19—ыншы қыркүйек. Қоңыр кеш. Қоңыр естелікті қоздатып, қоңыр әңгімені қоюлатып, біз тағы да Алма—Арасан аузындағы Ерағаңның саяжайында отырмыз.
Былтыр да осы күні, осындай қоңыр кеште, біз – Ерағаңның ең жақын достары мен інілері саяжайдың дәл осы ашық верандасында қапысыз—қамсыз, қайғысыз—мұңсыз аса бір көңілді отырғанбыз.
Содан бері бір жыл өтті дегенге тіпті де сенгің келмейді. Қай жағыңа қарасаң да – сондағы тірлік, сондағы көрініс. Әншейінде сәт сайын өзгеріп, сағат сайын құбылып тұратын табиғат жарықтық та сол күнгі қалпы мен мінезінен титтей де аумай қалған: сол кеште де анау Алма—Арасан жақтан салқын самал леки есіп тұр еді.
Қазір де солай есіп тұр.
Сол кеште де мына сай табанындағы Үлкен Алматы тастан-тасқа секіріп, сарылдап—гүрілдеп, мәңгілік өмір туралы тынымсыз жырлап, тынымсыз шулап жатыр еді.
Қазір де солай шулайды. (Сол күні де Ерағаңмен қырық жыл дәм—тұздас болған семейлік, алматылық дос—жарандары төбедей боп төрде отырып еді). Қазір де олардың әрқайсысы сол орнында, кейбірі тіпті сол былтырғы киімімен отыр.
Иә, бәрі де бәз қалпында: Алатау да, Алматы да, Алма—Арасан да өз орнында. Тек… былтыр осы уақытта, осы қоңыр кеште, менің қарсы алдымда қара домбырасын құшақтап, ән салып отырған бір адам… сол сәттегі тірі адам қазір, міне, өз орнында жоқ… Көңілде бар, көз алдымызда жоқ!..
Ол отырған орындық әне, Бикамал жеңгемнің жанында иесінен айырылған қазанаттай қаңтарулы, бос тұр.
Иә, Ерағаң арамызда жоқ қазір. Ал, былтыр осы күні біз онымен қоштасып тұрып:
– Ереке, келесі жылы 70 жасыңызды да өстіп бірге өткізейік. Әуелі мұнда, сосын елде,– дегеміз.
Сонда ол әдеттегідей болмашы ғана жымиып:
– Құдай біледі!..– деген бір сөзбен.
Рас, бәрі Құдайдың қолында.
Ерағаңның да соңғы сөзін Құдай аузына салды ма, бізбен қоштасқасын… арада не бәрі алты сағат өткенде… жым—жырт, тып—тыныш күйде бұл фәниден бақиға өте берген ғой…
Жым—жырт, тып—тыныш! Қойдан қоңыр, жылқыдан торы мінезбен ол бүкіл саналы ғұмырын қалай қақ—соқсыз, жариясыз—жарнамасыз өткізсе, тіршілігінің соңғы сәулесімен де солай моп—момақан, тып—тыныш қоштасып кете барған.
Бітті! Кешегі тірі адам, бір адам енді арамызда жоқ. Одан өзгере қалған дүние де жоқ; Алатау орнында, Алматы қалпында. Сай табанындағы анау арынды өзен де арқырап—күркіреп, мәңгілік өмір туралы жырынан бір тынар емес.
Қоңыр кеш.
Қоңыр естеліктің қою түбіне шөге беремін.
Ойыма Оралхан түседі.
… 90—жылдың шілде айының бір күні екеуіміз «Қазақ әдебиетінде» отырғанбыз.
– Дүйкеш-ш,– деген ол «ш-ны» әдейі соза түсіп, – сен осы Ерағаңды танисың ба?
– Қай Ерағаңды? – деймін таңданып.
– Кәдімгі өзіміздің Ермұхан Әбдірахмановты?
Қырсық! Тағы да мені баласынып, ойнағалы отыр. Әйтпесе, 20 жылдан бері осы Орекеңе де, маған да аға боп келе жатқан адамды «танисың ба?» деген не сөз!
– Танымаймын, – деймін мен де қырсығып.
– Дұрыс айтасың! Өт-те дұрыс! Ерағаңды тану деген оңай шаруа емес. Неге екенін айтайын ба? – деп, Орекең маған қулана сығыраяды.
– Айтыңыз, – деймін мен.
– Айтсам… Ерағаңның өзі біреулер мені танысын деген адам емес. Өтіміз жарылып кетсе де мойындайықшы, солардың бірі – мен, бірі сен ғой, рас па? Рас. Басқасын былай қойғанда, оның журналистігін де елегіміз келмейді. Ал, ақиқатына жүгінсек, қаламды менен де, сенен де, тіпті анау классик ағаң Қалиханнан да бұрын ұстаған сол Ерағаң емес пе. Біз аудандық газеттің қатардағы шимайбегін құдайдай көріп жүргенде бір облыстық газеттің білдей басшысы болған да сол Ерағаң емес пе. Біз Шыңғыстайда қойдың қиын күреп жүргенімізде, ол Алматыда обкомда отырғанын да білеміз. Иә, бәрін де білеміз. Бірақ біле тұра мойындағымыз келмейді, танығымыз келмейді оны. Неге? Неге екенін білесің бе сен?
Жазықты жерде шымырлап, еңісті жерде екпіндеп, ағысы да, дауысы да сан құбылып жататын Бұқтырма секілді бұл жолы да Орекең біраз ағындап алған да, бір сәт маған тағы да сұраулы пішінмен сығырая қараған. Бұнысы – не дер екеннің емес, қайтер екеннің қулығы.
– Білмейсің! – деді сосын мен күткендей-ақ. – Білмейсің, Дүйкеш-ш… Өйткені өмір жөнінде, өнер жөнінде сенің понятиең қызық. Жақсы жазсам болды, абырой да, құрмет те, ақша да менікі деп ойлайсың. Пішту! Жақсы жазумен қатар күреске толы әрекет пен пысықтығың болмаса, жүз кітап жазсаң да көптің бірі, арттың кірі боп жүре бересің. Өмірдегі жолыңның болу—болмауы да осылай. Әрекет, қимылың аз болса, Құдайдың берген талант—қабілетінен пайда шамалы. Ал, Ерекеңе… анау біздің қарға бойлы қара шалға Құдай қабілет беріп, қарымын кемшін қылған, талант беріп, ар—ұятын артық қылған. Соның «арқасында» бұйырғанға қанағат, бұйырмағанға – салауат деп жүре беретін, не істесе де үнсіз істейтін, істегенін бұлдамайтын, ел көрсін, жұрт танысын деп, көрінген жерде төбе қылтыңдатпайтын бір ағаң – әне, сол Ерағаң. Әттең, соны түсінетін, бағалайтын адамың қайда. Бағаласа, түсінсе Кабминнің ортан қолдай қызметкерін өз туған жерінде милиция ұстап, қамап қоя ма? Сен бұны естіп пе едің? – дейді Орекең күліп.
– Жоқ, естімедім, – деймін таңырқап.
– Естімесең, тыңда. Қыста ауылға барғанымда аудан хатшысы мына бір әңгімені айтып, ішек—сілемді қатырған. «Июль айының бір күні, – дейді ол.– Түн ауа үйге дежурный частан звондайды: құлағымда қалғаны: «Аға, бір күдікті адамды ұстап отырмыз. Түрі қытайға ұқсайды. Бірақ өзінің айтуынша, аты—жөні Ермұхан Әбдірахманов, Министрлер Кабинетінің қызметкері көрінеді. Не істейміз?.. Сенейік десек, куәлігі ұқсағанмен үлкен қызметкерге не өзі, не сөзі ұқсамайды. Бастысы, шекаралық ауданға кіргізетін ұлықсат қағазы жоқ… Салып-ұрып милицияға келсем, шынашақтай ғана бір қараторы арық кісі отыр екен. Өте сыпайы сәлем берді. Баяу қоңыр дауыспен өзінің кім екенін түсіндірді. Ақыры анда звондап, мұнда звондап, оның шын Ермұхан Әбдірахманов екенін анықтадық қой, әйтеуір. Сосын: «Ереке, ертерек звондап қойсаңыз, ауданды қойып, Өскеменнен қарсы алатын едік қой» десем: «Мен қызмет бабымен емес, өз шаруаммен жүрген адаммын», – дейді. «Баратын ауылыңызға жеткізіп салайық», – десем: «Мазаланып қайтесіздер, автобуспен де бара берем ғой», – дейді. Мұндай да адам болады екен, Ореке».
– Міне, Ерағаң осындай адам, Дүйкеш-ш. Бұның бәрін саған айтып отырғаным – таяуда ол 60 жасқа толады. Соған орай сен бір материал жаз. Жазғанда істеген қызметін, жазған шығармаларын, аударған кітап, фильмдерін тізбелемей, адамдық, кісілік, қарапайымдылық қасиеттеріне баса назар аудар. Ондай қасиеттер Ерекеңде жеткілікті, – деп Орекең орнынан тұра берген.
Бұл «тапсырыс» маған бір жағынан аға Оралханнан өтініш, екінші жағынан орынбасар О.Бөкейдің бұйрығындай көрінген. Бірақ кезінде мен екеуін де орындай алмадым. Дәлірегінде, орындауға дайындығым жетпеген. Өйткені, Орекеңнің өзі айтқандай, Ерағаңды тану деген, расында оңай шаруа болмады. Өзімен тілдесе қалсаң, аман-саулықтан әрі аспайды. Достарымен сөйлесейін десең, биік креслоларды маңайлауға батылың жетпейді. Ал стол басында қиялдап отырып, жоқты бар қып, барды мал қып, «құтыла салар» материал жазуға арың жетпейді.
