Сапалы білімге — сара бағыт

Дидахмет Әшімханұлы,

Қазақ әдебиеті, 1988 жыл

САПАЛЫ БІЛІМГЕ – САРА БАҒЫТ

Қайта құру қазір қоғамдық өміріміздің барлық саласын кең қамтып, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени міндеттерімізді күнбе-күн сара жол, соны бағытқа бастап отырғаны белгілі. Оның теориялық тұжырымдарына жылдар бойы жинақталған практикалық жұмыс нәтижелері, қалың бұқараның талайдан бергі талап-тілектері мен арман-мұраттары, әйгілі апрель Пленумына (1985 ж.) дейін қабылданған партиялық кейбір документтерде белгіленген шаралардың нақты іс жүзінде қалай жүзеге асуынан байқалған көріністер негіз болған. Бұл ғылыми тұжырымдар салалық байланыстарды комплексті түрде қарастыруымен, сандық нәтижелерден бұрын сапалық өзгерістерге айқын бағыт нұсқауымен, сондай-ақ қайта құруға сәйкес коммунистік қоғамымыздың жаңа адамының жан-жақты дамуына тың идеялар ұсынуымен құнды. КПСС Орталық Комитетінің таяуда өткен февраль Пленумының қарауына «Орта және жоғары мектепті қайта құру барысы және партияның оны жүзеге асыру жөніндегі міндеттері туралы» мәселе енгізіліп, ол бойынша жасалған баяндама мен сөйленген сөздердің тағы да осындай терең сипатқа ие болғаны ақиқат.

КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Орталық Комитет секретары Е.К. Лигачев аталған мәселе тақырыбында жасаған баяндамасында халыққа білім беру жүйесінің қазіргі жағдайларына тоқтала келіп, 1985 жылғы апрельге дейін дүниеге келген жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасы енді толып жатқан қиындықтарға кездесіп отырғанын, онда белгіленген шаралардың көпшілігі бүгінгі қайта құру бағыттарымен үйлесе бермейтінін, сондықтан реформа нұсқауларына түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін баса көрсетті.

Сонымен ендігі мақсат – орта және жоғары мектепте, ең алдымен, барлық жігіттер мен қыздарға сапалы білім беру, яки, негізгі күштің барлығын білім сапасын көтеруге қарай жұмылдыру. Оның ғылыми-практикалық негіздері Пленумда жан-жақты айтылып, кең талданды. Ал біздің міндетіміз – мұнда көтерілген әрбір түйінді мәселені терең түсініп, оларды творчестволық жолмен дамыта отырып, ертеңгі күні нақты жемісін берер жұмыстарға көшу болмақ. Ендеше осы Пленум материалдарындағы кейбір жолдарға жеке тоқталып, ой қорытып көрелік.

«Оқу-тәрбие процесін батыл интенсивтендіру, пәндердің санын қысқартып, оқу курстарын интеграциялау, оқытуды саралау, оқушылардың міндетті программалардан тыс білім алуға құштарлығын дамытып отыру қажет. Қысқасы, оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға басты назар аудару керек»…

Халыққа білім беру жүйесінің алдағы ең өзекті міндеттері, міне осындай. Бұларды санада саралау үстінде ойымызға еріксіз мына жайлар оралады. Оқушылардың білім сапасы әзірге жоғары оқу орнына келгенде ғана анықтала бастайтыны рас. Оған дейін мектепте әр баланың жалпы программаны игеруіне баса назар аударылады да, жеке пәндер бойынша шын мәнінде сапалық білім алуына көңіл бөлінбейді, өздігінен ұмтылыстар жасауға мүмкіндігі және аз. Мүмкіндігі аз болатыны – кез-келген пәннен қажетті-қажетсіз оқу материалдары өте мол. Талап біреу-ақ – бәріне үлгеру, бәрін де игеру. Оқушының уақыты, қабілеті, ақыл-ой шамасы ескеріле бермейді. Нәтижесінде мектеп бітірушілердің көпшілігі жалпыдан хабары бар, жекеден білігі аз болып жүргенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сонымен қатар соңғы жылдарға дейін орта мектептен орын алып келген «проценттік үлгерімнің» де білім сапасына көп салқындығын тигізгені шындық. Оның білімге ғана емес, адам бойына теріс мінез-құлық қалыптасуына да мол әсері болды. Дәлірек айтқанда «проценттік үлгерім» мұғалімді көзбояушылық пен көңілжықпастыққа, оқушыны енжарлық пен еріншектікке итермеледі. Ең сорақылығы – үлгермей қалам-ау деп оқушы қорыққан жоқ, үлгертпесем күнім не болады деп мұғалім қорықты. Бұдан соң «Мұғалім беделін» ойлап көріңіз!

Сөзімізді әдебиет, өнер төңірегінде сабақтасақ, жастардың творчестволық қабілеті мен талантын кішкентайынан дамытуға қазіргі орта мектептің ықпалы тым төмен. Жоғарыдан арнайы нұсқау, сүйенетін документ болған жоқ, аздаған энтузиастардың іс-тәжірибесі кең қанат жайып кете алмады. Енді күткеніміз қолға тиген сәтте не істеуіміз керек? Біздіңше, негізгі жұмысты оқу программаларын тұтастай қайта қараудан, бірқатарын жаңадан жасап, солардың негізінде оқулықтар жазудан бастаған жөн. Әсіресе, қазақ әдебиеті пәндерінің программалары мен оқулықтарын жаңарту өте-мөте керек-ақ. Оларды қалай жаңарту, қандай нақты жұмыстар жасау хақында ой-пікір, ұсыныс білдіретін мақалалар алдағы уақытта газетімізде жарияланбақ, сондықтан біз бірер жағдайға ғана тоқталып өткіміз келеді. Кейінгі жылдары әдебиетіміздің ұрпақтық жалғасы жасарудан гөрі егделеп, жақындаудан гөрі алшақтап бара жатқандай. Мәселен, алпысыншы-жетпісінші жылдары туған әдебиетімізге талантты жастар тобы лек-легімен келіп қосылса, сексенінші жылдары селдіреп барып, енді қадау-қадау қара көрсетіп жүр. Онда да соңғы он-он бес жылда Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Целиноград облыстарынан танылған таланттар бірлі-жарым. Әрине, бұған аталған облыстардағы жергілікті халықтың орналасу жағдайы, ана тіліміздегі мектептердің аздығы т.б. жайлар елеулі әсер етуі әбден мүмкін. Алайда сол мектептердің өзінде әдебиет пәнін, соның ішінде қазақ әдебиеті мен тілін оқыту, творчестволық үйірмелер ұйымдастыру, әдеби кештер өткізу жұмыстары о бастан дұрыс жолға қойылса, жоғарыдағы көрінісі басқаша болар ма еді, кім білсін… «Оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға баса назар аудару» мәселесі республика мектептерінің барлығында әзірге осылайша кенже қалып жүргені және рас. Осының салдарынан біз тума таланттардың біразын мектеп қабырғасында-ақ жоғалтып алмадық па екен?…

Алдағы уақытта «оқушылардың программалардан тыс білім алуға құштарлығын дамытып отыру» көзделген. Әдебиетке бұның да қатысы үлкен. Бүгінгі мектеп бітірушілердің көпшілігі программаға ене алмаған әлем халықтары, орыс және туысқан халықтары әдебиетінің озық үлгілерінен, туған әдебиетіміздің кейінгі ширек ғасырдағы тыныс-тіршілігінен өте бейхабар. Бұл – әдебиеттен ғана емес, өмірден қалу, белгілі мөлшерде рухани қазынадан қарын ашыру деген сөз.

Бірақ әдебиеттің бүгіні мен ертеңі хақында қалай десек те басты мәселе тілге барып тірелер еді. Шүкіршілік, республикамызда қазақ және орыс тілдерін оқып-үйренуді жақсарту туралы екі қаулы жарық көргеннен бергі бұл іс кілт оңға баса бастады; шұғыл арада бірнеше сөздік жасалды, ана тілінде оқытып тәрбиелейтін мектеп пен балабақшалардың қатары біраз өсті. Дегенмен қос тілді оқытып-үйрету қызметінде әлі де толғақты проблемалар жетерлік. Орыс мектептерінде қазақ тілін, қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту қастерлі түрде алға баса қойған жоқ. Таңдаулы, білікті, тәжірибелі мұғалімдер аз. Осы тілдерден сабақ беретіндерді бедел, мінез жағынан іріктеу де қажет-ақ. Ұлттық балабақшаларға арналған методикалық құралдар мен оқулықтардың, техникалық жабдықтардың тапшылығы өз алдына әңгіме. Және бір өкініштісі – аталған қаулыларды жүзеге асыруда кейбір басшы кадрлар «сақтық», салғырттық, формальды қимыл танытып отырғаны байқалады. Пленумда тіл жөнінде тағы: «Ұлт және орыс қос тілділігін дамыту тұрақты назарды талап етеді. Әрбір тіл – біздің ортақ байлығымыздың ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, кейбір аймақтардың партия және совет органдарына бұл мәселеде реалистік, икемділік, кейде тіпті мәселені саяси түсіну жетіспейді» деп баса көрсетілгенін есте ұстаған жөн.

Баяндамада қоғамтану пәндерінің, әсіресе тарих пәнінің танымдық, тәрбиелік маңызы ерекше көрсетілді. Егер онда: «Қазір тарихи шындық жайында көп айтылып жүр. Бүгінгі күн мен болашақ үшін тағылым алу мақсатымен ол қанша ащы болса да айту керек, жазу керек. Толық, ешқандай қырқып-кесілмеген шындықты қараламай да, боямаламай да жаңа ұрпаққа жеткізу маңызды» делінсе, қазіргі «СССР тарихы» мен «Қазақ ССР тарихы» оқулықтарына енбей қалған тарихи «ақтаңдақтар» еріксіз еске түседі. Осы тұрғыдан «Қазақ ССР тарихы» тіпті сын көтермейді десе болғандай.

КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары М.С. Горбачев Пленумда сөйлеген сөзінде: «Әрине, білім беру ісін жаңаша ұйымдастыру да, жаңа программалар да, оқуды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, оны компьютерлермен жарақтандыру да керек – және де мұны мүмкіндігінше тезірек істеу керек. Бірақ өзінің білімі мен жүрегінің жылуын балаларға беретін адамдарсыз, атына заты лайық мүғалімсіз мұның бәрі тек формальды және қымбатқа түсетін жаңалықтар ғана болып, жанды іске айналмауы мүмкін» деген еді. Демек, Пленум материалдарында көрсетілген нұсқаулар мен шаралардың жемісті жүзеге асуы – енді баршамыздың ынтамыз бен ыждаһатымызға, парасатты ақыл-ойымыз бен пәрменді іс-әрекетімізге байланысты болмақ.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo