атпен 1975 жылы «Коммунизм туы» газетінде, «Арман қанатында» атты коллективтік жинақта (1978) жарық көрген. 1981 жылы «Аққабаның толқыны», 1987 жылы «Он бірінші күз», «1990 жылы «Каменная падь», «Жер аңсаған Сарыатан», 2000 жылы «Самырсын сазы» атты прозалық кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Елорда» баспаларынан жолдама алған.
Дидахмет Әшімханұлы – әдеби көркем шығармаларымен қоса екі жүзге жуық публицистикалық туындының авторы. Оның «Әңгіме емес әңгімелер» атты публицистикалық кітабы жарыққа шықты.
1986 жылдан СССР Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері, «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Көптеген шығармалары неміс, қытай, ағылшын, француз, монғол, украин, татар, қырғыз тілдерінде аударылған.
Сонымен қатар жазушының өзі А.Курчаткин, А.Ашимров, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П.Пурэвсрэн, Кришннамаб Малл т.б. көптеген туысқан халықтар жазушыларының жеке повестері мен әңгімелерін және Джон Голсуорси, Джек Лондонның ең танымал романдарын, әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен. Сонымен қатар, «Аждаһа» пьесасын қазақ тіліне аударған.
Молдаван драматургы А.Кирийдің «Зона» пьесасы Дидахметтің тәржімалауымен 1998 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында қойылып келеді.
Дидахмет Әшімханұлы – қалың оқырман мен әдеби ортада әңгіме жанрының шебері, стилист, талантты журналист, белгілі аудармашы ретінде танылған қаламгер.
1950 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында туған. 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін, 1978 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Қазақ әдебиеті», «Заман Қазақстан» газеттерінде қызмет істеген. 1993 жылдан қазірге дейін Халықаралық «Түркістан» апталығында бас редактордың орынбасары, сондай-ақ 2003 жылдан бері «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Орхон» Баспа үйінің директоры.
Прозалық сегіз кітаптың авторы. Жекелеген бірнеше шығармасы әлемнің тоғыз тіліне аударылған (қытай, неміс, моңғол, түрік, орыс, украин, мари, қырғыз, өзбек).
Д.Әшімханұлы сондай-ақ қалың оқырманға өткір публицист, белгілі аудармашы ретінде де жақсы таныс.
СССР Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.