Кеудеме қонып мың арман

Кеудеме қонып мың арман,
Биікке бүгін самғадым.
Алдымда мына бұралған
Жолдармен жолды жалғадым.
Шыр етіп ұшқан бұлбұлға
Сыңсыған таңда бақтардан
Қиыла қарап тұрдым да
Жүректен жырды ақтарғам.

Сырласып аппақ қайыңмен,
Сырласып сұлу түндермен.
Қырды асып келіп көктемде
Дос болып өттім гүлдермен.
Алқоңыр желдер алқынып,
Сезімді селдей бұзғанда.
Іздедім гүлдер шар құрып,
Мен ғашық болған қыздарға.

Сол ғашық болған қыздарды,
Көңілім бір сәт тыншымай
Көзімнің жасы ыршымай
Төгіліп сүйдім барыммен,
Егіліп сүйдім арыммен
Беу, менің жайсаң жастығым!

Қиқу сап келген қаздарды,
Қарсы алып көкшіл көлдерде.
Дос еттім, сәулем, сендерге,
Қаздарды, жасыл жаздарды.
Қонаққа келіп жүр бүгін
Қоштасып кеткен бала кез.
Айтып жүр маған бір мұңын
Мен өзім сүйген «Танакөз».

Алдымда жатқан шартарап,
Алдымнан шыққан сан торап.
Жатады-ау, шіркін, жаңғырып,
Айтады-ау, шіркін, ән қылып.
Махаббат жырын таң қылып,
Беу, менің жайсаң жастығым!

1973 жыл

Дидахмет
Әшімханұлы
logo