ТОН

Әсілі, пәле деген сайтанның жүрмейтін жері, ұрынбайтын адамы жоқ шығар. Біреулерге ол қызыл ала, көк ала ақша болып жолығып, басты айналдырады. Енді біреуге қылымсыған қыз, қылмыңдаған келіншек боп кезігіп, жолдан тайдырады. Кейін оның қыз да емес, қызыл ала ақша да емес, қып-қызыл пәле екенін білесің. Білесің де аһ ұрасың, сан соғасың.

Жоламан да өстіп аһ ұрды, сан соқты. Бірақ пәле шіркін я қыз, я ақша боп жолықса, арман не, Жоламанның қолын тосып жатқан сайтан түкке арзымас тон болды. Иә, тон. Тон болғанда, біреу қызығар қынама бел, қызыл тон да емес – қойшылар киетін кәдімгі сабалақ жүнді ұзын тон.

Осы тонға кезіккенше Жоламанның жолында бір кедергі болған жоқ, алдынан ылғи айқара даңғыл ашылып, сорапсонары кеңейіп, бір биіктен бір биікке құлаш ұрып жатқан-ды. Астанадан университет бітірді. Бітіргенде көптің бірі секілді көк диплом да алмады, қызылынан ұстады. Факультетте кеше ғана комсомол ұйымының хатшысы, жатақханада студсовет бастығы, домбыра оркестрінің жетекшісі болған сегіз қырлы, бір сырлы жігіт университетке де керек-ті. Керектігін айтқанда, далада өскен жас бөрі далаға қарап ұлыды. Сөйтіп түбіт иек, қылшық мұрт кезінде сонау Ертіс бойындағы туған ауылына «шу, қарақұйрық» деп тартып отырды.

Шүкіршілік, бұл жерде де Жөкең жолы сүрлеу-соқпақсыз кең арнаға түскен. Әуелі мектепте мұғалім, сосын оқу ісінің меңгерушісі, одан кейін совхозда комсорг… аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы… бөлім меңгерушісі… совхозда парторг… одан кейін партия комитетінде нұсқаушы. Үнемі өсу, тоқтаусыз өрлеу! Өрлемейтін, өспейтін жөні де жоқ. Түр десе, түрі бар: сұңғақ бойлы, аққұба өңді, қара бұйра шашты, қаршыға көзді, кең маңдайлы келістінің нақ өзі. Мінез десе, мінезі бар: үлкеннің алдында иіліп, кішінің алдында жымиып, жүрген жерінде жылу шашып жүретін, ойхой, жігіттің бір төресі. Өнер қандай?! Домбыра тартқанда – ауылдағы Құрманғазы, ән салғанда – қаладағы Ғарифолла. Сауық-сайран, ойын-тойдың ажары. «Әй, тусаң туғыр, Бексейіттің баласы!» – деп үлкендер таңдай қағады. «Жоламан келіп жолымыз болды», – деп жастар жағы қол соғады. Обалы нешік, ол кезде аудан басшылары да

бұған оң қабақпен қарайтын. Оң қабақпен қарағаны емес пе, бір орындығы суымай жатып, екіншісіне қонжита қоятыны. Және орындық болғанда қандай, бірінен бірі биік. Өстіп биіктейбиіктей креслоға, креслодан таққа ұмтылар ма еді, кім білсін, егер анау тон деген пәле жолықпаса… Иә, сайтан алғыр, сол тон бұның бүкіл жолын кесті де тынды. Жоқ, кесті деп кесіп айту да әділдік емес, дәлірегінде үздіксіз өрлеп бара жатқан екпінін кілт тежеп, түп-түзу жазыққа салды да жіберді. Бұдан әрі, бір сарынды мимырт жүріс, миқұрт жұмыс жыл артынан жылға жалғасып кете барды. Баяғы отыз жасында отырған нұсқаушының орындығында табаны күректей он сегіз жылын өткізді. Қара шашы ағарды, аққұба өңі сарғайды, бой шөкті, ой тозды. Бәрі де сол бір жаман тонның кесірі.

Тон!.. Расында, ол Жоламан үшін үсікке киер тон емес – жүрекке қатқан тоң болды. Бұл тоңның көкірек қарып, бой мұздатып тұратын да кезі көп. Сондай сәтте сона-ау бір жылғы сары аязды, айлы түн еріксіз есіне түсер еді.

…Иә, айлы түн, сақылдаған сары аяз еді. Күні бойы совхоздарды аралап, кешкісін ауданға қайтқан беті болатын. ГАЗ-64 машинасы Ертістің қайың-талды жағасында бір сарынмен гулеп келе жатты. Жолдың екі жағы – кісі бойы қасат қар. Қасат қардың бетінде уыс-уыс ұнтақ шыны шашқандай – фар жарығымен жылтылдап, ай сәулесімен ұшқындап, жымың-жымың етеді. Аспан – жұлдыз, жер – жұлдыз, екі дү ние астасып, ара жігі тұтасып кеткендей. Меңіреу дала, мүлгі ген тыныштық. Құлақта тек машинаның гуілі. Анда-санда таяу маңнан Ертіс мұзының торс етіп жарылып, күтір-күтір сынғаны естіледі. Сосын тағы – бір сарынды гуіл. Көзге ұйқы тығылады. Бірақ қалғи берсе болды, «баяғыда…» деген барлық қан дауысқа елең ете қалады. Одан кейін ұйықтап көр. Орындығына шалқая шіреніп, шәниіп отыратын шопыры – Мұқай «шалдың» әңгімесі де таусылып бермес жол секілді «бір қиырдан бір қиырға» сүйреп кете барады. Шал дейтін бұл шал да емес, елудің о жақ, бұ жағындағы егде адам. Сөйте тұра қызметтегінің бәрі бұны «шал» дейді. Бірақ, бір қызығы, жарты тұтам бойына жарты сиырдың еті сиып тұрғандай осы домалақ шалды көргенде, бірінші хатшыға дейін «Мұқа-Мұқалап» тұратыны бар. Содан да болар, Мұқаң сөзді кесегінен турайды, «баяғыдан» басталатын әңгімесі бірінші хатшыға тура соғып, жай хатшыға жанай өтіп жатады.

– Баяғыда, – деп алдымен қарқ-қарқ күліп алады. – Біздің ауданда Тоқтабаев деген бір «құдай» болған соғыстан кейінгі жылдары. Расында, құдай емес, құдайдан былай да еместің зоры еді. Тоқтабаев десе, біреулердің жүрегі тоқтап қала жаздайтын. Қалай тоқтамасын, жүріп өткен жолында қара боран қалады, сөйлеп кеткен жерінде долы дауыл тұрады. Қысқасы, бет қаратпас, жан шыдатпастың өзі болатын. Сол Тоқтабаев бүкіл ауданда жалғыз маған ерекше, бөлекше қарады дегенге сенесің бе? Сенбесең өзің біл, солай болды енді. Қалай дейсің ғой? Ендеше тыңдай бер…

Машина бір сарынмен гулейді. Таусылмайтын жол, таусылып бермес әңгіме.

– Ол кезде жаспын, – деп Мұқаң «ойхой, шіркін!» дегендей бір керіліп алады. – Райкомға шопыр болып жаңа келген кезім. Келгенде тура Тоқтабаевтай аждаһаның аузына түскем. Ысқырынып тұрады, ызғарланып отырады. Анда кеттік, мұнда кеттік, барып кел де алып келмен шыбын жанға бір тыныштық бермейді. Кешке дейін құстай ұшам, кешке қарай мұрттай ұшам. Ертеңінде тағы сол. Таңсәріден Тоқтабаевты томардай ғып жаныма отырғызып алып, аудан, облыс көлемінде бармайтын жерім, көрмейтін елім, естімейтін сөзім болмайды. Жұмысқа шегедеймін, іске ұқыптымын. Ұқыптылығым сондай, көрген, білген, естігенімді түп-түгел мына төсқалтадағы төстабандай блакнотқа түртіп қойып отырам. Ол блакнот қазір де, міне, қалтамда. Мұнда не жоқ дейсің, ойбо-ой, бәрі-бәрі бар ғой. Баяғыда, бала кезімде «Хандар шежіресі» дегенді естуші едім. Бұным да сондай шежіре баяғы (Кеңк-кеңк күліп алады). Иә, сонымен, Тоқтабаевпен жүргенде… блакнотыма былай деп түртіп қоямын: «Каганович» колхозы. Қайрақбаев деген қойшының үйі. Машинаның артында – жарты қойдың еті. Қойды сойған – Қайрақбаевтың көмекшісі Құрақбаев. 1947 жыл. 22 иануар…» Келесі бетте тағы осындай жазулар. Мысалы мынадай: «Облыстан келген Орлов деген өкіл. Бір піләгі бал. Омарташы – Сергеев. 15 агүс. 1948 жыл…» «Тереңкөлдің жағасы. Тоқтабаев және комсомолдың хатшысы Маржанкүл. 25 май, 1949 жыл…» Өстіп «шежіре» біраз қалыңдап қалған кез еді. Бір күні үйден шыға бере балоным жарылып қалып, оны ауыстырғанша біраз уақыт өтіп кеткені. Райкомға келсем, Тоқтабаев қара түнек боп түтігіп, есік алдында тұр шіреніп. Ал кеп ит терісін басыма қаптасын. Ата-баба, зәузат-жұратымнан түк қалдырған жоқ. Не жағдайды айтуға мұрса бермейді. Ақыры беті көгеріп тұрып айтқаны: «Жұмыстан боссың. Кете бер!» «Аға» деп ауыз аша беріп едім, «Сөз бітті. Марш!» десін тағы да. Ой, сайтаным ойнады-ау! Қаным басыма шапшысын. Бүйтіп жұмыстан босағанша өлгенім артық емес пе. «Мен кетпеймін. Кетсем – тегін кетпеймін» деп салдым. «Не деп тұрсың?» деп көзі қызарып жақындап келеді. «Менің дегенім – деген. Енді мынау не дейді екен, тыңдаңыз» дедім де, блакнотымды суырып алып, судырата жөнелдім… Тоқтабаев біраз тыңдап тұрды да «Өй, ит! – деп қарқылдап кеп күлсін. – Сенің мұндай жазушылығың да бар ма еді? Қайтер екен деп қалжыңдасам, сен шынға бастың ғой. Өй, ит!.. Жә, отыр машинаңа, кеттік!»

Бұдан кейін «әй, баладан» да құтылып, «Мұқай батыр» атан дым. Бірақ Тоқтабаев қапымды тапса, қағып жіберуге әзір-ді. Мұндай адамдар күліп отырып-ақ күніңді қараң қылуы оп-оңай. Бұны білмейтін, сезбейтін мені ақымақ дейсің бе, ол күлсе – мен де күлемін, күле жүре етек-жеңімді қымтай түсем. Сәл жібің босап, жілігің қисайды ма, бұлар аямайды, тегінде. Сонымен, не керек, аңдысумен, арбасумен екі жыл өте шықты да, ойда жоқта оның қызметі облысқа ауысып, қызылкөзбен сөйтіп қоштастым ғой ақыры.

Машина бір сарынмен әлі гулеп келеді. Манағы жез табақтай қызғылт ай қазір бозара ағарып, терезенің оң жақ шекесіне шығып алған.

– Баяғыда, целинаның кезінде… – деп Мұқаң әлдеқандай бұрылыста тағы бір әңгіменің ұшын шығара берді де, кенет тежегішті кілт баса қойды. Артқы доңғалақтар тайғанақтап, бұраңдап барып, жиектегі қасат қарға тірелген.

– Өй, әкеңді… – деп Мұқаң сыртқа ұмтылды.

Жолдың сол жағында шана жеккен бір бурыл ат бері қарай үдірейе қарап тұр. Фар жарығында көздері ұшқын атып, жалтжұлт етеді. Бөркінің құлақ бауын тамағынан тас қып байлап алған шолақ тонды біреу шанадан қорбаңдап түсіп жатыр:

–       Әй, кімсің сен?! Машинаның астына түсе жаздадың ғой, оң баған! – дейді Мұқаң тепсініп. Жоламан да оған жақындап келген.

–       Не, түн қатып бірдеме ұрлап жүрсің бе? – деп Мұқаң шанаға үңілсін.

– Жо-жоқ, әншейін тойдан қайтқан бетім ғой. Бір қойшымыздың қызы тұрмысқа шығып… содан.

Мұртының ұшына мұз қатқан. Тон жағасы ақ қырау. Алпысқа жақындап қалған адам секілді.

– Кім боласыз? Қай колхоздансыз? – деді Жоламан жай ғана.

–       Қойшымын… Қасымхан атым… «Молотовтан». – Ол тері қол ғабын шешіп, тоңған сыңай танытып, алақандарын ысыпысып қойды. Кібіртіктеп, әлденеге ыңғайсызданып тұрғандай.

–       Жақсы. Жолыңыз болсын, – деді Жоламан. «Осы кісіні қайдан көрдім? Жүзі сондай таныс. Әсіресе, шалғайына мұз қатқан анау ұзын мұрты біреуді еске салғандай» деп ойлады кабинаға бұрылғанда. Неге екені белгісіз, бір қимас адамымен қоштасқандай жүрегі де сыздай қалған.

–       Ішіп алыпты. Аузынан иісі мүңкіп тұр. – Мұқай машинасын гүр еткізіп, жүріп кетті.

–       Той болған соң ішкен де. – Жоламан пальтосының жағасын түсіріп, жайланыңқырап отырды. Мұқай мырс етті. «Осы – райкомның сөзі ме?» дегендей.

Жолдың алды – боз тұман. Ертіс буы бері аунаған се кілді. Мұқай ыңылдап ән салады. «Дүние – бір қисық жол бұраңдаған…» Сөзі – осы. Бұдан әрі – ыңыл. Ыңыл ыңырсып ба рып біткен кезде, ән сөзі қайта жалғасады. «Дүние – бір қисық жол-о-у бұраңдаға-ан…» Бұдан соң – мұрын шулатқан тағы ыңыл. Жоламан өз ойымен өзі әлек. Жаңағы қойшыны қайдан көргені есіне түсер емес… Шалғайына мұз қатқан мұрт… Шағаланың қанатындай қырау шалған аппақ қас… Екі иығы түсіп, еңкейіңкіреп тұрған тұрысы да көзге тым жылыұшырайды. «Неге сөйлеспедім? Несіне асықтым?» деп және өкінеді. Енді бір тұста ойына әкесі оралған. Марқұм, ол да қойшы еді. Оның да ғұмыр бойы кигені саптама етік, шолақ тон, елтірі бөрік-ті. Бүгінде біреу жиреніп, біреу жиырылып қарайтын осы киімдер Жоламанға соншама ыстық, соншама сағынышты көрінетіні бар. Шіркін, мұрын қытықтар иісі қандай бұлардың?! Кейде тон киіп тұрған адамды көрсе, Жоламан оны құшақтап тұрып, қойнына басын тығып жібергісі келеді. Егер сөйтсе, көзінің жасы ыршып-ыршып түсер ме еді, кім білсін… Бірақ оған қайда, ылғи іштен тежеп тұратын әлдебір күш, әл дебір көз көлденеңге қия бастыра ма, құрғыр?.. Әйтпесе, кө ңіл аңсайтын, жүрек қалайтын дүниесі көп қой, көп. Әттең, қызмет, шыжыған күнде алқымнан қысқан мына тоқпақтай галстук талай еркін тыныстан қағып жүр ғой, не керек. Бәрі жасанды, бәрі бұның табиғатына жат. Бірақ өзі сызып қойған шеңберден өзі шыға алмайды шырмалып.

Жоламан күрсінді. Әлгі қойшы есіне қайта түсті… Шалғайына мұз қатқан ұзын мұрт… Шағаланың қанатындай қырау шалған аппақ қас… Салбыраған екі иық… «Құдай-ау, әкемнің сол бір кештегі түрі ғой бұл!..»

Жоламан мектеп бітірер жылы қыста, қой соңында, бір түн далада қалған әкесі екінші күні кешке ғана үй есігін әзер тапқан. Сонда… табалдырық тұсында қасы мен мұрты аппақ қырау болып, екі иіні түсіп, еңкейіңкіреп тұрып еді ол. Содан қайта еңсе көтере алмап еді ол. Ыстығы көтеріліп, бір апта үйде жатты. Сосын сәл басын көтере салып, қайта қой соңына ерді. Күрк-күрк жөтелі бір басылмайды. Қарға адым жүрсе, демігіп қалады. Күн өткен сайын көзі ішіне кіріп, өңі сарғайып, бірер айда саудыраған қу сүйегі қалған. Дәрігерге бармады. Баратын жағдайы да жоқ-ты, үйде шиеттей-шиеттей алты бала. Ең үл-кені – Жоламан. Оның өзі сабақта, қыстаудан бес шақырым жердегі мектепке жаяу барып қайтқанша кеш болады. Малға қарайтын адам жоқ. Көмекші алмаған. Оның айлығын алып, шайлығына жаратып отырған шешесі. Құрыққа сырық жалғатып қойған қу тіршілік те баяғы. Ақыры, қайран әке қыс аяғында жығылды. Тұрмастай боп жығылды. Күн ұзақ сары жамбас боп жатады да қояды. «Аяқ-қолым бір жылымайды», – деп зар қағады бейшара. Қабат-қабат көрпенің үстіне ұзын то нын жапқанда ғана жаны жай тапқандай болады. Өмірде ұмы тылмас күндер көп қой, дегенмен, соның ішінде ерекше есіңде қалатын сәттер болады екен. Әкесі көз жұмардан үш күн бұрынғы түнді бұл өле-өлгенше ұмытпайтыны анық. Дем алысы жиілеп, ыңқылдап жатқан ол Жоламанды қасына шақырып алды да: «Бүгін менің жаныма жатшы, балам», – де ді. Бұл жатты. Сықырлауық темір төсектің тұсында білтелі шам өлезгірей жанып тұрды. Әкесі еті қашқан тарамыстай саусақтарымен бұның құлақ түбінен жыбырлата сипады. Бала кезінде қойнында бір уыс боп томпайып жататын Жоламанды ол өстіп ұйықтатушы еді. Одан бері қай заман? Одан бері әке қойнын бұл үйде қай бала ауыстырмады? Есейдім, ержеттім десе де, Жоламан кейде олар ға қызғанышпен қарайтын. Әлденені сағынышпен еске алатын. Ол сағыныш әлі де өшпеген екен. Әкесінің тыртиған арық кеудесін сол түні ұзақ-ұзақ иіскеп еді. Сол тыртиған арық кеудеде бүкіл дала барымен, нәрімен, тек өзіне ғана тән табиғи иісімен исініп жатқандай еді сонда…

Жоламанның ойын жүрісін оқыс тежеген машина бұзып жіберді. Еңсесін тіктеп көтергенде… жол ортасында қап-қара боп жайылып жатқан бірдемені көрді. Мал ма, адам ба – белгісіз. Кабинадан екеуі де шапшаң түсе қалған.

– Өй, әкең… тон екен ғой, – деп, Мұқай жерден шұбата көтеріп алған дүниесін аударып-төңкеріп қарай бастады. Жоламан да қолымен ұстап көрді. Ұзын қара тон. Жалпақ жағасы бар. Тым ескі де емес, тек төменгі бір түймесінің ілгегі үзіліп қалыпты.

– Жаңағы қойшынікі. Ішіп алған дедім ғой… бұтындағы дамбалы түсіп қалса да білмейді, антұрған! – Мұқай кеңк-кеңк күлді. Сосын тұрған жерінде құнжың қағып, шалбарының ауын ағытуға кіріскен. Бет бұрған жағы – құбыла… Боз тұманның арасында – бозғылт ай.

– Айға қарап ауға қол салмас болар, ағасы, – деді Жоламан. Бұнысы – әрірек бармадыңыз ба дегенді басқа жағынан білдіргені еді.

– Үлкенге ақыл айтпас болар, інішек, – деп ол да қарым қайтарып үлгерді.

–       Есте болсын… Ал мынаны не істейміз?

–       Нені?

–       Тонды да.

– Не істеуші едік, машинаның артына тастай саламыз да. Ке йін келіп өзі алар.

– Жоқ, бұны қазір апарып беру керек. Дәл қазір. Машинаны кері бұрыңыз.

– Шырағым, не деп тұрсың? Біз оған жолыққалы кемі жиыр ма минөт өтті. Жиырма минөтте біз машинамен кемі он бес шақырым бері жүрдік. Жиырма минөтте ол шаналы атпен кемі бес шақырым ары жүрді. Демек, екі ортамыз – қазірдің өзінде жиырма. Біз қуып жеткенше ол және бес шақырымдай ұзап кетеді. Сонда деймін-ау, машинаны ары сонша, бері сонша босқа айдаймыз ба? Түн жарымынан асқан уақыт мынау. Қақаған аяз! Бұл қай еріккендік, жолдас райком?

– Бұл – еріккендік емес, адамгершілік, Мұқа. Адамгершілік жолы ешқандай келеметір-шақырыммен өлшенбейді. Машинаны кері бұрыңыз.

Мұқай өлген итті көмуге апара жатқандай тонды желкесі нен дырылдата сүйреп әкеліп, артқы орындыққа атып ұрды. Мотор бар-р ете қалды. Доңғалақтар шұғыл кері бұрылды.

Бұл – тон хикаясының басы – сенбі күнгі түн еді…

* * *

Дүйсенбіде қызметке алыс жолға алып жүретін қызылқоңыр чемоданын көтере келген. Түске жақын қалаға жүрмекші еді. Ауданды аузына қаратқан «Халық театры» енді облыс төріне шықпақшы. Оны бастап апаратын – үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы Жоламан Бексейітов. Кәдімгі осы Жөкең. Күні бұрын солай шешкен комитет. Бұл шешімге қатты қуанған Бексейітов. Қалай қуанбасын, бір кездегі Мәдениет үйі жанындағы елеусіз ғана «драмкружокты» «Халық театрына» дейін көтергеннің бірі өзі еді. Сол еңбегі ескерілді. Хатшы айтқандай «аса маңызды мәселе» жас та болса бұған сеніп тапсырылды. Ішкі есебі және бар – бірер күн болсын өнерпаз жастардың арасында сергіп-серпіліп келгенге, шіркін, не жетсін?! Өнерпаз болғанда қандай?! Шетінен әнші-күйші, езу жидырмас күлдіргі. Әзілқалжың, ойын-күлкі де соларда. Еркін жүреді, еркін сөйлейді. Аузыңды бағып, ізіңді аңдып, артық-ауысыңды шотқа тізіп отыру жоқ. Олардың ортасында Жоламанның да жаға түймесі ағытылып, галстугі босап қалатын. Ендеше Жөкең бұл күнді неге асыға күтпесін, күтті. Күткені жетті, міне.

Концерт программасын тағы бір пысықтап алайын деп, қа-ғаздарын алдына жая бергені сол, қабылдау бөлмесіндегі қа ра қыз есіктен бас сұқты да:

–       Сізді Қайракең шақырады, – деді.

–       Неге? – деді бұл қапелімде.

–       Неге екенін маған айтушы ма еді…

Жоламан орынсыз сұрағына ыңғайсызданып қалды. Осы Қайрекең десе қарадай берекесі қашатыны бар. Идеология жө ніндегі хатшы қатардағы нұсқаушыны алдына сирек шақырады. Шақырса, қайтып өзін сағынбастай етіп жібереді.

Дегбірі қашқан Жоламан ат шаптырым дәліздің басына желдей ұйытқып жеткенмен, қабылдау бөлмесіне кіргенде кібіртіктеп қалды. Осы жерде аз-кем аяқ суытып алатын әдеті еді. Галстугін түзеп, шашын тарап, сосын оң жақтағы еңселі есікті ептеп ашты да, ішке имене кіре берді.

Қайрекең айна басы жалтырап, креслосында құйып қойған қола мүсіндей боп сіресіп отыр екен. Алдындағы көлденең үстелдің бір жағында – ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сапар ағай, екінші жағында – Жоламанның тікелей бастығы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Есағаң. Бұның сәлеміне Сапар ағай бас изеді де, ана екеуі еріндерін жыбыр еткізіп құтылды. Жоламан сезді бір бәленің болғанын.

Қайрекең босаға тұсында состиып тұрған бұған шеткі орындықтың бірін нұсқап, «отыр» деген ишарат жасады. Оған отыра беріп еді, төрдегі сұқ саусақтың ұшы екі меңгерушінің тұсына таман көзделді. «Жақынырақ» дегені. Жоламан көрсетілген жерге орындығын жылжытып қойып, суретке түсетін адамдай қыбырсыз отыра қалды. Құдды сот залындағы көрініс. Төрде сот – Қайрекең. Екі жағында – заседательдер – екі меңгеруші. Айыпталушының орындығында – Жоламан. Рас, қызық көрініс. Күлкілі көрініс. Қай сайтанның түрткенін, Жоламан абайсыз езу тартып қалғаны. Бұған қас қақпай қарап отырған Қайракең мен Есағаң «мынаның есі дұрыс па?» дегендей бір-біріне таңдана қарасты.

– Айттым ғой, – деді Есағаң Қайракеңе ақырын күңк етіп. Не айтқанын кім білсін, Қайрекең оны мақұлдағандай еріндерін жымқыра түсті. Қашанғы сабырлы қалпын Сапар ағай ғана бұзар емес. Бірақ аққұба, дөңгелек жүзінен әлдеқандай мазасыздық сезіледі. Үнемі жылу шашып тұратын шүңірек қоңыр көздері, неге екені белгісіз, бұған қарай беріп тайып кетеді. Бір нәрсеге өзін кінәлі есептейтіндей.

–       Командировкаға қалай барып қайттың? – деді Қайрекең.

–       Жақсы.

–       Дұрыс-ыс. Былай… особый случи жоқ па?

– Жоқ. Екі колхозды түгел аралап шықтым. Малшылардың жай-күйімен таныстым. Биыл кейбір шопандарға күпәйке, сырма шалбар берілмей қапты… Қыс бойы автолавка, автоклуб дегеннің төбесін көрмеген қыстақтар да бар…

– Дұры-ыс. – Қайрекең автоқаламының сабымен үстелді ты-қылдатып қойды.

«Оның несі дұрыс?» дегендей Сапар ағай оған сұраулы пішін аударған. Бұған мән берген Қайрекең жоқ:

– Ал малдың жайы қалай? – деді.

–       Иә, соны айтпайсың ба алдымен, – деп Есағаң Жоламанға енді бүтін бұрылып отырған. Тырбиған жуан қолдарын қабақтай қарнының үстіне айқастыра салыпты.

–       Малдың күйі жаман емес. Жем-шөп жеткілікті. Қора-жайлар биыл ерте бүтінделіпті. Тек біраз малшының үйіне таскөмір жеткізілмеген көрінеді.

Есағаңның жаңағы бүтін бұрылған беті қайта ары бұрылып кетті. «Әлгі әуеніне тағы басты» дегенді Қайрекеңе иығын қиқаң еткізіп білдірді. Жоламан осы кісіге несімен жақпайтынын білмейді. Қашанда бұның алдында анау тайқы маңдайы тыртысып-қыртысып тұрғаны. Жыны қозғанда, кейде ойындағысын айтып-айтып тастағысы келеді, бірақ әкемдей адамды беттен алып қайтем дейді де қояды.

– Дұры-ыс… Ал жолда не көрдің?

– Жолда – қалың қар… «Молотов» пен «Кагановичтің» ортасын дағы ұзын көпірді қызыл су алып кетіпті. Жол жөндеу шілерге тезірек тапсырма бермесе қиын болатын түрі бар.

Есағаң мырс ете қалды. Артынша:

– Айттым ғой… – деді Қайрекеңе тағы.

Сонда не айтқан бұл? Жұмбақ. Бірақ не айтса да кабинетке Жоламан кіргенше, Қайрекеңе бір нәрсені сыбырлап қойғаны анық. Ал Қайрекең бұдан көз алмайды. Тесіле, сұқтана қарайды. Сені осы бір зерттеп алайыншы деген сыңай бар жүзінде. Жоламанның шеке тамыры солқылдай бастады. Іштей қыстығып та отыр. Енді болмаса жарылып кетердей «Ау, айыбым болса – айтып өлтірмейсіздер ме? Бұл не жұмбақ, не аңдысу?» деген сөз көмейіне тіреліп-ақ қалған.

– Жолда… сендер бір тон тауып алды дей ме, қалай? – деді әлден уақытта Қайрекең.

– Ә, тон дейсіз бе?.. Таптық. Қасымхан деген қойшынікі екен. Кейін бұрылып, өзіне апарып бердік.

–       Кейін қанша шақырымға бұрылдыңдар?

–       Жиырма бестей боп қалар!

– Жиырма бестей!.. Һі! Бір жаман тон үшін соншама жерге машинаны ары-бері айдадыңдар, ә?! Бұны қалай түсінеміз? Сен анау-мынау емес, райкомның инструкторы емессің бе?

Жоламанның жарылған жері осы болды. «Жаман тон» дейді. Жаман тон! Есіне әкесі түсті. Ғұмыр бойы осы жаман тон оның жанына жамау, тәніне қамсау болып еді. Дүниеден де осы жаман тонды жамылып өтіп еді. Ол кімнен кем-ді? Ол сары жамбас боп сарғайып жатқанда, қай райкомның адамы келіп қол ұшын беріп еді? Келсе, малға келетін – адамға емес. Мал сонда кіммен мал еді? Егер осы жаман тон Қасымхан деген қойшынікі болмай, қайдағы бір қасқа бастың шанасынан түсіп қалса, оны Жоламан «соншама жерге» кері бұрылып апарып берсе, о-о, онда Жөкеңнің ерлеп шығатыны анық-ты. Мәселе қойшыда боп тұр ғой, қойшыда-а!

– Аға, – деді Жоламан еңсесін тік көтеріп. – Біріншіден, мен – райкомның инструкторынан бұрын, ең алдымен, адаммын. Адам болған соң бәрінен де адамгершілікті жоғары қоямын. Екіншіден, тон – киім емес, қойшы – адам емес дегенді естігем жоқ. Осы жағынан айыпты болсам – қызметтен қазір шығып кетсем де өкінбеймін.

Қайрекең де, Есағаң да аңырып қалған. Бір-біріне таңдана қарайды. Бұл қарастан «Мына неменің мінезі бар екен ғой. Қалай байқамағанбыз?» деген де аңғарылады. Сапар ағайдың аққұба өңіне қан жүгіріп, қос жанарына баяғы жылы ұшқын қайта ұялай бастаған.

– Кім сені қызметтен шығарайын деп отыр? Қай жерде жүрсең де ресми адам екеніңді ұмытпа деген ғой біздікі. Әрине, адмгершілікті ұмытпаған жөн. Бірақ әр нәрсенің өз орны бар… Біз қойшыларды сыйлаймыз. Үлкен форумдарға делегат боп баратын да солар. Депутат та солар. Олардың жағдайын ойлаған дұрыс, әрине… Сосын не айтайын деп едім?.. Жә, сөз осы, – деді Қайрекең алдындағы қағаздарын кібіртіктей жинастырып.

Сөз осы болса, тұрайын деп, Жоламан орнынан көтеріле бергенде, Есағаң:

– Қайреке, анау мәселені, анау әлгі… «Халық театры» жөнінде… – деп иегін шошаң-шошаң еткізді.

– Иә, айтпақшы, Жоламан сені мұнда тон үшін шақырғамыз жоқ, негізгі мәселе мынада. «Халық театрын» облысқа басқа адам апарады. Сен партконференцияда жасайтын менің баяндамамды дайындайсың. Мына қағаздарды ала кет.

…Түске жақын Жоламан кабинет терезесінен сыртқа көңілсіздеу қарап тұрды. Алаңның бергі бетіне тоқтаған көкқасқа автобусқа «Халық театрының» өнерпаздары мәз-мейрам болып отырып жатты. Ең соңында… райком үйінен шайқала басып шыққан Есағаң ішке кіргенде, салон есігі сарт жабылды. Жоламан теріс бұрылды. Стол үстінде бұрқырап жатқан қағазға жүрегі айни қарады. Баяндаманың материалы еді.

* * *

…Арада талай жыл өткен.

Бұл аралықта талай патша тақтан ауысты. Талай қасқа ғұмырын сарқып тауысты. Кәрінің орнын жас басты. Дүние көп өзгерді. Өзгермеген тек Жоламанның қызметі – баяғы сол майлыққа да, сулыққа да жүре беретін нұсқаушы қалпы. Каби неті де сол – екінші қабаттағы ең шеткі бөлме. Бірақ онда отыратын қазіргі Жоламан баяғы «әй, тусаң туғыр Бексейіттің баласы» емес-ті.

Ертеңгілік… 9-ға тура 15 минут қалғанда көнетоз қара пап кесін қолтықтап, қоңыр күздің қоңырсалқын ауасымен ты ныстап, үйден үнсіз шығып кетеді. Қайда барасың, бүгін не істейсің дейтін бұған ешкім жоқ, бала-шағасынан көршіқолаңға дейін бәрі біледі: Жөкеңнің қашанғы маршруты біреуақ – таңертең райкомға, кешке үйіне. Бұл маршрут үстінде көлденең көк аттыға иіліп сәлемдесіп, қиылып жөн сұрасып та жатпайды, әрі кеткенде ерні ғана жыбырлап өте шығады. Бұдан артықты «көк атты» да күтпейді, күн сайын осы уақытта осы жолдың тек оң жағымен жайлап басып бара жатқан Жөкеңді көрді не, көрмеді не – кімге болсын айран ішкенмен бірдей. Ешкімге, еш нәрсеге мән беріп жатқан Жөкең де жоқ, бурыл басын кәрі бурадай кегжитіп алып, қызыл жалау желбіреген сонау ақ үйге қарай ақырын жылжи береді. Арагідік тоқ тап, көзілдірігінің қалың шынысын етектей орамалымен жарқыратып сүртіп алады. Одан жарқырап кетер дүние де шамалы, бір елі шынының ар жағында екі тамшы судай ғана жыл тырап тұрған қос қарашық қайбір қарайғанды көріп жарытсын? Бірақ сол қарашық мүлде сөніп қалса да күндегі жү рер жолынан, күндегі істер ісінен титтей де жаңылмас еді Жоламан. Өйткені Жөкеңді қазір билейтін көз емес – дағды. Ал дағды билеген жерде көретін көздің, ойлайтын бастың қажеті аз… Қызық! Жоламан кейде ой жетегімен келе жатып, көз алдындағы дүниенің бәрінен бір сәтке алыстап, тым жырақтап кететіні бар. Ондайда көбінде көретіні… баяғы бұлдыр-бұлдыр көк белес… Көк белестің үстінде – түтіні сыздықтай көтерілген киіз үй… «Шәйт-шәйттап» қой қайырған әкесі… Құдай-ау, қазандық астында бықси жанған қидың иісіне дейін мұрынға ап-анық білінеді… Жөкеңнің көкірегі қарс айырыла күрсінеді. Күрсінген сәтте… он сегіз жыл отырған өз кабинетінің босаға тұсында тұрғанын байқайды. Қашан келді, қалай келді – оны ойлап бас қатырып жатпайды, көнетоз қара папкесін үстелдің бір шетіне қойып, арқалықты ағаш орындыққа жайғасып отырады. Көзілдірік шынысын тағы бір сүртіп алып, оны қай та кигенде, қарсы алдындағы сары шкафтан Лениннің 55 томдығын көреді.

«Жарықтық, осыншама кітапты қалай жазған?!» – деп ертеректе таңғалатын. Кейін әр томын жеке-жеке парақтап қараса, қақ жартысы – әншейін баяндама, хаттама, документтік ісқа ғаздар екен. Кейде бес-ақ сөзден тұратын бір телеграмма тұтастай бір бетке басылған. «Егер он сегіз жылда менің жазған баяндамаларым мен іс-қағаздарымды түгел жинақтап бастырса, ол да 55 томнан кем болмас» деп ойлайды бұл. Бірақ ол Ленин де, бұл Жоламан ғой… Және бұның жазғандарынан кімге не пайда? Түкке тұрғысыз бос сөздер. Жасанды, жаттанды, мұздай сірескен жалаң тіркестер. Нәрсіз, дәмсіз цифрлар мен фактілер. Бұлардың бәрі қарға түскен із секілді, бүгін бар да, ертең жоқ. Алғашқы жылдары осының өзіне қаншама жүйке жұқартты десеңші! Не жазса да ойланып-толғанып, небір дерек терді іздеп-тауып, қаншама қағазды ақтарып-төңкеріп, өз қолынан шыққан дүниенің мұнтаздай таза, мысқалдай мінсіз болуы үшін барын салатын. Ертеңінде хатшы оны биік мінбеден оқып тұрады. Залдағылар ду қол соғады. Түні бойы ұйықтамаған бұл артқы орындықтардың бірінде қалғып-мүлгіп отырады. Хатшыға ханның сөзін жазып берсе де «Жарайсың, Жоламан!» дейтін пенде жоқ, «Ана цифр қайда, мына сөзің не өзі?» деп көзге шұқымаса – оған да шүкір. Осындайды көре жүріп кейін қуланып та алды. Қуланған соң жұмыс жеңілдеді. Ендігі жазғандарында тек сандық көрсеткіштер ғана өзгеретін болды. Сөз бұрынғы «Жолдастар, партияның …інші съезінің шешімдеріне сәйкес аудан алдындағы міндеттер…» боп кете барады. Басқаша жазуға құлқы да жоқ, еркі де жоқ. Ерікті қойшы, ол шіркінің жалғыз партияның қолында ғой, ал бұны құлықтан айырған – баяғы тон. Бір қызығы, ол тонға қатысты көп сырды Жөкең арада сан жыл өткенде, тек таяуда ғана естіген.

Иә, таяуда ертеңгілік қызметінде отыр еді, қолында имек басты иір таяқ ұстаған, ұзын бойлы, ашаң жүзді, егделеу адам есікті ақырын ашып кірді. Жоламан көзілдірік астынан сүзіле қарап отырып, оның Сапекең екенін аңғарды.

–       Танымадың ба, шырағым? – деді ол сәлемін селқостау ал-ған бұған.

–       Таныдым. Отырыңыз, – деп алдындағы орындықты нұс-қады.

Бір кезде өзін қызметке алдырған ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сапекең – Сапар ағай осы. Біраз жыл бұрын пенсияға шығып, қалада тұратын баласының қолына көшіп кеткен. Содан бері Жоламан көрген жоқ-ты. Шөгіп, шөжің кіреп қапты. Шашы аппақ қудай. Көзі шүңірейіп, жағы суала түскен. Бұл кісіні Жоламан ерекше жақсы көруші еді, «Сапар ағай, Сапар ағай» деп құрақ ұшып тұратын. Сол сөз енді аузына түспей, сол сыйластығын қазір де көрсетуге шамасы жетпей, іштей ыңғайсызданып та отыр. Соңғы жылдары өзіне не болғанын түсінбей-ақ қойған. Жүректі лүпілдетіп, көңілді лепіртіп, тұла бойында лыпып тұратын баяғы ыстық қан жоқ. Атар таңды асыға күтіп, батар күнді қимай шығарып салатын өмірге деген құштарлық, біреумен сағына көрісіп, біреумен жан сырын бөлісіп жүретін адамға деген іңкәрлік – ол да жоқ. Бұлардың әлдеқашан ұшқыны сөніп, қоламтасы суып қалған. Соны Сапекең де сезгендей:

–       Көп өзгеріпсің ғой, інім, – деді.

–       Мүмкін, – деді бұл бір-ақ ауыз сөзбен.

Сапекең бір қолайсыз әңгімені бастауға батылы жетпеген адамдай қипақтап, біраз үнсіз отырып қалды.

– Айтыңыз, Сапеке, не шаруа?

– Менің жасымдағы адамда не шаруа болушы еді, шаруаның бәрін кезінде осы үйде тауыстық қой. Ендігі мәселе – тыптыныш өлу де. Бірақ арың таза болмаса, оған да жете алмайды екенсің. Тіршілікте біреуге жасаған қиянатың, біреуге істеген қиястығың кәрі жүректі сыздатады да тұрады. Қазір түні бойы көз ілмейтін кезім көп. Сондайда қу жанымды қоярға жер таппай қиналамын. Тәніңді кәрілік мүжіген түк емес, жаныңды арың қинаған жаман екен, інім…

«Бұл кісі неге таусылып сөйлейді? Не істеп қойыпты сонда? Әлде мен білмейтін бір сыры бар ма?» деп ойлады Жоламан. Бірақ үндемеді. Бұдан үндеу қалғалы қашан.

– Білем, Жоламан, сен мені таза адам деп ойлағансың. Болмаса, солай деп есептедің ғой… Жоқ, шырағым, мақшар алдында жасырып қайтейін, мен ондай адам болғам жоқ… Сен ойлағандай, сен сыйлап құрметтегендей мен о бастан үлкен адам да емеспін. Күштінің ығынан, мықтының дегенінен шықпай, «ләпбай, тақсырмен» ғана өмір сүру қандай бейшаралық десеңші. Өмір сүру деймін-ау, өз пікірі, өз дегені үшін күресе алмаған, ғұмыр бойы жалтақтап, жалпаңдап сүрген өмірдің несі өмір? Бір жерде бір сөзін өткізе алмаған адам – адам ба? Мен сондай бейшара, дәрменсіз, міскін ағаңның бірі болдым, Жоламан. Есіңде болсын, адамға деген қиянат, қиястықты тек азуы алты қарыс жуандар ғана жасамайды, өз күні, өз қара басы үшін бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүре беретін, көзі бар да көрері жоқ, аузы бар да сөйлері жоқ мен секілді можантопайлардың да қолынан талай жаманшылық келеді… Өзің айтшы, маған Сапар ағай иттік жасайды деп ойладың ба, сен? Жоқ, ойлаған жоқсың. Айтса, сенбес те едің. Ал мен жасадым соны. Иттік істедім саған. Бірақ әдейі емес. «Әдейі емеспен» ақталайын деп отырғам жоқ. Ендігі жерде ақталды не, қойды не? Болар іс болды, өтер іс өтті. Бір адамның жолын кестім… Болайын деп тұрған, болашағы зор адамның жолын кестім. Ол – сенсің, Жоламан. Соным үшін кешір мені!.. Қолыңнан келсе, кеш, інім…

Жоламан терезеге көзін бұрды. Мөп-мөлдір шыныға мөпмөлдір тамшылар тырс-тырс тама бастапты. Күздің салқын жаңбыры. Орнынан жайлап тұрып, желдеткішті жауып келді. Сапекең қалтасынан орамалын алып, алдымен көзін, сосын шуылдатып мұрнын сүрткенін көз қиығымен байқады. Жылап отырған секілді. Бұның да бір мезет көкірегіне өксік тірелді. Неге? Түсінбейді. Әйтеуір, көп жылдан бері кеудесінде көк аяз боп қатып жатқан тоңы жібиін деген тәрізді. «Айтыңызшы, айта беріңізші, қазір маған не десеңіз де ренжірім жоқ» деген сөз көмейінде және тұншығып тұр.

– Бұл үй, – деді Сапекең қабағын кіржитіп, – әркімнің ішінде бір ит ұлып, бір ит бұғып жатқан жер ғой. Сырттай қарасаң, барлығы халық үшін қам жеп, партия үшін жан беріп, жан алысып жүрген адамдар сияқты. Шындығында, бұның бәрі алдамшы, жалған, иллюзиялық құбылыс. Менің қасіретім сол – бұған көзім ерте жеткен. Тым ерте жеткен. Осы үйдің табалдырығын аттаған жаздың өзінде-ақ бір жайсыз оқиғаға тап болдым да, ешкімге, еш нәрсеге сенуді қойғам, шырағым. Оған дейін мен де партия десе өлуге бар жалаң қылыштың өзі едім… Уақытың болса, айтып берейін соны. Өйткені сен де мені түсінуің керек қой… – «Айтыңыз» дегендей Жоламан ақырын бас изеді. – Целинаның жаңа басталған кезі… Күн са йын салып-ұрып ауданымызға бір өкіл жетіп келеді. Берісі облыстан, арысы Алматы, Мәскеуден. Ана дөкей, мына дөкей. Дүмпілдетіп қарсы алып, күмпілдетіп шығарып саламыз. Сондай күндердің бірінде облысты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап тұрған бір мықтының өзі келе қалғаны. Аудандағы бас көтерер баршамыз, тайлы-таяғымызбен үш күн бойы соның соңында шұбырдық та жүрдік. Жүрген жерімізде домалап бас, шашылып сүйек-саяқ қалады. Мықтының бетіне жел, төбесіне күн тигізбейміз. Төртінші күні Ертістің анау өзің білетін Кішіарал деген жеріне алты қанат ақбоз үй тігіп, керемет мол дастарқан жасадық. Осы ырду-дырду күндері аудан хатшыларының бірі, атын айтпай-ақ қояйын, әйелін бізбен ертіп жүрген. Аршыған жұмыртқадай аппақ, сәмбі талдай майысып тұрған жап-жас сұлу келіншек еді бейшара. Алғашқы күннен бастап облыстан келген мықтымыз ауданның бірінші хатшысынан гөрі әлгі әйелін ерткен жай хатшыға көбірек жанаса берген-ді. Өсетін болды, өрлейтін болды деп қоямыз өзімізше… Сонымен қойшы, Кішіаралдағы кең дастарқан басында арқа-жарқа мәз-мейрам боп отырдық. Мұндай отырысқа менің бірінші рет қатысуым. Іштей мәзбін. Осы бір ел басқарған адамдармен бірнеше күн қатар жүріп, ақыры табақтас болғаныма мың шүкіршілік етемін. Бұларға қосшы болу бір басқа, қолбала боп жүрудің өзі зор бақыт сияқты маған. Сөздері қандай?! Аузыңнан суыңды ағызады. Әсіресе, төр басында кең маңдайы жарқырап, көгілдір көздері күлімдеп отырған облыстан келген басшының білмейтіні жоқ. Бір қызығы, осы отырыста ол күндегі қара шаруаның қамынан гөрі қайдағы бір қызықты, күлдіргі әңгімелерге ден қойған. «Сендер Антон Сорокинді білесіңдер ме?» дейді тап-таза қазақ тілінде. «Ол кім еді?» дегендей біз бір-бірімізге сұраулы пішінмен қараймыз. «Мүмкін, сіз білетін шығарсыз?» деп ол жанындағы жай хатшыдан әрі мойын созады. Ол жерде отырған әдемі келіншек құр жымияды да қояды. «Әй, қазақтар-ай, өз жерлестеріңді білмейсіңдер-ау… Ертеректе «Антон Сорокин» десе, Ертістің о жақ, бұ жағындағы қазақ-орыстың күлмейтіні жоқ еді. Неге күледі дейсіңдер? Әпенді болғасын күледі де. Әпенді болса да бүкіл Ресейге белгілі жазушы. Әрі сері. Көпес әкеден қалған байлық жеткілікті. Бұл байлықты ары да шашады, бері де шашады. Ақыры бір-ақ жылда қу тақыр боп шыға келген ғой сабазың. Сонда достары «Ау, Антоша, енді қалай өмір сүресің?» десе, ол «Ертістің арғы жағы аман болсын. Қалың қазақ жалғыз Антонды аштан өлтірмес» дейді екен».

«Ой, азамат!», «Міне, жігіт!», «Қараңдаршы, біздің достық қандай болған?!», «Алып қояйық сол үшін!», «Антон үшін!», «Достық үшін!» деп шу-шу етеміз. Рюмкалар сыңғырлайды, құшақтар айқасады.

«Сол Антонның сонау Мәскеуге дейін белгілі болған мынадай 33 скандалы бар…» деп қонағымыз әуелі күліп алады. Ол жай күлсе, біздің хатшылар қарқылдап күледі. Ол қарқылдап күлсе, біздің хатшылар дем ала алмай булығып қалады. Осындай сәттің үстінде қонағымыз «Интересно, правда?» деп, жай хатшының ар жағындағы әдемі келіншекке мойын созып қоюды да ұмытпайды. Өстіп отырғанда… Масқараны қараңыз! Ке зекті бір «интересно…» кезінде қонақтың шұғыл бұрылып қал ған басы жай хатшының қолындағы рюмкаға тиіп кетті де, аппақ көйлектің иығына қып-қызыл шарап лақ етіп бір-ақ төгілсін. «Өй, көзіңе қарасай!» деп бірінші хатшы атып тұр-ды. «Кешіріңіз… Мен байқамай…» деп жай хатшы жерге қарайды.

Төмендегі бізде қозғалыс жоқ, дыбыс жоқ, демімізді ішке тартып, тастай қатып отырмыз. Төрде сүлкиіп тұрған жай хатшыға қарап жылағымыз келеді. Жайшылықта ернін жыбырлатуға ерініп тұратын қасқамыз енді шалбарына жіберіп қойған баладай жаутаң-жаутаң етеді.

«Жә, ештеңе етпес. Әйелің жуып береді де» деп артынша облыстан келген мықтының өзі күле сөйлеуі мұң екен, екі хатшының да бетіне қайта қан жүгіріп, бойларына жан кіріп, бір ажалдан аман қалғандай уһ деді ғой, әйтеуір. «Жуып беру не, тәйірі. Оны қазір-ақ қатырамыз. Жо-жоқ, сізге жаңасын кигіземіз… жаңасын» деп жай хатшы қалбалақ қағады.

«Жаңасын қайтесің, жуатын болса, нілі сіңбей тұрғанда, қа зір жуып берсін. Ертіс жақын ғой. Мен де шамалы таза ауа жұтып қайтайын» демесі бар ма мықтының.

Бұны бәріміз мақұлдап шыға келдік. Әдемі келіншек сызылып орнынан тұра бастады. Әлденеге беті қызара қалыпты. Тегі, күйеуі үшін қысылған секілді. Төмендегі біз де қопарыла көтерілгенбіз.

«Жолдастар-ау… бір көйлекке бола өре тұрғандарың не? Отыра беріңдер, біз қазір келеміз» деп қонағымыз әдемі келіншектің білегінен ұстаған. Бірге жүруге ыңғайлана берген екі хатшыны иықтан басып, оларды да жайландырып қойды. Сосын теңселе басып, сыртқа беттеді. Ішкен-жегені ауыздан гөрі аяқтан білініп қалғандай… «Неткен қарапайым адам?!», «Қазақшасы қандай?!», «Әңгімені қалай айтады?!» деп таңдай қағып біз қалдық.

Екі хатшы бір-бірін енді ғана көргендей. Жақындаса отырып, әлденені әңгіме ете бастады. Жаңағы сұлба түрлері қазір тұлға боп шыға келген, төмендегі бізге төбемізден қарап, шіре не түседі шіркіндер. Қайтадан ыстық шай келді. Кеселер бірде жоғары, бірде төмен жүгірді. Уақыт сырғып өтіп жатыр. Бірінші хатшы жұп-жұмыр жүндес білегіндегі компасты саға тына әлсін-әлсін қарап қояды. Сыртқа шыққандар әлі жоқ… Екі хатшының денсаулығы үшін екі рет тост көтердік. Табақтағы ет сыртқа суып барып, жылып қайтты. Уақыт өтіп жатыр. Қонақ пен келіншек әлі жоқ. Жай хатшыға жайлап көз тастаймыз. Әйелін сиыр саууға жібергендей-ақ жайбарақат жайылып ол отыр. Көзі де, сөзі де тек бірінші хатшыда. Ол үшін мына алты қанат киіз үй ішінде біріншіден басқа адам жоқтай. Өстіп отырғанда… не заматта… иттен үріккен ешкідей болған келіншек үйге ентіге кіріп келсін. Шашы ұйпа-тұйпа. Әзер дем алады. Бір қолымен жағасыз көк көйлегінің алқымдық түймесін қыса ұстап алған.

«Не болды?! Ана кісі қайда?!» деп жай хатшы орнынан ұшып тұрды. «Е-ш-теңе… Жа-айша…» дейді келіншек булығып.

«Ештеңе болмаса, неге ентігіп тұрсың? Не істеп келдің сен, а? Қайда ана кісі?!.»

«Е-ертістің жағасында…»

«Өй, ербиген байғұс!»

Жай хатшы сыртқа тұра ұмтылды. Соңынан мен де лып ете түстім.

«Сен қал! Қала тұр!» деп ол жүгіре басып, қайың-талдың ара сына сіңді де кетті.

Бұл уақытта іштегілер де түгел тысқа шыққан. Бәрінің көзі өзен жақта. Ешкімде дыбыс жоқ. Екі қолын қалтасына салып, шіреніп бірінші тұр жанымызда. Оның көз қиығы мен езуінен бір жымысқы күлкі сезіледі. «Өзіңе де со керек!» деп тұрғандай. Бірақ кімге? Өзінен кейінгі хатшыға ма? Әлде өзінен үлкен мықтыға ма?.. Ал ашу үстінде ана жақта бірдеме боп қалса?.. Онда не істемек? Әйтеуір, менің ойым он сақта… Кенет… қалың ағаш ішінен ағараңдаған екі бейне көрінді. Бірбірін белден, иықтан құшақтап алған. Құдды тойдан қайтқан екі құда сияқты, дабырлап сөйлеп, қарқылдап күліп келеді.

«Мен сізге бірдеме боп қалды ма деп…» дейді жай хатшы. «Ну, дикарь!.. Дикарь!» дейді қонағымыз. Осы мезетте ту сырты мыздан еңіреп жылап жіберген әйел даусы естілген. Қарасақ, әдемі келіншек екі қолымен бетін басып, солқылдай егіліп тұр екен. Сонда ғана байқадық – көк көйлектің алқымдық түймесі үзілген… Омыраудан сәл жоғары тұсы білеуленіп қыза ра қалыпты… Көзіміз соған түскенін сезе қойған ол жалт бұрылып, киіз үйді тігінен құшақтай құлады. Ал сосын өксіп-өксіп жыласын. Туырлықты сабалап тұрып жыласын. «Қой» деуге біріміздің дәтіміз жетпейді. Енді бір мезетте кілт тына қалған ол, сәл ойланып тұрды да, әудем жердегі қара жол ға қарай жанұшыра жүгіре жөнелді. Көз алдымызда көк көй лектің етегі желмен желбіреп, сәт сайын бізден ұзап бара жатты…

Бұдан кейін ол әдемі келіншекті ауданда ешкім көрген жоқ. Алғашында сырттай оқуға түсуге қалаға кетіпті дегенді естідік. Кейін мүлде ұмытылды…

Арада жарты жыл өткенде, жай хатшымыз көрші ауданға бірінші болып аттанды.

Міне, шырағым, біз осындайды да көрген тайқы маңдаймыз…

Бұл әңгіме Жоламанға бәлендей әсер еткен жоқ, солай басталып, солай аяқталуға тиіс көп оқиғаның біріндей ғана көрінген. Бірақ құлықсыз, зауықсыз да тыңдамады. Бұны қызықтырған әлгі мықты мен әдемі келіншектің хикаясы емес, Сапекеңнің өзі болды. Бұл кісі де кәдімгі адам секілді әңгіме айта біледі екен. Айтқанда, нәшінін келтіріп, даусы мен өңін құбылтып тұрып айтады екен. Қызметтес кезінде бір ауыз сө зін артық шығармайтын адам еді, бұл өнерін сонда неге көрсетпегеніне таңы бар. Осы үйдегі қызметін тастаса, мүмкін, бұның да бар таланты қайта ашылар ма еді?.. Әй, кім білсін… бойындағы адамға тән қасиеттің көбін мына орта, мына тіршілік өлтіріп, өшіріп тынды ғой.

–       Сені мұнда сыртыңнан не дейтінін білесің бе, Жоламан?

–       Жоқ.

– Ендеше ренжісең де айтайын, «Тон» дейді. Сенің кличкаң – «Тон».

– Сезем.

– Иә, сезесің. Алайда көп нәрсені білмейсің. Күн сайын жүз рет көретін көрші кабинеттегі жолдастарыңның өзі кезіге қалғанда көзіңе «Жөке, Жөке» деп, ал сырт айнала сиқырлана күліп тұратынын сен қайдан білесің? Рас, олар сөйтеді… Тек саған ғана емес, бір-біріне де соны істейді. Кім қашан сүрінеді, кімнен қашан ши шығады деп олар күтіп жүреді. Ал бір сүріндің бе – біттің, қайта тұрмастай ету олар үшін түк емес. Өйткені мұнда аруақты аттап, ар-ұятты таптап жүре беретін бір-ақ жол бар. Ол – өсу жолы, мансап жолы. Бұл жолға екі адам қатар сыймайды, тегінде. Бұл жолмен кезінде не Есағаң, не сен ғана жүруің керек-ті. Сенің шансың көп болды. Жас едің, талантты едің. Бірақ сорыңа анау тон жолықты. Есағаңның көктен іздегені жерден табылды сонда. Бұны және әдемі пайдаланды да. Сенің адамгершілік ісіңді есуастың, әпендінің қылығы етіп шығарды. Біз бәріміз Қайрекеңнің кабинетінде отырғанда, ол «Айттым ғой…» дегенін екі-үш қайталағаны есіңде ме? Сонда не айтты дейсің? Сен келердің алдында Мұқай шалдан естігенін алдына жайып салған да, «Есі дұрыс адам бір жаман тон үшін 25 шақырым жерге кері бұрыла ма? Менімше, есі дұрыс емес бұның. Шалығы бар, жарымес адамның қылығы бұл» деген. Сосын алдымызға сен келгенде, бір нәрсеге болмашы езу тартып қалып ең, «Айттым ғой…» деді ол. Енді түсінген шығарсың не айтқанын?.. Сөйтіп бірінші рет жолың кесілді. «Халық театрымен» қалаға бармай қалғаның кейінгі көп қырсықтың басы ғана болатын.

Арада екі жыл өткенде Есағаң атқару комитетіне ауысқанын білесің. Оның орны босады. Кімді қою керек? Мен сенің кандидатураңды ұсындым. Қайрекең шамалы ойланып отырды да, «Былай да Бексейітов дұрыс жігіт. Өнері де, білімі де бар. Бірақ «тон» деген әңгімені қайтеміз? Оны бірінші хатшы да біледі» деді. Мен «бірінші» дегенде үндей алмадым. Саған жасаған алғашқы иттігім осы болды.

Жылжып тағы жыл өтті. Бұл уақытта Қайрекең пенсияға шығып, орнына Исабековтің келгені белгілі. Дәл сол кезде жалпы бөлімге меңгеруші керек болды да, мен сенің атыңды және алға тостым. «Бұл жігітпен кеше жұмыс бабында сөйлескем. Сөзі орнықты секілді. Бірақ осындағы біреулердің айтуына қарағанда, оның бір «тон» деген мәселесі бар дей ме, не? Қызық әңгіме екен өзі!.. Былай, Сапеке, Бексейітовті әзірге қоя тұрайық, кейін ретіне қарай көрерміз» деді. Мен жаңа басшының алдында өз пікірімді дәлелдеп жатуды артық көрдім…

Рас, кейін де реті талай келген. Аппарат ішінде ауыс-түйіс жиі болып тұрды. Басшылардың да бірі келіп, бірі кетіп жатты. Сәті келгенде, әй, осы тон әңгімесі ескірді-ау деп, сенің «Личное делоңды» көтеріп, жоғарыға жетіп барам. Жоқ, ескірмейді де, ұмытылмайды. Кез келген жаңа басшы мұнда келмей жатып «тон хикаясын» қайдан естіп қоятынына қайранмын. Айтатындары баяғы: «Былай да тәп-тәуір жігіт сияқты… Бірақ соның «тон» деген мәселесі бар дей ме, не?..» Бұған қарсы дәлелім бола тұра, бір рет те өз пікірімді аяғына дейін қорғай алмадым. Күнәмнің үлкені де осы деп білем, Жоламан…

Анау бір жылы пенсияға шығып, қалаға көшкелі жатқанымда, шығарып салуға жалғыз сен ғана келдің осы үйден. Сонда ұялғаннан жерге қарадым. Дегенмен, кешірім сұрауға батпадым. Ол кезде өзім ұзақ жыл отырған мынау үйдің ызғар табы бойымнан әлі шықпаған. Бұл ызғарды сен де, сенен басқалар да сезінер күн жеткілікті алда… Сөзім осы, Жоламан. Ша маң келсе, кеш… Кешір ағаңның күнәсін! – деп Сапекең таяғы на сүйеніп тұра бастады.

Жоламан сағатына қарады. Түскі 1-ге 5 минут қалыпты. Ор нынан үнсіз тұрды да, шалды қолтықтап сыртқа беттеді… Көшеге шығар үлкен есік аузында ұзыннан тілінген қарбыздың екі қабығы аяқ астында тапталып жатқанын көрді.

–       Тазалық деген қайда осы?.. – деп Жоламан күңк етті.

–       Бұл үйде тазалық о бастан болған емес, болмайды да, – деді шал күрсініп. Далада күзгі жаңбыр қара жерді сабалай ұрып тұр еді.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo