Шын жүрек иесі. Ғалым Боқаш

Шын жүрек иесі

2000 жылдың жазы еді. Алматыда ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқытушы қызметінде болатынмын. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің саясаты, тарихы мен мәдениетіне қатысты жергілікті бірнеше БАҚ-қа комментарий жаза бастағам. Журналист таныстарымның бірі: «Сені Дидахмет аға іздеп жатыр» деп телефонын берді. Сыртынан білсем де, өмірімде жолықтырмаған адам. Жазушы-публицист ретінде қадір тұтатынмын. Телефон шалып едім, биязы үнді, сыпайы мінезді жігіт ағасы бірнеше мақаламды ұнатқан соң, разылығын арнайы білдіріп қойғысы келгенін айтты. Әрі ыңғайсызданып, әрі кішіпейілдігіне тәнті болдым. Сосын «Хабар» телеарнасында алғаш рет жүздестік. Аға бірнеше жобаға редактор ретінде жәрдем береді екен, менің де оқытушылықтан бөлек штаттан тыс тілші ретінде телевидение саласында тәжірибе жинап жүрген кезім. Орта бойлы, ақсары өңді, қой көзді, бітеу қабақты, биік қасты, мұрынды һәм ерінді, сопақша бетті, қалың қара шашы маңдай ортасынантүсе шорт қиылған, жүзінен мейірім төгіліп тұратын жан екен. Күлгенде маржандай тістері түгел көрініп, көзі жұмылып кететін.

Кейін Жазушылар Одағының ғимаратында, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында ұшырасып қалып жүрдік. Әр дидарласқан сайын бір қасиетіне ерекше сүйсінуші ем, ол – басқа үшін балаша шын қуанатын көңілінің пәктігі еді. Әсіресе, жаңа танылып, енді қалыптасып келе жатқан жас ақын-жазушылардың, журналистердің және публицистердің жылт еткен жақсы дүниелерін көре қойып, көңілдеріне дем беріп, қанаттандырып жіберетіні сүйсіндіретін. Жас буынның жазған-сызғандарын сирек оқитын, пікір айтқанда төбеден қарап, төңірегін төмендете сөйлейтін кейбір «классиктердің» әдеті бойында жоқ еді. Керісінше, қалбалақтап, айналып-толғанып, жас қаламгерлердің жақын замандасы, жақыны құсап мейірленіп тұратын. Сол себепті де шығар, әдебиет пен журналистикадағы іні-қарындастары да өзін ағалап сыйлайтын. 60 жасқа толу құрметіне Алматыда өткен мерейтойында да ағайын-туған, дос-жаран мен әріптес-шәкірттерінің ықыласы мен махаббаты зор екеніне куә болдым.Табиғаты бекзат һәм биязы болғанымен, азаматтық көзқарасы айқын адам еді. Келіспесе де, бас шұлғи салатын иіні жұмсақ жан деуге келмейтін. Қайсыбір адамның сөзі көңіліне қонбаса, құптай салмайтын, сыпайы түрде, бірақ қабақ астынан қарап үндемей қалатын.

Ағамен соңғы рет 2012 жылдың жазында Чехияның Карловы Вары шаһарында кездестім. Жеңгемізді ертіп дем алуға келген екен. Елдің іші мен тысындағы көптеген жайттар туралы еркін пікір алмастық. Әдеттегідей ойын ашық айтып отырды. Ерекше көңілді еді. Курорттың шипалы бұлақтарынан дәм тата жүріп, сол кезде Карловы Вары қаласында тұрып жатқан Мұхтар Мағауин ақсақалмен армансыз сұхбат құрған. Қоштасарда маған автографын қойып, тілегін жазып, толық шығармаларының жаңа жарияланған бір кітабын сыйлап кеткен. Шығыс шайырларында жиі кездесетін бір жыр жолында «рухани тамырлас адаммен сұхбаттан артық ләззат жоқ» екені айтылады. Сондай бір сұхбаттас ағамыздың бақилық болғанын түйсіну кейде қиынға соғады. Дидарын жиі еске алып, сағынып отырам. Соңында сөзін түгендейтін ұл-қызы, бағасын білетін оқырманы қалғанын көріп шүкіршілік етем. Дидағаның жазушылық әлеуеті мен суреткерлік қасиеті туралы тереңнен қозғап жазуды әдебиет өкілдерінің еншісінде қалдырып, жадыма басылған мейірімді адами бейнесін ғана естелік орамалымен бір сүртіп жаңғыртып отырғаным содан.

Ғалым Боқаш,

шығыстанушы-журналист

Дидахмет
Әшімханұлы
logo