Көгілдір шам

Дидахмет Әшімханов,

Торғай облысы, Аманкелді ауданы,

1980 жыл

Көгілдір шам

Түн ортасынан ауған шақ. Бимағамбет бүгін де ұйықтай алмай аунақшып жатыр. Осы бір мазасыздықтың бәрі соңғы операциядан басталған. Одан бері біраз күн өтсе де, сол түнгі арпалыс көз алдынан кетпей-ақ қойды. Рас, он екі жыл хирург болып жүргенде мұндай операцияның талайын жасаған. Тіпті, бұдан да ауырларына кезігіп еді ғой…

Дегенмен бұл өзгеше операция еді. Күйші досы Айтбай енді қалай етер екен?! Ол тартқан күйлердің әсем сазын ұмыту мүмкін емес қой. Әсіресе, оның өзі шығарған «Аманкелді дүбірі» атты күйі-ай шіркін! Ол күйдің дүбірі бүгінгі күні ауданнан асып, облысқа жеткен. Облыстағы жаңғырығы Алматыға естіліп, әуесқой композитор Айтбай Мұздаханов өнерпаздардың республикалық конкурсінде лауреат та болған. Сүйріктей салалы саусақтарымен домбыра шанағын қағып-қағып жібергенде екі ішек сөйлей жөнелуші еді, шіркін!..

Бимағамбет күрсінді. Сонан кейін тез ұйықтай алмасын сезді де бөлме ауасын жаңартып алмақ болып, орнынан тұра бастады. Осы сәтте көше жақтан машина гүрілі естілді. Көрмесе де үнінен айнытпай таныды – «УАЗ». Жедел басып, төрге жетті де, терезені ашып, сыртқа үңілді. Асыға зулап барады. Төбесіндегі көгілдір шамы жарқ-жұрқ етеді.

Төсекке қайта келісімен тағы Айтбай есіне түсті. Кезекті демалысына шығар күнгі кеш еді… Үйге қайтпақ болып, ауруханадан енді шыға бергенде «жедел жәрдем» алдына кесе көлденең тоқтай қалды. Ішінен екі дәрігер лып етіп жерге түсті де, зембілге салған бір адамды көтеріп ала жөнелді. Бұл да тез кері бұрылған. Артынша ақ халатын киіп, ауру адамның жанына жетіп келді. Қараса – Айтбай. Кешегі өнерпаз, ақжарқын жігіт енді міне, алдында аппақ қудай болып, сұлық жатыр. Бір жақ қолы білегіне дейін тұтасқан қан… Жол-жөнекей кіші дәрігерлер ораған дәкенің сырты да қып-қызыл қан… Бимағамбет оны тез шешіп алып, ішін көрді. Мылжа-мылжасы шыққан еттің ішінен қол пошымын көре алмады…

– Дереу операция столына!.. Ауруға алдымен жылдам қан құйыңдар! – деді сосын кіші дәрігерлерге. Айтбайды операцияға әкелгенше дәрігерлердің бірі Бимағамбетке бұл өкінішті жағдайдың себебін де айтып үлгерген. Ол осы аудан орталығына таяу «Коммунизм жолы» совхозында инженер-электрик болып істейтін. Шөп тураған машина ішіне қолын абайсызда сұғып алған көрінеді…

Бимағамбет операция столында жарақат қолды тағы бір мұқият қарап шыққан сәтте маңдайы шып-шып терлеп қоя берді. Саусақ сүйектері түгел үгіліп қалыпты. Білегіне дейін көгеріп ісіне бастаған. Енді сәл кешіксе бұл ісіктің жанға қауіп төндіруі сөзсіз. Осыны тез аңғарған бұл амалсыз кесуге мәжбүр болды.

Ертеңінде Айтбай жатқан палатаға Бимағамбет қысыла-қысыла келді.

– Қайтеміз! – деді ол бұған жайымен ғана, сәл езу тартқандай болды өзі. – Сен қысылма. Рахмет!  

Үнсіз қалды. Сонан кейін бір заматта сау қолын ақырын көтерді де:

– Осымен де күй тартуға болады, – деді саусақтарын жыбырлатып. – Пернені қатты-қатты басып, іліп тартсаң кәдімгідей үн шығады… Жақсы үн шығады… Биаға, домбыра тарту үшін… Күй шығару үшін алдымен сезім керек. Оны менен тағдыр ешуақытта тартып ала алмайды…

Кенет үй жанынан естілген машина гүрілі Бимағамбеттің ойын бұзып жіберді. «УАЗ». Міне, ол есік алдына тоқтағандай болды. Орнынан ұшып тұрды. Апыл-ғұпыл киініп болғанша есік те тақылдады. Тез басып сыртқа шықса, дәлізде ақ халатты Махан тұр.

– Биаға, бір жас жігітті бұзықтар жаралап кетіпті. Дереу операция қажет сияқты, – деді ол жылдам сөйлеп.

Сыртта сөгілдір шамы жарқ-жұрқ етіп тұрған «жедел жәрдем» машинасы Бимағамбет отырысымен зулап ала жөнелді.

Жиырмадан жаңа асқан жап-жас орыс жігіті екен. Өзі ес-түссіз жатыр. Сол жағындағы бесінші-алтыншы қабырғаның ортасына пышақ кіріпті. Бұзақылардың қаруды аямай сілтегені көрініп тұр – жарақат өте үлкен. Қан да көп кеткен.

Ауруға қан құйылып болған соң операция столына жеткізілді. Бұл уақытта сағат түнгі екіні соққан еді. Адам жаны үшін тағы да арпалыс басталып кетті.

…Уақыт өтіп жатыр. Операция қаншаға созылғаны белгісіз, бірақ, Бимағамбет әлі сол тас-түйін жұмыс үстінде. Уақыт өткен сайын өзінің де өн-бойы ысып, жіпсіп барады. Маңдайы қайта-қайта мөлдіреп терлей береді. Оны сәл қолы босай қалған сәтінде Сара сүртіп ала қояды…

Бимағамбет жарақат аузындағы соңғы жіпті байлап болғанда ғана басын тік көтерді. Бұл уақытта Махан мен Марат та резина қолғаптарын шеше бастаған еді. Бұған қарап екеуі сәл жымиып қойды. Бұл да жымиды. Сестралар ауруды палатаға әкетіп бара жатқанда хирургтер сағатына қарады. Қарады да үшеуі бірдей бір тапшанға шалқалап отыра кетті. Таңертеңгі алты болыпты. Операция төрт сағатқа созылған. Бір бұзақы оп-оңай шеше салған бір адамның тағдыры үшін төрт адам төрт сағат бойы арпалысыпты. Төртеуі ғана емес, милиция қызметкерлері де бүгін дамыл көрді ме екен? «Бәрі де адам тағдыры үшін» деді Бимағамбет іштей күбірлеп.

Қайтар жолда милиция машинасын кезіктірді. Мұның да көгілдір шамы жарқылдап келеді. Жанынан өте бере тоқтай қалды. Таныс милиционер.

– Биаға, операция қалай? – деді ол бұның қолын алып жатып.

– Сәтті.

– Ендеше біздің жұмысымыз да сәтті. Бұзақылар ұсталды, – деп ол аяғын тық еткізіп, қолын шекесіне апарды.

– Жігітсіңдер! Енді дем аламыз ғой.

– Дәл солай. Келесі дабылға дейін… Милиционер көңілді қоштасты. Бимағамбет те алға қарай сергек адымдай жөнелді…

Дидахмет
Әшімханұлы
logo