КҮМӘН

Аударған: Дидахмет Әшімханұлы

Джек ЛОНДОН

КҮМӘН

(әңгiме)

Картер Уотсон  әлдебiр  журналдың  жаңа санын қолтығына қысып, маңайына қызықтай қарап, асықпай  аяңдап көшеде келе жатты. Мұнда  жиырма жылдан берi болмап едi, байқаса  – барлық  жағы адам айтқысыз өзгерген екен. Баяғыда, бұның  бала кезiнде, осы бiр батыс түкпiрдегi  қаланың небәрi  отыз  мыңдай ғана  тұрғыны бар-ды, ал қазiр ол үш жүз мыңнан асыпты. Өзi жүрiп келе жатқан осы көше кезiнде  тып-тыныш жұмысшы кварталы болатын, ал бүгiнде бұл иiс-қоңысты кабак притондармен кезектескен қайнаған  қытай,  жапон дүкендерiне лық толыпты.  Ал балалық шағының  ең бiр тәттi сәттерi өткен мына мамыражай көше ендi қаладағы нағыз бұзықтардың жынойнағына айналған.

Ол сағатына қарап едi, алтыға жарты қалыпты. Күннiң бұл сәтiнде  мұндай жерде  көзге көп ештеменiң iлiге бермесi  белгiлi, Уотсон бұны жақсы бiлетiн, алайда көкiрегiн  әлi де  көре түссем деген бiр құмарлық билеген. Жиырма жыл бойы дүниежүзiн аралап, көптеген елдiң әлеуметтiк жағдайын зерттеп жүрген  уақытында,  ол дүниедегi ең бiр жайлы да тыныш мекен ретiнде, осы қаланы жиi еске алып отыратын. Ал  мынадай  өзгерiс оны естен тандырған. Бұның бәрiн өз көзiмен көрiп, туған қаласының қандай масқара күйге түскенiн байқау үшiн ол тағы да бiраз қыдыра түсудi жөн көрген.

Картер Уотсон азаматтық ар-ожданды  бәрiнен де жоғары қоятын адам едi. Ол ешкiмге  тәуелсiз  де дәулеттi жан  болғандықтан бiреулердiң шақырғанын  мәртебе көрiп, әртүрлi  орта төрiнде , құрметтi дастарқан  басында шалқайып отыруды аса ұната  бермейтiн; сондай-ақ өнер жұлдыздары мен жүйрiк шабандоздарға да әуестiгi жоқ-ты. Оның айналдырғаны – негiзiнен мораль мәселесi едi, бұл жағынан ол  өзiн  реферматор  санайтын, алайда уақытының көбiн iрiлi-ұсақты журналдарға  материал жариялап, жұмысшы  табы мен жарлы-жақыбайлар туралы керемет кiтаптар жазуға жұмсайтын.

Оның жұртты елең еткiзген жиырма жетi еңбегiнiң кейбiрi былай аталушы едi: “Егер  Иса Жаңа Орлеанға оралған болса”, “Жадаған жұмысшы”, “Берлиндегi тұрғынүй реформасы”, “Англиядағы лашық – радикализм мекенi” және  “Өркениет кезiнде үңгiрлердi мекендеген адамдар” т.б…

Дегенмен Картер Уотсон фанатик те, қиялшыл да емес-тi. Қорқынышты жағдайларға тап болса, ол абдырап, үркiп қалмайтын – оны тексерiп, ақиқатын ашуға ұмтылатын. Балаң  энтузиазм де  оның табиғатына жат болатын. Оның азаматтық тұлғасын қай жерде де биiктетiп тұратын қасиеттер: жылдар бойы жинақталған өмiрлiк тәжiрибе, жанды жадыратар әдемi әзiл, философиялық ой-түйiн және салқынқанды сабыр  едi. Ол ешқандай төбеден  түскен олжа мен  төтесiнен жеткен бақытты  мойындамайтын: адамзат өзiнiң асқар биiгiне тек үлкен  құрбандықтармен, ерен еңбек, толайым бейнеттермен ғана жетедi, бұған дейiн де осылай болған, бұдан  кейiн де солай бола бермек – мiне, оның сенiмi. Ол бiр-ақ сәтте  түбiрiмен өзгерiп шыға келген құбылысқа қашан да күмәнмен қарайтын, өйткенi оның әлгi сенiмi бойынша адамзат қоғамы бар байлық пен бақытқа эволюциялық жолмен, күреспен, маңдай термен жетуге тиiс-тi.

Жаздың осы бiр қоңыр  кешiнде Картер Уотсон төңiрегiн түгелдей жан-жақты  зерттей түсуге тырысқан. Осы  мақсатпен ол маңдайшасына “Вандом” деген  жазуы бар дәмхананың  алдына келiп тоқтап едi. Бұл  кiшiкiрiм  ғимараттың iшке  бастайтын екi есiгi  бар екен. Бiрiншiсi бiрден буфет  бөлмесiне апаратын секiлдi. Уотсон бұл есiктi зерттегiсi келмедi. Ал екiншi есiктен  әрi қарай жiңiшке дәлiз көрiнген. Ол онымен жүре  келiп, үстелдер мен орындықтар қойылған  кең бөлмеден  шықты. Мұнда  жан баласы жоқ екен. Бiр бұрыштан күйсандықты  көзi шалды.  Ол iштей: мұнда кейiнiрек келiп, мына үстел басында iшiп отырғандарды былай байқап көру керек, дедi де, одан әрi жылжыды.

Бөлмеден әрiге созылып жатқан кiшiрек дәлiз асүйге апаратын едi. Мұнда “Вандомның” иесi Пэтси Хоран кешкi қонақтар келер алдында асығыс-үсiгiс тамақтанып жатқан-ды. Бүгiн оның таңертеңнен берi шаруасы жүрмей, бас терiсi  қыртысып-тыртысып, ұрынарға қара таба алмай     отырғаны және  бар. Бұны “Вандом” қызметшiлерi мана-ақ бiлген. Ал Картер Уотсон қайдан бiлсiн. Ол есiктен кiрмей жатып , Пэтси Хоранның  қызарып отырған көзi бұның қолтығына қысып алған алабажақ журналына  түскен. Пэтси Картер Уотсеннiң кiм екенiн бiлмейтiн,  сондай-ақ оның қолтығына қысып алғаны – әншейiн бiр иллюстрациялы  журнал екенiн де бiлген жоқ-ты. Бас терiсi  келiспей тұрған ол бұл бейтаныс адамды  қабырғаға  жарнама, хабарландыру жапсырып, желiммен немесе үшкiр бастырмалармен қолы тиген жердiң  бәрiн бүлдiрiп жүретiн әлдебiр  субьектiге балаған. Мiне, кейiн насырға шапқан үлкен iстiң басы осыдан басталып едi.

Қолына шанышқы  мен пышақ ұстаған Пэтси Картер Уотсонға тұра ұмтылып:

– Шық кәне! – деген баж етiп. – Бiлем мен сендердiң  не iстейтiндерiңдi!

Картер  Уотсон абдырап қалды. Күтпеген жерде  алдынан албасты шыға келгендей.

– Қабырғаны сатпақтағың келедi, ә?! – дейдi Пэтси айқайлап, қайдағыбiр жиiркенiштi, өткiр сөздердiң ең таңдаулылары лек-легiмен төгiлдi дейсiң сосын.

Кешкi  қонақтың  алғашқысына бұдан әрi сөйлеу бұйырмаған, Пэтси оған ауыз аштырмап едi.

