ҚАРЫЗДАРМЫЗ
Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер.
(М.Мақатаев)
Сіз де алпысқа келдіңіз, Әбеке. Мәкен апайға да алпыстың ауылы алыс емес. Кешегі күні ауыр да болса қызметтеріңізді құрметтеп едіңіздер. Сол үшін де құрметті едіңіздер. Бүгін енді құрметті демалыстасыздар. Абырой да, атақ та сіздерде. Өйткені, сіздер мәңгілік майдан шебінде жылдар бойы талмастан күрестіңіздер. Бәрін де жеңіп, тылға өттіңіздер…
Бірақ, Әбеке, бүгін де таң бозынан елең қағып оянар едіңіз. Құлқын сәріден неге мазаңыз кеткенін білмейсіз, әйтеуір енді жанға тыныштық жоғы рас. Осы сәтте шығыс көкжиектің қызыл мұрттана бастағаны байқалады. Сіз асыға тұрасыз, асыға киіне бастайсыз. Тезірек қимылдамасаңыз бәрінен кешігетін сияқтысыз. Сағатқа қарайсыз алаңдап. Сегізге дейін әлі екі сағат бар. Сегізге тақағанда бір жаққа баратын сияқтысыз. Қайда? Қайда екенін ойласаңыз әлдеқайдан сыңғыр-сыңғыр қоңырау дауысы естілетіндей, әлде кімдер бейкүнә, мәз күлетіндей. Жанарыңызда жатталып қалған бір таныс суреттер көз алдыңыздан көше бастайды… Алдыңыз кілең оқушы. Сізді бар зейіндерімен тыңдайтындай. Түсіндіріп тұрғаныңыз әлде бір формула.
– Абақа-а-ан!– ойыңызды Мәкен апайдың дауысы бөледі. Ояу екеніңізді көрмей-ақ сезетін күндегі әдеті. Оның қай уақыттан бері ас үйде жүргені сізге де аян. Қазір не айтайын дегені де түсінікті, көрші бөлмеге жайлап кіріп, алаңсыз ұйықтап жатқан кенжеңіз Бейбіттің маңдайынан иіскеп:
– Тұр, балам, тұр! Кешігесің! – дер едіңіз жай ғана. Сабаққа ма, жұмысқа ма, мейлі қайда болсын, әмсе оны осы бір сөздер асықтырар еді. Бұдан соң музыка училищесінде оқитын Ардақтарыңыз да жинала бастайды.
Ертеңгілік дастархан басында екеуіңіз ғана қаласыз. Қоңыржай әңгімемен шай ішіледі. Бүгінгі әңгіме де өзгеше. Оның бір ұшы қашан да өткенмен жалғасары хақ. Мәкен апай да, сіз де көп сырларыңызды «есіңде ме?» деп бастар едіңіздер. Естегі дүниелер таусылмас еді, естегілер жалықтырмайды да. Өйткені, өткен күндердің қойны толған қазына, қойнауы толы шежіре. Ойласаңыз бәрі-бәрі есіңізге түсер: бәр-бәрі қаз-қалпында елестер. Еске түскендер сізді бірде күлдірер, бірде күрсінтер.
Мұндай күйге Мәкен апай да түсер. Түсетіні, оның да бүкіл өмірі сіздікіне ұқсас. Кешегі күні екеуіңіздің отбасылық тағдырларыңыз ғана табыспаған, еңбектеріңіз де бір алқаптан өріс тапқан…
Өріс басы – Н.К.Крупская атындағы Семей мұғалімдер институты. Отызыншы жылдардың аяғында осы үлкен ұяның түлектері едіңіздер. Жастыққа тән небір аяулы да, асыл күндер сонда өткен. Бір-біріңізді алғаш жүздестірген де осы ұя.
Институттағы сол күндердің алаңсыз, бейғамдығына көп өтпей-ақ көз жетті… 1940 жылы бұрын өзіңіз оқыған Ұлан ауданындағы шаруа жастар мектебінде мұғалім болатынсыз. Институттан келгеніңізге бір-ақ жыл болған. Осы жазда ұстаздық жолыңыз күрт әскери қызметке ауысты. Артынша дауылдатып 1941 жыл жетті. Соғыс жүріп жатқанда арнайы әскери мектептен өтіп, кескілескен ұрысқа офицер қатарында кірдіңіз. Бір ротаның тағдыры қолыңызға сеніп тапсырылды. Сенімді ақтадыңыз. 1944 жылдың жазына дейін Москва, Вязма, Орал, Витебск, Можайск қалалары үшін болған шайқастарда қар жас-танып, мұз төсендіңіз. Тәуекелмен сан қатерден өттіңіз. Қан да, тер де төктіңіз. Сұрапыл күндері жауға бір қолыңызды да бердіңіз, Әбеке! Бірақ намысты бермедіңіз, елге ер Ысқақов болып оралдыңыз.
Майданнан келген соң Ұлан ауданындағы Киров, кейіннен Жамбыл орта мектебіне сабақ беріп жүргеніңізде оқушыларыңыз кейде омырауыңыздағы екі Қызыл Жұлдыз орденіңіз бен саудыраған бірнеше медальдеріңізге қызыға қарап:
– Мұғалім, бұларды не үшін алдыңыз?– десе, Сіз:
– Сендер үшін,– дейтінсіз шыныңызбен.
* * *
– Сендер үшін,– дейтінсіз шыныңызбен, Мәкен апай, кейде оқушыларға шаршаған сәттеріңізді сездіріп алсаңыз.
Рас, шаршаушы едіңіз, Әбекеңнен соң іле-шала институтты мерзімсіз аяқтап, сабақ беруге Самар ауданына келгенде жасыңыз небәрі жиырмада болатын. Құлынжүн мектебінде арнайы білімі бар мұғалімдер аз болып шықты. Бұл жерде енді география, тарих, әдебиет пәндерінен сабақ беретін тек сіз болдыңыз. Сонымен қатар оқу ісі меңгерушісі де едіңіз. Бұл жұмыс-тарға енді төселіп қалғаныңызда соғыс оты бұрқ ете түскен. Артынша әртүрлі себептермен Ұланға ауысуға тура келді. Жамбыл атындағы орта мектеп сіз келгенде ер азаматтарынан біраз селдіреп қалыпты. Күн санап селдірей берді де. Күн санап сіздің де азаматтық жүгіңіз ауырлай түсті. Алғашында географиядан ғана оқытсаңыз, кейін оған тарих қосылды. Ол аз екен, біраздан соң оқу ісінің меңгерушісі болдыңыз. Тағы біраздан соң директорлық та сізге жүктелді.
Қазір бұлар айтуға ғана жеп-жеңіл. Әйтпесе, жеңіс күні жеткенше Әбекеңнен кем тер төктіңіз бе? Отағасыдан айырмаңыз – майданда ғана болмапсыз. Бірақ еңбек майданында сіз де ер Ахмадиева танылдыңыз.
* * *
… Қызметтеріңізді құрметтеп едіңіздер. Сол үшін де құрметті едіңіздер. Қазір құрметті демалыстасыздар.
Дегенмен алаңсыз күндер жоқ. Атар таң, батар кеш қашан да беймаза. Сіздер үшін уақыт кешегідей дүрбелең. Өзгешелігі сол – тек мектепке бармайсыздар.
Аракідік демалып қайтуға көшеге шығар едіңіздер. Шығар едіңіздер де ары-бері ағылып жатқан адамдар легіне ілесіп, жүре бересіздер. Осындай сәттеріңізде кейде:
– Сәлематсыздар ма?– дер еді әлдекім аса ілтипатпен.
– Сәлематсыз!
– Сәлематсыз!– деп шын пейіл көрсетесіздер. Ал, бейтаныс адам сәлеммен ғана тынбайды, хал-ақуалдарыңызды түгел сұрап шығады. Түгел айтып бересіздер. Былай шыға:
– Сенің оқушың ба?
– Жоқ, сенікі болар.
– Мүмкін, әйтеуір жүзі таныс,– дер едіңіздер.
Рас, шырамытқандарыңыз болмаса, жыға тануларыңыз қиын. Себебі әлгіндей адамдар бұл Өскеменді қойып, облыстың да көп жерлерінде кездесіп қалады. Отыз бес жылдан астам ұстаздық еңбектеріңізде алдарыңыздан қанша бала өтпеді! Қай жерлерде өтпеді. Берісі – Ұлан, Өскемен, Глубокое, арысы – Зайсан, Самар, Серебрянка мектептерінде сабақ бердіңіз-дер. Алдарыңыздан өткендердің алды қазір қырықты қусырып тастағандар. Алдарыңыздан өткендер мақтаныштарыңыз да. Бүгінгі күні баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі республикалық комитеттің председателі Шерияздан Елеукенов, филология ғылымының докторы, профессор Кәкен Аханов, тарих ғылымдарының кандидаты Мұздыбай Құнанбаев, техника ғылымдарының кандидаты, инженер Елемес Сағынбаев – сіздердің шәкірттеріңіз. Халық шаруашылығының басқа да салаларында саналы еңбек етіп жүрген мақтаныштарыңыз аз емес.
Өзінен шәкірті озса ұстаз мерейінің өскені емес пе. Ен-деше, мерейлеріңіз өскен екен, биіктеген екен мұраттарыңыз.
* * *
Әбеке, Мәкен апай! Сіздер жайлы осы бір шағын өмірнаманы ұстаздарым үйреткен жазумен жазып шықтым. Енді мұның соңғы сөзін де сол ұстаздар үйреткен әріптермен былай деп аяқтаймын:
Қарыздар екенімізді қағазбен айта алғанымыз үшін де сіздерге ҚАРЫЗДАРМЫЗ!
1976 ж.