Ол көп адамның қалыпты тірлігіне ұқсай бермейтін бөлекше ғұмыр кешті. Ең ақыры ақтық демі де талайдың тағдырына жазбаған жағдаятта үзілді. Оралханның ылғи да бір тосын дүние күтіп жүретін жұрты үшін оның сонау Үнді жеріндегі қазасы да тым тосындау көрінгені рас. Бұны не кездейсоқтық, не қажеттілік заңына жорудың өзі қиын.
Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда сол еркемінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан» атын танытты, әдебиетте ұзақ ғұмырлы «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды. Егер ол тірлігінде өзі әжуалап отыратындай «тым мәдениетті», «тым жуас», идеологияның икемінен шықпайтын, әдебиет теориясының бар қағидасын қалып етіп ұстайтын шығармалар жазса, онда Оралханның басқа оралхандардан қандай айырмасы болар еді. Бұны өзінен артық әдемі айтқан да ешкім жоқ. «Менің шығармаларымның қай жері біреуге артық-ауыс көрінсе, дәл сол жерде Мен бармын»,– дейтін ол. Бұл сөзден оның талант табиғаты ғана емес, мінез ерекшелігі де сезілер еді. Мінез демекші, ол барлық адам оп-оңай түсіне бермейтін, қалтарысы мол, жұмбағы көп, ойлап кетсе – дана, ойнай қалса – бала мінезбен өмір сүрді. Барлық адам деймін-ау, оның жандүниесіндегі кейбір жайларды жанында ұзақ жыл үзеңгілес жүрген ең жақын достарының өзі жақсы білгеніне мен күмәндімін. Бұл түйіндеуіме мынадай негіз бар.
Оралхан адамның өзін-өзі жұмбақтау ұстау қасиетін ерекше бағалайтын. Оның пікірінше: өмірдің, дүниенің, сан түрлі құбылыстың бүкіл қызығы – жұмбақтығында, сол жұмбақтарды шешсем, құпияларды ашсам деген құмарлықпен күн кешу тіршілігіміздің бір мәні болса, адамның жан-дүниесі де сондай жұмбақты болу керек, бір сөзбен айтқанда, кез келген адамның ішкі дүниесі – өзінше бір қазына, шыныңды айтам деп сырыңды айтып бар асылыңды баршаға- таратып жіберсең, сенің кең сарайың қайыршының қара бақыр-сыз қапшығынан несі артық. Ендеше, қазынаңның қара құлпына ие бол, ашық болам деп шашық болма!.. Рас, бұл ойлай білетін екі адамның біріне белгілі қағида. Ал Оралханның олардан айырмасы осынау қарапайым қағиданы айтып, жазып қана қоймай, мүмкіндігінше күнделікті тірлігінде де ұстай білетіндігі еді. Яки, іші-сыртын жұмбақтау ұстау оның үйреншікті әдеті болатын. Сол себепті де ол біреулерге «түсініксіз», біреулерге «қызық» көрінетін. Сол себепті де ол соңынан ылғи да бір сұрау белгісін ертіп жүретіндей еді. Бұл сұраудың жауабын іздеп, шақшадай басын шара ететіндер де көп еді. Бұны өзі білмейді емес, білетін. Білетін де күлетін. Кейде балалығы ұстап кетіп мынандай да әңгіме айтатын:
«Қызық, бір адамды тани тұрып, әдейі, танымағандай жанынан өте шықсаң, ол бұны неге жоритынын білмей, қалай бас қатыратынын білесің бе? Бұл да қалжыңның бір түрі екенін о байқұс қайдан түсінсін»,– деп мәз болатын. «Ойнай қалса – бала» дегенім де осы. Бұны түсінбегендер, әрине, оны «тәкаппар» дейтін. Бірақ шын мәнінде ол тәкаппарлықтың тек рөлін ғана ойнаушы еді
Әр адамның мінезі негізі әуелі жаратылысынан, сосын өскен орта, шыққан ұясында қалыптасатыны белгілі. Менімше, Оралхандағы қызуқандылық, ой реакциясындағы ұшқырлық, нағыз ақынға бітер арқа оған қанмен берілген қасиет те, сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді мінездер отбасынан дарыған болса керек. Осы тұста есіме ең алдымен Оралханның анасы – марқұм Күлия апам түседі. Ол кісі, жаны жәнатта болғыр, мен білетін етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі, қара сөздің бетінен қаймақ қалқитын шешен, төсек үстінде отырып-ақ төр басынан төскейге дейінгі шаруаны түгел көре білетін көзі қырағы, сөзі өтімді адам еді. Оралханның кенже қарындасы, Күлия апамның көзінің ағы мен қарасындай болған Мәншүк дүниеден қайтқанда Алматыдан жедел жеткен біз, өкінішке қарай, ат басын азалы үйден бұрын бейіт басына тірегенбіз. Үлгергеніміз сол. Оралхан жаңа қазылған қабірге жас топырақты уыстап сеуіп, қарындасына жоқтау айтып отыр екен. Бір әредікте жолықтық. «Келіп қалдыңдар ма?– деді сыбырлай сөйлеп, сосын терең күрсініп. – Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді»,– деді тағы да. Мен Күлия апамды ойладым. Мұның алдында ғана екінші қызы Әйменнен, артынша отағасы Бөкейден айырылған. Бәрінен де сол кісіге қиын болды-ау, бұл қазаны қалай көтеріп кетер екен дедім іштей. Оралхан екеуіміз бейіттен екі жүз қадамдай жердегі қара шаңыраққа әр қадамымызды санап басып әзер жеттік. Күлия апам әдеттегідей төсек үстіңде отырғанын көрдім. Мені бауырына басқан күйі шерін сәл тарқатып алды да, іле қайратына қайта мініп, ширақ сөйлей жөнелді: «Е-е, бауырым (аталас ру жағынан мені солай атайтын), «Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» дегеңдей, қартайған шағыңда қара шалды алға сап, қасына екі қызын қосып беріп, арттарында аңырап қалам деп ойладым ба. Күні – түн, түні – мұң боп отырған Күлия апаңның түрі осы, бауырым. Қайтейін, енді қалғанына береке берсін деймін де. Ақсағын қойып, сауын түгеңдер кез келді міне». Күлия апамыздың әр уақыттағы сөз саптасы осы еді. Күлия апамыздың әр кездегі тілеуі – бір Оралханның амандығы еді.
«Жалғыз ұлдың арқасын елге, аяғын жерге тапсырдым» деген сөз осындай ғана ананың ауызынан шығар еді. «Алып – анадан, ат – биеден» деген сөз осындайда еске түспес пе.
Мен білетін Оралхан отбасында тым еркін де еркелеу боп өскен еді. Төрт бұрымдының ортасындағы жалғыз тұлымдының маңдайынан кім шертеді, Күлия апамыздай адуынды, Бөкей нағашымыздай кіді мінез ата-ана мойындарына бұршақ салып жүріп көрген жалғыз ұлдың бетіне кімді қаратады, одан басқа кімді әлпештейді. Соның арқасында Оралхан тік жүрді, сәнді киінді, еркін сөйлеп, еркелей де білді. Бұл қасиет, бұл мінезден ғүмыр бойы айырылған да жоқ. Ата-ана аясынан шыққан соң ол өз отбасының, достарының, елінің де еркесіне айналды. Маған белгілі көп адам өзгенің «анау-мынауын» көтермесе де Оралханның «ойындарын» көтере беретін. Бұған қарап оны қысқа ғүмырын тек қызықпен өткізді деуге болмайды. Ол өзінің өр мінезімен ғана сырт көзге сырты бүтін, жоғарыда айтқандай «тәкаппар», жұрттың біразы ойлағандай «менмен», ауылдастары ауызға алғандай «мақтансүйер» көрінетін. Ал нағыз табиғатында бұл түйіндемелерден көп басқаша еді ол. Оралхан өмірінің үлкен бір бөлігі жалғыздықтан тұрды. Оның жан-жүйесін күн сайын жегідей жеп жататын бір қасіреті де осы жалғыздығын үнемі сезініп отыруында еді. Өмірінің соңғы бес-алты жылына дейін «жалғызбын», «мен жалғызбын ғой» дегенді тіпті де жиі айта беретін. Ауылда да, Алматыда да жанында біраз жүрген мен оның, расында, жалғыздығын жақсы сезінетінмін. Әсіресе, ауылға барған кезімде. Бірақ біз еш уақытта Алматыдан елге бірге аттанған емеспіз. Ол әдеттегі «жұмбақтығына» басып, менен не ерте, не кеш, әйтеуір бір күні Шыңғыстайдың төбесінен топ ете түседі. Сосын мен оны іздеп барамын. Екеуміз етектегі Бұқтырмаға қарай аяңдаймыз. Бәрі де сағынышты. Аяқ астында туған жердің борпылдаған қара топырағы. Жол жиегінде былқылдаған қазоты. Бала кезімізде екеуміз де тал ат мініп шапқылап, табанымыздан таңба қалған жерлер. Бәрі де еске түседі. Бәрін де айтып тауыса алмаймыз. Мұндай сәтте Оралхан Алматыда айта бермейтін талай әңгімесін ақтарып та тастайды. Бірақ әдебиет, әдебиетшілер туралы сөзден ылғи да сытылып шыға беретін. Сол сәттегі оның ел мен жер, табиғат жөніндегі ой түйіндері мені қатты қызықтырушы еді. Айта берсе дейтінмін. Бірақ… сөз аяғы көбінде бір көңілсіз бірдемеге тіреліп қалатын да, сосын басын кекжите бұрып алып… алыс-қа, тым алысқа қараған қалпы ұзақ ойланып кетуші еді. Сонда жүзінен әлдебір уайым, әлдебір мұң сезілетін. Мәселен, ол қарадан-қарап отырып мына сияқты әңгімені айтатыны бар-ды. «Кейде орман ішінде келе жатып, баяғыда құлап қалған қарағай дөңбекті көремін. Қабығы шіріген. Ағашын мүк бас-қан. Томары мүжілген. Енді біраз жылдан кейін мүлде қара топыраққа айналады. Қандай аянышты. Сұмдық аяймын»… Бұдан кейін одан көңілді әңгіме күтіп көр, ауыратынын айтады, жалғыздығын тілге тиек етеді… Бұл жағынан ол уайымшыл еді. Иә, Оралханның оптимизмнен гөрі скептицизмге жақындығы басым болатын. Мысалы, жастайынан көбірек ауырғанынан ба, ол медицина «кереметтеріне» көбінде күмәнмен қарайтын. «Соқырішек секілді көзге көрініп тұрған бірдеңені сылып тастағаны болмаса, дәрігерлердің қолынан не келеді. Берген дәрі-дәрмегі ауырған бір жеріңді басса, сау екінші жерінді ауыртады. Бәрі де чепуха»– деп бір қояды. Сөйте тұрып бірде: «Әй, мына бір мазь керемет-ей! Бір жаққаннан жұлып түсірді»,– деп мәз болатыны тағы бар. Ал оған: «Мына сөзіңізге келіс-пеймін»,– деп уәж айту және қиын. Ондайда құдай берген тілі мен мінезі, интуициясы мен эрудициясы жеткілікті Оралхан өз сөзі мен сенімінің дұрыстығын қалайда дәлелдеп шығуға тырысып, ағыл-тегіл сөйлеп кеткен кезде, көріп-біліп тұрған ешкіңді теке десе де сеніп қалатындай едің. Әрі-беріден соң бұның өзі де таланттылықтың белгісі емес пе.
Ол – әдебиетте жолы болған, алдынан үнемі жасыл шам жанып тұрған жазушы. Жолы болуының басты себебі өнердегі өз жолын ерте тауып кеткендігі ме деймін. Ол қай жанрда қалам тартпасын, оны жазған Оралхан екенін оқырмандар авторына қарамай-ақ сезе беретін. Жазушы үшін бұдан артық қандай бақыт керек. Баспасөз бен баспаға да керек автор осы ғой. Жазғандарының сиясы кеппей жатып газет-журналдарда басылды. Одан іле кітап болып шығып жатты. Кітапта шыққаны ешбір сыншының да назарынан тыс қалған жоқ. Олар Оралхан шығармашылығы жөнінде, обалдары нешік, небір түйінді пікір айта білді, әлі де айта беретін болар. Сондықтан мен бұл тақырыпқа соққым келмейді.
Дей тұрғанмен, көпке белгісіздеу, айтылуы сирек бір мәселеге тоқтала кеткенді жөн көремін. Ол – жазушының шығармашылық лабораториясы.
Біріншіден, Оралхан еш уақытта тақырыптан таусылып көрген жазушы емес. Бір-ақ сөйлемдік мәселеден ол қалауынша шығарма тудыра беруге қабілеті де, құдіреті де жететін. Сол себепті де болар, ол: «Жоспарлаған дүниемнің көптігі сондай, оларды ешқашан жазып тауыса алмайтын шығармын» деп қиналатын.
Екіншіден, ол өте шапшаң жазатын. Қандай көлемді дүниені ұзаса бірер айда бітіріп тастаушы еді. «Ойыма қаламым ілесе алмай отырады» дейтін ол бұл жөнінде. Ойына қаламы ілесе алмайтыны – Оралхан прозадағы импровизатор (суырыпсалма) еді. Шығармаларындағы әуез-ырғақтың әдемілігі, ой ағысының арындылығы, композициялық тұтастық, бәрі-бәрі суырыпсалмалықтың жемісі деп білген жөн. Бұл жағынан оны ақын десек, артық болмас.
Үшіншіден, жазған дүниесі жарық көргенше оны ең жақын достарына болмаса, басқаларға дабыра қыла бермейтін, шығармашылық жұмысында біреулермен ой бөлісуді және ұнатпайтын. Сыншылар пікіріне құлақ асқан кезі де сирек. Әсіресе, сын-ескертпелер естігенде.
Ал жазуы (почеркі)?.. Әріптері өте ұсақ, жолдарының арасы тым жиі, бір бетінен машинкалық екі беттей шығатын. Бірақ оқылуы оңай, танылуы жақсы еді. Онда «черновик» деген болған емес. Тургенев айтқандай «көп дегенде – екі, әйтпесе бір-ақ рет» жазатын. Сөз реті келтенде айта кетейін, өз жазуына ұқыпты қарау жағынан мен Қалихан Ысқақов пен Герольд Бельгерден өткен кірпияз жан көрген емеспін. Айтпақшы, Оралхан алғашқы шығармаларының біразын қара қарындашпен жазған. Оған қараған көздің өзі ләззаттанатындай еді.
Бүгінде Оралхан есіме түскенде оның ауылдағы бозбала күнінен Алматыда ел ағасы болғанға дейінгі әртүрлі бейнесі көзіме ап-анық елестейді. Алайда, бәрінен де жанарымда жақсы сақталып қалғаны – 89-жылы Әлібек (Асқаров) үшеуміз ел адамдарымен Шәңген деген көлге барғандағы «суреті». Иен тау. Иен көлдің жағасы. Мүлгіген орман. Оралхан жұрттан оқшаулау барып, бір серек тастың үстіне тон жамылып отырып, көзін көл бетінен асырған күйі әдетінше алысқа қарап отырған. Ұзақ отырған. Көз алдында… қызылжалқын сәулесі көл бетінде алау-лап, шар табақ күн шалқып батып бара жатты. Жайлап басып жанына бардым.- Ол тағы да біраз үнсіз отырды да: «Қандай ғажап, қандай жұмбақ, қандай баянсыз да тұрлаусыз дүние» деді күбірлеп.
Сонда ол не айтқысы келді екен? Не айта алмай кетті екен?– деп ойлаймын бүгінде.
Иә, Оралханның айтқанынан айтпағаны, жазғанынан жазбағаны көп еді-ау.
1993 ж.