Арнау. Тұрсын Жұртбай

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы:

–       Дәл қазір біз өзіміздің толқын ішінде суық, ащы, денені шымырлататындай шындықпен бетпе-бет келіп отырмыз. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер» деп Абай айтқандай, біздің алдыңғы толқын ағаларымыздың қатары сиреп, кеше Асқар, Марат, Кеңшілік, Жарасқандардың қазасына өкініп, жанымыз құлазыса, бүгінде сол өлім көші заңды бір көштің жалғасындай бізге де жеткен сияқты.

Күні кеше қалжыңдасып, қайсымыздың ақылды, қайсымыздың ақылсыз екенімізді шеше алмай, мына өмірдің мұңы болса, сейілтіп, ұмытқаны болса, еске алып, бірімізді-біріміз жұбататын адамдардың біразы жанымыздан кетіп жатыр. Соның бірі – Дидахмет. Өмір осы бір суық заңдылықтарымен адамдарды ойға қалдыратын сияқты. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бұл жалғанда бір-біріңе деген қадірің қандай болды? Ағайынға деген қадірің қандай болды? Еліңе деген қадірің қандай болды? Бәріміз де шіріген топыраққа айналамыз. Сонда біз шіріген топырақтың құрамы қандай болады деген ой санамызды торлап алды. Жаныңнан жақындарың кеткенде өмірдің мағынасын іздегендей болады екенсің.

Дидахмет мына дүниенің жалғандығын жасынан білді, тіпті біз бұл туралы жиі айтатынбыз. Қалжыңдасып, сөз қағысып жүргенде арагідік өсиет, аманаттарды да айтып қалатынымыз бар. Сондай сәттердің біріңде Дидахмет: «Мен қайтқан кезде «Қоңырдың» «Сәулем-айы» айтылып тұрсыншы», – деді. «Сәулем-айдың» қай сөзі?», – деп сұрағанымда, әннің «Сәулем-ай, өтті бір дүние дәурен-ай» деген жолын айтқан еді. Дидахметтің де басынан дәурен өтті, бізден де өтеді. Бірақ бұл дәурендегі оның ізі көкейімізде мәңгі сақталып қалады. Дидахметтің қазақ көсемсөзіндегі, публицистикасындазғы 45 жылғы еткен еңбегі өлшеусіз деп білемін. 1989 жылы алғаш рет «қазақтың астанасы Ақмола болуы керек» деп мақала жазған да Дидахмет болатын. Ал Дидахметтің қаламынан туған дүниелер қазақ сөз өнеріндегі ерекше зергерлікпен жазылған өнер. Өзінің әңгімелері мен повестері арқылы қазақ руханиятының деңгейін биікке көтерді, көркемдігін арттырды.

Оның қазақ баспасөзінде, баспагерлігінде, қазақ прозасында өзі дайындаған ұл-қыздары бар. Сондықтан, Дидахметтің ізі ешқашан өшпейді. Дидахметтің қазақ руханиятындағы сол бір демі мәңгілік сақталады.

Ауруханаға жататындай да мүмкіндігі болды, өз жанын өзі қинап, сонша үзіліп жүріп алмай, емделгенде дұрыс болар ма еді, бәлкім. Бірақ ажал айтып келмейді. Сұм ажалдың алдында барлығымыз да дәрменсізбіз. Ол үнемі асығып жүретін. Үсті-басын қалай таза ұстаса, жүрегіне де ешқашан кір қалдырмайтын жан еді. Жүрегі таза, жаны таза дос еді. Асыл дос, бақұл бол!

Дидахмет
Әшімханұлы
logo