ЖӘНІБЕК

Жәнібектің пәтері… Екеуміз терезесі күншығысқа қараған қонақ бөлмесінде отырмыз… Магнитофонда Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков. Абайдың әйгілі «Сегіз аяғын» үздігіп, үзілдіріп, енді бірде сезім шыңырауына шым батқандай шымырлата шырқап тұр. Қалақтай қара домбырасын кеудесіне қыса түсіп, жұмсақ креслода отырған Жәнібектің көзі жұмулы. Көзі жұмулы болғанымен осынау құдіретті әнмен бірге дөңгелек жүзі сан құбылып, көкірегі сан түрлі күйге бөленіп, өзін-өзі мүлде ұмытып, өзге бір әлемге, өзгеше бір сұлу дүниеге аттанып кеткен секілді. Жаңа әзірде мен қойын кітапшамды қолыма ала бергенімде, ол «Тоқтай тұршы, алдымен Жүсекеңді тыңдап алайықшы!» деген шын көңілден өтінгендей. Бұнысы – «Япырау, домбыра тартарда да алдымен құлақ күйін келтіріп алмас па? Ендеше шынайы сыр қозғау үшін де сыпайы көңіл, шабытты күй керек қой. Ол шабытты Жүсекеңсіз қалай шақырайын» дегені еді. Жүсекеңді тыңдап отырып, менің де көз алдымнан көне бір суреттер көше бастаған… Әлі есімде… 1971 жылдың жазы еді. Шілденің басында малшылар жайлауға қопарыла көшіп, Алтайдың қойнау-қолаттары ақтылы қой, үйір-үйір жылқыға толған шақ-тұғын. Жайлаудың хан базары қайнамай жатып Большенарым аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары да бір қойнауда киіз үй тігіп отырған жылқылы ауылға жетіп келген. Олардың арасыңда аудандық атқару комитеті председателінің сол уақыттағы орынбасары Құмаш Боранбаев та бар екен.

Ол кісі халықтың салт-дәстүрін, өнерін қатты құрметтейтін, көкірегі ояу, сезімі сергек жан еді… Кешкілік концерт қойылды. Әркім өзінше өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көтеріп те тастады. Сосын бір мезет жиылған жұрт сары қымызды сыздықтата ішіп, қоңыр әңгімені қоздата бастаған кезде… кенет керегеде ілулі тұрған кішкентай транзистордан әлдебір әнші Абайдың «Сегіз аяғын» әуелетіп әкеткен. «Тыныштал!» дегендей Құмаш аға қолын жоғары көтеріп еді, гу-гу сөз, әсіре қызыл әңгіме кілт тына қалды… Тып-ты-нық кеш… Тып-тынық ауа. Тынық ауаны тек ән ғана тер-бетіп тұрғандай. Әншінің ашық қоңыр үнінен ән емес, ащы- зар төгілгендей: даусын аспандатып келіп, кей тұста ыш-қына аһ ұрған мезетте көкірегі көріктей лап ете қалып, ыстық жалын бойыңды шарпып өткендей…

– Япыр-ай, Абайды білеміз, түсінеміз деп мәз боп жүрміз-ау!»– деді ән аяқталған сәтте Құмаш аға терең тыныстап. – Жаңағы соңғы сөзге құлақ түріңдерші… «Атадан алтау, анадан төртеу» Абайдың, шындығында «Жалғыздық көрер жері жоқ» сияқты. Сөйте тұра: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деп көкірегі қарс айырылады. Қараңызшы, осы екі жол өлеңде қаншама сыр, қаншама шындық жатыр! Алды-артын ораған ағайыны, қарасы мол қалың жұрты бар Абай неге «жалғызбын» деп күйінеді? Оның себебі: сол дүрдараз ағайын мен қараңғы жұрттан ақынның ақыл-ой жағынан оқ бойы озық тұрғандығы еді. Яки, бұл – оның рухани жан дүниесінің жалғыздығынан туған ащы шындық еді. «Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар елім жоқ» деуі де сондықтан ғой. Осы жолдарды кітаптан оқығанда, сөз мәнін оймен қорытасың да, бар салмақ санаға ғана түседі. Ал енді бұны ән ырғағымен тыңдасақ, сана мен қоса жүрегің де елжіреп, көкірегіңе көз бітіп, ұлы ақынның сөзі мен бірге өзін де көргендей, оның өз халқына деген махаббатынан туған қайғы-қасіретін де сезе түспейсің бе? Әннің құдіреттілігі де осында емес пе? Бірақ «әннің естісі бар, есері бар» дегендей, Абай әндерін айту үшін асыл сөздің астарын түсіне білетін есті әнші де керек-ау.

– Жүсекеңе Абайдың әруағы риза шығар,– деді қымыз құйып отырған қартаңдау жылқышы. – Көмейіне бұлбұл қонған әнші ғой, шіркін!

– Ол рас,– деді Құмаш аға ойлы пішінмен. – Бірақ, мен білсем, әлгіндегі әнші Жүсекең емес. Өздерің байыппен тыңдап көріңдерші.

Бұл уақытта жаңағы өнер иесі «Сегіз аяқтан» соң Абайдың «Көзімнің қарасын» дірілдетіп тұрған еді. Бәріміз жалғыз транзисторға жабыла құлақ тосып, ұзақ отырып қалдық. Байқаймын, мына әншіні ешкім де Жүсіпбек емес деуге дәті жетпейтін секілді. Алайда ән біткен кезде диктордың: «Жас әнші Жәнібек Кәрменовтің орындауындағы шағын концертіміз осымен аяқталды» деген сөзі көпшілікті сілейткен де салған.

– Япырай, қатты ұқсайды екен,– деді манағы қарт жылқышы риза кейіппен.

– Ұқсайтынында дауым жоқ. Бірақ Жәнібек жас та болса Жүсекенді қайталап та жүрген жоқ. Жалпы, ұқсату мен қайталаудың арасында көп айырмашылық бар. Кешегі өткен Қасым ақын «Өзім туралы» атты өлеңінде «Өкінем ұқсата алмай келемін деп» деген ғой. Бұл – оның Абайдай ақын болсам, соған ұқсасам деген арманы болса керек. Сөйткен Қасым Абайдай ұлы болмаса да, соған ұқсап жақсы ақын, сыршыл азамат биігіне көтерілген ғой. «Үлкеннен үміт етпеген құдайдан да үміт етпейді» дегенің сол әнекей… Мен өзім Жәнібекті біраздан бері сүйіп тыңдап жүрмін. Беталысы әдемі. Құр айқаймен бақыра бермей әнді жүрекпен, әр сөздің мәнін түсініп айтуға ұмтылады. Мұндай өнерпазға үмітпен ғана емес, сеніммен де қараған жөн шығар,– деген Құмаш аға сонда салмақты.

Осынау әңгімеден кейін тура бір жыл өткенде, 1972 жылдың күзінде Жәнібекпен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде табысқанымыз бар. Бұған дейін ол Алматы эстрадалық студиясында оқып, Қазақ СР-інің халық артисі Жүсіпбек Елебековтен тәлім-тәрбие алған екен. Алғашқы күннен-ақ байқағанымыз: ол бізге танымал әншілі-гімен қатар сөзге шебер, тілге ұста, жақсы-жаманды айыра білетін зерек көңіл көрінген. Сондықтан да болар, ыңғайы келсе біз оған неғүрлым жақынырақ жүруге тырысатынбыз. Жақын жүрсек көп дүниені біліп те қалатынбыз. Әсілі, адамның азамат ретінде қалыптасуына өскен ортасы мен өнген топырағының әсері мол болатыны сөзсіз ғой. Қазақтың бір қасиетті жері – Семейдің Абай ауданында туып өскен Жәнібек сол жердің өткен-кеткен тарихы, Абайдың кейінгі ұрпақтары, әнші-күйші өнерпаздар туралы сыр қозғағанда біздің шөліміз қана түскендей болатын. Халқымыздың аяулы ұлдары Ағаш аяқ – Берікбол, Уәйіс, Сегіз сері, Нияз сері жөнінде де біз ең алғаш-қы рет Жәнібектен естігенбіз. Қазақ әндерінің сөзіне де алғаш рет Жәнібек арқылы ойлана қарағанбыз. «Шіркін, қазақ әндерінің төркініне үңілсең қаншама сыр суретті анғарасың десеңші! Мысалы, мына әннің сөзін қараңдаршы,– дейді ол тамсанып. – «Ауылым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлттармен араласып»…Неткен ғажап сурет! Бір халықтың өткен замандағы тыныс-тіршілігі осынау екі-ақ жол өлеңге сыйып тұр емес пе?» Енді бірде ол бұрмаланған ән сөздеріне жаны күйіп: «Осы біздің әншілер қызық,– дейді мырс етіп, – кейде не айтып тұрғандарын өздері де түсінбейді. Кеше телевизордан белгілі бір әншіміз «Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жетер» деп сұңқылдатты-ау дейсің. Естай мүлде олай демеген, егер мұратқа іздеген жанның бәрі жетсе, Естай да жетер еді мұратына. Бірақ ол жетпеген ғой, Қорланға қосыла алмай арманда кеткен ғой. Естай шын мұратына жетсе, мұндай ғажап әннің тууы да екі талай еді. Дұрысында: «Мұратқа іздеген жан бәрі-ау жетпес»…

Кейін осы ән сөздеріндегі олқылықтар хақында Жәнібек 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде проблемалық мақала да жазды. Сол мақалаға сәйкес аталған газетте тағы бірнеше материал жарияланды. Бәрі де Жәнібектің пікірін қолдады. Бірақ қолдағаннан не пайда, бұдан соң жарық көрген ән сөздері жинақтарының бәрі де бұрынғы қателерін қайталады да отырды. Мәселен, сонда көбірек сынға ұшыраған жинақтың бірі – «Қайнар» баспасынан Қ. Тілемісов құрастырып шығарған «Ауыл кеші көңілді» еді. Осы жинақтың «1975, 1978 жылдары жарық көрген нұсқасы 1984 жылы түзетіліп, толықтырылып, үшінші рет басылды. Амал жоқ бұл соңғы жинақта да «Мұратқа іздеген жанның бәрі жеткен» деп «Қорланның» сөзі қор болып шыға келді.

Бұны айтып отырған себебіміз: халық мұрасына – рухани қазыналарымызға жанашырлықтың аздығына жанымыздың қиналғаны да. «Марқұм Жүсекең ғажайып әнші ғана емес, қазақ әндерін баласындай мәпелеп, қорғап, әуен нақышын үнемі байытып өткен дархан жүректі жан еді. Әсіресе, ән сөзіне қатты мән беретін»,– дейді Жәнібек ұстазы туралы кейде сыр қозғағанда. Осы сөзді енді Жәнібектің өзіне айтудың да артықтығы болмас. Неге дейсіз бе? Айтайық. Бүгінде публицистика саласында қазақ әндерінің қадір-қасиетін, көкейтесті проблемаларын, ішкі иірімдері мен мазмұн бірлігін көпшілікке кеңінен насихаттап жүрген аз шоғырдың бірі Жәнібек шығар. Бүгінде әдебиет саласыңда ән тақырыбын арқау етіп, әдемі көркем шығармалар жазып жүрген Iлия Жақановтан кейінгі жазушы тағы да Жәнібек шығар. Телевизия мен радиода шымырлатып ән шырқаумен қатар ән хақында әсем әңгіме шертер өнерпаз және осы Жәнібек емес пе. Телевизия демекші, бірер жылдан бері жазушы Ақселеу Сейдімбеков пен Жәнібек Кәрменов екеуі жүргізіп жүрген музыкалық мәслихатты қазір көгілдір экран көрермендері қызыға көретіні белгілі. Осындай бір мәслихатта, дәлірегінде «Абай әндері» атты музыкалы хабарда Жәнібек: «Егер Мұхтар Әуезов Абай образын сөзбен сомдаса, Жүсіпбек Елебеков ұлы ақынның бейнесін әнмен өрнектеген сияқты» деген еді. Бұны тауып айтылған сөз деп білмей, шәкірттің ұстазға деген адалдығы, үлкен талант иесіне кірбіңсіз жүректен шыққан кіршіксіз махаббаты деп ұққан жөн.

Адалдық дегенде еске түседі, Жәнібекпен сырласып отырған бір сәтімізде, ол: «Жүсекең айтатын әндердің көпшілігін орындап жүрмін. Дәл өзіндей айтпасам да, солардың біразын ұқсататын да сияқтымын. Бірақ «Қанатталдыға» тісім батпай-ақ қойды. Оны «әу» деп бастасам болды, желке тұсымда Жүсекең тұрғандай болады. Сосын амалсыз домбыраны сүйей салам. Жүсекеңнен кейін «Қанатталдыны» айту – қай әншіге болсын үлкен сын ғой» дегені бар. Ұстаз рухына құрмет, өнер алдындағы адалдық осындай-ақ болсын…

…Міне, Жүсекеңнің орындауындағы «Сегіз аяқ» та аяқталды. Жәнібек кейінгі әндерді естуге құлқы соқпағандай магнитофонды кілт өшірді де, креслоға қайта шалқайды. Өстіп не замат үнсіз отырған ол:

– Төлеген Айбергеновтің Ғарифолла ағаға арнаған өлеңін білуші ме едің?– деді күрт маған бұрылып. Сосын менің жауабымды күтпестен өзі тақпақтай жөнелді:

Көкірегінде әсем әннің көк мұхитын шайқаған,

Ей, Ғареке, қасиетті қазына жыр байтақ ән.

Сенің ару жүрегіңді қалайша мен айта алам,

Сендей саңлақ бұл өмірге туар ма екен қайтадан.

Ғажап қой, ә! Осы өлеңге Ғарекең әбден лайық емес пе? Өз басым бұны марқұм Жүсекеңе айтса да артықтығы жоқ дер едім. Бұл екі әнші қазақтың маңдайындағы бағы, таңдайындағы таусылмас әні ғой, шіркін!

Жәнібек осыны айтып, тағы біраз үнсіз қалды. Сосын бір мезет мен оны келелі әңгімеге шақырдым.

– Өзің білесің, мен туралы баспасөзде біршама жазылды. Жеке өмірім, өнерім жөнінде де аз айтылған жоқ. Телевизия, радио арқылы айтқан әндерімді де жұрт көп тыңдап жүр. Менің қатал сыншым да, әділ сарапшым да – сол жұрт, сол тындаушы қауым. Ендеше мен туралы әңгімеден бұрын жалпы ән, халықтың музыкалық мұрасы жөнінде сыр қозғасақ қайтеді? Сосын сұрақ-жауаптан гөрі екеуіміз де өз ойларымызды ортаға салсақ…– деді ол.

Біз осыған келістік. Келістік те әңгімені бастадық.

– Ендеше Жәке, әңгімеңізді сәл әріден сабақтасақ деймін… Өзің де жазушы ретінде білесің, қазақ әдебиеті тарихының зерттелу аясы жылдан-жылға кеңіп, тамырын тым тереңге жайып бара жатқаны белгілі. Қазір оның түпкі негізін сонау ҮI-ҮII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерт-кіштерінен іздеп, тіпті, одан да әріге көз жіберу бар. Бұл – өсер елдің өркенді ісі. Бұған қуана отырып, істің нәтижелі болуын шын көңілден күте тұрып, ұлттық музыка өнеріміздің де зерттелу жағдайына әріден көз салсақ…

– Әрине, туған әдебиетіміздің тарихы мен ұлттық музыка тарихымыздың ғылыми негізделуін бір ыңғайда қарау қиын. Оның әртүрлі объективті себептері бар. Ең алдымен, Октябрь революциясына дейін әдебиетіміздің аз да болса хатқа түскен, архивтерде сақталған нұсқалары болды. Қара тасқа қашалып жазылған жаңағы Орхон-Енисей ескерткіш-терін былай қойғанда, орта ғасырлардағы Махмут Қашқари, Жалайыри, Дулати сынды ғұламалардан қалған әдеби мұра бар. Сондай-ақ, тіпті ҮII-ҮIII ғасырларда өмір сүрген әйгілі бабамыз Қорқыттың Ватикан, Дрезден қалаларында сақталып қалған «Дәдем Қор-қыт» кітабының өзі үлкен байлық. Ал осы бабамыздың қобызда орындалатын күйлері қай уақытта нотаға түсіп, қай жерде сақталыпты? Тек оның асқан күйші, қобызшы, небір дыбыстың «тілін білетін» музыкант болғанын Рашидеддин, Абылғазының тарихи деректерінен ғана білеміз. Өткен ғасырда қазақ жерін кең аралап, оның бай ауыз әдебиетін жинаған Радлов, Алекторов, Потанин секілді орыс ғалымдарының енбектерінде де ұлттық музыкамыз туралы ойлар тым аз. Менімше, бұның басты себебі, музыка тілін қаншама «интернационалдық тіл» десек те, сөзге қарағанда оның нәзік иірімдерін түсінудің, қағазға түсірудің қиындығында…

– Дегенмен музыка зерттеудегі барлық істі қағазға тіреу қалай болар екен?

– Қай уақытта болмасын қағаз – документ қой. Мүм-кіндігінше, документке жүгінгенге не жетсін… Тынбай іздеген адамдарғга ол документтердің шеті шығуы да ғажап емес. Айталық, 70-ші жылдарға дейін кешегі Әміре Қашаубаевтың даусын бір естуге зар болдық. Егер оны Москвада Жарқын Шәкәрімов кездейсоқ тауып алмаса, әлі күнге «жоқ» деп отырар едік. Демек, мәселе іздеуде, көзді Ұрымға, қолды Қырымға салуда. Сонда нені іздеу керек? Қорқыт күйлерінің нотасын ба? Жоқ, ұлттық музыкамыз туралы ғылыми ойларды, ұлы күйші, әншілеріміз төңірегіндегі естелік-жазбаларды, ұлттық музыка аспаптарымыздың көне түрі мен тегін іздестіру ләзім. Бір ғана қуаныш: кешегі жылдарға дейін ұлт аспаптарымыздың түрін әрі кеткенде алты-жетіден асыра алмасақ, енді ондап санайтын жағдайға жеттік. Осындай құлшыныстарды құбыла тұтсақ, музыка өнеріміздің мазмұны байып, тарихы да тереңдей түсері сөзсіз. Зерттеу объектісі қаншама! Домбыра мен қобыз қай дәуірлерде пайда болуы мүмкін? Қобызды тек Қорқыт атымен, домбыраны Жошыға қатысты аңызбен ғана байланыстыруымыз қалай? Сонда VII—VIII ғасырдан әрі қобыз, XIII ғасырдан бұрын домбыра болмағаны ма? Iсіләм дінінің музыка өнерімізге тигізген әсері қандай?

Европа халқы скрипкада қашаннан бері ойнай бастады? Ал біз қобыз бен сазгенде ше?.. Осындай көптеген сұрақтың жауабын жалғыз архивтен іздеп қоймай, тарих, археология, этнография, фольклор, ономастика ғылымдарының кең қойнауларын да адақтаған жөн.

– Музыка мұраларымызды жан-жақты пайымдау, тарихын тереңнен зерттеу – әрине, өте игілікті іс. Ол бүкіл рухани мұраға деген жанашырлықтан туған жақсы ниет деп ойлаймын. Бірақ ең өкініштісі сол – қазіргі ұрпақтың аса қажетті сұранысын өтей алмай отырған жоқпыз ба? Әлі күнге қазақ ән текстерінің ары кеткенде екі-ақ томдығын көруімізді не дейміз? Ауыл-селоға барғанда, кейде тіпті қаладағы кейбір әсем отырыстарда да «Қазақ әндерін» іздеп, көрші-қолаңға қолқанат жүгірт-кендерді де талай көргеніміз бар. Тауып әкелген баяғы «Құлақтан кіріп бойды алар», «Ауыл кеші көңілді», «Ән көңілдің ажары» кітаптарынан іздеген ән сөзін таба алмай қиналғандарды көргеніміз тағы бар. Бұның аты не? Сұраныс. Ал сұранысты өтеуге неге біздің құлқымыз төмен? Мен сонда ойлаймын: япыр-ау, Затаевичтің ат-арбаға мініп, жаяу жүріп жинаған, Ромен Ролланның өзі қатты бағалаған, алғаш рет 1926 жылы «Қазақтың 1000 әні», сосын 1935 жылы «Қазақтың 1500 ән-күйі» деген атпен жарияланған баяғы кітаптары қайда екен деп. Енді қазір Қорқыт заманына бармас бұрын, алдымен осы ғасырдың игіліктерін неге жинап алмасқа деп тағы ойлаймын.

– Соңғы жылдары жарық көрген қазақ әндері жинақтарындағы текстік олқылықтар, бұрмаланған сөздер жөнінде мен бұрын да «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғанмын. Бүгін енді бір мәселеге ғана тоқталғым келеді. Қазіргі жарияланып жүрген ән сөздері жинағының бәрінде де халық әні «Жиырма бестің» сөзі бар. Менің де репертуарымда «Жиырма бес» деген ән бар. Оны кезінде Жүсекеңнен үйренген едім. Осы екі «Жиырма бестің» сөзі екі түрлі. Халыққа ең көп тарағаны – соңғысы. Бірақ оның сөзін ән жинақтарынан көргем жоқ. Сол сияқты Біржанның да екі «Айтбайы» бар. Оның да кең тараған түрі Жүсекең айтатын нұсқасы. Бұның да сөзін ешбір кітаптан таппайсың.

– Халық аузынан тастамай, сүйіп айтатын бұлардан басқа да әндердің жинаққа кірмегені жеткілікті. Олардың әуені қандай сырлы да сынды. Мысалы: «Бекзатым-ай», «Сырғалы жеңеше», «Әй-әй, бөпем», «Ағажай, Алтайдай», Уәйістің әні- «Перуайым» немесе өзіңнің айтатын «Ақылбайдың әні», Мұ-қаметжан Майсабарұлының «Бесқа-рагері» нақ осындай әндер. Сондай-ақ сахна, эфирге сирек шықса да сазы құлақта қалатын әлгі Уәйістің «Сырғақтысы» мен «Бозқарғаны», Жетісу өңірінің жезтаңдайы Садықожа мен солтүстіктің Сегізсерісінің кейбір тамаша әндері жинаққа жолай алмай жүрген жайы бар. Айта берсең мысал көп.

– Түбін қуып келгенде, халық әндері деп жүргеніміздің бәрінің бір кезде авторлары болғаны даусыз. Халық композиторларының да бір-біріне ауысып жүрген әндері баршылық. Мүмкіндігінше, осылардың ара-жігін ажыратып, халық әндеріне үлкен жүрекпен, шынайы көзқараспен тағы бір қарап, әр әннің өз паспортын әзірлеу қажет. Бұны жедел қолға алмаса, қазір біреу біліп, біреу білмейтін композиторларымызды біраз жылдан соң мүлде ұмытуымыз мүмкін.

– Қалай десек те, Жәке, қазақ әндерінің жаңа жинағы керек. Ол жинақ «Қайнар» баспасы қайта-қайта үзіп-жүлып шығарған алақандай кітап емес, көп томдық болуға тиіс. Осы тұста мына жағдай еске түседі. Туысқан якут халқының тіл әдебиет институты саха халық әндерінің төрт томдығын шығарыпты. Төрт томдық! Неткен байлық десеңші! Байлықтан бұрын бұл – халық мұрасына деген аса ыждахаттылық қой. Әйтпесе, бізде де төрт томнан асып түспесе кем түспес ән-жырымыз жоқ-па?

– Әрине, бар. Тек кешегі-бүгінгі бүкіл ән сөздерін жинақтап, көп томдық шығаруға деген көңіл кемшін болуы мүмкін. Сонан соң біздің әдебиет және өнер институтының архивтік қорында да небір қымбаттарымыз сақталуы ғажап емес. Бұған қоса ел арасында әлі жиналмай жатқан қазынамыз бір төбе. Әуесқой композиторларымыздың шығармалары және бар. Осыларды түгелдей жинақтап, менімше, жай көп томдық емес, қазақ әндерінің академиялық жинағын шығарған дұрыс. Сонда оған әндердің сөзімен қатар ноталары да кірер еді.

– Жәнібек, жаңағы бір сөзіңде «әуесқой композиторлар» дегенді айттың. Осы сөз төңірегінде сәл ой өрбітсек… Өзің де білесің, біздің кейбір қаламгерлердің пікірі бойынша, кім СССР Жазушылар одағының мүшесі болса, сол ғана өзін шын жазушымын деуге хұқы бар сияқты. Бұл әрине, солақай ұғым. Солақайлығы сол, бір кітабымен-ақ оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп, жазушылар қатарында нық басып жүргендер көп. Және, шүкіршілік, Қазақстан Жазушылар одағы қаламгердің бітірген оқуына, кәсібіне, жасына қарамай-ақ СССР Жазушылар одағына мүше етіп қабылдай береді. Рас, кейде сападан гөрі санның, жүйріктің орнына жабының алға түсіп кететін де кездері болады. Дей тұрғанмен таланттарға деген жанашырлыққа қуанамыз. Ал жұртшылыққа талай тамаша әннің авторлары: «Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев СССР Композиторлар одағының мүшесі емес» дегенге сенер ме екен? Сенбесе мейлі, мүшесі емес. Неге? Осы сұрақты Қазақстан Композиторлар одағындағы бір жолдасқа қойғанымызда, ол: «Біз мүшелікке, негізінен консерваториядан арнайы композиторлық, музыкалық білім алғандарды ғана қабылдаймыз. Ертеректе халық таланттары арасынан Манарбек Ержанов, Кенен Әзірбаев қана мүшелікке өткен. Ол кезде профессионалдар аз еді, ал қазір кез-келгенді қабылдай бермейміз. Бұл тек бізде емес, барлық республикадағы жағдай»– дейді. Біздіңше, соңғы сөз күмәнді. Себебі, біріншіден, творчестволық одақтарда қатып-семіп қалған заңның болуы қиын. Ондай заң болса Манарбек пен Кенен қалай мүше болған? Екіншіден, жергілікті жерлердегі ұлттық өнер ерекшеліктерін неге ескермеске? Жағдай дұрыс жолға қойылса, «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп жүрген СССР Композиторлар одағының бір мү-шесі айтқандай, «Шәмші әуесқой композитор» аталмас еді.

– Мұндай «әуесқойлар» қатарына кешегі Садық Кәрімбаев, Бекен Жамақаев, Әбілахат Еспаев, бүгінгі Жақсыкелді Сейілов, Илия Жақанов, Мұхтар Шаханов та кіре-ді. Бір жақсысы, халық ұғымында бұлар композитор ғой. Ал енді Сапарәлі Сүгіралиевтің «Жұлдызым», Исрайл Сапарбаевтың «Сағыныш сазы», «Жангүлім», «Өмір, сені көп ойлаймын», Мейрамбек Жанболатовтың «Ән – домбыра», «Сағындым Сарыарқаны», Болат Сыбановтың «Әбдірахман» т. б. әндерін жұртшылық қазір сүйіп айтатыны рас. Ең қуаныштысы, осы өнерпаздар өз шығармаларын жолын тауып, телевизия мен радиоға, «Тамаша» ойын-сауық кеші арқы-лы эстрадалық ансамбльдерге өткізіп жіберуге құштар емес. Сөйте тұра әндері халық аузында. Бұл – өнер туындысының өміршеңдігі, жақсы дүниенің сахнаға жарып шығуы болса керек.

– Соңғы аталған әндердің сөзіне де кінә тағу қиын. Өйткені танымал ақындар Сапарәлі мен Исрайл өз әндеріне сөзді өздері жазса, Мейрамбек пен Болат сөз жазатын ақындарды талғаммен таба білгені қуантады. Мәселен, «Ән – домбыраның» Несіпбек Айтов жазған бір шумағына қараңыз:

Сал домбыра жан серігім жасымнан,

Сен қымбатсың жердегі бар асылдан.

Балалардың аманатын арқалап,

Жеттің маған сонау алыс ғасырдан.

Би домбыра, күй домбыра

Бүлкілдесін көмейің.

Көңіл сазым,

Қоңыр қазым,

Енді саған не дейін.

– Әр әннің сөзі осындай болса, «әттеген-ай» демес едік. Амал жоқ, кейде телевизордан «Алматыдай қала бар ма, Сарыарқадай дала бар ма?» деген ән сөзін де естиміз. Біздің тілегіміз: Алматыдай қала да болсын, Сарыарқадай дала да болсын, бірақ дәл осындай бытбылдық болмаса екен… Бытбылдық дегенде еске түседі, Жәке, 70-ші жылдары кейбір халық әндері мен композиторларының шығармаларын бір ансамбльдер эстрадаға салып еңкілдеткені есіңде шығар?

– Олардың арасында біршама сәтті шыққандары да болған. Алайда көпшілігінің көңілді қалдырғаны рас. Әсіресе, Ақан серінің «Ләйлім шырағы» мен Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» обалды боп кеткенін жасырмаймыз. Екі әнде де тағдырдың теперішін көп көрген аяулы екі ақынның өзекті өртеген өкінішімен қатар, бір заманның сұрғылт суреті де бар еді. Эстрадаға көшкенде бұл бояуын жоғалтты, желпілдеген жеңіл күйге түсті. Асылы, киелі затты қалпына келтіргендей өте шеберлік керек. Олардың табиғатына күрделі жөндеу жат, нәзік реставрация ғана қажет. Бүгінде «Отырар сазы» сияқты фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер осындай нәзік жұмыстың жемісін көріп отыр десек, ешкім дау айта қоймас. Тек ұзағынан сүйіндіргей.

– Жәнібек, реті келгенде айта кетсем деймін. Менің ойымша, соңғы жылдары жаңа шыққан жақсы әндерді сирек еститін секілдіміз. Елуінші жылдардың ортасы мен жетпісінші жылдардың басына дейін талай-талай тамаша әннің дүниеге келгенін білеміз. Осы жылдар аралығы ұлттық музыка өнеріміздің қайта өрлеу дәуірі болғандай. Сол уақытта туған әндер мен романстар, ораториялар тың игеру, мал және ауыл шаруашылығы, студент жастар өмірі, жас ұрпақты Отанды сүюге баулу сияқты алуан тақырыпты қамтып еді. Бүгінге дейін жиі айтылатын Сыдық Мұқаметжановтың «Тербеледі тың дала», «Қырманға кел, қалқатай», Өмірбек Байділдаевтың «Қимаймын сені», Бекен Жамақаевтың «Ертіс вальсі», Шәмшінің «Қайықта», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», Iлияның «Жайлаукөл кештері» мен «Әселі» осынау кезеңнің жемісі. Қазір мұңдай сәтті шығармалар сағынтып, кейде ғана жылт ете түсетіні өкінішті-ақ.

– «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз тегін емес. Халық арасында әлгі «әуесқойлар» шығарған әдемі лирикалар қазір де көп. Тек соларды насихаттап, ән жинақтарына кіргізіп, көпшілікке кең тарату жағы кемшін. Алдағы уақытта бұны қолға алу ләзім. Сонда ғана музыкалық мұраларымыз молая түспек. Әсіресе, патриоттық тақырыптағы музыкалық шығармаларға үлкен көңіл бөлген жөн. Жасырары жоқ, бұл тақырыпты өзек еткен соңғы туындыларға көңіл тола бермейді. Брусилов-скийдің бір кездегі «Бейбітшілік туы берік қолда», Хамидидің «Отан», Рахмадиевтің «Партия туралы жыр», Мұқамеджановтың «Шаттық Отаны» секілді жоғары пафосты, биік рухтағы ән-ораторияларға кейінгі кезде зәруміз. Отан, партия, туған жер, бейбітшілік – киелі ұғымдар. Киелі ұғымға сәйкес өнер туындысы болсын. Бұл олқылықтарды толтыру үшін Қазақ ССР Мәдениет министрлігі ме, әлде Қазақстан Композиторлар одағы ма, әйтеуір, мәдени мекемелердің бірі жыл сайын жақсы әндерге бәйге жарияласа, құба-құп.

Бұл күні мен Жәнібектен ән айтуын өтінгем жоқ. Айт десе аңыратып коя беретін әумесер әншің ол емес-ті…

Бұл күні мен Жәнібектен: «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттығынан басқа қандай құрметті атағың бар?» деп сұрағам жоқ… Оны сүйіп тыңдайтын, дауысын аңсап жүретін қалың жұрты бар. Әншіге бұдан өзге қандай құрмет керек?

Бұл күні мен Жәнібекке творчестволық жоспары жөнінде сауал қоя алмадым. Өйткені ол жоспармен жазатын жазушы емес-тұғын.

Бұл күні біз тек ән туралы ғана әңгімелестік. Оның өмірі де, өнері де, жыры мен сыры да ән ғой. Иірімі терең, иілімі жұмсақ қазақтың қайран әні ғой.

1985 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo