«ӘТТЕҢ, САЙЛАУ»

«ӘТТЕҢ, САЙЛАУ»

Соңғы уақытта «сайлаудан» көп еститін сөзіміз жоқ: «демократиялық сайлау», «депутаттарды сайлау», «әкімдерді сайлау», «әділетті сайлау»… «ананы сайлау… мынаны сайлау»… Осы сөздерді естіген сайын менің есіме ел ішінде сақталып қалған ескі бір әңгіме түседі. Бүгінгі ұрпаққа мәтіні езу тартқызғанмен мәнісі ес жиғызатынақ дүние.

…Айы біткен – айында, күні біткен – күнінде, жасы сексеннен асқан шағында Шағыр деген шалдың беті «келместің кемесіне» қарай бұрылады. Жасынан билікке араласып, бірде аулынай, бірде старшын болып, қай кезде де даушар, тартысталастың бел ортасында жүріп, Бұқтырманың екі жағына ұйыса қоныстанған қалың қаратай ішінде «алакөз Шағыр» атанып кеткен сүйкімсіздеу адам екен. Бірақ дауға берсе де жауға бермейтін, өкпеге қиса да өлімге қимайтын ағайын Шақаңның ақтық демі таусылар шағында да аузына су тамызып, күндізтүні басында күзетіп отырады. Шалдың есі бір кіріп, бір шығып жатады. Есі кіре қалған сәтте «әттең… әттең» деп аһ ұрады. Кәрі көмейдің ар жағында булығып, өзекті өртеп, сыртқа шыға алмай жатқан бір арман, бір өкініш бар сияқты. «Атеке, айтып кетіңізші, айтыңызшы!» деп, ағайын аузын бағады. Бұл шал ақыры мақшар алдында бір аталы сөзді артына қалдырып кетер деген дәме де. Сөйткен Шақаң, қайран Шақаң, әлдебір мезетте бар күшін жиып, ала көзін ақтық рет ағайынға қадап тұрып: «Әттең… енді екі айға жете алмай барам… Жетсем, дәл осы жолы дәулеттер… болыстық мөрден айрылатын ед… Әттең, сайлау!..» деп, үзіліп кеткен көрінеді.

Сөз мәнісі мынау. Ғұмыр бойы әр сайлау сайын өз руының намысын жыртып, «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған», біреуді құлатып, біреуді жылатып «қызық» көрген Шақаң енді екі айдан кейін болатын болыстық сайлауга жете алмай қалған екен. Жетсе, дәл осы жолы бірнеше жылдан бері билікті қолдан бермей келе жатқан дәулет аталығын ағаш атқа теріс мінгізеді екен.

Өліп бара жатқанда да атасы басқаның жағасына жармастырып қойған рулық мүдде, рулық сана, міне осы!

Бұл – жүз жыл бұрынғы оқиға. Жүз жылдан бері талай дүние өзгерді, халқымыз сан жағынан да, сапа жағынан да біршама өсті; бұрын қой баққан казақ қазір ой да бағатын болды; кеше түйеге мінген елдің ұрпағы енді ғарыштық кемеге бұт артты; баяғыда тек басқаның сөзін алтындай көретін ағайын бүгінде жалпақ жұртқа жөн сілтейтін дәрежеге жетті.

Рас, жүз жылда сананың біраз биігіне көтерілдік; небір кесіркесапаттан құтылдық… Бірақ, жаңағы айтқан Шағыр шалдан қалған мұрадан құтылдық па? Міне, бізді ойландыратын, ойлап қадам бастыратын сұрақ!

«Әттең, сайлау!» – сайлау десе, барын салатын, арын сататын мінез… Шағырлардан қалған мұра. Жоқ, Шағырлардан емес, тереңнен пайымдасақ, бұл – патшалық Ресейдің отарлау саясатынан қалған мирас, «бөлшекте де билей бердің» жемісі. Бұның басы сонау 1822 жылғы «Сібір қазақтарының жарғысынан» басталған. Сол Жарғы бойынша қазақ жерінде хандық жүйе жойылды да, бұрынғы біртұтас билік бірнеше аға сұлтанға бөліп берілді. Олар сайланып қойылатын болды. «Алаштың аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деген ұран осы тұстан басталса керек. Бұның бір соққысын ұлы Шоқан жегенін тарихтан білеміз. Ақмола атырабы бойынша аға сұлтандықка Сандыбайдын Ердені екеуі түсуі – шын мәнінде екі адамнын бақ сынасуы емес, «ақ сүйектер» мен «қара сүйектердің» алғашқы белдесуі еді. Нәтижесінде ғасырлар бойы кең сахараға билігін емінеркін жүргізген төре тұқымдарының ендігі жерде күні батқанын көрсеткен. Ресей отаршылдығына Шоқан мен Ерденнен гөрі алдымен – осы, сосын ел ішіндегі алты бақан алауыздық керек болған секілді.

Өстіп ел ішіңдегі тектік жікті бір тереңдетіп алған отаршылдар 1864 жылы әйгілі «Жаңа низам» заңын шығарып, енді «қаралардың» өз ішіне шырға салуға кірісті. Зымиян саясаттың ең үйіптөгіп жеміс бере бастағаны да сол жылдан, сол заңнан бері шығар. Бұрынғы «ақ» пен «қараның» айтыстартысы аз екен, «Жаңа низамнан» соң болыс сайлауында – ру мен ру, аулынай сайланған кезде аталық пен аталық арасында қырық пышақ қырқыс басталды да кетгі. Кемеңтер Абайдың алтын басына қара қамшы үйірген де, ойшылдана Шәкәрімді билік атаулыдан басын ала қаштырған да осы сайлау, осы қырқыс болатын. Кеңестер Одағы кезіндегі формальді сайлаудың халқымызге тигізген бір ғана пайдасы – атасы басқаға деген әркімнің іштегі қыжылы сыртқа тек күңкіл болып шыққан да қойған. Жалпы, Кеңестік кезең ру, жүз мәселесін біраз бәсеңдетіп кеткеңдей еді. Мен бұны тәуелсіздік тұсында қайта оянды, өршіп кетті дей алмаймын, дегенмен кейбір сайлаулар кезінде іште бықси бастаған қоламтаның әр жерде ұшқын атып, төбе көрсетіп қалғаны бар. Бұны жергілікті жерлердегі мәслихат сайлауынан бастап, парламент сайлауына дейінгі аралықтан аратұра байқап қалғандаймыз. Мәселен, соңғы он шақты жылда бір аңғарғанымыз, әр сайлау кезінде қазақ электоратының көбі «алтын көрсе періште жолдан таяды» мен «қанына тартпағанның қары сынсынның» шырмауынан шыға алмай қалады. Осы қағидамен қалталының түйесін, ағайынның биесін көпірден өткізіп жібереді де, артынша «осы халықтың қамын кім ойлайды, елдің сөзін кім сөйлейді» деп, аузын қисайтады да отырады. Сөйтіп отырып тағы да: «Иә, анау серкелер дұрыс айтады, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлап қою керек» дейді жаныға түсіп. «Ал әкімдерді сайлап қою» өзі сияқты қара халыққа керек пе, әлде «анау серкелерге» керек пе оны тереңнен пайымдап жатқан және ол жоқ. Әйтеуір, «көп айтса – болды, жұрт айтса – көндінің» шапанын киіп, шапқылап жүрген осындай шалдуарлар мен «әттең, сайлаулап» алақанын ысып, алакөзденіп отырған әлгі Шағырлар бар жерде қай сайлауда қандай әділет болмақшы.

Арманымыз – әділетгі сайлау. Әділетті сайлау үшін Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу керек дейміз. Дұрыс, Заңға өзгерістер керек. Кімнің, кімдердің ыңғайына қарай қисаятынын уақыт көрсетер, бірақ оның түзейтін жері түзеліп, толығатын жері толығып, біраз өзгеретініне күмән жоқ. Күмән бас-қада. Бастысы, электорат қашан өзгереді? Яки адам санасы, ағайын пиғылы, қарындас пен қандас ниеті қашан өзгереді? Қашан біз әрбір әлеуметгік, саяси мәселеге қарабастың сүйем қарыс өресінен емес, қоғамдық, ұлттық мүдделердің асқаралы биігінен карайтын боламыз? Қашан біз жеке тірліктің емес, халықтық бірліктің жайын алдымен ойлауға үйренеміз? Міне, бізді ойландыратын сұрақ та, мәселе де осы. Әттең, осы сұрақ, осы мәселе төңірегінде тек әр сайлаудың тұсында емес, жыл бойы жұмыс жүргізілсе де артық етпес еді. Сайлау керек. Биліктің әр деңгейдегі жүйесінде халық өкілдері болуы керек. Бірақ бәрінен керегі елдің бірлігі ғой.

Бірлік! Таңсық сөз емес. Тәуелсіздікке жеткелі ең көп айтатын сөзіміз де осы. Сосын ынтымақ… береке… ұлтаралық татулық… халықтар достығы. Мақамдап айтар мақалымыз: «Ырыс алды ынтымақ», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді». Бұлардың арасында, шүкіршілік, ұлтаралық татулыққа өкпеміз жоқ. Мүмкін бұл, шындығында да «сындарлы саясаттың жемісі» болар, мүмкін сан жағынан өзгелерден қарасы көп қазақ пен орыстың қадымнан келе жатқан тарихи «тамырлығы» мен дәстүрлі дәмдестігінен шығар, мүмкін бұл қазақтың шын мәніндегі кеңқолтық қонақжайлығы мен өзгеге дегенде өзегін бөліп беретін сахилығының (?!) салдары болар – әйтеуір, қалай десек те тілі бөлектермен тілек қосып, жүзі бөлектермен жүрек қосып отырған казіргі тірлігімізге ризамыз. Тіпті төрімізге шығып алып төбемізден қарап отырғандарға да қыңқ демейміз. Тіпті сырттан келіп, сыбаға дәмететіндердің де аузын майлап, атын сайлап қалуға тырысамыз. Неткен дархандық! Неткен даңғойлық! Ойбай, құрысын, бұны байқамай айтып қалдық – бізге тыныштық керек, бізге татулық керек, өзіміз туралы не десек о дейік, өзгелер жөнінде аузымызды ашпауымыз керек. (Идеология жоқ дейсіңдер, бұдан артық қандай идеология керек!).

Өзіміз туралы біз сонда не деп жүрміз? Өзіміз туралы өзгелер не дейді осы? Бұған мән беріп, жүрген кім бар? Ал мән беру керекақ!

Ұлттың ішкі мәселесіне келгенде, абайлап айтатын, бай-қап сөйлейтін бір сөздер болады. Сол сөздердің кейбірі уақыт өте келе тілге әбден қалыптасып, ұғымға сіңіп кетеді де, одан ел бірлігіне қандай сызат түсе бастағанын сезбей де қаламыз. Солардың бірі – трайболизм. Рас, бұл жай сөз емес – термин. Бұрыннан бар халықаралық термин. Бұл – белгілі бір ұлт ішіндегі қырық пышақ қырқысты, алты бақан алауыздықты айғақтайтын ұғымтермин. Осыны қазақ өміріне пайдаланудың қандай реті бар?! Ағайын арасында аздыкөпті араздық болар, ру мен жүз ішінде күңкілсүңкіл сөз жүрер, олар бірбірін аяқтан тартып, етектен шалар кез болар, бірақ арғыбергі тарихта қазақ тайпалары, қазақ рулары қолына жаппай қару алып, қақтығысып, соғысып жатқанын кім көріпті. Бұның тіпті алғы шарты да болмаған ғой. Өмірі өзгенің отарында болған елге байтал түгіл бас қайғы емес пе еді. Бүкіл болмысы бір тілге, бір дінге, бір ділге (менталитет) негізделген халық, әсіресе отаршылдықтың бар зардабын тартқан халық қалай бірбірімен ашық жаулықка барады. Біздің жөніміз Африканың, оңтүстік Азияның кейбір ұсақ халықтарынан мүлде бөлек еді ғой. Ендеше аралары ашыла берсін, ұғымдарына сіңе берсін, іштей іри берсін деген арам пиғылмен сырттан таңылған терминге бас шұлғитын неміз бар. Жалпы, саны аз халықтардың әлеуметтік саяси терминдердің қайсысынан тапқан қандай пайдасы бар. Мәселен «интернационализм», «коммунизм», «терроризм», «глобализм»…

Жә, терминдер өзімен кетсін. Енді «мәңгүрт» пен «мәмбетке» қалай қараймыз? Бұны аз десеңіз «қазақтілді», «орыстілді» деген және бір жаңа сөздер шықты. Бұлардың қайқайсысы да бір қазақты екіге бөліп қарастырудан, ішке іріткі түсіруден басқа не! Әр сөздің мағынасымен қоса пиғылы да болады. Демек арам пиғылдардан абай болсақ қайтер…

Ертең жергілікті мәслихаттар сайлауы. Сосын… парламент сайлауы. Бағы жанған кандидат депутат болар, бектер қатарына қосылар. Бірақ тепсе кетпес бақ та, темірдей берік тақ та жоқ. «Бетеге кетер – бел қалар, бектер кетер – ел қалар». Біздің ойлайтынымыз – елдің берекесі ғана.

2003 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo