Ертеңнің қамы – бүгінде, жаным,
Үмітіңді үзіп түңілме, жаным.
Шалқайып жүрер шағың да болар,
Бас көтер қазір, бүгілме, жаным.
Темірдей болшы, тегінде, жаным,
Бордай бір босап егілме, жаным.
Сенгеніміз тек бір Алла ғана –
Сенің де, жаным, менің де, жаным.
Жақсылық алда — жабықпа, жаным,
Сенуден маған жалықпа, жаным.
Мұқалсаң мұңмен – қайрағың менмін,
Басқаға жігер жанытпа, жаным.
Жаныңда бармын, қорықпа, жаным,
Таусылып сөзбен торықпа, жаным.
Күйеуің — менмін, сүйеуің — менмін
Еңсеңді көтер, соны ұқ та, жаным!
15 қыркүйек, 2011 жыл