Ерке (С-ға)

Жастығым аппақ таң болып,
Жаз болып жүрген кезімде.
Кеудеңе шалқар ән қонып,
Кезіктің бір күн өзің де.

Кезіктің маған ғайыптан,
Бақыт па ең әлде кеп тұрған.
Аққу ма ең ұшқан Жайықтан,
Алатау жаққа бет бұрған.

Арманға толы жаныңды,
Әлдилеп әуен аялап.
Төксеңші тағы әніңді
Тыңдасын мынау сая бақ.

Тыңдасын жүрек егілтіп,
Тынбасын үнің илигай.
Жанымды қойған төгілтіп,
Сиқырлы, сұлу дүние-ай!

Сылдырап аққан бұлақтай,
Сырлы үн сынсыр бақтарда.
Бақтарда ойнар лақтай,
Еркелеп жүрсің ақ таңда.

Қызғалдақ болып тербеліп,
Теңіздей көкшіл шайқалып.
Еркелеп сүйер жел келіп,
Еркесін қырдың жайқалтып.

«Ауылым әнім» сен бе едің,
Ауылым болып оралған.
Сағыныш болды-ау сендегі үн,
Сендегі үн маған мол арман.

Кеудемде бір құс мың қонып,
Жаныма мынау күй тұнған.
«Ауылым әнім» мұң болып,
Оятты бүгін ұйқымнан.

Жаныңды сенің мол ұқтым,
Кезіккен саған кешімде.
Ерке боп маған жолықтың,
Ерке боп қалшы есімде.

10 қараша,1974 жылы

Дидахмет
Әшімханұлы
logo