ҮШ ӘҢГІМЕГЕ ҮШ ТҮЙІН

ҮШ ӘҢГІМЕГЕ ҮШ ТҮЙІН

Жазушы Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығы хақында

Сейфолла Оспан, ақын,

Халықаралық «Алаш»

 сыйлығының иегері

       Мен қазір көз кемістігінен көп шығармаларды оқи алмай жүрмін. Бірақ осы қалай дегендердің бірен-саран шығармаларына көз жіберіп отыратыным бар. Солардың ішінде бір білгенім, кейінгі толқын арасында өз тазалықтарымен іші-бауырыңды жылытып, еріксіз баурап алатын шығармалар да баршылық екен. Менің бұлай деп отырғаным, қазіргі шығармашылықтардың жалпы қалпы үш сарында жүретін сияқты. Оның біріншісі, салқын қандылықтың биігіне шығып алып, өзінің айтар ойын тым тәкәппарсытып жіберетіндігі. Екіншісі, елжіретіп, еңіретіп айтар ойын өз деңгейіне жеткізе алмай, оқырман дәмесінің діңкесін құрту төңірегінде. Ал үшіншісі, осы жоғарғы айтылған астамшылықпен төменнен төрге ұмтылған төзімсіздіктің өңірінен өз айтарын ап-анық жеткізіп, адамзат баласының еңсесін бермес бейнесін жасап және оның ой парасаты мен еңбек бейнетінің бар болмысын беру арқылы өзінің жан тазалығының жәһүт мерейінің мейрімді мұңын айтып жүрген жазушы інілеріміз да баршылық.

Солардың бірі және бірегейлерінің қатарынан көрінетін көрнекті жазушы ініміз Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына аздап тоқталып өткім келеді. Бұл ініміз негізі өзін-өзі оңашалау ұстап, жазатындарын да жәйдақтыққа жібермей, үнемі жинақы ұштап, өзінің діттеген ойын қарапайым тілмен сөз илеуін қандыра жеткізетін жазушы екендігінде сөз жоқ. Және нендей жайды айтқысы келсе де, асықпай-аптықпай, оған қоса өзінің көрген-білгені төңірегіне зерделей қарап, зәрредей жалғандық жібермей жазатындығы кімді де болса риза етпей қоймайды. Осыған орай тілге тиек ететін төмендегідей үш әңгімесіне тоқталып өткім келеді. Бірінші әңгімесі ә дегеннен дүние-жалғанның тірлігімен жүріп, қайбір жайларда өзімізге белгі беретін  сәтті, өкінішке орай өткізіп алатындығымыз әрқашанда әттегенайдың әл бермес отына салатынын кеш ұғамыз. Бұған жазушының «Ақшоқы» әңгімесінің желісі дәлел. Елдің қарапайым азаматы Оқастың Алматыдай үлкен шәһәрға келіп әдепкіде өзінің туған жерін қастер тұтып жиі барып, кейін жиырма жыл көлемінде ат ізін салмай кетуі өкінішті-ақ. Және ол жан-дүниесін мәңгі жаулаған сағыныштың сартабынан зардап шегумен өтеді. Өлім аузында жатқан адамның аузынан шыққан бір лебіз жазушының бар айтарының түп қазығына айналған. Ойда жоқта моншада табысқан жерлес інісі, Дүйсеннің ауыл әңгімесіне зеректігінің өзі бір сала ұғымды білдірсе керек. Оған қоса  моншаның булы бөлмесіне төселген самырсын яғни балқарағайдың жұпар исі табыстырған жерлес ағайындылардың ілезде бауыр басқандығы сонша, Дүйсенді әр көрген сайын, әр тілдескен сайын бір жасап қалатындығы ғажап. Сол інісі бір күні ағасына келіп: «Бүгін демалысқа шығып едім, өзім де ауылға жиналып отыр едім. Мынауыңыз жақсы болды. Ертеңнен қалмай бірге жүріп кетейік, аға. Бір аптадай елде болып,Ақшоқыны аралап, Маралды бұлақтың суын ішіп, емін-еркін бір демалып қайтамыз» деген мұны қуана құптап. Бірақ бұл сөзді естіп отырған жеңгесі: «Жоқ, ағаң күзде бір-ақ барады. Қазір дачада жұмыс көп. Ағаштардың бәрі сусыз қаңсып тұр, – деп шорт кескен. Сонымен ертеңіне Дүйсен ауылға аттанып кетеді де, Оқас бақшасын көтеріп таудағы дачаны бетке алады. Ал сол күні дачада шатырдан түсіріп келе жатқан зілдей темір жәшік қолынан түсіп кетіп, тура сол жақ аяғының басына құлаған. Оның соңы жазылмас жараға айналды. Жазылмас жараның арты айықпас мына жаман дертке ұшыратып, бір-ақ тынды». Оқасты өкінткен осы жәй еді. Мұны ол туған топырақтың киесі деп ұқты, яғни «Ақшоқының» қасиеті деп білді. Біз кейде осындай сәттерді мүлт жібереміз.

       Жазушы тағы бірде жаны қысылған адамның түсі арқылы былай дейді. «Тағы да жанұшыра айқайлаған болады, бірақ дауысы шықпайды. Тағы да қашайын дейдіғ қаша алмайды. Аяқ асты… жан-жағы… бәрі-бәрі – сумаң қаққан, ирелеңдеген, қаптаған қара жылан. Маралбұлақтың қайрақ тасты жағасы да, шымырлай аққан су беті де – ысылдаған, ысқырынған, бастары қақшаңдаған қалың жылан. Бірі мен бірі жарысып, бірін-бірі қуалап, Ақшоқының қорым тастарына қарай қопарыла көшіп барады жөңкіліп. Көшіп бара жатқан жыландардың білектей жуан біреуі бұның сол жақ аяғына оратыла қапты сұп-суық боп. Қыл арқандай құйрық жағы қызыл асықтан қыса түсіп, қақшаңдаған басы тізеден жоғары өрлеп келеді сумаңдап…

       Айқайлайын дейді. Айқайлай алмайды. Демі бітіп, тұншығып барады. Тұншығып жатып әлдеқайдан біреудің құмыға жеткен даусын естиді. Таныс дауыс… Дүйсеңдікі…

-Аға-а… қаш кейін, қаш!.. Ақшоқы енді біздікі емес, қаш бері.

Қашайын дейді. Қаша алмайды. Аяққа оратылған жыланның құйрығы жібермейді тастай қысып жабысып. Жоқ, аяққа емес, енді міне білегіне жармасты. Қазір мойынға өрлейді».

            Бұл жерде біздің байқағанымыз, бұл дерт бір Оқастың басындағы дерт емес екендігін, жазушы сол сағыныштан сартап болып туған топырағын аңсаған жан арқылы, бүкіл еліміздің басына бүгінгі күннің қасыретін барынша ашып беріп отырғандай. Иә, солай. Жалпы бұл әңгіменің бойында сағынышпен бірге туған топырақтан айрылу қасыреті, оған қоса ауылдағы көне көз  әжелерінен тәлім-тәрбие ала алмаған ұрпақтардың мейірімсіздік қасыреті өз жүйесімен өрнек тапқан. Тап кешегі көршілес елдерге шекарадан жер берудегі «мәрттіктің мәртебесінің» жеткен жері, осы болды-ау деп өз-өзіңнен өкінесің. Ол жерден түрлі себептермен елі көшкенмен, жерінің тылсым сырлы небір тарихы да өз-өзінен күрсініп көмескі тартып бара жатқандай елестейді. Автор әңгімесінің құндылығы да ұтымдылығы да, ойының ұшқырлығы да осында жатса керек.

       Әрине бұл әңгімедегі ауылдағы әжесінің қолында тәрбиеленген баласының мейрімі өзімен бірге қалада туып, сол қалада өскен баласының мейрімінен әлдеқайда артық және олардың ата-анаға деген жанашыр жылылығының өзі аспан мен жердей екендігін де бір тұстан ап-айқын ашып береді. Бір ғажабы, осының бәріне жерлес інісі Дүйсеннің қалпы, тылсым жатқан жан пердесін ашып берген. Содан да болар, оның  яғни Оқастың кеудесінен шыбын жаны шыққанша Дүйсенді аузынан тастамауы.  Бұл жерде Дүйсен туған топырақтың шежірешісі әрі дидары, Ақшоқы мен Балқарағайдың, Маралбұлақтардың тілін шұбарламай таза біліп, сондағы жұпар желдің екпінімен жаралған жанның тап қазір жеткізбей қоюының өзі, Оқастың барша өкінішін, қала берді, бүкіл халқымыздың тығырыққа тығылып қалған тұмса тынысындай елестетуі, жазушының жазу шеберлігі мен жан тебіренісі десек артық айтпағанымыз.

       Екінші әңгімесі «Құдайсыздар» атауының өзіңде үлкен мән-мағына жатқандай. Мұндағы ойларының да күрделілігінде, көріп келділігінде халқымыздың үнсіз-түнсіз жасайтын жақсылығының үлкен арнасы жатқандай. Соған қоса әр заманның өзіне ылайық шолақ белсенділігі шодырайып көзге ұрып, көңілге күйзелістің көкесін тастайтындай өмір  өксігін паш етеді.

       Иә, бір әңгімеден екінші әңгімеге ауысқанда, кешегі қызыл көз белсенділердің тұсындағы қиянаттың небір сорақылықтарын көреміз. Өздерінің күнін азар көріп отырған ел адамдарының аңғал тірлігі кімді де болса толғантпай қоймайды. Бұған біз жазушының «Құдайсыздар» әңгімесін оқысақ, бүкіл момын қазақ елінің аянышты тағдырына түбегейлі  көз жеткізетін тұтас әлемді көреміз.  Япырмай не сорақылықтарды көрген қайран халқым-ай демеске ылажымыз жоқ. Бұл әңгімеде де әсірелеуден аулақ   қоспасы жоқ бір отбасының айналасында болып жатқан тірлік тағдырының ақиқат көрінісі. Кешегі күні біздің халық не күйге түспеді дейсің. Жалпы біз көркем шығарманы кей кезде тек көркем сөздерден тұрады деп ойлаймыз. Бірақ ол барып тұрған ағаттық. Оның негізгі қуаты таза шындықта жатуы керек яғни қарапайым ойдың қағылез ұстанымдары өз мәресіне  жетіп яғни өзі діттеген ой биігінен көрсете білсе, одан артық шығарма шырайы болмаса керек. Біздің әңгіме етіп отырған  жазушымыздың әңгімелері де біздің жоғарғы айтқан мәремізден шығып, өзінің айтар мән-мағыналы дүниесін оқырман көкірегіңдегі  көріпкелдік көкейкесті мүддесіне  сай келіп,  сол арнаны  суыртпақтай тартып, нағыз өмірдің өресіндегі шындықты шып-шырқасын шығармай алдыңа тастауы, асқан шеберліктің шыйыршық атқан түйіні болса керек. Яғни, санаңдағы түйсікке жүгіндіре әсер тастау – ол жәй қасиет болмаса керек. Болмаса жазушының,  қала берді, бүкіл халықтың небір тығырыққа тығылғандағы тартысты тірлігінің алтын тініндей үнемі алып шығып отыратын шүйкедей алтын кемпір-әжелердің құдыретінде шек жоқ. Әрі барсаң бар тауқыметті көтеретін халық анасындай осы кісінің айналасындағы ащы-тұщы өмірдің кезіндегі нендей тауқыметке болса да, төтеп бергені айдан анық. Таза шынайы көрініс. Түйсіктегі немеренің тылсым тіршілігінің алтын тініне жармасып шығарған жағымды кейіпкердің бейнесі, біріншіден, нағыз еңбектің ұрпағындай болса, үнемі бас жібі қолында жүретін қызыл сиырдың тірлік көзі екендігі кімнің де санасынан өшпейтіндігі ақиқат. Жазушы сол ақиқатты қарапайым тірліктің өңіріне өзіндік нанымды бояуымен бере салған. Бұған кішкентай баланың  сыңар мүйізді  «Қызыл сиырды » жетектеп, бір қолына таяғын ұстап, бір ұрпағының үйінен екінші баласының ұрпағына нәр беру үшін қайқаңдаған қара жолдың бойымен қара жоннан асқанша, аузындағы сүт дәмінің алыстап бара жатқанын сезінген кішкене баланың «сүт, сүт»деп, қалғанының өзі қарапайым халықтың бірін тартса біріне жетпейтін халін аяндаса керек. Екінші жағынан өз өмірін тек еңбекке ғана құрған жандардың тіршілік  қамын шешуі өзгелерден бөлектеу болмақ. Және олардың айналасында жүрген селтеңбайларға берер бағасы да басқаша. Керісінше олардың да мұндай жандарға берер бағасы өрескелдеу болатыны ақиқат. Бірақ ел арасында өз еңбегін соншалықты сүйіп істеп үнемі өз бетінен таймау сөз жоқ үлкен абырой және олардың айтар сөзі де айбынды келеді. Өйткені олар халықтың өз арасында айтылып кеткендей «адам болсаң еңбек ет те, міндет ет» деген қағидасының құлы екендігі тағы бар. Олай болса оның айналасындағы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге құмарлардың мадақталуы екі талай. Біздің Дидахметтің халықтың осындай ой өрісін үлкен пәлсапаға шығаруы бұл жазушының ойшылдығын білдірсе керек. Осы кейуананың бар іс-әрекет еңбегімен берілетін екі бірдей тағдыр бар. Оның бірі осы кісінің айналдырған бір сиырдың өнімін бірде ұлының ұрпағына енді бірде қызының ұрпағына алмакезек апарып жүруінің өзін кейуана құдыреті демеске хақымыз жоқ. Және сондай кісілердің өз пәлсапасы ретінде де әбден  қалыптасқан. Олай болса бар өмірі тек бос сөзге құрылмай еңбекке құрылған жандардан артық ардақты адам болуы мүмкін емес.

       Екіншісі, осы кейуананың бір үйден, бір үйге көшіп жүргенде, өзімен құт арқалап жүргендей   болатыны, сол өзінің жетегіндегі жалғыз сиыры болса керек, ал жүн түтіп  отыратындығы, ол сол үйдегі  жандардың кім болса да, қандай бір суықта да сыр білдірмейтін киім киюіне өзіндік қамқорлық яғни әженің құшағындағы мейірімнің масаттандырар ұлы қасиеті. Ал оның уақытша өкінетін жері, сүтке үйреніп қалған жас баланың артынан сүт, сүт деп жылап тұрғаны төбе кұйқаңды  шымырлататындай, сол замат  сондай әсер тастағанмен, екінші жағын –  екінші ұрпақты біздің жазушымыз былай береді:

       «Әне, сол терезенің алдында  бұтында бір тұтам көк трусиінен басқа лыпасы жоқ, жалаңбас, жалаңаяқ, үш-төрт жасар қара бала шыр-шыр етіп, жылап тұр. Жылап тұрып тырбиған кішкентай қолдарымен терезе шынысын сабалап ұра береді. Екі көзі анау үйден елу қадамдай жердегі төбесі жабық ұзын қойқораның желке тұсындағы қара қабақта. Қара қабақтың тік қапталын қиғаштай қиып жатқан жалғызаяқ жолда, әнеки, бұл баланың әжесі үйдегі жалғыз сиырды, өзі де, тәтесі де, бәрі де жақсы көретін сыңар мүйізді қызыл сиырды сүйрей жетелеп, алысқа ұзап барады. Бір қолында – сиырдың бас жібі, екінші қолында – таяқ. Таяқты жерге гірш-гірш қадаған сайын кимешек-шылауышты дағарадай басы кегжең-кегжең етеді. Бала терезеден бәрін көріп тұр. Көріп тұрып жер тепкілеп жылап тұр.

-Апа-а-ау, — дейді алыстағы әжесіне айқайлап. – Сүт! Сүт!.. Мен сүтсіз қалдым ғой, апа!

Оны  сона-ау қияндағы апасы қайдан естісін, еңкеңдей басып қара қабақты қиғаштай тартып барады. Қабақтың үсті – көктемнің жылы шуағына бөгіп, бусанып жатқан көкпенбек егістік. Апасы қазір оған да жетеді. Оған жетті дегенше бәрі бітті де. Әрі қарай еңіс… Әп-сәтте апасы ғайып болады. Сосын сиыр да жоқ, сүт те жоқ».

       Бұл өзінің туған анасының ызыланған сөзіндей. Өйткені көзден ғайып болған шүйкедей кемпір ұлының үйінен қызының үйіне  барады. Оны жоқтататын адам жоқ. Жоқтықта сыңар мүйіз қызыл сиырының сүтімен екі оттың басына да алма кезек талғажау етікізіп жүрген бұл кісіде үн жоқ. Үн жоқ дегенге алаңсыз сөйлей алмайды екен демеңдер. Қысқасы, бұл кісі де кезінде  жас болған, бір кезде толықсыған келіншек те болған, тіпті отағасы барда айналасына өнеге болатын небір жақсы қылықтары да болған. Бірақ бүгін осындай. Ол кісі біледі, бүгінгідей айналаны жоқшылық  қысып тұрғанда бос сөздің керек еместігін. Оның орнына қолдан келсе, жүн-жырқаларды түтіп тазартып, бір бүйымтайға жарату әлдеқайда ұтымды. Сонау кезде өзінің жан серігі болған отағасының дүние салғанына да не заман.  Ендігі тірлігі сол ұлы мен қызының ұрпақтарына көнбіс еңбегінің көзіндей сынық мүйіз қызыл сиырдың сүтін қайсысы қай кезде тарықса, соған талғажау еткізуге бел буған. Ал анау ескерусіз қалатын жүн-жұрқаларды түтіп қажетіне жаратып  омырауларын  суық шалмайтындай кеудеше, немесе  жылу беретін тоқыма жасап, ұрпағына өз жылуын қоса беру.

       Енді осындай өзінің артық-аспай сөзі жоқ, бес уақыт намазын қаза жібермей, күнделікті күйбең тірлігін жасап жүрген қастерлі кейуананың өзіне дамыл бермеген ауыл белсенділерінің ызасы да, күнде төбелеріне қырық пышақ ойнатып болған. Мұндай оспадарсызды жаман күнде ұзақ қарға құтырар дегендей, бұлардың әбден мазасын алып болады. Комсомол болам деп құдайсызданып кеткен Нұрым сияқты жексұрын мен әр оттың басына жанашырлық пен мүсіркей  қарайтын май жинаушы Оралбай ақсақалдың арасы  аспан мен жердей десек асылық емес. Енді біз жазушының Нұрым бейнесін берудегі тәсілдеріне назар салайық:

«Екеуі  апыл-ғұпыл сыртқа шықса, қарақасқа атын ырсылдата шапқылап, колхозбастық келіп қапты үй жанына. Оң жақ көзін кесенің түбіндей дөңгелек қара бұлғарымен таңып жүретін осы ұзын қарасұр кісіні көргенде қара баланың қашан да үні шықпай қалатын, бұл жолы да денесі дір-дір  етіп тәтесінің етегіне тығыла түсіп еді. Бұдан кейін:

       — Көрдіңіз бе, райком жолдас, үндемейді. Ал мен айтайын, анау тұрған көк сандықты ашсын қазір бұл, — деді колхозбастық апам отырған жерден әрірек бұрышқа иек көтеріп. – Дәл сол сандықтың ішінен кірпіштей қып құран суырып алмаса мұрнымды кесіп берейін мен. Кәне, Әзімхан, шын кәмөнөс  болсаң, ашшы ана сандығыңды.

Әзімхан орнынан созалаңдай тұрып, төрге беттеді. Осы мезетте апамыз да оқып отырған намазын бітіріп қалып еді, Әзімхан сандық бетін аша бергені сол:

-Тәйт! —  деп  қолынан қағып жіберді. – Құранды ұстау үшін алдымен дәрет алып кел, жаман шірік неме!

-Райком  жолдас, көрдіңіз бе, қалай дәл айтам, а! – Колхозбастық кәдімгідей мақтана желпініп, қопаң-қопаң етіп қойды.

-Әй, Нұрым, — деді апам. – Көрдік, көрдік сені. Әлі сол баяғы кәмсамол қалпың екен. Енді бірде өз баласына да күйініп:

-О, Құдай!- деді апам оның соңынан.- Маған осындай құдайсыз ұл бердің, ана Сақыштай имансыз қыз бердің. Бірі алдындағы жайнамазға қарайды, бірі қолымдағы жалғыз сиырға қарайды. Бүйтіп мені бұл екеуіне жалтаңдатып, қор қылып қойғанша, алмайсың ба, Құдай!» — дейді жанашумен.

Жалпы осы әңгімедегі қозғалған мәселе, бүкіл қазақ ұлтының бойындағы жағымсыз жайлар ұтымды берілген. Қысқасы, жау жағадан  алғанда, ит етектен аладының кері. Ел онсыз да ыңыршағынан айналып отырғанда Нұрым сияқты озбыр әпербақандардың ісі анау болса, біз қайдан оңайық. Бір кездегі ел тізгінін ұстаған шала сауатты жандардың бәрінің де істейтіні сол деп қалмайық бірақ. Олардың арасында да елдің жағдайына елжірей қарағандары да болды әрине, бірақ олар тым сирек еді. Дидахмет ініміз осы жайды еңбекшіл, бір сәтке де қарап отыра алмайтын кейуана әжесімен барынша діннен безген колхозбастық Нұрымды қатар беруі және бір-біріне байланыстыра беруі ұтымды шыққан, оған май жинаушы Оралбай ақсақалдың мейірбандығы  қосылғанда ғана тұтас халық бейнесін көреді екенсің. Бұдан артық ұтымылық бар ма. Жалпы біз жер-табиғаты керемет Алтайдың өңірін жайлаған қазекемдердің кешегі Кеңес өкіметі кезіңдегі толық тағдырын берген бір от басының басынан өткендерін көз алдымызға елестеттіретін бұл хикаяттың көңілге қонымдылығы сонша, нағыз шынайы өмірдің қыл шылбырын көрсетіп бергендей әсер тастайды.  Және ол сол жергілікті жердің өзінің қарапайым төл тілімен жазылған. Осы жерде біз тағы бір жайды еріксіз еске аламыз. Әдетте біздің халықтың үлкендерінің көбісі, қартайып көз жұмар шағында, қайсы бір қасиетті жандар өз ағайындарымен алдын ала қоштасып, айтар өсиетнәмәларын айтып, сол өзі мәжелеген шамада дүниеден өтіп жатады. Сол қасиеттің өзі сырттай  байқағанға білініп те жатады. Осы  бір жайды  Дидахмет ініміз  әжесінің таусылар дәмін анасына сездіртіп, дайындалу керек дегені осы уақытқа дейін ешкім айтпаған жәй. Оның үстіне әжесінің өзі түтетін жүнін тауысып, күнделікті оқитын намазын тоқтатып  бір сәт дамылдап терезе алдына барып, сап-сау қалпы мына жарық дүниемен қоштасқандай кейіпте тұрғанын жазушы былай береді:

«Наурыз айының жып-жылы бір шуақты күні мектептен келе жатсам, тәтем үйдегі төсек-орын, алаша-сырмақтың біразын сыртқа шығарып, қағып-сілкіп жүр екен. Мені көре салысымен:

-Үйге кіріп, жылдам тамағыңды іште, үлкен бөлмедегі үстел, орындықтарды түгел сыртқа шығар!- демесі бар ма.

-Не боп қалды? Жайша ма? – деймін таңданып.

-Жайша емес, апаң бүгін өледі. Кешкісін үйге адамдар жан-жақтан қаптаған кезде, оларды қайда отырғызамыз? Қайда жатқызамыз? Білдің бе!

Не дейді! Апам өледі дей ме? Таңертең ғана терезе алдында жүнін түтіп сап-сау отыр еді ғой. Жүрегім өрекпіп, жүгіріп үйге кірсем… қызық, апам сол таңертеңгі мен көргендей… сап-сау қалпында, сол терезе алдында сыртқа қара-ап, үнсіз отыр. «Тәтем де қызық екен. Апам, тіпті де өлетін адамға ұқсамайды ғой» деймін. Дегенмен… бір нәрсе жетпей тұрған тәрізді. Ол не? Білмеймін. Осы мезетте тәтем де үйге кірген. Менің неменеге таңданып тұрғанымды ол сезсе керек:

-Қарашы, апаңнан не байқайсың? – деді бетіме сұраулы пішінмен қарап.

-Ештеме.

-Қолына қара. Күндегі түтіп отыратын жүні бар ма?

-Жоқ.

-Жоқ болса, апаңа енді жарық дүние де жоқ. Бұл кісінің бір күнін бір күнге жалғап келе жатқан – намазы мен түтіп отыратын жүні еді. Бүгін таңертеңнен бері екеуін де қолына алмады. Ендеше дәмінің таусылғаны. Бүгінгі кештен қалмас.

Жоқ, кешке жетпеді апамыз. Түс ауа, Алтайдың басынан күн енді еңкейе бастаған уақытта, төр алдында, екі қолын екі жағына сұлық тастаған күйі, ғұмыр бойы өзі дайындалған жаққа ақырын жылжып жүре берген».

Қысқасы, бұл әңгімеде ене мен келіннің, келін мен қайын сіңлінің, немесе ағасы мен інілерінің, баласы мен шешесінің оған қоса белсенді мен мейірімді ақсақалдың  арасындағы қиғаш келетін сөз болсын, жөндем сөз болсын, желауыздыққа ерік бермеген. Уақиға өзінің таз қалпында баяндалып,  сол таз қалпында диалогқа құрылып беріліп отырады. Тіпті әр-бірден соң асыр салған қос інісінің әрекеттері де кәдімгі  сол кездегі еркеліктерден толық хабар беріп, қайсыбір егде оқырмандының еріксіз есіне түсіп, өзінің бал-балалық шақтарына оралып  көңлі бостарды жылатып, көңілі қаталдарды еріксіз күлдіруі ғажап емес.

Мен өзім бұл әңгімені осы уақытқа дейін ешкім жазбаған классикалық әңгіме деп білем. Оның үстіне бастан-аяқ шынайлыққа құрылған кіші-гірім роман сюжетін арқалап тұр десем, жалған айтпағаным.

Үшінші әңгімеге келетін болсақ, мұның мінез-құлқы, айтары жоғарғы екі әңгімеден де бөлек.  «Жынды жел» атауының өзі толық өзінің көшпенді әлемінен хабар береді. Оны  анықтай түсу үшін жазушы «Алас тайпасы туралы аңыз» деп түсініктеме беріпті. Әңгіме басы үйге келген қыдыр қонақтың әңгімесін «0ұйма құлақ» зерек баланың есі шыға тыңдап отыруынан басталады. Ол ақсақал сол өңірге әйгілі емші болады. Балаларының тосыннан басы айналып, құлап түскені осы емшіні шақыртуға мәжбүр етеді. Емшінің айтымынша балаға жел тиіп, шайтан ұрған  деп, мына отырған жерлерің көне қыстау ғой, баланы мұндай жерде жалғыз қалдыруға болмайтын еді дейді. Сонда әкесі емшіге:

-Жәй жел тигенде осыншама әбігерге түсіре ме сонда. – деп қарсы сұрақ қояды. Ал емші болса бір кезде бұл бала түгіл, бүкіл бір елді құртып тынған  жел жайлы  аңыз да бар деп, ақыр соңында сол аңызды айтуға мәжбүр болады. Бірақ оған дейін баланың тамырын ұстап, оған дем салып, бетін бермен қаратқан соң әңгімесін бастайды.

Сонау ертеде  Алас деген тайпаның басынан кешкен тарихы біздің ұлттың бүгінгі таңдағы кешіп жатқан күйіміздің құпия астары сияқты. Иә, әу баста жамандық атаулыға жаны қас елдің тыныш өмір сүруіне мүмкіндік бермейтіні екі бастан. Біріншіден,  бұларға өшігіп алған. Мұндар тайпасының азары өткені сонша, тіпті бастарына шығып есіргені сонша, олар енді тапа талтүсте бір шабарманын жіберіп, бір былғарыға ораған сәлемдеме тастап кетеді.

-Ақсақал, сіз бір қызық әңгіменің ұшын шығарып отырсыз. Егер айып болмаса, осы әңгімені түп-түгел айтып беріңізші бізге. Мына бала да тыңдасын, — деп әкем қопаңдай түскен.

– Көсем бұлғары орауын ашып қарағанда, ұзыннан қатар салынған екі затты көреді. Бірі – үшкір басына алтын сақина кигізген қара көсеу де, екіншісі – өрімі тарқатылған бұзаутіс қамшы екен.

-Бұл не? – деп көсем жанында отырған көпті көрген, көп жасаған тайпа ақсақалына бұрылады:

-Бұл Мұндар тайпасының «бұрымдыңды күң етем, тұлымдыңды құл етем» дегені, — дейді ақсақал. – Және бұл Мұндарлардың өз күшіне әбден сенгені. Сенгені сол – тапа-талтүсте ордаңның алдын шаң қылды. Шаң қылғанды қан қылатын сенен бір адам шықпады. Бұл – тайпаңнын намыс оты өшкені. Сен «шыдай тұр да төзе беріңмен» асыл текті Аласты осындай күйге түсірдің.

Ақсақал ойлана отырып тағы сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді:

-Жеріміз жәннат еді, Мұндарлар тозақ қылды. Бұл жер енді бізге қоныс болмайды. Сонау Алтай жаққа қарай жылжуымыз керек. Бірақ оған бізді Мұндарлар оңай жеткізбейді. Олармен жол бойы айқасып-шайқасатын жүректе от, бойда күш бар ма бізде? Әлде шынымен бәрі сөніп біткен бе?

Бастары салбырап-салбырап үнсіз отырған нөкерлер көз астымен көсемге қарайды. Көсемнің тік қабағы түйіле түседі, түйілген қабақпен бірге  бет-жүзі де түнере береді. Сосын бір сәт орнынан сілкіне тұрып, ту сыртында ілулі тұрған, көптен бері сабына қол тимеген алмас қылышты қынабынан суырып алады. Жарқ еткен қылыш жүзін көргенде, бүкіл орда іші қопарыла тік көтеріледі.

– Алас! Алас!» — дейді қылыштарына қол салып.

– Алас! Алас!» — дейді сырттағылар  найзаларын көтеріп.

–Алас! Алас!» — дейді өрістегі малшы менен жалшы да.

–Естідің бе, көрдің бе мынаны! – дейді ақсақал көсемге. – Іштегі алашұбарға, сырттағы қарашұбарға басыңды шұлғи берумен асыл текті қаныңды кеше маңыраған қой еттің, бүгін қылышыңның бір жарқылымен бәрін қайта арыстан қылдың ақырған. Атыңа мін енді.

Бұдан кейін бұл ел Алтайдың бір қанатына қарай айқасып-шайқасып жүріп, көшіп кетеді. Ол жақта  бейбітшілік өмір сүреді. Бірақ бұл жерде де Орман, Обыр, Жебір тайпаларының  әрқилы айлакер қылықтарына төтеп бере алмаған. Оның  үстіне қас қылғандай бұлардың жерінен алтын шығады.  Бұл  айналасындағы, алыстағы елдердің ішіне от тастап, олар енді бұл тайпаның көзін жоюға тырысады.

Орман тайпасы өзінің жынды суымен, Обыр тайпасы адамды сан түрге енгізетін айна-айласымен, ал алыстағы Жебір тайпасы айласы адамның көзі түгіл, айдың көзін де тұмшалап тастайтын «шашы алтындай сап-сары, беті ақша қардай әппақ жалғыз қатынды» алыс жолға шығарып салады. Осы қатын бүкіл Аластың әйелдерін аз уақыттың ішінде өз айтқанына көндіріп, өз етектері мен бірге киіз үйдің етегін де түргізіп жел соқтырады. Жазушы бұл жерін былай береді:

«Сол-ақ екен: ойдан-қырдан, оңнан-солдан самал лекіп қоя береді. Қатындар мәз боп қол соғады. Еркектер желпініп кеуде ашады. Бірінің бетіне әр кіреді, бірінің бойына әл бітеді. Мұндай рақатты кім көрген!… бірақ, амал не, бұл рақат ұзаққа созылмайды, самалдың арты желге айналады. Желдің соңы қара дауылға ұласады. Ол күндіз-түні түйедей боздап, иттей ұлып тұрады. Бір сәт тына қалады, бір сәт екілене қайта соғады. Жыландай ысылдап іргеден кіреді, айдаһардай ысқырып есіктен шығады. Зәрі еттен өтеді, ызғары сүйекке жетеді. Ыңырсып жылап бала бесікте жатады. Күрк-күрк жөтеліп еркектер отырады. Көздері алақ-жұлақ етіп көп қатын ақ қатынды іздейді. Ол ізім-ғайым жоғалған. Ол жоғалысымен тағы бір сұмдық басталады. Көктен түсті ме, жерден шықты ма, әлде желмен бірге жетті ме, тайпа ішінен белгісіз бір індет шығады. Бұл алдымен жан-жануар, малдан білінеді. Қотанда қойлар бастарын бір жағына қисайтып, айналып-айналып құлап түседі. Үйірде айғырлар қуып жүріп өз жатырына шабады. Түйелер жаңа туған ботасын тіземен таптап тастайды. Үйдегі иттер иесін қабады. Бұның соңы адамдарға жетеді. Еркектер бесіктегі қызына ұмтылады, қатындар қаршадай ұлды үстеріне жығады. Балалар әке-шешесімен емес, қолдарындағы айнамен сөйлеседі. Олардың не деп отырғанын ешкім түсінбейді. Тілдері басқа  болады.

Осының бәрін көріп отырған  тайпа  ақсақалы:

Бұлар енді тірі өлік. Тайпаның күні батты, — дейді күңіреніп. Бұл оның соңғы сөзі болады.

– Міне, шырақтарым, кезінде дәуірлеп тұрған бір тайпаның тағдыры осылайша бітеді» — деп шал әңгімесін аяқтаған.

Бұл әңгіменің айтарын алай ойласақ та, былай ойласақ та, байқаған адамға біздің еліміздің басынан өткендей тағдырды елестетеді. Егде тартқанда жазушы түгіл отаным деген қарапайым жандар да өз халықының басынан кешкендерін, өткен ізгі тарихтарына көңіл көзін жіберіп, өзін-өзі ойға шақыратыны екі бастан. Олай болса біздің Дидахметтей шынайлықтың шырқау биігіне құлаш ұрған жазушының мұндай тақырыпқа бой  ұрғаны бір жағынан олжа десек, екінші жағынан өз оқырманын, қала берді, бүкіл ел-халқын  ойлануға   шақыруы  заңды да. Оның үстіне алдыңғы сағыныш пен еңбекке құрылған  классикалық екі әңгімеден гөрі, мына еңбектің тілі өзгеше яғни жазушы төгіліп кеткен. Төгілетін себебі де бар. Өйткені бұл тақырып, жалпы өз отаны жайлы, жазушы бұл тақрыпқа осы жасында төгілменде қай кезде төгілмек. Бұл жазушы Дидахметтің философ Дидахметке айналып, үнемі өзін толқытып жүрген ел-халқы туралы тұжырымды ойларының бас көтеруі де тегіннен тегін болмаса керек. Содан да болар бұл әңгімедегі тіл үйірімінің өзгешелігі. Басқа не дейміз.

Дидахметтің осы үш әңгімесін оқып отырып, жазушы талантының бір саласы, өз тілінде  сөйлеуінде жатыр ма деймін. Менің өз тілі деп отырғаным, сол жазушының жаратылысындағы шындық. Яғни қайсы бір жазушылар сөз тіркестерін6 кейде тіпті ой тіркестерін біреуден сұрап алғандай ғып,  текшелеп жинап, қалың оқырман бетін аша алмайтындай қып тұмшалап тастайды. Және ондай жазбалар жеңіл оқылуға да онша қос бере бермейді. Ал біздің Дидахметтің біріншіден, ондайы жоқ. Екіншіден, оқушы хаттарына сұғанақтық жасап, бір кемісін толтыра қояйын немесе пайдалана қояйын деген әдеттен өзін аулақ ұстайды, бірақ бір жағынан әсіресе бастық кезінде талап қойғыштығы тағы бар. Негізінде талап қойылады, бірақ оған жауап беру жағы сол талап еткен адамының қарым-қабылетіне қарай ғана жүзеге асады. Ол  жағын да байқау керек сияқты. Ал өзіне келетін болсақ өзінің жазуында жанрдың әрқайсысына қарай ыңғайлану жүйріктігі молынан жетеді, оны мен бала күннен  білем. Және сол үшін мен өзін жақсы көріп кеткенім де бар, әлі де сол қалпымнан тайған емеспін.

Осы әңгімелерді оқып отырып есіме мына тәмсіл түскені: сөзіңнен қашыру – өзіңнен қашыру және еліңнен қашыру деген бар. Негізінде сөзіңнен  қашырудың бір тоқтамы түйінделу керек деген сөз, өзіңнені қашыру елді күйіндіріп сүйкіміңді құртпа деген сөз, ал еліңнен қашыру яғни оқырманыңнан қашыру – ол өздеріңе де белгілі ғой деймін. Ия ол көбікауызданып кету немесе түсініксіздіктің шегіне жету деп білем. Менің бұл сөздерім тосындау естілер, дегенмен дұрысы осы.

Тағы бір айтарым Дидахметтің бұл әңгімелерінде ешқандай да желік сөз де,  жерік сөз де жоқ, тек қарапайым ғана ауызекі сөзбен түсінікті жазылған. Сонымен бірге желік ой мен жерік ой да жоқ,  оған қоса  жеңіл ой да жоқ. Бәрі де қарапайым қазақи тұрмыстың қалыпты қызуында берілген. Және бәрі де болған болмыстың өз арнасынан әрі шықпаған. Бұл әңгімелердің  тартымдылығы да, салмағы да сонда жатыр. Және әңгімелердің қарапайым  басталып, қарапайым аяқталуы да орнында,  оған ештеңе дей алмаймын. Үш тақырыпқа жазылған осы үш әңгіме Дидахмет ой-санасының қай биіктігінде жүргенін білдірсе керек. Егер өз сөзімді қортындылай кеп айтар болсам, Дидахметтің әңгімелері төңірегіндегі биіктігі өз қатарлы әлдекімдерге жеткізетін биік болмаса керек. Ал көсем сөзіндегі қанатты топшысы ол өз алдына жатқан әңгіме. Қысқасы, мен бұл мақаланы ұзақ жаздым, оның өзіндік себептері де жоқ емес. Олай болса, Дидахметті тану маған да оңай тимегені ақиқат. Осы биіктігіңнен түспе, Дидахмет бауырым!

Дидахмет
Әшімханұлы
logo