ТЕМІРБЕК КӨП, ҚОЖАКЕЕВ БІРЕУ

Ширек ғасырдан бері «журфак» дегенді естісем, есіме ең алдымен Қожакеев түседі. Неге «Қожакеев»? Неге «Темкең» немесе «Темірбек аға» емес? Ата жасқа жеткен, елге танымал, ғылымда да, әдебиетте де, педагогика мен журналистикада да кеңінен мәлім адамды атынан бұрын фамилиясымен атауым қалай? Бұл не, әдепсіздік пе, әлде шәкірттік парыз бен інілік ілтипатты ұмыту ма? Жоқ, бірі де емес. Бұл біріншіден, жасанды сөйлеуден, жалған сыпайысудан қашу; екіншіден, Қожакеев деген фамилияның шын мәнінде көп «..еевтер» мен «..кеевтерден» өзгешелігін, талай ұрпақтың ұғымына солай қалыптасып кеткендігін көрсетуге ұмтылу. Бұл үшін сөзді алыстан шиырмай-ақ қояйын, осы материалды оқып отырған кез келген менің әріптесіме біреу: «Не туралы екен?» десе, ол, сөз жоқ: «Қожакеев туралы» дейтініне мен сенемін. Өйткені, қырық жыл бойы журфакта дәріс оқыған, сыртқы, күндізгі бөлімдерге ұзақ уақыт декан болған, профессор Темірбек Қожакеев – журналис-тердің бірнеше буыны үшін баяғы ащы да тұщы, қатты да тәтті студенттік күндерінің естен кетпес естелігі. Әрбір жеке адамның ішкі болмысын түсінгісі келетін, түсінгеніне әділетті баға бере алатын, көлеңкеден гөрі күнгейіне жақын жүруді жөн көретін адамдарға: Қожакеев – құрмет иесі, білікті маман, принцишпіл азамат, үлкен ұстаз. Ал өзінен бұрын өзгені кінәлауға, ақтаудан гөрі даттауға, ірі ойдан гөрі кір ойға құмар кешегі кейбір шәкіртке: Қожакеев – қара тастай қатты, аш күзендей шақар. Ал менің жеке өзім үшін Қожакеев – ең алдымен, ұлттық намыс, сосын биік рух, ерекше мінез. Бірақ мен әуелден бұл пікірде болғам жоқ. Студент кезімде ол кісінің кейбір мінездерін өзім де «қаталдық» пен «шақарлыққа» балаған кезім көп. Жасырары жоқ, сол ой, сол пікірмен журфакты бітірдік. «Направлениемен» айдап жіберген Ұлан аудандық газетіне бармай, Жазушылар одағының шаруашылық жағына қара жұмысқа тұрдық. Қожакеевті ұмыттық. Бірақ… Қожакеевті мен ұмытқанмен «Әшімханыпты» ол ұмытқан жоқ екен. Сені іздеп жатыр дегенді естіп, құстай ұшып жеттік деканатқа.

«Әй, Әшімханып, сені Жазушылар үйінде еден тазалап жүр дейді ғой»,– деді ол кірген жерде көздері маған тік қадалып. АХО—ның бастығы Лесбек Нұрымбетовтың арқасында атым – жұмысшысы, затым жазушы боп жүріп жатқан жайым бар еді, оны Қожакеевке қалай айтам: «Уақытша ғой, аға»,– дедім күмілжіп. «Әй, сені аудандық газетке жіберген Қожакеев емес – ЦэКа, білдің бе! Аудандық газетті менсінбесең де, ЦэКаны менсінетін шығарсың. Басты қатырмай бір жапырақ қағаз әкеле салмайсың ба?»– деді ол. Соңғы сөзі ұнады. «Қайда жіберсек, сонда кет, әйтпесе қаңғытып жіберем» десе не істер едім. Оған күші де, құқы да бар еді Қожакеевтің. Бірақ өйтпеді. Көп өтпей-ақ менен «бір жапырақ» қағазын алып тұрып: «Қазір қайда істеп жүрсің?– деген. «Қазақстан пионерінде»,– дедім. Үндеген жоқ. Iшім жылып қалды.

Алайда Қожакеевтің «қаталдығы» бұнымен есімнен мүлде шығып кетпеген. Ол кісіні әлде бір жерде кезіктіре қалсам, баяғы даусы құлақ түбімде жаңғырып қоя беретін… «Біз сені не үшін староста қойдық, Әшімханып мырза, а?! Сабаққа келмеген сандалбайларды жасыру үшін бе, әлде сабақ бітпей сыраханаға қашыру үшін бе? Сен Жаппарыпты жатақханада ауырып жатыр дейсің. Ал мен білетін Жаппарып қазір Жамбылда жүр. Ауырып жатқан жоқ, ауылында жатыр, білдің бе?.. (Маңдайымнан шып-шып тер шығады).

«… – Кеше 212-ші бөлмеде не болғанын айтшы кәне, Әшімханып?!

– ?

– Білмейсің. Білмеген соң үндей алмайсың. Ендеше, мен айтайын. Сол бөлменің жігіттері бір-бірінің ауызын шиедей қылған. Жатақханаға ие болатын – сен, түнгі сағат екіге дейін онда жүретін – мен. Сенен гөрі қотан шетінде қалқайып тұратын қарақшы жақсы шығар, Әшімханып!…»

Рас, бірінші курстың ортасында өзінің бір ауылдасын старосталықтан босатып, орнына қайдағы бір Алтайдан келген мені қойған да, төртінші курста «академдемалыстан» келген маған заңға томпақ болса да бесінші курстағылармен бірдей 46 сом стипендиясын беріп, Идигов деген ингуш азаматы екеуімізге жатақхананы сеніп тапсырған да Темкеңнің өзі еді. (Бұдан әрі Темкең деуімнің жөні бар).

Темкеңнің өзі демекші, мына бір оқиғаны айтпай кету арға сын… Үшінші курстың екінші жартысында Темкең мені деканатқа шақырып алды да: «Сенің курсыңнан екі студентті орталық ВУЗ-дарға (МГУ, ЛГУ) ауыстырудың реті келіп тұр. Ведомостке қарасақ, сені мен Әлібекіптің бағасы жоғары көрінеді. Барасыңдар ма?» десін.

Мен, әрине қуана келістім. Кейін Әбдімүтәл Әлібеков ЛГУ-ге аттанып кетті. Мен отбасынан шыға алмадым.

Темкең сонда қарына тартса, қалағанын өткізіп жіберуіне толық мүмкіндігі бар еді…

Бұнысымен де Темкең табиғатына жете бойлай алмағаным рас. Оның реті кейін, арада жеті-сегіз жыл өткеңде түскен.

86—жылдың аяғы мен 87—нің басы халқымыз үшін өте ауыр күндер болғаны белгілі. Мәскеуден келген жаңа басшы «жаңаша сыпыра» бастады. Дәлірегінде, өз күні, өз мақсаты үшін бауырыңдағы баласын да сатып жіберетін мансапқор, жағымпаз, жандайшаптардың қолымен сыпырды. Оған алғы шарттың бәрін республикадағы орыс тілді, орталықтағы «коммунистік дінді» баспасөздер жасады. Олардың түпкі, жымысқы мақсаттарының бірі де бірегейі – ел бірлігін бұзу, қазақты қазаққа айдап салу, батыс, шығыс, орталық Қазақстанды оңтүстік облыстарға қарсы қою болды. «Известияда» жарияланған Чепоткиннің «Шырмауығынан» осындай иіс аңқып тұр еді. Оның түпкі мәнін түсінбеген, түсінсе де жеке бастың мүддесі үшін өз бауырына сойыл ала жүгіргендер әр төбенің басынан қылаң берді. Сол сойылдың басы Темкеңнің де төбесіне жай отындай жарқ етті. «Қожакеевті де қайта тұрмастай сілейтіп салды. Қызметінен қақты. Баласын да жұмысынан қуды. Енді ес жиып көрсін» дегендер де болды. Бірақ Қожакеевтің «соққан сайын семіретінін» олар білген жоқ-ты. Ол жұрт күткендей «сілейіп» те қалмады, «сүмірейіп» те кетпеді. Қалай дейсіз ғой? Бұған жауап ретінде өзім куәсі болған бір жайларды алға тартайын.

Тәңертең ертерек тұрып, Ленин проспектісінің шығыс жағындағы жіңішке сүрлеу жолмен күн сайын жүгіретін «жаман әдетім» бар еді. Бұл жерді, бұл жолды Терренкур деп атайды. Жиегінде сылдырлап сылқым өзен сылаңдайды. Осы өзеннің бойымен мен енді күн сайын таңсәріде Темкеңді кезіктіретін болдым. Ол кісі сонау етектегі «Россия» гастрономы жанындағы үйінен «Алатау» қонақ үйінің тұсына дейін бүлкектеп жүгіріп келеді де, су бойында біраз жаттығу жасап алып, қайтар жолда «Көктем» дүкенінің артындағы гаражына- соғып, ақ «Волгасына» қайқая мініп жүріп кететін. Күнде солай. Кезігіп қалғанда: «Ассалау…»,– деймін ізетпен. «Әллік…»,– дейді ол баяғы декан қалпымен. Дейді де бүлкектеп кете барады. Алпыстан асқан деп тіпті де ойламайсың. Қимылы ширақ, көзі отты, сөзі қашан да нық. Сосын кешке қарай Темкеңді тағы көремін. Жерді ойып жіберердей салмақтай басып, кеудесі мен басын тік ұстап, тәкаппар да маңғаз қалпымен Пушкин кітапха-насынан шығып келе жатады. Күнде солай.

Бірде Терренкурда кезекті кезігіп қалғанда: «Сен осы «Қазақ әдебиетінде» емессің бе?… Бүгін саған материал апарамын. Күт»,– деді бұйрық раймен. Ол – баяғы декан, мен баяғы студент сияқтымын.

Күттім. Материалы «Кім кінәлі?» деген екен. Отызыншы жылдардың ойраны. Баспасөзде бір-бірін кінәлаған, бір-біріне аямай кір жаққан қазақ зиялыларының сиқы. Мен екі мәселені түсіндім. Бірінші, Темкең бос уақытын зая жібермей, архивтер-ді ақтарып жатыр екен. Екінші, уақытша басына бұлт үйірілген Темкең өз тағдырына ұқсастықты тарихтан тауып жүр екен. Отызыншы жылдардың зобалаңына кім кінәлі? Көбінде өзіміз екенбіз. Енді осы сексенінші жылдардың сергелдеңіне кім кінәлі? Тағы да өзіміз екенбіз. Қожакеев материалының айтар ойы осы еді. Ол жарияланды. Бұдан кейін Темкең газетіміздің тұрақты авторына айналды. Қателеспесем, қаламгер Темірбек Қожакеевтің шығармашылық өміріндегі ең өнімді, ең жемісті жылдары, халыққа ең қажетті дүниелерді бере алған кезі сол «сойылдан» кейінгі аз жыл болса керек. Әбілқайыр Досов, Ғаббас Тоғыжанов, Сырғабеков, Міржақып Дулатов сынды көптеген қайраткер жөнінде толымды дүниелер оның қаламынан осы жылдары туған-ды. Дәл осы жылдары сағын сындырмай, намысын ешкімге бермей, қайрат-жігерін жасытпай, өршілдікпен алға ұмтылған адамды биік рух демей, не дейміз.

Енді Қожакеевтің қаталдығы туралы не айтасыз дейсіз ғой. Бүгінде жартылай бос аудиторияларды, барахолка, базарларда босып жүрген студенттерді, жатақханаларда жайрап жататын «көк мойындарды», оқытушы, профессорларды иықтан қағып өте беретін дүлейлерді көргенде… әттең, әр факультетке бір-бір Қожакеев керек-ақ деп ойлаймын.

Темке! «Әй, Әшімханып, әділін айт, шындықты айт. Бүгежектемей турасын айт!» деп отырушы едіңіз. Өзіңіз туралы осы мақалада шамамның келгенінше шындықты, әділдікті айтуға тырыстым. Кейбір тұстарда тілімді безеп жібергендей болсам, сізге аздап еліктейтінімді де жасыра алмаймын.

Айбатыңыздан, қайратыңыздан қайтпаңыз, Темке!

1996 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo