ШЫМЫРБАЙДЫҢ ШЫНДЫҒЫ

«Япыр-ау, манадан бері он бес-ақ минут өткені ме? Әлде бұл құрғыр тоқтап қалған шығар?» Шымырбай шынжыр баулы сағатын құлағына әкеп тосты. Жоқ, жүріп тұр, сырт-сырт еткені ап-анық естіледі. Енді бұл сағатына да сеніңкіремей түлкі тымағының астынан күнді сығалап еді, ол да төбеге тырмысып қалыпты. «Е, мезгілдің өзі де он екі шамасы сияқты. Әйтеуір, әлгіге жиырма-ақ минут қалған екен ғой…» Шымырбай қойнына тығып алған радиоқабылдағышының құлағын бұрап жа тып, жымиып қойды. Онысын біреу көріп қалғандай іле қа ба ғын кіржитіп, төңірегіне қипақтай қарады. Тәйірі, бұл иен тоғайда өзінен басқа кім бар дейсің, дегенмен… «Әй, осы мен алжиын деген шығармын. Бүгінгі қылығымды бала-шаға білсе… түу, ұят-ай!»

Қалай ойласа да Шымекеңнің бүгінгісі өзіне ерсі сияқты. Ерсі емей немене, таңертеңнен бері атам заманғы ақ сағатына кем дегенде қырық рет қараған шығар. Оған қанша қараса, радиоқабылдағышының құлағын да сонша бұраған болар. Пендешілік те бәрі, әйтпесе жасы жер ортасынан ауғанда, мақтан бұның не теңі?.. «Қой, өрісті бір айналып қайтайын».

Отаудың түбінен созалаңдай тұрып, жирен қасқасына маңғаз мінді де, балапан қайыңдардың арасымен Көкаралды жиектеп жүріп кетті. Ат шашасынан ғана келетін сүрі қарды тырптырп тарпып, тоғай ішін тебіндеп жатқан қойларын айнала аяңдап келе жатып, Шымекең баяу әндетіп қояды. Әндетіп келе жатса да, көзі өрістің отында. Ат тұяғы тиген жер теңбілтеңбіл аршылып, көкпеңбек шөп бұрқырап шыға келеді. Қойға тебін деп, міне, осы жерді айт. Итмұрын, тобылғының түбі де ұйысқан қияқ пен бидайық – мал тұмсығын тығып жіберсе, тебінсіз-ақ аузы отқа ілігеді… Жарықтық, бұл Көкарал деген жердің құты ғой, құты. Әсіресе, қыста. Қойын кеше осы аралға әкеп кіргізіп, Шымекең «уһ» деді емес пе? Кешеден бері үш мезгіл асын да Қатшасы екеуі алаңсыз отырып ішкен. Өзіне көмекші болып жүрген Тұңғышбайы да бір мезет қойдан босап, рақаттанып қалған. Енді мына Бұқтырманың көк мұзының көбесі сөгілгенше, Шымекеңнің жез мұртын балта шаппасы анық. «Жарықтық, Көкарал жердің құты ғой, құты».

Шымырбай жирен қасқасын жай тебініп қойып, Көкаралдың жоғарғы тұмсығын айналып өткенде, беті қайта жылы шуаққа қарады. Қыс та болса күннің аты күн ғой, аппақ сәулесі маңдайға алақандай жұп-жұмсақ тиеді. Түс ауа бастағанмен, шіркіннің сағы әлі сынбай тұр… «Әттегене, түс ауып кеткен екен ғой. Әлгінің уақыты өтіп кетті ме, қап!..» Шымырбай атын шалт тоқтатып, жалма-жан қойын қалтасына қолын сүңгітіп жі берді де, ақ сағатын суырып алды. «Е-е, он екі жарымға әлі де бес минут бар көрінеді. Жөн-ақ! Енді дайындала бергенім де дұ рыс болар».

Жирен қасқасын талға байлады да, өзі бір қу томарға отырып, радиоқабылдағышының құлағын жайлап бұрады. Бұраған жер де әлдеқандай бір «мүзикә» желдіртіп ала жөнелді. Сырнай ма, сыбызғы ма, әйтеуір, Шымекең түсінбейтін бірдеме. Не болса да бұның күткені бұл емес… «Осыдан кейін әлгі жорналыс ба лаға да кезек келіп қалар. Аты кім еді өзінің? Ұмытпасам, Сағи долла емес пе еді. Ие, ие… дәл солай. Айналайын, өзі бір аңқыл даған бала екен. Иненің көзінен өткендей пысықтығы да көрініп тұр. Аздап алаңғасарлау да сияқты… Қойшы, жас бала ғой. Оның жасында кім төрт құбыласын түгендеп алды дейсің? Бәрінен де өтімділігін айтсаңшы! Бір сағаттың ішінде өмір тарихымды түгел біліп кетті емес пе? Бір сағаттың ішінде көзіме Тұңғышбайымдай ыстық та болып қалды ғой. Қайда жүрсең аман болғай… Өткенде анау жол үстінде машина күтіп, көп тұрып қалып еді, тоңып қалмаса жарады. Киімі де жұқа еді…» Әйтеуір, не десе де ол қазір Шымекең жайында ұзақ әңгіме айтары хақ. Оның ішінде бұның «әбизәтлнә жазып ал» дегендері де болады. Шымекеңе ең керегі де сол. Шымекеңе ғана емес, мына төңіректегі барлық малшыларға да керегі тек сол болуы мүмкін. Оны естісе, бүгін кешке кеп, олар бұның қолын қыспай ма? Сонда Шымекең бір желпініп қалмай ма?

Шымекең жымиды. Жымиып отырып, мана Тұңғышбайға радионы тыңдай сал деп ескертпегеніне өкінді. Өмірі аудандық газетте аты аталмаған әкесі туралы сонау облыстың өзі айқайлап тұрғанда, оның да жүрегі кеудесін тепкілемес пе еді?!

Радио кенет қазақша күй тарта жөнелді. Шымекең түлкі ты ма ғын көтеріп қойып, тепең қағып, жақындай түсті… Күй бәсең дей бергенде, бір әйел даусы:

– Эфирде «Сарыжайлау», – деп саңқ етті. Сонан кейін күй тағы жалғасып жүре берді. Шымекең аң-таң. «Мына қақаған қыста «Сарыжайлауы» несі? Әлгі жорналыс баланың айтқан уағы дәл қазір. Түсінсем бұйырмасын…»

Кенет жаңағы әйел даусы қайта естілді. Шымекең де радиоға қайта еңкейді. Артынша өн бойы ду ете түсті. «Не дейді, әке?! Жорналыс Сағидолла Болатжановтың өшеркі дей ме, қалай? Ие, ие, солай дейді. Міне, міне, өз атын да айтты. Сарымсақты сов хозының аға шопаны Шымырбай Мұстафин дейді ап-анық. Алла! Алла!» Шымекеңнің қолы дірілдеп тұрып, радио үнін барынша қатайтты. Сосын бір сәт оны көтеріп алып, қа йыңның биік бұтағына апарып ілді. Енді даусынан тоғай жаңғырыққандай болды. Жаңғырықса жаңғырыға берсін, айтылып жатқан әңгіме осы жаман шал туралы ғой. Иә, бұрын ешкім көзге ілмеген кәдімгі осы Шымырбай Мұстафин туралы ғой… Әй, анау қыстаудан бері шыққан Тұңғышбай емес пе? Тасбақаға мінгендей жүрісі-ай мына соққанның! Ол жеткенше…

– О-о-оу, Тұңғышбай-а-ай! Тұңғы-ы-ыш! Шап! Шап бері!.. Бұ ның айқайын естіді ме, естімеді ме, шаба жөнелмесе де, ол шо қытқандай болды.

Радио саңқылдап сөйлеп тұр. «Жорналыс баланың» даусын да титтей жарықшақ жоқ, ап-анық. Әсіресе «Шымырбай» де генде үні ашылып-ақ кететін сияқты. «Шымырбай» дегенді естігенде, Шымекеңнің өзі де тепең қағып, радиоға жақындай түседі. Қазір, міне бұның жас шағы туралы айтып жатыр. «Әкеден ерте қалған ол ақ таяқты он жасында ұстап еді», – дейді. Рас, рас, бұл он жасынан бастап қой баққан. Сонан соң «бірде аш, бірде жалаңаш жүріп ержеткені» де шындық. Бірақ осыны айтпағаны жөн бе еді? Өткен жолы: «Бұны жазбай-ақ қой. Әншейін әңгіме болсын дегенім», – деп еді. Ұмытып кеткен-ау, шамасы. Қош, ол да жұмыр басты пенде ғой…

Радиоға жабыса түсіп отырған Шымекеңнің көз алды нан баяғы бір көне суреттер көлбеңдеп көшіп жатыр… Колхоздастыру кезі… Тау басында таяғына сүйеніп, қой бағып тұрған өзі… Түтеген боран, қызыл шұнақ аяз… Сонан соң… иә, со нан соң, Сталинград майданы… Автоматының оқты қардай боратып жатқан тағы өзі… Төңірегі түтеген боран, қызыл шұнақ аяз… Бір сәтте шекесі шың етіп, шалқалап құлай берген осы Шымекең. Бұдан соң госпиталь… Госпитальда есін жинай алмай бұл көп сандырақтаған. Сандырақтап жатып, Сарымсақтыны еске алған, «қой», «қозы» деп күбірлеген…

«Япыр-ай, бұл да тілге тиек болған ба? Қой, мынаны бі реуміреу естіп қалып жүрер…» Шымекең радио үнін сәл бәсеңдетіп қойды. Бірақ «жорналыс баланың» екпіні бәсеңдер емес. Соғыстан кейін бұның елге оралып, «қолына қайта ақ таяқ алғаны», «майталман шопанға елуінші жылдардың қысы да оңайға соқпағаны», тағы сол сияқты талай «түтеген боран», «қызыл шұнақ аяздардың» әлегі бірінен соң бірі айтылып жатыр… Енді, міне, әйгілі алпысыншы жылға да келіп қалды. «…Иә, Шымырбай ақсақал сол бір қатал қысты әлі күнге ұмытпайды. Оны ойласа қазір де сай-сүйегі сырқырайды… Бір неше күн жауған қардың арты жаяу борасынға айналған. Боран ышқынып кеп соққанда, қора төңірегінде бір үйір қасқыр ұлығандай болады…»

«Не деп кетті құрғыр?… Сол бір қысқа бармай-ақ қойса етті. Рас, қар қалың жауған ол жылы. Сеңсең қарды көтере алмай таудағы ескі қораның бір бұрышы шоңқиып қалғаны да өтірік емес. Сол күні шаңғымен түн қатып, он сегіз шақырым етекке түсіп, ауылдан көп адамды шұбыртып шыққаны да шындық. Бұл оқиға қайда-а, баяғы алпысыншы жылы болған. Ол жерге қызыл кірпіштен қора салынғалы қай заман. Ауыл-аймақтан ұят болды-ау, қап! Осы әңгімені қозғай бастағанда, жорналыс баланың көзі неге шырадай жанды десем? Е-е-е…»

«Жорналыс бала» әлі сарнап тұр: «Өзінің алпыс жылдық өмірінде Шымекең бұдан басқа да талай-талай қиын күндерді басынан кешірген. Бірақ соның біріне мойымай, ел сенімінен қашан да үрдіс шыға білген ол. Майталман шопанның алдағы уақытта да еңбегі жемісті болатынына біз кәміл сенеміз…»

«Жорналыс бала» осы тұста әңгімесін бір түйіндеп тастағысы келгендей, соңғы сөзін көтере дауыстап барып, үнін кілт үзді. Шымекең радиоға тағы итіне құлақ түрді. «Енді әлгі әбизәтлнә жазып ал дегенімді айтатын шығар. Әзер бүгін оны қалдырмас…»

Шымекеңді радио көп күттірген жоқ, іле қайта саңқылдады: «Сіздердің тыңдағандарыңыз журналист Сағидолла Болат жановтың «Тайғақ кешкен тарлан» атты очеркі».

Шымекең томарға сылқ етіп отыра кетті. Осы сәтте торы атын ырсылдатып Тұңғышбай да жеткен.

– Көке, не боп қалды?! Неге айқайладың?

– Жайша ғой, балам. Шопандарға арнап кәнсерт беріп жатыр, міне. Сен де тыңдасын дегенім еді…

Тұңғышбай бұның бетіне бажырая қарап сәл тұрды да, басын шайқап, жымиған болды:

– Жә, үйге барып демал. Тәтем қуырдағын дайындап күтіп отыр.

Шымекең атына үнсіз мінді де, асықпай жүріп кетті. Көкаралдан шыға бере мырс-мырс күліп те алды. «Тайғақ кешкен тарлан!» Паһ-паһ!.. Өшеркіне қойған атты! Осы атының өзі денені дір еткізді-ау, ә? Жақсы болғанда Тұңғышбай естімей қалды. Естісе: «Өзің де осы мал соңында жүріп көрмеген қорлықты көріпсің ғой. Енді мені де қу далаға байлап қойғың келеді» демесіне кім кепіл?.. Бұл су мұрындар өстіп мал бағудың тек қиын жақтарын көретінін қайтерсің?.. Әй-иәй, өзіме де обал жоқ, өткен жолы жорналыс балаға қай-қайдағы сүреңсіз бірдемені айтып нем бар десеңші. Бірақ айтқызбай қойды ма?..»

Бұрнағы күні күре жолдан үш шақырымдай бұрыс тау басында қой жайып тұрған бұған ол ойда жоқта сүріне-қабынып жетіп келген. Келген бойда Шымекеңді шыр көбелек айналдырып әкеткен.

– Ақсақал, менің өзі журналист болғаныма небәрі жартыақ жыл, – деді ол бұны атынан демеп түсіріп жатып. – Бірақ

осы аз уақыттың ішінде әжептәуір беделге ие болған жанмын. Қалай дейсіз ғой?

– Иә, қалай? – деді бұл оның ыңғайына көшіп.

– Мәселен, былай. Кейбір журналистер геройының сөзін өзі жазып береді де, қағаздан қайта оқытып, сарнатады да қояды. Мен өйтпеймін, неғұрлым геройымның өзін сөйлеткенді жөн көремін. Сонда ғана оның көкірегіндегісі сыртқа шыға ды. Өмір дің өз беті тек сонда көрінеді. Жолым болғанда, менің герой ларым қашанда шындықты айтып жүр. Сіз де шындығыңызды айтыңыз, Шымеке.

– Қарағым-ай, пайғамбардың жасына келгенде өтірік айтып қайтейін, – деді бұл сасып қалып.

– Ендеше тыңдаңыз, – деп ол бұның аузына бір торкөз темірді тақай берді. – Шымеке, қой бағудағы әдісіңіз қандай?

Дәл осы мезетте Шымекеңді бір құрғақ жөтел қысып ала жөнелді.

– Атаңа нәлет, бұл ит тағы алқымнан алды ғой, – деді бұл қыс тыға күркілдеп.

– Ойбай, ақсақал, мұндай сөз айтуға болмайды, жазылып қалады, – деп «жорналыс бала» сөз жазатын жәшігін шырт еткізіп өшіре қойды. Сонан кейін онысының бірдемесін бұрапбұрап алып, әлгі темірді қайта бұның аузына тақады.

– Шымеке, қой бағудағы әдісіңіз қандай? – Балам, қой бағуда әдіс болмайды, тәжірибе деген болады, – деді Шымекең енді ағынан жарылып.

«Жорналыс бала» жәшігін тағы шырт еткізіп өшіре қойды да, жаңағыдай әлденесін бұрап алып, темірін бұған қайта жақындатты.

– Шымеке, қазір кімдерден тәжірибе жинақтайсыз?

– Өмір бойы ақ таяқ ұстап жүріп, мен қазір кімнен тәжірибе жинақтамақпын, балам-ау?

Жәшік тағы шырт етті. Сосын «жорналыс бала» оны шетке жылжыта салды да:

– Жә, Шымеке, сіз екеуіміз осы репартерсіз сөйлескеніміз дұрыс болар, – деді. – Айтыңызшы, малдың жұмысы оңай емес қой, ә?

– Біле-білгенге қай жұмыс оңай дейсің. Өзің де, міне, сонау облыс орталығынан арып-шаршап келіп отырған жоқпысың?

– Оныңыз рас. Дегенмен, мал бағудың жөні бөлек қой, – деп ол бұған біртүрлі жүдей қарады. – Үнемі далада жалғызсыз. Осы мал соңында не қызық бар дейсіз?

– Қарағым, олай деме. – Шымекең оның бетіне тура қарады. – Қызығы да, рақаты да жеткілікті бұл жарықтықтың.

– Мәселен, соңғы көрген рақатыңызды айтыңызшы.

– Айтайын, балам, айтайын. Мәселен, дәл бүгін рақаттанып отырмын… Адам сияқты мына малдың мінезінде де ала-құлалық болады. Атаңа нәлет, кешегі күнге дейін отарымда бір қара бас қой бар еді. Өзі бір сумаңдаған ындынсыз неме болатын. Отар ды ойға да, қырға да бұра тартып, мені әбден титықтатып біткен. Содан қалай құтылам деп жүргенде… жолың болғыр опра былайшы кеше кешке құрылысшыларға деп бір қой сұратыпты. Бердім де жібердім қарақасқаны. Бүгін, міне, рақат! Отарым да, өзім де тыныш.

– Сол қара басыңыз отарыңызды бұра тартып, ақ боранда

сізді бірер күн адастырған да кезі болған шығар. Бұл сұрақ Шымекеңді шындап күлдірген.

– Жарқыным-ау, төңірегіңе қарашы – бәрі орман-тоғай ғой. Бұның қай жерінде жүріп адасасың? Бұл Алтайдың әр ағашы пана, әр төбесі белгі емес пе?

«Жорналыс бала» жер шұқылап біраз ойланып қалды. Сөйтіп отырып бір заматта қайтадан әңгімесін сабақтады:

– Қалай дегенмен де, Шымеке, сіз туралы бір материал жазуым керек еді.

– Е, осы айтқандарымды жазбайсың ба? Бұдан өзге өмірдің қандай өз беті болмақшы?

– Жоқ, ақсақал, бұған қарағанда маңыздырақ бірдеме дегенім де. Не десеңіз де, өмірде көрген бір қиындығыңыз жоқ дейсіз бе?

– Онсыз бола ма? Құдайдың да татқаны ылғи тәтті емес шығар.

– О-о, маған керегі дәл осы. Қиналып-күйзелген кезіңізді баян дап жіберіңізші! – «Жорналыс бала» қалтасынан дереу қағаз-қаламын суырып алды. – Иә, сосын қашан қиналып-күйзелдіңіз?

– Қашан дейсің бе?.. Оны ойласам, қазір де жүрегім ауырады, балам. Тек айтқанымды әбизәтлнә жазып алшы… Биылғы жазда алыс жайлауға көшкенбіз. Көшіп барысымен, алты қойым бірден айналма деген ауруға ұшырап, өрістен қалды да қойды.

Қос іргесінде көздері аларып жатқан оларды көргенде, жегенім желім болды. Сосын сраз ауылда жатқан беттехніктерге сәлем айттым. Бірақ апта өтті, ай өтті, хабар болмады. Өзім барып қайтуға малдан шыға алар емеспін. Ақыры біртіндеп мал да рым өле бастады. Қош, енді не істеуім керек?.. Әйтеуір арам өлтірмейін деп, беті ары қарағандарын бауыздап алып, сөреге іле бердім. Сөйтіп жүріп әлгі беттехніктерге тағы сәлем айттым. Өлген малдың етін жеткізіп алсын дедім. Бес күн өтті, он күн өтті… тағы хабар болмады. Ақыры ыстық күнде еттің бәрі шіріп бітті. Шіріп біткен күні әлгі беттехніктер сау етіп төбеден түсе қалмасы бар ма? Мұрындарын басып, қойдың қу қаңқаларын түрткілеп ұзақ көрді. Сонан соң анау деді, мынау деді, қысқасы, сол күні алты қойды бірдей мына кәрі мойынға салды да кетті. Не керек, бүгінге дейін төлеп отырмыз. Бұған жаның күйзелмей ме? Осыны сен әбизәтлнә жазып алшы!..

– Жазып отырмын ғой, бірақ… – «Жорналыс бала» күмілжі гендей болды.

–       Не «бірақ»?

–       Бірақ бұдан басқа маңыздырағы болса…

– Неге болмасын, сен мынаны да әбизәтлнә жазып алшы! Бүгінгі біз отырған қыстаудың қорасы күзде жөнделмей-ақ қалғаны. Алғашында ауданнан келген бір үлкен бастық заппер меге «Бірер аптада жөндетіңдер!» деп қатты тапсырған. Сон да запперме «Құп! Бірер апта емес, бірер күнде қатырамыз» деп зыр қаққан. Одан бері, міне, бірер ай өтті… Бүгінгі күні қораның жыртық-тесігін кемпірім екеуіміз бітеген болып жүрміз. Бұл қиналыс емес пе?

Бұл әңгімеден соң «жорналыс бала» недәуір уақыт басын жерден көтермеді. Сонан кейін бір кезде суыртпақтап Шымекеңнің жас шағынан әңгіме сұрады. Шымекең одан ештеңе сін жасырған жоқ, бірдемесін бүгіп қалса, ол ренжіп қалатындай көрінді. Ұзақ сонар әңгімесінің басын жиырмасыншы жылдардан бастап, аяғын алпысыншы жылғы қатал қысқа әкеп тірегенде «жорналыс баланың» көзі тіптен шырадай жанды.

– Шымекесі-ау, манадан маған керегі осы ғой, осы! – деп қағазға шындап шаншылды.

– Саған керегі осы болғанмен, өзгеге керегі басқа ма деймін, бұны жазып қайтесің… Әншейін әңгіме болсын, – деді бұл ештеңеге мән бермей.

Сөйтіп «жорналыс бала» Шымекеңнің соңғы сөздерін аса ұқыпты жазып алған. Сосын қоштасарында:

– Ақсақал, сіз енді кешке дейін осында тұрасыз ғой, – деп бұған тағы жүдей қарағаны бар.

– Енді қайда барам? Жұмыс қой, – деді Шымекең.

– Күн де суытып барады. Жалғыз адамға ашық далада қиын-ақ.

– Қой, балам, мені өйтіп мүсіркеме. Киімің жұқа көрінеді, мәшинең кешігіп, өзің тоңып қалмасаң болды да, – деп бұл онымен жылы қоштасқан.

Айтқандай-ақ, «жорналыс бала» сол күні мәшинесін көп күтіп еді. Етектегі күре жолдың үстінде бүрісіп ұзақ тұрды. Енді бірде бойын жылытқысы келді ме, безек қағып, ары-бері жүгіре бастады. Осының бәрін жотадан көріп отырған Шымекең шыдамады, етекке шауып түсті.

– А-а-аудандық газеттің машинасы жо-оғарғы ауылға к-кетіп еді, ә-әлі жоқ, – деді ол түрі бозарып.

–       Үсіп кетесің, үйге жүр, – деді бұл аяп.

–       Жоқ-қ, қ-қазір келіп қ-қалады.

–       Кешке дейін сонда осы жерде тұрасың ба?

–       Енді қ-қайда барам, жұмыс қ-қой.

Шымекеңнің амалы құрып, ат басын қайта тауға бұрған. Бірақ өріске жете беріп, кілт кері бұрылды да, тағы етекке шауып түсті.

–       Ұмытып барады екенмін. Сонымен радиоңды қашан тың-дайын?

–       Б-бүрсігін… түскі он екі отызда. Ертең кешке ү-үйге жетсем, т-таң атқанша жазып б-бітірем…

–       Сенің де жұмысың оңай емес екен. Тұз болмаса нанның дәмі бола ма? Сау бол, қарағым, – деп бұл сосын тұқырайып жү ріп кеткен.

…Шымекең оймен келе жатып, үйге жеткенін де аңғармай қалыпты. Қатшасы күйбеңдеп есік алдында жүр екен. Бұны көрген бойда:

– Сен туралы радио бірдеме деді ғой. Әлгі Тұңғышбайдың да тыңдай алмай қалғанын, – деп өзінше өкініш білдірді. Шымекең қабақ шытты:

– Тұңғышбайдың тыңдай алмай қалғаны жөн болған. Бірақ басқалар құлақтарын бітеп алды деймісің?.. Қатша шалына аң-таң.

Дидахмет
Әшімханұлы