Сағына күткен сабантой. Иса Капаев

«Туысқан халықтар әдебиетінен»,
Иса Капаев, ноғай жазушысы.
Аударған Дидахмет Әшімханұлы


Сағына күткен сабантой

Автобус күтіп аялдамада тұрмын. Сонау көктемнен бүкіл округ сағына
күткен сабантой ақыры ертең болмақшы. Ауа-райына да алаңдаудың реті
жоқ; жып-жылы түн, жымы қалың жұлдызды аспан ертеңгі күннің майдай
еріп тұратынын сездіргендей. Ал осы халықтық мерекеге дайындықтың өзі
баяғыда-ақ қолға алынып, ұсақ-түйек шаруасына дейін тастүйін болған:
ақсақалдар тойға хан етіп ауылымыздың ең ардақты адамы Әлимырза қартты
сайлады, оған арнап Жанболат-төбенің басына сары шатыр тігілді, ларек,
киоскілер орнатылып, би алаңы, аттракцион, спорт сайыстары өтетін
орындар да шұғыл әзірленді. Бұлардың жанынан ұлттық орамал, лента,
жалаулармен безендірілген трактор да орын алды. Той күні онымен ең
таңдаулы механизатор өзінің бүкіл өнері мен шеберлігін көрсетпек…
– Әй, сен тағы клубтағы достарыңа бет алдың ба?
Ту сыртыма жалт бұрылсам, көк есекке арба жеккен шынашақтай қатқан
шал маған қулана жымиып тұр екен.
– Саламалейкум, Көшен? – дедім мен әдейі «ағай» дегенді қоспай,
өйткені біз онымен қашан да еркін сөйлесе беретінбіз. – Роберт пен Жақып
мені тағатсыз күтіп отырған шығар?
– Кел, жеткізіп салайын, – деді ол қамшысымен қасынан орын нұсқап.
– Клубқа жолым бұрыстау, дегенмен намазым қаза болмас, кеттік.
Түн жамылып қап-қара асфальт үстінде ырғалып келеміз, арбаның
ыңырсыған сықыры мен қоңыр салқын жел бізді әлдилеп, тербете түскендей.
Мен шалға риясыз көңілмен көз тастап қоямын да, әдеттегідей одан тағы бір
қызықты, күлдіргі әңгіме күтемін, бірақ әншейінде ауыз жаппас Көшенім
енді жақ кірісін ашар емес – тым салмақты, сабырлы отыр. Тек орталық
көшеге түскен сәтте шам жарығымен бозара қалған жұлдыздарға қарап:
– Көп өтпей-ақ Көшен де анау жұлдыздардың бірі болады, – деді жеңіл
күрсініп.
Бұл сөзді ол әзіл ретінде айтса мен рахаттана күлер едім, алайда қазір
оның даусынан әлдебір мұңды байқадым да:
– Көшеке, қараңғыда қазаның мен тезегіңді арқалап қайда тартып
барасың? – дедім әңгімені басқа арнаға бұрып.
– Е, шырағым, қазан болса қарның ашпас, тезек болса бойың тоңбас.
Екеуі де шықпас жанға медет қой, – деді ол салмақты. Күнде кешкілік өстіп
кең далаға шығып кетемін де, тезекті жағып, қазанымды көтеремін, шай
қайнағанша түнгі даланың тынысымен рахатқа батамын. Шіркін, шай дегенің
ноғайдың қай-қайдағысын қозғамай ма.
Клубқа тақай бере арбадан секіріп түстім де, шалмен қоштасарда:
– Саған да, есегіңе де рахмет! – деп өзімше қалжыңдаған болдым.
«Есекке де рахмет айтушы ма еді» деп күлетін шығар десем, ол кәдімгідей
қоштаған кейіппен:
– Сүті арам болса да, күші адал ғой байқұстың, – деді де тізгінді қағыпқағып жіберіп, алакөлеңке асфальт бойымен зырлай жөнелді.
Арба қою түннің қойнына сіңіп кеткенше соңынан ұзақ қарап тұрдым;
құлағыма доңғалақтардың бір сарынды дүрсілі естіледі; көз алдыма жұлдызы
жамыраған түпсіз аспан, мүлгіген иен дала, шағын жерошақта шалқи жанған
от, от басында шілделіктің шырылына құлақ тосып, құла шайды асықпай
сораптап отырған шал елестейді. Оның әлгіндегі: «Шіркін, шай дегенің
ноғайдың қай-қайдағысын қозғамай ма» дегені еске түседі.
Көшенді алғаш рет биыл көктемде көргем. Біз, ноғай жастары, жарты
ғасырға жуық ұмыт болған ұлттық еңбек мерекеміз – сабантой өткізуді
ойлағамыз. Қарттармен сөйлесіп едік, олар бізді құптағанмен қуанарлық
кеңес бере алмаған, ең соңғы сабантойда бұлардың өзі енді ғана ес біліп, етек
жиған кездері екен. Амал жоқ, қалың-қалың кітаптар мен көне шежірелердің
шаңын қағып, этнограф ғалымдармен, музей мамандарымен пікірлесіп, біраз
көне дәстүрлердің көзін ашуға тура келді. Мақсатымыз – бұл тойды шын
мәнінде ұлттық мерекеге айналдыра отырып, она жаңа нақыш, жаңа
бояулармен байыта түсу еді.
Алдағы мерекеге қарттар жағы хан сайлап, боза қайнататын жер
белгілеуге кіріскенде, қолдары қырсау, тақымы талыс талайлар күш
сынасатын биік баған орнатылып, басына бәйге тігілгенше біз мерекені
ханның қалай бастайтыны, ғалым этнографтың не айтатыны, совхоз
директорының өткен жылғы қол жеткен табыстар туралы сөзі, еңбек
екпінділерін наградтау, ұлттық ойындар мен спорт сайыстары, би, ат бәйгесі,
сияқты тойдың бүкіл жоралғысын жасауға кірістік. Бұлармен қатар сауда
мекемелерімен келісіп, сабантой болатын Жанболат-төбеде би алаңын
жабдықтап, ларек, киоск орнатып, ұлттық ойындар өтетін жерлерді тазалап,
электр жүйелерін тартып, экстрадалық оркестрді күнде әуреге салып…
әйтеуір табанымыздан тік тұрдық… Ақыры сабантой күнін белгілегеніміз сол,
апрельдің ақ жаңбыры басталды да кетті: амал не, той күні апта сайын
шегеріле берді, шегеріле берді. Алғашында жұрт бізге күле қараған, сосын
нали бастады, кейін тіпті ашықтын-ашық наразылық білдіріп еді.
Нөсер құйып тұрған бір жексенбі күні біз: клуб меңгерушісі Роберт пен
Жақып, көрші ауылдың ақыны және мен клуб залында ұнжырғамыз түсіп
отырғанда, сырттан естілген арбаның сықыры мен қарлыға шыққан дауысқа
елең ете қалдық.
– Др-р! Қасқыр жегір, қайтеді-ей мынау! – дейді біреу айқайлап.
Артынша сұр шекпенінен су сорғалаған шынашақтай шал табалдырықты
аттай берді. Аттай берді де тассауыттан басып созған тасбақадай шекпен
ішінен сусіңді қалпағын қылтитып, бізге тышқан көздерімен сығырая
қараған. Судан шыққан сабалақ иттей сілкініп қалып еді, үстінен шашыраған
суық тамшылар бетімізге тиіп, денемізді дір еткізді. Балшыққа батқан керзі
етігіне көзі түскенде өзі де жиіркенгендей бір уыс беті тыржия қалды.
– Қайда? Қайда барасың! – деп үй сыпырушы Ақбілек те өре тұрды. –
Мұнда саған не бар кәрі сайтан! Әлде есек қора мен клубты айырмай
тұрмысың?!..
Маңайына үрке қараған шал сәл уақыт тастай қатып тұрды да, кенеттен
тұрған жеріне сылқ етіп жата кетті! Ақбілек одан мұндай қылық күтпесе
керек, сасқалақтап тұра ұмтылды.
– Құдайым-ау, не боп қалды саған! Қалжың ғой менікі, қалжың, – деп ол
шалдың қолтығына жармасқан. Бірақ Көшен кірпідей жиырылып, оны
маңайына жуытар емес, етігін сілкіп тастап, жалаң аяғын бауырына тыға
береді. Біз шыдай алмай күліп жібердік, сосын Көшен де шиқылдай күліп,
орнынан атып тұрғаны бар.
– Жынды ма өзі? – деп Ақбілек бізге таңдана қарайды. Ал Көшеннің өзі
қас қағымда шекпенін шешіп алып, жеңіне қалпағын сүңгіте салды да,
Ақбілекке ұстата берді. Көнетоз гимнастеркасы мен галифе шалбарын оңдап
қойған соң:
– Орта толсын! – деді ол қаздия қалып.
– Кем-кетігі сізбен толсын! – дедік біз.
Әлі де абыржыған Ақбілек Көшеннің шекпенін киім ілгішке еппен іле
бастады, ал шалдың өзі залдың тура ортасынан басып өтіп, сахнаның шетіне
тізе бүкті. Бізге ойлы жүзбен сынай қарап отырды да, асықпай темекісін
тұтатты.
– Мұнда темекі тартуға болмайды. Бұл саған есек қора емес, клуб деп
неше айтамын! – деп Ақбілек тағы ескерту жасаған.
Көшен келіскендай бас изегенмен оған бұрылып қарамады да, темекісін
қомағайлап сорып, қою түтінді бұрқырата түседі. Роберт күлкісін
жасырғандай қалың қара мұртын сипай отырып:
– Көшен аға, денсаулығыңыз қалай? Күйлі-қуаттысыз ба? – деді жай
ғана.
Шал тағы лә-мим деп тіл қатпады, тек иығын қиқаң еткізді де қойды,
құдды жағдайды сұрайтын уақытты тапқаның дейтін сияқты. Әрине, жер
ортасынан асқан адамға мұндай мінез жараспасы белгілі, бірақ біз одан
«ақылды қырсықты» сездік те, тағы не істер екен деп тағатсыз күттік. Ол
темекісін тартып болған соң отын түкіріп өшіріп, Ақбілектің қитығына тигісі
келгендей тұқылын әдейі еденге тастай салды.
– Кеше түнде тас жолда келе жатыр едім, – деді ол кенет ұйқыдан
шошып оянғандай. Әлгі жеңімпаздар ескерткіші бар емес пе?.. Сондағы анау
тас солдат жоқ. Тек тұғыры ғана қалыпты.
Біз бір-бірімізге таңдана қарадық.
– Қалайша жоқ? Қайда кеткен ол? – деп Роберт кілт мазаланған.
– Иә, жоқ! – деді Көшен санын соғып. – Көзімді уқалаймын, түсім бе деп
өзімді сипап көремін. Жоқ, ояумын, көзім де көріп тұр. Ал, тас солдат
расында ізім-ғайып. Қой, бұл не де болса қолды болған іс, дедім де тезірек
біреулерге хабарын жеткізуге асығып желе жөнелдім. – Сосын «Фатима»
тұрған тоғайға жақындай берсем…
– «Фатимаң» кім? «Горянка» ескерткіші емес пе? – деді Жақып жымиып.
– Иә, иә, сол «Фатиманы» айтам да, – деп Көшен оны асыға құптаған. –
Қарасам… О, құдай, тас солдатым со «қатынмен» құшақтас-е-еп тұр…
– Тфу, кәрі сайтан! Не ойлап тапқан десеңші! – деп Ақбілек теріс
бұрылып кетті.
Иығымыздан бір ауыр жүк түскендей біз де жеңілдеп, желпініп алдық.
– Ойлап тапқанын дейді-ей! – деп Көшен де дауыс көтерген. – Ойбай-ау,
ол содат – майдангер емес пе? Ал майдангер не істеймін десе де істей алмай
ма? Өзім де майдангер болғандықтан білем ғой бәрін.
Ол орнынан тұрды да, шірене басып киім ілгішке беттеді, қияндағы
ауылдан тек әлгі «көргенін» айтуға келгендей.
– Ау, Көшен аға, қайда барасың? Жаңбыр шелектеп құйып тұр ғой, – деп
Ақбілек бәйек болып жатыр.
– Сендермен қыртып отырар уақытым жоқ, – деді ол нығыздай сөйлеп. –
Мен сабантойға келгем, байқаймын, құдаймен тіл табыса алмай жатқан
көрінесіңдер.
Біз шалды шығарып салуға оқталсақ та жаңбырдан қорғанып,
табалдырықтан ұзай алмадық. Көшен арбасына ширақ мінді де, тізгінді қолға
алған соң бізге бұрылып:
– Әй, қаратаяқтар, – деді қамшысымен аспанды нұсқап. – Анау құдайды
сынап газетке бірдеңе жазсаңдаршы. Еңбекшілердің сынынан бір қорытынды
шығарар. Тек облыстық газетке жазыңдар, ол аудандық газетті алмайды…
… Сол жексенбіден кейін ол клубқа жиі келіп жүрді. Сылтауы –
сабантой. Бірақ той әдеттегідей шегеріле беріп еді.
Жаңбыр көктемгі егісті де кешіктірген. Ал егіс басталған кезде демалыс
деген мүлде болған жоқ. Ол біте бергенде ешбір тойға айырбастамайтын ұлы
дүбір май мейрамы жетті. Сабантой – шындығында, көктемгі мереке болса
да, біз оны енді жазда жасауды ұйғардық. Бірақ Жеңіс күні өтісімен Робертті
облыстық семинарға шақырды да, ол онда ұзақ кідірген; сабантойдың бүкіл
шаруасын мойнына алған онсыз тойды бастай беру ыңғайсыз еді. Сөйтіп ана
бір себеп, мына бір себеппен жүргенде, ақыры орақ науқаны килікті. Ал жұрт
жұмыстан сәл босай қалса, қас қылғандай тағы жаңбыр себелей жөнеледі.
– Осы абыройсыз істі қайдан бастап едім! – деп күйінеді Роберт. –
Әйелдер де әлегімді шығарып бітті. «Тойға деп қайта-қайта боза қайнатамыз.
Күйеулеріміз оны ішеді де жатады, бүйте берсе нағыз маскүнем болатын
шығар. Құдай ақы, сабантой болмаса, комбайнтой жасамайсыңдар ма?»
дейді.
Біз еріксіз күлеміз. Күлеміз де күрсінеміз. Бізбен бірге Көшен де күледі,
күрсінеді.
– Сенің уайымың түк емес, – дейді ол Робертті жұбатып. – Егер мен
тартқан азапқа тап болсаң, әкеңнің атын ұмытар едің. Ол қандай азап дейсің
ғой? Айтайын… Бірде Невинкадан қайтып келе жатып, бір көпірге жақындай
бергенде есегім аяғын аттап бассашы! Қамшымен қайта-қайта шықпыртамын
– жүрмейді. Арбадан ыршып түстіп, іштен тебемін – жүрмейді. Қой, бұған
бір кесел жабысқан шығар дедім де, ер-тоқымын сыпырып алып, есектің өзін
жетектеп жаяу тарттым. Содан жүріп келемін, жүріп келемін, жол шіркін
таусылар емес. Ер-тоқым асқан иығым удай ашиды, аяғым сырқырап
бастырмайды.
Көшен әңгіменің осы тұсында кілт үнсіз қалды. Енді не болар екен деп
біз күтіп отырмыз. Ақыры шыдамай:
– Иә, сосын не істедің? – дедік біз.
– Не істеуші едім? Намаздыгер шақта шаршап-шалдығып үйге жеттім
де, – дейді ол.
– Есекке не бопты? – дейміз біз тағы.
– Ештеме де болған жоқ екен, – дейді ол мысық мұртын шиырып.
Біз мырс еттік те қойдық. Ақбілек қабақ шытты.
– Болды, сенің қырық өтірігіңді тыңдай-тыңдай шаршадық. Клубқа тағы
келгеніңді Мәдина Әжбекировнаға айтпасам ба осы!… О-о, әне өзі де келеді,
– деді ол терезеге қарап тұрып.
– Не дейді! Қайда? – деп Көшен шұғыл кететін сыңай танытты. – Құдай
үшін айтпай-ақ қойшы, айтсаң, атып тастауы мүмкін.
– Ә, қорықтың ба, кәрі мылжың? Мықтымсығаның – тек тілің екен ғой, –
деді Ақбілек қуланып.
– Мен бе қорыққан? Мен бе? – деп көшен зығырдана кеудесін соқты. –
Мен майдаргермін. Майдангердің қорыққанын қашан көрдің? Баяғыда
окопта жатқанда…
– Сен бе майдаргер? – Ақбілек сықылықтай күлді. – Су қоспай соғасың,
ә, суайтым! Күрк-күрк жөтеліп, көлеңкеңе сүрініп жүргеніңде Мәдина
Әжбекировна справка жазып бергенін ұмыттың ба әлде? Соғыс кезінде сенің
алыс жайлауда мал баққаныңды жұрттың бәрі де біледі.
Шал ұрымтал жерден ұсталғанын сезіп, бізге кінәлі адамдай қарады.
Бірақ әлі де жеңілгенін мойындағысы келмей:
– Е, мен сонда айранымды ұрттап, қойымды құрттап жүре берді дейсің
бе? Тау асып, партизандар қатарына қосылып кеттім емес пе? – деді көздері
күлмің қағып.
– Тфу, саған дауа жоқ екен ғой! Сені тыңдай берсек, жылы жұмыртқа да
жұттым дейтін шығарсың. – Ақбілек қолын бір сілтеп кете барды.
– Ә, ол да болған, – деп Көшен желпіне түсті. – Сенбейсіңдер ғой.
Сенбесеңдер де айтайын… Бірде шабындықтан шөлдеп үйге келсем, не боза,
не айран, не бір жұтым су жоқ. Кенезем кеуіп барады. Не істеймін? Сарайға
шықсам, тауықтың ұясы жұмыртқаға толып жатыр. Көзімді жұмдым да, жыпжылы біреуін жұтып жібердім. Жаным рахаттанып-ақ қалды. Ертеңінде… –
Көшеннің көзі алайып кетті. – Ішімде бірдеме шиқ-шищ етеді. Бауырымды да
біреу шымшып-шымшып алғандай. Өзім де итжанды адаммын ғой, өстіп бір
апта шыдап жүрдім. Байқаймын, шиқылдаған бәле күшейіп бара жатқан
сияқты… Жүгіріп докторға бардым. Ол: «Айнамен көру керек» дейді.
– О қандай айна? – дедік біз.
– Е, ішек-қарынды сырттан көретін немене өзі әлгі?
– Рентген шығар, – дейді жанымызға жақындаған Ақбілек.
– Иә, сол, – деп Көшен қоштап қойды. – Доктор сол айнадан қарап
жіберсе… ой, алла десеңші!.. Бір сары балапан бауырымды шұқып же-еп
отырған көрінеді.
– Әй, Көшен! Әй, Көшен! – дейді Ақбілек бас шайқап. – Сені жұрт
«туғанына қырық күн толмай қырта бастады» деп тегін айтпаған-ау!
Көшеннің өзі де жадырай күлген. Күліп отырып, күрт орнынан тұрған.
– Жә, жетті. Қысыр әңгімеден қызыл бұзау тумайды, кетейін, – деді ол.
– Бар, бар, енді мұнда келмей-ақ қой. Аяғыңды аттап бассаң, Мәдина
Әжбекировнаға айтып қоям, – деді оған Ақбілек.
Соңғы уақытта осы үй сыпырушы әйел Көшенге қырын қарай бастағаны
рас. Үйі тура клубтың жанында болғандықтан ол екі жақтың да шаруасына
үлгеруші еді. Мұндай қолайлы жұмысқа қол жетпеген әйелдер Ақбілекті
ауылдық Советтің председателі Мәдина Әжбекировнаға пыш-пыштап,
тырнақ астынан кір іздеуге тырысады. Ал Көшен болса, сол «ауыл құдайын»
әжуалап, үнемі мысқылдап жүреді. Мұндай адамға жылы қабақ танытқанын
білсе… ол Ақбілекті оңдыра қоймасы белгілі.
Мәдина Әжбекировна – әділдігімен, іскерлігімен бүкіл ауылдың
құрметіне бөленген адам. Он жылдан бері ауылдық Советтің председателі
болып сайлануы да сондықтан. Тек бір ғана кемшілігі – тым өр мінезбен
жұрт алдында беделін түсірмеуге қатты тырысатыны бар.
Бірде ол ауыл ортасында өзінің меншікті «Москвичімен» зулап келе
жатады. Қырсыққанда, арбасын салдырлатын көлденең көшеден Көшен шыға
келмесі бар ма? Машинадан үріккен есек тура жол ортасына тоқтай қалады.
Мәдина Әжбекировна сасқалақтап рульді шұғыл бұрып жібергенде, жапжаңа «Москвич» жол жиегіндегі кірпіш дуалға соғылады. Кабинадан атып
шыққан ол:
– Әй, шал, сен немесе, жол тәртібін білмейсің бе? – дейді ашуланып.
– Менің, әрине, білмейтінім рас. Бірақ, қателеспесем, есегім жақсы
білуші еді. Сондықтан оның тәртіпті бұзуы мүмкін емес, – дейді Көшен
қуланып.
– Не дедің сен?!. – Мәдина Әжбекировнаның қаны басына шабады. –
Сонда сенің ақымақ есегің білгенді мен білмегенім бе?
– Біз қараңғы адамбыз ғой. Сен сияқты қаратаяқ білмегенді біз қайдан
білейік? – дейді Көшен саспастан.
Айқау-шуға жиналып қалған жұрт ду күледі. Мәдина Әжбекировнаға
бұл тіптен қамшы боп тиеді де:
– Мен сені сотқа беремін! ГАИ шақырамын! – деп тістенеді.
Ауылдастарының күлкісі қолтығына су бүріккендей желіге түскен
Көшен енді есегінің мойнынан сипап тұрып:
– Сорлы есегім менің, қалған ғұмырыңды түрмеде өткізетін болдың-ау?..
Ау, ауылсовет, аясаң етті бұ байқұсты. Аузында тісі, біреуде ісі жоқ еді
бейшараның, қартайғанда басын бәлеге байлап қайтесің! – дейді.
– Өй, алжыған неме! – деп Мәдина Әжбекировна машина есігін сарт
жауып кете барады.
Сол күні ол Роберт пен Ақбілекке бұдан былай Көшенді клубқа
кіргізбеуді қатаң тапсырса керек.


… Ертеңгі той болатын төбеге келсем, шіркін, кешегі жүдеу төбе
жасанып-ақ тұр екен: діңгек бастарында қуатты прожекторлар жарқырайды;
столдарда ашыған қамырлар тегештен асып төгіледі; міне, жаңбыр жауса
паналайтын қалқаймалар да әзір; басына бәйге байлаған баған төбесі көк
тірейді; би, аттракцион, спорт сайыстары өтетін алаңдар жиегі де әктелген
тастармен әдемі шеңбер түзепті; хан отыратын желкілдеген жібек шатырың,
әне, оның жанында ұзатылған қыздай жасанып доңғалақты трактор тұр.
Роберт пен Жақыпты шатырда кезіктірдім – радио, магнитофон,
микрофон жүйелерін реттеп отыр екен.
Түн ұзақ біз төбені айнала жүріп, қонақтарды қалай
жайғастыратынымызды, барлық ойын, сайыстардың төбебиі – ақсақалдарды
қай жерге отырғызатынымызды, мерекеге кедергі болмас үшін
автодүкендерді қайда орналастыратынымызды ойластырдық. Сөйтіп таң
бозында ғана кірпік ілгенбіз.
Ертеңгілік бізді машиналар гүрілі оятып жіберді. Таңғы салқыннан
тоңазыған біз үрпиіп-үрпиіп сыртқа шықсақ, хан шатырының қасында
ауылсовет председателінің қызыл «Москвичі» күнге шағылысып тұр. Мәдина
Әжбекировнаның өзі кабинадан шықты да, бізбен салқын ғана амандасты.
– Жалпы, былай балалар, – деді ол кінәлі дауыспен. – Сабантой
болмайтын шығар. Директор өзі айтуға батпай, сендергі мені жіберді.
– Қалжыңдайсыз да, – деді Роберт күліп.
– Жоқ, Роберт, қалжың емес. – Мәдина Әжбекировна аттракцион
алаңына қарап тұрып, қабақ шытты. – Кеше райисполкомда орақ науқанын
бірінші біздің совхоз бастайтын боп шешілген.
– Бір күнде тұрған не бар? – дейді Роберт қипақтап.
– Біз барлық ауылға айтып қойдық. Хабарландырулар да ілдік, – дейді
Жақып күйіне.
– Тіпті қаладан да адамдар келеді, – деймін мен.
– Енді ештеме істей алмаймыз, балалар. Механизаторларға ескертіп
үлгердік, бүгін олар жұмысқа шығады. Қолымнан келер қайран жоқ, – деп
Мәдина Әжбекировна машинасына жылдам отырып, жүріп кетті.
Естен танғандай біз шатыр іргесіне сылқ ете түстік. Сосын көкжиектен
жаңа көтеріле бастаған күнге, төбеге қарай асыға шұбырып келе жатқан
адамдарға мұңая қарап ұзақ отырдық. Бізді мазақ қылғандай көз көрім
жердегі қос өркешті Эльбурс шыңы да ақ шапақпен шағылысып, мұндай
ашық күнді көрдіңдер ме дегендей болады.
Халық лек-легімен келіп жатыр. Жақыннан жаяу, алыстан ат терлетіп
жеткендер де бар; қалада жұмыс істейтіндер мен жергілікті қант заводынан
ағылғандар қаншама! Шалдар тік иықты черкестерін, кемпірлер ұзын
көйлектерін киген; әйелдер мен қыздар қызылы мен қымбатын жарқыратып,
жігіттер жағы мерекелік костюмдерімен сән түзепті. Машиналар мен
автобустар жан-жақтан азынаса, аттар жер тарпиды. Бір шетте автодүкендер
есігін ашып, енді бір тұста боза кеспектері бомалап ортаға келіп жатыр.
Төңірек түген ән, дөңгеленген би. Несін айтасың, Жанболат-төбе бүгін гүлге
оранып, жырға бөленгендей…
Көгілдір черкес пен биік папахалы Әлимырза күрең айғырын ойнақтата
шауып келді де, кілт тізгінін тежеді. Ат деп, шіркін, осыны айт, тоқтаған
жерде билеп тұр.
– Ал ағайындар, бастаймыз ба? – деді ол көңілді.
Роберт сабантой ханына бей-жай қарады да, түңілген кейіппен қолын бір
сілтеді.
– Не-е? – деп Әлимырза дауысын өктем созды. – Сонда сабантой
болмайтыны рас па?
– Рас, – деді Роберт.
– Иттің ғана балалары! – деп Әлимырза әлдекімдерге тісін қайрады. –
Көрейін деген қызығыңды да қызғанада бұ жұрт. – Үзеңгіге шіреніп ол
біршама үнсіз тұрды да, кенет бір шешімге келгендей:
– Роберт, былай… ештемеге қарамай тойды бастай берейік, – деді.
– Расында, несіне қорқамыз. Көрмейсің бе, қаншама адам жиналғанын, –
дедім мен де.
– Роберт келіспегендей бас шайқады.
– Механизаторларды ренжітіп қайтеміз. Еңбек солардікі. Демек той да
солардікі болуға тиіс.
Әлимырза атынан ширақ түсіп папахасын түзеп қойды да:
– Бұның да жөн, – дейді. – Жолай келе жатып механизаторларсыз қалай
той өткізер екенбіз деп қиналып едім… О-о, үлкен бастығың да кеп қалды,
міне…
Шал нұсқаған жаққа көз салсақ, терезелері жарқ-жұрқ еткен қара
«Волга» төбеге жақындап қалыпты.
Хан шатырының қаына тоқтаған машинадан кептеліп әзер шыққан
райисполком председателі балпаңдай басып бізге беттеді. Мол денесін
ауырсынғандай ентіге дем алады. Қабағы түйіліп, аққұба жүзі түнеріп кетіпті.
Қып-қызыл майлы алақанмен Әлимырзаның қолын қысты да, Робертке
бұрылды.
– Иә, батырлар жұртты дүрліктіріп сендер не былықтырып жүрсіңдер?…
Маған келіп ақылдасып кетуге аяқтарың сынып қалды ма?
Роберт үндеген жоқ, біз де жерге қарай бердік.
– Иә, айтыңдар, неге келмедіңдер?
– Әй, сен айқайлама! – деді оған Әлимырза. – Осы сабантой үшін
жігіттер үй ай бойы аяғынан тік тұрды. Кім үшін? Мына халық үшін. Ал сен
бар жағдайды бүгін ғана біліп тұрсың. Үш айдан бері өзің негі мұнда ат ізін
салмадың?
Председатель шалдан көзін тайдырып әкетті, әдеттегідей дауыс та
көтерген жоқ.
– Игілікті іс бастағансыңдар, – деді ол бізге. – Бірақ аудан
басшыларымен келіспегендерің дұрыс болмаған. Диқандан үшін мерекенің
керегі рас, мен оны қолдаймын. Маған келіп: «Ахмет Омарович, мәселе
былай да былай» десеңдер бар жағдайды жасар едім. Мен өзімде ноғаймын,
сабантойдың не екенін білем…
Ол терең тыныстап алып, сөзін кесімді түйді.
– Бүгінгі ырду-дырдуға ұлықсат жоқ. Биыл сабантой болмайды, өйткені
бұл мерекенің өзі көктемгі егіспен байланысты. Астықты жинап алған соң,
пожалыста, орақ тойын жасай беріңдер. Ал қазір халықты таратыңдар. Сөз
осы!
Председатель «Волгасына» шалқая мініп, шаңдата жолға түсті.
– Қарай гөр өзін, – Әлимырза мырс етті. – Мұндай адамға тек әскер
басқару керек, бәрін жалғыз шешті де кетті.
– Бұның кабинетіне кіру де қиямет, бірде кезексіз тұмсық тыға
алмайсың, енді бірде машинасының шаңын ғана көріп қаласың… Әрине,
келісіп алған жөн еді, – деп Роберт желкесін қасыды.
– Енді айтты не, қойды не! – деді Әлимырза. – Тек қазір халыққа бірдеңе
етіп түсіндіру керек.
Ол осыны айтты да, қалың тобырға бұрылып, тынышталыңдар дегендей
қолын жоғары көтерді.
– Жамағат!
Жұрт сілтідей тына қалды.
– Жамағат, – деді ол қайталап. – Бүгін сабантой болмайды…
– Не дейд! Неге болмайды? Себебін айт?
– Тағы қай мазағы бұл? – деген ызалы дауыстар тұс-тұстан жаңғырығып
қоя берді.
Әлимырза қос қолын көтерген күйі тастай қатып қалған. Алғашқыда оны
ешкім елемесе де, біртіндеп айқай-шу басыла бастады.
– Жамағат! Бүгін біздің совхоз ауданда бірінші болып, астық жинауға
кірісті. Қазір механизаторлардың барлығы егістікте. Шындығында, бұл
мерекенің иесі де солар ғой. Қырманды қызылға олар толтырып, қызығын біз
көрсек, әділдік бола ма?!. – деді Әлимырза саңқылдап.
Жұрт сілтідей тынды.
– Жамағат! – деді ол және – Жаңа ғана осы арада райисполком
председателі болып, астықты жинап алған соң, дүркіретіп орақ тойын
жасаймыз деп кетті.
– Орақ тойы – сабантой емес! – деп біреу айқай салды.
– Иә, ол – сабантой емес. Нағыз сабантойды келесі көктемде өткіземіз, –
деді Роберт.
Біз оған шулай дауыс көтердік.
– Келесі көктемде де осындай кесе көлденең табылар!
– Білеміз сендердің қандай сабантой өткізетіндеріңді!
– Қашан да біз қапы қалып жүреміз.
– Оған мен кінәлімін, мен! – деді Роберт. – Сабантой дегенді шығарған
да, ақыры сендерді сарсаңға салған да менмін… О баста жан-жақты
ойламаппын.
– Сенің жазығың не? – деді бір наразы дауыс. – Осы той үшін аз
жүгірдің бе? Оны біз білеміз, түсінеміз.
– Иә, жалғыз өзіңді жазғырудың қажеті жоқ. Бұған бәріміз кінәліміз.
Сабантойды баяғыда-ақ өткізуіміз керек еді.
– Дұрыс, кінәлі өзіміз! Робертке қол ұшын бере алмадық, қашан ол
дайын асты аузымызға тосады деп, күттік те жүрдік.
– Келесі жылы да сабантой боларына сенбеймін. Қай уақытта бізден бір
іс шығып еді, – деп жұрт дүрліге түсті.
Бұның соңы біреуді-біреу түсініп болмайтын айқау-шуға айналды да,
Роберт тезірек хан шатырына жетуге асықты.
Жиын шеті аздап сетінегенмен қалың топ бірден тарқамады, жаңағы
дүрлігу де біртіндеп басыла бастады. Енді бір мезетте көңілді күлкілер
естіліп, біреулер безілдете сырнай тартып, қызық думан қайта қызған: лезде
дөңгелене қалған жастар ортаға бишілерді де шығарып үлгеріпті; жан-жақтан
«Асса! Асса!» деп қол соғады желігіп… Қайда қарасаң да қайнаған думан!
Шал-шауқандар боза ішуге кіріссе, кемпір-кешек шайға бас қойыпты.
Кенет шетте тұрған автодүкен тұсынан жұрттың ду күліп, әлденеге мәз
болғаны білінді.
– Теке! Теке! – дейді топ ортасынан біреулер.
«Текесі несі?» деп біз де жүгіріп жетсек… ешкінің киіз маскасын киген
бір кішкентай адам сабына қызыл шүберек ораған қамшысын оңды-солды
сілтеп, секең қағып жүр. Осы сәтте би де тынған, сырнайдың үні де өшкен –
бәрі де «текені» көруге ұмтылыпты. Ал оның өзі ішектері қата күлген топ
ортада секіріп-ыршып, әлдебір қызық қимылдар жасайды, бір мезет
«мүйізді» киіз басын тұқырайтып алып, адамдарды сүзетіндей тұра жүгіреді;
сонан соң күтпеген жерде қамшысын бұтына қыса қойып, анау әлгі… әдепсіз
қылықты көрсеткенде, қыз-келіншектер теріс бұрылып кетеді де, жігіттер
жағы күлкіден булығып қалады. Ол өстіп біраз қызық көрсеткен соң,
ойнақтап ыршыған күйі топ ортадан сытылып шыға берді де, сырық сілтем
жердегі автодүкеннің артына қарай қаша жөнелді. Қашып бара жатып,
күлкіден көз жасын сүртіп тұрған мес қарын сатушының алдынан бір шелек
сыра да қағып кеткен.
– О, тәуба! Нағыз теке ғой мынау, нағыз теке! – дейді Әлимырза
таңданып.
– Бұ қалай болды, ә?… Бәрін ұйымдастырсақ та қалайша текені ұмыттық
екен!.. Бұның өзі классикалық сабантойдың ең басты кейіпкері болған ғой.
Баяғыда бабаларымыз өстіп текенің маскасын киіп алып, хан, сұлтандарды
мазақ қылған, – дейді Роберт әрі күліп, әрі өкініп.
Осы сәтте автодүкен артынан:
– Шу, жануар, тарт! Сабантой сенің не теңің! – деген бір таныс дауыс
естілді. Іле машина тасасынан арбасын шиқылдата шыққан көк есек те
көрінді.
– Өй, мынау көрші ауылдағы Көшен ғой, – деп жұрт ду ете түсті.
Арба шаңдақ жолдың шаңын көтеріп, алыстап бара жатты. Жаңа ғана
көпшілікті көңілді күлкі мен тамаш қызыққа бөлеген кішкентай адам тік
тұрған қалпы қамшысын артына қадап, құйрық секілді бұлғаңдатып қояды.
Құдды мазақтап бара жатқандай.
Өзінің өткір де уытты тілімен әдем де әсерлі әңгімесімен адамдарға
қашан да қуаныш-күлкі сыйлап жүретін; түнгі даламен сырласып, тылсым
тіршілікпен тілдесіп, жұлдызды аспаннан рахат та табатын сол бір жайсаң
жан есімде осылайша қалған.
Әрине, келесі көктемде көңілді де көрікті, мерекелі де берекелі үлкен
сабантой болды. Бірақ оны Көшен көрген жоқ, қыста, жетпіс бес жасында
дүние салып еді.
Аударған Дидахмет Әшімханұлы

Дидахмет
Әшімханұлы
logo