Жоғалып табылған дос. Тұрсын Жұртбай

ЖОҒАЛЫП ТАБЫЛҒАН ДОС

Қазақ елінің қақпасы ашылып, табалдырығын аттай бергенімде, шайтанқұлағым шылдырлай жөнелді. Сөйтсек, отанымыздың еркін кеңістігіне  өткен екенбіз. Апта жүріп қыстығып қалған көңілдің қысасы сыртқа ұмтылды. Отаныңды сағыну оңай ма, оның үстіне бұл аптада қаншама орынды-орынсыз сөз айтылмай қалды. Дереу еш қаперсіз, сондай бір бейқам тағатсыздықпен шайтанқұлақтың түймесін асыға бастым. «Ақылдым» деген таныс та етене сөздің астары езуіме жиылды. Бірақ ар жақтан ешкім жауап бермеді. Ұзақ-ұзақ шыңылдап тұрып алды. Әлгіден де тағатсызданып, енді қайта-қайта түймені баса бердім. Адам бір сондай шыдамсыздықпен хабарласып тұрса, бұл дегенің неғып мардымсып, маңғазданып тұр. Сыбағаңды жақсылап тұрып берейін. Енді алмашы, шайтанқұлағыңды, бәлем! Екіленіп қайта тердім. Дауысым да шығып кетсе керек. Қотығымнан демеп жүрген, кеденнен шығар-шықпастан шайтанқұлаққа ұмтылғаныма алаңдай қараған, өзім «Кемпірқосақ» деп ат қойған әрі қызым, әрі шәкіртім Шұғыла,  сөзімнің «Мұны да ақылды дейміз-ау» дегенінен сезе қойды ма, кім білсін, әйтеуір:

«Соқса не болады ол…», – дей берген сөзімнің дымы шықпай,  тамағыма тығылып, көмейіме өксіп боп түйіле қалды.

Шындығын айтсам, шекарадан өте салған сол бір алма-ауыс шақта мен Дидахметтің бақилық болғанын қаперімнен шығарып алыппын да… Сол баяғыша… Иә, енді қайталанбайтын баяғыша… екпіндете желе жөнелтіп, әлдебір маңызды-маңызсыз бір шымшым сөзбен оны шымшып алғым келіп тұр екем ғой.

Жүрегім де дір ете түсті. Тұла бойымды белгісіз булығу мен шарасыздық билеп алды. Көзіме ащы бір дымқыл үйірілді. Сағынып келген дүниенің беті сол сәтте солып,  аңысым азынап кетті! О, жалған дүние-ай, мен енді Дидахметі жоқ отаныма оралып тұр екенмін ғой! Сондай бір ащы құмығумен томпия мұңайып қалған Кемпірқосақты да жұбатқым келіп:

– Иә… Дидахметтің, «ақылды-ақылсызымның» осынша ақылды болып шыққанын қарашы, өзі өлсе де менің санамнан атын өшірмей кетіпті, – дедім өкінішті  өксігіме ырықсыз әзәзіл әзіл араластырғансып.

Мүмкін оған айтылмай қалған соңғы сөзім осы шығар. Қайдам. Ал бұл сөзді айтып үлгеруге менің мүмкіндігім болып еді. Тек жүз метр мен бір баспалдақ жетпей қалған…

Шайтанқұлақ жауапсыз ұзақ шыңылдап жатты. Өшіруге енді дәтім жетпеді.

Бақи мен фанидің арасындағы осы бір шақтан соң мен өзіме-өзім  біраз уақыт келе алмадым. Дидахметті байқаусызда мен қалай жоғалтып алдым? Әлде, амалсыздау аттанған сол күндердің ми шыжғырған ыстығы мен түнгі аптабы есімнен Дидаштың дидарын ерітіп жіберетіндей тылсым күндер кештім бе?

***

Жоқ. Оның қаба еріні мен шоң мұрыны, қиғаш жарылған шашы мен әжімге бергісіз әжімсіз маңдайы, үнемі тесілу мен сұрақтың арасында үкімсіз қадалатын көзі, күліп келе жатып жиыла қалатын езуі, ең аяғы ауызша түсіндіруден көрі жазып бере салуға ұмтыла түсетін еңсесі мен қалам ұстауға қолапаштау, бірақ сығымдап ұстайтын саусағы, сол сәтте қасын көлегейлей қалатын маңдай шашы да менің өзіммен бірге сөнуге тиісті дидардың бірі. Өйткені мен үнемі оның осы «дидарын» аңдып отырып, қас-қағымға жеткізбей өзгертіп, табан астында езуіне күлкі үйірілтіп, «шоң мұрынын» танауға айналдырып, «астыңғы ерінін жер тіреттіріп, үстіңгі ерінін көк тіреттіріп», шашын дудырата сипаттырып, көзін күлімдетіп, ауызын калимаға келтіре салатынмын.

Бұл тіпті, барған сайын менің, кәдімгі «кәсібіме» айналып кеткен әдетім еді десе де болатын.  Оның өзі қасымда болмаса да, оңаша жүріп те оның бейнесін көз алдыма елестіп отырып,   қалаған шылауымның кейпіне келтіре беретінмін. Кешіктірмей айтып бергенімде, соның кейбірін ғана ол өзі өмірінде де, өнерінде де сүйіп қолданатын «детальға» айналдырып, емеуірінге жақындатып жауап қайыратын да бір желпініп қалатын.

Осыдан жиырма бес жылдай бұрын сондай шарпысулардың бірінде есін жиғызбай шаужайлай жөнелгенімде Қуанышбай Құрманғали ағамыздың: – Дидаш-ау, мына Тұрсын мойныңа мініп алыпты ғой өзі, – дегенінде: – Е, Тұрсын мінсе – мінсін, мұның тақымы жұмсақ, – деп күні бойы «тақымдап» тұрған тақымымды жазып жібергені бар.

Ол адамды жықпайтын, ал жықса – «неғылайынсыз» жығатын. Бір рет Орағамның да – Оралханның да бетін «неғылайынсыз» қайырғаны бар.

Сол бір әзіл-шыны аралас ғұмыр қиқымдарын, яғни, өзі  жиі айтып, шығармаларының өзегін жалғайтын «детальдарды» түрлі-түсті әйнек қиқымдары сияқты өз өмірі туралы маған айтқандарын (тағы да өзінің байыздап отыра алмайтын ғадетіне басып асығыс) атүсті құрастырғанда, мынадай мозайка шығар еді.

Ол әдебиетке «Тасмонша» арқылы келді. Ол өзінің сол тасмоншасын Қалиханның «Бұқтырмасы» мен Оралханның «Мұтауының» арасына мінезі кісікиік шалдың көмегімен салды және қайта бұзылмайтындай етіп салды. Оның бұл «Тасмоншасында» қаламды жаңа ұстаған балаңдық жоқ, онда  кәдімгі кәнігі тасқалаушының тастаңбасы аңғарылатын. Таудың текшесіндегі тас монша. Жұпыны, бірақ сырты тап-тұйнақтай, қиуы қашпаған шымыр тастар. Кірсең ішінің түсі суық. Ал пештің көмейін көсесең қырыс-тырысыңды жазып, алпыс екі тамырыңды иітетін ыстық. Жаның да, тәнің де жадырап шыға келеді. Тура осындағы кісікиіктеу шалдың көңіл-күйі Дидахметтің де өмірлік құлақ күйіне айналды. Жеке мінезі де, жазғаны да сол бір шалдың шапанынның қаусырмасынан шығып жататын. Оның қалған мақсат тіршілігі «сары самауырынын» тұтатып, «сарыатанға сағым кештіріп», «асу асырып», ағайындарын аралай өтіп, «бөріше ұлып», «Ақшоқыға» ұмтылумен өтті және өзінің Ақшоқысына шықты. Менің ойымша, ол өзінің ант мезгілінде де, таң сызылып ағарып келе жатқан зауал таңында да  Талғардың шыңын жанарына іліндіріп барып көзін жұмғанына иманым кәміл. Адамдықтың да, қаламгерліктің де Ақшоқысына жанкештілікпен ұмтылумен өткен мұндай мақсат иесі дегеніне жетпей демін тартып, жүрегінің соғуын тоқтатпас еді.

 Шындығы, сол аңсарлы Ақшоқысына шыққан кезде сол қуанышты бойына сіңіре алмай жүрек қабының жарылып кеткені. Өзінің кейінгі бір жылдағы бағамдауынша, енді сол Ақшоқының басында тұрып мәңгіліктің  сарыны есіп тұратын екі-үш қана шағын туынды жазғысы келетін. Және ол туындысының біреуі туған күніне жеткенше тәмәмдалуы тиіс еді. Туындысы емес, өзінің өмірінің тәмәмдалғаны мәтқапылық өкініш. Неге соңғы демін ерте үзді. Неге: «Менің тәніммен қоштасқанда «Қоңырдың» айтуындағы «Сәулем-ай» әні айтылып тұрсын!» – деп аманаттады. Неге кешкі тоғызда уәделескен сөзден таңғы бесте айнып кетті? Неге «маңдайы жарылып тұрған» соңғы жинағының қолжазбасын маған беріп, алғысөзін жаздырып алмады? Неге… Білмеймін. Менің ойымды дәл қазір жауабы жоқ сұрақтар ғана буып тұр. Әлде, Шерхан дегдар айтқандай: «Бірі кем дүние» деген сол ма?

Біздің таныстығымыз басталғаннан қырық бес жылдан бергі айым-қайымда бұл сұрақтардың байыбына барып қалған тұстарымызда болған шығар. Ойды қусам түпсіз шыңырауғы түсіп кетермін. Тек соңғы бес-он жылдың көлеміндегі әңгіме тәсіліне көшіп, мың тәмсілдің екі-үш тәмсіліне қайырған жауабын атүсті (тағы да сапардамын, сапарда болғанда да кезекті бір ретінде Дидахмет жоғалып табылған Семейдемін. Семейде болғанда да тағы да Жидебайға асығып барып, тағы да асығып келіп Дидахметті, бұл жолы оның дидарын тауып алып отырымын. Төрт сағаттан кейін тура сондағыдай тағы да жолға жалғыз шығамын) баяндайын.

Ол кейінгі жылдары қандай маңызды сөзіміз болса да жарты сағаттың ішінде жылдам қайырып, асығып тұрмын, уағдаласып қойып ем деп ұшып-қонатынды шығарды. Араға үш-төрт сағат салып, кездесейікші деп безектейтін. Кездескен соң, оңаша бір жер тауып, орналаса бергенде тағы да қопаңдай бастайтын. Жатып кеп бұлданып, қайда асығатынын,  бізді енді  мәңгіліктен басқа ешкім күтіп тұрмағанын айтып, тұқыртып жіберетінмін. Сонда ұшатын құстай қомданып барып отыра қалатын. Ішіме үйірілген сөзімді барынша бастырмалатып айтып тастаймын. Ол сол ұмтылған күйі жауабын қысқа, нақ беріп, артын күлкіге айналдырып, көтеріле беретін. Кейін бұл біздің сөйлесу мәнерімізге айналды. Бір жолы:

Келесі жолы тағы бір қомдана бергенде:

Тағы бірде:

Қайырылып бір жолыққанда:

Тағы бірде… және тағы бірде… Қойшы, осы мамыр айының бас кезіндегі бір әредікте ол маған:

Арулап аттандыру рәсімінде бұл аманаты орындалды. Тіпті, соны естіген «Қоңырдың» ұл-қыздары да: «Не істейміз, аға?» – деп келді айналайындар. Рәсім аяқталып қалған еді. Бірақ ол ән тыңдап жатқан. Соңғы әнін үзуге дәтім жетпеді. Содан кейін шайтанқұлақпен хабарласқанымда:

Содан араға екі апта өтпей жатып Алматыға кешкі сағат тоғызда келдім. Сені көруге жүз адам жер мен бір баспалдақ жер жетпей қалды. Енді ол қашықтық мәңгі алынбайтын қашықтық, сені мен мені бөліп тұрған мәңгілік пен бақилықтың шекарасы болып қалды. Талас дүниеден қайтқанда Ораз ақын ағам сондай жарасымды тапқырлықпен «Ақылдың» деп ат қойып берген «Ақылдымды» тағы да жоғалтып алдым.

Ол өмірде өзін де, өзгені де көп рет жоғалтқанымен, үнемі өзін –  өзі, не оны – біз тауып алып, үйіріне қайтып жүрді. Табылып жүрді. Бірақ та Дидахмет мақсатын еш жоғалтқан емес. Мақсаты да оның өзінен, яғни, иесінен адасқан емес. Өйткені, қаламгерлік діл оның тағдыры әрі жазмышы болатын. Сол жазмыш пен тағдыр оның өмірлік шешімін шығарып, мақсатының ақыретіне орап, алыс-алыс ақ шыңдардың салқын төсіне  алып ұшып кеткен болатын. Ал мен болсам, оның бұл жолы «келместің кемесіне» отырып, ғайыпқа айналғанын ұмытым кетіппін, оның өзін ұмытқамын жоқ, онсыз өмір сүріп жатқанымды ұмытып кетіппін.

***

Міне, шайтанқұлақ әлі дыңылдап тұр. Алмайды. Апта бұрын ғана арулап Алтайына бақилыққа аттандырып салған едім ғой. Сонда мен  қиырлап шыққан аптаның ішінде санам мен көңілімнен Дидахметтің атын өшірмей, өзіммен бірге тірі алып жүрген болдым ғой.

Соңғы рет жоғалтып тапқан досымды досымды енді жоғалтпайтыным анық. Өйткені ол менің шайтанқұлағымдағы ғана емес, санамдағы «Ақылдым» деген атын өшіруді ұмытып кетіпті. Менімен бірге жарық дүниеде тағы да бір мерзімі белгісіз уақыт өмір сүргісі келген болар. Жетісімен қарайлас келген туған күнінде ұлы Дәулетке әкесінің шайтанқұлағындағы менің және оның «шымшыма» атын өшірмеуді өтіндім. Енді мен сол баяғы ғадетімше, кешкі он мен таңғы жетіге дейінгі бейуақтан басқа кездің бәрінде де маңызды-маңызсыз мәселелер туралы «Ақылдыммен» сөйлесіп тұратын боламын. Дидахметтің өзі өмір сүруін ұзартқысы келіп өшіруді әдейі «ұмытып кеткен» атын енді ешкім де өшіре алмайды. Мүмкін дауысын естіп қалармын…

Содан бері де оның дүниеден қайтқанына қырық күн толғанша   екі-үш рет хабарласып жібердім. Әзірше үнсіз. Ол жақтың қарбаласынан қолы тимей жатқан шығар. Бірақ бір күні дауысын еститініме сенемін. Ол сөзсіз маған:

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Дидахмет
Әшімханұлы
logo