Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,
Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.
Қазақтың жанын қазақтың қара сөзімен,
Бозала таңнан "Талтүске" дейін жыр еткем.
Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін жол құрылысы учаскесінде жұмысшы, Большенарым аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Совет Армиясы қатарында (1969-1971) сарбаз, Алматы үй құрылысы комбинатында тас қалаушы болған. КазГУ-дің журналистика факультетінің (1972-1978) күндізгі бөлімінде оқи жүріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (1975-1976), «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған ол кейін республикалық «Қазақстан пионері» (1978-1980), «Қазақ әдебиеті» (1980-1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992-1993) газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан 2015 жылға дейін халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды.