КЕК П. Пурэвсуран

П. Пурэвсуран,
моңғол жазушысы.
Аударған – Дидахмет Әшімханұлы


КЕК


Түн. Шағын жерошақтан шалқи көтерілген жалын қараңғылықты бірде
қақырата сөгіп, енді бірде әптігін әлдебір күш басқандай жалп етіп сөніп,
төңірек лезде түнере қалады. Жалын қайта жалаң қаққанда түнге қарай тұсап
қойған біздің үш ат та жарқ етіп көрінеді де, қас қағым өтпей қайта қара
түнек қойнына сіңіп кетеді. Дзэмбэ қарт отқа жиі-жиі жыңғыл мен жебір
тастап қойып, ет қақтап отыр; селдір сақалды әжімді жүзі қызыл алаумен
бірге қызара бөртіп, қыртыс-тыртысы жазыла береді, сосын сумаңдаған
жалын тілі қысқара бастағанда әлгі әжімдері тіптен тереңдеп, суалған беттің
ой-шұңқырлары ұлғая түседі.
Оттың бір шетінде жамбасыма тоқым төсеп жатқан мен қарт жүзінде сан
құбылған осы сәулеге қарап: «Міне, саған «От басында» деген суреттің дапдайын сюжеті» деп ойлаймын. Дзэмбэ-гуай сүмбе ұшынан піскен етті
суырып, жалпақ тасқа қояды да, сұқ саусағына жұққан майды бір жалап
алып, келесі түйірді шаншиды.
Күздің қоңырсалқын түні. Жусан мен жабайы жуаның ащы иісі аңқиды;
түннің аласа аспанында жұлдыз жымы қалыңдап, жамырай жымың қағады;
«Ер жігіттің панасы – елсіз жердің даласы» деген сөз еріксіз еске түседі…
Төңіректе селт еткен дыбыс жоқ, тек оқта-санда естілген әлдебір құстың
шырылы мен аттардың пысқыруы, отқа шыжғырылған ет майының шытыршытыр жануы ғана меңіреу мекенге тіршілік тынысын сездіргендей. Біз де
үнсізбіз, біраз күндік жолда бар әңгімені тауысып тастап, біріміз ет қақтап,
енді біріміз кешкі асты күтумен ойға шомып жатқан жайымыз осы.
Шал екеуміз үш күн бойы Гоби шөлінде малтығып, сексеуіл тоғайларын
бұзып-жарып өтіп, қия беткейлер мен құм шағылдарға тырмыса шығып,
шыбын-шіркей құжынаған осы меңіреу мекенге әзер жеткенбіз. Бұл жерге
мен қызық іздеп, қиял қуып келгем жоқ, бейнелеу өнері институтын аяқтарда
өзім таңдап алған «Ұлы Гоби айшықтары» атты диплом жұмысымның
алғашқы кескіндерін түсіріп қайтуды көздегенмін. Алыс жолға аттанарда осы
бір ақкөңіл, қызыққұмар шалға жолсерік болуын өтінгенімде, ол бірден
келісім берген. Алғашында қария менің эскиздерім мен кескіндеріме қызыға
қарап жүрді де, кейін біртіндеп суи бастады. Тартылып құрғап қалған көл
жағасындағы түйелерді кеше қағазға түсіріп жатсам, ол біртүрлі
жанашырлықпен:
– Балам, сен мынадай зат, сатып алмайсың ба? – дейді. – Кішкентай
шыны тесігі бар. Сол тесікті сығалап тұрып, түймесін шырт еткізсең, қалаған
суретін қағазға шыға келеді. Атын «Апрад» дейді оның. Сондай «Апрадың»
болса, бүйтіп қиналмас едің. Жол бастап жүргенде мен оны геологтардан
көргенім бар. Олар менің де суретімді шығарып берген. – Сонда қалай, менің
суреттерім нашар ма? – деймін ұрлана жымиып.
Шал селдір сақалын саумалай тарап, маған сығырая қараған.
– Жоқ, сен жақсы саласың, бірақ… тым ақырын. Және суреттерің де…
қалай десем екен?.. Өмірдің тура өзіне ұқсамайтын секілді.
Мен оған фотография мен живопистің айырмашылығын өзімше
түсіндірген боламын, алайда ол сөзіме иланған ыңғай білдірмейді.
…Міне, ол соңғы түйір етті де қақтап бітті.
– Ал, же. Мен өзім иісіне-ақ тойып қалдым. – Шал қоржыннан ағаш
тостағандарды суырып, сақылдап қайнаған шәугімді жанына жақындатып
қойды.
Қақталған тәтті етті аса бір тәбетпен аузыма сала бергенімде… кенет «аа-у-у-у» деген ащы дауыс тып-тымық түнді дір еткізгендей болды. Жалпақ
тасқа етті жапырақтап турап отырған шал да тастай қатқан. Дауыс шыққан
жаққа құлақ тосып, сопақтау басы қисая қалыпты… Міне, әлгі үн тағы
естілді: а-а-у-у-у!
– Қасқыр шығар… – дедім ақырын.
Шал селк ете түсіп, етек-жеңін жинап алды да, бір түйір етті сылпылдата
шайнай бастады. Сонан соң мұрын астынан міңгірлеп:
– Соның өзі, – деді жай ғана.
Жыртқыштың жақын жүргенін сезген аттар пысқырынып, тастақ жерді
гүрс-гүрс тарпиды. Отқа қадала қараған қалпы шал да тырп етпей тың
тыңдайды. Сөйте отырып әлденені түсініксіз күбірлейді.
– Доригтің әруағы… Доригтің әруағы…
– Не? Не айтып отырсыз? – деймін мен де ақырын сыбырлап.
Ол маған таңдана көз қадайды. Құдды «мен не айттым?» дейтін сияқты.
Сонан соң енжар кейіппен:
– Ә, жайша ғой, – деп қол сілтей салған.
Бірақ оның осы «жайша» сөзі мені бір қызық әңгімеге жетелегендей еді.
Не де болса соны айтқызбай тақымдап қоймасымды сезді ме, шал не заматта:
– Анау тас шағылды ертеректе Шэзгий толгод деуші еді, – деп бастады
әңгімесін. – Былай қарағанда ол аса биік те емес, бірақ құлама құздары мен
шыңырау шатқалдарынан сайтан да сирағын сындырмай өте алмайды.
Жасырынған жауыңды да, жоғалған ешкіңді де ол жерден сүзу бос әуре –
итпен іздесең таппайсың. Жықпыл-жықпылында жыртылып айрылар қасқыр
қаншама! Олар ашық далаға қарай қарға адым ұзап шықса, аңшылар
қалпақтай қағып алар еді, сосын мұнда амалсыз тас тасалап жүрет те.
Қайнары жерден қайнап шығып жатса да, бұл төңірек ежелден елге қоныс
болмаған, бұрын аты да жоқ-ты, қазір Бөрілі дейді, ал шоқыны Доригийтолгод – Дориг шоқысы атап кеткен…
Дзэмбэ-гуай кесесін шай сарқытымен шайып, тасқа төңкеріп қойды да,
қорқорын езуіне қыстырған күйі жұлдызды аспанға жүзін қаратып, тоқым
үстіне шалқалай жатты. Қоламтаны қозғап, отты қайта қоздатқан соң, мен де
шал жанына жамбастай қисайдым.
– Дориг шоқысы?… Аты қызық екен, – дедім сосын.
– Қызығын қайдам, – деп шал қабақ шытты. – Тар заманнан қалған ол да
бір тарих та.
– Сол тарихтан сыр қозғамайсыз ба?
– Асықпа, алдымен жайғасып жатайық.
Пысылдап бықси бастаған шала бастарын ысырғаннан кейін жерошақ
жалыны тағы шалқи көтерілді. От жарығымен жол төсектерімізді жайлап
төседік те жатуға кірістік.
– Қасқырлар ұлығанын қойды, – дедім жылы қымтана түсіп.
– Қай жерде қанша ұлитынын ит те біледі… – Дзэмбэ-гуай отқа
шынтақтай жақындап, асықпай қорқорын тұтатты. Асықпай аузынан түтінін
будақтата отырып, қап-қара болып түнеріп тұрған Дориг шоқысына көз
қадаған.
Мен оқтаулы мылтықты жастанып жатып: «Шал сол шоқыға түнеуге
неге қарсы болды десем, қасқырдан қорыққан екен ғой» деп түйдім.
Кенжелеп ай туды. Төңірекке ақсары шапақ ұялап, аспанның жігі
білініп, жерден биіктей түсті. Күздің жанға жайлы мақпал түні… Өлеусіреп
от та өшкен.
– Дзэмбэ-гуай!..
– Ол өзі ертеректе болған оқиға еді, – деп бастады шал әңгімесін. – Одан
бері көп жыл өтті ғой. Осы жерде, Қиян құдық даласында Чойво деген қария
түтін түтетуші еді. Аздаған аша тұяғы, ескі де болса еңселі киіз үйі бартұғын.
Өзі тырли арық, көп сөйлемейтін тұйық шал болатын. Біреудің үйіне бас
сұқса, босағадағы пешке қараған қалпы темекісін үнсіз сорып отыра береді –
тек сұраққа селт етпесе, суырылып сөйлер ол емес. Кемпірі де тура осындай
адам – «апама жездем сайдың» нақ өздері. Екеуінің тұйықтығы сондай, тіпті
киіз үйлерін түртіп қалсаң, туырлығы күңгірлеп қоя беретіндей еді.
Елдің айтуынша, көп жыл бұрын жалғыз ұлдарын шекара қызметіне
алғаннан бастап, олар осындай күйге түскен. Содан бері одан хабар-ошар
жоқ көрінеді. Бірақ шал-кемпір ақырғы демдері біткенше жалғыз тұяқтың
тілеуін тілеп отыра береді. Ғұмыр бойы: «Ұлым менің, Доригім» деп өткен
жарықтық кейуана кемпірдің соңғы сөзі де сол болады. Мойнына бұршақ
салып күткен ұлын көре алмай кеткен оны жұрт аянышпен ақтық сапарға
шығарып салысымен, көп өтпей-ақ Дориг көктен түскендей жетіп келсін!
Және өзімен бірге қымбат олжаларын сықай артқан екі атты да жетелей
жетіпті. Жүзі желге тотығып, қалың қара қасының астына ұрлана кірген
кішірек көзі ұшқындап, құлағы қасқырдың құлақтарындай артына жылмия
жатып, күш-қуаты толғанын аңғартқандай бұлшық еттері қайың безіндей
бұлтия түсіпті. Екі-үш күн үйде демалған соң, ол ағайын-туған, көршіқолаңды аралауға кіріскен. Анасының қазасына көңіл айтқан ақсақалдар
оның алдында өздерін біртүрлі кінәлі сезінгені де рас. Алайда, бір қызығы,
бұл қаза Доригке аса батпаған секілді, қиық көздерінің құйрығында
әлдеқандай жымысқы күлкі ойнап, құдды ғұмыры анасы болмағандай
қаперсіз жүре берген. Сенсеңіз, ана қабіріне барып, бас та иген жоқ. Есесіне
алдымен хощун нояндары мен билеушілеріне тағзым етіп, олардың өздеріне
алтын сағат, әшекейлі ұзын қорқор, қытай арағын сыйға тартқан да,
әйелдеріне қымбат жібек пен жалтылдаған парча жапқан. Олармен
думандатып, той-тойлап жүріп, ақыры ол аз-ақ күнде жоғарғы топтың «өз
адамы» болып шыға келген.
Өз айтуына қарағанда, ол шекара әскерінде алты жыл қызмет істепті де,
сосын «ел мен жер көріп, өнер-білім алу үшін» кең дүниені кезіп кете барған.
Бірақ шындық жерде жата ма, әскери қызметтен соң Дориг әлдебір
баукеспелермен бауырласқан екен, олармен кінәсіз сан адамның қанын төгіп,
арам кәсіппен қоржынын қампайтқан екен, – деген сөз сыпсыңдап жүрді.
Қалай дегенмен, жұрт одан жақсылық күтпеген. Тек бір қызығарлығы –
бесатармен бірер шақырым жердегі қоянды көздемей жалп еткізетін.
Кейде ол ізім-ғайым жоқ болып кетеді де, адамдар ұмыта бастаған кезде
әлдеқайдан тағы жетіп келеді, тағы да мол олжамен оралады. Оралысымен
хощундағы бірде-бір сауық-сайранды құр жібермей көңіл көтереді. Сондай
күндері қарсы келген адамын қамшымен ұрып, жұдырықпен жығып, әйтеуір,
ешкімді бет қаратпайды.
Байғұс Чойво-гуай біраздан соң оның илеуіндегі құлына айналған.
Аузына ас, астына ат тартатын да сол – әкесі. Бұрын да аз сөйлейтін адам,
енді мүлде мақау болып қалғандай еді, киіз үй түбінде күн ұзақ үнсіз
отырады да қояды…
Бірде жергілікті жігіттер хощун билеушілеріне Доригтің үстінен арыз
айтып барған еді, бірінің басы жарылып, бірінің тісі сынып, үйлерін әзер
тапқан-ды.
Ол – сендер тәлкек ететін жан емес, Монғолияға еңбегі сіңген адам.
Соны ұғып алыңдар! Төбелеріңнен аздап тоқай алғанымызға риза
болғандарың жөн. Әйтпесе, жон терілеріңді сыпырып алу оп-оңай, – деп
хощун билеушісі оларды ит қосып шығарып салыпты.
Бұдан соң Дориг тіптен есіре түсті, хощун қыздарын «берсе қолынан,
бермесе жолынан» тартып алып, жігіттерді соғып, үйірдегі айғырдай
азынаған.
Күзде Доригтің бір жаққа шұғыл аттанған кезінде Чойво қарт қатты
ауырды. Соңғы түні жанында екі-ақ шал болды. Бейшара қарт оларға ең
соңғы сөзін айтқан еді.
– Қайтейін, тозаққа аттанар сәт келді. Күнәһарды өсіріп-жеткізген адам
да – күнәһар. Ондай пенденің орны тек – тозақ… Кемпірім бақытты екен!
Зарыға күтіп зар жылап қамыққаны үшін құдай оны жұмаққа жібергеніне мен
сенемін… Әлгі арсыз ұлды сендер қайда деп ойлайсыңдар? Қазір
керуендердің сабылып жатқан кезі ғой… Жуықта мұнда өзі сияқты екі жігіт
келген. О тоба!.. Сонда олар не айтпады десеңші! Әр сөздері – күнә, қанға
батқан күнә! Кешіріңдер мені, атымды да енді ұмытыңдар…
Келесі көктемнің басында Дориг те оралған. Әкесінің өлімін естігенде
оның бар айтқаны:
– Жазмыштан озмыш жоқ. Бүкіл үй шаруасына бұдан былай жалғыз
шамам келмес, біреуді алуым керек.
Бұл сөз хощун қыздарын қарадай қалтыратқан. Алайда оның уысына
Дурийме ғана түсіп еді.
Сол уақытта ол қыз небәрі он жеті жаста болатын. Бота көздері қап-қара,
маржан тістері аппақ – несін айтасың, қыз баланың қызғалдағы еді ғой.
Анасы оны сәби кезінде-ақ керуенмен келген бір кербез адамның бауырына
басыпты деседі. Юндэн шаруа мен кәрі кемпірдің ыстық құшағында ол тал
шыбықтай бұралып бойжетіп еді. Екі қария оны туған немересіндей әлдилеп
баққаны да есімде. Сондай қызды тағдыр тәлкегінен арашалап қалуға
ешкімнің құдіреті жетпеді, не керек!..
Хощунның тайлы-тұяғы қалмай жиналса да, той көңілсіздеу өтті. Жұрт
бұрын Дурийме Мунж деген жігітті сүйеді екен деп жүретін; сол сөз рас
болса керек, тойдан кейін Мунж атын ерттеп алды да, алысқа кете барды.
Біреулер оны Урга жаққа аттаныпты десті.
Ал Юндэн-гуай болса, қаласын-қаламасын, күйеу баласымен бірге
көшіп, бірге қонып, мал соңында салпақтауға тура келді. «Егер қарияларға
қамқор адам табылса, диуана тірлікпен ел кезіп кетсем де арманым жоқ» деп
Дурийме оңашада құрбыларына мұңын шағушы еді.
Өстіп жылжып күндер өте берді.
Бірде Дориг біздің қотанға ат басын тіреді де:
– Дзэмбэ, ертең жаныңа Доржды ертіп, ертерек маған кел. Қасқыр
аулаймыз, – деді әмірлі.
Таңертең Дорж екеуміз оның киіз үйі алдында тұрдық.
– Мына жаман тырақыларың қасқыр түгіл қой қууға да жарамайды.
Мініңдер ана екеуін, – деді Дориг белдеуде байлаулы тұрған қос пырақты
нұсқап.
– Дзэмбэ, сен қолыңа тұзақты ұзын құрық ұста.
Сол мезетте оның қысық көздеріне қан толғандай қызарып тұрғаны да
әлі есімде.
Біз аттарға қарғып міндік те, құла түзге қарай құйындай жөнелдік.
– Атаңа нәлет, нағыз арғымағымнан айрылып қалдым, – деді Дориг
жолай. – Түнде арқандап қойып едім, таңертең көрсем… қарны ақтарылып
жатыр… Ондай су жорғаны, хощунды қойып, бүкіл Халкадан таппайсың!
Менің бурылшұбарымның қандай ат болғанын, әрине сендер білесіңдер ғой.
Расында бурылшұбар – аттың төресі еді. Мойнын созып жіберіп
суырыла шапқанда дүние шыр айналушы еді-ау! Сондағы тұяқ дүсірі мен
суылдаған желді айтсаңшы!
– Ондай атты арқандап ұстай ма екен! – дедік Дорж екеуіміз де
өкінішпен.
– Шідерлеп тастауға қимап едім байғұсты. Және таңертең ертерек
аттануды көздегем, – деді Дориг. Осыны айтқан кезде көздеріне тағы да
өшпенділік оты ойнап шыға келген. – Ол бұралқыларға көрсетермін бүгін
мен. Дәл қазір олар Шэзгий шоқысына шығуға тиіс.
Сонда біз осы екеуміз жатқан жердің солтүстігіндегі жалғыз аяқ
сүрлеумен жүріп отырып, Хавчар сарқырамасының түбіне жеткенбіз. Ол тұс
тақыр тазды, тастақты болғанымен қарақұйрық, елік, қоян дегендерің қойдай
өріп жүретін. Қайнап жатқан ақкөбік суға ат басын қойған кезде:
– Қараңдар, әне, үйірімен шықты! – деді Дориг кенет.
Селдір жыңғылды құм шағылға тырмысып бара жатқан бір қасқырды
көзіміз шалды. Соңында үш бөлтірігі бар.
– Бөлтіріктердің шаруасын өзім бітірем. Ал сен құрыққа қасқырды іл.
Тек тірі ұста! – деп Дориг атын ытқыта жөнелді.
Біз шағылға шауып жеткенде, қасқыр да құйрығын бұтына қысып,
етекке ыра тартқан. Жасырып үлгерсе керек, бөлтіріктері көрінбеді.
– Қанды басын бері тарт! Сал құрықты мойыннан, салып қал! – деп
Дориг ат үстінде айқайлап барады.
Біз қасқырды екі-үш шақырымдай суыт қуған соң, оны қапталдай
орағытып, алдын кесіп өттік те, басын қайта кері бұрдық. Алғашында артына
жиі-жиі мойын бұра орағыта қашқан ол біртіндеп кібіртіктей бастады. Оның
жазық жерде жарау аттардан сытылып кетуі екіталай еді. Осы мезетте
алдымыздан Дориг те құйындатып кеп қалған-ды.
– Сал құрықты мойнынан! Сосын ұшын маған бер! – дейді ол ышқына
дауыстап.
Тізгінді босатыңқырап, үзеңгіге шірене тұрдым да, қасқырмен қатарласа
бергенде құрық басындағы тұзақты көкжал мойынға дөп тастап үлгердім.
Қасқыр омақаса құлады. Ат екпінімен мен оны бірнеше қадам сүйреп те
кеттім.
– Тоқта! – деп айқай салған Дориг қанжығаға байланған қапты жерге
лақтырып тастап, аттан қарғып түсті. Түсті де тізгінді Доржға ұстата беріп,
өзі қылқына қырылдаған қасқырға жүгірген бойда беліндегі қайыс таспаны
да шешіп үлгерді. Онымен жыртқыштың аузын тұмылдырықтап байлап
жіберіп, мойыннан сыпырған құрық тұзақпен аяқтарын байлап тастады.
Осының бәрін қас қағымда істеп болған соң:
– Аттарды байлап, қапты мұнда әкеліңдер! – деді асығыс.
Қапта жалғыз бөлтірік бар екен. Қыңсылап тырбың-тырбың етеді.
– Қалғаны қолыма түспеді. Тығып тастапты, атаңа нәлет! – Дориг терін
сүртіп, темекі дорабысын суырды.
Бөлтіріктің қыңсылағанын естіді ме, әлде босанғысы келді ме белгісіз,
өкпесі соғып, ессіз жатқан қасқыр әлсіз қозғалып, тісін ақситты. Дорж
екеуміз қимылсыз тұрмыз. Дориг темекісін тартып болған соң, қорқорын
қонышына тықты да, белін жазды.
– Терісін тірідей сыпырып алайын бұның мен! – Ол бөлтірікті мойнынан
бұтаға байлап, жанына қаншықты дырылдата сүйреп келді.
– Аяғынан ұстаңдар. Қаттырақ! – Дориг қынынан әдемі сапты жіңішке
де өткір пышақты суырып алды.
– Бурылшұбарды жегенің үшін, мә, сыбағаңды ал! Мә, же! Қалай, тәтті
ме екен? Біліп ал менің кекті қалай қайтаратынымды! – дейді ол тісін
шықырлатып.
Теріні тұтас сыпырып болғаннан кейін қос құлағын түбінен ойып алды.
Қып-қызыл қанға бөккен жалаңаш қаншық тәлтіректей тұрып, бөлтірігінің
жанына жетті де, сылқ етіп құлап түсті. Шыққыр көзім соны несіне көрді
десеңші!.. Кейін сан рет түсімнен шошып оянғаным бар.
Әңгіменің осы тұсында қыстыға жөтелген шал қорқорына темекі
толтыруға кірісті.
– Несіне темекі тартасыз? Жөтелге бұл тым зиянды ғой, – деймін мен.
– Жоқ, балам, жаның қайта жадырай түседі.
Қорқордың оты тура жанымда жылтырайды. Ол темекісін қомағайлана
сора түседі. Танауынан будақтай шыққан қою түтін кең ауаға жайлап тарап
жатыр.
Толған ай төбеге көтерілген. Оның сүт сәулесімен жұлдыз жымы сиреп,
төңірек түгел анық көріне бастапты. Алыстан Дориг шоқысы қарауытады.
Шал әңгімесі еңсені басып, көкіректі құлазытып кеткен секілді.
– Сонымен не болды? – деймін ауыр тыныстап.
Шал қорқор күлін тасқа тықылдатын түсірді де, оны жастық астына
тығып, үнсіз ұзақ жатты.
– Не болушы еді? Біз үйге оралдық. Дориг бөлтірікті өзіне алды.
«Асыраймын, баулимын. Қасқыр қасқырдың қылтасын қиятын болады» –
деді ол.
Бұның бәрі жиырма төрт – жиырма бесінші жылдардың оқиғасы еді.
Революция біздің өлкеге кешігіп жеткенмен дүбірі жұртты дүр сілкіндіргенді. Хощун билігі Дэмбэрэл деген кедейдің қолына тиді. Байлардың жүні
жығылып, жалаңаяқ біздер еркін тыныстай бастадық.
Доригтің де әптігі басылып қалған. Бірақ үйдегі үстемдігі бұрынғыдай
дәуірлеп тұра берді. Бұл уақытта бөлтірік те бауыр көтеріп, қан иісін сезе
бастап еді. Кешкі ымыртта шоқиып отырады да, тұмсығын көкке көтеріп,
ұзақ-ұзақ ұлиды. Дориг оған кейде қоян мен қарақұйрық шалдырады. Енді
бірде аузына таяқ тығып, ырылдатуды ермек етеді. Қала берді Дурийменің
басқан ізін аңдиды – арам пиғылмен әркімнен бір қызғанат та баяғы.
Өлкедегі көп өзгеріс Дуриймеге де әсер етпей қойған жоқ, бұғаулы тірліктен
бұлқынып шығар сәтті ол да асыға күткені рас. Және сол күндері Мунждың
Ургадан оралып, хощундегі атқамінерлердің бірі болғаны туралы сөз тараған.
Бұны естігенде Доригтің қаны тіптен қарая түскен-ді.
Бір күні үйге кешігіп келген Дуриймеге ол: «Өрісте кіммен кезігіп
жүрсің?!» дейді сұқтанып. Дурийме: «Онда сенің не шаруаң бар? Енді мен
еркіндіктегі аратпын» дейді тайсалмай. Дориг оны қоянға түскен бүркіттей
бүріп, аузына шүберек тығып жібереді де, тепкінің астына алады. Әбден
есінен танған кезде сыртқа сүйретіп шығып, киіз үй белдеуіне байлап
тастайды. Сонан соң таңертең ғана шешіп алып, үйге кіргізген соң:
– Қалай, еркіндіктің не екенін білдің бе? – дейді ол тәубасын үйірді-ау
деген оймен.
– Қанішер неме, «есінен тандырдым, өлтірдім» деген шығарсың! Жоқ,
сендей иттің ит өлімін көрмей көз жұмбаймын мен, – деп Дурийме оның
бетіне түкіреді.
Бұл – оның ашынғаннан айтқан сөзі емес, өзіне берген серті, ақиқат анты
еді. Бұны Дориг түсінген жоқ. Түсінгісі де келмеген.
Бірде Дориг алыс жаққа жиналған-ды. Аздаған жүгін артына бөктеріп,
атына мінген соң:
– Мен кетіп барамын. Алысқа кетіп барамын. Барлық малымды сендерге
қалдырдым. Басына бас қосасыңдар ма, әлде тұқымын тұздай құртасыңдар
ма – өз еріктерің. Аман оралсам, алдыма салар қара-құбыр табылар – деді.
Бұл сөзді Дориг әдеттен тыс көңілсіздеу айтты. Қоштасарында боз
далаға көзі боталай қадалып тұрып:
– Ал, қасқырды босатып жіберемін. Даланың еркін тағысы еркін жүрсін,
– деп бетін сипады.
Ертеңінде түс шамасында менің досым Дорж Шэзгий шоқысының сол
жақ иығында жылқыларын дүрбімен қарап отырған еді. Кенет ол етектегі
қайнарға қарай қасқырын жетелеп келе жатқан Доригті көреді. Ол қайнар
басында атын шідерлеп жібереді де, қасқырдың ноқта жібін шешеді. Бұдан
кейін өзі көк шалғынға шалқалап жата кетеді. Қасқыр қайнардан қанып
ішкен соң, бір сәт жағалауда шоқиып отырады. Дорж бытырай жайылған
жылқыларының соңынан дүрбісін жылжыта береді. Сөйте отырып
шалқасынан қимылсыз жатқан Доригке де ауық-ауық қарап қояды. Аты
біртіндеп алыстай бастайды да, қасқыр оған жақындай түседі. Тағы бір
мезетте жер бауырлай жылжыған ол иесіне тіптен таяп қалады… Бұдан әрі
Дорждың көргені: қасқырдың Доригке ышқына секіргені… ұмар-жұмар
алыс… ербеңдеген қолдар… Дорж атына қарғып мініп, оларға тұра шабады.
Ат дүбірінен сескенген қасқыр «жемтігін» тастай беріп, артына жалтақтай
зытқан күйі бел асып кетеді… Салып-ұрып Дорж жеткенде, қанжоса болған
Доригтің ішек-қарны ақтарылып жатыр екен…
Шал әңгімесін аяқтап үнсіз қалды. Шығыс көкжиектің көбесі сөгіліп,
бозара бастаған. Ұйқым келер емес. Дориг шоқысы жақтан қасқырдың
ұлығаны естіледі. «Өз басыңа көрінсін! – деймін күбірлеп, – өз басыңа!…»

Дидахмет
Әшімханұлы