Өлімнен кейінгі өмір. Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

Өлімнен кейінгі өмір

Өзімен бірге бар жазғанын ала кететін және де бар жазғанын халқына мәңгіге аманаттап кететін қаламгер бар. Дидахмет Әшімханұлы – осылардың соңғысына жатады. Жазушы екі дәуірдің бодандық пен бостандық дәуірінің куәгері болды. Мұқалмас Қаламымен де, қадірлі қоғамдық қайраткерлігімен де, азат елдің бұғаудан босаған «ақыл-ой империализмімен» де еліне қызмет етті. Егемендік жылдары қазақ прозаиктерінің бұрынғы қол жеткізген биігінен аса алмай қалғандары да болды, бұрынғы орыстық мәдени-рухани экспанциясы кезінде ішінде қыстыққан барша  ой жауһарын көркем тілімен ұлтына ұсына білгендер болды. Дидахмет Әшімханұлы осылардың алдыңғы қатарында жүріп, милет прозасының әдеби процесінде постсоцреализм әдеби әдісінің орнын басқан гиперреализмді өмірді әкелген аға буынның өкілдерінің бірі бола білді. Өйткені, қаламгердің шығармашылығы аға және орта буын арасындағы әдеби дәстүр сабақтастығын жалғаушы алтын көпір іспеттес еді. Орыс тарихшысы В.С. Соловьёв: «Дегенмен адамзат баласы өлі дене емес, ал, тарих әлдебір қолдан жасалған дүние болып табылмайды» деген сөзіне мысалды осы жинаққа енген туындылардың бойынан аңғарамыз, санамызға алаш мәдениеті мен философиясы жайындағы жаңа ой мен жаңа идеялар түйеміз. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған қалам иесі екенін бірауыздан мойындаймыз. Жинаққа енген туындылардағы Авторлық позиция жеке тұлғаның алаштық дүниетанымының рөлдері алмасып отырады. Өйткені, онда қаламгердің философтық ой толғамы мен идеологтық ұстанымы бар.  Оның түп негізінде автордың жаны сүйген Алтайының ұлттық концепциясы жатыр.

«Дидағаң аз жазды. Бірақ аз болса да, саз болды… Бірі білсе, бірі білмейді Дидағаңның бір қасиеті ақындық болды. Егер поэзияны қуғанда  мүмкін ел айтарлық ақын болар ма еді?!

Ол кісі Шығыс Қазақстан облысы Қатоңқарағай ауданының тумасы, ол жер қазақтың әдеби мәйегі!  Осы өңірден Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақов, Әлібек Асқаровпен қатар Дидахмет аға да шыққан. Олар өр Алтайдың рухын, биіктігін, өзіне тән романтиканы алып келген жігіттер» деген әрі әріптес, әрі қаламдас інісі Жаңабек Шағатайдың өрелі ойы өз жалғастығын философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетайдың мына пікірінен табады:

«Дидахмет аға ақжарқын, кіршіксіз көңіл, терең парасат иесі, жүрек ділмен ой толғар зиялы еді…

Терең парасат иесі, жүрек ділмен ой толғар зиялы Ағамыздың көзі тірісінде «Аққабаның толқыны» (1981),«Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсағай сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000) және «Әңгіме емес әңгімелер» (2004) т.б. жинақтары шығып, өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылған еді.

Иә, енді міне, өмірден қазақтың қара сөзінің нәрін кіргізіп, жұртына рухани мұрасын мәңгіге аманаттаған прозаиктердің тағы бірі келместің кемесіне мінгенімен артында өзінсіз шыққан бірінші жинағы алаш оқырманына жол тартып отыр.

Қаламгер ретінде жаңа қоғамнан орын таба білу аса қиын, ал, өзіңнің өмірілік жазушылық кредоңды, авторлық концепцияның өзгертпей сақтап қалу аса ауыр. Бұл кезінде социализм жаршысы болған қаламгерлерге аса ауыр тиді. Олар алаш пен оның мұңы туралы жазған жоқ, жазуға болатындығын мүлдем ойға алған жоқ. Енді дүние өзгеріп, бұрынғы жазбағанын жазуға тура келді. Дидахмет болса, осы өзгелер жазбағанды олардан бұрын жазған, енді сол бұрынғы ойын одан ары шығармашылықпен дамытқан санаулы қаламгерлердің бірі еді. Басқалар әдеби-шығармашылық тоқырауға ұшыраған шақта ол – өзінің жаңа қаламгерлік қарымы – мифтуындыгерлігінің екінші тынысын ашты. Бұрынғы кеңестік өтірікке құрылған мифтуындыгерлігін қолдамаса, енді елдің өткені мен бүгінгісін авторлық саралаудан тұратын  алаштық мифтуындыгерлігін қазақ прозасында өмірге әкелуді жазушылық парызым деп санады.

Қазақ прозасы мен қазақ қаламгерін әлем таныған шығармалар мен жаһан мойындаған тұлғалармен бірлікте алып қарастырғанда ғана қазір арамызда жоқ қаламгерлердің шығармашылығы турасында ақиқат пікірге қол жеткізе аламыз.

Әлем әдебиетiнде Еуропаны дәл Достоевскийдей сынаған бiрде-бiр жазушы жоқ. Ол «дүниенiң болашағы Шығыста» деп санады. Әлемдегi ең ғажайып шаһарлардың бiрi – Петербургтi де жоққа шығарды. Қолдан жасалған жасанды «Түс қала» деп атады деген әдеби постулатты достоевскийтанушылар ғаламдық әдебиеттануға енгізді. Осындай авторлық концепцияны «Тас қала» әңгімесінде Дидахмет ағамыз да ұстанып, қазақ азат болғанмен, қала мәдениетінде әлі өзгенің құлы екендігін одан сақтанбаса алашқа дайындап отырған қандай зауалы барлығын заты түркі қазақ дiлi алтайлықӘшімханұлындай ешкiм де түйсiне алған жоқ. Түйсiнуi де мүмкiн емес едi. Әшімханұлы шығармалары рухани-мәдени Ұлығ Алтаймен байланыстырар сезiмiнен айырылып қалған жандардың iшкi айғайы, iзденiс, iркiлiстерi туралы болатын. Бүгiнгi күн биiгiнен қарап отырып, жазушының мұндай шешiмге келуiне жасандылыққа жаны қас Алтайдың мұқымтүркiлік топырағы әсер еттi деп айтуға әбден болады. Қаламгер Ғұмыр бойы осы үшiн Алаштың ақыл-ойы мен парасатының Алтайлық жасампаздыққа қайтып оралуы үшін күрестi. Саналы түрде мифтуындыгерлігіне барды. Оған куә «Жынды жел» әңгімесі.

Егер Дидахметтей қазақ прозасында қос ғасырды жалғап, әдеби процестің бодандық және бостан дәуірінде өзіндік із қалдырған қаламгерді магиялық құзіретке ие алаш дүниетанымының туындыгері, демиург, мәдени қаһарман дәрегейіне көтеріп, көне Қорқыт архетипіне балайтын болсақ, онда Мұхтар, Бердібек және Тахауидың т.б. қара сөз тәңіршелерінің көлеңкесінде қалатындардың емес, өшкенді жандырып, жаңаны тұтатқан «проза алыптарының» өкшесін басқандардың санатынан табамыз.

Мен ағаның өзімен емес, алаштық миф пен алаштық өмір өрілген туындысымен таныс болдым. Әрі постсоцреализм көркемдік әдісімен жазылған туындыларына табынушы көп оқырманының бірі едім. Мифтуындыгерлігін қазақ әдебиетінде  жоғары деңгейге көтерген әдеби көсбасшылығына ғылыми куә болып, бір туындысына қос мақала арнап, жерлес ағамының шығармашылығына қатысты өз інілік ізетімді білдіргенім де бар еді. Ағамыз арамыздан кеткенімен туындылары алашпен мәңгі бірге жасасады. Өзі өлгенмен – сөзі өлмеген прозашы бар, туындысы – авторынан бұрын өлетін прозалық шығарма бар. Ағамыз не жазса да, ұлттық дүниетаным аясында, өз дәуірімен болашақты жалғауды қаламгерлік мұрат тұтатын. Әрі өз өңірін «Асқаралы Алтайын» – қара сөзбен ұлт жадысында мәңгіге таңбалап кетті.

Әдетте, Дидахметтей әдеби процестегі ірі қаламгерге қатысты “ол қазақ мифтуындыгерінің көшбасшысы ма, әлде оны жалғастырушы ма?” сынды заңды сауал туады. Оған әркім әрқилы жауап береді.

Миф – әртекті, ағамыздың мифі – Алтайды түрлі қырынан мифтендірген бір текті еді. Осы соңғысы жағынан баламалы тарихты мифпен өрімдеп, өзіндік сюжет-мотивпен жұтындырып, «Тасқала» мен «Жынды жел» сынды қос классикалық туындысын алашына аманаттап кетті.

Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығын көп уақытқа дейін қазақ әдебиеттану ғылымында реалист жазушы ретінде біржақты қарастыру орын алып келді. Жазушының туындыгерлік әлеуетін бір ғана әдеби бағыттың қазығына байлап қою, автордың поэтикалық образын ашуға зор нұқсан келтіретінін кейде тарс естен шығарып та аламыз.

Белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлы – әңгіме жанрына үлкен жауапкершілікпен қарайтын аға буын өкілдерінің бірі. Оған куә –аллегориялық стильмен жазылған ұлттық әдеби процестегі шағын жанрдың тәлімгерлік пафоспен шырайын кіргізген шоқтығы биік, бітім-болмысы өзгеше автордың өздік жазу мәнерін айқара ашып көрсеткен “Тасқала”, “Жынды жел”,“Құдайсыздар”т.б. туындылары.  Осы әңгімелерінде жазушы “Қазір” және “Осында” хронотоптық жұбын шығармашылық шеберлікпен үйлестіре отырып, ұлттың алданған үмітінің рухани жоғын жоқтауды алдыңғы орынға қойып,  милеттік мифологиялық дүниетанымды таскерең қоғамның көкірек-көзін оятатын қаламгерлік қаруына айналдырады.  Біз “Жынды жел” әңгімесінің мифологиялық бастау көзі “Алас тайпасы туралы аңыз” ділсізденген қоғамның өзегіне рухани түрен салып, қалың ұйқыдағы сана-сезімін оятатын қаламгерлік қару екендігін сезіне аламыз.

Әр кезең, әр дәуір сайын түрі сан құбылып, сайтандай түрленіп отыратын идеологиялық билікпен Дидахмет өз әңгімелері арқылы әрі амаляттық, әрі интеллектуалдық күреске бел шеше кіріскенін ұлтқа аян етіп, жарқырата танытатын әңгіме ретінде “Жынды жел” туындысының сөз танитын жандар үшін мәдени-рухани маңызы зор.

Өзін милеттік әдеби процесте барша қырынан танытып көрсете білген қаламгерлеріміз Егемендік жылдары бір нәрсені айқын түсінді. Ол – идеологиялық сын. Осы идеологиялық сын түрлі ағым, түрлі бағыт, қилы әдеби амал-тәсілдер арқылы жазушыларымыз тарапынан айшықтала бастады. Бұл шығармашылық процесс үстінде бір қаламгерде – бәсең, бір қаламгерлерімізде – пәрменді түрде танылса, енді бірінің туындысының бойында – ашық, келесі бірінде – астарлы түрде ұшырасады. Бір қаламгер оны – қоғаммен қоссақтаса, келесісі – заманмен байланыстырып, реалистік дәстүрге беріктіктерін танытады. Өзге қаламгерлер – мәдени код арқылы ұлт пен адам болмысын реалистік-мистикалық аңыста ашып көрсетуді қажет деп табады. Өйткені, әркімнің өз талғамы бар. Оған біз кеудемсоқтықпен араласа алмаймыз.

