Әдемі өлім

Әдемі өлім!

«Дидахмет аға қайтты» деген суық хабар жетісімен-ақ ағаның Райымбектегі үйіне жиналып үлгердік. Ең жақын тума-туыстары мен жора-жолдастары жерлеу рәсімін жылдам жоспарлап жатты. Жазушының жалғыз ұлы:

— Сәке, Қатонға барасыз ба? Сүйекке сіз түссе деп ем. Өзіңіз де жақсы

білесіз, әкем сізді баласынан да артық жақсы көрді, — деді.

— Барар едім. Бірақ сүйекті самолетпен әкетеді. Мен сендерге ілесе

алмаймын ғой. Не істемек керек? —  дедім. Бұл әңгімені жанымда тыңдап тұрған Айдын есімді жас жігіт «Еш алаң болмаңыз. Машинаммен жеткізем. Тек тәуекел етсеңіз болды» деді.  Көлік табылған соң тағы да үш жігіт «барамыз» деп тас түйін бекінді. Сәлден соң Талдықорғандағы Бейсен Құранбекке қаралы хабарды естірттім. Ол бірден:

— Сіз де Қатонға баратын шығарсыз? — деді. 

— Ия,

— Немен?

— Жеңіл көлікпен

— Жете аласыздар ма?

— Тәуекел деп отырмыз.

— Жарайды. Мен қайта хабарласам. Ол содан соң 3-4 сағат хабарсыз жоқ

боп кетті. Сол күні кешкі сағат жетіде кафеде ағаның рухына  арнап  ең бірінші ас берілді. Аста отырғанда Бейсен хабарласып:

— Сәке, жағдай былай. Мен   талай адаммен тілдесіп, Шығысқа разведка

жасадым. Жол өте жаман. Жете алмайсыздар. Мен де  сіздің үйде ағамен екі рет дастархандас болдым. Бармасам ұят болады. Қатон сапарын  маған қалдырыңыз. Өзім ұйымдастырам. Пойызбен кету керек,  – деді де  маған  пойызбен баратын маршрутты түсіндірді.

Астан шыға сала Талдықорғанға аттандық. Фархад есімді жас кәсіпкер жігіт су жаңа мерседесімен түнгі сағат екіде діттеген жерге жеткізді. Бейсен бізді ыстық тамақ дайындатып, үйінде  күтіп отыр екен. Түнгі үш жарымда  Үштөбеден тальгаға мініп, таңертең тоғызда Жаңғызтөбеден түссек, вокзалда бізді таксист күтіп тұр екен. Таксист Бейсенді көріп аузы ашылып қалды. Ол «ойпырмай айтуға оңайды тасимын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмес» еді деп қояды. Орта жолда пароммен Ертісті қиып өтіп, сол күні күн бата Қатондағы мешіттің хатымханасынан бір-ақ шықтық. Асты Сейдахмет есімді туған ағасы басқарып жүр. Көңіл айтылды. Елдер асқа отырды. Дидағаңның  жақсылықтарын жарыса  айтып, елі тебіреніп жатыр.

Таң ата жаназаға дайындық қызу басталды. Ағаның туыстары бөлек жиналды да   сүйекке түсетін ең жанашыр кісілердің тізімін жасауға кірісті. Сәлден соң Сейдахмет ағасы маған тақап келіп:

— Санжар деген сен ғой? — деді.

— Ия.

— Сені інімнің ең жақын рухани бауыры деп айтты. Сүйекке түсетіннің бірі сенсің. Бұрын түсіп көріп пе едің?-деді.

— Бір- ақ рет кіріп көргем. Онда да тек  су әперіп тұрғам.

— Жақсы, соның өзі жетеді. Түсетіндер түгел дәрет алып, таза таһаратпен кірсін. Өзім де мешітте қызмет етем. Білмегендеріңді айтып тұрам.

— Жақсы, мен дайынмын. 

Менімен  бірге сүйекке түскендер ересек кісілер болғанымен, мұндай істе көбі тәжірбиесіз болып шықты. Басқарып тұрған имамның өзі батылсыздау қимылдады. Амал жоқ, екі білекті сыбанып тастап, тізгінді қолыма алуға тура келді. Өзіме артылған міндетті барынша адал атқарып шықтым.  Ағасы дән риза болды.

