Ол өзінің аумайтын, айнымайтын кішпейіл де кісілікті мінезімен кімді де болсын ішке тартып тұрушы еді. Сонысына қарай кім де болсын оған қалай тартыла түскенін өзі де сезбей қалатын.
Ол өзінің кең пейілді, ақ ниетті болмысымен бар қазақтың баласын бауырындай көретін. Сонысына қарай оған бар қазақтың баласы да ерекше құрметпен, айрықша ілтипатпен қарар еді.
Оған оңтүстік те, солтүстік те, батыс пен шығыс та жоқ – бір ғана қазақтың кең жері, байтақ елі бар еді. Сонысына қарай оны қай өңірдің қазағы да туғанындай көретін. Ұлттық бірлікті ұлы бірлік көріп өткен бір адам болса, ол Зекең шығар.
Ол үлкен эстет еді. Бірақ Жаратқан Ием жарылқаған осы бір татаусыз талантың дарынсыздың саудасына, дәрменсіздің сауғасына салған жоқ, не айтса да, кімді айтса да адалдықтан айнымай, әділдіктен тайқымай өтті. Өнерді шын қасиет тұтқан бір адам болса, ол да Зекең шығар.
Зекеңнің жүзін көргенде жүрегің жылушы еді. Мұндай адамды анау айтқан ауруды қойып, жеңіл—желпі тұмауға қиясың ба! Амал не, Жаңа Жылдың алдында «ауырып жүр» дегенді естідік. Одан кейін «ауырып жатыр» дегенді құлақ шалды. Ақыры наурыздың басында баспалар үйінде күн сайын жүздесіп жүретін ақын ағамыз Есенбай Дүйсенбаев:
– Зекеңнің жағдайы мәз емес. Қазір телефонға әзер келеді, – деген.
– Барып қайтайықшы, аға, – дедім мен.
Ақын аға келісті. Түс әлетінде машинаға отырдық. Зекеңнің Жамбыл көшесіндегі үйіне жеткенше ойыма талай дүние оралған.
…Әдебиеттегі үш Зейнолланы мен 60—жылдары алтыншы класта оқып жүрген кезімнен білуші едім. Сол жылдан бастап (1963) әкем бұрын парткомдар зорлап жаздыратын «Қазақстан коммунисіне» қоса «Жұлдыз» журналы мен «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне өз еркімен жазылатын болған. «Қазақстан коммунисі» біздің үйдің қай уақыттан бергі «құдайы қонағы» екені есімде жоқ, әйтеуір мен ес білгелі осы бір көкшіл журнал алдымызға ыстық ас келгенде, қатпар—қатпар болып қара табақтың астында жатушы еді. 44 жылдан бері коммунист болып келе жатқан әкеміздің де, 57—ден бері қара тани бастаған қарадомалақ біздің де ол журналдан көрген бар «рахатымыз» сол. Ал мына «Жұлдыз» бен екі газет үйге келгелі қолдан қолға көшеді. Күндіз қой жайып кеткен әкеміздің қонышында жүреді, кешкісін жырым—жырым болып біздің алдымызғы жетеді. Білтелі шамның жарығымен жатып келіп оқимыз. Керемет! Өлең де, жыр да, әңгіме де, сын да – осында. Әсіресе үш Зейноллаға көзіміз жиі түседі. Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Шүкіров, Зейнолла Серікқалиев! Соңғысының жазғандарын өз басым бір жолын қалдырмай оқимын. Өйткені жазушы болсам деймін. Ал жазушы болу үшін бәрін де білу керек деймін. Екіншіден, тіпті әдебиеттің сынынан да «мол хабарым» бар екенін кластарыма білдіре жүруім керек қой. Әйтеуір, не ойласам да сол жылдары «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінің» арқасында әдебиеттен біраз дүние біліп қалғаным рас. Бірақ, бастысы, бір нәрсені білмеген екенмін. Мен ол уақытта құлаш—құлаш сын мақалаларын оқығанда, Зейнолла Серікқалиевті әкемнен үлкен ақсақал шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем… ол кезде Зекең қайран жиырма бестің о жақ-бұ жағындағы жап—жас жігіт екен ғой. Оны қайдан білейін, 78—дің күзінде Қалихан ағам университетті жаңа бітірген маған:
– Жүр, мен сені Зейноллаға алып барайын, мүмкін сол саған жұмыс тауып берер, – деп, «Қазақстан» баспасына алып келгенде, бас редактордың креслосында отырған, әлі қырыққа да толмаған, қара бұйра шашты, сыптығырдай сымбатты жігітті көріп, қайран қалғаным бар. Алғаш көрген адамыма қашан да жатырқай, тосырқай қарап, біразға дейін бой үйрете алмай отыратын әлсіздеу әдетім бар еді, неге екені белгісіз, Зекең маған бірден таныс, көптен білетін адамымдай көрініп кетті.
– Дидахмет деген менің інім. Биыл журфакты бітірді, – деді Қалағам, Зекеңнің алдындағы ұзыншақ үстелдің бір шетіне жайғасқан соң. Сұқ сауғасы қарама—қарсы отырған мен жаққа шошая қалған.
– Ә, бұл жігітті білем ғой. Жазғандарына қарап, өзім де сенің інің шығар деп жүруші едім, – деді Зекең жып—жылы жымиып қойып. «Е, сөз салтымен айта салғаны да, әйтпесе мұндай үлкен адам мен сияқты жалаң-аяқ студенттің қайбір жазғанын жаратып оқыды дерсің» деп қойдым ішімнен. Жоқ, қателесіппін.
– «Қазақ әдебиетінен» «Зауалыңды», «Жұлдыздан» «Жетпіс апаңды» оқығам…
Мәссаған! Қай дүниемнің қай жерде шыққанына дейін біледі. Өне бойым ып—ыстық болып кетті. Жаңағы «қателескеніме» қарадай қысылып барамын. (Кейін білдім, Зекең анау жас, мынау кәрі демей барлық қаламгердің шығармашылық еңбегін қалт жібермей қадағалап, бағалап отырады екен).
– Әрине, әдебиеттен үміт еткен жастардың Алматыда қалғаны дұрыс. Шетке кетіп қалғандар қандай талант болса да қара шаруаның қамымен қарайып қалады.Университетке дейін жұмыс істеп көрдің бе? – деді ол маған тағы да күлімсірей қарап.
– Көрдім. Қой да, жылқы да, дорстройда, мәдениет бөлімінде, армияда, құрылыста…– деп шұбырта жөнелдім.
– О-о, сен Джек Лондон сияқты болдың ғой! Әдебиетке дәп осындай өмірді көргендер керек. Биография керек. Қазір бізде орын болыңқырамай тұр, бір саңлау болса, Қалағаң арқылы өзіңді тауып алармын. Бірақ саған айтарым, Алматыдан кетпе, айналайын!
Осы бір шын мейірімге толы «айналайын» деген сөзін кейін де сан рет естіген асыл ағамен бұл менің бірінші жүздесуім еді.
…– Бес-ақ минутқа кіріп шығайық. Ауырлап қалмасын, – деді Есағаң табалдырыққа тақай бергенде.
Ұзақ қоңыраудан кейін есікті Зекеңнің өзі ашты. Ашты да үнсіз бұрылып, жатын бөлмесіне жүріп кетті. Соңынан ілесе жүрген менің жүрегім сыздап қоя берді.. Баяғы топ-толық, тығыршықтай денесінен салдыраған қу сүйек қана қалған. Онсыз да ұзындау бойы еттен арылған соң тіптен ұзарып кеткендей. Жағы сопайып, көзі ішіне кіре түсіпті. Бұрын кездесе қалса, бірден құшақтап, бауырына басып, бар ықыласын білдіруге ұмтылып тұрушы еді, енді міне біртүрлі салқындап қалған секілді. Әдетте сымбатты, сүйкімді адамдар бір сәттік сынық жүзін де сыртқа көрсетуден қысылатын жайы болады ғой, соны қазір Зекеңнен де сезгендеймін.
– Осы бір ауруға өткен жолы көктемде тап болдым, – деді ол Есағаң екеуіміздің қарсы алдымыздағы диванға қырындай жатып. – Әуелі мән бергем жоқ, жеңіл—желпі бірдеме шығар деп жүре бердім. Бірақ біртіндеп жаныма бата түсті. Тамаққа тәбетім жоқ, аузыма бір түйір ас салсам, тойып қалғандай боламын. Сөйтіп бірте—бірте салмағым азая бастағанын сездім. Осы соңғы он айда ғана жарты етімнен айрылған шығармын… – Ол ауыр бір күрсініп алып, әңгімесін одан әрі жалғады.. – Тірі адамның тіршілігі біте ме, тәйірі. Қашан құлап қалғанша ілініп—салынып жүре бересің де. «Риоритет» баспасында соңғы бірер жылда «Қазақ прозасы қазынасынан», «Жыр жауһары» деген сериялармен кітаптар шығара бастадық қой. Игілікті дүниеге бас-көз боп жүрудің өзі үлкен қуаныш. Жұмысқа барғанда бар ауруымды ұмытып кеткендей боламын… Айтпақшы, Есенбай, Қалиханның «Беу, ақсақ дүниесі» не болды?
– Осы бірер аптада сигнальныйы шығып қалар, Зеке.
– Е, жөн екен. Қалихан дегенің қайталанбас талант қой. Қайтесің, насихаты жоқ. Өзі оған ұмтылмайды, өзгелер ескермейді. Қаншама жыл қасында жүрген мына мен де ол туралы бір мақала жазбаппын. Құдай ғұмыр берсе, кейін бұ жағын да ескерем бе деп жатырмын…
– Өстіп жүріп өткен жылы әдеби той, мәдени жиындардың бірінен қалғам жоқ, – деді Зекең сәл үнсіздіктен кейін. – Әуелі тамыз айында Өскеменде өткен Қасым ағаның тойында болып қайттым. Сосын іле—шала Дулат Бабатайұлының Аякөздегі үлке мерекесіне қатыстым. Елдің еңсесін, халықтың рухын көтеруде мұндай тойлардың орны бөлек қой. Мысалы Қасым сияқты батыр азаматтың жазғандарын оқуды былай қойғанда, оның түр-тұлғасын көзбен көрудің өзі ұрпақ үшін үлгі, өнеге емес пе. Махамбеттің Атыраудағы тойы да керемет өтті. Самолетпен оған да барып қалғанмын. Бәрі жақсы—ау, бірақ… той дастарқанынан бекірені көріп, бала жастан жеп өскен жеңсік асым ғой деп, аузыма бір түйірін салып едім… жүн, дәм жоқ…
– Зеке, алтыннан тіс салдырсақ та, дәмді кейде өзіміз де сезбей қаламыз, – деп, Есағаң қалжыңдаған болды. Тегі Зекеңнің көңілін көтергісі келді—ау деймін. Осы сәтті пайдаланып қалған мен:
– Сіз дәмді қайдан сезесіз, Есаға. Алмалы-салмалы тісіңіз бірде қалтаңызда жүреді, бірде үйде қалып қояды, – дедім әзілді жандандыра түсейін деп. Сосын Зекеңе мына жайды айтып бердім.
– Өткен бір жолы Баспалар үйіне кіріп келе жатсам, есік аузында бүкіл қалтасын ақтарып мына Есенбай ініңіз тұр. «Ау, құда, не жоғалттыңыз, не іздеп жатырсыз?» – деймін. «Тісім жоқ, тісім. Стоматолог балам кеше ғана алтыннан бір тіс салдырып беріп еді. Аузыңыз жаттыға тұрсын деп, әлі цементке де отырғызбаған. Сол тісім таңертең ғана бір ұртымда тұрған сияқты еді. Сол жоқ!» деп, есі шыққан Есағам автобусқа қарай жүгіре жөнелгені.
Шіркін, сөздің, әзілдің құдіретін қойсаңшы! Манадан бері мұңайыңқырап, тұнжырап жатқан Зекеңнің қабағынан жылт еткен бір жылы ұшқын біліне қалды. Артынша басын көтеріп, диванға шалқалай отырды да:
– Тіс туралы сендерге бір қызық әңгіме айтып берейін, – деді жымиып. – Баяғыда маған дейін «Қазақстан» баспасында Жантекин деген кісі бас редактор болған. Сол кісі бірде қызмет бабымен Мәскеуге бара қалады. Дәл сол жерде тіс мәселесі есіне қайдан түскенін кім білсін, жөндетсем тура осы жолы жөндетейін, есі дұрыс емхана да, жөні түзу дәрігер де осында ғой деп, мүжілген, кетілген тістерінің бәрін суыртып, алмалы-салмалы тіс салдырып алады. Салғанда, тура алтыннан салдырады. Жарқырап тұр! Керемет! Айнаның алдында баяғы кетік Жантекин емес, аузы толған қазына, басқа Жантекин тұрғандай. Әттең, мынадай ауызды енді жора—жолдас, ағайын—туыс көрер ме еді дейді. Осы ойдың өзіне ұнап кеткені сондай, Алматыдағы әлгі жора—жолдас, ағайын—туыстың бәріне «Мен пәлен күні, пәлен поезбен, пәлен вагонға отырып, Мәскеуден шығамын. Қарсы алыңдар. Өздеріңнің Жантекиндерің» деген шұғыл телеграмманы шұғыл аттандырып жібереді. Сосын Алтын тістерін жарқыратып, поезға отырып, Алматы қайдасың деп, жүріп кетеді. Алмалы-салмалы тісті түнде жатарда ауыздан алып, бір ыдыстағы суға салып қоятынды өздерің де білесіңдер. Жантекин де жатарда ауызындағы бүкіл қазынасын суырып алып, купедегі кішкентай үстел үстіндегі бір стақан суға салып қояды. Сөйтеді де алаңсыз ұйықтап кетеді. Ұйықтап жатқанда, кім білсін, түсінде алтын тістерін жарқыратып Алматы вокзалында вагоннан түсіп келе жатқанын, әлгі жора—жолдас, ағайын—туыстың бұның тісіне қызыға да қызғана қарап қалғанын көрген шығар. Дәл солай болар ма еді, бірақ… Әттеген-ай десеңші, таңертең ояна салып, үстелге қолын созса, стақан жоқ. Стақанмен бірге алтын тіс те жоқ. Орнынан тұрып іздейді, етбеттеп жатып іздейді. Жоқ! Осы әредікте купеге жолсерік кіреді.
– Ау, аға, не іздеп жүрсіз? – дейді ғой ол, үстел астында еңбектеп жүрген Жантекинге.
– Түнде тістерімді мына үстелдің үстіне қойып қойған едім. Сол жоқ! – дейді Жантекин әбіржіп.
– Қалай қойдыңыз? Қандай тіс еді?
– Стақандағы суға салып қойғам. Алтын тіс еді… алмалы-салмалы.
– Ой, аға—ай, мені құдай атқан екен ендеше, әлгінде купенің ішін жинап жүріп, стақанның ішіндегі сарғыштау бірдемені мусор екен деп, суымен қоса терезеден шашып жіберіп едім, – дейді ғой сонда жолсерік.
Амал жоқ, опырайған ауызбен ол Алматыға жетеді. Поезд вокзалға тақай бергенде, терезеден қараса, қолдарына гүл ұстаған жора—жолдас, ағайын—туыстары бұл отырған вагонға ілесіп, жүгіріп келеді екен. Оларға көрінуге тіпті бұрынғы мүжілген тісі де жоқ, Жантекин опырайған аузын теріс қаратып, ұрлана басып келесі вагонға өтеді де, байқатпай жерге түсіп, қалтарыс—қалтарыспен қалаға шығып кетеді… Иә, тіс жоғалту деген оңай емес, мен сені түсінем, Есенбай, – деп Зекең жымия отырып әңгімесін аяқтады да, диванға қайта қисайды. Сосын есіне әлдене түскендей, оң қолымен жастықты құшақтай жатқан күйі маған жайлап басын бұрып:
– Осы Гүлбиғаш деген қыз сендерде («Түркістанда» дегені – Ә.Д.) әлі істеп жүр ме? – деді.
– Иә, істеп жүр, – дедім мен.
– Сол бала бұдан біраз бұрын қазіргі әдебиет туралы маған тым жақсы сұрақтар беріп еді. Соған жауап жазуға қазір жағдайым мынадай боп тұр ғой. Бірақ уәдемді ұмытқам жоқ. Шамалы тәуір болсам, жазам ғой. Сен осыны ұмытпай айта салшы оған, ағасына ренжімесін…
Мен ұрланып сағатыма қарап қойдым.
Бес-ақ минутқа кіріп шығамыз деп, бір сағаттан артық отырып қалыппыз.
– Ал, аға, тезірек жазылып шығыңыз, – деп, жайлап орнымнан тұра бастадым.
– Келгендеріңе рахмет! Жақсы сергіп қалдым. Аманшылықпен жолығысайық… – деді Зекең бізге қолын ұсынып.
Адамға деген жүрек жылуы алақан табынан да сезіліп тұратын қайран Зекеңнің қолын сонда соңғы рет қысып тұрғанымды мен әрине білгем жоқ.
Бұл – 3 наурыз, сәрсенбі, сағат 3—тің кезі еді.
Арада тура 18 күн өткенде асыл ағамен мәңгіге қоштастық қой.
2004 ж.