Қазіргі ұлт әдебиетінде ғалымдарымыз тарапынан қазақ әңгімесін қарастыру екі бағытта өрістеп отыр. Оның бірі – ескіше туындыны саралау, екіншісі –оған балама ретінде ара-кідік қазақ әдеби сынында ұшырасып жүрген мәтінді саралау. Сонымен ғалымдар әңгіме табиғатын танып білуде бұрынғы бас шұлғушы бірліктен бастартып, туындыны қарастырушы және мәтінді қарастырушы болып екі топқа бөліне бастады. Біз “Жынды жел” әңгімесін туындылық негізде емес, мәтіндік негізде талдауға ден қоймақпыз. Сол себепті жазушы өзі таңдап алған мәдени код “ЖЕЛ” арқылы туындының құпиялы қойнауында не жасырынғанын білмек болған сансыз талпыныстың бірін оқырман назарына ұсынбақпыз. Бұл талпынысымыздың сәтті болуы да ықтимал, әрі жартыкеш өлі туған ғылыми дискурс болып шығуы да  ықтимал.

“Мен бұл аңыз-әңгімені бұдан елу жыл бұрын ел кезіп жүретін әлдебір емші шалдан естігем. Естігенде де жәйбір жағдайда емес, көлденең жабысқан кеселден есімді енді жия бастаған кезімде. Сол сәттегі аурумен арпалысқан жай-күйім мен жанымда сақалын сипап қойып, есте жоқ ескі заманнан сөз қозғап отырған ақ шапанды ақсары шал есіме түссе, қазірге дейін қарадай денем тітіркенеді. Рас, сондағы менің жайым да мәз емес, шалдың әңгімесі де тым ауыр еді…”- деп басталатын автобиографизм негіз болған әңгіменің мағыналық емеуіріні оқырманға “ұлт әлемінің образы” жайындағы жеке бастық түсінікті ұғындыру. Осы әдеби қадамы арқылы автор саналы оқырманды өзімен ой бөлісуге шақырады.

Біз жоғарыда сөз еткен ескіше туынды әлеміне ғылыми бойлау төрт тұрғыдан өріс алады. Біріншісі – туындыны одан тысқары жатқан әлеуметтік-тарихи тағы басқа жағдайларға қатысты себепкерік-түп төркіндік байланысын ашуға талпыныс жасау; екінішісі – жалпы поэтикалық жапсарда ой айтуға тырысу; үшіншісі – шығарманың ішкі болмыс-бітіміне қатысты ой түйіндеу; ең соңғысы – герменевтикалық аңыста туынды мазмұнын ұғыну мен тәпсірлеп шығу. Ал, мәтін әлеміне бойлау дегеніміз – автор мен оқырман арасындағы ешбір теорияға, ешбір концепцияға, ешбір идеологияға басы байланбаған еркін сұхбаттастық. Осы сұхбаттастық үстінде бұрынғы ғылыми стильдің орнын көркем сөздік, көсем сөздік, философиялық ой толғау (дискурс) басады.

Шығарма керемет тамаша басталып қоймайды, авторлық миф арқылы  “Иманынан айрылған халықтың жоғалатыны” жайлы қаламгердің ауыр ойын оқырман жадысына шегелейді. Бүгінгі күнді өткенмен байланыстыру негізінде қаламгер ел сөзін ұстаған қалам иесі ретінде рухани дабыл қағып отыр. Әр жолды оқыған сайын жүрегің қан жалап, “осы сөз тыңдаушысын таппай далаға кетпесе екен” деген пікірге келесің. Дидахмет өз әңгімелерінде тек алашына ойлантатын дүние ұсынып, ойға қозғау салып, ұлттық намысты қайрауды басты орынға қоятынын “Жынды жел” әңгімесіне де негізгі желі ете білген. Жазушының шеберлігі – оқырманды ойлауға жетелеу екендігін есте ұстар болсақ, жазушының аллегориялық тілмен кестелеген: Орманы – орыс, Мұндары – жоңғар, Жебірі – жөйіт, Обыры – қытай, Аласы – Алаш екендігі мен мұндалап тұрады. Әсте, ұлт ескілігінен бізге жеткен мұндай аңыз да жоқ. Тек жазушы өз қиялынан ғажайып аңыз жасап, қазақты құртып бара жатқан кесепатты меңзеуге нышанат таба білген. Тамаша. Бұл аңыз емес, қазіргі шындық. Ұлттың өзін-өзі жұтуының алдын алуға деген қаламгердің азаматтық талпынысы. Әңгіменің басты артықшылығы ел айтпаған ойды – мифке айналдырып, оқырманмен ой бөлісіп, ортақ зардаптан айығуға тәлімгерлік жол нұсқау. Бабалар қателігін қайталмай, одан сабақ алуға шақыру.

Панбабылдық пен еуротектіліктің және үнді-қытайлықтың текетіресі туынды бойында тұнып тұр. Оны сөз танығандар авторлық мәдени кодтар арқылы танып біле алады. Арман мен Ардың өзара ащы шер тарқасуы оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Туындыда автордың болашақ ұлт зиялысының (бір арқылы мыңның тағдырын тоғыстырып) қалай еуропалық ілім-білімнің аяр шырмауына түскенін одан қалай арылғанын былайша суреттейді: “Мектеп кітапханасынан көтеріп келген бір құшақ кітабымды күні бойы оқимын да жатамын… Ең тамашасы сол, менің мектеп кітапханасынан алып келген кітаптарымның бірінен бірі қызық болып шыққан. Қайсысын бастасам да аяғына жеткенше асығамын. Қайсысын оқысам да сиқырлы-сырлы таңғажайып әлемге тап боламын. Иә, қай жағыма қарасам да… қызылды-жасылды, айшықты-өрнекті, құпиялы-жұмбақты бір керемет дүние! Осынау сан түсті, сан бояулы, тағдырлы-тартысты өмірдің ішіне кірген сайын өзімнің жалғыз бөлмелі жаман қараша үйде жатқанымды мүлде ұмытып кетемін. Ұмытқаным сондай, бірде Капитан Гранттың балаларымен бірге көк теңізді көктей жүзіп, алыс аралдарға аттанып бара жатамын; енді бірде Том Соэр мен Гекльбериге жолдас болып, қайдағы бір қазынаны іздеп жүремін; одан соң жүк кемелерін тонап жүрген теңіз қарақшыларына ілесемін. Олар біреулерді атса – атуға, шапса – шабуға дайын екенімді сеземін. Ал осы «достарым» әлдебір сәтсіз жағдайға ұшырай қалса, «ой, әттеген-ай!» деп орнымнан атып тұратын да кездерім болады.”

Және автордың бұл тәпсірлеуі Борхестің “Бабыл кітапханасы” әңгімесімен үндесіп, мың жалған шындықтың бір ақиқат алдында тізе бүгетіндігін авторлық емеуірінмен ұлтына ұқтырады. Біз жазушының сиқырлы қаламы арқылы кеңестік дәуірде ұлттық жадыны тексіздікпен шырмаған сананы еуропаландырудың көзге көрінбес аяр шырмауығы торлаған балаң милети арманмен ұшырасамыз. Тәлімнің бастау көзі ұлттық тәриебенің босағадан сығалауы, ағаның басқа елдің үрдісінің жетегінде кетуін, ал, оның тірі екендігін кейіпкердің бауырының іс-әрекетінен сезінеміз. “Күндіз бес жасар інімнен басқа жанымда жан баласы болмайды. Оның да менде шаруасы аз, бір бұрышта күбір-күбір сөйлеп асығын ойнайды да отырады. Кейде шешеммен бірге қозы бағып кетеді”. Екі ұл – ұлттың қаққа жарылған келбеті. Жүрекке ауыр мұң орнатады. “Кітап пен асық” ассоциациясы небір қиямпұрыс ойларға жетелейді. Күрсініп отырып оқисың, қабаққа алапат мұң қонақтайды.

Жалпы, классик болу дегеніміз – ұлттың интелектуалды ақыл-парасат алаңын тастап шыққан жанның милеттінің мәдени-рухани кеңістігінде өз орын белгілеп мәңгіге орнығып қалуы. Ұлттың интелектуалды ақыл-парасат алаңын тастап шыққан прозаиктердің арасында – милеттінің мәдени-рухани кеңістігінде өз орын белгілеп мәңгіге орнығып қалғандары санаулы. Сол санауларыдың арасында  ағамыздың да барлығы:  көңілге – медеу, жанға – жалау.

Әлемдік деңгейдегі «Тасқала» мен «Жынды жел» сынды қос классикалық туындыңыз барда – сіз болшақ ұрпақтың да сүйсініп оқыр прозаиктерінің бірісіз. Бұндай әдеби бақыт бұйырмайтын – өз дәуірінің «үрген доп» классиктерінің тобынан аулақтап «әдебиет әлеміндегі» – «Жұлдыз» болып, нұрыңызды алаштың мәдени өлкесіне шашып тұрсыз.

Кезінде «Тарих дегеніміз – бұл қылмыстар, ессіздік пен қайырсыздықтың жиынтығы», деген француз философы Вольтерге ағылшын тарихшысы Эдуард Гиббон  жоқ ауыз өзімдікі екен деп, ұланғайыр кеңістікті өйтіп шөмшитуге болмайды: «Тарих дегеніміз – қылмыстар, ессіздік пен қайырсыздықтың жиынтық тізбегінен де ұлығ дүние” деп уәж айтады. Романға артылар жүкті көтеріп тұрған “Жынды жел” әңгімесінің бойында рух бар. Ал, ресми тарихта тек құр цифлар тізбегінен тұратын тарихи оқиғалар тізбегі бар. Әрі әр тарихшы бір оқиғаны дерек көздеріне орай түрлінше ұғындырып, ғылыми парасат майданында тек менікі ғана жөн деп өзара жаға жыртысып жатады. “Жынды желдегі” тарих бәрімізге түсінікті, өйткені, оның бойында ғылыми басылымдарда еш көрініс таппайтын: АЛАШТЫҢ ғұмырындағы: қылмыстар, ессіздік пен қайырсыздықтың образдануы бар. Ал, образданған ақиқат мәңгілік, оған ешбір ғылыми бедел мәдени-рухани тексеріс жасап, іске алғысыз қыла алмайды.

Осы санада жылтыңдаған ой туынды бойындағы Алаштың үш ішкі әлемінің ұштығын қолымызға ұстатады. Олар: көш, өлім және алтын оқиғалары тарихи хронологияны сақтап, ұлт ескілігі мен бүгінгі өмірінің айнасына айналады. Әр ұғымға автор терең философиялық түйіндеулерді сыйдырған оны әр әдебиет сыншысы өзінше ұғындыра алады. Үш мәңгілік мотивтің тоғысы “Ұлттық ақырзаманның елесін” айшықтайды. Бар болу мен тоз болуды автор оқырманның өзіндік ой түйіндеуінің еншісіне қалдырады.  Дидахмет ағамыздың құдіретті қаламы қай кезде болмасын арыдан ой толғап, беріден сөз қозғайтын өзіндік наррациясымен көзге еректене түседі. Осыны жақсы аңғарған  Бағашар Тұрсынбайұлы: “«Құдайсыздар» деген әңгімеңізде төрт буынның өкілі бар. Алдыңғы үш буынның кім екені айқын жазылған. Ал соңғы буын – типтік образ ретінде бүгінгі жастар…” жазушымен болған сұхбатында орынды сұрақ қойып, оған Дидахмет Әшімханұлы тарапынан тұщымды жауап алған болатын (келтірілген үзінді қаламгердің 2013 жылы “АҚ ЖЕЛКЕН” журналына берген сұхбатынан алынды).

Постмодернист ғалымдар сүйіп қолданатын мәтін эротикасы деген терминді құлағынан сүйреп, ағамыздың барша шығармасына қатысты қолданғалы отырғанымыз жоқ. “Етегі ашылған елдің болашағы жоқтығын” автор образының ұлтқа айтпақ болған ақылмағандығы ретінде ғана сөз етіп отырмыз. Қаламгердің ашық шашықтықтан аулақ жасырын эросы осыны танытады. Ұлттың кейбір әлеуметтік тобының жиынтықталған ардан аттаған бейнесі – жазушы үшін жат. Осы дәстүрден аттауды жазушы, сыншы, Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi Құлбек Ергөбек қаламгердің келесі бір әңгімесі жайында былай дейді: “Жазушы Дидахмет Әшiмханұлының “Тасқала” деп аталатын әңгiмесi бар. “Тасқала” прототипi (түптұлғасы) – Усть-Каменогорск аталып келген Өскемен болуы әбден мүмкiн. Не жасырары бар, орыстанған қала. Дидахметтiң Тасқаласы да орыстанған қала. Тасқаланы бiр қалаға телiп қойып, жазушы шығармасына негiз болған бiр шаһардың бәсiн асырып, туындының тынысын тарылтудың да қажетi шамалы. Шынтуайтына келгенде, “Тасқала” – тұтас қазақ қоғамы.

“Тасқала” – кеңестiк кезеңнiң жаназасын шығаратын уытты шығарма. Қазақ қоғамының келешегiне күмән келтiретiн запыранды шығарма. Кешегi кеңестiк кезең ғана ма? Олай десек “Бүгiнгi күннiң әңгiмесi” атауына дүдәмалданғанымыз секiлдi жазушының қаламгерлiк өрiсiн тарылтқан, шынайы жазушылығына күмән келтiрген боламыз да шығамыз. Шығарманың полифониялық сипатына сенсек, туындыдан қазақ қоғамының бүгiнi де ертеңi де шет қалғалы тұрған жоқ. Иә, қазақ қоғамы!”-дейді.  Жазушы қазақ қоғамындағы келеңсіздікті – қала мәдени коды арқылы берсе, енді бірде –әлемдік деңгейдегі классикалық туындылардағыдай трагедиялық ситуация тудыра алған.

Біз тек сіздің әліде талай ғалым ой толғап, пікір айтатын осы классикалық туындыларыңыздың тек екеуі жайында өз ойымызды жаныңызбен сүйген ұлтыңыздың оқырмандарына ұсынып отырымыз.

Қазақ жері қанша кең болса, ондағы баблардың қалдырған мәдени ізі сан алуан Тұран, Түркістан және Алтай осы әр дәуірдегі мәдениеттен нәр алған қаламгерлердің ұстанымы да сан қилы болғанымен оларды алаш тарихын қазақи ділде философиялық айшықтау ортақтастырады. Бірінде жоқты екіншісі толықтырады. Қаламгер өз мәдени-рухани кеңістігінде өзі өмірге әкелген тақырыбы арқылы саналы түрде идеясын жұртына ұсынады. Ең әуелі дәуірлестері ол турасында не айтпақ болғандығы хақында кесік жайды. Одан кейін не айтқаны жайында пайымдау жайды. Бұдан кейін барып, жазушы мәтінің астарындағы не айтпақ болғаны мен нені айтқандығы жайында ғылыми топшаулар өмірге келе бастайды. Ағамыздың жазғандары жайында алғашқы екі саты өз міндетін атқарып болды. Енді жаңа толқын ғалымдары тарапынан не айтпақ болғаны мен нені айтқандығы жайында ғылыми топшаулар айтудың дәуірі бастталды. Әрі жеке шығармашылық тұлға ретінде ұлттық әдебиеттануда “дидахметтану” ғылымы өмірге келетін болады.

Артында сөз қалдыру Дидахметтің не айтпақ болғандығының жұмбағы. Оны әркім әр қилы шешеді.

Куба жазушысы Алехо Карпентьер ій Вальмонт «Замана прозаигінің міндеті мына әлемді, алақандай әм мұхиттай ғаламды бейнелеу. Осы әрі шөмшиген, әрі шексіз тұңғиқтағы ғаламмен күресуші халықпен тіл табыса отырып, оны аяусыз мінеп, көкке көтере суреттей отырып, жан жүрегіңмен сүю, ақыл-парасатыңмен ұғыну, шүйіркелесе әңгіме-дүкен құра білу. Осы аралас-құраластық кезінде ұлттың сырын ашып, қателігін бетіне басып, ұлылығы мен қасіретін таныта білу» дейді. Ағамыздың сіздерге ұсынылып отырған кітабында осы жайт орын алған. Тек оқырман тарапынан ұлтын сүйген жанның мұрасын қадірілеп, не айтпақ болғанын ұғыну ғана қалып отыр.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы әдебиеттанушы ғалым

Дидахмет
Әшімханұлы