МЕДАЛЬ

Мyхамеджан мен Зояға

Қызмет жоқ, жұмыс жоқ, қазан-ошақтың қасында отырыпақ медаль аламын деп кім ойлаған? Ойламаса өз еркі, он жылдан бері түз шаруасын түртіп істеп көрмеген Зияш деген құрбыңыз енді «Бере салған медалінен айналдым, алайын да тағайын» деп тұр, міне. Ал оның қандай медаль екенін айтсақ, «Е-е, дәсердей ғып соны да…» деп мұрын шүйіретіндер де табылар. Ондайлардың құлағына алтын сырға, мәселенің байыбына бармай жатып, мұрынды байқап-байқап шүйірмесе болмайды. Өйткені бала шаруашылығының баяғыдай бағы жанып тұрған кезі емес, дәл қазір талайлардың тандыры кеуіп, тамыры суалып, от басына үш-үштен деген орташа жоспардың өзі көп жерде орындалмай жатқанда, бес бала тапқан Зияштың медалін тіпті менсінбеу – астамшылық, ағайын!.. Иә, «баяғыдай» дейміз-ау, тым баяғыға барып қайтеміз, бұдан небәрі жиырма-отыз жыл бұрын ел ішінде не көп – ойхой, шіркін, орден-медаль көп еді ғой. Ер азаматтарды есепке алмай-ақ қояйық, ол күндері кеудесінде бір жылтырағы жоқ еркекті еркек деп білген кім бар, бәрінен де омыраулары сыңғыр қаққан сылқымбике жеңгейлерді айтсаңшы. Жеңгейлерің не, қырыққа жетер-жетпесте немере сүйіп, елуге келгенше келіндерге де кезегін бұлдап беретін сондағы жап-жас әжейлерді кім ұмытады? Мереке-мейрам күндері олар қыжымнан қамзол киініп, орденмедальдарын тағынып, жалпақ жұрттың алдына жасанып шыға келгенде: «Бұл шіркіндер қай майданнан қайтты екен?..» – деп сырттай қағытып тұратын қайныларын қайтерсің? Мұндай сөзді құлағы шалып қалғанда: «Қай майданнан қайтсақ та, сен сияқтылардың қайқаң қағып жүргені мына біздің арқамыз», – деп олар жаман-жәутіктерді жалғыз сөзбен қағып тастай салатын. Бір қызығы, бұл қағытпа-қалжыңдар оларға тым жарасып та тұрушы еді… Е, ол баяғы кез ғой. «Баяғы» демекші, осы сөздің қай-қайдағыңды қозғайтыны несі екен… сол баяғы күндері көп балалы аналарды орден-медальдармен наградтау туралы үкіметтің Указы да газет бетінде Арал теңізіндей жайылып, сыймай қалған етегі екінші бетке ауысып, сол уақыттағы жеңгейлердің көңіліндей көл-дария боп жатушы еді. Сонан соң… бір күндері Аралдың арыны қайтып, арнасы тарылып, ақ бас толқындары қара жерден қашқақтай берген кезде, газеттегі манағы орден-медальдардың да орны қысқарып, жалғыз бетке жартылай ғана жайғаса бастады ғой. Оның өзінде медаль болмаса, орденге қазір орын аз. Тым аз. Сондықтан болар, Зияштың күйеуі айтады: «Түбінде орден алар әйелдерді тұ қымға таппай қалармыз. Бүгіннен бастап олардың есебін алып, есімдерін жазып қою керек. Жазғанда, тура «Қызыл кітапқа» жазу керек…»

Қойшы, пұшпағы қанап көрмеген күйеу халқы не демес, ал медаль жайын алғаш естігенде, Зияштың ақсары өңіне лып етіп ыстық қанның жүгіре қалғаны рас-ты. Қуаныштан дейсіз бе, қысылудан да, тәйірі. Оны сезер Майгүл жоқ, телефонның арғы жағынан сампылдап ала жөнелсін.

–       «Не дейд? Не дейд?» деп монтанысуын зәндемнің. Білмеген боп бір самауыр шайыңды аяп тұрсың да, – деп алқымынан алсын-ау.

–       Не дейді, әй?! Түсінсем, рас, бұйырмасын. Медалің не? Қайдағы медаль ол?.. Ақжанның алған бірдемесі емес пе? – деп бұл да ағынан жарылған. Ақжан дегені – күйеуі. Күйеудің атын естігенде, Майгүл тіптен күйіп кетті ме:

–       Өлә-ә! – деді үздігіп. – Бұған енді не дейсің?! Бес баланың бейнетін бұл көреді де, медалін ол алады екен ғой. Тапқанын!.. Жә, сөзді қой да, қазаныңды көтере бер, кешке барып қаламыз. – Телефон кілт үзілді.

«Қызық, әй!» – деді біреу, бұның құлақ түбін қытық тағандай.

«Оның несі қызық, әй?!» – деп сыбыр етті әлгі дауыс артынша.

Сосын кенет… телефонның артындағы төрт бұрышты айнадан өзінің айсырғадай еріндері мәймиіп, күбір-күбір сөйлеп тұрғанын көрді де, мырс етті. Трубканы тас қып ұстаған күйі тастай қатып қалыпты. Құдды телефонға иек сүйеп түскен сәнқой қыздың суреті сияқты. Сурет емес, өзіңсің дегендей тершіген мұрны жыбырлап, ұзын қара кірпіктері жыпылықжыпылық қағады.

– Неғып тұрмын, үйбай-ау? Звондайын да әлгіге.

Аузына түскен сөз – осы. «Әлгісі» – өзінің Ақжаны… Жаялық жуумен-ақ ақжем боп біткен аппақ саусақтарымен күйеуі қызмет істейтін музыка мектебіне звондап кеп жіберген. Звондап тұрғанда, ойынан гөрі қолы бұрын түсірген. Шатастырған да сол болды. Ар жақтан «әлеу» дегенде-ақ, бер жақтан бұл:

– Ақжан бар ма? – деп салсын.

– Қайдағы Ақжан? Қайда звондап тұрсыз сіз? – дейді бір таныс дауыс сызылып. Сосын «әу» дегенше, әлгі дауыс сықылықтап күліп жіберді. – Әй, сен қашаннан бері қойныңдағы қосағыңды біздің үйден іздейтін болғансың?

Қара басып Күнсаяның нөміріне түсіп кеткенін бұл бейбақ сонда ғана білген-ді. Бұның қара басқаны Күнсаяның да пайдасына аса қалған жайы бар, көптен бері көкіректегі шерін ақтарып-ақтарып тастасын.

– Бұрын қысқа күнде қырық рет сөйлесіп тұрушы едік… Енді жыл – он екі айда бір хабарымызды білмейміз… Сендер мені тірі адамның тізімінен сыздыңдар… Не байы, не баласы жоқ мен сияқты жесір байғұсты менсінесіңдер ме сендер?.. – деп сыздап-сыздап алды. – Медаль алғаныңды газеттен оқыдым. Әрине, тойлайтын шығарсыңдар… Бірақ маған сендермен бірге отыру қайда… – деген ақыры мүсәпірси сөйлеп.

Бұл сөздерді Зияш айсырғадай еріндерін жымқыра тістеп тұрып тыңдаған. Тістейін деген жоқ, Зияштың шымшымалары жүйкесіне тиіп-тиіп кеткенде, астыңғы ерні амалсыз тіс арасына кіріп-кіріп кетіп еді. Бәрінен бұрын соңғы бір назсымағы намысына қамшы болып тиді ме:

– Неге тойламаймыз, тойламаймыз, – деді. – Бұл – менің ғана емес, бала-шағамның қуанышы, анау сегіз айлық Сержанымның қуанышы. Ол болмаса медальді босқа беретін бе еді маған, – деді. – Ал осы қуанышта сен ортамызда отырсаң, несі беміз ортайып қалмас. Кел. Сержанға келмегенде, кімге келесің? – деді.

Әр сөзін шегелеп айтты. Әсіресе, Сержанның атын анықтап, адақтап тұрып жеткізді.

…Содан әбігер басталсын. Күнсаяның сөздері шымбайға шын батқандай, Зияш үйде әп-сәтте алақұйын тұрғызды. Бұл құйын төрт бөлмедегі бес баланы да шырқ үйіре жөнелген: бейбіт ойын бұзылды, берекелі іс басталды, бәрі түгел қонақ күтудің семьялық-мердігерлік әдісіне көшті де кетті. Жаңа ғана бейқам сабақ оқып отырған Маржан, Гүлжан енді көшенің арғы бетіндегі көк базарға құлдыраңдап бара жатты. Осы әлгінде қуыршағын құшақтап жүрген Айжан, енді сегіз айлық Сержанды бесік арбасымен қоса, бөлмеден бөлмеге сүйрей жөнелді. Ышқырына қол салып, ыздиып тұрған тек үш жасар Мағжан ғана. Бұтын сулап қоймаса – ол да үлкен көмек қой… Жарықтық, қара телефонның қоңырауына да маза жоқ, Зияш шаруасын жаңа шалқыта бастаса, шар-шар етіп дәлізге шақыра қояды. Сондағы естірі: «Құтты болсын!.. Кешке үйлеріңе барғалы…» Келетіндер, жүдә, көбейіп кеткен секілді. Тіпті сонау Шымкенттегі ағайындар да қуаныштан құ-лақ танып үлгеріпті. Егер бұл орден алар күн туса, олардың да жетіп келер түрі бар. Жә, орденді қойшы, алдымен мына медальдің жайын айтсаңшы! Алғашында азын-аулақ қонақтан қуырдақпен-ақ құтыла салайын деп еді, кейін қара телефон амалсыз қара қазан көтерткен. Онымен әр сөйлесіп қайтқан сайын сол қазанға бір мүшені артық салып тұрды ғой. Салсын. Одан бұл үйдің ырзығы таусылып, дастарқаны жұтап қалмас. Күн сайын табалдырығын тоздырып жатқан қонақ жоқ, зәуімде бір қуанышқа жиналған дос-жараннан несін аяйды? Соңғы рет олармен осы Сержанның шілдеханасында мәз-мейрам болып отырысып еді, одан бері де, міне, жеті айдың жүзі өтіпті. Жеті айда кешкілік күңіреніп қоя беретін Ақжанның қара қобызы мен бес баланың у-шуынан басқа бұл не естіді, не көрді? Кейінгі кезде балконға шыға қалса, көшедегі қалың нөпірге көзі түсіп, әлденеге елеңдеп, әлденені сағынғандай күй кешетін. «Құдай-ау, бай десе байым бар, үй десе үйім бар, төрт бөлмеге тіреліп тұрған жиһазым анау, киіктің асығындай бес балам мынау, маған осы не жетпей жүр?» деп ойлаушы еді бұл сонда. Сөйтсе, шер тарқатып, сыр шертісетін, әзіл айтып, әңгімедүкен құрысатын адамдардың алқалы ортасы жетіспей жүр екен ғой. Екі аяқты пенденің бар қызығы дүние-байлықтың қызылы емес, көңіл шіркіннің түзігі екен ғой. Жұрттан жырақ, көпшіліктен алыс қала берген сайын сол көңілді кір баса ма, немене?.. Енді соны көтеретін кез келді бүгін. Әйтпесе, медаль деген сылтау да. Теңгедей темірді омырауға тағып жүргеннен бұның абыройы асып, ажары ашылып кетер деймісің? Ендеше барыңды аямай салып қал.

Барын салды, бәрін төкті Зияш үстелге. Шүкіршілік, сырттан көмек күткен жоқ. Маржан мен Гүлжан жыбырлап жүріп, іргедегі көк базардан көкөністі түгел жеткізді. Ыдыстарды жуып-сүртіп, үстелге рет-ретімен қойып та үлгерді. Айжанның арқасында Сержан да қыңқ демеген. Обалы нешік, Мағжан да бұтын таза ұстап тұрды. Бұдан артық не керек? Бұрын ашу қысқан кездерінде: «Осы үйдегі өңшең «жанды» бағумен-ақ қу жанымды қуырдақ етіп біттім!» – деп әкелері Ақжаннан бастап, тырнақтай Мағжанға дейін бидайдай қуырып алатын. Сонда, осы «…жандардың» қажет кезінде жанына өстіп демеу боларын кім білген? Әттең, өспей тұр. Ана екі қыз сәл өссе, Зияш дегенің екі қолын жылы суға мале-еп отыратын жайы бар… Иә, бұның бәрі жақсы ғой. Ал енді Зияшты қинап тұрған жалғыз ғана мәселе – анау үлкен «жанның», Ақжанның мәселесі.

Оны ойлағанда қамыр илеп жатқан сүйріктей саусақтары еріксіз жұмылып-жұмылып кетеді. Қыстың қысқа күні, әне, Алатаудың қыр арқасын қып-қызыл ғып, Найзақараның ұшына ілініп қалған. Сәлден соң жұрт жұмыстан тарайды да, ойдан-қырдан бері домалайды. Ал ол болса, ізім-ғайым жоқ. Бұл звондаса, не телефон алмайды, не бір жөнін айтып өзі хабарласпайды. Газеттегі Указды ол оқымады деймісің. Оқыды. Оқымаса, оқығандар құттықтаған болып айтты. Сосын олармен кеткен шығар сандалып. «Орденге жеткізем, орденге жеткізем» деп тұрған шығар бір жерде көпіріп. Бәлем, тірі болса кешке қо лына түсер. Ас үйдің бір бұрышына тықсырып апарып, ыр ғайдай мойнын сығымдап-сығымдап алар бұл… Амал не, қашанғы мінезі осы оның. Әсіресе, Зияш өстіп қинала қалған кездерде ол диуана болып кететінін қайтерсің? Бес баланың бүкіл қуанышын сол көрді. Шілдехана, туған күндердің бар қызығына сол батты. Иә, не істемеді ол? Тіпті әу баста, осы тұңғыш қыздары Маржан дүниеге келерде, бұны перзентханаға өз қолымен апарып салып, артынша мүлде ғайып болып кеткенін бұл, сірә, ұмыта ма? Арада үш күн өткенде терезенің алдына келіп: «Жаным-ай, жаның аман қалды ма, әйтеуір?» – деп мөлиіп тұрғанын қалай естен шығарады? Сосын Гүлжан туғанда тағы да ғайыптан оралып, баяғы дәрі иісі аңқыған үйдің үшінші қабатынан бұны шақырып алған да: «Зияшжан, ыстық ас әкелдім. Сорпасы да, еті де, қамыры да ішінде. Асықпай ішіп, буыныңды бекітіп ал», – деген бес литрлік ауыр бидонды алдына тартып. Бұл оның қақпағын ашып көргенде… сілейген де қалған. Қайнап-қайнап қоймалжың боп кеткен магазиннің пельмені екен. Қара қаны бетіне бұрқ ете түскен бұл аузын ашабергені сол: «Зияшжан, мен босқа жүр дейсің бе?» – деп бір уыс қып-қызыл ақшаны қолына қыстыра салып еді. Сонымен іс біткен. Оның ауылдағы өз шешесінен келген батпанқұйрық екенін Зияш тек кейін ғана білген. Ол уақытта Зияш жас қой. Қатты сөйлей білмейді. Үстел астынан қол жүгіртіп, шалбар сыртынан шымшып-шымшып алмайды. Бар құқайы – бірер күн бұртың қағып, теріс бұрылып жатып алу ғана. Ақжанның екі аяғын бір етікке тығып жіберетіні қазір. Бірақ балалардың көзінше оған да шамасы келмей жүр. Қандай құдіреті барын кім білсін, бір ауыз сөз айтса болды, бәрі ұлардай шулап, әкелеріне араша түсіп шыға келеді. Сосын сөйлеп көр оған.

Зияш қарбалас жұмыспен қараңғы түскенін де байқамай қалыпты. Ас үйдегі шамның шыртетпесіне қолы созыла бергенде, есік қоңырауы шыр ете түскен. «Сол. Соның өзі, – деді тұра ұмтылып. – Қонақтар келгенше мен оны күзелген қоспақтай ете қояйын…»

Екпіндеп келіп есікті ашып жіберіп еді… гүлі бар, шампаны бар, он шақты қара сыртта жымия күліп тұр екен.

– Ау, таяқпен қарсы алатындай біз саған не жаздық? – дейді

Майгүл мәз болып. Қолындағы келсаптай оқтауды Зияш сонда ғана көрген-ді.

* * *

Жарықтық, сөздің құдіретін қойсаңшы! Жаныңа жағатын сөз айтылса, жібімейтін тоңың, ерімейтін мұзың бар ма? Кең дастарқанды жағалай жайғасып отырғандар кезек-кезек сөйлеген сайын Зияштың қабағы жазылып, жүзі жадырай бастаған. Әзірге Ақжан кешікті-ау, байғұсқа обал-ау дейтіндер байқалмайды, олардың айтуынша, осы үйдің құты мен берекесі, бақыты мен байлығы жалғыз Зияш сияқты. Әсіресе, әйелдер жағы солай дейді. Жаңа әзірде Майгүл:

–       Бұның жасында қалада тұрып, бес бала тапқан қай әйелді білесіңдер? Бұл – азаматтық! Азаматтық қана емес – ерлік! – дегенде, еркектер жағы да:

–       Ура! Жасасын әйелдер! – деп орындарынан тұрып-тұрып кетті емес пе.

Сосын бір заматта Майгүл тағы білектей бұрымын арқасына лақтырып тастап:

– Әй, Зияш, – деген, – сен үйде бала бағып босқа отырмын деме. Біле-білсең, бұдан артық қызмет те, абырой да жоқ. Ертеңгі күні бес балаң бес жерде жұмыс істеп жүрсе, үкіметке сіңірген еңбегің – сол. Үкімет те оны білмейді емес, білгеннен кейін сендерге бар жағдайды жасап отыр. Төрт бөлмелі үй – сенде. Бүкіл заң, права дегендерің – сенде. Мінеки, медаль да – сенде. Егер екеуіміз бір мәселе бойынша бір мекемеге бара йық шы, мына сенің жолың болады. Қызмет істеп біздің де же тісіп жүргеніміз шамалы. Қашан аттестация болады, қай күні қысқарту жү реді?.. Ал сол аттестациясы болса, бірінші әйел өтпейді, қыс қарту жүрсе, алдымен әйел қысқарады…

– Әйел сияқты еркек қысқарады.

– Жә, саған жетпей қалған сөз жоқ, жайыңа отыр, – деп ол сөзге қыстырыла кеткен күйеуін қағып тастады. – Не айтып тұр едім жаңа? Адамды сөзінен жаңылтып…

– Сендерді қалай қысқартпайды? Біріншіден, өстіп көп сөйлейсіңдер. Екіншіден, қазір айтқан сөздеріңнен қазір жаңылып қаласыңдар.

– Әу, қоясың ба, жоқ па? Бұралқы сөз күлмекке жақсы деп, қайтеді, әй?

– Қойдым, Мәкөш, қойдым. Айта бер. Сөзің қысқарту жөнінде.

– Айтсам, мен сөздің жөнін айтам. Жаныма батқанды айтам. Кейбір кеңсе, мекемелер қысқартудың жөні осы деп, алдымен қыз-келіншектерді қырға алып жатса, мен соған күйзелемін. Ондай жерде бармақ басты, көз қыстымен келгендер тағы тасада қалады. Сорласақ, мына біздер сорлаймыз. Осы сөзім рас па?

Әйелдер жағы күрсінді. Еркектердің бірі бос бокалдарға шам пан құйып, енді бірі салфеткамен еріндерін сүртіп, бәрі үнсіз қалған. Недәуір уақыттан соң ғана Зияштың жанында отырған Сәмиға жайлап сөзге көшкен-ді. Соңғы кезде біраз салмақ жиып алған бұл келіншек сөйлеген сайын алқынып, жиі-жиі демігіп қалатын болыпты. Қара велюр көйлегінің белі қара сабаның бүйіріндей шертіп тұр.

– Өткен жазда… Ақтөбедегі қайын жұртқа барғанда… қайтарда поезға міндік, – дейді ол. – Күн ыстық… Вагон іші қапырық. Аяғы жеңілдер әр стансада сыртқа шығып… сергіп келеді. Мен бейшара қашан үйге жетем деп… купеде күйіп жатам да… Содан Арыс стансасына жақындағанда… қас қылғандай поезымыз тоқтады да қалды… Шыдамай мен де сыртқа шықтым. Сонда не көрді дейсіңдер?.. Қарамай иісі мүңкіген ауыр рельстер мен шпалдардың арасында… сары жилет киген әйелдер де жүр… Қолдарында лом… күрек… қарамай құйылған ше лек… Төбеде шыжыған күн…

– Олар да семіз бе екен?

– Сен неге қыстырыла бересің, әй?! Айтсақ, біз айтайық та, – деп Майгүл күйеуін тағы қағып тастап, сөзді іліп әкеткен. Сәмиға ентіккен күйі жол ортада қала берді.

– Сары жилет кигендер темір жолда ғана емес, тас жолда да, асфальт жолда да бар, көшеде де бар. Қысқарса, әне, солар қысқаруы керек. Олар ақ тер, қара тер боп жүргенде, бір еркектер шермиіп кеңседе шот қағып отырады, енді бірі аялдамада билет тексеріп, көрінгенмен жағаласып жатады. Қысқарса, әне, солар қысқарсын. Сосын… екі иығына зіл салмақ түсіп жүрген тек сары жилет кигендер ме? Жоқ. Осы отырған кез келген әйелдің көтерген жүгі жеңіл емес. Күндізгі жұмыстан мұрттай ұшып қайтамыз. Түннің бір уағына дейін үйдің боқташағымен айналысамыз. Сөйтіп сілеміз қатып, сүлдеріміз құрып біткен біздерден не сұрайсыңдар? Бала табамыз ба, бай бағамыз ба? Егер балаларымыз бір-екіден аспаса, олардың өзі қиямпұрыс болса, ана тілін білмесе, біз күйеулерімізбен келіспей жатсақ – бұлардың бір себебін осыдан іздемейміз бе?..

«Мыналардың қасында менің күнім – күн екен» деп Зияш отыр. Жанындағы Сәмиғаның да қабағы салбырап кеткен. Бар бәле сендерде дегендей, еркектерге көзінің астымен зілдене қарайды. Бұның байқауынша, олардың қаперіне түк кірер емес. Әйелдерді түсінген боп біреуі бір сөз айтса, кәнеки. Іннің аузындағы суырдай әр сыбдырдың аңысын аңдып, үстел үстіндегі ұзын мойындарға бәрі мөлие көз тігіп қалыпты. Еркектердің әйелге деген «жанашырлығын» осыдан-ақ байқауға болатын сияқты.

– Күнсая да… қысқарып… кетіпті ғой, – дейді Сәмиға бұның құлағына ентіге сыбырлап.

–       Бәсе, мана сөйлескенімде үйінде еді.

–       Байғұсқа обал да.

– Оны обалсынып қайтесің?.. Өз баласының обалын ол ойлап па?

– Қайбір жетіскеннен дейсің.

– Қалай десең де, мен онысын кешпеймін. Кешпейтінімді өзі де біледі. Мана осында шақырғам. Келетін беті болса, келмей ме?..

Осы мезетте сықыр етіп сыртқы есік ашылғаны білінді де, Зияш орнынан ұшып тұрып, дәлізге жүгіре жөнелді. Ақжан екен…

…Жүзі біртүрлі сынық секілді. Аяқ астында жатқан көп етікке көзілдірігі астынан сығырая қарап, сәл ғана жы ми ған сыңай білдірді. Жіңішке қияқ мұртының ұшы ұсақ тамшылардан жылтырай қалыпты. Қара тонының жағасы да су, тегі, сыртта қар ұшқындап тұрса керек.

– Қайда жүрсің? – деді бұл сүйіп алардай сүйкеніп. «Анализ» алудың қамы ғой.

– Ойнап жүрмін, – деді ол да сүйгізе қоярдай тақалып… «Таза» екен. «Таза» екенін білгенде, Зияш еріксіз күліп жіберген.

– Дегенмен… қайда болдың?

– Ернарда… Байғұс баланы тағы ауыру иектеп алыпты. Соған бір зәру дәрі іздеп… Кетерімде шыр-шыр етіп қалды бейшара.

Зияш күрсінді. Күрсініп алып күйеуінің тонын киім ілгішке өзі ілді.

* * *

«Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін бүлдірді…» Мәз болған мәтел емес бұл. Зияш та оны мәз болғаннан есіне алып тұрған жоқ. Әжептәуір отырысты өз күйеуі бүлдірсе, ол күйеудің пұ шық шіркіннен несі артық?.. Жоқ-ау, әншейінде ел біткенге езу жиғызбас сайқымазақ неменің дәл бүгін екі иығы салбырап еңсе көтермей қалғаны! Жарайды, Ернарға барып қайтты екен. Мүсәпір баланың мүшкіл халін көрді екен. Іштей оған мүжілсін. Бірақ соны жұртқа білдіруі жөн бе еді? Еркек болса, еркектік мінез көрсетіп, сыртын бермей, сырын алдырмай жайраң қағып отырмады ма? Жоқ, өйтпеді, өйте алмады Ақжан. Біреулер күлсе – күрсініп, біреулер әзіл айтса – пәлсапа соғып, өзінше мардымсыды да қалды. Онысымен тын са бір сәрі, кеш соңында қайдағы бір қайғысын айтып, кемиек кемпірдей кемсеңдеді ме, немене?.. Қызартқанда Зияштың жүзін сөйтіп, солай қызартты ол…

Қазір ойласа, оған тиер оғаш сөз де айтылмаған сияқты. Сенбесеңіз қараңыз: естігені – құлақта, көргені – көз алдында… Қы зыңқырап алған Майгүлдің күйеуі:

– «Бүкіл әйелдердің денсаулығы үшін» тост көтерді ме? Көтерді. Сонда Ақжан не деді?

– Мен бұл үшін ішпей-ақ қояйын, – деді.

– Ендеше бүкіл аналар үшін, – деп Майгүлдің күйеуі дереу түзету жасады ма? Жасады. Сонда Ақжан не деді?

– Бала тапқанның бәрін ана дегім келмейді, – деді.

– Олай болса… осы үйдің берекесі мен байлығы, бақыты мен қуанышы, бес баланың шешесі, нағыз ана – Зияш үшін! – деді сосын Майгүлдің күйеуі, бұған қалай ішпессің дегендей. Сонда Ақжан не деді?

– Жалғыз Зияш бес баламен қай қазақтың жыртығына жамау болады? – деп тағы да қисайсын.

Қисаймай кеткір қу соқыр, қалың қазақтың жыртығы мен тесігінде, анасы мен баласында не шаруасы бар, өз үйінде өз ұпайын түгендеп, бір келген қонағының шырқын бұзбай шығарып салса несі кететін еді? Жо-жоқ, іле-шала орнынан атып тұрып, бокалын тік көтеріп:

– Ал мен… осы тосты… – дей беріп еді, Зияш төменгі жақтан:

– Зима!.. – деді ақырын. Бұнысы – «Қыс! Доғар!» дегені еді. Бұнысын Ақжанның өзі ғана түсінетін. Шүкіршілік, бұл жолы да түсіне қойды. Түсіне қойды да, жалаудай көтеріп тұрған бокалын төмен түсіре қойды. Не боп қалды дегендей, жұрт бұған қараған. Бұл жорта жымия күлген. Күлмегенде не істейді? Көпшіліктің көзінше оған қыр көрсетуі керек пе? Қойыңыз, ондай оспадарсыз жаныңыз Зияш емес. Жұрт алдында құдай қосқан қосағын жерге тығып, жер-жебіріне жету – ең көкайылдың ісі, ең әпербақанның әдеті. Күйеудің қылығына күйіп кетсең де, мұндайда өстіп өтірік күле-еп отыр. Сосын оңаша қалғанда не істесең де өзің білесің. Бұл – сонау Шымкентте жатқан өз шешесінің ақылы. Тұрмысқа шығарында солай деген. Шыққан соң да талай құлағына құйған. Әлі есінде, бұдан бес-алты жыл бұрын бұлар біреудің жаман «времянкасын» жалдап тұрған кездерінде, ол артыныптартынып келіп, бір аптадай жатып қайтқан. Сонда Зияш «анау жоқ, мынау жоқ» дегендей, ұсақ-түйекті уайым ете бастап еді, ол: «Ақжаның аман болса, бәрі болады. Тек оны сыйлай біл», – деп ауыз аштырмай аттанған. Ал өткен күзде келгенде… төрт бөлмені түгел аралап шығып, мына жұтынып тұрған жылтыр мебельдер мен сыңғыр қаққан ыдыс-аяқтардың әрқайсысын сипап көріп, ақыр соңында: «Айналайын, бәрі Ақжанның арқасы. Азаматтың осы қадірін білсең бопты да. Әйтпесе, дүниемүлік кімге дос?..» – деп тағы да тәубе айтқан… Сол есіл «аза маты» енді сөйлей бергенде, бір ауыз сөзбен сүтке тиген мысықтай сүмірейте қойғанына бұл артынша өкінді. Басы сал бырай қалған оны қонақтар да аяп кеткендей еді. Абырой болғанда, осы ыңғайсыздықтың тігісін Майгүл жатқызып жіберді.

– Әй, Ақжан, тұр орныңнан! – деді ол бұйыра сөйлеп. – Ұнжырғаң түсетіндей не жетті со құрлы?! Не десең де – өз үйің, өз достарың. Сөйле, көтерт бізге тосыңды!

–       Иә, иә, сөйлесін!

–       Айтсын.

– Ақжан болмаса, медаль қайда, біз қайда?! – деп дастарқан басы да шу ете түсті.

– Е, бұған сөйлеме деп отырған кім бар? – деп, Зияш та өтірік күлген болды.

Ақжан бұған жапақтай бір қарап алып, жайлап орнынан тұра бастады. Сосын екі қолын столға тіреген күйі недәуір үнсіз тұрды да:

– Біз бір әулеттен қалған екі тұяқ едік, – деді терең дем алып. – Екіншісін де тағдыр маған ұзаққа қимады. Соңымнан ерген шұнағым, солқылдап өскен шынарым – жалғыз інімді сексен үштің күзінде Ауғаннан табытқа салып әкелгенін білесіңдер. Алдымда айқайшыға жүрер ағам жоқ, артымда еркелеп келіп етегімді жабар інім жоқ, қарақан басымның қалқайып жүрген түрі осы. Марқұм әкеміздің айтуынша, біз о бастан жыпырлап өспеген, жайқалып жеміс бермеген, кезінде Балқаштың арғы бетін жайлаған Киік деген кіші атадан тарайды екенбіз. Әр заманның шалғысы үрім-бұтағымызды көктей орып, жастай отап отырыпты. Отызыншы жылдардың басында осы Киік өсе келе отыз түтінге жетсе, қазір соның сегізі ғана шаңырақ көтеріп отыр. Қалғаны қайда? Қақ жартысын ашаршылық жалмаған. Бұдан аман қалған бетке шығар қаймағын «қара мұрттың» заманы қалқып алған. Қырық бірдегі «қаспақ мұрттың» лаңы және біразын баудай қырқып түсірген. Қадау-қадау боп кейінге жеткендердің бірі біздің әкей еді, оның өзі он алты жасында соғыстың соңына ілігіп, бес жылын су астында өткізіп, елге жарты жаны жеткен де, екі баладан артық сүюге шамасы келмепті. Міне, біздің үрімбұтақтың өткен күні осындай. Ендеше, неге біздер өспеуге, көбеймеуге тиіспіз? Мен қашанда осыны ойлаймын. Осыны жұрт та ойласа екен деймін… Менің бес балам – сол кешегі өксіп кеткен әкелерім мен аталарымның, әжелерім мен апаларымның көре алмай кеткен бес Күні, көрсем-ау деген бес тал Үміті. Шүпірлеп өсіп келе жатқан бес шыбығым – жанбай жатып сөніп қалғандардың басына қойған бес белгім. Мен бұлардан артық ешкімге, ешқандай ескерткіш орната алмаймын. Әкем марқұм көз жұмарында інім екеуіміздің маңдайымыздан сипап жатып: «Сендер барда өлдім демеймін. Шамаларың келгенше ғұмырымды ұзарта беріңдер» деп еді. Сол сөздің мәнісін енді ғана түсіндім. Иә, мен бала атаулыны осы себептен сүйемін. Кейде тіпті не үшін сүйетінімді де білмеймін. Әйтеуір, өзімнің де, өзгенің де баласын бауырыма басып, сүйе бергім келеді… Ал бүгін мені осы отырысқа неге кешікті дейсіңдер?.. Айта алмаймын… Әлі көз алдымда тұр… екі қолы ербең-ербең етіп жылап қалды бейшара… Жылап… Өйтіп тірі жетім етері бар, несіне өмірге әкелді екен сорлыны?.. Айта алмаймын…

Ақжан бұдан әрі көз жасына булығып қалған да, алақанымен бетін басқан күйі сылқ етіп отыра кеткен. «Сөзіңді аяқта» деп ешкім оны қыстамады да. Дастарқан басын бір демде үнсіздік басты. Бір демде бәрі күрсінді. Сосын… көп ұзамай есік жақтағылар ептеп тұра бастап еді. Күйдіргенде, өстіп күйдірген ол Зияшты.

…Бұл ас үйдегі ыдыс-аяқтарды түгел жуып, әрқайсысын рет-ретімен қойып, ең соңында еденге дейін жарқыратып сүртіп алған соң, енді Ақжанның мәселесін қарап тастайын деп жатын бөлмеге кірсе… ол кішкентай Мағжанды тас қып құшақтаған қалпы, «қайғысыз-мұңсыз қайран ауылына» аттанып кетіпті. Киімін шешпеген. Жарықты сөндірмеген. Арты жылтырап жат қан жаман ұлы енесінің бауырына тығыла түскен қоңыр қо зыдай, әкесінің алқым астына тәмпіш танауын тығып алып, пыс-пыс етеді. Зияш төсекке төніп келіп, үстерінен үңілген… Ақжанның әлгінде аққан көз жасы бір уыс бетін айғыз-айғыз ақсора етіп тастапты. Түсінді де әлдекімге ренжігендей әлсін-әлсін қабақ шытып қояды. Қызық! Құдды жылап-жылап алып, отырған жерінде қисая салған құйтақандай сәби сияқты. «Байғұс-ай, бұ да қайбір жетісіп жүр дейсің?..» Жүрегі ысып жүре берді Зияштың. Екеуін де сүйіп-сүйіп алғысы келді еміреніп. Сонан соң Сержанның арбалы бесігін жанына жақындатып қойып, шамды сөндірді де, өзі де бергі шетке қисайды.

Түн тас қараңғы. Өлі тыныштық. Мағжанның пыс-пыс демалғаны ғана естіледі. Күн де осы уақытта бөлмеде ай сәулесі сүттей ұйып тұрушы еді, бүгін қала аспанын қалың бұлт басып жатқандай. Зияштың кірпігі ілінер емес. Қай-қайдағы ой миын мұздай құрыстырады. Әлгінде бір қалғи берген сәтінде: «Ернар! Ерна-ар!» – деп шошына аунап түскен Ақжанның даусы ұйқысын шайдай ашып жіберген. Содан кейін ойына не кіріп, не шықпады? Өз балаларының уайым-қамы жетпегендей, қайдағы бір қатынның тастап кеткен қағанағына бола жүйке жұқартып несі бар бұның деп бір ойлады. Жатқа жаны ашымаған адам жақынын жарылқай ма, кейде бір «босаңсып» кететіні болмаса, бала-шағасын бұл қай жағынан тарықтырып жүр деп және ойлады. Жалғыз өзі үш жерде жұмыс істейді. Күндіз музыка мектебінде. Түнде құрылыста күзетте. Сенбі, жексенбіде жатақханада болып, консерваториядан алған үш студентіне қобыз үйретеді. Одан қала берсе, қаланың ту шетін дегі балалар үйіне барып, Ернардың жайын біліп келеді. Бұның бәрі жөн-ақ, бірақ сол балалар үйінен келген күні қабақ ашпай, қарадай қапалана беретіні бар. «Күнсаяға айтсаңшы, қатар өскен құрбың ғой, іштен шыққан шұбарын қалай қиып тастайды? Қайтарып алам десе, әлі де кеш болмас. Осылай деп түсіндір оған», – деп ондайда бұны да қажай түседі. Күнсаяның бұл қатар өскен құрбысы екені рас. Бір мектепте оқыды. Бірге қалаға келді. Сауда техникумына да қатар қабылданды. Соңғы курста бұл консерваторияда оқып жүрген осы Ақжанмен, ол бір суретші жігітпен көңіл қосқан. Ұры тазыдай жылмаң қаққан сол жігіт Күнсаяның бүкіл өмірін бүлдіріп тынды ақыры. Екі дүниеде жолың болмағыр, ол жап-жас қыздың ар-ұятын таптап, абыройын төгіп болған соң ғана семьясы, екі баласы бар екенін бір-ақ айтып еді. «Сүймей қосылдым…» деді ме, «Ажырасам, сені бақытты етем…» деді ме, әйтеуір, кейін де аз қиғылық салған жоқ. Ол уақытта Күнсаяның да жүрегі бөлек-тін. «Екі баланы еңіретіп бақытты болмай-ақ қояйын.

Сорлаған мен-ақ сорлайын», – деп өз дегенінен қайтпап еді сонда. Сөйткен Күнсая кейін… түу, ойлаудың өзі ыңғайсыз!.. Ал ойламайын десе, іс-қылығы көз алдынан кетпеді… Иә, кейін ол ешкімге сенбейтін, еш нәрсеге қызықпайтын болды. Одан соң кездескеннің жетегінде кете баратынды шығарды. «Бұның қалай?» – дегенге: «Маған енді бәрібір», – дейтін қысылмай. Осы «бәрібірдің» соңы бұдан екі жыл бұрын Ернарды дүниеге әкелумен тынған… Және сонда Ақжаннан артық алақайлаған кім бар? Өз балалары туғанда әлдеқайда бошалап кететін ол сол күндері елде жоқ елгезек боп шыға келгенін Күнсая ұмыта ма, бұл ұмыта ма? Біреулер «кімнен туды, қалай тудының» тегін тексеріп жатқанда, дәм көтеріп, гүл құшақтап перзентхананың алдында тұрған тағы Ақжан. Ақжанмен бірге Зияш… Бірақ болған іске не шара, бұлар перзентханаға соңғы күні барғанда… Япыр-ай, сондағы оның кеспірі, сондағы оның түр-түсі… Құдай басқа салмасын! Шашы дудырап, өңі өрт сөндіргендей тү тігіп, жалғыз өзі аулаға борандатып шыға келгенде… бұл ерік сіз кейін шегіне берді ғой. Көзі көруден, тілі сөйлеуден, құлағы естуден қалғандай, жолына кесе-көлденең тұра қалған Ақжанды итеріп тастап, темір арқанмен сүйреп бара жатқан тас мүсіндей тіке тартып еді ол…

– …Мам-ма!

Мағжанның ып-ыстық қолы бір қырынан жатқан Зияштың иығына тиді, сосын сипалап келіп мойнына оралды. Баланың ұйықтап жатып та жұмақты ана қойнынан іздейтіні несі екен?..

* * *

Указ шыққанда қыс еді, медаль тапсырарда жаз шыққан. Ал оны пәлен күні тапсырады дегенде, қызық, Зияштың есіне алдымен мына бір оқиғаның түскені. Ол не дейсіз ғой?.. Бұ ның бала кезінде көкесінің ағасы атақты шопан болатын. Атақ ты болатыны – ол алмаған орден-медаль аз еді. Сөйте тұра, қартайған шағында және біреуін омырауға тағады. Тағар алдында аудандық Мәдениет үйінде үлкен жиын өтеді. Белгілі, беделді адамдар оның еңбек жетістіктерін жіпке тізе келіп, кейін өзіне сөз берсе керек. Бұл білетін көкесінің ағасы қайбір келістіріп сөйлеуші еді, әр нәрсенің басын бір шалып тұрып, соңында: «Обшым әсминатр мықты болса, қозы көп болады», – деген ғой… Ендеше медаль тапсырарда бұған да сөз беруі мүмкін. Сонда… дүйім жұрттың алдында не дейді? Көкесінің ағасы сияқты бұл да жарытып сөйлейтін жан емес. Айтар сөзін не Ақжанмен ақылдасып алмады. Екі кештің арасында үйге ентіге жеткен ол бұны әй-шайға қаратпай ауаткомға қарай дедектете жөнелген. Жанында – Майгүл. Майгүлдің жанында – күйеуі. Төртеуі гүл құшақтап, мәз болып, төрт қабатты үйдің алдына таксимен жетіп келген әзірде. Әзірде дейміз-ау, одан бері қанша уақыт өтті екен?

– Күте тұрыңдар, – деп алдымен Ақжан кеткен ішке қарай.

– Біздің жігіт кешікті-ау, – деп Майгүлдің күйеуі кеткен содан соң. – Әлгілерді жер жұтты ма, немене? Біліп келсем қайтеді? – деп не заматта Майгүлдің өзі қоса жоғалды.

Ауладағы ұзын орындықта жалғыз қалған тек Зияш. Әлгінде аспан ап-ашық еді, енді шуда-шуда қара бұлттар төбеден төніп келіп, төгіп-төгіп жіберетіндей түйіліп алыпты. Неге екені белгісіз, аспан түнерген сайын бұл әлденеге алаңдап, әлденеге қобалжып, қарадай берекесі қаша бастағанын сезеді. Үйде бір нәрсені ұмытқан тәрізді. Бірақ нені ұмытқаны есіне түсер емес. Сыртқа шығарда газ плитаның құлақтарын түгел қараған. Үтік, телевизор, электр шайнекті де бір шолып өткен. Оларды токқа қоса қоятын да ешкім жоқ. Маржан мен Гүлжан мектепте. Кейінгі үшеуі көрші үйдегі кемпірде. Япыр-ау, енді не ұмытты? Ұмытпаса, жүрегі құрғыр неге қобалжи береді? Жоқ, бұл тегін емес, тегін емес. Қайда әлгі Ақжаны?

Зияш асыға басып ауаткомның ішіне кіргенде, ұзын дәліздің арғы бетінен бес-алты адамның бері беттеп келе жатқанын көрді… Ақжан, Майгүл… және бір-екі толықтау әйел. Майгүл қызу сөйлеп келеді. Сөзі ап-анық естіліп тұр:

– Үкіметтің наградасын акошкадан қол қойдырып бере салу не сұмдық?! Әлде бұл сіздер үшін награда емес пе? Магазиннен сатып алатын грамотаны да бір жерлерде салтанатпен тапсырады. Біз бұны адамға деген құрмет деп білеміз. Қайда сол құр мет? Анаға жасамаған құрметті қай адамға жасайсыздар сіздер?

Тегі, Майгүл мына екі әйелді манадан илеп-илеп иін қандырып алса керек, не десе де бұйдасынан жетелеген тайлақтай бастарын шұлғи береді. Тек дәліз ортасына тақағанда, секпіл беттеу сарысы оң жақтағы емен есікті ашты да:

– Мұнда кіріңіздер. Қазір председательдің өзі келіп тапсырады, – деді.

Нұсқаған есікке Зияш кіріп, босаға тұстағы Ақжанның жанына отырды. Бір қабырғасы тұтастай шыны, кең зал екен. Төрде ұзын үстел, оның шетінде биік мінбе. Баяғы көкесінің ағасы да нақ осындай мінбеден сөйлеген-ау. Онда, әрине, залда адам көп болған шығар. Өйткені ол уақытта көкесінің ағасы жүз саулықтан жүз елуден қозы алған ғой. Ал бұл небәрі…

– Саламатсыздар ма?

Аласа бойлы, қасқа бас, бетіне май жаққандай жылтыраған ер адам бұларға болар-болмас жымиған сыңай білдірді де, шайқала басып төрге озды. Шалқайып келіп президиумға жайғасты. Жаңағы екі әйел де соңынан еріп барып, екі жағына тізе бүкті. Төрде үш адам, залда төртеу.

– Жолдастар! Бүгін…

Найзағай жарқ ете қалды… Шыны қабырға күтір-күтір сынып бара жатқандай болды. Ақжанның қолынан бір зат шылдыр етіп еденге түсіп кеткен.

–       Не? – Зияш оған жалт қарады.

–       Кілтім ғой.

–       Қайдағы кілт?

–       Үйдің де.

– Ойбүй, құдай-ай! Бәсе, не ұмыттым десем… Неге жүрегім қо балжыды десем… Әлгі екі қыз далада қалды-ау, өлді-ау байғұстар мына жаңбырда.

Зияш алып-ұшып сыртқа жүгірді. Ес-түс жоқ. «Өлді-ау, өлді-ау» дегенде өзегі өрт болып барады. Не боп қалды дегендей төрдегі үшеу бір-біріне қараған. Ақжан мен Майгүлдің күйеуі сағаттарына үңілген. Магазин жетіде жабылып қалатын еді.

Дидахмет
Әшімханұлы