«Жазушы» баспасының бір қызметкерінен мынадай «қызық» әңгіме естігеніміз бар…
Роман жаза ма, хабар жаза ма, кім білсін, аталған баспаның аударма редакциясына құрметті демалыстағы бір қарт келеді де, жазуға қағаз сұрайды. Су сұраса сүт беретін салтымыз, редакция қызметкерлерінің бірі әлгі қартқа бір бума шытырлаған аппақ қағаз ұсынса, ол: «Мұндай қағазды ысырап етіп қайтесің. Сендерде бір беті ғана жазылған ескі қолжазбалар бар шығар. Егер өздеріңе қажет болмаса, маған сондай қағаз беріңдер»,– дейді. Дейді де, сұрағанын алып үнсіз жүре береді.
Бұл оқиға бізге расында да «қызық» көрінді. Сол «қызық» оқиға бізді ойлануға да мәжбүр етті. Жаңағы қарт кім? Бұрын қандай қызмет істеген? Қай уақытта қандай білім алған? Мүмкін, ол отызыншы жылдары, қағаздың тапшы кезінде грифель тақтаға жазып, сауатын ашқан болар? Мүмкін ол соғыс жылдарында майданнан хатын қойын кітапшасының бір жапырақ бетіне жазған шығар? Біз бұл сұрақтардың біріне нақты жауап таба алмадық. Бірақ бір білгеніміз, кім де болса, ол – қағаздың қадірін білетін адам.
Осы оқиғаның әсерімен жүргенде, жуықта «Правда» газетінің 24 февраль күнгі нөмерінде жарияланған «Нандай құрметтейік» (Беречь как хлеб») деген шағын мақалаға көзіміз түскен. Наннан қасиетті ештеме жоқ, нандай құрметтейтін ол не зат деп қарасақ… кәдімгі қағаз екен. Атының өзі жүрекке жып-жылы тиетін сол мақаланың соңғы абзацындағы мына сөйлемге қараңыз. «Қағаз – мәдени нан».
Қағазға бұдан артық қандай баға беруге болады? Қандай баға берсек те, артық болмас. Өйткені, «тіл – қатынас құралы» десек, сол қатынас құралын біреуден біреуге, бір ұлттан екінші ұлтқа, кешегі ұрпақтан бүгінгі ұрпаққа, бүгінгі ғасырдан келер ғасырларға жеткізетін бірден бір құрал – қағаз. Өткен дәуірдердің келбеті мен бүгінгі күннің тынысы да, адамдардың асқақ ойлары мен ыстық сағыныштары да, білім мен ғылымның небір жемістері де – қағаз бетінде. Ең аяғы, қағаз туралы бұл ойларымызды сіздерге жеткізіп отырған да – қағаз… Ал осы қасиетті дүниені біз қалай қастерлеп, қалай қажетімізге жаратып отырмыз?
Әдетте көпшілік қала тұрғындарының ертеңгілік қарекеті күнделікті баспасөз оқудан басталатыны белгілі. Өйткені, жұмыр жердің бетіндегі жаңалық-өзгерістерді біліп отыруға әркім де құмар. Оған барлық жағдай да жасалған. Ертеңгілік азық-түлік дүкендерінен де бұрын газет-журнал киоскілері ашық тұрады. Оларда таң сәріде жеткізілген баспасөз өнімдері қатпар-қатпар боп, қаздай тізіліп жатады. Қызметке барарда біз сол киоскілерден таңдаған газеттерімізді сатып аламыз да, бөлмемізге келіп бір қарап шығамыз. Сосын оны шкафы-мызда баяғыдан үюлі жатқан ескі қағаздардың үстіне тастай саламыз. Осымен «шабаш!..» Енді күнделікті жұмысымызға кірісуіміз керек. Кеңсе адамының қызметі қашан да қағазбен байланысты. Бүгінде қағазсыз ешбір іс бітпейді. Сондықтан, мақала жазамыз ба, мәлімет жазамыз ба, әлде іс-қағазын толтырамыз ба, бәрі-бір ақ қағаздың бетіне ақырын жаза бастаймыз. Жазу үстінде біз аса «ұқыптымыз», егер бір бетте бірер сөзіміз сызылап қалса, екінші аппақ бетіне қарамай-ақ, умаждап-умаждап, жанымыздағы қоқыс салатын құтыға атып ұрамыз. Тағы жазамыз. Тағы тастаймыз. Оның үстіне алдымызда жатқан кейбір ескі қағаздар да көзімізге күйік боп көрінеді. Столымыз, тартпамыз таза болу үшін оларды да келмеске жөнелтеміз. Кешкілік қызметтен қайтарда әлгі қоқысқұтымыздағы қағаздар бір айыр шөптей қопайып қала береді. Шындығында, ол сол қалпымен қала да бермейді, соңымыздан іле-шала келген үй тазалаушы әр бөлмеде қобырап жатқан жаңағы қағаздарды сырттағы қоқыс жәшігіне тасиды да, шөмеледей болғанда сіріңкені шырт еткізеді. Ақ қағаздар әп-сәтте қып-қызыл жалын боп, жана бастайды. Жансын! Біреулердің ойынша, бүгінде қағаздан «таршылық» көріп отырған ешкім жоқ.
Жұмыстан соң серуендеп қайтуға қаланың сыртына шығып кететін әдетіміз бар. Сол уақытта ұра-жыраға төгілген қоқыстардың арасынан тағы да қағаз көреміз. Олар қандай қағаз дейсің!.. Жапырақ-жапырақ кеңсе қағаздары… Жұлым-жұлым картон қағаздар… Желп-желп еткен газеттер… кітап беттері… Қар мен жаңбыр суына езілген әртүрлі қағаз қораптар… Осы сәтте азынап әлдеқайдан бір самосвал келеді де, қағаз аралас бір қорап қоқысын жыраға төге салады. Төксін!.. Әлдекімдер бұл қоқыстың арасындағы қағазды мүлде қажетсіз деп біледі.
Аяңдап үйге келеміз. Табалдырықтан аттай бере көзіміз тағы қағазға түседі. Столда… үйге жаздырып алатын бүгінгі жаңа басылымдар. Босағада… жолдасымыз дүкеннен зат орап әкелген бір бума сары қағаз. Еденде… балаларымыз жазып-сызып тастаған аппақ қағаз… Япыр-ау, бұл не деген көп қағаз! «Артық-ауысын өртеу керек шығар?» Дереу сыпырып-сиырып, сыртқа шығарамыз да өртейміз. Өртенсін! «Бүгінде қағаздан мол дүние жоқ!»
Рас, қазір қағаздан мол, қағаздан арзан зат аз. Ерте дүниедегі-дей, папирусқа, қайыңның қабығына, өгіздің терісіне жазатын күндер, ХVI ғасырда Россиядағыдай бір кітапты (Мәселен, «Апастол», «Часовник») екі үш сиыр немесе 30–40 қой беріп сатып алатын күндер, тіпті Совет үкіметінің алғашқы жылдарында сауат ашу үшін грифель тақтаны, газет шетіндегі екі елідей ашық жерді пайдаланатын күндер бүгінгі ұрпақтың түсіне де кірмейді. Кірмейтіні, шүкіршілік, қазір еліміз қағазға бай. Жыл сайын Одақ бойынша 170 миллион тиражбен 8 мың газет, 3,5 миллиард дана әртүрлі журнал шығуы осы байлықтың белгісі. Бұған қоса кітап баспаларының миллиондаған тиражбен шығарып жатқан өнімдері қаншама?! Сондай-ақ өзіміз күнбе-күн пайдаланып жүрген кеңселік ақ қағаз, әр түрлі формадағы іс-қағаздары, дәптер, заттар орайтын қағаз… бәрі-бәрі жеткілікті. Қысқасы, қағазды қажетімізше пайдаланып отырмыз. Ал осы пайдаланылған- қағаздың қайта пайдаға асу жағдайы қалай? Міне, бұл сұрақ бізді ойлантса керек.
Қазақ ССР Материалдық-техникалық жабдықтау жөнін-дегі Мемлекеттік комитеті қағаз бөлімінің мәліметіне қарағанда, республикамыз жыл сайын 26 мың 600 тонна газет қағазы, 9 мың 800 тонна типографиялық, 11 мың 300 тонна жазуға арналған қағаз, әртүрлі қағаз бұйымдарын жасауға, өнеркәсіп товарларын орап, қаптау сияқты басқа да қажет-терімізді өтеуге тағы да ондаған тонна қағаз пайдаланады екен. Бұның үстіне республикамыздан тысқары жерден алатын кітап-журналдардарымыз да біршама. Осының бәрін есепке алғанда, қазір әрбір қазақстандықдың үлесіне бір жылда 38 килограмм қағаз тиетін көрінеді. Өкініштісі сол, осы 38 килограмның небәрі 6-ақ колограмы макулатураға өтеді екен. Сонда қалғаны қайда? Қалғаны, жоғарыда айтып өткендей, мекемелер маңында өртелген, ұра-жырада шашылып, шіріп қалған.
Жиырма ғасырлық тарихын былай қойғанда (ағаштан қағаз алғаш рет біздің эрамыздың I ғасырынан бастап жасалған) қағаздың ағаштан жасалатынын әркім-ақ біледі. Сол ағаштың жылдан-жылға сиреп, селдіреп бара жатқаны да көпке аян. Айталық, елімізде қағаз жасау үшін ғана бір жылда 45 миллион текше метр ағаш кесіледі екен. Ендеше, қағазды қорғау дегеніміздің өзі табиғатты қорғау екеніне күмән жоқ.
Соңғы жылдары қағазды үнемдеп пайдалану, ескі қағаздарды макулатураға өткізу ісі біздің елімізде күрт қолға алынды. Бұл мәселеге орай «Правда» газетінен бастап, Одақтық басылымдар бірнеше маңызды материалдар жариялады. 1974 жылдан бері «Отанға – миллион!» девизімен пионерлер мен мектеп оқушыларының Бүкілодақтық жарысы ұйымдастырыла бастады. СССР Министрлер Советінің 1980 жылғы 25 январьдағы «Халық шаруашылығында қайталама шикізатты пайдалануды одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулысында да макулатура мәселесіне баса назар аударылды. Қағазға мұнша көңіл бөлуді қалай түсінуге болады? Елімізде бұл шикізат жетпей жатыр ма? Әлде орман оталып бітуге жақын қалғаны ма? Жоқ, бізде әзірге қағаз да, орман да жеткілікті. Жоғарыдағы шаралар тек қолда бар байлықты босқа ысырап жасамау мен табиғи ресурстарды үнемді пайдалануды ойластырудан туындап отырғаны ақиқат.
Аталған шикізатты қайталама қажетке жаратудың бірден-бір жолы – макулатура ретінде өткізілген ескі қағазды қайта өңдеу. Осы тұста макулатура тарихына қысқаша тоқталып өту артық болмас. Көбіміздің ойымызша, бұл іске соңғы жылдары ғана мән беріле бастаған сияқты. Шындығында, Россияда макулатура жинау ХVIII ғасырда-ақ қолға алынған екен. I Петрдің мына Указына қараңыз: «…Санкт-Петербургтегі барлық коллегиялар мен кеңселерге хабарлансын: ескі, жыртылған қағаздар босқа ысырап болмау үшін, ол қағаздар жиналып, Санкт-Петербургтің жанынан салынған жаңа диірменге қайта өңдеуге өткізілсін…»
Бұл дәстүр Октябрь революциясынан кейін де өз жалғасын тапты. Оған мысалды тым әріден іздемей-ақ қояйық, макулатура жинауға, әсіресе, жетпісінші жылдардан бастап үлкен маңыз берілгені белгілі. Себебі, бұл жылдары елімізде тағы да көптеген кітап баспалары, ондаған жаңа газет-журналдар дүниеге келді. Оларды көп тиражбен үзбей шығару үшін жыл сайын мыңдаған тонна қағаз қажет. Ең өкініштісі, осыншама қағаздың орта есеппен төрттен бір бөлігі ғана қайталама шикізатқа өтетін көрінеді. Қалғаны, жоғарыда айтқан-дай, бостан-босқа құрып кетеді. Бұның халық шаруашылығына үлкен зиян екендігі мына фактілерден-ақ көрінеді. Мысалы, 60 килограмм макулатура бір ағаштың өмірін қорғай-ды десек, оның бір тоннасы 4,5 текше метр ағашты, 1000 киловат-сағат электр энергиясын, 200 текше метр суды үнемдеуге септігін тигізеді. Және бір қызық факт – ең сапалы 1 тонна ақ қағаз 1 тонна болат қаңылтырдан екі жарым–үш есе қымбат деседі. Макулатураның халық шаруашылығы үшін маңыздылығы да, міне, осында.
Бұл мәселеге орай біз Қазақ ССР Материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі Мемлекеттік комитетінің Қайталама материалдық ресурстарды дайындау, жеткізіп беру және пайдалану жөніндегі Бас басқармасы («Казглавторресурс») бастығының орынбасары Қасым Жанаев жолдаспен әңгімелескен едік.
– Республикамызда қайталама материалдық ресурстардың тоғыз түрі жиналып, мемлекетке өткізіледі. Солардың бірі – қағаз,– дейді ол. – Тіпті, жеке үйлерді былай қойғанда, қағаз ірі мекемеде күн сайын 20 килограмнан аса қағаз өртеледі. Бұл – бір жылда бір мекемеде 6–7 тонна қағаз босқа шығын болады деген сөз. Біз бұл жағдайды болдырмас үшін мынадай тәжірибе де жасап көрдік… Өткен жылы «Макулатураға арналған жәшік» деген жазуы бар он шақты темір жәшікті астананың әр жеріне қойдық. Бірақ тұрғындар біздің үмітімізді ақтамады. Әлгі жәшіктерге тек қағаз салудың орнына басқа да кір-қоқыстарды толтырып тастайтын болды. Сосын ол жәшіктерді амалсыз қайта жинап алуға тура келген. Тағы бір тәжірибе мынау. Қазір Қазақ ССР Материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі мемлекеттік комитет пен өзіміздің мекеменің әр бөлмесінде қағаз салатын қапшық бар. Қызметкерлерге жарамсыз қағазды сонда салу керектігі ескертілген. Әзірге бұл тәп-тәуір нәтижесін беріп отыр, барлық бөлмеден кешкілік недәуір қағаз жиналып қалады- да, ол қабылдау пунктіне өткізіледі. Егер астанамыздағы, тіпті, республикамыздағы әрбір мекеме осылай істесе, ұланғайыр қағаз үнемделер еді…
Өткен жылы республика бойынша 55 мың тонна макулатура жиналды. Бұл – жоспардың орындалғаны. Бірақ әңгіме жоспарда емес, қағаз өңдеу өнеркәсіптерінің қанағатын өтеуде ғой. Осы 55 мың тоннаның біразы республикамыздан тысқары жердегі қағаз өңдеу өнеркәсіптеріне жөнелтіледі. Сонда қалғаны Қазақстандағы қағаз жасайтын екі заводтың қанағатын қалай өтемек? Бұдан біраз жыл бұрын Сырдария мен Арал теңізінің жағасындағы қамыстан қағаз жасау мақсатында Қызылорда целлюзакартон заводы салынған еді. Алайда, Аралдың күрт тартылуына байланысты қамыс та селдіреп қалып, заводты жақын жердегі шикізатпен қамтамасыз ету қиынға соқты. Қазір ол жартылай макулатура, жартылай ағашпен жұмыс істеп тұр. Ағаш оған мыңдаған километр жерден, Сібір ормандарынан жеткізіледі. Оған орасан шығын шығады. Ал осы заводты тек макулатурамен жұмыс жасауға көшіруге болмас па еді?.. Мұндай мақсат та бар сияқты. Бірақ ол мақсат жеткілікті шикізат болмай жүзеге асу қиын. Сондай-ақ Павлодар картон-рубироид заводының жағдайы да осындай. Завод шикізаты, негізінен макулатура. Қуаты – жылына 125 шаршы метр рубироид шығаруға жетеді. Дегенмен, ол әзірге 100 мың шаршы метр ғана өнім беруде. Бұл да қажетті шикізаттың жетіспеуінен болса керек.
1976 жылдан бері Одақтағы 22 қалада «Макулатура үшін кітап» эксперименті жүргізіліп келеді. Яки 2 килограмм макулатура тапсырған адамға бір классикалық кітап сатып алуға абонемент-талон беріледі. Бұл эксперименттің нәтижесі тәп-тәуір сияқты. Тәуір дейтініміз, қабылдау пункттерінің алдында құшақ-құшақ қағаз көтерген кітапқұмарларды жиі көреті-німіз бар. Талон жетпей қалғанда, кейде олар наразылық та білідіріп жатады. Айтатындары: «Талонды көп шығармай ма екен?!» Сонда олар талонды көп шығару үшін кітапты көп шығару қажеттігін ескермей ме екен?!
Өткен жылы Алматы қабылдау пункттеріне 20 мың тонна ескі қағаз өткізілген. Оның 12 мың тоннасын тұрғындар жинаған. Сол 12 мың тоннаға 200 мыңдай талон таратылған. Миллион тұрғыны бар қалаға бұның аздық ететіні рас. Дей тұрғанмен, кітап баспаларының мүмкіндігімен де санасқан жөн.
Осы тұста өзіміз куәсі болған мына оқиғаны айта кету артық етпес. Бірде таныс жігіттің қолынан В.Янның «Батый» романын сатып алуға берген талонды көріп, оны қай қабылдау пунктінен алғанын сұрасақ, ол: «Мен мұны қабылдау пунктінен емес, газет-журналдар редакциясының алдында бір азаматтан 5 сомға сатып алдым» дейді. Кейін білдік, қалада мұндай жағдай жиі кездеседі екен. Ал ол алыпсатарлар жаңағы талонды қайдан алды? Қабылдау пунктінде істейтін адамнан «бармақ басты, көз қыстымен» бе? Жоқ. Жоқ дейтініміз, өткен жылғы июль айынан бері қай қабылдау пункті қай күні қағаз қабылдайтынын, оған қандай кітапқа қанша талон түсетіні жөнінде «Вечерняя Алма-Ата» газетінде хабар жариялана бастағанын кітапқұ-марлар жақсы біледі. Бұның өзі алыпсатарлыққа біраз бөгет болғанын әркімдер айтып жүр. Олай болса, әлгі адамның қолына артық талон қайдан түсті дейсіз ғой? Өте оңай. Ол, мысалы, 60 килограмм макулатура өткізіп, бір кітапқа үш талон алады да, артығын сататын көрінеді. Біздің қиналатынымыз, қабылдау пункттері мұндай өрескелдікке неге жол береді?
Жоғарыда атап өткен Қазақ ССР Материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі мемлекеттік комитет пен «Казглаввторресурс» мекемелерінің қағаз жинау тәжірибесін ірілі-уақты барлық мекемелер мен кеңселерге қолдану қажет деп ойлаймыз. Және оларда жиналған қағаздарды дер кезінде қабылдау пункттеріне өткізуді ұтымды ұйымдастыру да керек. Бұл үшін әр мектепке бірер мекемені белгілеп, бекітіп қойған жөн болар. Сонымен қатар қазіргідей «істен шыққан» материалдарды тиеп, тасымалдауға істен шыққан машиналарды бермей, « «Казглавторресурс» шаруашылығын жаңа техникамен қамтамасыз ету де қажет.
Міне, біз қағаз туралы ойымызды қағазға жазып бітірдік. Оны сіз қағаз арқылы оқып та отырсыз. Бірақ қолыңыздағы осы қағаз ертеңгі күні макулатураға өте ме, өтпей ме, кім білсін…
1982 ж.