Сонымен, Қалаға, өзіңіз айтқандай «есебін тауып» жетпіске де жетіп алдыңыз міне. Жетпіс деген не тәйірі, Сіздің баяғы өткен Бернард Шоу ағаңыз бұл жасында алмастай өткір қағытпа-қалжыңымен талай тайқымаңдайдың бас терісін сыпырып, ләңгі етіп, доп қып теуіп, ауыздарын ары қисайтып жіберген деседі. Сөйтіп жүріп 94-ке жетіп жығылғанын да байқамапты-ау сабазың. Жә, оны қойыңызшы, Шоу дегеніңіз Өзіңіз секілді өнер адамы болған соң «ә» деп ауыздан шыққанын жұртты қойып, үп еткен желдің өзі аңдып тұрып ала қашқан ғой, ал сөз арасына ине батпас мұздай сірескен саясат әлемінде Уинстон Черчиллдің өзі барып тұрған жатыпатар, атқанда тура аттыны ерден, жаяуды жерден құлатар нөмірі бірінші сөз мерген болды дегенге кім сенер. Сенбесе қойсын сенбегендер, ал біздің білетініміз: Черчилл көкеңіз тіпті қарапайым сатираға пысқырып та қарамай, анау Сарказм атты усойқының өзін снаряд қып атқан ғой. Ол снарядтың кейбірі Кремльдің төбесінде жарылып жатқан ғой. Соның бірі мынадай: Сталин өліп – Хрущев келіп жамандап, Хрущев кетіп – Брежнев келіп жамандап, бірін бірі шоңқайтып, тоңқайтып жатқан Кремль көсемдеріне қарап тұрып, ол: «Мен кәріліктен өлем бе деп едім, жоқ, күлкіден өлетін болдым-ау!» – деп, тоқсанға толған жасында тоңқаңдап бір күлген ғой. Әрине, ол уақытта Мәскеуде күлкілі жағдай көп болған. Соның арқасы ма, Уинстон көкеңіз содан көп ұзамай, келесі жылы «анау жаққа» күле жүріп кеткен ғой. Міне, Қалаға, күлкінің құдіреті! Міне, Қалаға, байқасаңыз өзі де күлген, өзгені де күлдіре білген адамдардың бірі де 90-нан кем жасамаған. Және бұлар әншейін шөп-шалам жеген Еуропаның адамдары. Ал ғұмыр бойы қазы-қартаны кертіп жеп, сары қымызды сыздықтата ішіп, кең сахараның саф ауасын судай сіміріп, күн сайын қызық-думанды қыздырып, әдемі өзіл-қалжыңымен үлкенді де, кішіні де күлдіріп, жаспен – жас, кәрімен кәрі боп жүре беретін қазақтың қалжыңбастарына 100 дегеніңіздің өзі жүк те емес, түк те емес шығар. Иншалла, ләйім солай болсын, Қалаға!
«Философиялық тереңдігі жағынан қазақтың кейбір сөздері Еуропаның езуін ысып жібереді» дегеніңіз бар еді бірде. Қазақтың сондай «езу ыспаса» да, ерінге татыр бір сөзі – «Күлкі адамның ғүмырын ұзартады». Қарапайым сөз, бірақ қаймақты, қаспақты сөз! Мынау өмір деген бір күндік сәулені күлкімен өткізгенге не жетсін, шіркін! Әрі-беріден соң күліп өткізген бір күнің мың күндік мұңнан артық емес пе! Тағы да байқап қарасаңыз, қазақтың көп ән сөзі «ойна да күл»– деп тұратыны тегін бе!
Егер, шын мәнінде, күлкі ғүмырды ұзартатын болса, Сіз де талайдың ғүмырын сәл де болса ұзартқан шығарсыз, Қалаға. Өйткені… кітабыңызда күлдіресіз, театрда күлдіресіз, қызметте күлдіресіз… Қызмет демекші, Құдай Сізбен қызметтес қылуды жазып, міне, жеті жылдан бері біз де күліп келеміз. Күле отырып, неге күлгенімізді Сізге байқатпай «түртіп» қойып та отырамыз. Оның басы – Өзіңіз түңғыш редакторы болған сонау «Заман-Қазақстан» заманынан басталған. «Қайран сөздер қор болмасын» деген ниетпен сол түртіп алған біраз дүниеміз мінеки.
* * *
«Заман -Қазақстан»… Жаңа ашылған газет. Әлі бір нөмірі шыққан жоқ. Әлі Түркияға ешкім кеткен жоқ. Әлі кадр да толық жасақталған жоқ. Редакциядағы барымыз – екі Әбекең (Әбілмәжін, Әбіраш), бір Нұрқасым, бір Жұмагүл және… Көлбай екеуіміз. Осы барымызды жинап алған Қалағаң Қазақстан мен Түркия арасында жасалған газеттің Жарғысы мен Шарттарын таныстыра келіп:
– Мұнда бәрі бар: екі елі нанға төрт елі сары май жағып жегізетін еңбекақы, қаламақы, аяқ артар, бұт артар қос-қостан көлік, хан сарайындай редакция үйі… тіпті тілшілердің Түркияға командировкасы да бар. Алла қаласа, ертеңгі күні осы отырған барлығың Алматы мен Анкараның арасында ұшып қонып-ұшып қонып жүресіңдер. Тек бір өтінішім осы газеттің бір нөмірін шығарып алып, бір-ақ кетіңдерші тегі, – деді.
* * *
Қалағаң ресми делегация құрамында Түркияға, Тұрғұт Өзалды жерлеу рәсіміне барып қайтқан.
–… Шет елден келген президенттердің көбі біздің Нүрекеңмен сөйлесуге кезекке тұрғандай болды. Олар Президентімізге жақындай қалғанда, біз де Оны жағалай беріппіз. Құдай—ау, мұндай сәтте адамның тұла бойы құлақ болып кетеді екен ғой, – дейді ол бізге.
* * *
Мемлекеттік хатшы Ахметжан Есімов ресми сапармен Сауд Аравиясында болып қайтқан. Сондағы кездесулерде Ахаң қазақ тілінде сөйлепті. Бұл – шет елге шыққан біздің ресми делегацияның мемлекеттік тілді протоколға енгізген алғашқы қадамдарының бірі болса керек. Осыған риза болган Қалағаң Ахаңмен бір кездескенде:
– Сауд-Аравиясында Сіз қазақша сөйледі дегенді естігенде бүкіл қазақ бөркін аспанға лақтырды. Соның көбі әлі жерге түскен жоқ,– депті дейді жоғарыдағы бір азамат.
* * *
Редакциядағы бір мәжіліс үстінде, бүгінде екі қазақтың бірі ағылшын тілінде сөйлейтіні туралы сөз бола қалды. Сонда Қалағаң:
– Бұған несіне таңданасыңдар. Қазір біздің ауладағы иттердің өзі ағылшынша үретін болып жүр. Ал иелері?.. Қазақша иттің «ит» екенін білмейді,– деді.
* * *
Кезекті нөмірдің лездемесін өткізіп отырғанбыз. Телефон шыр етті. Тегі арғы жақтағы адам әңгімені Адам ата Хауа ана заманынан бері жылжытып келе жатса керек. Ақыры Қалағаң шыдамады білем:
– Айна-а-алайын, сенің қысқа сөйлейтін өте жақсы әдетің бар еді ғой, сол әдетіңе басшы енді,– деді.
* * *
Қалағаң Зейнолла Қабдоловтың 70 жасқа толуына байланысты онымен кабинетте телефонмен сөйлесіп отыр.
– Зеке-е, сен туралы мақала жазуды Қалиханға тапсырдым. Өйткені оның құйрығы бар ғой.
– Құйрығы несі?– десе керек, арғы жақтан Зекең.
– Ау, академик басыңмен соны да білмейсің бе? Қалихан лауреат емес пе. Лауреаттың фамилиясының соңында бір құлаш «құйрық» болмай ма?..
* * *
– Менің бір құрдасым ғажап мақал шығарыпты. Қандай дейсің ғой? Мынадай: «Жазушысы халықтың – уылдырығы балықтың». Ақылынан айналайын сабазым, бұны неше күнде ойлап тапты екен?..
* * *
– Бұл күнде пысық адамдар теңге жұтып, доллар саңғытады,– дейді Қалағаң.
* * *
1996 жылдың жазында Павлодардан Ханафия Асқаров деген қарт адам редакцияға келді. Бір күліп, бір жылап отырып, Қалағаңа сыр тиегін ағытты. Таяуда ғана азамат болған бір баласынан айрылып қалғанын жыр етті. Сөз арасында қаншама жылдан бері қазақ тіліне жанашыр боп жүргенін де баян қылды.
– Ә, солай ма? Сіз ендеше түстен кейін маған қайта келіңіз, ұмытпаңыз,– деді Қалағаң.
Айтқандай—ақ Ханекең түстен кейін қайта келген. Қалағаң қалтасынан бір уыс 50 теңгелікті дудыратып шығарып, шалға ұсыңды.
– Ойбай—ау, Қалеке—ау… бұныңыз не? Мен Сізден ақша сұраған жоқпын ғой, – деп шал абдырады да қалды.
– Алыңыз, ақсақал, алыңыз… Жолыңызға ұстаңыз,– деді Қалағаң.
Ертеңінде енді шалым шапқылап маған келген.
– Бұл Қалекең деген қандай адам, а?!. Бұл өмірде де Атымтай Жомарттар бар екен ғой, а?.. Кеше үйге барып санасам, тұп-тура 4 мың теңге. Өзім кіруге ұялып тұрмын, менің атымнан көп—көп рахмет айта салшы, а!– дейді шалым дәудірлеп.
Қалағаңа барып, шалдың «рахметін» айтып тұрып:
– Бұл кісіні бұрыннан танушы ма едіңіз? – деймін.
– Жоға,– дейді Қалағаң.
– Ендеше неге ақша бердіңіз?
– «Қазақ тіліне жанашырмын» дегеніне риза боп кеттім…
Қалағаң айтады:
– «Жұлдыз» журналында істеп жүрген кезім. Қалжан, Айқын, Баламер төртеуіміз бір кабинетте отырамыз. Шашымыздың түбі сырттан бұрқырап келіп отыр едік, жауапты хатшымыз Рахметолла Райымқұлов кабинетке кіріп келіп, кезекті нөмірге материалдың аздығын айтып, сілкілей бастады. Ана үшеуі үнсіз. Мен: «Жүрісіміздің былай болатыны – бізге ешқандай жағдай жасалмаған ғой» дедім. «Сендерге қандай жағдай жасау керек?» деді ол ашуланып. Мен: «Мысалы, біз өстіп қызып келгенде, жантайып бір демалатын диван да жоқ» дедім. Рахметолла қолын бір сілтеп кабинеттен шыға жөнелді. Шығып бара жатып: «Бұлар адамды кекеш қылатын болды ақыры» деді. Жас кезімізде біз де сондай болатынбыз.
* * *
Ақша демекші:
97—нің қыркүйегінде Қалағаң мені кабинетіне шақырған. Барсам, қарсы алдында монғолиялық ғалым Биқұмар Кәмалашұлы отыр екен.
– Бұл жігітті білесің бе?– дейді Қалағаң.
– Білем.
– Білсең шамалы ақша тауып бер.
– Қайдан?
– Бухгалтериядан. Жазған, шыққан, шығатын мақалаларының есебінен. Шеттен келген қазақтарға біз көмектеспегенде, кім көмектеседі. Докторлық диссертация қорғауға келіпті. Ол аз жұмыс па, аз ақша ма? Ал Алматының көшесі адамды қойып, иттің борбайынан ақша дәметеді,– дейді Қалағаң.
Амал не, бұл өтініш орындалмады. Қалағаңның пейілі кең болғанмен бухгалтерияның заңы тар ғой…
Қалағаң аяғын сындырып алып, ауруханада жатқан. Сонда, көңілін сұрап барғанда маған айтқаны:
– Аяғымды ертерек сындырып алмағаныма қатты өкініп отырмын. Ия, жас кезімде сынса, тез бітіп кетеді екен. Енді міне уақсыз уақта сынып, аяқтың биттеп жатқан түрі мынау, қатты қышиды. Қасиын десең гипстің ішіне қолың сыймайды, тегі ішінен биттеп жатса керек. Айтпақшы,.. бүгін қатынды қатты қуанттым. Қазір бір биттің бағасы 400 теңге екен ғой. Ал мына гипстің ішінде кемі 500-дей бит болуы мүмкін. 400-ді 500-ге көбейтіп көр. Міне қайда ақша! Қатын соған қуанып отыр.
– Нұрпейісов (Әбдіжәмілді айтады) мұндағы медсестраларға: «Бұл Қалтай ағаларың жеті әйел алған адам» депті. Мен оларға айттым: «Нұрпейісов ағаларың сәл қателескен. Мен жеті емес, сегіз әйел алған адаммын. Ең алғашқысын Нұрпейісов білмейді. Өйткені ол уақытта ол жылқы ұрлағаны үшін сотталып, түрмеде отырған»,– дедім.
Медсестралар екі құрдастың әзіліне сеніп қалса керек.
* * *
Адамгершілік демекші:
Бүгінде марқұм боп кеткен жазушы Ахмет Жүнісов өмірінің соңғы екі жылында редакциямызға жиі келетін.
– Аха, не шаруа?– деймін келген сайын.
– Қалекең пәтер алуға көмектесем деп еді,– дейді ол.
Қалағаң «жоғары жаққа» жиі барады. Бір қап уәде арқалап, қуанып келеді. Бірақ… сол уәделердің түбіне жеткенше… Ахаңа «мәңгілік пәтер» қала сыртынан бұйырды. Қайтесің, бар құзыр Қалағаңның қолында тұрса, жер бетінде бір қазақ я пәтерсіз, я ақшасыз қалмас еді-ау…
… Міне, осылай, Қалаға! Бізде мұндай жазбалар, шүкір-шілік, жетеді! Алайда бәрін бір-ақ бір 70-ке төге салу – артықтау. Себебі, ертең – «80», сосын «90», одан кейін «100»-іңіз бар дегендей. Сол кездерде өз сөзіңізді өзіңізге шетінен кертіп береміз де отырамыз, Қалаға! Әзірге өзіңіз басқарып отырған ұжымның Сізге айтары: 70 жасыңыз құтты болсын! Шаншар бабамыздың аруағы қолдап, әзіл-қалжыңыңызды судай сапырып, өзіңіз де күліп, өзгені де күлдіріп, біздей пақырларыңызды шапаныңыздың шалғайымен қымтап, XXI ғасырға қарай алшаң басып жүре беріңіз!
Күлкі көбейсін, жазар молайсын, абырой-беделіңіз аспандай берсін, қалжың атасы – Қалаға!
1998 ж.