ШОПАН ТІЛ БІЛІМІН ЗЕРТТЕЙДІ
1983 жылғы октябрь айының соңы еді. Редакцияда қызметте отырғанбыз. Бөлмемізге шашын тықырлап алдырған елулер шамасындағы адам жайлап басып кіре берді. Аяғына байпақты былғары етік, қара пенжагінің ішінен тері желет киіпті. Осы киімінің өзі «ауылдан келдім, ағайын» деп айқайлап тұрғандай көрінді. Аз-кем амандықтан соң ол:
– Ғылым бөлімі осы ма? – деді сыпайы.
– Осы. Төрлетіңіз, – дедік елден келген адамға ауылдық дәстүрмен.
Ол былғары етігін сықырлатып келіп, қарсы алдымызға отырды. Жұмыстарыңа кедергі жасадым-ау дегендей қараторы жүзінен қысылғандық та байқалған. Соны сезген біз:
– Шаруаңызды айта отырыңыз, – дедік.
– Көп шаруам жоқ. Сіздерге бір жазғанымды әкеліп едім, – деп ол қойын қалтасына қол сала бастады.
Жасырары жоқ, жүрегіміз зырқ ете қалды. Өйткені, кейбір егде адамдар «қартайғанда жорға шығып», бізге «китәп» жазып әкелетіні бар-ды. Ол «китәбі» қашан туғаннан бастап, пенсияға шыққанға дейінгі ұзақ өмірінің хронологиялық тізбесі болып келетін. Ондай «китәпті» оқығаннан бұрын, оның шын «китәп» еместігін түсіндіру қиынға түсетін… Міне, мына кісінің «жазғаны» да қалыңдау дәптер екен. Бірінші беттің басына ірі әріптермен «Тіл – сана қаруы» деп жазылыпты. Шүкір, бұл «китәп» емес, мақаланың аты болғаны. Сонан кейін көзіміз түскен сөздер мынау: «Ғылым көзге шалынар шектің ар жағынан көзге шалынбас егжей-тегжейлі шындықтардың тұтас-тұтас әлемін ашты. А.И.Герцен…» Эпиграф!.. Осы тұста бейтаныс адамға таңдана бір қарап алдық та, дәптерді оқи бастадық… «Адамдар айналасындағы дүниені, онда болып жатқан құбылыс-тарды, оның өтміш тарихын, бүгінгі халін, болашағын тікелей не жанамаламай сезім арқылы қабылдаған қалпында ой қазанында қайнатып, белгілі бір қорытынды шығарады. Бұл оның дүние танымы, өмірге көз қарасы. Сол таным, сол көзқарас оның өмірлік мақсат, арманын белгілейді. Сол идеал оның бүкіл іс-қимылының шамшырағы болып табылады» деп басталыпты мақала. Неге екені белгісіз, есімізге бір сәт диалектикалық материализмдегі таным қағидасы түсті. Алдымыздағы мына қарапайым адам сол қағидадан хабардар секілді. «Несі бар, мүмкін жоғары оқу орнын бітірген шығар» дедік те, дәптерді асықпай парақтай бердік. Парақтаған сайын мақала иесінің кез-келген қоғамдық ғылыммен жақсы таныс екеніне көзіміз жете түсті. Әсіресе, тіл, әдебиет, тарих ғылымдарымен көбірек айналысатыны байқалады. «Қақания» тілі қазақтың сонау Есік қорғанынан табылған алтын киімді адамның күміс тостағаны түбіндегі жазудан басталып, кешегі Алтын Орда заманында туған бүкіл жазба әдебиетке тән. Бұл тілді шариғат тілі, кітаби тіл, ескі шағатай тілі деп те атадық. Бұл – дұрысында бүкіл түркілік тайпаларға ортақ тіл – «қақания» аталған әдеби тіл. Бұл тіл шын мәнісінде зерттеу объектісіне айналмай отыр. Сондықтан Орхон–Енисей жазбаларын оқуда көптеген кемші-ліктер, ал түсініктеме беруде олқылықтар аз емес. Мысалы, «Күлтегіннен» үзінді келтірейік»…
Мақала иесі бұдан әрі негізгі текст таңбаларын белгілепті де, оның бүгінге дейін оқылып жүрген нұсқасын келтіріпті… «Оқылып жүргені: «Өтукен иыш олурсар ілте бұң иоқ»; түсін-дірілгені: «Өткен тауында отырса елде мұң (қайғы) жоқ. Бұл жерде дәлдік сақталмаған. Дұрыс оқылуы: «Уатұкен иыш оларсар елте бұң иоқ». Біздің түсіндіруіміз: «Уа, елде мұң болмасын десеңдер»… Бұл жерде иыш сөзінің мәнісін білмегендіктен тау деп айта салған. Иыш сөзін татарша-орысша сөздіктен қараңыз. Ол – «ұйысу, тығыз» деген сөз…».
Бұл концепцияның мүмкін күмәнді жері де бар шығар, бірақ ғылым болжамсыз бола ма? Осындай батыл болжам жасап отырған адамның өзі кім? Мамандығы не?.. Алдымыздағы адамға осы сұрақтарды қоюға енді оқтала бергенімізде, бөлмемізге бір таныс автор кіріп келді… Ол өзі кеше ғана көне қыпшақтар жөнінде бізге жиырма беттік мақала әкеліп, не жазғаны туралы жарым сағаттай түсіндіріп те кеткен. Бір қызығы, осы авторымыз мақаласына ат қоюды «ұмытқанмен» фамилиясының соңында тарих ғылымының кандидаты екенін жазуды ұмытпаған еді.
– Оқыдың ба?– деді ол бізге тізе тиістіре отырып. Түсіндік. Кешегі аты қойылмаған мақаланы айтып отыр.
– Үлгермей жатырмыз,– дедік біз.
– Қазір оқып берші, сендерге жарамаса басқа газетке апарып тастайын,– деді ол.
– Қазір уақыт тығыз болып тұр. Ауылдан келген мына кісінің ғылыми мақаласын оқуымыз керек, – дедік біз.
– Ауылдан келген? Ғылыми мақала? – деп ол қарсы алдымыздағы қарапайым адамға бұрылды. Сосын оған сынай қараған күйі:
– Қанша кластық біліміңыз бар? – деді.
– Қанша кластық білімім барын білмеймін. Бітіргенім – алты класс,– деді ауылдан келген авторымыз. Бұнысы: «Шырағым-ау, білім – бітірген класпен, дипломмен немесе ғылыми дәрежемен өлшене ме?» дегені еді. Осыны түсінді ме, әлде әңгімемізге кедергі жасағысы келмеді ме, бұрыннан таныс авторымыз бөлмеден тез шығып кетті.
– Таныса отыралық, – дедік біз оңаша қалған соң.
– Атым – Жақыш, фамилиям – Хасенов,– деді бейтаныс авторымыз салмақты.
– Семей облысының Жарма ауданында шопан болып істеймін… Нақты мекен-жайымыз – «Михайлов» совхозының үшінші фермасы. Алматыға азғантай шаруамен келіп едім, бір жағынан сіздерге де жолыға кетуді жөн көрдім.
– Жаңа бір сөзіңізде «алты класс қана бітірдім» дедіңіз. Ал мақалаңызға қарасақ, біраз білім игерген сияқтысыз. Мал баға жүріп, бұған қалай қолыңыз жетті?
