1. Жақсылықтың алтын қазығы
Ет жақын туыстар, ең жақын достар менің бойымнан көбіңде бір мін көреді. «Тым сенгішсің. Не нәрсеге оп-оңай құлай саласың. Ау, бұның арты қалай болар, не болар деген ой қайда?» дейді.
Рас, мен бұған да бас шұлғи саламын. Орынды сөзге оспадар ғана дау айтады. Шындығында, аталған мінез, айтылған міннен сан рет сан соққан кезім есімде. Бірақ бұған бас қатырып, бармақ шайнаған кезім және жоқ. Өйткені сан рет сан соқтырған сол «мінімнің» сан рет мені қуанышқа бөлеп, жүрегіме нұр құйып, іңкәр дүниеге ынтықтырып, құштар өмірге ұмтылдырып, көз ұшындағы сонау қиян басынан жылт-жылт етіп көрінген жақсылықтың бір жылы сәулесіне қарай мені ылғи да алға жетелей түскен үмітті сәттерінің өзі қаншама! Ендеше жаманшылығынан гөрі жақсылығын көбірек көрсеткен мінезге өкпе айтудың керегі не. Екіншіден, бүгінде Алтайда тарамыстай тыртысып тірлік етіп келе жатқан әкемнің ұзақ ғұмырындағы бүкіл болмыс-тіршілігін, Алланың оған ауған ықыласын еске алам да, ес жиямын, тәуба айтамын. Егер сенгіштіктен бір адам қорлық көрсе, сол қорлықтың көкесін менің әкем көрер ме еді, кім білсін. Жоқ, адамға деген, қоғамға деген, Жақсылыққа деген ғұмыр бойғы Сенім оның бір күнін бір күнге жалғап, міне жасын 90—ға әкеп тіреген. Арқадағы атақты Жидебай батыр (ХVIIIғ.) жүзден асқан шағында: «Осынша өмір сүргенім – жұрттан алған алғысым» деген екен. Көкірегіңде иман жоқ, Жақсылыққа деген Сенім жоқ адамға алғыс қайдан бұйырсын, батырдың кең сарайдай кеудесіне иман ұялап, Сенім қонақтаған болар. Сол секілді біздің әкейдің де жұрттан алған алғысы жетерлік еді. Мен оның бір қатарын кезінде «Тас монша» деген әңгімемде жазғанмын. Сол көркем шығармадағы жаз жайлаған, қыс қыстаған жерінде бір монша салмай кетпейтін Әзімхан – біздің әкейдің прототипі де. Ең ізгілігі сол, әлгіндей жұртқа жасаған жақсылығы, адамға істеген қайырымы үшін біреуден мадақ, біреуден марапат күткен ол емес, әрі кеткенде: «Е, Құдайдан қайтар. Жақсылық деген бар ғой» деп отыра береді. Бұл сөздің мәнін, әкенің жанын мен көп кейін ғана түсінгем. «Жақсылық деген бар ғой!» Сенімге толы, үмітке толы қаңдай әдемі сөз. Жақсылықтың бары – Құдайдың барлығы ғой! Ал Жақсылықтың бәрі Құдайдан болса, Құдайдың 99 атының бірі Жақсылық болса, Құдайдың өзі мәңгілік болса – демек Жақсылық та мәңгілік қой. Ендеше алдымен Жақсылыққа сенуіміз керек те. Оған сенер болсақ, алдымыздан әмәнда Жақсылық күтуіміз керек те. Күткенімізге әмсе жолыға да бермеспіз, бірақ Сенім мен үміттен айрылмасақ, ақ тілеуіне Алланың әйтеуір бірде жеткізері анық.