 – Жап  аузыңды! Жоғал әрi! – дейдi ол бiр жағынан  қолындағы пышақ пен шанышқысын шошаңдатып.

Картер  Уотсон шанышқының қалай  бүйiрiне  кiретiнiн лезде  елестетiп үлгерген де, расында да “ауызды жапқанды” дұрыс көрiп, есiкке қарай шегiншектей  түсiп едi. Алайда оның бұл  жұмсақ шегiнiсi  Пэтси Хоранды  одан сайын құтыртып жiбергенi  сондай, ол қолындағы  шанышқы мен пышақты тастай салып, Картерге тұра ұмтылған.

Пэтси Хоранның салмағы жүз сексен унттай болатын. Уотсон да дәл сондай-тұғын. Яки бұл  жағынан екеуiнiң бiрiнен  бiрi  асқаны жоқ. Бiрақ Пэтси нағыз трактирлiк  төбелескiш, әпербақанның өзi болса, ал Уотсон жұдырығы темiр боксшы едi. Оның артықшылығы осы-тұғын. Пэтси қолын  құлаштай  сiлтеп едi, бiрақ тигiзе  алмай, ауаны бос осып өттi. Уотсон оның  қарымын қайтарып, қаша жөнелуi керек-тi, алайда ол мұндайда  қолданатын (қала  қалтарыстарын  зерттеп жүргенде, қаңғыбас  бұзықтардан  көрiп үйренген) тағы  бiр айла-тәсiлi  бар-тұғын:  қарсыласына жұдырық  жұмсаудың  орнына ол жалт бұрылып, көлденең  еңкейе  қалған. Қатты ұмтылып келе жатқан  Пэтси оған оңбай соғылып, екеуi бiрдей омақаса  құлап едi. Құлағанда… әр қайсында жүз сексеннен салмағы бар, үш жүз алпыс фунт  дүние кескен теректей гүрс  ете түсiп едi. Уотсон ес жиғанда, қарсыласының астында  жатқанын байқады. Жатқан  жерi – төргi қабырғанын түбi екен, сыртқа шығаратын есiкке  дейiн жүз елу  футтай көрiндi, – тезiрек  бiр әрекет  жасамаса болмайды. Ең  бастысы – шу шығарып алмау керек!  Ертеңгi күнi аты-жөнi газет бетiнде жүрсе, өзi туып-өскен мына  қаладағы  туған-туыс, дос-жаран не дейдi, не деп түсiнедi бұны? Масқара!

Ол үстiнде жатқан адамды қапсыра құшақтап, қатты қыса түсiп, сырттан келер көмектi  тағатсыз күттi. Көп өтпей-ақ ол көмек те келдi: залдан жүгiрiп шыққан соқталдай-соқталдай алты жiгiт еденде итектелiп жатқан бұларды айнала қоршап тұра қалған.

– Жiгiттер, алыңдаршы мынаны үстiмнен! – дедi  Уотсон. – Мен оған тигем жоқ,тигiм де  келмейдi.

Бiрақ қарап тұрғандар үндеген жоқ. Уотсон да қарсыласын қатты қысқан құшағын жазбаған. Пэтси қайта-қайта бұлқынып, оны ұрғысы келедi, бiрақ  ұра алмайды.

– Қолыңды босад, сонда түсем үстiңнен, – деген ол бiр сәт.

Уотсонның оны босатқаны сол, Пэтси орнынан ұшып тұрып, қайта  еңкейген күйi  жатқанға жұдырығын сiлтеп те үлгерген.

– Тұр! – дедi  ол сосын бұйырып.

Дауысы  құдды Қиямет күнгi  сұрапылдың  даусындай күркiреп шығып едi, ендi одан жақсылық күту мүмкiн емес екенiн Уотсон да түсiнген.

–  Тұр деген соң, тұр егер еркек болсаң! – дедi Пэтси айқайлап; оның көкшiлдеу көзi ұшқын атып, тағы да  барынша сiлтеп қалу үшiн жұдырығы жұмыла берген-дi.

Бiрақ ол қарсыласын беттен тепкiсi келiп, оң аяғын артқа тартып көтере түскенде… Уотсон екi қолын айқастыра қойып, бетiн қорғаған да, сосын орнынан  атып тұрып, Пэтси теуiп үлгергенше оны ұстап та үлгерген. Сол ұстап тұрған күйi:

– Жiгiттер, мына бәленi алып кетiңдершi! Мен оған тисiп тұрмағанымды сендер де көрiп тұрсыңдар ғой, мiне, – деген куәгерлерге жалынғандай, – Бұнымен төбелесiп қолымды былғағым келмейдi. Тек құтылсам болды бұдан.

Қоршап  тұрғандардан   ешқандай қозғалыс бiлiнген жоқ, бәрi бұларға бедiрейе  қарайды. Бұның ар жағында бiр бәле  барын сезген Уотсонның жүрегi  шiмiркене қалған. Пэтси  оны  аяқтан шалып құлатқысы келiп едi, бiрақ Уотсон оныт тiк көтерген күйi жерге салып ұрды да  жалма-жан  сыртқа ұмтылды. Алайда жаңағы қоршап тұрғандар алдын бөгей қойған. Түрлерi суық, беттерi iсiнген және құдды күн көрмегендей жүздерi күлгiн тартқан    екен; Уотсон  осыған қарап бұлардың түнi бойы қаланың  шеткi аймақтарын  торып жүретiн түнгi қарақшылар екенiн бiлдi. Олар Уотсонды қақпайлап қайта Пэтсиге жақындата түстi. Ал ол бұған тағы да өршелене ұмтылсын. Уотсон оны манағыдай шап берiп ұстап, құшағына қыса қойған да, қарақшыларға және үмiтпен қараған.  Бiрақ мелшиiп-мелшиiп тұрған олардан кесiп алса қан шықпайтыны  сезiлiп едi.  Уотсон түңiлдi. Ол осындай  қалтарысты жерлерде жалғыз-жарым  жүргiншiлердi  быт-шыт қып соғып, қабырғаларын сындырып, кейде  тiптi кемтер етiп кеткен талай жағдайларды бiлетiн едi.Ол сондай-ақ бәледен  аман-сау  құтылғысы келсе, ешкiмге  қол көтермеу керектiгiн де жақсы түсiнген болатын.

Бiрақ, бiр жағынан, мынадай әдiлетсiздiкке  iшi де қыж-қыж қайнайды. Бiр адамға – жетi  адам! Бұдан артық қандай қорлық болады. Бұған және қалай шыдауға болады! Ол ызадан қаны  басына шапшып, бар күшiн салып бұлармен төбелескiсi  келдi.  Алайда әйелi мен  балалары, бiтпей жатқан кiтабы, таудағы әдемi  ранчосы түскен. Ранчо болғанда қандай! Жерiнiң өзi ғана он мың акрден  асады. Бұдан соң Уотсонның көз алдына  бiр сәт күн шуағына малынған мөп-мөлдiр  аспан, гүлге оранған кең алқап, сылдырай аққан тасбұлақ, бұлақ iшiнде  қаптай жүзген  қара балықтар келiп едi. Қандай  кермет көрiнiстер! Өмiр  деген осы ғой, шiркiн! Ендеше етқызумен тәуекелге бел буу жөн  бе осы? Осыны  ойлағанда, Уотсонның жаңағы қайнап басына шыққан қаны қайта салқындап, сабырға бой жеңдiрген.

Оның  құшағында  тұрған қарсыласы қатты  бұлқынып, екi аяғымен  кезек-кезек тепкiленiп, қалайда қарулы  қолдың қыспағынан босап алғысы келедi. Уотсон оны тағы да еденге етбетiнен түсiрдi де, сосын өзi есiкке қарай  тұра ұмтылып едi, бiрақ Пэтсидiң ауызжаластары оны қайта  қайырып iшке тықты. Бұдан әрi Пэтсидiң жұдырығынан жалтара қаша жүрiп,бiр ыңғайы  келген сәтте  оны және  манағыдай құшақ құрсауына  тығып жiберген. Пэтси бұлқынады, бұл  босатпайды. Пэтси айқайлап тепкiленедi, бұл оны үнсiз қыса түседi. Пэтси кенет басымен ұрғылауға кiрiскен: оның  маңдаймен ұрған бiрiншi соққысы Уотсонның  мұрнын дал қылды. Ендi оған бет жағын  қорғамасқа болмайтын едi, сондықтан ол келесi  “шаубыл” кезiнде басын Пэтсидiң кеудесiне тiреп алған. Алайда  Пэтси бұл тұста да ұрудың амалын тауып, Уотсонның  тура төбесiнен өз маœдайымен қойып қалды. Бiрақ ол бұнысымен  өзiнiң қасын жарып,  көзiн iсiрiп бiр-ақ тынды.

 Осынау  аяусыз бiржақты  ұру он-онбес минутқа  созылған. Бiржақты  болатыны, осы төбелес басталғалы Уотсон жұдырықтан жалтарғаны, қорғанғаны болмаса, өз тарапынан бiр рет те қол көтермеп едi.  Уотсон арпалысты  сәттiң бiр дамылдай  қалған  тұсында үстелдердi айнала қаша жүрiп, есiкке жақындап-ақ қалып едi, алайда  беттерi күн көрмеген күлгiн түстi адамдар оны етегiнен шап берiп, Пэтсидiң  алдына итере салды. Тағы да бiрiн-бiрi қуу. Тағы да ұстасу. Уотсон ақыры оны белiнен мықтап  құшақтаған күйi айналдырып-айналдырып шалқасынан түсiрген де, ол ес жинағанша бар пәрменiмен есiкке ұмтылған. Сәтiн салғанда, бұл жолы ол қоршауды  бұзып өтiп, алба-жұлба, жалаңбас, мұрны қан-қан қалпы далаға атып  шықты. Тура сол  сәтте алдынан  полисменнiң  тап бола қалғаны.

– Тұтқындаңыз мына адамды! – дедi Уотсон алқына дем алып. – Алло, Пэтси, – дедi полисмен, – не боп жатыр бұл жерде?

– Алло, Чарли,– дедi оған ар жақтан. – Мына малғұн iшке кiрiп келiп…

– Тұтқыңдаңыз мына адамды, полисмен! – дейдi мына  жақтан Уотсон тағы да.

– Әйда! Әйда! Кет! Қараңды  көрсетпе! – дейдi соңынан  Пэтси.

– Иә! Жоғал әрмен! – деп қостайды  оны полисмен. – Егер қараңды тезiрек батырмасаң, осы күнiңе зар боласың қазiр.

– Бұл рас па, Пэтси? – деп сұрады полисмен.

Полисмен бұған алакөзiмен бiр қарады да, сосын  шұғыл Пэтсиге бұрылып, айта бер дегендей иек қағып қойды.

– Айтып тұрмын ғой ол маған бiрден өзi соқтыға кеттi деп. Сонда қалай  дейсiң ғой? “Сендер менi бiлесiңдер ме, дейдi гүжiлдеп. Мен – Тим Мак-Грэттiң тура  өзiмiн. Қаласам, қай-қайсыңды да жерге қағып жiберемiн”. Мен  күлдiм, ал ол иығымнан бүре ұстап, ары-берi  жұлқылай бастады. Алдымдағы  сорпа-суаным төгiлiп, киiмiмдi   былғады. Содан кейiн  бұның не iстегенi, мiне, көгерген көзiмнрен де көрiнiп тұр ғой.

– Жә, не iстемек ойыңызда бар, полисмен? – дедi Уотсон.

 – Жоғал! Көзiме көрiнбе! әйтпесе темiр  тордың ар жағынан бiр-ақ шығасың!

Осы мезетте  Уотсонның iшкi дүниесiнде бостан азаматтың iзгi ниеттi қарсылығы бас көтерген.

– Мен наразылық бiлдiремiн.

Мiне саған наразылық дегендей Полисмен бұған жалт бұрылып, желкесiнен сығымдай ұстаған күйi сiлкiп-сiлкiп жiбергенде, бұл екi аяғына әзер ие болып қалып едi.

– Түс алдыма  канеки! Сен тұтқындалдың!

– Ананы да тұтқындаңыз! – дедi Уотсон талап  етiп.

II

Әрине, Уотсонның зығырданы  қайнайтын жөнi  бар едi. Оның жазықсыздан жазықсыз таяқ жеп, мұрны қанап, одан соң  тұтқындалғаны аздай – ертеңгi газеттердiң бәрi оның “мас күйiнде” әйгiлi  “Вандом” қожасымен қалай  “жанжалдасқаны” туралы небiр арсыз мақалаларды бiрiнен соң бiрi жарыса  жариялаған. Бұлардың  болмағанда бiрiнде  иненiң жасуындай  шындық жоқ-ты. Пэтси Хоран мен оның  ауызжаластары төбелестiң  мән-жайын бүре-шiгесiне  дейiн баяндап берген. Бәрi бiр ауыздан Картердi  мас едi дейдi. Бiз оны үш рет сытқа сүйреп шығарып жiбердiк, бiрақ ол  үш ретiнде де қайтып  келiп, өкiрiп-бақырып, бәрiңдi  қырам-жоям деп, трактирдi басына көтердi, дейдi. Уотсон белгiлi бiр газеттiң бiрiншi бетiнен: “Көрнектi социолог мас күйiнде  тұтқындалған” дегендi  оқыды. Жанына  табақтай етiп суретiн  де басыпты. Басқа газеттердiң де жетiстiргенi шамалы. Мақала  аттарын қараңыз.

“Картер Уотсон чемпион атағынан үмiткер!”

“Картер өз iсiне  қарай сыбағасын алды!”

“Белгiлi  социолог кабакты қиратып кете  жаздады!”

“Пэтси Хоран Картер Уотсонды үш раундта  нокаудқа түсiрдi!”

Картер Уотсон кепiлдiкке  босаған күннiң  ертеңiнде  “Пэтси Хоран деген бiреуге соқтығып және оны  ұрғаны үшiн айыпты Картер Уотсонге  халықтан түскен шағым  бойынша” жауапкер ретiнде полиция сотына келдi. Алайда iске кiрiспес бұрын “халықты”  жәбiрлеушiлердiң  барлығын айыптаушы ретiнде ақы алатын прокурор Уотсонды шеткерi шығарып алып, мынадай  бейресми  әңгiме қозғаған.

– Осы iстi  былайша-ақ жаба салуға болмас па? – дедi ол. – Яки менiң сiзге айтар ақылым, мистер Уотсон, сiз мистер Хоранмен қол қысысып  татуласа салыңыз. Бiттi бәрi де сонымен! Сосын iстi жабуға сотқа менiң бiр-ақ ауыз сөзiм жеткiлiктi.

– Ау, мен сiзден мұндай көмек сұрап тұрғам жоқ қой, – дедi Уотсон қабақ шытып. – Сiздiң  мiндетiңiз менi анау, анау әлгi жексұрынмен татуластыру емес, айыптау емес пе!

– О, асықпаңыз, мен сiздi айыптағанда, қалай айыптайтынымды көресiз әлi! – дедi прокурор жұлып алғандай.

– Ондай жағдайда сiз анау Пэтси Хоранды да айыптайтын боласыз, – деп  ескерттi Уотсон. – Өйткенi  маған қол көтерiп, соққыға жыққаны үшiн мен де оны сотқа беремiн.

– Мен қайталап айтамын: ең дұрысы – сiздердiң  татуласып, бiр-бiрлерiңiздiң  қолдарыңызды қысу. – Прокурордың бұл жолғы сөзiнен әлдебiр қорқытуға ұқсас  ызғар сезiлген.

Қысқасы екi iстi де бiр аптадан кейiн полиция соты Уитбергте қарау белгiленген.

– Бұл сотта сенiң  жеңуiң екi талай, – дедi Уотсонның бала күнгi досы, қаладағы ең үлкен газеттiң бұрынғы  редакторы. – әрине, ол иттiң сенi ұрғанына ешкiм күмәнданбайды. Өйткенi оның кiм екенi  мұндағылардың  бәрiне белгiлi. Бiрақ одан саған түк те пайда жоқ. Екi iстi де тең  етiп қысқарта салады. Бұның өзi де сенiң – сен болғаның үшiн ғана. Ал аты-жөнiң белгiсiздеу болсаң, оған да зар  боп қалар едiң.

– Түкке түсiнсем бұйырмасын! – дейдi социолог кiржиiп. – Қарадан қарап маған бiреу тиседi, соққыға жығады, ал мен оған саусақ ұшын  тигiзбеймiн. Сөйте тұра…

– Бұл маңызды емес, – деп сөздi досы бөлiп жiбердi.

– Сонда  не маңызды? Айтсаңшы.

– Ал айтайын, тыңдай бер. Сен жергiлiктi полиция мен барлық  саяси машинаға қарсы келдiң. Сонда сен кiмсiң? Сен тiптi бiздiң қаланың  тұрғыны да емессiң. Мұнда сенiң сайлауға құқың жоқ, демек сенiң  сайлаушыларға  да  ешқандай ықпалың жоқ, Ал әлгi кабактың  қожайыны – өзi тұрған аудандағы барлық сайлаушыға сөзi өтетiн адам. Ертеңгi күнi сайлауда ол кiмдi сайлатамын десе, соны сайлата алады.

– Сен сонда  маған сот Уитберг өзiнiң қызметтiк анты мен барлық парызын тәрiк етiп, ана хайуанды ақтап жiбередi дегiң келе ме?

– Көресiң әлi, – дедi досы түнерiп. – Одан бәрi де шығады. Және оп-оңай. Ол адам құқығы мен әдiлет  жөнiнде  небiр керемет сөздердi судай сапырып келiп, ақыры ешбiр заңға, ешбiр әдiлетке сыймайтын үкiмдi шығарады да салады.

– Ау, сонда газеттер қайда қарап қалады? – дейдi Уотсон таңданып.

– Газеттер билiке қарсы жел боп тимейдi. Қажет десе, бетiңе кiрдi бес қабат жаға салады олар. Қазiрдiң  өзiнде  жаппай жамырап не жазғанын көрiп отырсың ғой.

– Байқауымша, олар хаттамада жазылған  шындыққа да қарамайтын болды ғой.

– Оларға шындық не керек! Ең бастысы, өз жазғандарына жұртты сендiре алса бопты да. Ал сендiру үшiн  бар өнерлерiн, бар арсыздықтарын жұмсайды да. Айтпақшы, сен олардың  хаттаманы да жоғарыдағылардың  нұсқауымен жазатынын бiлмеушi ме едiң? Яки билiк басындағылар шындық олай емес, былай десе болды – иманыңды үйiре  бер сен. Қысқасы, iстi оған жеткiзбегенiң жөн. әйтпесе, сау басыңа сақина тiлеп алуың әбден мүмкiн.

– Бiрақ iс сотқа кетiп қалды ғой.

– Онда тұрған не бар. Сен қаласаң, қазiр-ақ бар iстi жаба салады. Адамның машинамен күресуi қиын ғой, егер әлдебiр машина ғайыптан оның пайдасына жұмыс iстеп кетпесе.

III

Картер Уотсон бiрбеткей адам едi. Ол машина өзiн жаншып жiберетiнiн жақсы түсiнген, алайда ол өмiр бойы өзiнiң әлеуметтiк iс-тәжiрибесiн байыта түсуге ұмтылған жан ғой, ал мына жағдай оған әлдебiр  тосын дүние ұсынатындай көрiнген.

Сот болатын күнi таңертең прокурор iстi былайша тындыра салу жөнiнде тағы бiр талпыныс жасап едi.

– Егер сiз осындай  ойда болсаңыз, менiң  онда адвокат шақырғаным жөн болар, – дедi Уотсон.

– Одан пайда жоқ, – дедi  прокурор. – Маған халық iстi  жүргiзгенiм  үшiн ақы төлейдi, демек мен оны жүргiзуге тиiспiн. Есiңiзде болсын – бұл iсте сiздiң ұтып шығатындай ешқандай мүмкiндiгiңiз жоқ. Бiз екi iстi бiрiктiре саламыз – сонымен  бәрi де тәмам!

Уотсон сот Уитбергтi алғаш  көргенде-ақ ұнатып қалды.  Ол өзi  бетiне  иман ұялаған, жылы жүздi ,әп-әдемi, жас жiгiт екен. Қоңырлау келген кiшiрек көздерiнен ұшқыр ой мен  терең ақылдың  нышаны сезiледi. Бәрiнен бұрын осы көздердiң  адамға деген  қарасында  бiртүрлi жылылық бар секiлдi. Уотсон осының бәрiн өлшеп-пiше келiп, ескi досының өткендегi сөзiн еске алған да, “бiреу туралы сырттай қалай жаман ойлауға болады” деп бiр қойған.

Бiрақ ол  көп өтпей-ақ  бұл жағынан досы емес, өзiнiң қатты қателескенiне  көзi жеткен-дi. Пэтси Хоран мен оның екi сойылсоғары  айыптаудың неше түрiн  ойластырып үлгерген екен. Уотсон егер бұны  өз құлағымен естiмесе, бiреудiң сөзiне сенбес  те едi. Олар тiптi төбелес  кезiнде сол жерде болған басқа төрт куәгердi де  жоққа шығарған! Ал куәлiк берiп тұрған екеудiң бiрi – мен асүйде отырғанда мына кiсi кiрiп  келдi де, әй-шәй жоқ, Пэтсиге соқтыға  бастады, десе, екiншiсi: мен көршi бөлменiң есiгiнен бәрiн көрiп тұрдым. Бұл Уотсон деген адам  кабакқа  екi  мәрте кiрiп, тып-тыныш отырған Пэтсидi иығынан  жұлқылап, алдындағы тамағын төгiп, ақыры соққыға жығып тынды, деген. Олардың Уотсонның аузынан шықты деген боқтық сөздердiң ойдан соншама дөрекi де өтiрiк құрастырылғаны  сондай, осы сөздерiмен-ақ олар өздерiн ұстап бергендей едi. әйтпесе, көпшiлiкке зиялы атымен танылған, белгiлi социолог Картер Уотсон сондай лас сөздердi  айтты дегенге кiм сенедi. Сосын олар Пэтси  бейшараны ол былай ұрды деп,  қабырғаны қаусатар ең керемет соққыларды  суреттеген кезде, Уотсонның тiптi  күлкiсi келген, бiрақ  сот процесiнiң  комедияға айналғанын көру одан да  қиын едi. “Құдай-ау,  адамдар қандай құлдырауға жеткен, дамудың  биiк сатысына жету үшiн бұларға ендi қаншама уақыт керек!” деп ойлады ол.

Айыптаушылардың сөзiне қарап, Уотсон өзiн өзi танымай отырды. Қалай  танысын, басқаны былай қойғанда, ең ата жауының өзi бұны осыншама басбұзар, содыр да сойқан адам деп бiлмес едi. Жалған  куәлiк беру кезiнде  жаңылу, шатасу дегендер  ылғи да болып тұрады, бұл жерде де күмәндi, күдiктi мәселелердiң төбесi талай рет қылтиып қалған. Бiрақ  сот, неге екенi белгiсiз, оларды байқаса да байқамаған болды, ал прокурор ондай тұста бiрден жалтарып кетiп отырды. Уотсон алғашында  қорғаушыны шақырмағанына өкiнгендей едi, ендi  соным дұрыс болған екен деп ойлаған iштей.

Бұл  айыпталушы тұратын үстелге келiп, iс жөнiнде  баяндай бастаған кезде, сот Уитбергке деген әлдеқандай бiр сенiмiн жоғалтпаған едi.

Бiрақ ол:

– Мен кешкiлiк серуендеп жүрiп, бұл кабакқа  кездейсоқ… – дей бергенi сол, сот сөздi  бiрден бөлiп жiберсiн.

– Сiздiң бұрын не iстеп, не қойғаныңыздың бiзге  түкке де қажетi жоқ, – дедi ол сызданып. – Кiм бiрiншi қол жұмсады? Бiзге соны айтыңыз!

– Құрметтi сот, – деп Уотсон  сөзiн  одан әрi  жалғастырды. – Менiң куәлерiм жоқ, сондықтан менiң сөзiмдi  аяғына дейiн тыңдамайынша сiз iстiң  нақты мән-жайына қанығуыңыз қиын болмақ.

Осы тұста сот тағы да бұның аузына қақпақ болған.

– Бiз бұл жерде журнал шығарғалы отырғамыз жоқ, – деп барқ ете қалды ол. әлгiнде ғана жүзiне  иман үйiрiлгендей  боп отырған  соттың қас  қағымда қалай өзгере қалғанына Уотсонның миы жетер емес.

– Кiм бiрiншi ұрды? – дедi  Пэтсидiң адвокаты. Кенет сөзге прокурор араласып, қазiр негiзiнен  екi iстiң  қайсысы қаралып жатқанын,  Пэтси адвокаттың  айыпталушыға сұрақ қоюға қандай  қақысы барын түсiндiрiп берудi талап еткен. Адвокат жым болды. Сот Уитберг  бiрiншi iске қосып жiберген екiншi iс туралы мүлде хабарсыз  екенiн мәлiмдедi. Бұның бәрi түсiнiктеменi қажет ететiн едi. Iс  жайына қалып, ұлы майдан басталып кеттi де, ақыры екi заңгер алдымен соттан, сосын бiр-бiрiнен кешiрiм сұрап бiр-ақ тынды. Уотсон құдды қарсы алдынан  бiр адамды ары-берi қақпақылдай итерiп, оның  қалтасынан әмиянын қағып алу үшiн жанталасып жүрген бiр топ қарақшыны көрiп тұрғандай болды. Иә, машина iске қосылды – басқа ештеме де емес.

– Сiз осындай атақ-абыройы шамалы үйге не үшiн кiрiп жүрсiз? – дедi олар Уотсонға. Ал бұған жауап ретiнде  ол:

– Менiң экономика мен  әлеуметтiк мәселелердi  зерттей бастағаныма, мiне, бiрнеше жылдың  жүзi болды… – дей берiп едi, сот Уитберг:

– Сiздiң “зерттеу-мерттеуiңiздiң” бiзге  түкке де керегi жоқ, – деп бiр-ақ салды. – Сұрақ түсiнiктi. Соған  нақты жауап берiңiз. Сiздiң мас болғаныңыз рас па, жоқ па? Осыдан басқа сөз жоқ.

Уотсон Пэтсидiң өз бетiн өзi  бұның басына қалай ұрып жаралағанын ендi айта бастаған кезде бәрi  бұған күле  қараған да, сот сөздi тағы тоқтатып тастаған.

– Сiз тек қана шындықты айтам деп берген антыңыздың қаншалықты қасиеттi екенiн өзiңiз тiптi мысқалдай сезiне аласыз ба? – дедi ол түтiгiп. – Ал айтып тұрған сөзiңiз мынау, нағыз сандырақ!  Ау, ойлаңызшы, адам өзiнiң жұп-жұмсақ бетiн қалай өз қалауымен сiздiң тастай қатты басыңызға ұрғылайды,а? Бiз сiздi есi бар, саналы азамат деймiз. Бiрақ сөздерiңiз ешбiр қисынға  қабыспайды. әйтпесе өз басын өзi ұрды дегенге кiм сенедi!

– Ашу үстiнде адам не iстемейдi, – дедi бұл салмақты тiл қатып.

Бұл сөз соттың  шамына тиiп кетсе керек, шабына  от түскендей ыршып түскен.

– Мұндай  сөз айтуға сiздiң қандай қақыңыз бар? – дедi ол долданып. – Бұның iске ешқандайда қатысы жоқ. Бұл жерде сiз тек қана куәлiк етуге тиiссiз. Ал анау-мынау  туралы ой-пiкiрiңiздi қалтаңызға  салып қойыныз, бiлдiңiз бе!

– Мен тек сұраққа жауап бердiм, мәртебелi сот, – дедi Уотсон жаңағы  сабырлы қалпынан жазбай.

– Сiз  өйтiп жалтармаңыз! – деп, сот тағы да айқайға бассын. – Есiңiзде болсын, сэр, сiз өзiңiздiң мынадай оспадар менезiңiзбен  бәрiн де өзiңiзге  қарсы қойып аласыз. Сiз үшiн мен ұялып отырмын қазiр.

“Вандомда” болған  оқиға  жөнiнде айтып  тұрған айыптаушының сөзiнен кейiн  iле-шала  басталып кеткен адвокат пен прокурор арасындағы  казуистiк пiкiр-талас   уақытында, Картер  елдi басқарып отырған мына аса зор да  қуатты, сонымен қатар тым бейшара машинаның  қалай жұмыс iстейтiнiн бiр жағынан қызыға, екiншi жағынан  iшi удай ашыған  күйде ұзақ бақылады да  отырды. Мiне бұның көз алдында, сот камерасында… әншейiн түкке тұрғысыз көптеген  сайлаушыларды  қолында ұстап  отырғаны үшiн ғана қайдағы бiр кабакшының  алдында  жайылып жастық, иiлiп төсек боп жатан соттың сиқы мынау. ¦рып-соғу жөнiндегi осы бiр түкке тұрғысыз сот iсi әлгi күрделi  де күштi машинаның барлық қалалар мен штаттарда жүргiзiп жатқан жүздеген, мыңдаған жиiркенiштi жұмыстарының бiрi ғана.

Уотсонның  басында: “Ау, бұл дегенiңiз күлкiлi ғой!” деген бiр тiркес  дыңылдап тұрып алды. Талас-тартыстың ең қызған кезiнде, бұл шыдамай  тiптi қыстыға күлiп жiберген. Сосын  iштей ол мына  отырған заңгерлер мен дөрекi  соттан сауда кемелерiндегi  жуанжұдырық штурмандар мың есе артық деп  ойлады: олар  тек шабуылдап қана қоймай қорғана да бiледi, ал  бұл ұсақ  жексұрындар заңның артына тығылғаннан  басқа не бiледi. Иә, белгiлi бiр жалақы   алып жұмыс iстейтiн бұл кәсiпқой азаптаушылар алдымен өздерi шабуылдайды, сосын  түрме камералары  мен полисмендер  таяғының артына  тығылып алып, қарсыластардың  қарсы соққы   жұмсауына мүлде  мүмкiндiк бермей қояды. Уотсон  қандай  жағдайда да  ашу-ызадан  бойын аулақ ұстаған. Бүкiл процедураның жабайылығы мен жөнсiздiгi тек қана ащы күлл“i шақырып тұрған-ды. Уотсонды құтқарып қалған да оның осындай күлкi мен мысқылға  iштей аса бейiмдiгi едi.

Қандайда бiр қорқытып-үркiту мен жүйкеге тиюге  қарамастан ол төбелес барысын барынша  дәл де сенiмдi  түрде суреттеп беруге шамасы жетiп едi. Сондай-ақ қасақана шатастыру мақсатында  қойылған көлденең сұрақтардың бәрiне орнықты жауап бере тұрып, өзi куәлiк еткен көрген-бiлгендерi төңiрегiнде де мысқалдай  күмән-күдiк қалдырмаған.  Керiсiнше Пэтси мен оның  екi жақтасы  қызбалана алға тартқан  куәлiктiң әр сөзiнен өтiрiк иiсi  аңқып тұрған-ды.

Дәл Пэтсидiң  адвокаты сияқты прокурор да айыптауды ешбiр  негiзсiз қолдап шыға келдi. Уотсон бұған қарсылық  бiлдiрiп едi, бiрақ прокурор өзiнiң қоғамдық айыптаушы екенiн  мәлiмдеп, яки өз iсiн бiлетiнiн айтып оған ауыз аштырмады.

“Патрик Хоран өз өмiрiне қауiп төнгенiн, сондықтан  оны қорғауға  мәжбүр болғанын  дәлелдеуге  тырысты, – делiндi сот шығарған  үкiмде. – Осыған  ұқсас мәлiмдеменi мистер Уотсон да жасады. Бұлардың әр қайсысы ант аясында  бiрiншi соққыны қарсыласы жасады деп сендiредi. Сондай-ақ екеуi  де өз қарсыласы  тарапынан ешбiр жазықсыз жапа шеккенi  жөнiнде ант-су iшедi. Ал заң бойынша, күмән дәлелденбесе,  iс жауапкердiң  пайдасына шешiледi.  Бiз қараған iсте осы бар. Сондықтан  “Халық Картер  Уотсонға қарсы” деген iсте күмәндi  мәселенiң бәрi жоғарыда  аталған Картер  Уотсонның пайдасына шешiлiп,  ол тұтқыннан босатылады. Мұндай  жағдай “Халық Патрик  Хоранға  қарсы” деген iске  де тән”. Яки мұндағы  мәселелер Патрик  Хоранның  пайдасына  шешiлiп, ол да  тұтқыннан босатылады. Мен сiздерге  бiр-бiрлерiңiздiң  қолдарыңызды алып,  татуласуды  ұсынамын”.

Уотсон кешкi газеттердiң  бетiнен мынадай  мақала аттарын көрдi: “Картер Уотсон ақталды!”. “Картер Уотсон айыппұлдан құтылды!” Бiрақ бәрiнен де  “Картер Уотсон – жiгiт!” деп басталатын материалдың  шоқтығы биiк тұрды. Онда сот Уитберг  екi төбелескiшке бiр-бiрiнiң қолдарын алуға  кеңес бергенде, екеуi  бiрдей бұған қуана келiскенi айтыла келiп, оның соңы былай аяқталыпты.

“– Қайтемiз, мынадай жағдайдан кейiн  аздап тартып жiберемiз бе? – дедi Пэтси Хоран.

– Менде қарсылық жоқ, – дедi Картер Уотсон. Бұдан соң екеуi жақын жердегi бардың бiрiне жүрiп кеттi.

IV

Былайша  айтқанда, бұл оқиға Картер Уотсонды  тым  қапаландыра  қоймаған. Несi бар, бұл да “әлеуметтiк тәжiрибенiң” бiрi болды, нәтижесiнде  “Полициялық сот iсiн  жүргiзу” деген жаңа бiр кiтап  жазылды.

         Арада бiр жыл өткенде, жаз  айының тамылжыған бiр таңында, Картер Уотсон таудағы ранчосына келген де, сосын былтырғы қыста  өзi отырғызған папоротниктердiң  қалай өскенiн көрiп  қайтайын деп, атынан түсiп,биiк қапталға қарай  жаяу өрлей жөнелген. Бiраз  жер жүргеннен кейiн ол гүл тұқымдары  себiлген әдемi алқапқа  тап болды. Бұл  өзi жан-жағын  жоталы қыраттар мен шоқ-шоқ ағаштар қоршаған тып-тыныш, жанға жайлы орын едi. Осы жерде Картер кездейсоқ бiр адамды көрiп қалды, тегi бұл арадан бiр миль  жердегi қонақүйден  шығып, серуеңдеп жүрген бiреу болса керек. Олар бетпе-бет кезiккен кезде, бiр-бiрiн танып та үлгердi: қызығы сол, бейтанысыңыз – сот Уитбергтiң тура өзi болып шықты! Уотсонның  жекеменшiк жерiне ұлықсатсыз-түкiсiз кiрiп алып сайранда-ап жүр.  Бұл шекара деген мәселеге бәлендей мән бермесе де, өз жерiнiң  шетiне қадау-қадау белгi қоюды кезiнде ұмытпаған.

         Сот  қолын созып ұмтыла  түсiп едi, Уотсон оны байқамаған сыңай танытып, бiрден сөйлей жөнелдi.

         – Саясат деген – лас дүние, солай емес пе,  сот мырза? – дедi ол. – Сiздiң  қолыңызды мен шынымен-ақ көрмей қалды деп  ойлайсыз ба? Жоқ,  көргенде қандай! Бiрақ мен оны алмаймын ғой. Есiңiзде болар, былтыр газеттердiң бiрi: Уотсон соттан кейiн  Пэтси  Хоранның қолын  алды, деп жазды. Бұның өтiрiк екенiн сiз жақсы бiлесiз, бiрақ шындықты айтайын, сiзге саусағымның ұшын бергеннен гөрi Пэтсидiң қолын мың рет қысқаным әлдеқайда артық деп бiлем!

Сот Уитбергтiң  қатты әбiржiгенi байқалды. Ол тұтығып, жөткiрiнiп, сөйлей алмай бiраз қиналып тұрды да, ақыры арам ойын әзiлге шаптырғысы келдi ме, өзiнше  қулана жымиған  болып:

– Сiздей бiлiмдi, парасатты  адамның бойынан осындай кекшiлдiктi кезiктiрем деп тiптi де ойлаған  жоқ едiм, – дедi былш етпей.

– Кекшiлдiк дейсiз бе?  О,атамаңыз! – дедi Уотсон. – Менiң табиғатыма мүлде жат дүние ғой ол. Бұған дәлел ретiнде мен сiзге  бiр қызық көрсетейiн, ондайды сiз еш уақытта көрмеген шығарсыз!

Уотсон жерден бiр жұдырықтай  тасты көтерiп алды.

– Байқадыңыз ба мынаны? Байқасаңыз, ендi маған  қараңыз!

Картер Уотсон осыны айтты да, қолындағы таспен өз бетiн былш еткiздi. Көз алды бiрден  көгерiп шыға келдi. Соққы тиген жерден шып-шып қан да шыққан.

– Тастың да қолыма бiр үшкiрлеу тигенi, – дедi Уотсон, бұны жындандыға санап тұрған  сотқа қарап. – Аздап артықтау кеттiм-ау деймiн. Бiрақ, қайтесiң, не iстесең де бiреулер сенетiндей етiп iстеуiң керек қой.

Уотсон жерден  майдалау бiр тасты тауып алып, сонымен екiншi бетiн, және бiрнеше рет ұрып-ұрып жiберген.

– Иә, ендi бiрер минуттан кейiн бұл бетiм де iсiнiп-көгерiп тұратын болады. Сонда менiң сөзiме кiм сенбес екен!

– Сiз жынданған шығарсыз! – дедi Уитберг дiрiлдей дауыстап. Шошынғаннан көзi бадырая қалыпты.

– Мазақ қылмаңыз! – дедi Уотсон. – Көрмей  тұрсыз ба менiң қанжоса болған түрiмдi! Сiз  Сiз менi оң қолыңызбен екi рет  аямай ұрдыңыз! Бұл қандай айуандық, а! Мен сiзге не жаздым со құрлы! Жоқ,  маған ендi қорғанбасқа болмайды. әйтпесе, сiздiң аяйтын  түрiңiз жоқ!

Сот  Уитберг өзiне қарсы  көтерiлген жұдырықты көрген сәтте-ақ қорыққанынан бұға түскен.

– Тек ұрып көрiңiз, мен сiздi  бiрден тұтқындауға бұйрық беремiн! – дедi ол тiстенiп.

– Мен осындай сөздi  Пэтсиге де айтқам, – Бiрақ  оның  не iстегенiн бiлесiз бе?

– Жоқ!

– Мiне мынаны!

Осы сөздi  айтып ауыз жиғанша Уотсонның темiрдей жұдырығы соттың мұрнына сарт ете қалды. Ол кескен теректей жерге гүрс ете түстi.

         – Тұрыңыз! – деп бұйырды Уотсон. – Егер шынымен жiгiт болсаңыз, тұрыңыз! Маған Пэтси де  осылай деген. Айтпақшы, бұны сiз бiлесiз де…

Сот Уитберг орнынан тұрғысы келмеп едi, бiрақ Уотсон оны желкесiнен жұлып алып, екi аяғынан тiк тұрғызды. Бұнысы – көзден ұрып, тағы да  шалқасынан құлату едi. Бұны естiген соң ол Уитбергтi қызылтәндi үндiстердiң тәсiлiмен азаптауға кiрiскен. Бұл жерде  және ұрып-соғудың ең әдемi түрлерiн пайдаланды: екi беттен, екi құлақтың түбiнен бiраз жұдырық сiлтеп алды да, сосын  етбетiнен жатқызған күйi шөп үстiмен  дырылдатып сүйрей бастады. Уотсон  осы әрекет үстiнде, “Пэтси Хоран да маған осылай iстеген!” дегендi  ылғи да айтып отырды.  әбден еркiнсiп алған  социолог өз денесiнде де  көгерген, қызарған жерлер қалдыру үшiн анда-санды өзiн де аусыз ұрып қоюды ұмытқан  жоқ – тiптi бiр сәтi келген кезде бейшара сотты  қарсы алдына тiк  тұрғызып тұрып, өз мұрнын оның басына  ұрып дал қылған.

– Көрдiңiз бе? – дедi  сосын Уотсон сәл артқа шегiне тұрып, мұрнының қанын бетiне  жағып. – Мiне, сiз маған нпе iстедiңiз! Жұдырығыңызбен бетiмдi  быт-шыт  қылдыңыз! Бұл сұмдық! Мiне, әзер тiрi тұрмын! Мен амалсыз қорғануға  тиiспiн!

Сот Уитбергтiң иек астынан тиген  және бiр соққы оны жерге жалп еткiздi.

– Мiне тура осыны маған Пэтси айтқан!

– Бұл  айуандық! Бұл ешбiр кiнәсә жоқ адамды қарадай қорлау!

– Дәл осы сөздердi мен Пэтсиден естiгенмiн.

– Саспаңыз, мен сiздi  тұтқындайтын  боламын.

– Сiз де саспаңыз, мен сiзден бұрын  қимылдайтын боламын.

Картер  аңғардан төмен түсiп, атына мiндi де, жүрiп кеттi.

Бiр  сағаттан кейiн, өзi жатқан қонақүйге сүйретiлiп жеткен сот Уитбергтi – Картер Уотсонның шағымы бойынша  – бiреуге тиiсiп, ұрғаны үшiн деревнялық констебль тұтқынға алып, жүре бердi.

V

–  Мәртебелi сот, – дедi етеңiнде Уотсон, деревнялық сотқа – бұл өзi осыдан отыз жыл бұрын селолық училищенi  бiтiрген, бүгiнгi ауқатты  фермер  едi. – Мына Соль Уитберг  деген адам  маған аяусыз қол жұмсағанымен қоймай, ендi менi айыптау  туралы миға қонбас  бiрдемелердi  ойластырып алыпты. Сондықтан мен екi iстiң бiрге қаралуын  сұраймын. Куәлiк дәйектер мен  дәлелдер екi жақта да бiрдей.

Сот келiстi, екi iс бiр мезгiлде қаралатын болды. Айыптаушы  куәгер ретiнде Уотсон  бiрiншi болып сөйлеп, оқиғаны былай баяндауға кiрiскен.

– Мен гүл терiп жүрдiм, – дедi ол. – Өз жерiмде өскен өз гүлдерiм.  Ешқандай бiр қауiп күктем жоқ. Бiрақ бiр сәтте … мына адам  тасадан шыға келiп,  тұра ұмтылмасы бар ма! “Мен – Додомын, – дейдi гүжiлдеп. – Егер сенi  түтiп жiберсем, бiр тал түгiң  қалмайды! Көтер  қолыңды!” дейдi. Мен күле қарағам да қойғам, бiрақ ол – мәссаған! – аяғымнан бiр теуiп, гүлдерiмдi шашып кеп жiберсiн. Оынмен қоймай әке-бабамнан түк қалдырмай боқтаған! Бұл  ендi қарап тұрған адамға айуандықпен  шабуылдан басқа түк  те емес!  Қараңызшы менiң бетiме,  қараңызшы мұрныма не  iстегенiн  оның! Тегi мас  болса керек, әйтпесе, сау адам, былай iстей ме! Есiмдi жиғанша, ал кеп ұрсын менi! Сосын  өмiрiме қауiп төне бастағанын  сездiм де, мен де  өзiмдi қорғауға көштiм! Бар болғаны осы,  мәртебелi сот!  Дегенмен… менi бұның  неге ұрғанын түк түсiне алмағанымды  да жасыра алмаймын. Өзiн  “Додомын” дейдi. Оны неге айтты? Ешқандай себепсiз маған неге  тұра ұмтылды? Түсiнiксiз. Бәрi де жұмбақ!

Соль Уитбергке  осылайша  әдемi қиыстырылып, жалған куәлiк етiлдi. Ол биiк креслосында отырған кезде, полициялар қолдан қиыстырып жасаған  небiр “iстердi” тыңдағаны бар; ал ендi  сондай арсыз куәлiк өмiрiнде бiрiншi рет өз басына қарай бағытталып отыр, және… астында креслосы, желкесiнде пристав күзетi, бiр жағында полиция таяғы  тұрмаған кезде.

– Мәртебелi сот! – дедi ол қыстығып. – Мен ешуақытта мұндай арсыз куәлiк етудi естiп көрген емеспiн! Бәрi жалған!

Уотсон атып тұрған.

– Мәртебелi сот, мен қарсылық  бiлдiремiн! Ненiң шындық, ненiң жалған екенiн сiз айырасыз. Куәлiк етушi сотта тек ақ сөйлеуге тиiс. Оның жеке пiкiрiнiң iске  түк те қатысы жоқ!

– Сот желкесiн  қаси отырып, бұған дейiн бiрнеше рет   өзiңiздiң сот екенiңiздi алға тартып көрдiңiз.  Демек сiз сот iсiнiң  кейбiр нәзiк тұстарын әбден  бiлуге тиiссiз. Сөйте  тұра оған  мүлде қарама-қайшы iстерге баратыныңыз қалай ? Сiздiң сөзiңiз бен  iс-қылығыңыз нағыз бәлеқор адамды танытады! әйтпесе, бiзге мистер Уотсонның  жеке мiнез-қасиеттерiнiң  не қажетi бар, ең алдым ен бiз бiрiншi болып кiмнiң қол көтергенiн бiлiп алуымыз керек қой. Иә, ары қарай жалғастырыңыз!

Сот Уитберг ызадан жарыла  жаздап отыр едi, дүрдие iсiген  ерiндерiн жымқыра тiстеп, iшкi бұлқыныстарын  әзер-әзер тежеген.

– Мәртебелi сот! – дедi Уотсон сотқа бұрылып, – Бұл адамнан сұраңызшы, тапа-тал түсте менiң жерiмде не қып жүр екен ол?

– Сұрақ орынды. Сiз мистер Уотсонның жерiне қалай тап болдыңыз және онда не iстеп жүрдiңiз, сэр?

– Мен оның жерi екенiн  бiлгем жоқ.

– Бұл – бiреудiң шекарасын бұзып өту, мәртебелi сот! – дедi Уотсон. – Белгiлер ашық, көрнекi жерлерге қойылған.

          – Мен ешқандай  белгiлер көрмедiм, – дедi Соль Уотсон.

          – Ал мен көрдiм! Өз көзiммен көрдiм! – дедi сот жұлып алғандай. – Қадау-қадау тұрған белгiлердi  тiптi соқыр адам көргендей. Мен сiзге ескертiп қояйын, сэр, егер  сiз осындай ұсақ-түйектердiң өзiнде жалған  сөйлейтiн болсаңыз, бұдан гөрi iрiлеу мәселерде тек өзiңiзге сенiмсiздiк туғызғаннан басқа ештемеге қол жеткiзе алмайсыз. Одан да айтыңызшы, мистер Уотсонды не үшiн ұрдыңыз сiз?

– Мәртебелi сот, мен сiзге айттым ғой, оған тiптi саусағымның ұшын тигiзгем жоқ деп.

Сот Картер Уотсонның  көгерiп iсiнген бетiне қарап алды да,  сосын Соль Уитбергке ашулана бұрылып:

– Ау, мына адамның бетiне қарамайсыз ба?! – дедi үстелдi  жұдырығымен қойып қалып. – Егер сiз ұрмасаңыз, онда мына бетке не болған сонда?

– Мен сiзге айтып едiм ғой…

– Абайлап сөйлеңiз! – дедi  сот сақтандырып.

– Мен барынша абайлап сөйлеймiн, тек шындықты айтамын, сэр. Ол өзiн өзi ұрды таспен. Екi таспен кезекпе-кезек ұрды өзiн.

– Егер  жынданған бiреу болмаса, адам өз бетiн өзi осыншама аяусыз ұруы мүмкiн бе? – деп сұрады Картер Уотсон.

– Иә, бұнысы ендi  ертек айтып  тұрғанмен бiрдей, – дедi сот. – Мистер Уитберг, сiз  мас емес пе едiңiз?

– Жоқ, сэр. – Сiз сонда мүлде iшпейсiз бе?

– Тек анда-санда, кейбiр жағдайда ғана.

Сот терең ойға батқандай түр танытып, бiрер минут үнсiз отырып қалды.

Уотсон  осы мезеттi пайдаланып, Соль Уитбергке көз қысып қойған; бiрақ дымы құрып, жүйкесi тозып отырған о байқұс маңайынан ешбiр  күлкiлi жай көре алмап едi.

– Қызық жағдай, өте қызық жағдай! – дедi сот үкiмдi оқыр алдында. Сосын  орнынан тұрып, жайлап сөйлей бастады. – Екi  жақтың да жауабы  мен куәлiгiнде қарама-қайшы мәселе жеткiлiктi. Ал куәгер жоқ. Бұлардың әр қайсысы бiрiншi болып қарсыласы қол көтердi дегендi  айтады, бұның ақиқатына жетуге  соттың ешбiр мүмкiндiгi жоқ. Алайда менiң мынадай өз пiкiрiм бар, мистер Уитберг, сiзге Уотсонның иелiгiнен алыстау  жүру үшiн қазiрден бастап осы жерден кетiп қалыңыз.

– Бұл – өрескелдiк! – деп Уитберг күңк ете қалды.

– Отырыңыз орныңызға, сэр!  – дедi сот күркiреген дауыспен. – Егер тағы бiр рет сөзiмдi бөлетiн болсаңыз, сотты сыйламағаңыз үшiн  мен сiзге  айыппұл салатын боламын! Және  ескертемiн – айыппұл  көлемi өте  үлкен болады. Сiз өзiңiз де  сотсыз, сондықтан  сот мәртебесiн құрметтеуге тиiссiз!.. Ал ендi мен үкiмдi оқимын.

  – Заңға сәйкес, куәлiк сөздiң күмәндiлiгi әрдайым жауапкердiң пайдасына шешiледi. Менiң аса зор өкiнiшiме қарай, бiрiншi болып кiмнiң қол көтергенiн дәлелдеуге мүмкiндiк болмағандықтан, – деп  ол Соль Уитсбергке  түксие бiр қарап алған да, сөзiн одан әрi жалғаған, – Мен бұл екi iсте де жауапкер  жағын ақтап шығуға мәжбүрмiн… Демек сiз  екеуiңiз  де азатсыздар!…

– Несi бар, осы үшiн аздап алып  жiбермеймiз бе? – дедi Картер Уотсон соттан шыққан кезде Соль Уитбергке. Бiрақ ызаға булыққан ол қолды бiр сiлтеп жүре берген.           

Дидахмет
Әшімханұлы