Ойланып жүріп оянбай қалдың. Жұмағазы Игісін

Маусымның 10-ы – жазушы Дидахмет Әшімханұлының туған күні                

Досты іздеу

ОЙЛАНЫП ЖҮРІП ОЯНБАЙ ҚАЛДЫҢ…

(Қаралы элегия)

Қайран, Дидаш! Өзің айтушы едің ғой, «қайғының да қайғысы болады» деп. Қандай себеппен, неге айттың екен сол сөзді? Қаның болмаса да жаның араласып кеткен дос қазасынан ауыр қайғы бар ма екен мына жалған дүниеде?! Енді, міне, сенің сол бейнең көз алдымда тұр. Сол сөздерің құлағымнан кетер емес. Ең қиыны – бәрі де кешегі елес!..

… Төр Алтайдың қазақтың маңдайына біткен төрт алыбын қарақанаттандырып, қиырға аттандырған білім ордасының сексен жылдығында қатар отырдық. Алматыда аракідік араласып жүрсек те содан бастап ежелгі достардай емен-жарқын араласып кеттік. Кеш аяқталғаннан кейін сен мені «бүгін біздің үйде емес, қасиетті шаңырақта қонамыз» деп Оралханның үйіне алып бардың. Ырымдап, сонда түнеп шықтық. «Сен де қалам ұстап жүрсің ғой, бірдеңесі жұғып қалар!» дедің сөз аяғын әзілге бұрып. Орекеңнен айырылғаннан кейін соңғы рет соққанбыз ол үйге. Сен қарағайдан қиып отырып қалаған сол бір қораштау ғана қараша үйге біртүрлі қимас көңілмен қарай бергенсің. «Бәріміз де осы топыраққа қайта оралармыз…» деп күрсініп едің сонда, неге өйттің екен?

Әулие екенсің! Ата-бабаң, әкең жатқан сол топыраққа қайтып оралдың. Бірақ өзің пір тұтқан ұстазың – Қалағаңнан қалып қойғандай боп тым асығыс оралдың…

Маған сенің адалдығың ұнаған. Мен сенің таулы өлкенің саф ауасындай кіршіксіз көңілің мен пейіштей пейіліңе тәнті болғам. Өр Алтайдың өз жұртындай қарапайымдылығыңа қайран қалғам. Сен сол адами қалпыңнан ешқашан айнымадың. Сондай кінәратсыз һәм қарапайым ғұмыр кештің, сол қалпыңда өмірден өттің. Сен елуге толғанда сен туралы бірдеңе жазғым келген. «Құдай-ау, жерортасы жасқа келгенше ештеңе тындыра алмай жүрген адам туралы не деп жазбақсың?!» дедің кәдімгідей шамырқанып. Сен алпысқа толарда сұхбат алғым келген. «Әй, соны қоя тұрайықшы… Әуелі пайғамбар жасына келіп алайықшы» дедің әзіл-шынын араластырып. Мен сенің сол сөзіңді ұстап қалдым. Осыдан екі жыл бұрын «Пайғамбар жасы» деп тақырып қойып, оншақты сауал жолдағам. «Қашан тудың, қайда өстің?» дегем жоқ. Ол сауалдардың дені – адамның қадірі, қаламның қадірі, жазуға деген адалдық, сөйлеу мәдениеті, аударма ауаны, аузында – Алласы, жүрегінде – иманы жоқ көлгір әрі жағымпаз «зиялы», тағы басқалар жайында болатын. «Сауалдарың салмақты екен, оған атүсті жауап бере салуға болмайды, ойлануға мұрсат бер» дедің. Сөйтіп, ойланумен жүргенде ол жастан да өтіп кеттің. Ойланып жүріп оянбай қалдың… Қаншама ой-арманың орындалмай, орта жолда жер жастанды. Айтпағың көп еді, амал не өзіңмен кетті. Біреу білсе, біреу білмес, пәленбей жылдан бері ықтияттап жинап жүрген хаттарың қалды қаттаулы. Жазып жүрген күнделіктерің қалды жалғаспай. Аңырап анаң қалды. Қара ормандай халқың, қара жамылып отбасың қалды. Өзіңді пір тұтқан дос-жаран, қаламдастарың қалды. Иә, бәрі қалды! Артыңда ізің қалды, аңызға бергісіз Сөзің қалды. Дидахмет деген атың қалды, өзіңнің орныңа келген жалғасың (тойын да тойлап үлгіре алмай қалған) – Ерденің қалды…  

Сенің жүрегің тоқтаған түні қаламың да тоқтаған. Енді бүкіл қоғамда сілкініс тудырып, елді елең еткізген «Құдайсыздар» мен «Жынды желге», «Ақшоқы» мен «Тасқалаға» татырлық әңгіме оқи аламыз ба, кім білсін…

«Мен өз мүмкіндігін пайдалана алмаған адаммын». Бұл сөзді сен алпысқа толғанда айтқансың. «Менің қаламым өте баяу жүреді. Өйткені, шығармашылыққа аса жоғары талғаммен қараймын» дегенсің бір сөзіңде. Рас, сен қаламын қайдағы бір шимай-шатпаққа былғай бермейтіндердің сойынан едің. Өзіңе тым қатал едің. Ондай тастай талаптың жүрекке артар жүгін де білдің. Біле тұра соған бардың. Бұл – сенің қасиетті қаламға деген адалдығың еді. Өзіңді хан көтере сыйлаған, іздеп жүріп оқитын оқырманыңа деген құрметің еді. Өзгенің жан-дүниесіне үңілем деп, өз жүрегіңді ұмыт қалдырғандайсың. Сөйтіп, адалдықтың азабына жұдырықтай жүрегіңді тәрк еттің. Кеудеңдегі асау пыраққа шамадан тыс жүк арттың. Өйтпесең, тірі жүрер ме едің әлде…

«Оқырманды сағындырып отыру керек. Оқырман сені іздейтін болсын». Бұл сөзді сен былтыр айтқансың. Енді өкінішке сағыныш қосылса не болды?! Өзек өртенер, жүрек ниеттесін іздеп аласұрар. Іште аласапыран дауыл тұрып, Алтайдың құзар шыңдарын қап-қара бұлт торлар. Қарағайға жай түсіп, қақ айырар. Онсыз да қатары сиреп қалған қадау-қадау таланттар аман болса екен…

***

Қайран, Дидаш, қапияда өзіңді жоғалтып алдық. Ай-күннің аманында Алтай мен Алатаудың арасында сенен мәңгіге адасып қалдық. Фәни дүние өзінің опасыз екенін тағы бір аңдатты. Өмір-өзеннің ағысына тоқтау болмас, бірақ СӨЗ атты алтын сарайдың бір кірпішінің кетіліп қалғаны көрініп тұр. Оның орнын кім толтырар енді?

Сырымыз бен мұңымызды бірге бөлісіп жүрген ниеттесім едің. Деміккенде демеген, жабыққанда жебеген қанаттасым едің. Жазуымды түзеген, олпы-солпы жерлерімді күзеген рухани ұстазым едің. Тірі болсаң бүгін айдарыңнан жел есіп, алпыс бесте отырар едің. Бір Аллаға жөн болған соң қайтерсің! Айға да ұшып жатқан Адам ажал алдында пұшайман. «Өмірдің алды – сайран, арты – ойран» деген осы шығар, бәлкім…

«Тәнің көмілгенмен, көмілмес еткен ісің» (Ахмет Байтұрсынұлы)…

***

Қайғының қара бұлтының күз келмей жатып-ақ төр Алтайдың төңірегін қайта-қайта айналсоқтап жүргенін қарашы…

Тағы да, міне, ойламаған жерден найзағай ойнап, төбемізден жай түсті. Ол жай жай түскен жоқ, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағын қақыратып кетті. Жазушылардың қасиетті ақ отауының білеудей бір уығы опырылып, орны үңірейіп қалды! Бір қалам майырылды, таланттың бір ақиығының қанаты қайырылды! Ал бүкіл түркі жұртының мұң-зары мен қайғы-қасіретін бауырына басқан қарт Алтай тағы бір алыбынан көз жазып қалып, есеңгіреп тұр. Салба-сұлба қарағайлары қайғының батпан жүгін көтере алмай салбырап, сай-сала қарабарқынданып алды…

Сағынар досың –

Жұмағазы (Игісін).

Өскемен.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo