Дидахмет Әшімханұлы,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Оңтүстіктің тойы – төрт түстіктің тойы
Біртұтас Отандық биіктен қарасақ, біз үшін Оңтүстік те, Солтүстік те, Шығыс пен Батыс та жоқ – Қазақтың кең байтақ жері ғана бар.
Бір ғана ұлттық мүдде тұрғысынан ойласақ, біз үшін Арғын да, Найман да, Қоңырат пен Дулат та жоқ – тек Қазақ деген халық бар.
Ал жағрафиялық жағдай, аймақтық ерекшелік, менталитет жағын сөз етсек, біз үшін осынау кең байтақ жердің кез-келген пұшпағы жөнінде айтар әңгіме жетерлік.
Бұл орайда өз басым Оңтүстікке ерекше мән беремін. Өйткені Оңтүстіктің өзі де ерекше өңір екенін мойындатпай қоймаса керек. Қалай? Қай жағынан?
Бұл сұрақтардың жауабын түпкі тамырдан іздеген жөн.
Басқа облыстарға қарағанда, Оңтүстік жағрафиялық, климаттық жағдайына қарай отырықшылық өмірге тым ерте бейімделген. Бұның игі әсері мен игілікті көрінісін тарихтың бедер-бедер ізі түскен жер қыртысынан да, бүгінгі берекелі, дәулетті ел ырысынан да анық байқаймыз. Әне, қараңыз!.. Қойнына қабат-қабат сыр бүгіп жатқан көне шаһарлардың орыны… Төбе-төбелердің белін қиғаштай қиып өткен баяғы арықтар мен атыздардың іздері… Сол төбелер басынан қай жағыңа қарасаң да – о, бастан жер емген елдің қазіргі ғажап бейнесі: гүлденген дала… түрленген қала… жайнаған бау-бақша… қайнаған хан-базар… шаруашылық пен кәсіптің сан түрі… Мұндай елдің қазаны майлы, қаспағы қалың болмай не етсін!
Ойымызда – тағы да тарих… басқа өңірлерге қарағанда, Оңтүстікке орыс отаршылары тым кеш жеткен (ХІХ ғ. екінші жартысы). Соның өзінде тұмсық тыққанмен тырнағын терең батыра алмаған. «Ащы шебін» құрған жоқ, Арысты алқымдатып, Келесті кемерлетіп қорған-бекіністерін салмаған. Әрине аяғаннан емес… іргедегі Қоқан, әріде Хиуа – осал жау емес-ті… Яки озбырлықтың қан шеңгелінде таланбаған. Мұндай елдің ұл-қызы рухты болмауы мүмкін бе?
Құт қонған, бақ дарыған жеріне қарай, 1932-дегі нәубет те Оңтүстікті жалмап өтпей жанай өткен. 1954-62-дегі «Тың игеру» де бұл өңірге бидайымен бірге басқа «тұқымын» себе алмаған.
Шүкіршілік, енді міне, Оңтүстік десе, қалың ортасы сетінемеген, қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған – ордалы елді, қордалы қонысты көреміз. Қазақтық сан мен қазақы ән де, «проблемасыз» тіл мен кең қолтық діл де, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа адалдық та – осында. Мұндай елге қандай құрмет көрсетсең де артық ете ме!
Бүгінде Оңтүстіктен топ-тобымен шығып жатқан әдебиет, мәдениет қайраткерлері, шоғыр-шоғырымен көрінген өнер жұлдыздары, биліктегі біліктілер, кәсіпшіліктегі іскерлер – бәрі бізге мақтаныш!
Сөз басынан «Оңтүстік» деп отырғаным – күні ертең 80 жылдығын тойлағалы тұрған – Оңтүстік Қазақстан облысы.
Той құтты болсын!
Бұл барша қазақтың тойы!