КЕШ

Дидахмет Әшімханұлы

КЕШ

(Әңгіме)

Ерсайынды еске алу кешінің соңына қарай Сәбираның көңілі нілдей бұзылды. Онсыз да жетісіп отырғаны шамалы еді. Көршілер атынан сөйлеген Шекердің бірауыз сөзінен кейін мүлде еңсе көтеруден қалған. Енді міне, басын төмен салған күйі ішін от жалағандай болып отырған түрі мынау. Кеш бойы араның ұясындай гу-гу етіп жатқан мына ресторан ішінен қазір ештеме естілмейді, естегісі де келмейді. Құлағында тек Шекердің жаңағы сөзі… «Өлтірмеңдер мені ерте…». Осы сөз миын мың жерден піскілей береді. Піскілеген сайын еріндері де күбір-күбір етеді… «Өлтірмеңдер мені ерте… Өлтірмеңдер мені ерте…». Осылай деп сөйлеген жаңа Шекер. Осыны айтып сөзін бітірген, анау, Шекер. Дұрысында, Ерсайын туралы, Ерсайындармен көрші тұрған баяғы күндер туралы өз сөзін айта келіп, не үшін қыстырғанын кім білсін, «кезінде бір ақын былай деген екен» деп бірер шумақ өлеңді жатқа оқыған. Одан Сәбираның бар есінде қалғаны – соңғы екі жол ғана… «Келтірмеңдер маған сөз, Өлтірмеңдер мені ерте…». Мұны да ұмытып қалар ма еді, осы екі жолды Шекер Сәбираға қарап тұрып, қадап тұрып айтқан. Сол сәтте басы қалай төмен салбырай бергенін өзі де сезбей қалған. Содан бері көзін тік көтерген жоқ. Көтеруге дәрмені де, дәті де жоқ, екі иығынан басқан бір зілмауыр салмақ бүкіл денесін үстелге жанши түседі. Жан-жағынан әлдебір суық леп есетін секілді. Жон арқасы аяз қарығандай тітіркене шымырлайды. Сезіп отыр, бұл – әр тұстан өзіне инедей қадалған неше түрлі көздердің сұғы ғой. Шекердің әлгі сөзінен кейін жұрттың бәрі бұған сынай қарап отырғаны анық… Алдынан… артынан… оңынан… солынан. Күмәнмен, күдікпен, мысқылмен, мүсіркеумен қараған көздер. Маңдайынан шып-шып тер шыққан. Суық тер. Кенет кеуде жағы қыстығып, жөтелгісі келді, бірақ жөтеле алмады. Тамағы құрғап қалған сияқты. Жұтынып еді, өндіршегі жыбыр-жыбыр етті де қойды. Үстелден қолына іліккен стақанды жылдам алып, ауыз толтыра жұтып жіберді. Жұтқан бетте… дем ала алмай тұншығып қалған. Көзі жасаурап шыға келді. Өзегі өртеніп барады. Мұндай ащы болар ма, кәпір!

– Өй, сен… андағыны су деп ішіп қойдың-ау, – деп жанындағы Күнсұлу сыбыр еткен. – Мен өз рюмкамдағыны соған құйып отырдым ғой. Қалай байқамадың?

– Байқағам. Білем! – деді бұл кіржиіп.

– Білсең неге іштің?

– Ішкім келді, іштім. Құй мынаған тағы!

Сүйем қарыс стақан Күнсұлудың алдына түп жағымен тың ете қалды. Сылп еткен ерін дыбысын естіді. Артынша үстелге созыла түскен аппақ қолды көрді… Сорайған стақан әрірек жылжып кетті де, орнына беті мөлт-мөлт еткен екі рюмка келді.

– Ал ішкің келген екен, іш, міне. Мен де ішейін сенімен.

Бұл үндеген жоқ, қолына ұстаған шыныны аузына шалқая тақап, төңкере салды. Біле тұрып ішкеннен бе, бұл жолғысы жақсы өтті.

Өмірі ерніне тигізгені болмаса, татып көрмеген бәлесі еді, ақыры бұны да көрді. Шекердің арқасында. Шекердің… Әне, ол бұдан үш үстел әріде, шаштарын сарымен бояп алған екі дударбас қатынға жуан қысқа мойнын кезек бұрып бірдемені есіп сөйлеп отыр. Буылтық-буылтық денесіне омырауы ашық көк көйлекті тыртыстыра киіп алған. Ол сөйлеген сайын жанындағы екеуі жымия түсіп бас изесіп қояды. Құдды «Жаңа жақсы сөйледің. Әдемі айттың. Қатырдың!» дейтіндей.. Сонда ол не жақсы сөз айтыпты. «Келтірмеңдер маған сөз, Өлтірмеңдер мені ерте». Қайдағы біреудің өлеңі. Өз сөзіне әдейі қыстыра жіберген. Және онысын бұған қарап тұрып айтқанына қарағанда, Ерсайынға сөз келтірген, Ерсайынды ерте өлтірген сенсің дегені ғой Сәбираға. Ал енді өзі қандай періште екен? Егер осы Шекердің мысқалдай ұяты болса, мына дастарқанға келіп Ерсайын туралы сөз сөйлемек былай тұрсын, Сәбираның көзіне тура қарай алатындай қай беті бар еді оның?! Әлде… осыдан көп жыл бұрынғы ана бір бетсіздігін ұмытқаны ма?.. Шашы ұйпа-тұйпа Ерсайынды таңсәріде есігінен шығарып салып тұрғанын?.. Оны Сәбира қарама-қарсы пәтерінен шыға бере көріп қалғанын?.. Жоқ, ол масқараны Шекер ұмытса да, Сәбира ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. «Салдақы!».

– Қалай? Жақсы боп қалдың ба? – Күнсұлу бұған күле қараған. Бұнысы жаңағы ішке түскен ащыны меңзегені. Бұл мырс етті.

– Шүкір. Шекер екеуің бар жағдайды жасап жатырсыңдар ғой маған.

– Түсінбедім?.. Саған не болған өзі? – Күнсұлудың даусы қаттырақ шығып кетті. – Құдды Ерсайынды бүгін жерлеп келгендей кеш бойы қабағыңды бір ашпадың. Біле білсең, осы кешті біз ұйымдастырғанмен, иесі сен емессің бе?

– Ал сол иесімен сендер санастыңдар ма? Ана Шекерді тізімнен сызып тастаңдар дедім. Сызбадыңдар. Сейілбек екеуің екі жақтап: «Күніне жүз рет көріп жүретін есікпе-есік көршіңмен бетіне кейін қалай қарайсың?» деп қоймадыңдар. Ол салдақының жаңа не айтқанын естідің ғой.

– Естідім. Ол – бәрімізге қаратып айтылған сөз. Дұрыс сөз. Кезінде осы отырған қайсымыз Ерсайынды қорғай білдік?! Жоқ, қорғамақ түгіл, жарға қарай итере түстік. Ол сәбидей сенгіш еді. Сонысын жақсы пайдаландық. Өтірік мақтадық. Асыра мақтадық. Көзіне көлгірсідік, артынан өсек айттық. Ішкіздік. Құлаттық. Сосын артымызды ашып күлдік. Енді бүгін қайран Ерсайын, қайран талант дейміз ұялмай. Шекер осы ақынның сөзімен бәрімізге тұспалдап жеткізді.

– Жоқ, ол соңғы сөзін маған қарап тұрып айтты.

– Саған солай көрінген. Бәрі де секемшілдіктен. Әйтпесе сені табалайын деп отырған ешкім жоқ мұнда. Қара маңайыңа.

Сәбираның маңдайы қайта тыртыса қалды. «Сені табалайын деп отырған ешкім жоқ мұнда» дейді. Табалайтындай не жазыпты бұл?! Ерсайынмен өмір бойы бірге тұрды. Жақсылы-жаманның бәрін көрді. Бәріне көнді. Ең ақырында ақ жауып, арулап өз үйінен шығарып салды. Артында қалған бір ұл, бір қызына әкелерін жоқтатпай, ешкімнен кем қылмай өсіріп жеткізді. Ыстық-суығы әлі басылмаған, былқ-сылқ еткен құлын мүсіні пәлендей бұзылмаған жасында жесір қалса да, қойным суыды деп көрпесін біреуге аштырған жоқ. Аштырам десе, бір еркек қызығатындай қызыл шырайлы бет-әлпеті де, құшаққа толатындай сәл толықтау дене бітімі де бар еді. Рас, бұл да адам еді. Адамға тән, әйелге тән дүниені бұл да аңсайтын еді. Кейде түні бойы дөңбекшіп жатып, таңертең жастығын жасқа шылап тұратын да кезі болған. Сондайда екі жағында пыс-пыс етіп монтиып ұйықтап жатқан екі баласын көргенде әлгіндегі албасты сезімнен бір-ақ сәтте арылып шыға келуші еді. Соны ана Шекер мен мына Күнсұлу біле ме? Қайдан білсін. Шекер тұрмыста жолы болмаған да, Күнсұлу – байымен үш жыл отасып айырылысып кеткен қақсал қатын ғой. Рас, Шекерді бұл жек көреді. Баяғы бетсіздігі үшін. Шашы ұйпа-тұйпа Ерсайынды таңсәріде есігінен шығарып салғанын өз көзімен көргені үшін. Ал қаншама жыл бір үйдің бір кіреберісінде көрші тұрып келе жатқан Күнсұлудан еш жамандық көрген жоқ. Сырласы да, мұңдасы да жалғыз осы домаланған сары қатын ғой.

Еңсесі сәл көтеріле түскенін сезген. Әлгіндегі білмей ішкен, сосын біле тұра қырсығып ішкен ащы су біртіндеп бойына тарай бастаған секілді. Иек көтеріп маңайына көз салды. Манағы тұс-тұстағы гу-гу сөз, ыдыс-аяқтың тынымсыз тықыры саябырсып қалған. Әр үстелде топ-топ болып, дөңгеленіп отырған кеш қонақтарының көбі – Ерсайынның баяғы достары, қызметтес жолдастары: ақындар, әртістер. Обалдары нешік, кеш басталарда бұлардың бәрі Сәбираға өздері келіп амандасып, жылы-жылы тілек білдірген. Бірақ… сол сәтте бұл, неге екені белгісіз, біртүрлі қысыла берді. Тіпті «тезірек сөзін бітірсе екен, тезірек жанымнан кетсе екен» деп тұрды. Неге? Өзі де білмейді. Әйтеуір, олардың қолында көбірек тұрып қалуын қаламаған. Неге өйтті? Неден секемденді? Түсінер емес. Қазір де оларға алыстан көз сала отырып, мен жаққа ешкім мойын бұрмай-ақ қойса деп тілейді ішінен.

Ерсайынның шалқып жүрген кезінде осы отырғандардың ішінен Сәбираның қолынан дәм татпағаны жоқ шығар. Әсіресе Ерсайын екеуі алғаш шаңырақ көтерген жылдары. Шаңырақ дегені – жатақхананың бір бөлмесі. Сол бір бөлмеге түннің бір уағында тарсылдатып-гүрсілдетіп төрт-бесеуі бір-ақ келеді. Ең алдарында өз үйіне өзі қонақтай болып Ерсайын жүреді. Ол есіктен жай кірмейді, «Осы үйде Сара бар ма, шықсын бері. Алыстан іздеп келді Біржан сері» деп айқайлап әндетіп кіреді. «Сол Сараның бізге деген шайы қайда?» деп соңынан ергендері шұбырып төрге озады. Содан соң ду-ду басталады. Жерге жайған дастарқанды айнала шоқайып отырып, кезек-кезек өлең оқиды. Әр өлеңнің соңы тостқа айналады. Тосттың арты мақтауға ұласады. Екі сөздерінің бірі – «Классик! Ұлы ақын». «Ұлының» басында көбінде Ерсайын тұрады. Ал «ұлының» ішісі бөлек бола ма, басқалар стақанға ерін тигізгенше, ол түбіне дейін қотарып тастап отырады. Сонан кейін тағы да қолпаш сөз. Тағы да Ерсайынды мақтау. Екі күннің бірінде осы. Сәбира төрт-бес жылға дейін бұның бәріне шыдаған. Сонан кейін… құрысын, еске алудың өзі ауыр.

Жо-жоқ, бұнысы күпіршілік, өмірдегі ең ауыр дүние – жалғыздық екен. Қараша үйде қалқайып қара басыңның қалуы бір басқа, ең қиыны – көп ішінен саяқсып бөлініп қалуың екен. Иә, басқалар үшін сенің барың не, жоғың не екенін білгенде, қу жаныңның шын құлазығанын сонда көреді екенсің. Сәбира соны көрді. Көріп те келе жатыр. Бірақ бұған кім кінәлі? Ерсайын көзден кетті екен деп бұны көпе-көрінеу сыртқа тепкен кім бар?! Мына көз алдында отырғандардың қай-қайсысы да соңғы жылдарға дейін қуаныш-қызыққа жайылған дастарқанының бірде-біріне Сәбираны шақырмай қойды ма? Шақырған. Бірақ бұл әрнені сылтауратып ешқайсысына бармаған. Бармағаны былай тұрсын, кешегі дос-жарандардың алыстан төбесін көріп қалса, сырт бұрылып сырғақтап кете баратын. Өйткені… олармен жүзбе-жүз кездесуден қай уақытта да қаймыға беретін. Неден қаймығады? Оны өзі де білмейді, әйтеуір, бер жағында бір секемнің тұратыны рас. Тіпті осы кешті өткізуге де бұл мүлде қарсы болған. Бәрін бастаған анау Сейілбек. Бастап қана қоймай, Сәбираны бар айтқанына көндіріп, сосын кеш өткізуге не керектің барлығын өзі тауып, өзі ұйымдастырып, енді соны өзі басқарып жүрген анау Сейілбек. Ерсайынның студент кезінен бергі ең жақын досы. Бүгінде жасы елуге келген, орта бойлы, кең иықты жігіт ағасы.

Әне, ол микрофонды қолына нығыздай ұстап, жайлап басып тағы да ортаға шықты. Үстінде – ақ көйлек, қызыл галстук. Әлдекімді іздегендей маңғаздана маңайына қарайды. Қимыл-қозғалысы тым сабырлы.

– Қымбатты достар!.. – Ол баяу бұрылып, төрде ілулі тұрған үлкен ақ полотноға қол нұсқады. – Қазір сіздер мына экраннан Ерсайынның тірі бейнесін көретін боласыздар… Зал іші бір сәт шыбынның ұшқаны білінердей тып-тыныш бола қалған. «Ол қандай бейне? Қашан түсірілген?» дегендей Күнсұлу Сәбираға таңдана иек көтерген. «Білмедім» дегенді білдіріп бұл да иығын сәл қиқаң еткізді де қойды. Дір ете түскен өнебойынан қуаныштан гөрі әлдебір жайсыздықты сезгендей.

– Бірақ… – Сейілбек сәл үнсіздіктен кейін әр сөзін үзіп-үзіп, жайлап сөйлей бастады. – Бұл бейнежазбаны… сіздерге көрсетпес бұрын… оның қашан, қалай жазылып алғанын айта кетуді жөн көрем…

Өлі тыныштық. Көптің көзі тек қияқ мұртты Сейілбекте. Қияқ мұрттың астында жыбыр-жыбыр еткен жұқа ерінде. Ішті кептірмей тезірек айтса екен дейтіндей. Ал Сәбираның шың-шың еткен құлағы ештеме естігісі келмейтіндей.

– Бұдан тура он бес жыл бұрын… тура осы жиырмасыншы қыркүйекте… Ерсайын қырыққа толған болатын.

Сейілбек сөйлеп тұр. Сәбира басын төмен салған күйі тыңдап отыр.

– Сол күні екеуміз… жанымызға киностудияның бір операторын алып, тауға барғанбыз. Ол уақытта Ерсайынды ауруы әбден меңдеген кезі еді. Жөтеліп, ентігіп ауыр жүр еді. Сөйтсе де, оны таудың әр жеріне апарып, өзін жалғыз жүргізіп, сырттай бейнетаспаға жазып алып отырдық. Жүрек құрғыр сонда бір жаманшылықты сезген екен… арада алты ай өткенде асыл достан мәңгіге айырылдық… Оның соңғы бір сәттерінен… арпалысты жандүниесінен хабар берер бір таспа сөйтіп біздің қолымызда қала берді…

Сәбира күрсінді. Көрші үстелдерден де біреулердің терең дем алғанын сезді.

– Мен бұл таспаны осы кешке арнап өңдеп-жөндеп, музыкамен көркемдеп шықтым. Мұнда экран сыртынан оқылып тұратын бірнеше өлең шумағы бар. Бұған дейін еш жерде жарияланбаған. Мен оны Ерсайын ауырып жүрген кезінде маған берген бір қара дәптерінен алдым…

Сәбира елең ете қалды… Қара дәптер… Иә, Ерсайын кейде алақандай қара дәптерге бірдемені шұқылап жазып отыратын. Сондай сәтте бұны көре қалса, жазуын дереу қоя қоятын. Онда өлеңнен басқа тағы не жазылды екен?..

– Ал енді экранға назар аударыңыздар… Сәбира үш үстел әрідегі Шекерге көз салған. Ол да бір сәт бұл жаққа қарай қалыпты. Көзінде манағы сөз тұрғандай… «Өлтірмеңдер мені ерте…». Сәбира одан жүзін бұра бергенше экранға да жарық түсіп үлгірген.

Ақ полотно бетінен… қозғалысты, тірі тынысты өмір жайлап көріне берді… Басын қар шалған өркеш-өркеш биік шыңдар. Шыңдардың шығын орап қарабауыр, қазбауыр бұлттар әлдеқайда, шығысқа жөңкіле көшіп барады… Оркестрмен жүрек пернесін шымшып тартқан қоңыр күй. Кімнің күйі? Сәбира білмейді. Бірақ кімдікі болса да күңгірт аспанды, қою бұлтты мына қоңыр күз бен қоңыр әуен көңіл-күй жағынан бір-бірімен үндесіп, астасып кеткендей… Міне, енді… экрандағы көрініс бұлт астындағы қара орманды көктей шола келіп, оң жақтағы жалаңаш қапталға ауысты… Одан әріде… теріскей жағы көк шыршалы тік шоқы. Сол шоқыға қарай қапталдағы қиғаш жолмен бір адам ілби басып өрлеп барады. Кенет… кадрдағы бұл көрініс жіппен тартқандай Сәбираға жақындай-жақындай түсті де, адам бейнесі ап-анық көрінді… Ерсайын!.. Жүрегі дір ете қалды… Қайтыс болардан бір жыл бұрынғы Ерсайын. Тура алдында тұр. Үстінде сол көк куртка… қызыл свитер. Ауырып жүрген кезі. Қыр мұрынды қараторы жүзі жүдеу тартқан. Самай жағы ағарған толқынды бұйра шашы әдеттегідей ұйпа-тұйпа. Ұялы қара көзінде әлдебір мұң бар. Сол мұңды көзімен сонау көк жүзіне шаршай, жабырқай қарайды. Күзгі күңгірт аспанда бір үлкен құс қанатын кере жайып, қалықтап жүр… Қоңыр әуенді қоңыр күй… жүрек қылын шымши тартады… Кадр сыртынан өлең оқыла бастады… Сейілбектің даусы. Ашық қоңыр үнін асықпай үзіп-үзіп созады…

Арпалыстым, айқастым өзімменен,

Жанталастым, шайқастым, көз ілмеген.

Сірі жанды сіңірдей соза түскен

Не деген итжанды еді төзім деген…

Ерсайын тағы да ілбіп жүре берді. Бірақ екі аттап, бір тоқтайды. Шаршаған сияқты… Қоңыр әуенді қоңыр күй… Жүрек қылын шымши тартады… Сәбираның құлағында… Сейілбектің даусы…

…Сарқылып бітті-ау әбден күшім менің,

Сыртым сау, түтіндейді ішім менің.

Мыңның жанын түсінген қайран басым,

Өз жанымды жалғыз-ақ түсінбедім…

…Қоңыр әуенді қоңыр күй… Жүрек қылын шымши тартады… Зеңгір аспанда, Ерсайынның төбесінде бір үлкен құс қанатын кере жайып әлі қалықтап жүр. Қар басқан шыңдардың етегін орап қарабауыр, қазбауыр бұлттар әлдеқайда шығыс жаққа жөңкіліп көшіп жатыр.

Мен келте емес, молынан пішілгемін,

Жай ойнақтар жарқылдап ішімде мың.

Алтын басты көтеріп шың басына

Бақыр қылып жерге де түсіргемін.

Ерсайын қарағайлы шоқының басына қарай ілби басып, көзден ұзап барады… Қоңыр әуенді қоңыр күй… Жүрек қылын шымши тартады… Сәбира жүзін төмен салған. Құлағында Сейілбектің даусы… Ерсайынның өлеңі…

… Мен от пен су, жалынның ішіндемін,

Ішімді у-заһармен пісіргемін.

Бар тәнімді боршалап бітсем-дағы

Бармағыма батпады-ау тісім менің.

Кетіп барам бұлдырап көз көрмеске

Қош, жаным,

Мен енді өңіңде емес, түсіңдемін.

Сейілбектің даусы бәсеңдеп тына берді. Ерсайынның тірі бейнесін соңғы рет көріп қалайын деп Сәбира кілт экранға қараған. Бірақ… тік шоқының төбесінен желмен шайқалып тұрған қарағайлар басын ғана көрді… Қоңыр әуенді қоңыр күй де баяулай түсіп өше берді. Зал төрінде жарықсыз, жансыз ақ полотно ғана қалды… Жым-жырт. Өлі тыныштық. Жаңағы көріністен кейін әлі ешкім ес жия алмай отырған сияқты. Тек сәлден соң біреулердің ақырын күрсінгені ғана білінген.

Сәбираның көзінен ып-ыстық жас сырғып келіп ерніне тамды. Жылымшы, кермек жас. Көңілі бордай босай бастағанын сезді. Егіліп тұрып жылағысы келді. Бірақ буалдыр тартқан көзі ептеп жоғары көтеріліп, үш үстел әріде отырған Шекерді көргенде, бірден өзін жинап ала қойды. Ол да жылап отыр екен. Қолындағы аппақ беторамалымен екі көзін кезек сүртіп қояды. Жанындағы ербиген екі қатын оған біртүрлі аяай қарайды. Құдды көңіл айтып отырған секілді. Сәбираның жыны қозып шыға келді. Әлгіндегі бордай босаған көңілі енді бір-ақ сәтте тастай қата қалған. Есіне баяғы жай қайта түскен… Шекердің шашы ұйпа-тұйпа Ерсайынды таңсәріде табалдырығынан шығарып салып тұрғаны… «Салдақы! Көз жасыңды мынадай сығымдауыңа қарағанда, Ерсайынды бір емес, мың шығарып салған шығарсың үйіңнен. Салдақы!».

– Ақкөңіл адам бар кінәні алдымен өзінен іздейді деген рас екен ғой. – Күнсұлу Сәбираға біртүрлі сынай қарағандай болды. Бұл үндеген жоқ.

– Байқадың ба, жаңағы өлеңде ол ешкімді жазғырмаған, ешкімді кінәламаған. Тек бар кеселді өзінен көрген…

Сәбира іштей күңк етті. Сонда кімді жазғырып, кімді кінәлауы керек еді? Мені ме? Мен не істеппін оған? Жығып алып аузына «у-заһарды мен құйыппын ба?..».

– Өлеңнің соңы қандай керемет аяқталған!.. «Қош, жаным! Мен енді өңіңде емес, түсіңдемін». Бұнысы адалымен қоштасқаны ғой…

Сәбираның қабағы кіржің ете қалды. «Иә, «Қош, жаным!» дейді. Соны маған айтты ма екен, әлде Шекерге ма?.. Жоқ, маған. Маған ол ылғи да «жаным» деп сөйлейтін. Мен тіпті ұрсып, айқайлап жүрсем де, «Жаным, қойшы! Жаным, олай демеші!» дегеннен басқа артық сөзге бармайтын ол. Ендеше, неден қуыстана беремін мен? Неден қысыламын мен осы жұрттан? Болды, жетті! Басымды тік ұстауым керек…».

Алақанымен маңдайын сипап еді, ысып, тершіп тұр екен. Кеш бойы отыра бергендіктен белі де ұйып қалыпты. Күнсұлуға «Мен қазір келем» деп орнынан тұрды. Шекердің жанынан қайқайып өтіп, кіреберістегі «сыртқа» беттеді.

Беті-қол жуатын бөлмеге кіріп, шүмектен суды енді ағыза бергенде… жұқа қабырғаның арғы жағынан… бір-екі еркектің күңгір-күңгір даусын естіді… Тегі, олар да қол жуып тұрса керек. Сөздерінен «Ерсайын» дегенді құлағы шалып қалды. Одан кейін естігені… «Сол өзі неден өліп еді?.. Е, түнде ішіп келгенде… әйелі үйге кіргізбей қойған ғой. Содан далаға түнеп шыққан. Өкпесіне суық тиген…».

Маңдайына біреу жұдырықпен былш еткізгендей болды. Сұп-суық леп тұла бойын қарып өтті… Қарауытқан көзі есік тұтқасын әзер тапқан… Құр сүлдерін сүйретіп, өзі отырған үстелге жетті де, орындық арқалығында ілулі тұрған ақ сөмкесін жұлып алып, бірден сыртқа беттеді… Бұдан кейін есінде қалғаны: Күнсұлудың «Тоқта! Қайда барасың?» деп соңынан ұмсына түскені… Сейілбектің сыртқы есіктің аузында қуып жетіп, әлденені айта тұрып бір қара дәптерді қолына ұстата бергені…

* * *

Күтпеген соққыдан есеңгіреп қалғандай күй кешкен Сәбира іші де, сырты да тастай қатқан қалпы таксиге қалай отырып, қалай үйге жеткенін сезбеген. Тек үшінші қабаттағы пәтеріне кірген бойда екі туфлиін екі жаққа домалата салып, төсегіне етбетімен құлаған сәтте ғана ес жиып еді. Ес жиған кезде ең алдымен манағы Шекердің бұған қарап тұрып айтқан анау сөзі, одан кейін өзінің кеш бойы ішін ит жалағандай болып еңсесі түсіп еңкейіп отырғаны, сосын Ерсайынның экрандағы тірі бейнесі «Қош, жаным» деп көз алдынан алыстап бара жатқаны, ақыр соңында қол жуатын жерде естіген екі еркектің сөзі… бәрі-бәрі бірінен соң бірі есіне түскен. Осылардың бірі ыза мен кек болып, тағы бірі өкініш пен өксік болып, кеудесінде тұздай түйіліп, запырандай қатып тұр екен. Олардың тығыны енді ашылған. Ағыл-тегіл көз жасы болып төгілген. Қу мазардай құлазыған мына үйде енді Сәбираға мінеп қарап, сынап қарап жатқан ешкім жоқ. Өксіп-өксіп жылаған. Өкіріп тұрып жылаған. Көз алдында Ерсайын. Тек қана соның бейнесі. Бұйра шашы дудырап, аузынан иісі бұрқырап тағы да міне үйге кіріп келе жатқандай. «Не жаздым саған, Ерсайын-ау, не жаздым?!», – дейді Сәбира екі жұдырығымен төсекті тоқпақтай боздап. – Сенің тірі кезіңде жұрттан естіген сөзім аз ба еді, енді өлген соң да көрінгенге көзтүрткі болдым ғой мен. Есіңде ме, баяғыда ыдыс-аяқ басы әдеттегідей сылдырлап емес, салдырлап кеткен кезде сен: «Әй, Сәбира, түбінде сен жалғыз қаласың…», – деп едің. Айтқаның айдай келді. Бұл сенің сөзің емес, қарғысыңдай болды. Мен жалғыз қалдым мына қуарған қу мазарда. Сенің кешегі достарыңның бәрінен алыстап кеттім. Ешқайсысын көргім келмейді. Көре қалса, бірі болмаса, бірі: «Ерсайынды анау жаққа ертерек жіберген сенсің», деп тұрғандай көрінеді. Бекер күмәнданбаппын, босқа күдіктенбеппін. Бүгін сенің анау Шекерің ойындағысын былш еткізді ғой көптің көзінше. Мен оған не жазып едім, Ерсайын, не жаздым?! Сені таңсәріде үйінен шығарып салып тұрғанда да ол бетсізге бірауыз айтпап едім ғой. Енді келіп «Өлтірмеңдер мені ерте» деп өлең оқиды бір ақынның өлеңі деп. Сонда сені өлтірген мен бе едім, Ерсайын?.. Жо-жоқ, мен емес, сен өз өміріңді өзің қысқарттың, Ерсайын. Тек өз өміріңді ғана емес, менің де бүкіл өмірімді өксітіп кеттің сен, Ерсайын… Кенет… есік сыртынан біреулердің сыбыр-күбірі естілгендей болды. Екі еркектің сөзі… «Ол өзі неден өліп еді?.. Е, түнде әйелі үйіне кіргізбей қойып… далада түнеп…».

Сәбираның жүрегі өрекпіп аузына тығылды. Қарулы бір қол орнынан жұлып алғандай шалқасына аунап түсті. Жүрегі дүрс-дүрс соғып жатыр. Күзгі жаңбыр терезені тырс-тырс ұрып тұр. Басқадай дыбыс жоқ. Жастығына бұршақ-бұршақ жас боп тамған жаңағы ашу мен ызаның, өкпе мен реніштің орнында енді тек өзек өртер өкініш қана қалған. Неге өкінеді, не үшін өкінеді? Жұмыр басты пенде ретінде, жаны нәзік, тәні әлсіз әйел заты ретінде бұның да ақылын ашу жеңген кезі аз ба еді. Жоқ, аз емес, көп, көп! Ойлай берсең, шыға береді. «Жоқ, ойламаймын! – деді Сәбира тістеніп. – Ойлағаннан ешкім де, ешнәрсе де қайта оралмайды. Құрысын бәрі, ұйықтауым керек…».

Аунақшып-дөңбекшіп қаншама жатқаны есінде жоқ, не заматта кірпігі іліне бергені сол… тағы да Ерсайынды көрді. Шашы жалбырап есіктің арғы жағында тұр. Бұл бергі жағында оған түймедей тесіктен қарайды. «Есікті ашшы» дейді ол жалынышты дауыстап. «Кет, кет! Көзіме көрінбе!» дейді бұл айқайлап… Айқайлап жатып оянып кетті. Атып тұрып бөлменің шамын жақты. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Атқақтап келіп аузына тірелгендей. Дәрі ішпек болып, жанында жатқан ақ сөмкенің аузын ашты. Дәріден бұрын қолына қара дәптер ілікті. Ерсайынның дәптері. Мана Сейілбек берген.

Төсегінде шоқиып отырып дәптерді асықпай парақтауға кірісті. Басын «Күнделік» деп бастаған жүз беттей дүниенің жартысынан астамы маржандай тізілген әдемі жазумен, көк сиямен толық толтырыпты. Қалған жағы ақ күйінде қалған. Кейбір беттердің соңында бір-екі шумақтан өлеңдер бар. Дәптердің ең соңы да сондай бір өлеңмен аяқталыпты. Оқыды.

От боп жанып жүрегім күндіз ысып,

Түнде жаным жүреді жұлдыз құшып.

Өздеріңмен өлеңім сан сырласар

Көздеріңнен кеткенде бұл-бұл ұшып.

Сәбираға бұл онша әсер еткен жоқ. Өйткені өлең оқуды өзі аса ұнатпайтын. Ал тыңдаудан әбден жалыққан. Жалықтырған Ерсайынның өзі еді.

Парақтарды кері аударып, бірінші бетке қайта ауысты. Оқып отыр.

«17 сентябрь, 1978 ж.

Бүгін Толстойдың «Күнделіктерін» оқып бітірдім. Ол – әдеби шығармаларында, сөз жоқ, пайғамбар тектес ұлы адам, ал мына «күнделіктерінде» біз сияқты кәдімгі пенде. Ол да қателеседі, ол да түп-түзу жолда шалыс басады. Сүрінеді, құлайды, қайта тұрады. Қысқасы, оның бүкіл өмірі күрестен ғана тұрады. Өмірмен күрес, өзімен күрес. Соңында ылғи да –жеңіс. Сол жеңістің арқасында 90 том кітап жазған. Ал мен? Биттің қабығындай бір жинағым жарық көріп еді, ханды өлтіріп, қалмақты қырып салғандай өз буыма өзім пісіп жүрмін. Күнде – кафе, күнде – бар. Жемтігін боқтың арасынан іздеген сасыққоңыз сияқтымын… Болды! Жетті! Менің бірінші жауым – өзім. Бүгіннен бастап өзіммен-өзім күресем. Және жеңемін де! Сөз осы!..».

Сәбира күрсінді. Күрсінді де, келесі бетті ашты.

«4 декабрь, 1978 ж.

Жақсы жүрмін. Көңілдімін. Үш айдан бері үйден түзу шығып, түзу келемін. Кеше журналдың соңғы санын дайындап отырып қалай түн болғанын білмей қаппын, үйге кіргенімде Сәбира бетіме үрейлене қарап тұрды да, сосын жымиып: «Қолыңды жу. Тамақ ішейік», – деді. Даусы жұп-жұмсақ шықты. Қандай жақсы! Конституция күніне орай редакция 50 сом премия берген. Оны да Сәбираның қолына ұстаттым. Тағы да жымиды. Жымиып тұрып 10 сомын өзіме қайтарды. Осы сәтте ол маған соншама сүйкімді көрінді. Сәбирашым менің! Бақытым менің! Мені өстіп ылғи да еркелете берші».

«Иә, бізде ондай күндер де болған, – деді Сәбира іштей күбірлеп. – Әсіресе алғашқы жылдары…». Сол күндердің нәп-нәзік елестерін бұл кейбір ұйқысыз түндері көріп те қалады. Оны көргенде… қызық, ылғи да Ерсайынның мына бір қылығы жып-жылы боп есіне түсер еді… Кейде ол түк себепсіз бұған жақындап келетін де, шашынан бір иіскеп кете беретін. Бір ғана иіскеп. Жай ғана. Сонысы құшақтап сүйгенінен де, небір тәтті сөзінен де – бәрі-бәрінен артық еді ғой.

Бұдан кейінгі жазуын сегіз айдан кейін ғана жалғастырыпты.

«1 сентябрь, 1979 ж.

Ашу үстінде Сәбираға жаман сөз айтып қойдым. Өте жаман сөз. Бекер-ақ айттым. Бекер-ақ. Сөз мектептен шықты. Бұдан екі жыл бұрын менің бүкіл қарсылығыма қарамай ұлды орыс мектебіне беріп еді. Енді, міне 1 класқа баратын қызды да солай істегелі отыр. «Бала қай тілде оқыса, ол сол тілдің адамы» дедім оған. «Тілі басқа адамның – жаны да басқа болады. Құдай үшін бұл қызды қазақша оқытайықшы» дедім жалынып. Ол бетіме жалт қарады да: «Қазақша оқыған осы сен адамсың ба? Достарың адам ба?» – деді. Сілейдім де қалдым. Көзім қарауытып кетті. Тек ес жиған сәтте: «Әй, Сәбира-ай, түбінде сен жалғыз қаласың-ау, жалғыз қаласың» – дедім де жүре бердім. Бекер-ақ айттым. Бекер-ақ болды. Жалғыздықты жауыма тілемес едім…».

Меңіреу тыныштық. Терезені тырс-тырс ұрған манағы жаңбыр да басылған. Шыны бетінде кесек-кесек тамшылар көз жасындай мөлдірейді. Төбедегі үш ашалы шамның біреуі ғана жанып тұр. Бөлме іші күңгірт. Сазарған, мелшиген төрт қабырға. Бұл төрт қабырғаның ортасында ойбай салып өлдім десең де даусыңды ешкім естімейді. Оң жақтағы сарғыш есіктің аузында шынжыры салбыраған ақ кілт. Бір кездегі ұл мен қыздың бөлмесі. Сәбира оған аптасына бір рет кіріп, шаңын сүртіп шығады… Бес жыл бұрын ұл кеткен қаңғып Мәскеуге. Одан екі жыл бұрын қыз аттанған Алжирге бір сақалдыға ілесіп… Сәбира жылағысы келді. Бірақ жылай алмады. Жылай-жылай көз жасы да әбден таусылған сияқты…

Неге екені белгісіз, келесі беттерде күндер көрсетіліпті де, жылы жазылмапты. Және бұрынғы әдемі жазу да жоқ. Қаламы ақ қағазды тырнап, әр сөзі зорға сүйретіліп түскені байқалады. Міне, «13 қаңтардағы» сөзі.

«Құрып барамын. Құлдырап барамын. Мен қазір жеті ай бұрынғы Ерсайын емеспін. Өмір сүруден мүлдем шаршадым. «Өмір» деймін, менде бүгінде не өмір бар?! Таңертең үйден сүмірейіп шығамын, кешке сүйретіліп жетемін. Бұрын табалдырықтан аттай бергенде «па-а-па пришел!» деп мойныма тура асылатын ұл мен қыз да енді мені жатсына бастаған. Екеуі екі бұрышта томпияды. Шаштарынан бір-бір иіскеймін де, бөлмеме беттеймін…

…«Көр де тұр, бұ балалар түбінде менен де, шешесінен де безеді. Өзінің ана тілінде сөйлеп, өзінің ұлттық дәстүрінен нәр алмаған баладан қайыр күтудің қажеті жоқ… Менің күн санап осыған көзім жетіп келеді. Кеше ғана «па-а-па пришел!» деп қуанатын балаларым қазір өзгерген. Олар үйге мен келсем, қуанбайды, бөтен адамдай жатырқап қарайтын болған. Мені қойшы, онсыз да біткен адаммын, Сәбираға қиын болады-ау! Қиын болады…».

Сәбира іштегі бар мұң мен шерін аузынан «ытқытып» жіберердей ауыр күрсінді. «Қайран Ерсайын, сен сонау 80-жылдардың басында-ақ баламыздың түбінде бізден безерін, жатбауыр, тасжүрек боларын біліпсің-ау!

Сәбира бағана ғана ұйықтай алмай аунақшып-дөңбекшіп жатқанын ұмытып кетті. Қайтыс болардан бір жыл бұрынғы Ерсайын көз алдына келіп тұрып алды. Тура алдында тұр. Үстінде манағы экраннан көрген көк курткасы… қызыл свитері. Иә, ауырып жүрген кезі. Қыр мұрынды қараторы жүзі жүдеу тартқан. Самай жағы ағарған толқынды бұйра шашы әдеттегідей ұйпа-тұйпа. Ұялы қара көзінде әлдебір мұң бар. Күнделікті оқыған сайын сол көзіндегі мұңды түсінгендей болады Сәбира.

Осылай он жыл бұрын мәңгілік мекенге аттанған күйеуімен сырласамын деп ойлапты ма? Бұрын қалай байқамаған, Ерсайынның жүрегі кең екен ғой, кең екен… «Жұрттың табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсайшы» деп өмір сүріпті Ерсайын. Күнделікті оқыған сайын кешегі құрыған Ерсайын көз алдында биіктеп барады. Биіктеп барады…

Сәбира енді қара дәптердің орта тұсын ашып оқи бастады.

«23 қаңтар.

«Мен адам емеспін. Ұят-ай! Мұншалықты ардан безердей, я, Құдай, саған не жаздым? Неге мұнша аздырдың мені! Кеше тағы ішіп үйге келдім. Сәбира үйге кіргізбей қойды. Өткен жолы далада түнеймін деп суық тигізіп алып, он күн емханада жаттым. Әзер дегенде аяққа тұрдым.

Дәлізде арлы-бері сүйретіліп жүр едім, Күнсұлу есігін ашты. Ішке шақырды, алдымен әңгімелесіп отырып шай іштік, одан кейін екеуміз «у-заһардан» біраз сілтеп жіберсек керек. …Ұят-ай. Бір есімді жисам, Күнсұлудың төсегінде теңкиіп жатырмын. Сұмдық-ай, оң қолымды жастанып Күнсұлу ұйықтап жатыр. Мұны Сәбира естісе, не болады? Осыншалық құрдымға түсерліктей не қара басты мені… Күнсұлу түк болмағандай: «Сәбира қуып жібергенде ұялмай-ақ маған келе бер», – дейді сықылықтап. Ол Сәбираның ең сенімді құрбысы ғой. Сол құрбысының бұл қылығын білмейді-ау. Білмейді… Мен адам емес, құрып барамын, кешірші мені, Сәбира. Кешірші…».

Сәбира әлдебіреу қақ маңдайдан күрзімен бір пергендей есеңгіреп қалды. Мүмкін емес, Шекер болса бір сәрі, бұл Күнсұлумен де шатасқан ба? Бетіме күнде күліп, түк болмағандай сыр ақтарысып жүрген Күнсұлудың бір тырнағы ішінде бүгулі екенін қалай байқамағам? Қалай?

Күнсұлу, мен сенген Күнсұлу бетіме күліп қойып Ерсайынды бай етіп жүріпті ғой. Мүмкін емес. Бәсе, бағана ас кезінде: «Осы отырған қайсымыз Ерсайынды қорғай білдік? Жоқ, қорғамақ түгіл, жарға қарай итере түстік», – деп ділмәрсуі бекер емес екен.

Сәбира жылап жіберді. Ішін қызғаныштың қызыл оты қарып барады. Манағы ресторанда Шекердің оқыған өлеңі қайта есіне түсті.

Келтірмеңдер маған сөз,

Өлтірмеңдер мені ерте!

Салдақы… деп даусы қатты шығып кетті. Мен оның шашы ұйпа-тұйпа болған Ерсайынды таңсәріде есігінен шығарып тұрғанын қалай ұмытайын.

Сәбира күнделікті оқуын доғарып, жүз бетке жуық жазбаның ішінен Шекердің атын іздей бастады. Тапты… қызғанышпен оқи бастады… «16 март. «Шекер – әйел емес, періште» деп бастапты сөзін.

«Бұл өмірде біз – еркектер қауымы әйелдерге кінә артуға шеберміз. Олардың барлығын күнәһар етіп, сосын түрлі өсек әңгімені гөй-гөйлетеміз. Шекер – тұрмыста бағы жанбаған болса да, өзінің артына бір жаман сөз ертпеген әйел. Бәленбай жыл көрші тұрып, осы үйге ұрын келген бөтен еркекті көрмеппін».

Пах, десеңізші… Сәбира кекесінмен күліп жіберді. «Сонда сен бөтен еркек емеспісің?! Періштені алыстан емес, есікпе-есік көршіден оңай тапқан екенсің албасты…

Манағы Сәбира үшін, балалары үшін, ұлты үшін азап тартып, елдің ертеңі үшін көз жасын көл етіп отырған Ерсайын көз алдында жоқ болып кетті. Оның орнын баяғы шашы дудыраған Ерсайын, баяғы ішкіш Ерсайын басты…

«Мен Шекерді періште деп отыруым бекер емес. Кеше тағы да Сәбира үйге кіргізбей қойды. Қас қылғандай Күнсұлу да үйінде жоқ екен. Енді бір күн далада түнесем, өлемін ғой, өлем ғой… Онсыз да күн санап көзімнің жанары семіп барады. Мен сүйген, мені сүйген Сәбира тасжүрек болып алды. Бұл, бәлкім, Күнсұлу екеуміздің арамыздағыны білетін шығар. Өзім де оңбаймын-ау. Сәбираның көзіне шөп салғанша, неге өле қалмадым…

Өкпем сырылдап, денем қалтырап бара жатқан соң, амалсыз Шекердің есігін қақтым. Оның «кіргізбеймін» дегеніне көнбей үйіне кіріп алдым. Ол алдымен ыстық шай құйып берді. Шайы қандай дәмді еді. Кезінде Сәбираның да шайі осындай болатын. Онымен қоя салмай, «Ерсайын, арақ ішпесеңші, өліп қаласың» деп ұрысты. Шекердің ұрысқанының өзі қандай әдемі! Кәдімгідей ұялып қалдым.

Мен ас бөлмеде отырғанмын. Шекер әлденемен әуреленіп төр бөлмеде жүр. Бір кезде «Төсегіңіз дайын, жатып демалыңыз» деді. Ас бөлмеден шыға беріп, тоқтап қалдым. Әжетхана мен асхананың ортасында, дәл дәлізде, есіктің көзіне төсек салып қойыпты. «Сенің орның есіктің алды» дегенді осылай-ақ ұқтырды Шекер…

Мен бұған өкпелеген жоқпын. Өмірде дәл осындай періште әйелдер бар екенін көзіммен көріп қуандым. Шекер секілді әйелдер тірі болса, бұл өмірдің құны арта береді».

Сәбира өз көзіне өзі сенер емес. Ерсайын көз алдында қайтадан биіктеп бара жатыр. Сондай аптал азаматты ерте өлтірген мен екенмін ғой. Шекердің екі шумақ өлең сөзді маған қарата айтуы тегін емес екен. Сәбира жүгіріп барып Шекерден кешірім сұрағысы келді. Көп жылдардан бері оны бостан-босқа қаралап келгенін айтып кешірім сұрамақ Сәбира. Жоқ, Шекерден неге кешірім сұрайды? Ерсайынды құлатып алып, аузына арақ құйған жоқ қой бұл. Жынды баймен алысып, әп-әдемі өмірін қор етті. Енді, міне кім көрінгеннен «ішіп келгенде әйелі үйге кіргізбей қойыпты, содан өліпті» дегенді де естіп отыр.

«Шынында да, Ерсайынды мен өлтірген жоқпын ба?». Қайдан келгені белгісіз осы ой басына сап ете түскені сол еді, Сәбираның іші алай-дүлей болып кетті. Ерсайын-
ның әруағының алдында кешірім сұраса, бір жеңілдеп қалатындай, манағы елдің табасы сөгіліп, сетінеп кетердей күйге түсті.

Шындығында ол Ерсайынның әруағынан кешірім өтінсе, Мәскеу мен Алжирге кеткен балалары қайтып келетін шығар. Баяғы бақытты шақтары қайта оралар.

Иә, Құдай, бар екенің рас болса менің көз алдыма Ерсайынды бір көрсетші. Бір мәрте… Жалынып-жалбарынып кешірім сұрайыншы… Мен оның жанын түсінбеппін.

Сәбира егіліп көп жылады. Қой деп жұбатқан ешкім жоқ. Шаршады… Ұйықтау керек, ұйықтау үшін сомнол дәрісін ішуі тиіс. Бағана осы дәріні іздемеп пе еді. Қолына қапелімде қара дәптер түскен. Сәбира сомнолдың біреуін, артынша екіншісін, ізінше үшіншісін қылғытты. Маужырай бастады.

Сәбираның жүрегі өрекпіп аузына тығылды. Қарулы бір қол орнынан жұлып алғандай шалқасына аунап түсті. Жүрегі дүрс-дүрс соғып жатыр. Күзгі жаңбыр терезені тырс-тырс ұрып тұр. Басқадай дыбыс жоқ. Сонда да Ерсайыннан кешірім сұрағысы келетінін қайта-қайта айтып, Құдайдан тілеп жатыр. Міне, Құдай тілеуін берді, Ерсайын келеді. Бұрынғыдай араққа тойып алған. Сәбира орнынан атып тұрып есіктің алдына барды. Тың тыңдады. Тым-тырыс. Кенет есікті біреу қатты-қатты соғып жіберді. Сәбираның жүрегі дір ете түсті. Ерсайын ішіп келген кезде қоңырау баспай, есікті дәл осылай ұрып тұрушы еді. Есік тағы да қатты дүрсілдеді. Ерсайынның көзі күлбілтеленіп ісіп кетіпті. Шашы жалбырап есіктің арғы жағында тұр. Бұл бергі жағында оған түймедей тесіктен қарайды. «Есікті ашшы» дейді ол жалынышты дауыстап. «Кет, кет! Көзіме көрінбе!» дейді бұл айқайлап… Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Атқақтап келіп аузына тірелгендей. Сәбира бағана кешірім сұраймын деп Құдайға жалбарынған жоқ па еді. Онысын ұмытты…

Дереу асханаға жүгіріп кірді. Кірді де қолына оқтау алып, қайта шықты.

«Ой, алқаш, сен тағы да ішіп келдің бе, қазір сенің…».

Оянып кетті… Жылап жатыр екен… Көзін сүртпекші болып қозғалып еді, қолындағы оқтау еденге тарс етті.

2015 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы