Жетім жүрек

Жалғыз үйде жалғыз өзің бүгін дағы, кеше де,
Ғұмыр кешіп отырсың сен сонау тұйық көшеде.

Сұм тағдырдың көтеріп ап саған жазған үкімін,
Қаншама жыл қараша үйдің түтеттің-ау түтінін.

Төзім тозып мұқалса да қажыр-қайрат сендегі
Үзілмеген үмітіңдей үйіңнен от сөнбеді.

Оралмайды деуге оны жүрек шіркін сенбеді,
Бірақ, бірақ жуыр маңда жалғыз ұлың келмеді.

Күттің оны көзің талып, ұйқысыз таң атқанда,
Күттің оны сол екен деп біреу есік қаққанда.

Жолын тостың талай рет көзіңнен жас аққанда,
Сол екен деп қалдың кейде біреу есік қаққанда.

Сан көктемде таулар жылап жылғаға жас толғанда,
Сен таулардың сыңары боп жиі жүрдің сол маңда.

Таулар күткен жас шыбықтар бір күндері бүр жарды,
Сонда тағы жалғыз қайттың арқалап бір мұңдарды.

Сан көктемде Жер-ананың жүзі гүлге оранды,
Сағындырып дала күткен құстар қайта оралды.

Өзің күткен жалғыз ұлдан хабар бірақ жоғалды,
(Әлде оны саған бермей, қатыгез бір оқ алды).

Жо-жоқ, мүмкін емес!
Келер деген сенімің бар бойыңда бір жылылық,
Сол сеніммен қаншама жыл жүрдің өзің жылынып.

Сол сенімің қақ айырып қара аспаннан түнекті,
Келер күнге жетеледі жалғыз жетім жүректі.

…Кеше сені көрдім тағы қыр басынан кешкілік,
Сен демеуге сенбедім мен болғаңда жоқ еш күдік.

Дала жатты қарсы алдыңда көкірегіне күй еніп,
Сен далаға тұрдың қарап таяғыңа сүйеніп.

Жүрегіңді жылдар бойы жылыта алмай тұлданып,
Осы сәтте көкжиекке сіңіп кетті күн барып.

Тас мүсіндей тұрдың қарап жасқа жуып бетіңді,
Сұм соғыстың өзі орнатқан монументі секілді.

1975 жыл

Дидахмет
Әшімханұлы
logo