«Жауам деп келіп жауа алмай кеткен бұлттар—ай!..» Бұл әлдеқашан жазылған әлдебір өлеңнің жалғыз жолы. Авторын да, қай газетте жарияланғанын да білмеймін. Бірақ жиырма жылдан астам осы бір өлең жадымда жиі—жиі жаңғырады да тұрады. Алқынған аптапта бір тамшы суға зар болып, тандыры кеуіп, тамыры суалып, қара қазандай қаңсып жатқан кер даланы көргенде де, таудың бір иығынан төгіп—төгіп өтердей бұрқырап шыға келіп, әп—сәтте жүндей түтіліп кете баратын жаздың жабағы бұлттарын көз алдымнан көшірген сәттерде де осы бір жол есіме түсер еді: «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар—ай!..» Қандай өкінішті!
Жадымда бұл қалай жатталып қалды? Мен оны қайдан, қашан оқыдым?
…70—жылдардың басы. Студент кезім. Шілденің ортасына таман Алматыдан ауылға қайтып келе жатқанмын. Вагон іші қапырық. Шаңқай түс. Терезеден ескен ыстық жел тепловоздың ащы түтінін қолқа қаптыра бетке ұрады. Айғыз-айғыз терімді сүрте отырып, сырттағы суреттен көз алмаймын. Кенезесі кепкен кең дала, кер дала. Маусымның аяғынан бері бір тамшы жаңбыр көрмеген қуарған алқап, қураған шөп. Сүйріктей көктеп келе жатып, құс тұяғындай бүрісіп қалған жас құрақ. Жол жиегінің кей тұстары талай жерге дейін қап—қара боп өртеніп кеткен. Көңілді біртүрлі мұң басады.
Осынау жадау, жабырқау көріністен көзімді бір мезет купе ішіне бұрғанда, жоғарғы сөреден шеті қылтиып шығып жатқан бір жапырақ қағазды көргем. Алып қарасам, бас жағы жыртылып қалған белгісіз бір газеттің жарты беті екен. Онда әр түрлі өлшеммен жазылған бірнеше өлең топтама түрінде жарияланыпты. Автордың аты—жөні мен топтаманың бастапқы шумақтары газеттің жыртылған жағында кеткен. Сөйтсе де қалғанына көз жүгірте бастадым. Боямасыз, табиғи, жып-жылы өлеңдер бірден тарта жөнелді. Кейбір тұстарында ойланып қаламын, енді бір тұстарында тәп-тәтті сезімге бөленемін. Қайсыбір тұстарын қайта оқимын. Қайта оқығанда әлгіндегі әсер, жаңағы сезімнен өзгеше бір күй кешемін. Өстіп авторы да, бас жағы да жоқ өлеңдердің соңына келіп жеткенде, қызығы сол – жаңа ғана талай жеріне таңдай қағып, тамсанып оқыған небір әдемі шумақтардың арасынан тіл ұшыма алдымен іліге бергені – «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар—ай!..» Осы жолдың әсері, осы жолдың қуаты басқасының барлық қызу—жылуын басып кеткендей. Сол сәтте мен: бұның ерекше есімде қалғаны – қазіргі көңіл—күйімнің анау аспандағы әр шөкім бұлттан нәр күтіп жатқан сұрықсыз дала сұрқымен үндесе қалғанынан болар, деп түйгем. Жоқ, кейін ойласам, ол ешқандай үндестік те, сәйкестік те емес – жалғыз—ақ жол өлеңге толайым өкініштің сиып кетуі екен.
Ал өмірде өкініштен көп не бар!
Жарық дүниеге жалындап келер әр жас адамның көкірегінде: алысқа самғасам, биікте шарықтасам, тереңге сүңгісем, бәйгеде озсам, күресте жықсам, талайға таңдай қақтырсам, қауымға қол соқтырсам деген қаншама арман мен үміт буырқанып, булығып жатар еді. Бұған жетем деп жүріп, жете алмай қалған қапылысты сәттердің бәрі де «жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттардай» өкінішті емес пе!
Ал өмірде өкініштен қиын не бар!
Тас қияға өрлеп бара жатып, тастүлектің ұясына қолың жете бергенде… табанның тайып кетуі – өкініш…
Көзіңе алыстан айдын көл боп көрініп, жеткенше шөлдетіп, -шөліркетіп, ал жеткен кезде… оның ақ сағымға айналуы – өкініш.
Айнымас дос, адал серік деп жүрген адамыңның қойнына тыққаны ыстық күлше емес, тас боп шығуы – өкініш!
Бұл өмірдегі – өкініш. Енді өнерде?
Ондаған кітап жазсаң да, бір сөзің біреудің есінде қалмаса – өкініш!
Өмір бойы өзгелерге таңдана жүріп, өзің бір рет те біреуді таңдандыра алмасаң – өкініш!
Шығармашылығыңның бағасы қызмет деңгейіңмен бірге құбылып тұрса – бұл да өкініш!
Бәрі өкініш. Бірақ бәрінен зор, бәріне бастау болар өкініш басқада. Ол – «әр адамның «өз орнында» қызмет етпеуі». Иә, Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Психология» деген ғылыми оқулық кітабында осы мәселеге қатты көңіл бөледі. «Кісі іштен туғаннан—ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады. Басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсе – талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады… Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай, өз жолымен жүріп, қызмет етсе – өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол: (өкініш сол десе де болады – Д.Ә.) өз жолын шу дегеннен тауып алатын адам сирек болады… өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақсыз жан болып күнелтеді… Әр адамның еңбегі қашан жемісті болмақ? Әркім «өз орнында» қызмет істегенде. Олай болса бұл – негізгі мәселе»,– дейді ұлы жазушы («Психология», «Рауан» баспасы. 1995 ж. 251–252 б.б.).
Міне, гәп қайда! Міне – өкініштің өзекті басы! Егер осындағы «негізгі мәселеден» тек әдебиетті ғана бөліп қарасақ, туа біткен етікшінің жазушы боп тыраштануы да, керісінше жазушы болатын адамның етікшінің шеберханасында ұлтан жамап, таспа тартып отыруы да қандай өкінішті. Бірақ бір шындығы, етік шеберханасында отырған жазушының жазушы боп отырған етікшіден артықшылығы сол – ол өзін қинаса да өзгені қинамайды, көрінген жерге көр-жерін тықпалап және әуре болмайды, аз жазса да саз жазады, болмағанда әдебиетке сырттай тілеуқор, жазушы атаулыға жанашыр боп жүреді. Сондай адамның бірі бүгінде аты—жөнін біреу біліп, біреу білмейтін, алайда ақындық арыны кезінде өзі ғұмыр кешкен өр Алтайдың арғы—бергі жағын түгел тәнті еткен Ақтан ақын еді.
Ол етікші емес, есепші болатын. Есепші болғанда, кәдімгі сауда саласының белгілі де беделді қызметкері-тұғын. Бірақ саудада істегенмен, табиғат берген талантын саудаға салып, атақ-абыройды сатып алуға ұмтылған да жан емес-ті. Ғұмыр бойы қоңыр әуенді қойторы мінезбен күн кешті. Шабыты келгенде жазды, шабыты жоқта әйтеуір жазайын деген мақсаттың шабдарқасқасына зорлықпен қамшы соқпады. Жазғандарының ең таңдаулысын ғана газет—журналға ұсынды. Жарық көргеніне қанағат, жабулы қалғанына салауат айтып жүре берді. Сонымен алпыстан асқанда өлшеулі өмірі де өте шықты. Соңында қалғаны – «Сырымды айтам…» деген жалғыз кітап – өлеңдер жинағы. Оның өзі де балаларының арқасында, солардың жинап—теруімен, әсіресе Гүлнардың бірнеше жыл баспалар арасында табан тоздырып, жүйке жұқартуымен, өткен жылы ғана «Ғылым» баспасынан әзер жарық көрді.
Қуанышы сол – кеш те болса еңбектің еш болмағаны.
Өкініші сол – көзі тірісінде бұны ақынның көре алмай кеткені.
Ақиқаты сол – кооператор Ақтан Нұрбаевтан қалған бар дүние-мүліктен әдебиетші Ақтан Нұрбаевтың жалғыз осы кітабының бағасы артық, ғұмыры ұзақ болатыны.
Сонда несімен артық, несімен ғұмырлы болмақ? Бұған жауапты өлеңдердің өзі айтсын.
Ақ иық асқар таулар тізбектеліп,
Тұрады—ау төбесіне мұз бөктеріп.
Ақ марал аяулы аң жақындасаң,
Қарайды бота көзді қыз беттеніп (7-бет).
Соңғы екі жолға қараңыз. Ақ маралдың сұлулығын, сүйкімділігін бұдан артық қалай жеткізуге болады! Аңның қыз беттеніп қарауы… Жай қыз емес, бота көзді! Сөз жоқ, тың тіркес, әдемі образ емес пе.
Байқалады,
Көл-сынап сабасында шайқалады.
Күн-кірпігін көк жиек жасырған соң,
Бұрымын бұлаң талдың ай тарады. (14-бет).
Немесе:
Толқын қуса су сипалап жағаны,
Тал майысып судың бетін сабады.
Су тамшысын аспанға атып ақ өркеш,
Қайың-талға моншақ етіп тағады. (16-бет).
Байқасаңыз, осы екі шумақта да табиғаттың тамаша суреті ғана емес, тілсіз тіршіліктің қызға лайық ерке қылығы бар. Көлдің сынаптай шайқалуы, бұлаң талдың бұрымын ай тарауы, сосын… майысқан қайың-талдың тамшылардан моншақ тағуы – табиғатқа адамды ғашық қылатын суреттер ғой.
Ақын табиғатты жырлағанда кейде өстіп сырттай суреттеп, сырттай сүйсініп отырады да, енді бір кезде тікелей өзінің сезім бұлқыныстарын айқара ашып, жыр ырғағын ширатып, көңіл толқынын тулатып, ән қайырмасындай құйқылжыған екпінге басады.
Қараңыз:
Айналдым сенен, армысың Алтай,
Сағынып келдім, бармысың Алтай!
Суымның көркі – көңілімнің көгі,
Қиялға қанат сал құсым, Алтай!
Жотаңнан жортып ақ бұлақ құлап,
Жатады жырдан атқылап шуақ.
Барады ерін баурына алып (!)
Асудан атқып, шапқылап тулап. (21-бет.).
Қара сөзбен Қалихан мен Оралхан Алтайды аз жырлаған жоқ. Олар жасаған көркем полотноны сөз қасиетін түсінетін қазақтың бәрі тамашалады. Сол Қалекең мен Орекеңнен қаламды әлдеқайда бұрын ұстаған ұстаз ақынның бедерлі, бейнелі сөзі бізге енді ғана жетіп отыр. Кейінгі жарты ғасырда Бұқтырманың өр басынан бұлқынып шыққан бірегей ақын да сол еді. Амал не, бұлқынып шыққанмен булығып қалды. Жүйріктің бауыры аламан бәйгеде жазылса керек-ті. Ол әдебиеттің аламан бәйгесі мен ордалы ортасынан ғұмыр бойы алыста болды. Өнер жолында делебені қоздырар айқай-қиқудан аулақ, берерін құндап, аларын таңдап, көзге қарап бой түзеп, сөзге қарап ой түзеп жүретін әдебиеттің қан базарынан жырақ күн кешті. Осындай ортадан саяқ ғұмырдың әсері «Сырымды айтам…» жинағынан анық сезіледі. Ақын табиғатты жырлағанда тағалаған жорғадай. Өйткені оның бүкіл өмірі сол табиғаттың ну ортасында – жаратылысы бөлек, құбылысы ерек айшықты өлке Алтайда өтті. Кім нені жақсы білсе, соны әдемі жазады. Ол Алтайдың ерекше қасиетін қалам ұстаған бәрімізден артық білетін. Білу бар да, айту бар. Көру бар да, көргенін көркем жеткізу бар. Ақтан ақынның көзіне Алтайдың мөлдіреген суы да, көгілдір нуы да тірі, жанды дүние боп көрінеді, сол тіріге лайық тілімен, қимылымен ақ қағаздан өрнек табар еді. Биіктен құлаған ақ бұлақтың «ерін бауырына алып, асудан атқып шапқылап тулап» жатуы, сөз жоқ, тек ақындық көздің жемісі болса керек.
Ал табиғаттан басқа тақырыпқа ауысқанда?..
Әлгі татаусыз төгілген талант бәйгенің сылаң торысынан шаруаның шабдар-қасқасына мінгендей шоқырақтап машықты шабысынан жаңылып қалғандай болады. Мәселен, өмір, тіршілік, көңіл-күй, адами қарым-қатынас, жақсылық-жамандық туралы толғағанда ақын айтқыштыққа, ақыл мен нақылға, дидактикалық өсиетке беріліп кетер еді. Соның өзінде ұйқас пен қисыннан, ырғақ пен өлшемнен және ауытқып кетпейді.
Ырысты үйдің есігі
Тар болса да төрмен тең.
Бір жақсының есімі
Бір тайпалы елмен тең,–
деп шын ақын ғана айта алар. Бірақ қандай ақын айтар? Халық ақыны. Бұл жағынан кітап аннотациясында «Халық ақыны Ақтан Нұрбаев…» деп орынды көрсетілген. «Халық ақыны» деген – ардақты сөз. Ол – үлкен құрмет те. Алайда нағыз көркем әдебиет тұрғысынан бағаласаң, бұл ақындар шығармашылығына қойылар талап та, талғам да шектеулі. Яки, сөздің шындығы, оларды қай жағынан да (стильдік, шеберлік, жаңашылдық, көркемдік, т.б.) профессионал әдебиетшілерден жоғары қою қиын. Дей тұрғанмен халық ақындарының арасында шығармашылық талантының жеке бір қырымен, жекелеген шығармасымен проффессионалдық деңгейге көтерілгендері баршылық. Әйгілі «Күләндам» поэмасының иесі Нұрқан Ахметбековті, «Сібір Омардың» авторы Омар Шипинді қазақ поэзиясының қасқа тұлғалары демеске лажың жоқ. Мен Ақтан Нұрбаевты бұлардың қатарына қоспасам да, табиғат лирикасымен ол өзінің ақындық, шығармашылық қуатын толық танытып кеткен ақын дер едім.
Есіме тағы да баяғы бір жол өлең түседі. «Жауам деп ке-ліп, жауа алмай кеткен бұлттар-ай!..» Поэзия әлемінде Ақтан ақын да жауам деп келген «бұлт» еді. Жауды. Бірақ бөктерлетіп, себелеп өте шықты. Кең даланың төсінде нөсерлетіп, баршаның шөлін муза нәрімен қандыруға оған Құдайдың берген қуаты мол еді.
Амал не, о баста таңдап мінгені шаруаның шабдарқасқасы болды. Ал оны асудағы биікке, алыстағы қиырға жеткізетін жетектегі аты – поэзия пырағы еді.
Иә, «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар-ай!»
Өкініш деген осы да!..
1997 ж.