Студент болдық, семья құрдық…

Дидахмет Әшімханұлы,

1981 жыл, Қазақ әдебиеті

Студент болдық, семья құрдық…

Жалғыз болсын, көп болсын, балалы болудың алды семья құрудан басталмағы белгілі. Ал семьяны қай уақытта, қандай жағдайда құру – әр кімге әр қалай. Десек те бір ақиқат дүние: жасың жетіп, жар тапты екенсің, үйленуің қажет. Бұл – табиғат заңы. Оны өз еркіңе бағындырып, бұзып өтуің екі талай. Бір кезде өз қолымыз өз аузымызға әрең жетіп жүрген студент болсақ та сол заңдылықты біз де бұза алмадық…

Өз басым университетке оқудың зары өтіп түскендердің бірі едім. Орта мектепті бітіріп келген жылы конкурста бір-ақ «балым» жетпей, өзегім өртеніп қала берді. Келесі жылы тағы да сонау Солтүстік Қазақстан облысынан ҚазГУ-дің тіл-әдебиет факультетіне жол тарттым. Амал не, бұл жолы да үмітім ақталмады да, күзде армияға кете бардым. Бірақ, екі жыл автомат арқалап жүрсем де оқу жайы ойымнан бір сәт шыққан жоқ. Қашан болсын, қалайда институтқа түсуді армандадым. Қалайда қалаған мамандығымды алуды мақсат тұттым… Сәті түскенде, әйтеуір, армиядан соң араға бір жыл салып, аталған жоғары оқу орнының табалдырығын да аттадым. Бұл уақытта менің жасым жиырма үшке қадам басқан еді. Бірінші курс студенті үшін жиырма үш аз жас емес, курстағылар алғашқы күннен-ақ мені «шал» атандырып үлгерді. Бір жақсысы; әріптестерімнің қақ жартысына жуығы өзім сияқты «шалдар» екен.

Әлі есімде, сабақ басталған күні екі кураторымыз жиналыс ашып, бізге біраз ақыл-кеңес айтқаны бар. Сонда егделеу келген ақбас ағамыз сөз соңында:

– Қыз-мыз, балтай-шалтайды қойып сабақтарыңды дұрыс оқыңдар. Әке-шешелерің сендерді мұнда ұрын баруға жіберген жоқ, білім алуға жіберген, – деп «ши шықса сендерден шығады-ау» дегендей, «шалдарға» шүйліге қараған.

Күндер өте берді. Екінші курсты бітіргенше көбіміз «қыз-мыз, балтай-шалтайдан» аулағырақ жүрдік. Тіпті, кино мен театр бетін сирек көруші едік. Жүретін жолымыз тек жатақхана – корпус – кітапхананың арасы ғана болатын. Сонан кейін үшінші курста бір қызық күндер басталды да кетті. Күзде сабаққа келсек, екі «шалымыз» үйленіп келдік деп шалқайып отыр. Арада екі ай өтпей тағы бір досымыздың «басынан бойдақтық алыстады».

Жасырып керегі не, сол үшінші курста жатақхана өмірі мені әбден жалықтырған еді. Өйткені бұған дейін интернатта бес жыл, әскерлік мекенде екі жыл, мына жатақханада үш жыл көппен бірге тұрыппын. Көппен болған жақсы-ау, дегенмен жеке адамның бір мезет жеке қазанды аңсайтын да кезі болады екен. Мен де енді сол қазанды аңсай бастадым. Және бұл уақытта жасым жиырма алтыдан асқан-ды. Менің жасымдағылардың алды екі-үш бала сүйіп отырғанын да білемін. Ендеше не бөгеліс бар? Сүйген қызым бар, үйленбеймін бе?

Бұл ойыма сүйгенім де көп қарсы болған жоқ. Себебі, ол да жиырма екіге келіп қалған-ды. Қыз бала үшін жиырма екі аз жас емес, апрельдің аяғында екеуіміз үйленіп те алдық. Үйленісімен бір апта өтпей жатып, комендант апайымыз бөлмеге жетіп келді.

– Омарбеков, сен неғып жүрсің мұнда? Үйлендің екен, давай пәтерге шық, – дейді жанымда отырған жұбайым екеуімізге кезек қарап.

– Апай, сол пәтер құрғыры табылмай тұрғаны, – деймін мен күмілжіп.

– Пәтер таппасаң, несіне үйлендің?… Әйда, тез бөлмені босат, бұл саған семейное общежитие емес, – деп ол шыға жөнелді.

Ертеңіне пәтер іздеуге шықтық. Бірақ, қаланың «Горный Гиганты» мен «Татаркасын», «Тастағы» мен тағы басқа түкпір-түкпірін түгел сүзіп шықсақ та, бір аптада жөні түзу баспана табыла қоймады. Бір күні табанымнан тозып, бөлмеге кірген сәтте жатақхананы аралап жүрген өзіміздің факультеттің бір мұғалімі кездесе кетті. Кешегі тойымызға қатысып, жылы-жылы тілек білдірген ұстаздардың бірі осы кісі еді.

– Омарбеков, сен неғып жүрсің мұнда? Пәтерге шықпадың ба? – дейді енді бұл да таңданып.

– Аға, со құрғырдың табылмай тұрғаны, – деймін мен оған да. Сонан кейін:

– Аға, – деймін тағы. – Аға, келініңіздің де менімен бір курста оқитынын білесіз ғой. Ол да осы этажда тұрады. Оның да бөлмесі екі кісілік. Бірдеме етіп… ауыстырып… бірге тұра тұрсақ қайтеді. Каникулға бір-ақ ай қалды ғой…

– Жарқыным-ау, ондайға ұлықсат етілмейді ғой. Әйтпесе өйтуге де болады ғой, – дейді ол шынымен қиналып.

Амал жоқ, екі-үш күннен кейін алыс та болса қала сыртындағы Мичурин атындағы колхозға көшуге тура келді.

…Күндер өте берді. Жұбайым екеуіміз жаз бойы біздің ауылда болып, күзде Алматыға ертерек қайттық. Ойымыз – оқу басталмай тұрып, дұрысырақ пәтер тауып алу. Бірақ, бұл жолы да талай-талай қақпаны қағуға тура келді. Өйткені, сол уақытта жолдасымның аяғы біраз ауырлап қалған, пәтер иелері оған көзі түскенде бірден тайқып шыға береді, не әр түрлі сылтаумен құтылады. Ақыры, әйтеуір, аэропорт жақта бір кемпір жылы қабақ білдірді. Жағдайымызбен танысқан соң.

– Времянка. Бір бөлмелі, – деді ол.

– Жетеді, – дедік біз.

– Қыста аздап салқындау болар, – деді ол.

– Болсын, – дедік біз.

– Отын-су өздеріңнен, – деді ол.

– Өзімізден, – дедік біз.

– Газ бен светке қалай төлейсіңдер? – деді ол.

– Сұрағаныңызды төлейміз, – дедік біз.

– Ендеше жүріңдер, – деп ол манадан мелшиіп тұрған көк қақпасын айқара ашты.

Біреу дегені болмаса бөлмесі жып-жинақы, әп-әдемі екен. Алдында екі аттам ас үйі де болып шықты. Жеріміз кеңи түскендей бұған да қуанып қалдық. Ол кезде артық-ауыс дүниені ойлайтын біз бе, осы бір кіп-кішкентай бөлмеміз өзімізге алты қанат ақ отаудай көрінді… Көп өтпей-ақ сабақ та басталды. Жолдасым екеуміз оқуға алаңсыз бас қойдық. Аудиторияға бірге барып, бірге қайтамыз. Кітапхана, оқу залдарында да бірге боламыз. Байқаймын, енді менің мойныма түскен жауапкершілік салмағы да мол сияқты. Ол жауапкершілік – алдымен, студент болсам да тағдырын маған сеніп тапсырған жолдасымның көңіліне қаяу түсірмеу. Ол үшін қабырғамды сөксем де мына қараша үйге қамсау болуым қажет. Ол үшін қара терімді төксем де стипендиядан қағылып қалмауым керек. Мен енді соны ғана ойлайтын болдым. Мен енді тек сол үшін күресуге бел будым.

Алғашында тірлігіміз түгел тігісіне келіп, уайым аз, көңіл мәз тұрып жаттық. Сонан кейін қысқы семестр тақағанда біз де қысыла бастадық. Жолдасымның ыңқыл-сыңқылы көбейді. Сабаққа әзер барып, әзер келеді. Бұл қалпымен емтихан тапсыруы да екі талай екені белгілі. Енді не істеу керек? Ақыры ойланып-толғанып:

– Сырттай оқуға ауыссаң қайтеді? – дедім жолдасыма.

Бұны естігенде жолдасымның көздері боталап шыға келді. Өйткені, оқуды «очный» бітіру оның да арманы еді. «Қайтсем екен? – деймін іштей қиналып, – Қайтсем екен?» Амалсыз ақыл-кеңес сұрап, ауылға хат жаздым. Шіркін, ата-ана дегенің қашан да асқар таудай панаң емес пе, бір апта өтпей-ақ кәрі шешеміз артынып-тартынып жетіп келді.

– Ештемеден қысылмаңдар, жазға дейін жандарыңда болам, – деді ол.

Айтқанындай-ақ анамыз кішкентай Саматымызды дүниеге әкелісіп, сылап-сипап, әбден бауырын көтерген шақта оны қойнына қысты да, ауылға аттанып кетті. Ол кісінің арқасында біз төртінші курсты да ойдағыдай аяқтадық. Алайда, біздің қапысыз-қамсыз күндеріміз ұзаққа созылған жоқ. Күзде елден хабар келді. Анамыз белінен шойрылып, төсек тартып қалыпты. Бала бақпақ тұрғысын, өзінің жүріп-тұруы қиынға соққан көрінеді. Бұл біздің маңдайымызға шоқпардан кем тимеді. Саматты тапсырар басқа ағайын-туғанымыз жоқ еді. Бәрінен өкініштісі: университетті бітіруге небәрі сегіз-тоғыз ай қалған. Өстіп өзегім өртеніп жүргенде жолдасым: «Саматымнан сабағым садаға» деді де, бірер күнде документтерін сырттай оқуға ауыстырып алып, ауылға тартты да тұрды.

Міне, студент кезде семья құрған менің басымнан өткен бар оқиға осы еді. Қазір Саматымыз бірінші класқа барып жүр. Оған қарап кейде біз сол бір күндерді еске алып қоямыз. Бірақ, біраз қиыншылық көрсек те студент шағымызда үйленгенімізге өкінбейміз де. Несіне өкінеміз? Көз алдымызда Самат жүгіріп жүргенде өкініш туралы ойлаудың өзі күнә емес пе?… Және бір қуаныштысы: сабырлы өмір сүру, салмақты жауапкершілікті сезіну дегенді мен сол кезде шын сезініп едім. Әлі есімде, біздің үйдің жарығы түні бойы сөнбеуші еді. Түні бойы жолдасым екеуміз екі бұрышта шоқайып отырып, сабаққа әзірленетінбіз. Өйткені, пәтер ақы, жанбағыс үшін қалайда стипендия алуымыз қажет еді, қалайда жұрт алдында ұятқа қалмауымыз керек еді. Қазір ойласам, сонда біз стипендия деп жүріп, тәп-тәуір білім де игерген екенбіз.

Шындығында, студент үйленбесін деген қағида жоқ. Студент үйленсе балалы болмасына да күмән жоқ. Өйткені, ол мектеп оқушысы емес, кәмелеттік жастан асқан қоғамның бір саналы азаматы. Қоғамға болашақ маман керек болса, адам да керек. Дәлірек айтқанда – ұрпақ та керек. Екіншіден, студент кезінде үйленудің мынадай пайдалы жақтары да бар.

Өткен күндерге көз жіберсем, менің курстастарымның жартысынан астамы оқып жүргенде үйленген екен. Олардың көпшілігі жоғарыдағы біз сияқты күн кешкендері де есімде. Біразы сырттай оқуға ауысып, кейбірінің тіпті университетті тастап кеткендері де болған. Бұның барлығы студенттер семьясына деген көмектің аздығынан ба деп ойлаймын.

Бүгін де үйленіп, нәрестелі болып жатқан студенттер аз емес екенін білемін. Бірақ, солардың: «Бізге арнайы жатақхана бөлді. Баламыз бақшада» дегенін естігенім жоқ. Ал оны қашан естір екенбіз? Қазіргі кейбір маман кадрлардың жалғыз баламен шектелуінің бір сыры – студент кездерінде көрген әлгіндей қысылшаңдықтың салдарында жатқан жоқ па екен?

Дидахмет
Әшімханұлы
logo