Ғылым дегеннің не екенін ертерек сезсем де, ғалымдардың кім екенін кешірек білген жайым бар. Қолыңыздағы осы газет («Қазақ әдебиеті») болмаса, мүлде білмей де кетер ме едім, кім білсін.
Әңгіме мынада.
1980 жылға дейін үлкен форматпен 4 бет болып шығып тұрған «Қазақ әдебиеті» сол жылдың қаңтар айынан бастап көлемі екі есе өсіп, кіші форматпен (қазіргі) 16 бет болып жариялана бастаған. Көлемі өскен соң, әрине, қызметкерлері мен бөлім саны да көбейген. Алғашқы жарты жылдықта ауы мен бауы тартылып, етегі мен жеңі жинақтала келіп, маусымның басында «Ғылым және әлеуметтік мәселелер» деген және бір жаңа бөлім ашылды да, басшысына Баянғалиды, қосшысына мені қойып, осымен негізгі ұйымдастыру жұмысы бітті-ау дегендей басшылық жағы (С.Мұратбеков, Ә.Жәмішев) бір тыныстап алғандай еді.
Бұның ғалым Мекемтас Мырзахметовке қандай қатысы бар дейсіз ғой? Үлкен қатысы бар. Және… жалғыз Мырзахметовке ғана емес, 1980–1991 жылдар аралығында (тәуелсіздікке дейін) «Қазақ әдебиетінде» жарияланған ғылыми-публицистикалық материалдарды зерттей, зерделей қарасақ, әйгілі Әлкей Мар-ғұлан мен Әуелбек Қоңыратбаевтан бастап, Қайым Мұқаметханов, Рәбиға Сыздықова, Құлмәт Өмірәлиев, Жанұзақ Қасымбаев, Бейсембай Байғалиев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбаевқа дейінгі шын мәнінде ұлт рухы, ұлт мүддесі үшін қызмет еткен Ғалым-Азаматтардың қай-қайсысына да аталған газет пен бөлім тонның ішкі бауындай жақын болғанын байқаймыз. Бұлай болуы заңды да еді. Біріншіден, желкелерінде жеті көз тұрған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» сияқты газеттердей емес, шығармашылық ұйымның органы болғандықтан «Қазақ әдебиеті» сәл де болса еркін ойға ерік беріп тұрды. Екіншіден, газеттің сол тұстағы басшылығы (Ш.Мұртазаев, О.Бөкеев) халықтық, ұлттық мәселелерді мүмкіндігінше көбірек қозғап отыруды ішкі есебінің үлкені ете білді. Үшіншіден, көлемді газетте (16 беттік) көлемді материал жариялауға да мүмкіндік бар еді. Осындай жағдайларды газет редакциясы да, авторлар да (жоғарыда аталған ғалым азаматтар мен т.б.) ұтымды пайдаланудың арқасында сол бір онжылдық кезеңде ұлттық рух пен ұлттық сананы көтеруге септігін тигізетін небір құнды да терең ойлы мақалалар «Қазақ әдебиетінде» жиі басылып тұрды. Ыңғайы келіп тұрғанда айта кетейік, 86-жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 91-жылғы Тәуелсіздік көбімізге кездейсоқтық жемісі болып көрінетіні рас, алайда, сол кездейсоқтыққа дейін қаншама қажеттілік шаралары жүзеге асқанын, халықтың үлкен бір бөлігінің ұлттық санасы біртіндеп өсе бергенін, отаршылдыққа деген ыза мен кектің уақыт озған сайын бітеу жарадай сыздай түскенін, бұларға негізінен түрткі болған – ұлттық зиялы қауым, оның ішінде, әсіресе, әдебиет, өнер, гуманитарлық ғылым қайрат-керлері болғанын мойындасақ керек.
Әрине, 80-жылдары тоталитарлық жүйенің тоңы аздап жібіп, қоғамдық өмірдің кейбір тұстарында жылымық сәттер байқалғанымен, коммунистік идеология мен партиялық билік әлі де әлсірей қоймаған кез еді. Осындай кезеңде ашықтан ашық ұлттық мәселелер төңірегінде әңгіме қозғау, дін мен ділді тілге тиек ету, отаршылдық, озбырлық, орыстандыру тамырын әріден тарту – жар басындағы жантаққа ұмтылумен бірдей еді. Бірақ қай кезеңде болмасын, ұлттық мақсат-мүдде үшін қандай да бір қауіп-қатерге саналы түрде бас тігетін ұлт перзенттері болған ғой. Өз басым сондай перзенттердің бірі, кешегі Ахмет, Смағұл, Жүсіпбектердің бүгінгі жұрнағы – ғалым-публицист Мекемтас Мырзахметов деп білемін. Бұлай деп батыл айтуымның себебі – Мекеңмен жиырма жылға жуық тек қана жақын таныс емес, руханият өрісінде әр кезде пікірлес, кейде ағалы-інілідей ниеттес, қызмет бабымен жиі-жиі сұхбаттас болғанымнан да шығар…
Осы тұста адамды бағалаудағы өзімнің талғам-таразыма қатысты бір мәселенің басын ашып айтқым келеді. Мекемтас Мырзахметов деген талантты, зерделі ғалымның абайтану, мұхтартану ғылымына сіңірген зор еңбегін құрметтеймін, алайда, өзім білетін Мекемтас Мырзахметов атты қазақтың қазақты оятуға сіңірген еңбегін, қоғамдық қордалы ойға қосқан қомақты үлесін, осы жолдағы оның азаматтық іс-қимылдарын бәрінен де жоғары қоямын. Сондықтан ардақты аға туралы әңгімені де осы ыңғайда өрбіткенді жөн көремін.
Мекемтас ағаның шығармашылық туындыларының библиографиялық көрсеткіштеріне қарағанда, осы уақытқа дейін оның қаламынан алты жүзге жуық ғылыми және публицистикалық мақалалар дүниеге келген екен. Осылардың кем дегенде отыз шақтысы қолжазба кезінде менің қолымнан өткенін ағаның өзі де растайтын болар. Сол қолжазба еңбектердің, өзім байқаған, барлығына ортақ бір қасиет – өткен-кеткен, халық басынан кешірген, тарихта тасқа басылып таңбаланып қалған қандай бір қоғамдық-әлеуметтік құбылыс болмасын, автордың оған жаңа да әділетті көзқараспен қарай отырып, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» принципімен тек қана ақиқатты айтуға ұмтылу ниетінің ап-анық көрініп тұруы еді. Бұн-дай принциптен жекелеген бір ортадан белгілі бір «бедел-ді» топтан өзіне қарсыластарды көбейтіп, «тек жүрсе тоқ жү-ретін» даңғыл жолының алдына кедергілерді ерікті түрде өзі қойып алатынын Мекең білмейді емес, білетін. Біле тұрып, ағысқа қарсы ұмтылатын. Мұндай қарсылықтың өзі әркімде әр түрлі ниеттен туатыны белгілі. Біреулер арзан бедел үшін кездейсоқ бір оқиғалар үстінде жанкешті боп көрініп, өз атын жарнамалап қалады. Енді біреулер қандай да бір қарсы қимыл, тосын әрекеттерге жеке бастың пайдасы, ертеңгі күннің қамы үшін барып жатады. Ал Мекемтас сияқты санаулы азаматтардың (иә, өкінішке қарай санаулы!) күрескерлігі – арлы, таза жүректің қалауынан, ұлттың ұлы мұраттарына адалдықтан, кезінде өзі таңдап алған ғылым саласына деген сүйіс-пеншіліктен туған риясыз, бақайесепсіз, ғылымға да, көпшілікке де шапағатты күрес-керлік. Ол үшін жамағат жадында жатталып қалған, сан ұрпақ ұғымына қалыптасып үлгерген, қауым санасына қатып-семіп қалған кейбір «қағидалар» да бұзылмайтын қамал емес. Мәселен, бәріміз бала жасымыздан білетін «Менің Шығысым Батысқа ауды» деген сөзді расында Абай айтты ма екен? Әлде өз заманындағы идеологияның ыңғайына сәйкес жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында кейіпкер Абайдың аузына әдейі салған ба? Қалай десек те өмірдегі ақын Абайдың шығармашылық ой қуаты Шығыспен берік шырматылып жатқаны рас қой. Растың рас екенін ғылымда алғаш дәлелдеп берген, «қарап жүрмейтін» Мекемтас Мырзахметов еді. Сондай-ақ сол Абайды «ұлы ағартушы, кемеңгер ойшыл, данышпан ақын» деп жүрсек, ол діншіл, дүниетанымы ислам ықпалында болған екен ғой! Не дейд! Кеңестік кезеңде мұндай концепцияға ғалым қалай барып жүр?!. Қалай барса, олай барсын, абайтану ғылымында ғана емес, жалпы отандық философиялық таным жүйесінде бұның соны зерттеу, тың байлам болғаны басы ашық дүние.
Мекемтас ағаның кез келген мақаласының атының өзі-ақ ар жағында бір «бәленің» жатқанын сездіре қоюшы еді. Мысалы, қараңыз:
«Ванновка атауының сыры неде?» (1983), «Жер тарихы – ел тарихы» (1988), «Отаршылдық топонимдер» (1991), «Әдебиет және топонимика» (1991), «Халықтық, отаршылдық, тоталитарлық топонимика» (1991), «Ов» туралы» (1990), «Кафедралық собордың иесі кім?» (1990).
Бұл матриалдардың қай жылы жарық көргенін көріп отырсыздар (жазылуы бұдан да ерте болуы мүмкін). Барлығы дерлік Кеңестер Одағы кезінде. Барлығы дерлік ұлт өміріне, ұлттық проблемаларға арналған. Бұларды сол кездің өзінде жалпыға жария ету елін, жұртын ерекше сүйгендердің ғана қолынан келген. Осы тұста өткірлік, батылдық, маңыздылық жағынан жоғарыдағы мақалаларды екі орап алатын көлемді бір материалға ерекше тоқталғым келеді.
Ұмытпасам, 89-жылдың басы еді. Мекемтас аға әдеттегідей бөлмемізге (Ғылым… бөліміне) жайлап басып келіп, сәл жымия тұрып, жұмсақ қоңыр даусымен:
– Қазақтардың қалай отарланғаны жөнінде мына бір материалды бітіріп едім. Әрине, газет үшін көлемі көптеу. 70 бет. Мұндай көлемнен журналдың өзі ыршып түсуі мүмкін… Тұтастай оқып шығып, газетке қажеттісін үзінді етіп берулеріңе болар,– деп алдымызға қалыңдығы бір елідей қолжазбаны қойған.
Мекемтас аға жайша бір дүниені жазбайтыны белгілі, қай сөйлемнің астына қандай мина жасырды екен дегендей қызығушылықпен қолжазбаны сол күні оқып шықтым да, ертеңінде өзін шақырып алып:
– Аға, басшылыққа айтып, материалыңызды толық, тұтастай жариялауға ұсынамын. Қарсы болмайтын шығар. Осы қалпында жарияланып қалар,– дедім.
– 70 бетті тұтастай?!. Әй, кім білсін, газеттің ыңғайы келмес,– деді ол сенімсіз.
– Ыңғайын, формасын тапса – қиюы келмейтін дүние жоқ қой,– дедім.
Дедік те 70 бетті үшке бөліп, әр бөлікке жеке-жеке ат қойып, «жалғасы бар» деместен, бірінен соң бірін бір жарым ай аралығында толық жариялап та үлгердік.
Бұған бейіліміз неге сонша ауды дейсіз ғой?.. Ұлттық сананы ояту үшін осындай материалдар ол уақытта өте қажет еді. Әсіресе, патшалық Ресейден бергі жалғасып келе жатқан қазақ жерін отарлаудың сан түрлі жасырын тәсілдері мен құпия әрекеттерін көпшіліктің біле түскені жөн-ді. Егер қателеспесем, Ыбырай Алтынсариннің досы деп баршамыз аруағын құрметтеп жүрген Ильминскийдің шын мәнінде қазаққа қандай «жанашыр» болғанын, миссионер ретінде қазақтарды қандай тәсілдермен шоқындырғысы келгенін бірінші рет қоясын аша әшкерелеп берген ғалым Мекемтас Мырзахметов болды. Және дәл осы еңбегінде, 70-жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде атақты Ғабит Мүсірепов: Қазақ халқы Алекторовқа қарыздар деген ыңғайда мақала жарияласа, сол Алекторовтың (Адександр Ефимович) миссионерлік мерез әрекеттерін жеріне жеткізе сынаған да, нағыз ақиқатты ашып берген де Мекемтас Мырзахметов болды.
Ғалымның осы көлемді еңбегі толықтырылып, 1993 жылы «Атамұра» баспасынан «Қазақ қалай отарланды» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Сондағы үш тараудың атына қараңыз, қараңыз да ғалым-публицистің кезінде қандай батыл қадамдар жасағанын аңғарып байқаңыз:
1. Ел қалай орыстандырылды (Мұхтар Әуезовтің бір автоцензура тарихынан).
2. Жер қалай орыстандырылды (Жер тарихы – ел тарихы).
3. Сана қалай орыстандырылды (Әріптер неге өзгерген).
Ғұмыр бойы Абай деп, Мұхтар деп, «қайран елім – қазағым» деп келе жатқан Мекемтас аға да міне, «ақырын жүріп, анық басып» 70 деген жасқа жетіп қалыпты. Ұлты үшін, халқы үшін жасаған еңбегінің ешқайсысы далаға кеткен жоқ. Өзін сүйген перзентін халқы да сүйген. Ең бастысы, сол халықтың құрметіне бөленуден артық қандай бақыт бар!
Мерейіңіз үстем болсын, Мекемтас аға!
2000 ж.