АҢЫЗДАҒЫ АҚИҚАТТА

                                    Мырзан Кенжебай, ақын, Мәдениет  қайраткері

АҢЫЗДАҒЫ АҚИҚАТТАР

Д.Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесі хақында

         Жазушылық, ақындық Аллатағала өзінің ілуде бір кездесетін пенделерінің  ғана  маңдайына жазған, кім  көрінгеннің қолынан  келе бермейтін  ерекше қасиет. Рас, Жазушы –жаратылысы бөлек  адам.  Ол ­өзі –өмір сүріп жатқан ортаның  озығы мен тозығып, артығы мен кемісін өзгелерден  бұрын көретін  көзі мен көкірегінде қыранның  қырағылығы  бар  көреген адам.  Ол – қоғамда, мемлекетте  болып жатқан  құбылыстарды  көріп  қана қоймай, оның өткен тарихының ойы озық, тілі көркем шежірешісі, әрі   әділін, ақиқатын айтар  төрешісі.  Оның растығына  жазушы  Дидахмет  Әшімханұлының ел  арасына   бұрын көп тарала  қоймаған  аңызды арқау етіп алған «Жынды жел» атты  әңгімесін оқып  шыққасын  көзіміз  тағы бір  жеткендей  болды. 

          Былай барлап  қарасаң, мұнда  шиеленіскен  тағдырлар, дүние  танымдық пікір қайшылығы, не  елең  еткізер  бір уақиға деген жоқ. Бұл шығарма бір қарағанда көнекөз емші ақсақалдың  бір тайпаның  тағдыры туралы   елден ертеректе естігенін баяндауы сияқты ғана  көрінуі мүмкін. Алайда, аңыз-әңгімені оқи бастағаннан-ақ оның бүкіл  болмысын, бағзы замани көріністерін күні кеше ғана  өзің де, өзіңнің  ұлтың да бастан  өткерген, әлі де өткеріп  жатқан сондай  бір    көркем сурет көз алдыңда  алуан бояуға толы  көштей  тізіліп өтіп  баратады. Құнды да құнарлы , бояуы –қанық, айтары – анық тірі тарих.  Сонда  ол  несімен  құнды, несімен  құнарлы?

         Әп дегеннен  айтайық, хикаяттағы  Алас тайпасы ­– қазақтар! Олар  киіз  туырлықты, ағаш уықты үйде кең  сахарада  емін-еркін қәрһәлләзи өмір  сүріп  жатқан бейбіт, ақжүрек, өзі жақсыға өзегін  үзіп беруге  даяр мәрт халық.  Олар  достыққа  берік, тыныштық пен  бейбітшіліктен өзге қияңқы пиғылдан  таза,  әрі  көп нәрсеге шыдамды, көнтері жандар. Бірақ кей жағдайда сол  шыдамдылық та  пайда бермейді екен.  Алас  тайпасының  сол көнтері  шыдамдылығы көршілес  Мұндар  тайпасынан  ұдайы жәбір-жапа шегіп, зорлық-қорлық  көруіне оңтайлы болады.  Әрине, ел  болғасын оның ішінде  өзгенің  таяғы түгіл сөлекет  сөзін  басынан  асырмайтын жаугер  жігіттері де  болады ғой.  Солар ел  басшысына  талай мәрте  келіп: «Алдияр, мына  мұндарлар  әбден басынып  бітті. Атой салып  атқа  қонайық, алдаспанды қыннан суырайық» деп  аласұрса да  елдің  марғау көшбасшысы шыдайық, төзейік, еліміздегі тыныштықты бұзбайықтан әрі  аса алмайды. Бірақ күндердің күні болғанда  мұндарлар  аластарға  «бұға бергенге  сұға бередінің» кебін келтіріп тапа-талтүсте көсем ордасының  алдына  былғарыға  оралған,  қақ басына алтын сақина кигізген қара көсеу мен  өрімі  тарқатылып кеткен  бұзаутіс  қамшыны әкеліп тастап кетеді. Бұл жұмбақ жаушылықтың  шешуі былай еді:мұндағы алтын  сақина  Аластардың  ақшажүз, қаракөз, бұраңбел арулары да,  ал оны  басына  кигізіп алған  көсеу – мұндарлардың өздері.  Өрімі тарқатылған қамшы аластардың жүрегінен  жаугерлік, білегінен  күш-қуат  кеткен  тұлымды еркек  кіндіктілері.

         Хикаят автордың  бала кезінде  жел тиіп, суық алып ауырып қалуы, оны емші ақсақалдың   емдеп отырып  айтқан  аңызынан  басталады.  Егер  жазушының  ең басты  шеберлігінің бірі  адам  жанына деген  аңғарымпаздығы десек, мұнда Дидахметтің  өз атынан  баяндалатын  бала психологиясы яғни, осынау әлемді, жарық дүниені енді-енді ғана  естиярлық көзбен  барлай бастаған баланың  жан дүниесіндегі алуан-алуан  тебіреністерді тап басып байқайтын сезімталдығы, оны оқырманға көзбен көріп, қолмен ұстағандай көрсете  білуі (подача деп  жүрміз ғой!) шынайы   шеберлік демеске лажыңды қалдырмайды. Ол «жалғыз бөлмелі жаман қараша үйде жатып-ақ»,  сан түрлі, сан бояулы, тағдыры тартысқа толы өмірдің  ішіне  еніп кететіні сондай, кейде, тіпті  капитан Гранттың  балаларымен бірге көк теңізді көктей  жүзіп, алыс аралдарға  аттанып, енді  бірде  Том Соэр мен  Гекельберриге серік болып   қазына іздесе, кенет жүк кемелерін  тонап  жүрген  теңіз  қарақшыларының  қасынан  бір-ақ  шығады.  Бала қиялы  бай болудан да кет әрі  емес.  Сондай  қияли  сәттердің бірінде ол  сонау көне  тарихты  да  шолып өтіп, мыңдаған жыл бұрын  ата-бабамыздың  бай мәдени  мұрасы  олар дүниядан  өткенде өздерімен  бірге  көрге көмілгенін  еске түсіреді.  Бірақ сол  алтын, күміс, асыл тастан жасалған  ғажайып  бұйымдарды «өзге жұрттың  ұры-қарылары  көп тонаған» дейді бала.  Бұл жерде бала патшалы Ресейдің  де, кешегі кеңестік Ресейдің де ұры-қарылары бірі ғалым атын,  бірі археолог атын  жамылып қазақ даласындағы  мола, зираттарда  көмілген  қазыналарды  тонап келгенін  ойлап отыр. Міне, сол  бала енді кенеттен  келген әлдебір  сырқатқа тап болды.  Ол еліреді, есеңгірейді.  Ол тал түсте  «Таң атып қалған екен, ­ –  деп ойлайды – Күн қып-қызыл болып  желке тұсымнан  шығып келеді. Батыс  жақтан. Бұнысы несі? Күн шығыстан шығатын  еді ғой. – Көзім  боталап(!) сонау шығыс белдеудегі таулардың  шоғыр-шоғыр қыр арқасына  қараймын. Жоқ, таулар емес, жал-жал  болып төңкеріле төгіліп жатқан  көк теңіздің  көкдолы  толқындары сияқты.  Сол толқындарды  қақ жарып, әне, Алтайдың Ақсере  шыңы ақ желкенді кемедей әлдеқайда  асыға жүйткіп барады. Капитан Гранттың кемесі!» Осы бір  бас-аяғы  4-5 сөйлем  арқылы  жазушы  қаншама алуан  бояуға толы әлемді, таңғажайып ертегідей сұлу суретті көз  алдыңызға  әкеліп көлденең  тарта қойған  десеңізші.  Ол ол ма? Бұл  сурет,  тауыс құстың  мамығындай құлпырған  бұл ғажайып  көрініс  жанына батқан  аурудан  еліріп тұрған, онсыз да  қиял  деген құсқанат   сезімнің  жетегінде жүруге бейімдеу,  арманшыл, жаны нәзік баланың  дәл сол сәттегі ішкі аласапыранға толы  күйзелісімен астасып, оқырманын тылсымға  толы  шексіз  бір әлемнің  ішіне енгізіп жібереді!

         Сонымен шығарманы  оның өзі  діттеген биігіне алып шығатын діңгегі –   Алас  тайпасының  тағдырына  келейік. Осы орайда  бүгінгі  қазақ  әдебиетінде  айтылмай жүрген, қозғалмай тұрған қарқарадай бір тақырып  бар.  Ол  бүгінгі қазақ ұлты қанына біткен қаһармандығынан, ес  білгелі  біткен  елсүйерлігінен, малым – жанымның садақасы, жаным – арымның  садақасы деген мәрттігінен,   найзаға  намыс  қайраған өрлігінен,  қысқасы,  бүкіл  ұлттық  рухынан  қалай айрылғаны  туралы тақырып.  Дидахмет  Әшімханұлы, міне, осы әңгімесі арқылы бір елі ауызға қойылған  осынау  екі елі  шойын қақпақты  ашып тастаған  алғашқы  жазушылардың  бірі  десек,  ешкім өкпелей қоймас.

         Қазақтың  қитабан қарашысы  түгіл, алтын қалпақ, жез телпек хандары да сөзге  тоқтаған, ақсақалдың ақылынсыз, алақан жайып  берген батасынсыз іс қылмаған. Мұндағы Аластар  да солай! Сол   тұжырымды  тоқтам мен батыл  байламды тайпаның  көпті көрген, көп жасаған ақсақалы  елдің елдігінен айырылып, езгіге түскенін  кәрі жүрегі қан жылап отырып көшбасшы көсемге:

         «…Тапа-талтүсте ордаңның алдын шаң қылды.  Шаң қылғанды  қан  қылатын сенен бір адам  шықпады.  Бұл ­– тайпаңның намыс  оты өшкені.  Сен  «шыдай тұр да, төзе тұрыңмен» асыл  текті Аласты  осындай күйге түсірдің, –  дей келіп, –  жеріміз жәннат еді, мұндарлар тозақ  қылды. Бұл жер енді  бізге қоныс  болмайды» –  деп  бір-ақ қайырды. Бұл да  орыс басқыншылығынан  қалжырап, қажыған елдің  жағдайын айтып, кәдімгі  қарға бойлы  Қазтуған жыраудың

«Әз Жәнібек салдырған  әжі Тарханым

Сені де тастап  барамын», –  деп, іші –бауыры құсаға толып, зар еңіреп  бара жатқандағы  зар-жырын  еске түсіреді.

         Міне, осы сәтте  ғана  тайпа басы  орнынан сілкіне түрегеп, көптен бері  алтын балдағына  қол тимей, қынабында  қатып қалуға айналған  алмас қылышты жарқ еткізіп суырып алғанда, әлгінде  ғана басы салбырап, бет-жүзін  дәрменсіздік пен босбелбеуліктің бозғылы  басқан  азаматтар «Алас! Алас!» деп ақыра көтеріліп, қылыштарына қол салады. Өрістегі малшы мен  қара-қопсы маңындағы жалшыдан  отбасы, ошақ қасындағыларға шейін «Алас!» деп  ұран  тастап, дүрк көтеріледі. Ел тегіс атқа  қонады.

         Осы жерде  жазушы тұтас  бір ұлттың, тұтас бір  елдің әр сәттегі көңіл күйін тіпті, психологиясын шеберлікпен бере білген. Ал ұлттық саналылық психологиясы  қоғамдық саналылық психологияға айналғанда ғана  ол ұлт өзінің  азаттығын, тәуелсіздігін, ұлы мемлекеттігін  сақтап  қалады.

         Шығыс елдерінде  елді қоян басқарса – бүкіл елі қояндай  қорқақ, түлкі басқарса – бүкіл елі – түлкідей жылмаң, ал арыстан басқарса – бүкіл елі  арыстандай  айбатты, қаһарлы да күшті елге айналады дегенге   саятын тәмсіл бар.  Әңгімедегі  осы бір тұтас ел  осылайша атқа  қонып жатқанда ел ақсақалының  тайпа басына: –  Естідің бе, көрдің бе, мынаны! Сен  күні кешеге дейін іштегі  алашұбарға, сырттағы  қарашұбарға басыңды шұлғи берумен  асылтекті  қаныңды кеше  маңыраған қой еттің, бүгін қылышыңның  бір жарқылымен соның  бәрін  арыстан  қылдың ақырған. Атыңа мін, енді» дейтін  тұсында   осы тәмсіл еске түсе кетеді екен. Мұндағы  «іштегі алашұбар» дегеніміз әуелі Сталин  айтқан «Патшалар мен жендеттер  Ресейінің, кейін кеңестер  Ресейінің  қоластында тәні де, қаны да,  жаны  да ұлттың қасиетінен    махрұм қалып, мәнгүрттенген кейбір  қазақ  ұрпақтары. Ал «сырттағы  қарашұбардан» қазақ   бұрында   да, бүгін де кенде емес.

Хикаят-әңгіменің орта тұсы осыған жеткенде жазушы енді  ұрпағының  ертеңіне  елегзіп, беймағлұмнан  бақыт іздеп нар тәуекелмен  алыстағы Алтайды  бетке алған  Аластың  үдеріп баратқан  ұлы көшін, олардың басына түскен жантүршігерлік жағдаятты тағы да  шынайы көркем сурет, шұрайлы тілмен суреттей жөнеледі: …Көз  алдымда…қым-қиғаш  көріністер… Аппақ  қарлы асулар… Асу  үсті  ақ тұман.  Ақ тұманға  бұлдырай сіңген салқар көш.  Құлағыма сыңсыған ән келеді алыстан… Бір бүйірден жалаңдаған қылышты, шошаңдаған пайзаны көремін… Көшке  қиқулай шапқан  қалың қол… Азан-қазан  айқай шу… Бір көріністен, бір көрініс көз  алдымнан көше  береді көлбеңдеп… Шың басында  ауа жетпей  булыққан адамдар. Құз қиядан құлдырай құлаған жылқылар».

Кеудесінде  сәл де болса  түйсік саңылауы бар оқырман өз көзімен көріп, өз қолымен ұстағандай, өзі де сол салқар  көштің  қияметінің  ішінде  жүргендей  сезінетін  осы көрініс  жел тиіп  науқастанып жатқан  жаны нәзік, қиялы ұшқыр, жас та болса, анау-мынау жасамыс  құрлы  естиярлығы бар ерекше баланың  көзімен, саф сезімімен нағыз суреткерлікпен  жеткізіліпті.  …Сөйтіп, тағдырдың қатал сынынан  өткен  аластықтар көздеген  жеріне  де  жетеді. Жолда әр  шаңырақты тіреп тұрған уықтың  бірталайы  сынды, бірақ оның керегесі қираған жоқ, қанат бүтін.  Ендігі  тілек Жаратушыдан  алдағы  уақытта «қатынның көзін – бесіктен, құлағын – еркектен айырмасын!» –  деп  тілеу.  Ендігі  ұран да сол, заң да сол!

Хикаятты  шартты түрде  үш кезеңге бөліп қарауға  болады.  Бірінші кезең – автордың  өз  атынан, яғни, баланың  атынан оның жел  тиіп  ауырып қалуы, сол бір талмаусырап, қиял жетегінде  көз алдынан  өтетін  суреттер, емшінің  келіп  емдей бастауы. Екінші кезең емші ақсақалдың  Алас тайпасы  туралы  әңгімесінен басталып, тайпаның жаңа  жер,  жаңа мекенге  келіп қоныстануы және осындағы  уақытша қой үстіне бозторғай ұя салған тыныштық, сән-салтанатқа, дүбірлі-думанға, молшылыққа толы  мамыражай, балмағаз тіршілік. Ал үшінші кезең, –  шығарманың  шырқау шыңы! Міне, осы тіршілікті кенеттен ел ішіндегі қатын-қалаштың  әсіреқызыл, жылтыраққұмар, дүниеқоңыз әуейілігі мен  соларды  пайдаланып  жат елдіктердің  бүкіл елді рухани азғындыққа салуы, бүкіл салт-дәстүрінен , ата-бабадан келе жатқан кіршіксіз  адамгершілік, жан жылуы мен ар тазалығы, оған қоса  намысқойлық, елсүйерлік, жаугерлік сияқты  бүкіл ұлттық  ерекшелігінен  айырып, қару-жарақсыз-ақ жаулап алуы  туралы  баяндалады. Баяндалмайды, жазушының  ордалы ой мен  тегеурінді тілді өте бір  зерделі зергерлікпен  пайдалана отырып суреттей білуі арқасында көркемдік  шындық тарихи  шындықпен  қабысып, бүгінгі заман оқырманының қарсы алдына жайылған кең панорамалы картинадай  әсер туғызады.

Иә, Аластың  осы бір  ас та төк, қәрһәлләзи тіршілігі де ұзаққа  созылмайды.  Тайпаның басына  қара бұлт орнай бастайды. Оған себеп, сол  заманда  олардың  мекенінің теріскей  бетінде жері қалың орманды, үйлерін ағаштан, қорғанын тастан салдырған  Орман деп  аталатын  бір ел болған екен. Күндердің күні  болғанда  сол елдің  дүния кезген  саудагерлері ары-бері  өтіп  жүріп Алас  тайпасының  тұрмыс-тіршілігіне әбден  қанығып, мол  хабардар болады. Солар  бір күні өздерінің, яғни, Орман тайпасының  көсеміне  келіп Алас  туралы  таңдай қағып, тамсанып отырып баяндап береді.  Сонда олар  ең әуелі неге  таңданды дейсіз  бе?  Олар ең әуелі бұл елдің  үлкенді  сыйлайтын, ата-ана сыйлайтын дәстүріне таңданады. Ал ормандықтар  үшін қарт  адамның үстінен  аттап өте  берудің  де еш ерсілігі  жоқ.  Аластықтар бір жігіті  қарт кемпердің  аяғынан  аттап өткені үшін  жігітке дүре соқтырғанын естіген  ормандықтар бұған да  таңырқайды. Өйткені, өздері ондай мәдениеттілік, ондай  тәрбиелілік дегенді  білмейді.  Бұл  аластықтарға  тән, яғни, қазақтарда ықылым заманнан келе  жатқан  тәрбиелілік, мәдениеттілік, көргенділік. Автор оны ормандық  тайпаның  көргенсіздігіне мегзей салыстырып отыр.  Аластықтар  әйелді қанша  құрметтеп, төбесіне көтергенімен, олардың жан тазалығына, ар тазалығына қоса Құдай берген  ризық-несібені  таза ұстауына өте қатаң талап  қойып, оны рәсуа қып  төгіп-шашқаны үшін  қатты жазалайтынын естігенде ормандықтар  таңданғаннан  тағы да  талып түсе  жаздайды. Бұл жерде  автордың  айтпағы мынау:  Қазан – ел қазынасы. Оның іші елдің ырыс-несібесіне толы. Егер қазанның қақпағы ашық жатса оған әркім  қол салады, оны әр  жақтан келген  ит те, құс та   өз құлқынына  пайдаланады.  Ел  байлығы  ұстағанның қолында, тістегеннің аузында  кетіп,  рәсуа болады.  Дүнияда  өзімізден  ақылды, өзімізден  ұлы ешкім  жоқ  деп  есептейтін орман адамдары өз көсем- ақсақалынан осының бәрін естігенде тағы да аң-таң қалады.  Бұл да туындының   есі  бар,  намысы бар бүгінгі оқырман қазақты  он сан ойға  жетелеп, жанының  ең бір  жаралы тұсын  шымшып өтетін  тұсы екені сөзсіз.  Бұл осы күні  қолына қалам алып, өзін жазушы қып  көрсетуге  құмар  көпшіліктің  екеуінің  қолынан  келе бермейтін  шеберлік.

Иә, нағыз жазушының  алпыс екі тамырын  иітіп, бүкіл жандүниесын жарып  шыққан екінші  бір перзенті ­ – оның  шығармасы.  Дидахмет  Әшімханұлының  осынау  шап-шағын  туындысын  дәл солай десек еш қателеспес едік. Бұл   өткенді көксеу, өткенді  гөй-гөйлеп жоқтау емес! Бұл – ұлтты, ұрпақты ояту, сілкіндіру! Бұл  – өткенге барлау, бүгінге талдау жасап, ұлтқа кімнің – дос, кімнің жау  екенін қаперге  салу.  Автор мұнда  тұтас бір ұлттың  озықтығы мен  олқылығын  қатар келтіре  отырып, озықтықты  әлі де  орнықтырып,  олқының  орнын толтыру  керектігін  ишаралайды.

Сонау орта  ғасырда Батыста өмір сүрген және  жазғандарының  бәрі  исі  мұсылманға  қарсы  бір  ойшыл-сымақ «Мұсылман патшалар  басқаратын елдерді  құртудың ең оп-оңай жолының бірі – олардың  қатын-қалаштары мен  қыз-қырқындарына  шектен тыс  еркіндік пен  шектен тыс құқықты жеңіп беріп, жеңілтектікке  салынуының  әртүрлі амал-айласын  жасап,  оларды  мұсылман әйелдеріне  тән ұяттылықтан, ұяңдықтан, ерін силаудан айыру» деген екен.  Батыс  мемлекеттері  көп елде   әйелдерді  азғырып, шектен  тыс  ерік  беріп құтырту, аздыру арқылы  жаулап алуды  осылай  оңайлатқанын көзіміз көріп отыр. Осы бір зұлымдықтың  Алас тайпасына  қарсы  қалай  жүзеге асқаны Дидахмет Әшімханұлының  бұл шығармасында еш қоспасыз, ап-айқын көрініс  береді.  Орман саудагерлері бұл тайпаның  еркектері  неліктен  көп  жасайтын себебін сұрағанда олар «Біздің  қатындар аз сөйлейді» деп  бір-ақ ауыз сөзбен жауап  береді.  Осыны  естіген ормандықтардың  көсемі сылқ етіп  отыра кетеді.  Сонда  жанындағы  тайпа  ақсақалы:

–  Ал біздің  қатындардың  аузын бассаң арты сөйлейді. Мұндай  жерде  еркекте  өмір бар ма? – деп  күрсінген екен дейді.

Иә, «Еркек – үйдің  иесі,  Қатын – үйдің киесі» деген  бар.  Егер бүгінгі  қазақ  әдебиетінде  айтылмай, қозғалмай келе жатқан бір тақырып бар десек, ол  –   ұлттық тәрбие, ұлттық – дәстүр тақырыбы.  Сол дәстүрдің бірі  –  үй киесі  отаналарымыздың  еркекке инабаттылығы, әйелге  тән  ұяңдығы мен  еркек  намысы мен әйел  намысына  адалдығы, қысқасы ұлттық тәрбиелік  ұстанымдылығы. Шаңырақ тағдыры ғана емес, бүкіл  ел тағдыры көп жағдайда  сол елдің  әйел жыныстысына байланысты. Оған сонау  ерте дүниедегі Клеопатра  мен  Нефертитиден, Тұмар, Зарина ханымнан, одан бергі Сүзге ханымдардың ел аузындағы тарихы  көзі тірі  күәдан еш  кем емес.  Бүгін біз тілге тиек етіп отырған  «Жынды  жел»  хикаятында  ел тағдыры оның  әйелдерінің  мінез-құлқындағы өзерістерімен  байланыстырыла  және   нанымды , бұлтартпас растықпен  суреттеледі.  Ақыры  Алас тайпасының  еркегі – еркектігінен,  әйелі  –   әйелдіктен қалған, ұл   – әкеден, қыз – анадан безген, үлкенді – кіші тыңдамайтын, азғындаған мәңгүрт тобырға  айналуына  да  ұрғашы  жыныстылар яки  қатындар себепкер  болып,  түбіне жетіп тынады. Сол  қатындардың  көрсеқызарлағы мен  бассыздығынан бүтін Алас  тайпасы  азғындап, жер байлығы әркімнің жан жақтан келген  жат елдіктердің   талауына түседі.  «Алтын  көрсе, періште жолдан  таяды!». Әйелдерді әуелі осы елдің  жер байлығы алтын, яғни, жылтыраққа құмарлық бұзды. Жайшылықта біреуінің  тобығы көрініп қалса, жабыла бет шымшитын қатындар енді  түп-түгел тыржалаңаш қалған. Қызаратын  қатын жоқ.  Қымсынатын  қыз жоқ. Бәрінің көзі  алтында. Ауыздарында «Алтын! Алтын!» деген бір-ақ сөз. Сонда мән-жайды енді түсінген тайпа  ақсақалы: «Бітті! Құрыдық! Енді  бізге  күн жоқ! – деп  аттан  құлап  түседі.  Бұл  аз болғандай ормандықтар аластықтарды   құрту үшін  оларды  жындысу ішуге  үйретті.  Бұл  –  кәдімгі осы күнгі тілмен  айтқанда орыс арағы.

Осылайша Орман, Обыр, Жебір  атты үш тайпа Аласты  құртып,ұлан-ғайыр байлығын  әрқайсысы қолдан  келгенше  қарпып қалуға кірісті. Ормандықтар  арақ-шарабын Алас жеріне  кеспек-кеспегімен ағылтып әкеліп,  ішімдікке үйретеді.  Обыр тайпасының  басшылары  шетінен ат  құлағында  ойнайтын  аластықтарды  қорқытып ала-алмасын  білгендіктен  оларды  бүкіл  адамдық қасиетінен  айырып, қаласа   маймылдың  істегенін  қайталауға  да мәжбүрлейтін сиқырлы айнамен алуға  кіріседі. Бұл да осы күні  елімізде неше түрлі  телеарналар  ашып,  ұрпағымызды  ар-ұяттан, ұлттық намыстан, ұлттық әдеп-инабаттан айыратын  алапаттар мен,  қияпаттар көрсетуші  шетелдік  қараниеттілердің әрекеті.

Сонымен Орман, Обыр тайпасының  жасаған  жауыздық айла-тәсілі аз болғандай оған енді  алыстғы  Жебір  тайпасы  қосылды. Алас жер  байлығы, алтыны мол ел екені  туралы хабар  Орман, Обыр  тайпаларынан  асып, Жебір  тайпасына  желдей есіп жетеді. Енді  Аласты  азғындатып, жер  байлығын иемдену үшін қолданатын күшті амал-айланың  бірі  Аластың  қыз-қатындарын азғындық жолға  салу.   Бұл үшін  Жебір басшылары Алас еліне  сыңғырлаған даусының  өзі адам  жанын  баурап,байлап-матап алатын, сұлулығына көз тоймас,  әрі сайқал, әрі  қу ақ қатынды жібереді.  Ол Аластың  қыз-келіншектеріне:  біздің еліміз қатындар патшалығының елі. Біз жер  бетіндегі  әр қатынды Құдайдай көреміз. Біз ең әуелі қатындарды  көкке көтереміз деген  азғырудан бастайды.  Ақыры  не болды дейсіз ғой?! Тыңдаңыз:

…Арада  ай өтеді. Жыл өтеді.  Ақ қатын  үйде отырса, төрдегі  төредей маңғазданады, сыртқа  шықса  Аластың  көп қатынының  алдында  мамақаздай мамырлайды. Оған «әй!» дейтін еркек жоқ, «ә» десе өз қатындары «мә» дейді. Өйткені, олар ақ қатын айтқандай құдай  болудан  қалған. Себебі: «Орман тайпасынан  жіберілген  «қызық   сусындарына» тойып  алып, күні бойы киіз  үй іргесінде тоңқаяды да  жатады.  Мал бағусыз, қатын қараусыз қалды.  Бала-шаға Обыр  тайпасынан  келген  қара кемпірдің  айнасына қарайды да отырады. Ғажап айна! Ал ол  не көрсетпейді десеңізші!  Әне, ол айнада  бұқа бұзауға артылып, жігіттің  үстіне   қыз артылып  жатыр. Біресе қолдарында жалаңдаған пышақ, құшақтасып  тұрған  тыр-жалаңаштар,  жын қаққандай  тұлабойы түгел селкілдеп билеген түрі үрейлі жандар, құтырған қара  дауылдай  даңғыр-дұңғыр күй! Қыздың ышқырына қарай сумаңдап  баратқан қолдар…» Айнада  осындай болып  жатқанда ақ қатын  көп қатынды  жиып алып, «ақыл-кеңес» айтады.  Бұдан әрі  хикаятты термелей бермейік. Қысқасы, ақ  қатынның  «ақылымен» Алас қатындары  өздері  тұратын  үй  атаулының іргесін  тұс-тұстан  тесіп-тесіп тастайды.  Әуелі самал соғады.  Самалдың  арты  желге, жел  қара дауылға  ұласады. Оның  зәрі еттен, ызғары сүйектен өтеді.  Ыңырсып жылап  бесікте бала жатады.  Еркек атаулы күрк-күрк жөтеледі.  Көп қатын  алақ-жұлақ етіп өздерін  құдай  қылам деп  уәде берген ақ қатынды іздейді. Ақ қатын  зым қайым жоқ.  Енді елде тағы  бір сұмдық індет басталады. Оны жазушы  былай  суреттейді: Қотанда  қойлар  бастарын  бір жағына  қисайтып, айналып-айналып құлап түседі.  Үйірде  айғырлар қуып жүріп  өз жатырына  шабады.  Түйелер  жаңа туған  ботасын  тіземен  таптап  тастайды.  Иттер иесін  қабады.  Бұл кесел  адамдарға  жетіп, еркектер  бесіктегі  өз қызына  ұмтылады.  Қатындар  қаршадай  ұлды  өз үстіне  мінгізеді. Балалар  әке-шешесімен емес,  қолдарындағы  айнамен  сөйлеседі. Олардың  не деп  отырғанын  ешкім  түсінбейді. Өйткені, тілдері басқа болады».

Осының  бәрін  көріп  отырған  тайпа  ақсақалы:

Бұлар енді тірі өлік. Тайпаның күні батты, –  дейді күніреніп.  Емші шалдың  әңгімесі  осылай аяқталды.  «Әкем  күрсінді.  Мен  жыладым» дейді автор.  Сонымен  Алас  тайпасы   «қақпағы ашық қалған қазанының» қазына байлығы  жан жақтан балға  үймелеген  арадай  құжынаған  жат жерліктердің талауына  түскен, ұл-қызы  туған тілі мен ділінен айрылған, қатыны еркегіне, ұл  –  әкесіне, қыз –анасына қарсы  шыққан, өзінің  ұлттық  бет-ажарынан  айрылған беймәлім бір  елге  айналды.

Сәл шегініс жасайықшы.  Сонау бір  кездері, «Бүгінгі күн  тақырыбы» деген әдеби  ұран болды. Ол жұмысшы мен шаруа  тақырыбы, яғни,  комбайнер, малшы, металлургтердің  «ерен де  еселі еңбегі», «толағай табыстары» мен «Мәскеуге  берген  рапорттары»  туралы шығармаларға  қойылатын  талап еді.  Ал қазір ше?  Қазір бүгінгі  күн тақырыбы  дегеніміз тек  «Егеменді  ел болдық, тереземіз  тең болды», «Астанам, бас қалам, жас қалам», «Тәуелсіздікке тәуба!», «Қазақстан, татулық пен бірлік!», «Орыс, қазақ, немістер, баласымыз бір ұлттың» деп  желпілдетіп, лекіте беру емес.  Қазіргі , қазақ  әдебиетінде әлі  де  қозғаусыз жатқан, қозғап жіберсең ұлттың қара орман  қазынасындай  ақтарып  салатын  әрі тың, әрі өте  киелі  бір тақырып бар.  Ол  әзірше  тарих оқулықтарында да   жөнді айтыла алмай келеді. Егер  сол тақырып  бас-аяғы, іші-сырты түгел  көтеріле  айтылса, не  жазылса,  қазақ  елінің  тарихында  есі бар қазақ еңіреп жылайтын,  ниеті түзу пенде  көз жасын  қазаққа қосыла сүртетін заманалар  болғанын  бүгінде өз ұлтының  тарихы туралы бұлдыр мағлұматтардан ғана  хабардар  ұрпақ  түгел біліп,  көзі ашылар еді. Қазақ ұрпағының   ұлттық  санасы оянар еді.  Міне, Дидахмет  Әшімханұлының  бұл шығармасы сол тақырыптың   бастауы іспетті.  Игілікті  істің  бастауы! Әнебір  жолы өзім өте сыршыл суреткер, шебер  жазушы  деп  есептейтін  Рахымжан  Отабаевтың «Нобельден қалған мұра» деген  әңгімесін оқып  әрі  шексіз  ризашылығымды, әрі  қуанышымды қайда  шығарарымды   білмей, әдебиеттегі көркемсөз қасиетін  түсінетін біраз азаматқа жарияға  жар салғандай хабарлап едім.  Көп  ұзамай Дидахмет Әшімханұлының  осы әңгімесі жарқ ете қалды.  Дауыстап  айтпасам да, ішімнен «Бар екен ғой! Бар  екенбіз  ғой»  дей бердім-ау деймін.

Иә, тәуелсіз  елдің, әсіресе тәуелсіз  ұлттың  әдебиеті де  тәуелсіз  болуы  керек.  Және  ол осы күні қойшы-қолаңнан бастап, кез-келген  тарихшы, журналист, саясаткер, экономистің аузынан  түспейтін  «Алаш арыстары»  немесе  бабаларымыз  өйткен де, бүйткен деген немесе жоңғарлармен  соғыста көрсеткен ерлігін айтуға  бұрын кімдер  қарсы болғаны  белгісіз  «жаңа  батырлар» туралы  емес, тұтас ұлттық тақырыпты, ұлт тарихын, оның кімнен, қай елден қалай азаттық  алғанын әрі тарихи, әрі көркем шындықпен суреттейтін  әдебиет  болуы керек. Бізге қазір   соның  бәрін  бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың санасы мен  зердесіне  салып, түйсігіне сіңіре білетін көркем шығарма керек. Әйтпесе, өз  ұлтының кешегісін  білмейтін, ол туралы оқымаған ұл-қыз ұлтын  сүюді, ұлтын сақтауды  білмейтін болбыр,  мәңгүрт болып қалады. Ал ұрпағы ондай күйге душар  болған  ұлттың  жойылып  кетуі  оп-оңай.  Шетелдіктер  Алас тайпасын  оның  ұл-қызын, әйелдерін азғындатып, тілінің өзін  шұбарландыру арқылы жойып  жіберді.  Бұл  бүгінде қазаққа  да  жан-жақтан  төніп  тұрған  қауіп екенін жасырсақ, аластықтарша жойылып кетуіміз  оп-оңай. Шығарма осыны мегзейді.Дидахмет  Әшімхан осы әңгімесі арқылы жаңа  бір  киелі кезең әдебиетінің бастауында тұрған  қаламгер екенін  еш ақаусыз дәлелдеп  берген. Әңгіменің соңы былай  қайырылады: Кейін  көп жыл  өткенде  маған  тағы да  жел тиіп ауырып қалғам. Сонда  әкеме:

–  Баяғы шал  есіңде  ме? – дедім.  – Анау  әлгі… мен  ауырып  жатқанда Алас  деген   тайпа  туралы  көп әңгіме айтқан  шал ше?

Әкем бетіме  ұзақ  қараған. Қарап  отырып, кемсең-кемсең жылаған.

–  Аянышты тағдыр , иә, әке? – дедім.

         Әкем көзінің  жасын  сүрте беріп:

–  Балам, емделсеңші – деген.

Менің  де көзімнен жас  шыққан. Аласты  ойлап… Ал, әкем кімді ойлап   қамықты екен?

         Бітті! Әңгіме осымен  тәмамдалды.  Қайран әке, шынында да кімді ойлап  қамықты дейсіз?  Ол  емделсейші деп  тек өз  баласына  ғана  айтып  отыр ма? Әлде бұл  осы  күнгі  бүкіл қазаққа  мегзеп  айтылған  сөз бе? Бұл бүгінгі  қарашаруадағы қитабан  қазаққа да, ішкен-жегеніне , шетел  банкілеріне ақша аударғанына мәз  шенді қазаққа  да қойылатын  сауал  ғой, біле білсек! Жазушы осынау өмір  шындығын, тарихи шындықты астарлап береді.  Астарлап берсе де Ақиқат деген  киеліні оқырманның көзіне көрсетіп, қолына ұстатқандай етіп  суреттейді.  Мұндағы Алас, Орман, Обыр, Жебір  тайпаларының  психологиясы – қоғам, заман психологиясы.  Егер  нағыз көркем   шығарма  адам, қоғам, жалпы жаратылыс туралы, солардың  әр кезеңдегі бет-ажары,  туралы  көркем  ой,  көркем толғауға толы  бір кесек дүние десек, бұл шығарма оған қоса керегесі кең жайылған астарлы сырға толы  алуан бояулы  бір сурет дер едік! Және бұл  тұла бойына  бүгінгі бір ұлттың шаттыққа бөленген балмағыз шағы мен талапайға түскен тағдырын сиғызып тұрған, көп айтылмаған сыр,  бұрын ешкім сала қоймаған  құлашы кең сурет десек те болар!

         Қорыта келгенде Дидахмет Әшімханұлының бұл шығармасынан  тәуелсіз елдің тәуелсіз әдебиеті кенет  ұйқыдан  оянған адамдай селт етіп, сергегтік  пен серпіліс  жолына   маңдай түзегенін  аңғарғандай  болдық.

         Иншаллаһ, солай болғай!

Дидахмет
Әшімханұлы
logo