Сапардағылар үшін!

– Құй тағы!

– Тыңдашы‚ Кид‚ тым күшті болып кетіп жүрмей ме? Виски мен спирттің өзі оңай нәрсе емес‚ енді оған коньяк‚ перцовка қосылса…

– Құй дедік қой саған! Екеуміздің қайсымыз дайындаймыз пуншты: сен бе‚ мен бе? – Бұрқыраған бу арасынан Мэйлмют Кидтің жайдарлана күлгені көрінеді. – Менімен бірге осы елде тұрып көр‚ ұлым‚ сөйт те күн сайын тек қақталған бұлан етін же‚ сонда ғана рождествоның жылына бір-ақ рет келетінін жақсы түсінетін боласың. Ал пуншсыз рождество дегенің бір түйір алтыны жоқ кенішпен тең емес пе!

– Ол рас енді‚ дау жоқ! – деп құптады осында өзінің Мэйзи – Мэйдегі жерінен рождествоға келген Джим. Елдің бәрі Үлкен Джимнің кейінгі екі айда тек бұғы етімен қоректенгенін білетін. – Ал бірде танан тайпасын қалай ішкізгеніміз есіңде ме? ¦мытқан жоқ шығарсыœ?

– алай ұмытарсың! Жігіттер‚ сендер бүкіл тайпаның мас болып бір-бірімен төбелескенін көргендеріңде күлкіден жарылар едіңдер‚ ал сондағы ішімдік небәрі ашып кеткен қант пен ашытқыдан тұратын еді. Бұл саған дейінгі жағдай‚ – деді Мэйлмют Кид осында екі жыл ғана тұрған жас тау-кен инженері Стэнли Принске қарап. – Түсінесің бе‚ бүкіл аймақта бір де бір ақ нәсілді әйел жоқ‚ ал Мэйсонның үйленгісі келеді. Руфьтің әкесі танан тайпасының көсемі еді‚ ол да‚ барлық тайпа да қыздарын Мэйсонға бермей әлек салды. Сөйтіп тығырыққа тірелдік! Мен өзімнің ең соңғы қадақ антымды іске қосуды ұйғардым. Өмірімде ондай мықты ішімдік даярлап көрген емеспін! Ой‚ бір қуды-ау олар да бізді жағалаумен де‚ өзен арқылы да!

– Ал сквоның өзі қалай? – деп сұрады әңгімеге қызыққан канадалық ұзын француз Луи Савой. Ол осынау оқиғаны былтыр Қырқыншы мильде естіген болатын.

Туабітті әңгімеші Мэйлмют Кид осы бір солтүстік Лохинвардың шынайы тарихын майын тамыза баяндауға кіріскен. Және оған құлақ түрген әрбір шырғалаңқұмар жиһанкез әңгімеші жүрегін мұндағы аяз бен ажалмен пайдасыз күрестен гөрі Оңтүстіктің күнгей өңіріне деген бұлдыр сағыныш сыздататынын сезінер еді.

– Біз сең қозғалған бойда Юконнан өттік‚ – деп аяқтады Кид‚ – ал үндістер ширек сағаттай кешігіп қалды. Бізді сақтаған да сол: бүкіл өзенде мұз жүріп жатқан‚ жол кесілген болатын. Әлгілер ақыр аяғында Нуклукайтоға жеткен мезгілде бүкіл күзет сақадай сай тұрды. Ал үйлену тойы туралы мына Рудо әкейден сұраңдар‚ олардың некесін қиған осы кісі.

Поп аузынан трубкасын алып‚ жауап орнына әкелік кеңпейлідікпен мерейлене жымиды‚ ал қалғандарының бәрі‚ протестанттар да‚ католиктер де ду қол шапалақтап жіберді.

– А‚ құдай ақы‚ бұл ғажап! – деп саңқ етті‚ тәрізі‚ осынау оқиға тарихының әсері қатты еліктірген Луи Савой. – La petіte скво! Mon Mason brave Тамаша!

Пунш құйылған қалайы саптыаяқтар шеңберді алғашқы мәрте айналып өткенде мазасыз Беттлз атып тұрды да‚ өзінің – үстел басында айтатын сүйікті әнін шырқай жөнелді:

Генри Бичер мұғалімге қосылып‚

Жексембілік мектептегі… досы ғып.

Ішімдікті – емдік суша сімірді‚

Шөлмектегі жай әшейін… Көсіліп;

Бірақ‚ достар‚ қалмаңыздар шошынып‚

Біз де‚ тегі‚ қала алмаспыз тосылып.

Мынау шиша ішіндегі ішкілік –

Жай әшейін сусын емес – осыны ұқ!

Көңіл көтерушілердің хоры дүр етіп іліп ала жөнелді:

Мынау шиша ішіндегі ішкілік –

Жәй әшейін сусын емес – осыны ұқ!

Мэйлмют Кид жасаған уытты ішімдік басқа шапқан: соның қызуымен тіл де шешілді‚ үстел басында әзіл-қалжың‚ түрлі шырғалаңдар туралы әңгімелер де айтыла бастады. Дүниенің тұс-тұсынан жиналған жиһанкездер барлығы үшін де‚ жеке адамдардың да құрметіне арнап ішуге кіріскен. Ағылшын Принс “Жаңа дүниенің ерте есейген сәбиі‚ Сэм ағайға” арнап; яки Беттлз Англия патшайымын “Құдай сақтай көрсін!” деп тост көтерді; ал француз Савой мен алыпсатар неміс Эльзас – Лотарингия үшін ыдыс қағыстырды.

Бұдан соң саптыаяқ ұстаған Мэйлмют Кид орнынан тұрып әйнек орнындығы қалың мұз көмкеріп‚ майлы қағаз тұтулы терезеге қарап:

– Бүгін түнде жолда кетіп бара жатқандар үшін ішейік. Олардың азықтары мол болсын‚ тамақтарын ит жеп қоймасын‚ шақпақтары ылғал тартпасын!

Кенет құлаққа таныс үн – бишіктің сартылы‚ жегілген иттердің қыңсылы‚ жұпыны баспаналарының қасына сықырлай тоқтаған шананың дыбысы жеткен. Әңгіме кілт тыйылды‚ бәрі жүргінішінің кіруін күтті.

Мэйлмют Кид Принске:

– Өзінен бұрын иттерінің жағдайына қарайлайтын әбжіл кісі екен! – деп сыбыр етті. Сақылдаған азу тістер‚ итердің ырылы мен шағына қыңсылағаны‚ мұның ысылған құлағына бейтаныс адамның бөтен иттерді қуып‚ өз төбеттерін тамақтандыруға кіріскенін ұқтырған.

Ақыр аяғында есік қағылды – шалт‚ әрі нық. Жолаушы кірді. Көзі жарыққа шағылысқан ол бір сәт табалдырықта тосылып тұрып қалды да‚ оның келбеті шітегілерге анық байқалды. Өзінің полярлық аң терілі киімімен өте сұлу көрінген: алты футтай бойы бар‚ кең иықты апай төс адам екен. Сақал-мұрты ұқыпты қырылған жүзі аздап алаулап тұр‚ қабағы мен ұзын кірпіктерін қырау кіреукелепті. Қасқыр терісінен тігілген күләпарасын серпіп тастаған ол түн түнегінен пайда бола кеткен қар патшасына ұқсап кеткен. Сырт киімін буынған маржан тасты белдігіне екі үлкен кольт пен аңшы пышағы қыстырылыпты‚ ал қолында әдеттегі бишікпен бірге жаңа үлгідегі ірі калибрлі мылтық жүр. Ол жақын келгенде отырғандардың бәрі оның аршындай басқан нық қадамына қарамастан қатты қалжырағанын аңдады.

Жолаушының: “Ого жігіттер‚ өзі көңілдісіңдер ғой!” деген жүрек жарды лебізінен кейін-ақ бір сәт қолайсыздандырған үнсіздік сейіліп жүре берді‚ сол бойда-ақ Мэйлмют Кид оның қолын қысқан. Бұлар бұрын кездеспегенмен‚ сырттай бір-бірін білетін еді. Ол мейманға өзінің қайдан келе жатқанын‚ қайда бет алғанын түсіндіріп‚ жөнін айтқызбастан жағалай отырғандармен таныстырып‚ бір саптыая пуншты тартқызып жіберді.

– Сегіз ит жеккен үш шананың өткеніне көп болды ма? – деп сұрады анау әлден уақытта.

– Екі күн өтті. Сіз немене соларды қуып келесіз бе?

– Иә‚ ол менің көлігім еді. Оңбағандар иегімнің астынан қағып кетті! Екі күнді ұтып та үлгердім‚ келесі айналымда-ақ қуып жетемін әлгілерді.

– Төбелессіз болмайтын шығар? – деп сұрады Белден Мэйлмют Кид кофе қайнатып‚ бір кесек шошқа майы мен бұғы етін қуырып жатқан сәтте әңгімені жалғастыра түсу үшін.

Бейтаныс екіұштылау етіп өзінің тапаншаларын қағып-қағып қойды.

– Доусоннан қашан шығып едіңіз?

– Он екіде.

– Кеше ғой? – деп сұрады Белден жауапты өзі де анық білетін кейіппен.

– Бүгін.

Таңырқаушылардың күбірі толқып өтті: қатқан өзен арқылы он екі сағат ішінде жетпіс бес миль өту оңай ма!

¦замай әңгіме ортақ ауанға ауысты‚ көпшілік балалық шақтарын еске түсіруге айналды. Жас адам өзінің аз ғана кешкі асын іше бастағанда Мэйлмют Кид оның бет пішінін мұқият зерттеуге кіріскен. Түр-түсі бірден ұнады: тартымды‚ адалдығы мен ашықтығы да көрініп тұр.

Ауыр еңбек пен мұқтаждық із қалдырып үлгеріпті. Жайнаған көгілдір көздері шүйіркелескен әңгіме үстінде мейіріммен қарайды‚ бірақ әрекетке көшер жағдайда‚ әсіресе‚ шешуші сәттерде найзағай отындай жарқылдап шыға келетіні байқалады. Шомбал шықшыты мен шаршы иегі ауыр да‚ асау мінездің иесі екенін аңдатады. Алайда осынау тегеуіріндік белгілерімен бірге бұл адамның әсершілдігін әйгілейтін‚ тіпті‚ әйелге тән нәзіктігі де көрінбей қалмайды.

– Осылайша біз кемпірмен үйленгенбіз‚ – деді Белден өзінің романы туралы қызықты әңгімесін аяқтай беріп. – “Міне‚ біз де келдік‚ папа”‚ – дейді ол. Ал әкесі оған: “Кәне‚ жоғалыңдар бәріœ!” деп ақырады. Сөйтіп маған бұрылып: “Мерекелік киіміңді шешші‚ Джим‚ түскі асқа дейін біршама жерді жыртып тастау керек”‚ – деп қояды. Осыдан кейін қызына зекіп: “Ал сен‚ Сэл‚ жөнел‚ ыдыс жу!” дейді‚ – тәрізі‚ бұдан соң көңілі босап‚ қызын сүйген де сияқты болып еді. Мен қуанып қалғанмын. Осыны байқап қалды да‚ тағы жекірді: “Кәне‚ жөнел‚ Джим!” Мен бұрылдым да‚ қамбаға тайдым.

– Штаттарда балаларыңыз қалып па еді! – деп жөн сұрады жүргінші.

– Жоқ‚ Сэм маған бір де бір перзент тауып берместен көз жұмған. Міне‚ содан осында келдім.

Белден абдырап‚ өшіп қалған темекісін тұтатуға кірісті де‚ одан қайта серпіліп:

– Өзіңіз үйленген бе едіңіз‚ туысқан? – деп сұрады.

Анау үндемей‚ өзінің қолсағатын шынжыр орнына пайдаланып жүрген бауынан ағытып Белденге ұсынды. Джим майға бөккен білтені түзеп‚ қақпақтың ішкі жағына шұқшия қарады да‚ өз-өзінен ризалықпен таңдай қағып‚ сағатты Луи Савойға берді. Луи да бірнеше мәрте “Ах‚ сайтан!” деп қайталаған соң қолындағы бұйымды ақырында Принске жалғаған. Жұрттың бәрі оның да қолы дірілдеп‚ көздерінің жайнап кеткенін аңдады. Сағат мүйізденген бір қолдан екінші қолға өтті. Қақпақтың ішкі жағына бала көтерген әйелдің суреті жапсырылған еді – мынандай еркектерге ұнайтын монтиған‚ біртоға әйел.

Осынау кереметті көруге әлі кезек жете қоймағандар тықырши тағатсызданып‚ ал көріп үлгергендер терең ойға шомған. Бұл адамдарға аштық та‚ діңгененің шыға қалуы да‚ аңда жүргенде немесе су тасығанда үнемі торуылдап жүретін ажал да қорқынышты емес-тін‚ әйткенмен сәбиін құшақтаған мынау белгісіз ананың кескіні осылардың өздерін де бір сәт бала ұстаған әйелге ұқсатып жіберген еді.

– Бөбегімді әлі көрген емеспін. Тек әйелімнің хаты арқылы ғана ұл екенін білдім‚ қазір екі жаста‚ – деді жолаушы қымбат мүлкі қайтадан өз қолына тиген соң.

Ол суретке әлсін-әлсін қарап‚ сағатының қақпағын жапты да‚ жанарына үйірілген жасты жасыру үшін жайлап бұрылып‚ теріс айналып кетті.

Мэйлмют Кид оған кереуетті көрсетіп‚ дамылдауды ұсынған.

– Мені тура төртте оятып жіберіңіздерші. Тек ұмытпаңыздар!

Ол осыны айтты да‚ қисайған бойда-ақ қатты ұйықтап кетті.

– Құдай ақы‚ керемет адам! – деді Принс. – Итпен жетпіс бес миль өтіп‚ үш сағат қана мызғып алып тағы да сапарға шықпақшы. Кім бұл өзі‚ Кид?

– Джек Уэйстондэйл. Мұнда жүргеніне үш жыл болды. Жұмысты ғажап істейді‚ бірақ ылғи сәтсіздікке ұшырайды. Бұрын өзімен кездескен емеспін‚ бірақ ол туралы Ситка Чарлиден естігенмін.

– Анандай тамаша әйелден алыстап‚ мұндай бір жылы екі екі жылға пара-пар Құдай ұрған қуыста қалу қиын ғой расында.

– Өте бірбеткей. Екі жылдай керемет болыпты табысы. Кейін бәрінен айрылған.

Әңгімені Беттлздың шаттанған қатты даусы бөліп жіберді. Сурет туғызған әсер басылды. Алаңсыз думан көп ұзамай-ақ бейнетті жылдардың мұң-мұқтажын естен шығарған. Тек Мэйлмют Кид қана көпшіліктің ойын-сауығына араласа қоймай‚ абыржып‚ сағатына қарағыштай берді; ақырында құндыз малақайы мен қолғабын киіп үйден шықты да‚ шошаланың ішін ақтара бастады.

Ол белгіленген уақытты күтпей‚ мейманды ширек сағаттай ертерек оятқан. Жас алыпты орнынан тұрғызу үшін сіресіп қалған аяқтарын бірталай уқалауға тура келді. Ол қиралаңдай басып тысқа беттеді. Иттер жегулі тұрған‚ жол жабдығы сақадай сай-тын. Уэйстондэйлге жортқанда жол болсын тіленді; Рубо асығыс сәт сапар айтты да үйге қайтадан жүгіріп кірді: нөлден төмен жетпіс бес градус температурада жалаңбас-жалаңқол тұру онша жағымды нәрсе емес қой!

Мэйлмют Кид Уэйстондэйлді жол аузына дейін ұзатып салып‚ шын пейілдеп қолын қысып тұрып:

– Шанаңызға жүз қадақ арқан балықтың уылдырығын салдым. Бұл иттерге жүз елу қадақ балық қаншаға жетсе соншаға жететін азық қоры. Пеллиде ит тамағы табылмайды. Сіз соған межелеген боларсыз.

Уэйстондэйл селт ете түсіп жалт қараған. Бірақ Кидтің сөзін бөлген жоқ.

– Файв Фингерз табалдырығына жеткенше өзіңізге де‚ итке де ешқандай азық кездеспейді. Ал оған дейін жап-жақсы екі жүз миль жол жатыр. Отызыншы миль өзеніндегі айрықта сақтаныңыз және міндетті түрде Ла-Барж көлінен жоғарыдағы каналмен жүрігіз – сонда жолды айтарлықтай ұтасыз.

– Мұның бәрін қайдан білдіңіз? Әлде сол жақтан хабар жетті ме?

– Мен ештеңені де білмеймін‚ білгім де келмейді. Бірақ сіз қуып бара жатқан ит-көлік мүлде сіздікі емес. Оны Ситка Чарли былтыр көктемде сондағы біреулерге сатып жіберген. Әйткенмен‚ ол сізді адал адам деп еді. Мен оған сенемін; түр-түсіңіз ұнайды маған. Сосын мен көрдім… Көз жасыңызды өзгелер мен өз әйеліңіз үшін сақтасаңызшы… Кид осыны айтып‚ қолғабын шешті де алтын құм салынған дорбасын шығарды.

– Жоқ‚ бұған мұқтаж емеспін. – Уэйстондэйлдің көз жасы бетіне қатып қалды. Ол Мэйлмют Кидтіœ қолын абдырай қысқан.

– Онда иттерді аямаңыз‚ құлағандарының жетек жібін кесіп тастаңыз. Бағасы қанша қымбат болса да басқаларын сатып алыңыз. Оларды Файв Фингерз табалдырығынан‚ Литл-Салмон мен Хуталинквадан ала аласыз. Одан соң аяғыңызды кебу ұстаңыз‚ – деп кеңес берді Мэйлмют қоштасарда. – Аяз елу жеті градустан аспаса тоқтамаңыз. Ал сынап бағанасы бұдан төмендей бастаса от жағып‚ шұлығыңызды ауыстырыңыз.

Арада он бес минут те өткен жоқ‚ қоңырау сылдыры жаңа меймандардың келіп қалғанынан хабардар етті. Есік ашылды да‚ корольдік солтүстік-батыс атты полициясының офицері кірді. Қасына ерткен ит айтаушы екі метисі бар. Үшеуі де Уэйстондэйл секілді бастан-аяқ қаруланып алған және бұлар да қалжыраған сияқты. Жергілікті метистер ауыр жолды біршама жеңіл өткергендей‚ ал жас полисмен әбден діңкелеген. Тек оған өз нәсілінің адамдарына тән төзімділік қана қуғынды жалғастыруға мүмкіндік беретін секілді; және сүріне-жығылғанша алған бетінен қайтпайтыны да аны байқалып тұр.

– Уэйстондэйл қашан кетті? – деп сұрады ол. – Осында аялдады ғой?

Сұрағы артық еді: ізі сайрап жатқан.

Мэйлмют Кид Белденге көз қиығын тастады да‚ жағдайды түсіне қалған анау жауапты екіұштылау қайтарды:

– Ә‚ бірталай уақыт өтті!

– Бұлтақтатпа‚ достым‚ анығын айт! – деді полиция қызметкері сақтандырған үнмен.

– Тәрізі‚ ол өте керек сияқты ғой сіздерге! Немене‚ Доусонда бірдеңе бүлдірген бе?

– Гарри Мак-Фарлэндті қырық мыңға тонаған‚ Тынық мұхиты жағалау Компаниясы агентінен алтынға айырбастап құлақша алған‚ енді біз ұстап үлгере алмай қалсақ Сиэтлден шалқайып барып ақша алады. Қашан кетті өзі?

Бәрі Мэйлмют Кидтің үлгісімен сыр бермеуге тырысқан. Жас офицер айнала отырғандардың түрінен ештеңе оқи алмады.

Ол Принске бұрылып әлгі сұрағын қайталады. Анау өз отандасының жарқын да байсалды жүзіне қарап тұрып өтірік айтуға қысылса да жол жағдайына қатысты түсініксіз бірдеңені міңгірлей салған.

Осы тұста полиция қызметкерінің көзі Рубо әкейге түсті. Дін қызметкері жалған айта алмады.

– Осыдан ширек сағат бұрын аттанды‚ – деді ол. – Бірақ өзі де‚ иттері де осында төрт сағаттай тынығып алды.

– Ширек сағат бұрын кеткен және дамылдап үлгеріпті! О‚ ұдайым!

Полисмен қажу мен ашудан естен тануға шақ қалып теңселіп кетті де‚ Доусонмен екі аралықты он сағатта өтіп иттердің әбден діңкелегені туралы әлденені айтып мыңғырлады.

Мэйлмют Кид оған бір саптыаяқ пуншты қысап ішкізді. Бұдан соң полисмен есікке қарай беттеді де‚ айдаушыларға соңынан еруді бұйырды. Алайда жылы үй мен дем алу үмітін қиып шыға жөнелу оңай емес-ті‚ сондықтан мыналар ілесуге табанды түрде қарсылық білдірді. Кидке бұлар сөйлескен жергілікті француз мәнері жақсы таныс еді де‚ әңгімелеріне дереу құлақ түре қалған.

Метистер иттердің қалжырағанын‚ Бабетта мен Сивашты алғашқы-ақ мильде атып тастауға тура келетінін‚ қалғандарының да жетісіп тұрмағанын‚ сондықтан дамылдап алудың артық болмайтынын айтып қарғанды.

– Маған бес ит бере тұрмайсыз ба? – деп сұрады полисмен Мэйлмют Кидке қайрылып.

Кид жоқ дегендей бас шайқаған.

– Мен сізге капитан Констэнтайнның атына бес мыңға құлақша жазып берейін. Міне құжаты: менің өз қалауымша құлақша жазып беруге өкілеттігім бар.

Баяғы сол үнсіз бас тарту.

– Онда мен оларды патшайым атымен тартып аламын!

Кид мысқылдай жымиып‚ мол қару-жарақтарына қарай селқос көз тастаған. Ағылшын өзінің дәрменсіздігін мойындап‚ қайтадан есік жаққа бұрылды. Айдаушылар әлі де өзара дауласып тұрған‚ бұл енді қатынсыңдар‚ қорқақсыңдар деп соларға дүрсе қоя берді. Жасы үлкен метистің қоңырқай жүзі ашудан қызарып кеткен. Ол орнынан тұрып бастығына қысқа да нұсқа түрде көсем итті өлгенше қысап‚ одан соң оны бар ынта-ықыласымен далаға лақтырып кетуге уәде берді.

Жас полисмен бойын жинақтап‚ ұр сүлдері жүрсе де мейлінше сергек көрінуге тырысып‚ нық адымдап есікке беттеді. Жағдайын түсінген маңайдағылар оның бірбеткейлігін лайықты бағалаған. Алайда өзі қатты қиналғанын жасыра алмаған еді.

Қар бетінде жартылай қатып‚ бүрісіп жатқан иттерді тұрғызу мүмкін болмады. Байғұс мақұлықтар бишік астында қалып қыңсыл қақты. Тек жегімнің көсемі Бабеттаның қайыс сырмаларын кесіп тастаған соң ғана шаналарды қозғап‚ жолға шығудың сәті түсті.

– Не деген алаяқ еді! Өтірікші!

– Сайтан алғыр!

– ¦ры!

– Үндістерден де жаман!

Бәрі де қатты ренжулі болатын: біріншіден‚ бұларды ақымақ қылып кетіпті‚ екіншіден‚ адамның басты қасиеті адалдық болып есептелетін сібірлік қағида бұзылды емес пе.

– Ал біз көмектестік қой ол иттің баласына! Бұрынырақ білсек қой не істегенін!

Барлығы тұс-тұстан Мэйлмют Кидке шаншыла қараған. Ол бұрышқа Бабеттаны жайғастырып болып үн-түнсіз пунштың қалғанын саптыаяқтарға жағалай құйып шықты.

– Аяз бүгін‚ жігіттер‚ қатты аяз! – деп біртүрлі қызық бастады бұл өз-өзін ақтайтын сөзін. – Бәріміз де түн қатып көргенбіз. Мұның не екенін сендер жақсы білесіңдер. Өлімші болған итті орнынан тұрғыза алмайсың! Сендер сөздің бір тарабын ғана тыңдадыңдар. Бұрын бізбен Джек Уэйстондэйлден өткен адал ешкім де бір аяқтан ас ішіп‚ бір көрпені қоса жамылып көрген жоқ. Былтыр күзде ол қырық мыңды‚ – қолындағы барлық ақшасын Канададағы әлдебір сенімді іске салу үшін Джо Кастреллге берген. Қазір Джек миллионер болып кетер еді. Ал Кастреллдің не істегенін білесіңдер ме? Уэйстондэйл Серклде қалып‚ діңгенемен ауырып қалған серігіне қарайлап жүрген кезде әлгі ақшаның бәрін Мак-Фарлэнде қартаға салған. Келесі күні оны қар үстінде өліп жатқан жерінен тауып алады. Сөйтіп байғұс Джектің қыста әйелі мен өзі әлі көрмеген баласына барсам деген арманы желге ұшты. Байқасаңыздар ол Кастрелл қанша ұтылса сонша – тура қырық мың алды. Енді кетті. Не айтасыңдар бұған?

Кид өзінің төрешілеріне көз тастап‚ олардың жүздерінің жыли түскенін көрді де‚ саптыаяғын көтерді.

– Кәне‚ осы түнде сапарда кетіп бара жатқандар үшін ішейік! Оның жол азығы мол болсын‚ иттері шалдықпасын‚ шақпағын ылғал шалмасын. Құдай оңдасын! Жортқанда жолы болсын‚ а…

– Ал король полициясы абыройсыздыққа ұрынсын! – деп аяқтады сөзді Беттлз босаған ыдыстардың тарсылына қосылып.

Дидахмет
Әшімханұлы