Құдай – әркімнің өз жүрегінде, сенімінде. Біздің әкей Құдай ұғымын Жақсылық мағынасында пайдаланатын. Оның Құдайы Жақсылық атымен жүрегіне орныққан. Әйтпесе шындығын айтайын, бүгінге дейін мешітке барып, намазға ұйып, Құранның құрығаңда бір сүресін жатқа айтатын ол емес. Хат таниды, әліпті таяқ деп біледі, сауатын төте жазумен ашқан, латын, кириллица жазуларын да оқи алады. Бірақ қарапайым қара шаруа қалпында қалған. Сөйте тұра 51 жыл Коммунистік партияның мүшесі болды. 51 жыл партбилетін жанынан бір елі қалдырған жоқ. Оның Құраны – сол қызыл билет еді. Қызыл билет идеологтары Құдай жоқ десе, оған да сенді. Түптің түбінде коммунизмнің салтанат құратынына да сенді. Ленин мен Сталинді әкесіндей көрді. Әлі де солай. Енді оған не дейсің, 90-дағы шалды қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Тек бір дүниеге риза боласың, ғұмыр бойы сенген идеалдарынан бір-ақ күнде айнып шықпай, оларға адал қалпында қалуының өзі қара шалдың құдайшылығы, имандылығы болар.
Қызық! 90-жылдардың басында, партияны жаңа таратып жіберген тұста ауылға барғам. Әкем жүрек тұсынан қызыл билетін шығарып: «Мынаны енді не істеймін?» деген маған қинала қарап. «Басыңнан үш айналдырып лақтырып жібер» дедім әзілдеп. «Тәйіт!– деп, шал орнынан атып тұрсын. – Бұдан ақыл сұрап отырған мен ақымақ». Ол ашуланып сыртқа шығып кеткенде, шешем: «Өзінің де жүйкесі жұқарып отырғанда орынсыз қалжыңдадың-ау, балам. Немерелері жылап сұрағанда бермейтін 1 сом ақшасын кеше билетінің арасына салып, соңғы взносымды төлейін деп, кеңсе жаққа кетіп еді, біраздан соң көзі жіпсіп қайтып келді. Баяғыда шешесі өлгенде бір жылап еді, енді міне әкесінен айрылғандай аһылап-үһілеп жүрген түрі анау»,– деді.
Сенімге деген адалдық, сенгенге деген құрмет осындай-ақ болсын! Оның партияға сенгені – Жақсылыққа сенгені еді. Әлі де сенеді. Дәлірегінде Жақсылыққа, Жақсылықтың өміршең-дігіне сенеді. Оның тіршілігінің нәрі де, қуат күшінің қайнар көзі де осы Сенім екені айдан анық. Жаратқан ием бәрімізді осындай кіршіксіз, күмән-күдіксіз ақ сенімнен айырмасын! Міне, менің әріден шиырып, әкемнен бастап сабақтаған сөзімнің түйіні де – осы. Әйтпесе әкемді мақтайын, әкеммен мақтанайын деген ой менде жоқ. Ондай арзан абырой жинауға ол да, мен де құштар емеспіз.
2. «Ерік күші» керемет пе, әлде сенім бе?
Жер жаралғалы жер жаһанда қолданылып келе жатқан емнің төрт түрлі қайнар көзі бар екен. Олар: от, су, өсімдік және Сөз. Осылардың ішіндегі ең құдіреттісі Сөз дейді. Сөз алдымен емделсем деген ішкі Ниетті тудырады. Ниет Сенімді бекітеді. Сенім Үмітке жетелейді. Осы үшеуіне жан-тәнімен ұйыған адамның жазылмайтын жан сырқаты да, тән сырқаты да болмаса керек. Бұл жерде және Ойды да Сөз деп білу керек. Адам не нәрсені белгілі бір тілде ойлайды. Ал тіл дегенміз – Сөз. Демек Ойдың қазығы да – сөз. Сөз ұйықтап жатқан небір Ойды түрткілеп оятады. Оятып алып Сәбең айтқан «мидың мың градустық домнасына» салып қорытады, қайнатып пісіреді. Осындайда белгілі бір ізгі мақсатты Ниет еткен Ой сол мақсат-қа жетуге деген Сенімді тастүйін бекітуге мол мүмкіндік туғызады. Ал тастүйін беки алған Сенім адам бойына ғажайып бір тылсым күш кұюға құдіретті. Иә, тылсым, жұмбақ көп жағдайда сырын өзіміз де түсінбейтін күш!
Мәселен қараңыз: ораза ұстаған кісінің әдеттегіге қарағанда қарны қатты аша бермейді. Дәлірегінде ол мұндай кезеңде аштыққа әлдеқайда төзімді. Бұрын, ауыз бекіткенге дейін, түскі ас мезгілі жақыңдаған сайын әлденеге елеңдеп, мазасы кетіп, тамаққа тезірек жетуге асығатын болса, ораза уақытында бұның бәрі бойдан да, ойдан да алшақтап кетеді. Бір сөзбен айтқанда, ішпей-жемей тоқ. Неге? Өйткені ол: «Мен – ораза ұстаған адаммын. Мезгілі жетпей маған ауыз ашуға болмайды» деп, өзін өзі әбден сендіріп алған. Сол Сенім жай күндері жалаңдап, жалақтап, «іштен қасқыр боп ұлып» тұратын бар тәбеттің бетін қайтарған. Бұны психолог-тар «самовнушение» дейді. Қазақша – өзін өзі сендіру. Бұл – ғажап! Бұл – феномен! Бір нәрсеге өзін өзі толық сендіре алған жанның жеңбейтін қиындығы, жетпейтін мақсаты бола қоймас. Бұны біз көп ретте «ерік күшімен?» («силаволье») байланыстырамыз. Біреу жаман әдеттерден (мысалы, темекі, ішімдік, т.б.) арыла алмай жүрсе, біз оны «ерік күші жетпейді» деп кінәлаймыз. Шыңдығыңда оған «ерік күші» емес, «өзін өзі сендіру – самовнушение» жетпей жүргенін ескермейміз. Өз басым әр нәрссге сенгіш болсам да, өмірлік тәжірибем, көрген-түйгенім молайған сайын «ерік күшінің кереметтігіне» (?) күмәндана түскендеймін. Мысалы, мына бір жайды бастан кешкеңдей етіп елестетіп, сезініп көріңіз… Құм дала. Шыжыған ыстық. Алысқа жолаушылап барасыз. Қатты шөлдеп келесіз. Жолбасшыңыз: «Еңді 10 сағаттан кейін ғана пәлен жерге жетеміз. Су сонда ғана бар» дейді, Жақсы! Сендіңіз. 10 сағатқа шыдауға шамаңыз бар. Тек суды ойламасаңыз, болды! Бірақ… бір сағатқа жетпей… жол жиегінде жерден қайнап шығып жатқан мөп-мөлдір көк тұманы көзіңіз шалып қалды. Ал, «ерік күшіңіз» мықты болса, оған бұрылмай өтіп көріңіз. Сөзсіз бұрыласыз. Бұрылмасаңыз діттеген жерге есіңіз аумай жетуіңіз екіталай. Өйткені ағзаңыздың суға деген сұранысын сіз тым-тым арттырып алдыңыз.
Мен дәрігер болмасам да интуитивті түрде сеземін: су мен асты неғұрлым көбірек ойлаған сайын сол құрлым асқазан сөлі, өт қышқылы көбірек бөлінеді. Бұлардың аузын тығындау тек «өзін өзі сендірудің» ғана қолынан келмек. Саналы түрде тамақ ішпеуге өзін сендіре алған адам екі айға жуық тек қара сумен күнелтуге мүмкіндігі бар екен. Міне, сенім құдіреті!
Тумысынан ерекше қасиет дарыған шын мәніндегі халық емшілері мен кәсіби дәрігерлер адам бойынан ауру іздемес бұрын Сенім іздер еді. Бұ – әсіресе экстрасенс, балгер, тәуіп-терге тән. Оларға сеніп барғандардың сауығып кеткендері қан-шама. Ал сенімсіздерді сендіре білетін, сендіру арқылы өзіне де, еміне де құлай жығылдыратын емшілер де болады. Солардың бірі – ғажап қасиетімен өзімді де қайран қалдырған- туысқан қырғыз халқының қызы, соңғы жылдары Алматыдағы Халық емшілері орталығында емшілік жасап отырған.
3. Роза Таштанбекқызы Әбдіраимова
Розаға бұдан екі жыл бұрын ақын Өтепберген Ақыпбектің сілтеуімен бір ағайымызды апарғанбыз. Сонда емші алдында жиырма минутай болып шыққан оны біз танымай қалған едік. Манағы қуқыл тартқан жүзі өңденіп, жадырап шыға келген. Көңілді. Көзіне қуаныштың әлдебір жылы ұшқыны ұялай қалған. «Керемет!– дейді таңданып. – Мұндайда керемет болады екен-ау. Бәрін біліп тұр, бәрін! Сенбесең, өзің де алдына барып көрші?».
Бардым. Басына ақ орамал байлаған көзілдірікті, киіктің асығындай сүйкімді келіншек екен. Әртүрлі түсті бір уыс тасты алдына шашып жіберді де, сөйлей бастады. Өткен-кеткен, басымнан кешкен жайларды құдды ғұмыр бойы жанымда жүргендей-ақ айтады. Солай ма, рас па? деп сұрамайды- да. Дәл айтып, дөп басып отырғанына алдымен өзі сенімді. Қайран қалып мен отырмын. Ауылдағы кәрі әкем мен шешемнің, бірге туған бауырлардың, өз бала-шағамның денсаулы-ғына дейін тізбелейді. Соңғы уақытта сыр беріп жүрген өз сырқаттарым жөніңде де біраз сөйлеп кеткен. Бәрі рас. Енді болашақ туралы сөзге ойысқанда:
– Оны айтпай-ақ қойыңыз. Ертеңгі күні не болатынын біліп алсам, өмірдің қызығы не!– дедім.
– Рас,– деді ол жай ғана. – Бірақ көп адам соны білуге құмар.
– Сіз негізінен дін жолымен емдейсіз бе?
– Иә… Және қазіргі медицина жолымен де.
– Бал ашу ислам қағидасына қайшы ғой.
– Білем. Бірақ оны неге ашатынымды айтайын сізге. Маған келген адам ең алдымен менің ерекше қасиетім барына сенуі керек. Оған сенсе, емшілік қасиетіме сенеді. Емшілігіме сенсе, өз денсаулығына менен мысқалдай болсын дәру табатынына сенеді. Яки бал ашардағы басты мақсатым – жүректерге сенім ұялату.
– Осындай сәтте, бәрін қайдан біліп отырасыз?
– Сыры жұмбақ дүние көп қой өмірде,– деп ол сәл жымиып қойды. – Бәрін білу Аллаға ғана тән. Біз өте аз біле-міз ғой… Сізге тек айтарым: менің әкемнің шешесі Ұмсынай да, өз шешем Уылхан да, нағашы ағам Мұраш та көріпкел, емші болған. Қазір әпкелерім Анар мен Жұпар, сіңлім Шынар да осы жолды ұстайды! Кеңестік кезеңде көп соққы да көрдік. Мұраш ағамның өмірінің көбін түрме жеді. Шешелеріміз әр күнін үреймен өткізді. Қайтесіз, барлығы да бізге деген сенімсіздіктен болды ғой. Ал, сіз… мынау жарық жалғанда адам санасы жете бермейтін бір керемет күштердің барына сенесіз бе?
– Сенем.
– Ал жақсылыққа ше?
– Оған да сенем.
– Жаратқан ием баршамызды осы сенімнен айырмасын, аға!
… Розаға қазір де жиі барып тұрамын. Барған сайын жеңілдеп қайтамын. Ол менің ізгілік атаулыға деген сенімімді бұрынғыдан да бекіте түскен.
Ал сенім шіркін кұдірет қой.
2002 ж.