Сонымен ай өткен, жыл озған. Бір күндері Орекең де өмірден баз кешкен. О жақтағы інісін жалғызсыратпайын деді ме, былтыр тура осы күні Ерағаң да соңынан аттанып еді.
… Қоңыр кеш. Алма—Арасан жақтан қоңыр самал әлі де леки есіп тұр. Ерағаңның достары да қоңыр әңгімені қоздатып әлі отыр. Менің ойым жырақта. Ертеректе Ерағаң туралы естіген-дерім, кейініректе Ерағаңмен жүрген кездерім үзік-үзік есіме түседі.
…60—жылдары… Әлі есімде. Мектебіміздің ішкі қабырғасында үстел бетіндей бір тақта ілулі тұратын. Тақтаның етегінде – үш сурет. Шеткісі – көзілдірікті жас жігіт. Астында «Журналист Ермұхан Әбдірахманов». Осы сурет, осы жазу менің бала қиялымды қаншама арманға жетеледі десеңші. Мүмкін менің алдымдағы Оралханды да сөйткен шығар…
Ол уақытта алақандай тақтаның өзі идеологияға қызмет ететін. Ол идеология өз жемісін беретін де…
…1975 жыл. Облыстық газеттің («Коммунизм туы») жас «перісімін». Қаламға жел, арқаға жал бітіп жүрген кез.
– Сен бала, Ермұханның ауылынан екенсің ғой, – деді бірде Оразхан Көкебаев «көкеміз». – Ағаңа тартсаң, мықты журналист боласың.
«Боласың» дейді—ей, мен болып қойдым деп жүрсем!
– Мықты болса жазғанын күнде оқымаймыз ба?! – деймін мен.
– Мә-ә, түсінігінің түрін қара! Сеніңше шөп те – өлең, шөңге де – өлең деп жаза беретіндер мықты да, шөптің – азық, шөңгенің тікен екенін айыра білетіндер можантопай екен ғой. Есіңде болсын, Ермұхан сияқты журналист көбік сөзді емес, көпке керекті сөзді ғана жазады. Керексіз бен дерексізге ақ қағазды қор қылмайды, білдің бе! – деп, көкеміз жүре берген.
Қазір ойлаймын, жазғыш кезімізде қаншама ақ қағазды қор қылдық екен осы біз?!.
…1982 жыл, «Қазақ әдебиеті». Газеттің жаңа жылдық нөміріне Кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Санжар Оразұлы Жандосов пен АХБК—ның қатардағы бір жұмысшы қызымен сұхбат ұйымдастырғанбыз. Иә, сұхбат! Министр дәрежесіндегі адамның қарапайым жұмысшымен сұхбаты! Бұған Санжар аға арланған жоқ. Бірақ… материал жарық көрген күні… редакцияда ал бір ала-құйын тұрсын! Қате кеткен. Дөрекі қате! Санжар аға редакторға звондаған. Редактор мені бұраған. Мен Санжардың досы – Ерағаңа жүгіргем.
Жағдайды білген Ерағаң ақырын ғана телефон құлағын ұстаған. Ақырын ғана Санжармен сөйлескен. Сөз соңында:
– Иә, қазір барады. Сөйлесерсің,– деген.
Бардым. Сөйлестім. Санжар ағаның сондағы қысқа сөзінен ұзақ есімде қалғаны:
– Пунктуальность, ответственность, человечность дегенді анау Ермұхан ағаңнан үйрен!..
Санжар демекші… бірде Бикамал жеңгем маған мынадай қызық әңгіме айтқан. Аталған комитет тарқар кезде Санжар аға ауыстырып, түйістіріп, Ермұхан досына бір «Волга» машинасын мінгізгісі келеді. Сонда Ерағаң:
– Рахмет, Санжар! Маған көлденең олжа дәулет болған емес, – дейді.
Ерағаңның кім екенін, қандай адам болғанын таныта түсетін осы тектес әңгімелерді кейін мен режиссер Бәйтен Омаровтан, журналист Зәкір Асабаев пен ақын Еслам Зікібаевтан, сондай—ақ басқа да біраз азаматтан естігем. Сол естігендерім мен білгендерімді өзім жақсы көретін бір ойлы ініме сыр еткенімде ол:
– Өкінішке орай, сіз айтқан Ермұхандай адамдардың есімі «энциклопедия», «анықтама» сияқты кітаптарда қалмайды, ел есінде, жұрт жадында ғана қалады. Өйткені, мұндай адамдар өз есімін тірлігінде тек жүректерге жазып кетеді, – деген.
… Ерағаң шағын отырыстарда қоңырлатып ән салушы еді. «Қайда екен, қайда, дәриға сол қыз» деп, даусын үздіге созған кезде өзі де үзіліп кетердей еді.
Қайда екен, сол аға?! Қай жүректердің түпкірінен іздесем екен оны!..
… Қоңыр кеш. Қоңыр отырыс. Саяжай іргесінде Үлкен Алматы өзені мәңгілік өмір – тап-таза табиғи өмір туралы тынымсыз шулап, тынымсыз жырлап жатыр.
2000 ж.