ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУБА!
Қаз дауысты Қазыбек би кезінде:
«Қазақ деген халық – мал
баққан елміз,
Жерімізді жау баспасын,
Елімізден құт қашпасын,– деп,
Найзамызға үкі таққан елміз.
Бірақ басымыздан намысты
асырмаған елміз.
Әкенің айтатын өсиеті балаға,
Баланың беретін анты анаға:
Арымнан жаным садаға!» – деген екен.
Иә, біз осындай ел едік. «Қазақ» деген атымыздың өзі «еркін», «ерікті» дейтін ұғымды білдіретін аяғы тұсаусыз, басы ноқтасыз жұрт едік. Ерікті, еркін болған соң Еділ мен Ертіс арасын ен жайладық, шет қондық. Ат аяғы жол болды, мал тұяғы із болды. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы мінезбен көрші елге көз алартпай, қоңсыға қол жібермей, шошайған мылтық көрмесе шоқпарын бұрын көтермей берекелі, бейбіт күн кештік. Зындан қазбадық, түрме салмадық. Елдің тентегі мен телісін темір бұрау, қылбұраусыз-ақ түзедік. Күш-қарудың үлкені сөз еді. Сөз білген жан көсем болды. Көсемі – шешен, шешені – би болды. Би сөзіне қараны қойып хан да жығылған халық едік.
Қазақта осындай қасиет көп еді: ата дәстүр жол еді, үлкеннің сөзі жөн еді. Амал не, алтынның енді ұнтағы, асылдың тек жұрнағы қалды. Сол жұрнақтан да жұрдай болмай тұрғанда ес жиғандаймыз, әйтеуір. Тәубе дейміз Тәуелсіздікке! Бірақ шүкіршілікке тағы ерте. Тыныштығын берсе Алламыз, нан табылар, дәм болар, ал санадағы сырқатқа не ем болар? Мыс-қалдап кіріп, батпандап сіңген кесел бізде аз ба екен. Тіл десе, тіл тістейміз. Дін десе, бас шайқаймыз. Жасқаншақ, жасық, жағымпаз қылық және бар. Айта берсек, мінің көп. Міні көптің – мұңы көп. Мұндай күйге қалай түстік, япыр-ау?
Амалсыз тарих бетін ашасың, тағдырластар іздейсің.
Үнді елі ағылшындардан азат болған кезде Джавахарлал Неру: біздің халық ұзақ жылғы отарлық езгіде талай асылын жоғалтты. Солардың арасынан таяу арада таба алмай-тын бір асыл қасиеттіміз бар. Ол – халықтың рухы», депті.
Біздің хал де осындай. Жо-жоқ, қазақтың соры бұдан да қалың тегінде, Үнділер қорлықты – қорлық, зорлықты– зорлық деп білді. Отаршылдың он сан озбыр қылығын олар бетіне айтқан бедірейіп тұрып. Ал біз жерімізге қаптатып қамал салып жатса да Ақ патшаны «пана» көрдік, қалың жұртын «аға» дедік, кейін «ұлы» деп бір-ақ тындық. Дегізбеске қоймады. Саясаты сайқал, бет пердесі қалың, күші мығым еді. 1731 жылы Әбілхайырға да «пана» болып көрініп, бодан қылып алған соң ақырын-ақырын мысықтабан жүріспен, білінбес улы тыныспен батыстан жайлап сұғынып, терістіктен келіп тор құрды. Амалын тапты, қамалын салды. Жүз жылға жуық өстіп жылжи-жылжи жақындап алып, 1822 жылы ақыры жалғыз ғана құжатпен елдігіңнен айырып, қанатыңды қайырды. Ол құжат – «Сібір қазақтары туралы Устав» еді. Осы Устав бойынша қазақ халқының түп қазығы іспетті Орта жүзді бөлшектеп-бөлшектеп, сегіз округке бөлді де тастады. Хандық құрылым жойылды. Бұдан әрі:
«Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?
Хандарынан айрылған
Қараша үйде сән бар ма? –
Қайран есіл хандарды
Енді бір көрер күн бар ма?–
дейтін күн туды (Нысанбай).
1723 жылғы әйгілі жоңғар шапқыншылығында ел ақтабан болып шұбырып, тоз-тозы шығып кеткенмен тұтастығынан мұлде айрылған жоқ еді. Ал мына Уставтан соң… Қаймана қазақтың басын қайтадан қосу арманға ғана айналды. Бұрын жау қуатын дәстүр енді дау қууға бет алды: Аға сұлтан сайлау… Болыс сайлау… Шырға тастау– Арыз айдау… Рулық қырқыс… Аталық тартыс… Міне, «Сібір қазақтары туралы Уставтың» казаққа тартқан «тамаша сыйы» нақ осы. («Жемісін» әлі жеп жүрміз?!)
Бұдан соң 1864 жьиы «Жаңа низам» жарық көрді де, ел аға сұлтандығынан да айрылып, орыс ояздардың қармағына ілікті. Оның жеріңе егіп кеткені: парақорлық, жемқорлық, жағымпаздық секілді қара сора тамыры.
Бәрін айтпа, бірін айт – қарашекпен қонған жеріңді, казак-орыс басқан төріңді айт. Бұл қасіретті XIX ғасыр ақын-жырауларынан артық айтар дәрмен жоқ бізде.
«Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Бір қырсықтың шалғаны»,–
дейді көреген Мұрат Мөңкеұлы.
«Адыра қалғыр Сарыарқа
Болмайын деді баяңды.
Еділді алды, елді алды,
Есілді алды, жерді алды.
Енді алмаған нең қалды?!
Көшейін десең жерің тар
Қамалып қазақ сандалды»,–
дейді Шортанбай Қанайұлы.
«Есіл, Нұра екі су,
Еңкейіп одан бетің жу.
Бірің – шекер, бірің – бал,
Қай біріңді айтайын!
Бетеге, көде, жауылша
Шулап тұрған бәрің бал.
Кетейін деп кетпедім,
Алып кетті кәпір қу!» – деп жылайды Күдері қожа Қарқаралымен қоштасарда.
– Мұндай зарды тіпті XVIII ғасырдың аяғында Бұқар жырау да, XX ғасырдың басында Нарманбет Орманбетұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Мағжан Жұмабайұлы да айтқан. Айтқанда көз жастарын көл еткен. Ал қара сөзде бұны қаймықпай жеткіз-геннің бірі Сабыр Шәріпов. Оның «Алтыбасар» атты деректі повесін жыламай оқу мүмкін емес. Сол шығармадағы мына екі эпизодқа қараңыз.
Қазақ жеріне қоныстана бастаған қарашекпендердің алғаш-қы сиқы мынау: «Орыстардың бала-шағасы, арасында кәрі-құртаңы да бар, сиыр сауып, сүт сұрап ішіп тұр… Қотанда төбелесіп жүрген орыстардың төрт-бес баласына көзім түсті, қотанда қойдан қалған шөп-шарды, жүнді жинап жүр екен. Бір кішірек баланы үлкенірек біреуі жүні барырақ жерден қуғанына кішкене бала ызаланып жылап жатыр».
Бұдан кейін жеті жыл өткенде:
«… Ешкімнен қорықпай, қай жер болса сол жерге еркі-мен қонып, мезгілімен көшіп, қазақ байқұс жүре беруші еді. Түстік жерге түседі, көш жерге жылқысы шыққанда біреудің егініне түсер-ау, шабынын басар-ау деген кімнің ойына келген. Алдыңдағы заманың сондай деп біреу айтса, оған кім нанушы еді… Енді, қарашы, кешеден бері келе жатырмыз, жан-жағымызға қарамай, үрікпей, қорықпай бір минут жүрдік пе? Анау қаланың егіні, мынау қаланың шабыны. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі», таяқ шаншыр жер қалды ма? Уа, дариға-ай»,– деп Ахмет өксіп жылайды. (С.Шарипов. Шығармалар жинағы. II том. «101 және 125-беттер. «Жазушы». 1982).
Қазақ жеріне өстіп қаптап кіріп алған карашекпен, казак-орыстардың бүгінгі ұрпағы да енді жер даулайды шімірікпей. Олардың қолтығына мезгіл-мезгіл су бүркіп қояды Солжиницын сияқтылар. Мұндай басбұзарларға біздің айтарымыз: 1891 жылы патша «Дала ережесі» дегенді шығарып, қазақ жерін, мемлекетгік меншік деп жариялаған арсыздықпен. Бұған дейін қазақтың 17 миллион десятина жерін ың-шыңсыз басып алса, Ережеден соң (Қазан төңкерісіне дейін) 28 миллион десятина жерін зорлықпен тартып алған. Барлығы сонда 48 миллион. Осынау ұланғайыр жерді босатып бер деп жатқан кім бар, онанда ынтымақ шырқын бұзбай бос сөйлеме дегеніміз жөн болар.
Осы сөздерді айта алғанымыз үшін де Тәуелсіздікке тәнтіміз!
Тарихымызға бойлап, тегімізді іздеп, асылдарымызды аршып, ұлттық санаға самала жарық түсіре бастағанымыз үшін де Тәуелсіздікке тағзым етеміз!
Бәрінен бұрын… жасыған жігерді жанып, мұқалған қайратты қайрап, өзгенің көзіне тік қарап, езілген еңсені көтере бергеніміз үшін де Тәуелсіздікке тәуба дейміз!
Тәуелсіздікке дейін біз кешпеген тайғақ, біз өтпеген соқ-пақ жоқ. Ендігі жолымыз түзу болса екен дейміз.
Түзу жолда көшіміз көлікті, басымыз ерікті бола берсе екен дейміз.
1992 ж.