Мәйітті далаға шығарған соң, қаралы митинг басталды. Ауыл жұрты өте көп жиналды. Жиналатын да жөні бар екен. Себебі, Дидағаң қарапайым мінез-құлқымен  жерлестерінің жүрегін жаулап алған. Тіпті, «кітап оқымайды» деген жас буынның өзі, ол кісі туралы жылы лебіздер айтып жатыр. Дидағаң аулына келген сайын  үлкен, кіші демей бәрімен теңдей  әңгімелесе берген. Талай адамға шарапаты молынан тиіпті. Мұқтаж кісілерден көмегін аямапты. 

Митингі аяқталған соң қаралы көш зиратқа қарай жол тартты. Имам жаназа намазын оқыған соң (Ол жақта жаназа намазы қорымның басында оқылады екен) денені қабірге жайғастырды. Басқарып жүрген бір туысы «әй, ағайындар, қазір топырақ салғанда үш күректен артық салмаңыздар. Адам тым көп. Арттағыларға кезек тимей қалады. Бір уыс топырақ салу үшін арамызда 5 мың шақырым жерден арнайы  ұшып келген қонақтар бар. Соларға кезек тимей қалмасын»  деп ескертті. Соның өзінде шетте тұрған жергілікті халықтың біраз парасына  топырақ салу нәсіп болмады. Себебі, жиналаған жұрт тым көп.

Топырақ салып жатып «Дидағаңың өмірі қаншалықты мағыналы болды? Мынау әдемі өлімге жата ма»  деп ойланып кеттім. Сол кезде атақты жазушымен  сұхбаттасқан сәттерім еріксіз  есіме орала бастады.

Бірде үйімде қонақта отырғанда ағадан «осы сіздің жер іздеген сарыатанда алғашқы  бірінеше абзац тура Жүсіпбектің  «Ақбілегіндей» болып, жыр сияқты төгіліп түседі. Ондай шедеврді қалай жаздыңыз? Жүсіпбектен үйрендім деп айта алмайсыз. Сонда қалай» дедім.  Ол кісі  маған қарап «ондай кезде көңілімде  әдемі бір әуеннің ритімі ойнап тұрады. Сол ритімді  бір рет ұстап алсаң, болды, ары қарай ақтарылып кете береді» деп келе жатты да,  кенет кілт тоқтап,  «жарайды, ол әңгімені кейінге қалдырайық. Алдында не жайлы айтып отыр едік»  деп әңгімені басқа тарапқа бұрып жіберді. Мен ішімнен «мақтауды жек көреді екен» деп ойладым. Ол кісі сол күйі  өзін мақтауға мүмкіндік бермеді. Өзі туралы әңгімені бұрып әкетіп, дереу Б. Майлиннің әңгімелерін талдай жөнеледі.

Бірде  қасымдағы бір жігіт «бала-шағасы қазақша сөйлейтін жазушыдан сізді көрдім» деді. Дидахмет аға «мен осыған өте қатты мән бердім. Үлкен қызыма да «болашақ күйеу бала ана тілін білмейтін болса, батамды бермеймін. Әуре болма» дегем. Содан бір күні мына Ерланды әкеп таныстырды. Қазақшасын, тәрбиесін тексеріп байқадым. Сыннан сүрінбеді. Сосын батамды бердім. Ал, мына жалғыз ұлды жаз сайын Алтайға талай қуғам. Сондықтан бұл бала да ана тіліне жүйрік боп шықты»  деді. 

Мен ол кісінің ұлымен танысқан соң ортақ әңгіме де көбейе берді. Бір күні баласына телефон соғып:

— Інім, бүгін үйге алыстан қонақтар келеді. Сен де ішінде бол,- дедім. Ұлы:

— Сәке, ренжімеңіз. Бүгін не болса да  бара алмайтын күнім,-деді.

— Неге?

— Сол. Бүгін папамды моншаға түсіретін күнім. Ол күні мен ешқайда да бара алмаймын.

— Папаң жүгіріп жүрген тың адам ғой. Моншаға өзі түсе бермей ме?

— Жоқ, түсе бермейді. Алтайдың қазақтары үшін монша деген өмірдің бір

бөлінбес бөлшегі. Папамды моншаға түсіру үшін бір күнімді арнаймын. Бұл сіздер түсетін өтірік сауна   емес. Бұл — профессионалдар түсетін нағыз  монша. Ішінде самырсынның иісі аңқып тұруы керек. Анасы шақалақ баласын қалай шомылдырса мен де папамды тура солай шомылдырам. Ол  басқалар үшін «кімсің Дидахмет» деген атақты жазушы болғанымен,  мен үшін бұл кәдімгі күтімге мұқтаж жас бала сияқты,-деді.

  Әрине, ондай баладан айналып кетесің ғой. Бірақ, әңгіме балада емес, әкеде болып тұрған жоқ па. «Қалада тұратын атақты жазушы, жалғыз баласын анандай деңгейде қалай тәрбиелеп шыққан» деп еріксіз таңғаласың. Қала тұрмақ, ауылда ондай тәрбиені баласына дарыта алмай, ақырында  сорлап қалған ата-ана жетеді.

Жалпы, ағамыз ажалдың өзін айналсоқтап, аңдып  жүргенін жүрегімен сезді-ау деймін. Себебі, неше рет бас қоссақ та атақ-даңқтың баянсыз екенін баса айтып отырды. Ол бір ретте «Толстой өзінің «Исповедьінде» рас айтады. «Жас кезде атақты жазушы болуды армандайсың. Ақыры боласың. Ал, содан не түсті кәне»  деп жазады. Қарап отырсаң, рас әңгіме. Міне, біз де біраз жұртқа танылдық. Біраз шығармам шет тілдеріне де аударылды. Ал, не түсті содан» деп таусыла сөйлеп, көздері мұңға батып, үнсіз отырып қалды.

Ол кісі Толстойдың осы еңбегіне  ұқсас бір шынайы шығарма қалдыруды  ойға алып, оқталып жүрді. Менімен жолыққан сайын өлім, Құдай, дін тақырыбын ғана қозғайды. Басқа тарапқа әңгімені бұрғызбайды. Мен де іздегенге сұраған деп неше түрлі сопылардың хикаяларын құмарта айтамын. Ол кісі рахаттана отырып тыңдайды.

Бір күні көзіне операция жасатыпты. Өкінішке орай, операция сәтті болмаған. Ұлы «папамның көңіл күйі онша емес. Бір көзім көрмей қала ма деп уайымдап жүр»  деді. «Қазір, әкейді қатырамыз» дедім де Дидағама  телефон соқтым:

— Дидаға, ассалаума-әлейкум, көзіңіз қалай? – дедім. Ол кісі еш сыр берген жоқ. Барынша сергек дауыспен:

— Құдайға шүкір, болады. Пока, бір көзім көрмей тұр. Бірақ, дәрігерлер «біраздан соң көріп кетесіз» деп дәмелендіріп қойды,- деп саңқ ете қалды.

— Бұл жақсылықтың нышаны!- дедім

— Қалайша?

— Мына біздің мұсылман жұртында  Ибраһим Адхам деген әулие болған.

Сол кісі «адамның жүрек көзі ашыларда, маңдайындағы екі көзі соқыр болады»  деген. Жүрек көзіңіз ашылайын деген ғой.

— Да, Адхам солай деп пе? Қалай күшті айтқан ей мына әулиең!?

— Абай атаңыз да солай деген. «Жүректің көзі ашылса, адамзаттың

хикмет кеудесі»  деген ғой. Сол сияқты, өмір бойы үйіңізге жиһаз емес, кеудеңізге рухани қазына жидыңыз. Енді сол қазынаны  жүрек көзімен тамашалап жатасыз, коллейдескоп қызықтаған бала сияқты. Одан артық не керек сізге? Бәрібір, көзіңіз көргенмен оның сізге керегі жоқ. Сенбесеңіз телевизорды қазір қосыңыз. Ол жерде «ішіп қойды, жеп қойы, ұсталды, сотталды» дегеннен артық ештеңе көрсетпейді. Сіз керісінше, Яссауи сияқты нағыз жер астына кететін жасқа жеттіңіз. Ендігі  жерде жердің бетіндегі мағынасыз дүнияға алаңдап қайтесіз?

— Пах, шіркін. Әй, сен бала да айтасың ау. Бірақ, расымен де солай я?

— Енді ше,  тап қазір ТВ-ны қосыңызшы, неше сағат тапжылмай қарай  алар екенсіз?

— Шынымен де көретін дым жоқ қой. Оны өзіміз де де күн сайын айтып жүрміз,-деп мойындады. Мен әңгімені одан сайын қыздырып:

— Баяғыда, Хасан Басри деген әулиеден адамдар «Дүниеде ең үлкен

өкініш не»  деп сұрапты. Сонда Хасан «Жүректің өлуі»  депті. «Жүректің өлуі деген не» деп қайыра сұрағанда ол «Жүректің өлуі деген – жүректің дүниеге алаңсыз байланып қалуы»  депті. Егер осы тараптан қарайтын болсақ сізде өкініш жоқ. Құдайға шүкір, біраз атағыңыз шықты. Артыңызға із қалдырдыңыз. Күйеу балаңыздың қызметін пайдаланып кім көрінгенді қорқытып,  не болмаса, Астанада министірліктің есігінен сығалып жүрген жоқсыз. Атақ-абыройыңызды пайдаланып, жалғыз ұлыңызды да құлағынан сүйреп, көрінген жерге тықпыштап, беделіңізді жермен жексен еткен жоқсыз. Яғни, жүрегіңіз дүниеге жабысып, өліп қалмаған. Жүрегіңіз «әлі де еліме пайдалы бір нәрсе істесем» деп тірі жүректің қызметін істеп тұр. Ал, ұлыңыз болса, сізге масыл болмай  өз арбасын өзі сүйреп кетіп барады. Қолда келініңіз   бар. Немерелі болдыңыз. Енді сізге не керек?-дедім.

— Ойпырмай, сені тыңдап тұра берсем, адамға обшым  ештеңе керек емес

сияқты ғой-деді де қарқылдап күліп жіберді. Одан кейін  көңіл-күйі шалқып шыға келді. Тебіреніп біраз уақыт әр түрлі әңгімелер айтып, артынан хабарласқаным үшін алғыс айтып қоштасты.

Қабірге топырақ тасталып жатқанда менің миымда осындай естеліктер зуылдап айналып жатты. Кенет маған «ия, бұл кісі өте бақытты адам. Өте әдемі өле білді» деген ой келді. Расымен де солай. «Өлсем әкеммен бір қорымда жатайын»  деген өсиетін, ұрпағы бұлжытпай орындады. Өте танымал шенеунік күйеу баласы да тікесінен тік тұрып, адалынан қызметін қылып жатыр. Қазақы тәрбие алған жалғыз күйеу баласы жөн білетін елдің ұлы екенін ісімен дәлелдеп шықты. Жаназада атқарылатын ауыр жұмыстың бәріне бейне бір қарапайым жұмысшыдай араласты. Дидағаң — ұлы мен қызына «біреудің көз жасына қалмай, қиянатсыз күн көріңдер» деген алтын қағиданы  сіңіріп үлгерген  санаулы адамның бірі.

Одан да артығы — өмірінің соңғы күндерінде  кез келген арлы адам бастан кешетін қиын рухани хәлді толық бастан кешірді. Ол кісі жүрегі тоқтағанша  «мен осы дұрыс өмір сүре алдым ба? Өмірімді бұдан да күшті етіп сүре алар ма едім? Мен Құдайға қаншалықты жақынмын?» деген сұрақтардың шырмауында жүрді.

Сопылардың тілімен айтқанда кім де кім «мен Құдайға жақынмын» деп жар салса, ол адам Хақ тағаладан өте алыста жүр деген сөз. Ал, егер кімде кім «Мен Алладан алыспын» десе, ол — өзінің Ұлық Аллаға қаншалықты жақын жүргенін сезбей жүрген адам. Қайран Дидағаң да тура солай болды. Ары мен ұятының арқасында Құдайға соншалықты жақын болып жүрсе де,  Тәңірсіне  қаншалықты тақап барғанын білмеген күйі өмірден озды.

 Меніңше, жазушының    рухы  бұл пәниде мазасын алған сұрақтардың  азабынан мәңгілікке  құтылды. Себебі, өзінің Құдайға қаншалықты жақын болғанын ендігі жерде күмәнсіз анық көріп, шексез шаттана алады.

Дидахмет
Әшімханұлы