Кестелі сәтен орамал

Кестелі сәтен орамал –
Әжемнен қалған көз еді…
…Оның да жастық кезі еді,
Өртеніп жүрек өзегі,
Сезімнің тасып өзені,
Гүлденіп жасыл кезеңі
Бойжеткен кезде булығып,
Айта алмай жүрген сөзі еді.
Сондағы тілсіз тіл болған
Кестелі аппақ бөз еді.

Кестелі сәтен орамал –
Атамнан қалған асыл-ды.
(Жиегі көкшіл жасыл-ды).
Махаббат деген ғажапқа
Имессің қалай басыңды,
Төкпессің қалай жасыңды.
Бұл орамал жылатқан,
Мағжанды да, Қасымды.
Бұл орамал жалғаған,
Ғасырлар мен ғасырды.
Жүрегі оттай маздаған,
Бар ма ақын оны жазбаған!

Кестелі сәтен орамал –
Жеңгемнен қалған мұра еді…
Ортасы қызыл гүл еді,
Гүл емес-ау – жеңгемнің
Лүпілдей соққан жүрегі.
Жеңгем де менің құлпырған
Қып-қызыл гүлдің бірі еді.
Серпілуші еді ол күлсе,
Қап-қара түннің түнегі.
Сол жеңгемнің тілегі
Кестелі аппақ бөз болып,
Құмар қанбас көз көріп,
Бақытына кез келіп
Қалтасында жүруші ед,
Қайран да менің ағамның
«Сүйемін» деген сөз болып…

Кестелі сәтен орамал –
Сыйладың, қалқам… бұл қалай?
Қоштасып кеткен жастығым
Қолын да кейін бұлғамай.
Төменге бүгін қараймын
Құз басындағы құлжадай.
Сыйыңа тартқан сыйлығым –
Осы өлең болсын, Гүлжан-ай!
Ерекше туған бір жан-ай,
Гүлжан-ай!..

7 наурыз, 2001 жыл  

Дидахмет
Әшімханұлы