Қалағамыздан айрылдық..
Ғұмыр бойына халқына қалтқысыз қызмет еткен қайран жүрек тоқтады.
Үлкенге де, кішіге де, жақын менен жатқа да жылы шуағын аямай шашқан аяулы жанар сөнді.
«Айна-а-лайынмен» айналасын жылытқан, төрелі сөзімен төңірегін ұйытқан, көсем сөзімен көпті аузына қаратқан, көздегенін сұрмергендей дәл атқан дарқан дарын, жайсаң жанның көрік демі үзілді.
Иә, «Түркістанның» бәйтерегі құлады. Жел мен күнге тигізбес панамыз еді саялы, қанаттыға қақтырмас, тұмсықтыға шоқытпас алақанымыз еді аялы. Айқайшыға жүрер ағамыз, абыройға жүрер жағамыз, ақылға кеніш данамыз еді Қалағаң. «Түркістанның» түлегіне ғана емес, түмен санды оқырманына да солай еді Қалағаң.
Ел ағасыз, «Түркістан» панасыз қалмас, бірақ Қалағаңның орны толмас. Өмірге де өнерге келер-кетер талайлар, бірақ дәл Қалағаңдай болмас.
… Міне, асыл Ағаның қызметтегі бөлмесі. Сегіз жылдан бері құтханамыз еді бұл біздің. Құтханамыздың төрінде Қалағаң отырушы еді піріміздей болып. Піріміздің алдында газеттің жұмысымен келіп, кең дүниенің тынысымен шыққан, қиналып келіп, қуанып шыққан, жабырқап кіріп, жадырап шыққан, сұрап келіп, алып шыққан, әңгімеге қанып шыққан, бір нәрсені біліп, бір нәрсеге күліп шыққан кезіміз мұнда қаншама!
Көрген, білген, түйгенімен, оқыған, тоқыған, тереңдігімен, татаусыз, тапқыр сөзімен, ақыл, зерде, зейінімен, Атымтай-Жомарт пейілімен, тұла бойы тұнған қарапайымдылығымен әр сәтте қайран қалдырушы еді бізді Қалағаң.
Ол «Түркістанның» сарапшысы мен сардары ғана емес, ұжымның ғұлама сынды оқытушысы да болған-ды. Қоғамдық ғылымдардың қай-қайсысынан, әсіресе, этнология мен теологиядан, тарих пен философиядан, әдебиеттің кешегісі мен бүгінінен тыңдаған «дәрістеріміз» бір университетке татырлық шығар. Батыс әдебиетінен Шығыс әдебиетіне ауысқан кездері рубаиларды бірін парсы, бірін өзбек тілдерінде жатқа оқитын дауысы қазір де күңгір-күңгір құлағымызда.
Жұмыс істеу үшін жағдай керек. Ұжымның жағдайы үшін жанын салатын Қалағаң. Бұл жолда, өзі айтқандай, «сақалы сыпырғыштайболып», «керегенің басынан еттің иісін сезсе, соқыр мысық тырмысады» деп бір күліп алып, бір аяғын сүйрете басып, кірмейтін есігі, бармайтын бастығы аз болатын Қалағаңның. Әуелі… осы редакцияның үйін алу үшін («Заман-Қазақстан» тұсында) біреуді «айналайындап», біреуді «жолбарысымдап», небір тұйықтан жол тауып өтіп, алты ай бойы әлдебір балық шаруашылығының мекемесімен айқаса жүріп, ақыры дегеніне жеткен ағамыз. Шүкір, сегіз жылдан бері игілігімізге айналып отыр мінеки.
Бұдан соң Қалағаң бұрын қанша жерде қызмет істесе де, жеке пәтерге жете алмағандардың шаруасымен шұғыл айналысып кеткен. Баяғы жол… баяғы әуре. Бірақ шаршағанына, шалдыққанына қарамай, мұнда да жақсылыққа жеткен Қалағаң. Бүгінде бірнеше отбасы жаңа пәтер, жайлы орында түтін түтетіп жатса, бұл да – асыл ағаның арқасы.
Қалағаңның бөлмесі… Құдай-ау, кімдер ғана келмеуші еді осында. Алыстан, жақыннан. Танитын, танымайтын. Ақылдасуға, амандасуға. Бұның сыртында жылап келетін, сұрап келетін, күрсініп кіретін, күліп шығатындар қаншама. Олардың бірі де Қалағаңнан «жоқ» дегенді естімейді. Қарманып отырып, қалтасын қарайды, созылып барып сейфін ашады. Енді бірде бұғалтырын шақырып, «жоқтан» барды тап дейді. Қызық еді-ау Қалағаң! Ғажап еді ғой қайран аға! Әлдекімнің шаруасын өз шаруасындай істейтін, біреулердің мұң-зарын өз мұңындай көретін, жақсылығынан қарымта, шапағатынан қайырым әсте күтпейтін, міндетсінуді білмейтін Қалағаңдай кім бар екен өмірде.
Қалағаңның бөлмесі… Машинканың сыртылы… Көз алдымызда – Қалағаң. Айналмалы қара креслосында шайқала отырып, күңгір-күңгір сөйлейді… «Социализм кезінде де осы өңеш орнында болатын. Қазанды қаспағымен, сиырды баспағымен жұтатындар ол кезде де болған, бірақ шамадан тыс кеткендері жазасын тартатын. Ал, қазір…» Ауық-ауық ойланып алып, тағы да сөйлеп кетеді. Ауыздан шыққан түйдек-түйдек сөз тіркес-терін машинкада әрең үлгеріп басып отырады Айнаш… Соңғы үш томдық шығармалар жинағына кірген көптеген публицистикалық шығармасын Қалағаң жазудың осы түрімен («диктовкамен») осы бөлмеде дүниеге әкелгенін, әрине, біреу білер, біреу білмес.
Осы бөлмеде… осыдан бір-ақ ай бұрын аяулы Ағамен соңғы рет емен-жарқын әңгімелескенбіз. Сонда бір сөзінде:
– Мен ажалдан қорықпаймын. Ол итіңді ойлап уайымдағаннан пайда не, қашсаң – тазы боп шалам, ұшсаң – қырғидай ілемін деп, Қособаның түбінде сарғая күтіп жатыр ғой бізді. Қазір менің жанымды аурудың азабы ғана қинайды,– деп еді.
Өткен аптада Ағамызды аэропорттан қарсы аламыз деп едік. Амал не, ақбозымыз Қособадан құйрық-жалын шорт кестіріп келді ғой…
… Міне, Қалағаңның жұмыс үстелі. Қаңтарулы қазанаттай бос тұр (Шерхан)… Құлап жатқан қаламдар… Жазылмай қалған ақ парақтар… Жақсы ағаның алдын көрдік. Жазмыштан бізге бұйырған үлкен несібе де осы болар.
Қош, әкеміздей болған Қалаға! Қош!
2001 ж.