– Мен өзімді тым білімді адаммын деп ойламаймын. Жастайымнан оқу қусам, талай мақсатыма жетуім де мүмкін еді. Амал не, енді қазір Абай айтқандай, «мезгілінен қолымды- кеш сермеген» жайым бар. Бірақ мына ғылым мен техника заманында «жастық өтті, жас жетті; оқу менің не теңім» деп ойсыз-қамсыз жату да қиын екен. Бүгінде қайда барсаң, оқыған, білімді азаматтардың ортасына түсесің. Ол ортада өзіңді еркін сезініп, еркін мәслихат құру үшін мысқалдай болсын білім қажет. Бұған жетерлік білген-түйгенім бары рас. Екіншіден, адамға тек білім жинақтау аз; жинақтаған білімді іске асыру абзал. Қолыңыздағы дәптерді мен білімімді көрсетейін, атақ-абырой алайын деп жазғам жоқ, көп жылдан бері көкірегімді мазалап жүрген ойларым мен түйгендерімді көпшілік кәдесіне жаратсам дедім. Жарата алмасам, тағы да Абай айтқандай «өз сөзім – өзімдікі»… Білім көтеру мәселесіне келсек, мен балаларыммен бірге оқыған адам-мын. Алды институт бітірген, соңы мектепте оқитын сегіз балам не оқыса, мен де соны оқыдым. Ұзақты күн өрісте мектеп программасындағы пәндерді бірнеше қайталап оқы-ғаным бар. Кейін институтта оқитын балаларымның кітап-тарына ауыз сала бастадым. Бірақ одан тісім сынған жоқ.
– Қоғамдық ғылымдар саласынан қандай шығармалар оқыдыңыз?
– Біразын оқыдық қой. Дегенмен ең қызығып, тұщынып оқығаным – Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегі. Бұл еңбекпен танысқан соң, мен өмірлік құбылыс-тарға басқаша қарай бастаған секілдімін.
– Тіл білімімен көптен бері шұғылданып жүрсіз бе?
– Жиырма жылдай боп қалды. Бұл өзі қарапайым, әрі өте күрделі ғылым ғой. Қарапайым дейтінім – осы сөйлеп отырған тіліміздің ешбір қиындығы мен жұмбағы жоқ сияқты көрінеді. Тым қарадүрсін пайымдасақ, тіл тек түсінісу құралы емес пе дейміз де қоямыз. Ал әр сөздің астарына мән берсек, қаншама құпияға тап боламыз. Мен сол құпиялардың аз да болса сырын ашсам деймін.
Жәкеңмен бұдан әрі ғылым жөнінде сөйлесуді артық көрдік те, шаруа жайын шалулауға көштік. Бірақ ол кейбір шопандар сияқты «пәлен саулықтан пәлен қозы алып жүрмін» деп кеуде қаққан жоқ, «мал басы аман, ит-құстан саумыз» дегеннен әрі аспады. «Көрсеткіштері мәз емес шығар» деп ойладық та, біз де мал жайын қазбалауды қойдық. Осы тұста газеттің көлденең шаруасы киіп кетіп, Жәкеңмен амалсыз қоштасып едік. Алайда кейін алпыс беттік мақаласын дайындау үстінде онымен тағы кездесіп, пікірлесуге аңсарымыз ау-ған. Сонан кейін көктем шыға уақыттың ыңғайын тауып, Жәкеңнің қыстағына жүріп кеттік.
… Сиыр бүйрек жоталардың бір қалтарысына қоныс тепкен Жәкеңнің қыстауында кешкілік үш-төрт адам бас қосқанбыз. Жанымызда совхоз комсомол комитетінің секретары Рамазан Мұхамеджанов пен Жәкеңнің мал дәрігері боп істейтін баласы Қапан бар. Бұлардың бірі техникум, бірі институт бітірген. Қапан Жәкеңнің тұңғыш ұлы болғандықтан әкесімен аздап әзілдесіп отырады екен, бір әредікте ол:
– Шал отырған жерде пәлсапа соғудан қорқамыз, – деп бір қойды.
– Пәлсапаны оқығаның болмаса, түсінгенің шамалы, сен қайдан пәлсапа соғасың, – деп Жәкең де әзілге әзілмен жауап берді. Сосын бізге бұрылып:
– Бұл, әрине, қалжың ғой. Бірақ кейбір оқыған жастардың философияны түсінбейтіні рас. Мысалы, диаматтың «сан мен сапа», «себеп пен салдар» сияқты категорияларының түп мәнін білмейді. Білсе де бірімен бірін байланыстыра алмайды. Меніңше, бұның бәрі өмірлік тәжірибенің аздығынан. Егер танымның көзі – практика десек, жастарда сол практика жоқ. Әйтпесе, «кездейсоқтық пен қажеттілікті» түсінбейтін не бар. Қарапайым ғана мысалмен айтсақ, мына Қапанның осы үйге дәл бүгін келуі кездейсоқтық та, әкесінің қара шаңырағына әйтеуір бір оралуы қажеттілік емес пе?..
– Былтыр көші-қонда шалдың бір қап кітабы жоғалған. Соған әлі күнге өкінеді,– деді Қапан жымиып.
– Өкінетінім рас,– деді Жәкең кенет қабақ шытып. – Ең қажетті кітаптарым сол қаптың ішінде кетті. Әсіресе «Тайны веков» деген ғылыми жинаққа ішім удай ашиды. Өйткені онда көне шумерлер туралы бір тамаша очерк бар еді… Айтпақшы, сіз маған шумерлер туралы кітап тауып бересіз бе?
– Ол сізге не үшін қажет?
– Меніңше, шумерлер мен біздің халықтың тарихында бір байланыс бар сияқты. Олардың жазу таңбалары мен Орхон–Енисей жазуларының ұқсастығы тегін емес шығар. Әттең, қажетті ғылыми кітаптарым болса, қалған ғұмырымды шумер-түркі мәселесіне арнар едім… Сосын сізге бір сауал: Матенадаранда сақталған армян әрпімен жазылған қыпшақ ескерткіштері туралы жазып едіңіздер. Сол ескерткіштерді зерттеу қолға алынды ма?
– Ол республика Ғылым академиясының міндеті ғой, – дедік біз тура жауаптан тайсақтап.
– Сөз орайы келгенде айта кетейін, інім, біздің тілші-әдебиетші ғалымдар неге осы кесімді пікір айтуға құштар? Бұдан біраз жыл бұрын «Қазақтың жазба әдебиеті Бұқар жараудан басталады» деген нақты тұжырым болды. Енді оны ХV ғасырдан, Шалкиіздерден басталады деп жүрміз. Мүмкін жазба әдебиетіміздің басы сол ХV ғасырдан да әріде жатқан шығар. Ендеше зерттеуші ғалымдар өз тұжырымдарының алдына «әзірге» деген бір ғана сөзді неге қоса салмайды.
Қарап отырмыз… Қатпар-қатпар грамоталар мен дипломдар… 1967 жылы сатушы боп жүргеннен бастап, бүгінге дейін Жәкең аудандық, облыстық әртүрлі советтер мен ұйымдардың ондаған грамоталарымен наградталыпты. 1981 жылға дейін әр 100 саулықтан кем дегенде 105, ал 1982 жылы 135 қозы алып, «Өз кәсібінің чемпионы» атағына ие болыпты. Сонан соң өткен жылы СССР Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесінің күміс медалімен наградталған екен. Осы қағаздардың арасынан етектей газет қиындысына да көзіміз түскен. Бұл облыстық «Семей таңы» газетінің 1982 жылғы 8 март күнгі нөмірі болып шықты. Жәкең мұнда қойды жылына екі рет төлдету хақында «Қалауын тапса қар жана ма?» деген проблемалық мақала жазыпты.
– Жәке, ендігі мақсатыңыз не? – дедік біз қағаздарды қарап болған соң.
– Биыл жасым елу бесте. Бірақ қартайып қалдым деп ойламаймын. Шамам жетсе, бір институттың тіл-әдебиет факуль-тетін сырттай оқысам деймін. Әйтпесе білімімді тереңдетуге мүмкіндігім болмай жүр, – деді ол өкінген сыңайда.
… Ертеңіне біз жеңіл машинаға отырып, Алматыға қайттық. Жәкең торы атына мініп, өріске аттанды. Неге екені белгісіз, атқа мінсе де ол кісі бізден озып бара жатқандай көрінді…
1984 ж.