ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАЙТАЛАНБАС ШЕБЕРІ

Бүгінгі қазақ әдебиетінің белгілі ғана емес беделді өкілі, қарымды қаламгер деп қою да аз – қара сөздің қайталанбас шебері Қалихан Ысқақовты мен алғаш рет 75-тің желтоқсанында көрдім. Ол уақытта сөз өнерінің беделі асқан, берекесі ұйыған кез еді. Жазушылар одағында өтер әр жиында әдебиеттің ағымдағы шаруасынан бастап, халықтық, ұлттық мәселелерге дейін сөз болып жататын. Мұндай сәттерде жазушылардың үш қабатты ақ үйі қайнаған базар, мереке-думанның ақ ордасына айналып кетер еді. Міне, осындай шуақты күндердің бірінде жас жазушылардың республикалық кезекті бір кеңесі өтетін болды да, мен оған Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде істеп жүрген жерімнен шақырылдым.

Алғашқы күнгі жалпы жиыннан кейін бізді жеке-жеке топ-қа бөліп, семинарлық жұмыс жүргізуге кіріскен. Құдай сәтін салды ма, әлде Қалағаңның өзі ыңғайлап жіберді ме, біз, Әлібек Асқаров екеуміз Зейнолла Қабдолов бастаған сөз өнерінің талғампаз да таза жүректі өкілдері Қалихан Ысқақов, бүгінде о дүниелік болып кеткен (жандары жәнатта болғыр) Жайсаңбек Молдағалиев, Төлеген Тоқбергеновтің тобына түскен екенбіз. Бұлар төбедей болып төрден орын алған. Төмендегі біз –12 жас қаламгер, кезек-кезек өз шығармамызды оқимыз, ағалар пікір айтады. Менің көзім көбінде Қалағаңда. Ал Қалағаңның көзі – бәрімізде, «Сен кімсің? Қайдан келдің?» деп ешкімге де ерекше көңіл бөліп отырған ол жоқ. Әлібек екеуміз кешеден бері оны сырттай көріп жүргенмен жақын таныса алмаған едік. Соған бір жағынан өкінеміз, бір жағынан іштей: біздің де Қатонқарағайдан екенімізді тезірек білсе екен дейміз ынтығып. Бірақ… біраз отырыстан кейін бұл ыстық ниетіміз біртіндеп суи бастағандай болды. Бала жасымыздан «бір көрсек» деп армандап жүрген бұл ағамыздан гөрі бізге қайта Жайсағаң жақындау көрінген. Үні жұмсақ, «айна-а-лайын» деп қана сөйлейді. Әдебиет есігін енді ашсам деген біз секілді үрпек бастарды үркітіп алмайын дейтіндей. Ал Қалағаң, байқаймын, сылап-сипауды білмейді, тарғылдау қоңыр даусы өктем де өр. Пікірін белінен басып, нығыздап, шегелеп айтады. Онысы кейде тіпті ұрсып тұрғандай естіледі. Соған қарағанда біз жазғанымыз үшін жазықты секілдіміз.

– Қалихан,– дейді Жайсаңбек жұмсақ қана, – жастарға- мұндай үлкен талап қойғаның қалай? Шеберлік тәжірибемен келеді. Бұларда қазір қандай тәжірибе бар? Сосын жұрттың бәрі мен сияқты жазсын деу артық шығар…

– Біздің Қалихан осылардың жасында «Қоңыр күз едіні» жазған ғой. Ол бір керемет шығарма ғой,– деп Зейнолла ағамыз есте жоқ ескі заманға бір кетеді.

– Дұрыс-ақ, «Қоңыр күз еді» – Қалиханның ғана емес, қазақ әдебиетінің табысы ғой,– дейді Төлеген аға қырылдап.

Сосын бір келесі жас талап имене тұрып, өз шығармасын оқиды. Ол соңғы парағын айқара жапқан кезде «сен не дейсің?» дегендей Зейнолла аға тағы да алдымен Қалағаңа қарайды. Қалағаң сұқ саусағын тапаншадай кезеп тұрып сөйлеп кетеді.

– Газеттің қоқыр-соқыр тілімен көркем шығарма жазам деу – бос әурешілік. Жазады екенсің қазақтың тілін біл. Ал қазақтың тілі лексикалық қорында небәрі 150-ақ сөзі бар ҚазТАГ-тың тілі емес, білдің бе!..

– Ау, Қалихан, бұның енді…– деп Жайсағаң басу айтайын десе, Қалағаң «тапаншасын» енді оған шұғыл бұра қойып:

– Әдебиетке кірер есік бар, шығар есік жоқ тегінде. Оған кірем деген адам тесіктен емес, есіктен кірсін, білдің бе. Дұрыс-тап хат та жаза алмайтын біреулердің быттыбай-шыттыбайын осындайда мақтап-мақтап өткізіп жібереміз де, артынан: «ау, халтурщиктер қайдан келген» деп ойбай саламыз. Жаза алмайтын, жазу қолынан келмейтін адамға бірінші күннен айтатын сөз біреу-ақ: не марать! Онсыз да бездарный дүние бізде жеткілікті. Әдебиеттің кем-кетігін всякий хламмен толтырудың түкке де керегі жоқ. Сөз осы!– дейді шорт кесіп.

Өстіп біразымыз Қалағаңның қаһарына ілігіп қалдық. Тек Мархабат Байғұтов, Жұмагүл Саухатова, Әуезхан Әбдіра-шовтың шығармасын тыңдағанда ғана ағамның түсі жылиын деді. Кезек маған келді. «Жетпіс апа» деген әңгімемді оқи бастағаным сол:

– Әй, Оралхан ағаң сияқты зырылдатпа,– деді ол. «Мәссаған, мені танып отыр!» «Оралхан ағам болса өзі де бөтен емес қой» деймін іштей. Сосын зырылдатпай оқуға кіріскем.

– Әй, асықпа дедім ғой мен саған,– деді ол тағы гүр етіп.

– Оның мінезі сондай аға, жылдам сөйлейді, жылдам оқиды,– деді жанымда отырған Әлібек.

– Сен тыныш отыр,– деді оған Қалағаң. Не керек, әйтеуір, терлеп-тешпіп тұрып әңгімемді бітірдім.

– Бұның жөн екен. Басқа нең бар?– деді Қалағаң. «Аққабаның толқынын» алдына қойдым. Бірінші бетіне көз жүгіртіп шықты да, бірден Зейнолла ағаға бұрылды.

– Зеке, осыны өзіңіз оқып шығыңызшы.

– Е, бұдан не таптың?– деді Зекең.

– Бірінші сөйлемі сөйлем сияқты екен.

– Сола-ай ма? Ендеше бұнысы әңгіме сияқты болғаны ғой. Не нәрсенің басы қалай басталса, аяғы солай аяқталады да,– деп Зекең жылы кейіппен маған кербез бір қарап алды да, әңгімемді қара папкесіне баптап салып қойды.

Байқаймын, «сияқты» деген сөздің астарында бір жылы үміттің ұшқыны жылтырап жатқан сияқты. Бірақ «сияқтыға» менің көңілім толмайтын сияқты. Өйткені өзім істеп жүрген облыстық газетте осы әңгімемді таяуда ғана жариялап, «пәмелиемді» тақырып басынан көріп, лездеме кезінде «талант, талант» деген сөзді естіп, көкірегіме жел, арқама жал бітіп, өзімді кәдімгі жазушы сияқты сезініп жүрген кезім ғой ол.

Сол күнгі семинардан өстіп жарым көңіл, жартыкеш үмітпен сыртқа шыға бергенім сол:

– Әй, қара бала, тоқтай тұр,– деген дауысқа жалт бұрылдым. Қалағаң екен.

– Сен ертең үйге кел. Адрес мынау,– деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды.

– Жаңағы екі әңгіме жөнінде сонда сөйлесеміз,– деді ол тағы. Қатты қуандым. Үйіне шақырғанына емес, әңгімелерім жөнінде «жөндеп сөйлесетінімізге» қуандым. «Бәсе, жаман жазбағандай едім» деймін іштей. «Жұрт көзінше айтпаған жылы сөзін енді айтар» деймін және бір есекдәмемен. Ол кезде ағамның мақтауға сараң, сипауға сырдаң екенін қайдан білейін…

Ертеңінде үйіне ертелеп жеткен мені Қалағаң кішірек бір бөлмесіне кіргізді де, бірден өзі жазу үстеліне жайғасып, қарсы алдынан маған орын нұсқады. Сосын «Жетпіс апаны» қолына алып үнсіз оқуға кірісті. «Кеше ғана өз аузымнан тыңдады емес пе. Енді несіне оқиды» деймін шыдамсызданып.

Не заматта Қалағаң қағаздан басын көтерді де:

– Сенде авторлық көз бар, оқырман көзі жоқ,– деді. – Әсіресе, мүсіндеуге келгенде шорқақсың. Кейіпкерлеріңнің тек аты ғана бар, олардың бір-біріне ұқсамайтын кейіп-кескін, бет-жүзі, қимыл-қозғалыс дегендері мұнда жоқ. Бәрі сахна сыртында сөйлеп тұрғандай. Бұл – сенің жазып отырған дүниеңді оқырман көзімен көре алмағандығың… Екіншіден, композиция деген мәселеге мән бермейсің. Оқиғаларың, ойларың, штрихтар мен детальдарың бір-бірімен бос байланысады. Турасын айтқанда, шығармаңда тұтастық жоқ. Үшіншіден, шын жазушының шыбыны босқа ұшпайды. Оған да себеп керек. Ол да азды-көпті шығармаға қызмет етуі керек. Ал сенің шыбыныңды қойып таудай өгізіңнің өзі текке жүр. Сосын… кейіпкеріңді «жылады» дейсің. Алдымен оны жылайтын жағдайға жеткіз-бейсің бе. Сонда ғана оқырман оның шын жылағанына сенбей ме. Бұған жеткізе алмаған, сендіре алмаған екенсің – онда әңгімеңде әсер жоқ.

– Сонда менде не бар?– дедім түңіліп.

– Сенде ме?… Интуиция бар, сезім бар, бейнелі көретін көз, адамды жақсы көретін жүрек бар. Ұнамсыз деген кейіпкеріңнің өзін іштей аяп отырасың. Жазушыға ең керегі – осылар. Қалғаны машықпен, дағдымен, еңбекпен келеді.

– Ал енді бұның мұртын аздап басып жіберейік,– деп Қалағаң қолына қалам алған. Содан ұзақ отырған. Мұрны пыс-пыс етіп, іштей күбірлеп-күбірлеп алып, сөз-сөйлемдерді сызып тастайды да, үстіне бірдеме жазады. Сосын тағы сызады, тағы жазады. Байқаймын, «мұртын басам» деген Қалағамның қайшысы мұрттан сақалға, сақалдан шашқа түсіп барады. Түскен жерін түзеп, күзеп барады. Құдды қолындағысы қалам емес, менің «көкорай шалғынымды» жапырып бара жатқан комбайынның жаткасы сияқты. Қарап отырып ішім ашиды. Намысым келеді. «Iштен шыққан шұбарымды» әлдебіреу шырылдатып сойып жатқан секілді. Қарсыласуға дәрмен жоқ. Мінезі қандай екенін Қалағаң кеше көрсетіп тастаған.

Не заматта, әйтеуір, қағаздан басын көтерген ол:

– Машинкаға қайта бастырып, бірінші, екінші данасын маған бер. Бірақ түзелген нұсқасын жоғалтпа, кейін өзіңе керек болады,– деп қап-қара шимай әңгімемді алдыма қойды.

– Бұны не қылам? Менің дүнием емес қой,– дедім мен.

– Не-е?– деп ол маған тік қараған.

– Бұнда енді менен бірдеме қалды ма? Бәрі де сіздікі емес пе,– дедім мен.

Қалағаң орнынан шұғыл тұрды да, үстелді айналып келіп, жаныма отырды.

– Сырты сұлу болғанмен, ішіңде бір түйір дәні жоқ нәрсеге мен уақытымды итрәсуә етпеймін. Ал сен шамаң келгенше ешкімге ұқсатпай жазасың. Біреулер айтпағанды айтқың келеді. Бұған қоса тіл білесің. Маған керегі – осы. Ал бұл жазғанынды мен тек стилистикалық жағынан ғана қарап шықтым, түсіндің бе?

… Рас, ол уақытта түсінгем жоқ. Кейін Қалағамның сол «қара шимайына» қаншама рет үңілгенім тағы есімде жоқ. Оған қараған сайын құлақ түбімнен Қалағаң: «Осылай жаз. Бос сөз, болбыр сөйлемің керек емес»– деп тұрғандай болады. Және… бүгінге дейін солай жазуға – мүмкіндігінше өзімнен кейін ешкімге жұмыс қалдырмауға тырысам. Өйткені, қолымда Қалағаң сызып берген тамаша үлгі бар.

… Рас, ол уақытта мен Қалағаңның өзін де түсінген емеспін. Кейін оған көп жақын жүрген кезімде Қалихан Ысқақов деген екі адам барын байқадым.

Біріншісі – өнердегі Қалихан. Иә, өнер мүддесіне келгенде ол мүлде басқа адамға айналып кетер еді. Мұндайда өзіне де, өзгеге де тым қатал. Жә, өзгені қойдық, өзіне бір сәт қараңыз…

Бірде үйіне келсем, маржандай тізіп жазған бір бет дүниесін қайта көшіріп отыр.

– Түзетіп жатырсыз ба?– деймін.

– Жоқ, түзеткенді көшіріп…– деді ол. Өзгерткені үш-ақ сөз.

– Осыған бола ма?– деймін.

– Жазғаның оқығанда ғана емес, қарағанда да сүйкімді болу керек,– деді ол қысқа ғана.

Есіме қай-қайдағы түседі.

80-жылдары Қалағаң Бейімбеттің «Құрымбайдың жігітші-лігі», «Охрана бастығы» әңгімелері бойынша қысқа метражды фильм сценарийін жазған. Сол фильмді телевизордан көрген мен:

– Диалогтерді өзіңіз жазыпсыз ғой, аға. Бейімбетте олар жоқ. Киноны екі әңгімеге қарап отырып көрдім,– деп едім, Қалағаң ал кеп ашулансын.

– Сен өзі Бейімбетті түсінбейді екенсің ғой. Диалог шығарманың ішкі табиғатынан шығады. Мен соны тек сезініп, түйсінген шығармын. Әйтпесе Бейімбеттің аузына сөз салу сен екеуіміздің қолымыздан келмейді. Басқамен ойнасаңдар да, Бейімбетпен ойнамаңдар, тегінде.

Ол Чехов пен Бунинді де осылай құрметтер еді. «Үлкен стилистер» дейді Қалағам бұлар жөнінде. Стилист демекші… жас жазушылардың кейінгі бір кеңесінде Талаптан Ахметжанов әңгімесін оқып тұрған.

– «Ауыл шетіндегі осынау қоржын үйдің іші бүгін өлік шығарғандай жым-жырт» дегенде:

– Тоқта!– деді Қалағам. – Ешбір сөзін жөндемей осы сөйлем әсерін екі есе күшейтуге болады. Қалай? Бірақ нүктемен. «Жым-жырттың» алдынан нүкте қойып, қайта оқышы.

– «Ауыл шетіндегі осынау қоржын үйдің іші бүгін өлік шығарғандай. Жым-жырт».

… Әдебиетте осындай талантты да талғампаз, қатал да кірпияз, сезімтал да сергек Қалихан Ысқақов бар да, күнделікті өмірде өте қарапайым, кішіпейіл де кішік, ақкөңіл де аңқау Қалихан-Қалағаң бар. Әдетте ақынжанды, арқалы адамның бір мінезі артық көрініп тұратыны белгілі ғой.

Бұл неліктен дегенде, менің есіме қазанға шамадан тыс құйылған су түсер еді. Қайнаған кезде ол да кемерден асып-төгіліп, буын аспанға, көбігін отқа шашпай ма. Меніңше, бойға артықтау біткен талант та осы секілді. Бұны түсінбегендер, түсінуге түйсігі жетпейтіндер шын өнер иесінің кеңдігін – кемдігі, қарапайымдылығын – қарабайырлығы, ақкөңілдігін әпенділігі көрер еді. Қалағамды да біреулер өстіп бағалайтынын білемін. Бірақ оларға сөзімді шығын қылмай, таланттар қалай түсінеді дегенге ғана тоқталғым келеді.

Бір Бұқтырманың суын ішкен Оралхан мен Қалиханның әдебиет туралы шешіліп әңгімелескенін көрген кезім сирек. Екеуі қатар отыра қалғанда көбінде тілге тиек етерлері – ел мен жердің жайы, қара шаруаның қамы ғана болатын. Ал оңашада Оралхан маған:

– Қазақтың уыздай нәрлі, тас бұлақтай таза тілі қазір санаулы ғана жазушыда қалды ғой. Солардың арасында Қалиханның жөні тіпті бөлек. Тілдік қорының ересен байлығымен қоса оны бейнелі, бедерлі пайдалануы қандай! Бұған және бірін-бірі қайталамайтын кейіпкерлер образын қос – әрқайсысы бір-бір тип. Ал табиғатты суреттегенде… алдына жан- салмайтын жалғыз қара тағы да Қалихан шығар,– дер еді.

Осындай пікірді мен Сейдахмет Бердіқұлов ағадан да бірнеше рет естігенім бар. Ол кісі кездесе қалғанда алдымен менен сұрары Қалағаңның халі еді. Ол кісі мені тек Қалағаң үшін жақсы көретіндей еді…

Көбінде қыңыр сөйлеуге құмар Асқар Сүлейменов ағаның ең жақсы көретін, жақсы көргеніне ғана айтатын сөзі – «харам» болатын.

– Сенің «харам» ағаңның,– дейді ол, – ең «харам» дүниесі – «Менің ағаларым» повесі. Сендер мақтап жүрген «Қоңыр күз еді», «Тұйық» деген көркем шығармаларының өзі осы повестің шаңына қақалып қалады. Документалды шығарманың өзін көркем дүниеден асырып жіберу Қалиханнан басқа қай «харамның» қолынан келеді.

«Менің ағаларым»… Қандай жылы сөз! Алланың рахымына жолыққыр, бүгінде марқұм болып кеткен сол Асекең де, Сейдағаң да, Жайсаңбек пен Төлеген де менің ағаларым еді. Қалағаң арқылы тапқан ағаларым еді. Олар мені, мен оларды жақсы көрсем, мүмкін бұл шама келгенше өмірде Қалағама ұқсағым келіп жүретіндігімнен шығар. Ал өнерде… Бейімбетке ұқсап қарапайым, Қалиханға еліктеп кестелі жазу қайда маған!..

1995 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo