Сөзді саннан бастасақ… Және бір ғана «Қазақ әдебиеті» төңірегінде.
Шерхан Мұртазаев 80 -жылдың 1 қазанында «Қазақ әдебиеті» газетін 40 мың таралым үстінде қабылдап алды. 89-жылдың 10 қарашасында оны 140 мыңмен қалдырды. Яки 9 жыл 40 күнде газетке 100 мың қосылған. 3 еседен астам!
82-жылға дейін газет қаламақысы 800 сом болса, бұдан кейін 1600-ге жетті. 2 есе! Бұған қоса… әр сандағы ең озық материалдарға 100 сомнан бәйге! 2–3 адамға. Ай сайын тұрақты.
Сөзді нәтижеге бұрсақ… 80-жылдары Одақ бойынша шын мәніндегі халықтық басылым «Литературная газета» деп танылса, ал республикада осындай бұқаралық үлкен құрметке ие болған газет «Қазақ әдебиеті» болғаны сөзсіз. Бірақ осы тұста, меніңше, бір мәселені ұмытпау керек. Белгілі бір тұлғалардың қайраткерлік іс-әрекетіне баға беру кезінде олар өмір сүрген, қызмет еткен уақыттың тынысын, сол кезеңдегі мемлекеттік биліктің қас-қабағын, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды ескеру қажет.
«Қазақ әдебиетіне» Шерхан Мұртазаев редактор болған жылдар брежневтік «тоқыраудың» аяғы мен горбачевтік «қайта құрудың» басын қамтыған кезең еді. Экономика мен саясат тұрғысынан «тоқырау» деген баға өзіне лайық шығар, бірақ, қалай десек те осы «тоқыраудың» өзі ұлт мәселесінде бұрынғы ширыққан идеологияны да босаңсытып алуы – қоғамдық, ұлттық өмірдің тынысын аздап аша түскені анық. Сөзімізді осы ыңғайдан өрбітсек, 80-жылдары партиялық үлкен басшылық әдебиет, мәдениет басылымдарына тым оң көзімен қарамаса да, аса қырағы сол көзімен де шұқшия бермеген сияқты. Алайда осы бір сәл-пәл босаңдық пен аздаған еркіндікті өте ептілікпен, кәсіби шеберлікпен, байсалды ақыл, батыл жүрекпен халықтық, ұлттық мүдделерге қарай икемді пайдаланып қалудың өзі Чаковский, Мұртазаев сынды шын мәніндегі Бас (!) редакторлардың қолынан келгендей.
Бұл жағынан Бас редактор Шерхан Мұртазаевтың өзіндік стратегиясы мен тактикасы болды. Әсіресе, ұлт мәселесіне келгенде. Ал ұлттың алдында: тілі дейсіз бе, ділі мен рухы, тәрбиесі мен мәдениеті, тағдыры мен тарихы, өзін-өзі тануы дейсіз бе – әйтеуір өзекті проблема жеткілікті еді. Бұлардың қай-қайсысын қозғауда әрі ептілік, әрі саясаткерлік, кейде тіпті ерлік те қажет еді.
Бір мысал. Ұмытпасам, 83-жылдың көктемі-ау деймін, ғы-лым бөлімінің меңгерушісі – мені Шерағаң кабинетіне шақырып алды да, бір қалың қолжазбаны қолыма ұстатып тұрып: «Пікіріңді айт» деді бір-ақ ауыз сөзбен. «Дайында!» деген бұйрық жоқ. Сездім. Бұның ішінде бір шиі болғаны. Мұндай материал жөнінде алдымен бөлім меңгерушісінің көзқарас-пікірін білгісі келетін, онымен көп жағдайда санасатын Шерағаңның әдеті. Бірақ былқылдаған-сылқылдағанды ұнатпайды, не де болса ойыңды ашық айтуың керек. Бұл – татардың белгілі түрколог ғалымы Әбрар Каримуллиннің түркі тілдес халықтардың жазу-сызу тарихы мен рухани төл мәдениеті туралы жазылған отыз беттік ғылыми зерттеу мақаласы екен. Автор Америка құрылығындағы ацтек, инк сияқты үндіс тайпаларының тіліндегі түркілік нышандардан бастап, революцияға дейінгі қазақтардың оқу-білім игеруіне дейін сөз еткен, тосын фактілер ұсынған. Жақсы, ал мұндағы «ши» қайда? Мәселе мынада. Ұзақ жылғы идеология біздің миымызға бір дүниені берік сіңірген. Ол – «революцияға дейін қазақтардың 2-ақ проценті сауатты болған». Осы қағида бірер жыл бұрын Орталық Комитеттің бірінші хатшысының Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуының 250 жылдық мерекесінде жасалған баяндамасында да айтылған. Енді мына Каримуллин не дейді? Ұлы төңкеріске дейін қазақ даласына қазақ тілінде әр түрлі атаулы, әр қилы тақырыптағы 500-ден астам кітап жетіп, олар 2 миллион 201 мың данамен тараған! Бәрі де араб әрпінде! Ол уақытта қазақтар саны 4,5 миллиондай. Сонда есептесеңіз, неше адамға бір кітаптан айналған?! Демек, кеңес идеологтары үшін араб әрпіндегі кітап – кітап емес, онымен сауат ашу – сауат емес. Ақыр соңында төңкеріске дейін қазақта мәдениет болған емес. Бұдан өткен қандай қорлау болуы мүмкін.
«Бұл материал арқылы ұлтқа жапқан жаланы жоққа шығарамыз. Дәлелдің мықтылығы бізді қорғап шығады. Менің пікірім осы»,– дедім, мақаланы оқып шыққан соң Шерағаңа.
«Ендеше дайындап қой. Мен сұрағанда алып келесің»,– деді ол.
Бірақ… бір апта өтті – сұрамайды, екі апта өтті – сұрамайды. Тезірек сұраса екен, мақала шықса екен деймін іштей тыпыршып. Мен – күшігінде таланбаған ұрпақтың өкілімін. Ұлт-қа қатысты мәселеде кейде көзді жұмып жіберетінім бар. Ал Шерағаң… қызық! Напалеон Россияға шабуыл жасайын ба, жасамайын ба деп, Березина өзенінің бойында бүкіл әскерін қаңтарып қойып, екі ай бойы екі ойлы болып, тым-тырыс жатып алатыны бар еді. Біздің Шерағаң да кейбір «миналы материалды» берсем бе, бермесем бе деп, біраз ойланып жүретін де, ақыры бір күні күтпеген жерде жарқ еткізіп шығарып жіберетін. Сөйтіп үшінші апта дегенде «Қайда әлгі Каримуллин? Алып кел» деген. Деген де макеттегі бір мақаланы алып тастап, орнына «Каримуллинді» жалпағынан жатқыза салған…
Мақала шыққан соң… бәрі де тып-тыныш өтіп кеткен сияқты еді, алайда бірер аптадан соң Шерағаң: «Өткен жолғы материалды не үшін бергеніміз жөнінде справка жаз. Орталық Комитетке»,– деді қысқа ғана. Жаздым. Ал оның «справкамен» қоса жоғары жаққа қандай уәж айтып, қалай мәселені жым-жылас жауып қайтқанынан хабарсызбын. Ондайды Шерағаң бізге баяндап жатпайды, түк болмағандай үнсіз жүре береді. Рас, Шерағаңды «жоғары жақ» жиі шақырушы еді. Әрине, сағынғаннан емес, ақыл сұрауға емес. Жаңағы сияқты материалдардың соңында анықтауға сұранған әңгімесі болады. Орталық Комитет көрмегенді редакторға қыжылы бар қызыл көздер шалып қалады. Жеткізе қояды. Шығармасы шықпағандардың жаптым жала, жақтым күйесі өз алдына. Бәріне Бас редактор жауап беру керек. Басы Жазушылар одағының басқармасына, аяғы Орталық Комитетке. Әйтеуір, қандай жағдайда да Шерағаң істі аса насырға шаптырмай құтылып жүрді. Бұл жерде бір мәселенің басы ашық. Оны көп қырсықтан сақтап қалып отырған – әр түрлі баспасөзде көп жыл редактор болғанда жинақтаған іс-тәжірибесі, жеке басының үлкен абырой-беделі, талайды мойындатқан басшылық қарым-қабілеті. Әйтпесе, қылдан тайдырып жіберетін небір «сәтті кездер» болған.(«Шерағаң кетеді екен, орнына пәлен деген келеді екен» дейтін сөзді де естіп жүретінбіз. Бұл сөз кейде негізсіз де болмайтын. Бірақ… оның не түрінен, не мінезінен еш өзгеріс байқамайсың. «Ертең кетеді» дейтін Шерағаң бүгін таңертең бізді лездемеге жинап алады да:
– Кім кезекші? Сөйлеңіз,– дейді салмақты. Кезекші газеттің жаңа саны жөнінде сөйлей бастайды.
– Тоқта!– дейді Шерағаң бір сәтте,– «керемет!», «ғажап!», «аса» «өте» деген сөзіңді қой. Материал жақсы болса, жақсылығын дәлелдеп айт, сабырмен айт. Ал қызыл сөздің керегі жоқ.
Сосын лездемені өзі қорытындылайды. Әншейінде мақтауға сараң, көпшік сөзді көңілі сүймейтін ол ыңғайына қарай жақсы жазып жүргендерді қолпаштамаса да қолтықтан демеп қоюды ұмытпайды.
– Досымов мырзаның мына Жаңадария туралы жазылған мақаласы көтерген мәселесімен құнды. Жинақы. Фактілерді дұрыс қорытқан. Бірақ мұндағы су проблемасын әлі де қозғай түсу керек. Досымов мырза, өзекті бір тақырыпты қозғаған екенсіз, оны аяғына дейін жеткізіңіз. Ал, мына материал осы айдың сыйлығына лайық болар. Сіздер қалай қарайсыздар?– деп сосын бізге бұрылады.
– Сәкең ай сайын сыйлықтан құр қалмайды,– дейді біреу әзілдеген боп.
– Дұрыс! Жақсы жазса, алсын. Сендер де алыңдар.
Газетке көңілі толмаған енді бір сәтте темекісін тұтатып, терезе желдеткішін өзі ашып келіп, отырады да:
– Ең нашар газет – өте сыпайы газет. Ондай газеттің өзі-нің де, қызметкерлерінің де жаны сірі болады. Сөйтіп өздері де сөлбіреп (!), газетті де сөлбірейтіп жүре береді. Жоқ, бұлай болмайды! Газетте бір күн істесең де, адалыңмен істеуің керек. Газет халықтікі. Ендеше, халыққа керекті дүниені бер. Ал, халықтың уайымы, халықтың мұңы, қазақтың проблемасы аз ба? Бүкіл Алматыда бір-екі-ақ қазақ мектебі бар. Бұл жандарыңа батпай ма? Орыс мектептерінде қазақ тілі пәні тек формальді түрде ғана жүреді. Бұл намыстарыңды қозғамай ма сендердің?! Қазақ оқулықтарының саны бар да, сапасы жоқ. Ал аударма оқулықтарды түсініп оқуға баланы қойып әкенің миы жетпейді… Бала демекші, жыл сайын бала санының азайып бара жатқаны мынау. Демографиялық дегредация қаланы қойып енді ауылға жете бастады. Сұмдығы сол, анау Қызылордада, Маңғыстау жерінде экологияны сылтау етіп, жергілікті денсаулық сақтау мекемелері әйелдер арасында бала санын бір-екеуден асырмауды насихаттауға көшіпті. Біз әдебиет газетіміз деп, осындайды жазбауымыз керек пе? Ау, ертеңгі күні халқың санынан айрылса, сапасынан айрылса, тілінен айрылса – сенің газетің мен кітабың кімге керек? Осыны ойлап жүрген бізде кім бар? Ал ойланады екенсіңдер, кәне идеяларыңды айтыңдар!
Байқап отырсыздар, бізге «идеяларыңды айтыңдар» дейді, бірақ бәрін де өзі айтып қойды. Көбінде солай. Басшы ретінде негізгі тақырып, негізгі идеяны өзі береді, сонан соң бізді тыңдайды. Жақсы ой, тың тақырып тапқандарды қатты ұнатады. Оларға моральдық та, материалдық та демеуін аямайды.
Шындығында, идея деген газетке қажетті басты дүние ғой. Ол – материалдың діңі. Ол – таптауырынды сан шиырдан кейін жаңадан табылған тың өріс. Ол – қалай жазудан бұрын нені жазу керектігіне жөн сілтейтін сара жол. Ең алдымен нені жазу керектігін білмейтін журналист – тек қызыл сөздің иесі ғана. Олардың еңбегін бір сағат бойы тоқталмай сұлу сөйлеп шықса да, артынан бір ауыз сөзі есіңде қалмайтын мылжың «оратордың» мылжың «выступлениясымен» ғана салыстыруға болады. Шерағаң айтқан «сөлбірейген» газет солардың қолынан шығады… Машинаны қозғалысқа келтіру үшін ток керек. Ток үздіксіз болу керек. Ал токты генератор береді. «Қазақ әде-биетінде» Шерағаң редакцияға үнемі идеялық күш-қуат, ағалық ақыл-ой беруімен сол генератор сияқты болды.
Жә, идея бар. Енді оны қалай жазамыз? Шамамыз келгенше Шерағаң сияқты жазуымыз керек. Ол қалай жазады? Біріншіден, қандай жолсапарға барып қайтсын, шаршап қайтсын, қажып қайтсын, мейлі, кезекті санға қалай да материалын беріп үлгереді. Екіншіден, қысқа да нұсқа жазады. Үшіншіден, Эстонияға, Якутияға, Қазан мен Өфеге, мейлі Одақтың қай түпкіріне барып келсе де, мақаласын Қазақстанмен, қазақ өмірімен байланыстыра жазады. Және жазғанын міндетті түрде не орынбасарға, не бөлім меңгерушісіне оқытып алғаннан кейін ғана газетке береді. Олардың кейбір сын-ескертпесіне де құлақ асып отырады. Көркем шығармасын да солай. Қателеспесем, тоғыз жыл редактор болғанда, екі-ақ әңгімесін өз газетіне ұсынды… 80-жылдардың ортасы. Проза бөлімінің меңгерушісімін. Бірде түстен кейін Шерағаң бөлмемізге өзі келді де, екі қолжазбаны алдыма қойды. «Оқып, пікіріңді айт»,– деді. «Жүз жылдық жара», «Изең ызыңдайды» деген өзінің екі әңгімесі екен. Оқыдым. Ұнады. Үш сөздің астын сыздым да, өзіне алып бардым. «Мына сөздерден басқаға дауым жоқ» дедім. «Дауың бар жерді неге түземейсің, түзе» деді. Түзедім. Оным Шерағаңа ұнады ма, ұнамады ма – білмеймін: «Жарайды, ал енді осыны біздің газетке жариялауға қалай қарайсың?»– деді. «Өз газетінде өз әңгімесін баспасын деген заң жоқ қой»,– дедім. «Ендеше қолыңды қой»,– деді. Қойдым. Терімге кетті. Шықты. Редакциядағы ішкі тәртіптен айнымау, қатаң принциптен ауытқымау деген, әрі-беріден соң демократия деген де осы шығар.
Иә, Шерағаң редакцияда ұсақтамады, кесегінен турады, пендешілігінен Адамдығы жоғары тұрды, қай уақытта да ұжымның пікірімен санасып отырды. Жаңа қызметкерді жұмысқа алу, күнәсі, кінәсіне қарай бұрынғыны босату, пәтер беру, сыйлыққа ұсыну… бәрі-бәрін, негізінен, ұжым шешетін еді. Өзі бірде айтқандай, «қолынан іс келмейтін, келсе – істегісі келмейтіндердің» аңысын аңдып жүріп, сәті келгенде тобықтан қағып жіберетін». Керісінше, таланттардың үлкен жанашыры еді. Олардан жылы сөзін де, ұзын қолын да аяп қалған жоқ. Нәтижесінде бірер жылдың ішінде аты-жөні көпке белгілі болғандар қаншама!..
Ол авторлармен, жалпы қаламгер қауыммен де осылай жұмыс істеді. Нәтижесінде – «Қазақ әдебиеті» нағыз таланттардың өз үйіне, жылы ұясына айналды. Бүгінгі елудің о жақ-бұ жағындағы қалам қайраткерлерінің көбі осы жылдары осы газетте танылғандар еді. Есесіне өлермендерге («халтураға») есік жабылды. Олар енді тесіктен кірмекші болып, берісі Жазушылар одағының басқармасы, арысы Ақ үйді жағалады. Төбеден телефон шалдырды. Бас редактор Мұртазаевтың жауабы: «Бөлім ұсынса көрелік…» немесе бір-ақ сөз: «Болмайд!» Редакция тәртібін, Бас редактор талабын білетін «бөлім» ондай «дүниені» ұсына ма!.. Нәтижесінде – арыздану, шағымдану, әр түрлі әдеби жиындарда Бас редактордан бастап, бөлім меңгерушісіне дейін қаралау, ғайбат сөз айту… Әсілі Бас редактор Шерхан Мұртазаевқа 80-жылдары бәрінен де қиыны – солардың тілін таба алмағандығы ма деймін. Шындығы сол, Шерханның бұл «қысастығын» бүгінге дейін ұмыта алмай жүргендер де бар…
Қазір газеттің бір шаршы сантиметрі – ақша. (Жарнама үшін). Ал бір ауыз ойлы, зерделі сөздің құны қанша? Бұны өз орнында отырған редакторлар бұрын да жақсы білген. Білген соң да жақсы материалдарға жомарттық жасаған. Әлі есімде 80-жылдары «Қазақ әдебиетінде» Әлкей Марғұлан, Қайым Мұқамедханов, Мекемтас Мырзахметов, Құлмәт Өмірәлиев, Манаш Қозыбаев сынды ғалымдардың алды 50–60, соңы 30–40 бетке дейінгі мақалалары жарық көріп жүрді. Бұлардың (Әлекеңнен басқасының) қалың қауымға кеңінен танылған кезі де осы жылдарда шығар…
Сөзімізді қорытындыласақ… 80-жылдардағы «Қазақ әдебиеті» ұлттық мәдениет, ұлттық мүдде, ұлттық рух жолында барын салған бірден-бір ұлттық баспасөз болғаны анық. Ал оның рупоры Шерағаң – Шерхан Мұртазаевтың қолында болып еді.
2002 ж.