1
Жүсіпбек Аймауытов ақталғаннан бергі үш жылға жуық уақытта оның өмірі мен творчествосы туралы көптеген материал жазылып, баспасөзде жарияланды. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан «Шығармалары» жарық көрді. Оған кірген «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы», «Әнші», «Елес» повесть, әңгімелері, сондайақ драмалық төрт шығармасы тұңғыш рет кейінгі ұрпақ кәдесіне жарады. Жанр бойынша бұлардың әрқайсысына арнайы пікірлер айтылып, олар «Қазақ әдебиеті» газетінде дер кезінде жарияланып та отырды. (Г.Бельгер. «Аймауытов айшықтары». 1989 ж; «Қара сөздің хас шебері», 1990 ж, т. б.). Ақиқаты сол – жоғарыдағы «Шығармаларынан» орын алған немесе одан орын ала алмай, кейін баспасөздерде жарық көрген туындылары Жүсіпбектің бүкіл рухани мұрасы емес. Әйгілі қаламгердің әр кезде жазған асыл дүниелерін: әдеби көркем шығармаларын, ғылыми, сыни, публицистикалық мақалаларын, аудармаларын көне баспасөздер мен архивтерден тауып, оларды араб харпі негізіндегі төте жазудан бүгінгі кириллицаға көшіріп, ол олжаларды алдымен газетжурналдарда жариялай келіп, кейін шығармаларының толық жинағын шығару – баршамызға парыз. Парыз ғана емес – міндет. Өйткені, ұлтым, жұртым, ұрпағым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен аға ұрпақтың, әсіресе «қалың елі – қазағы» үшін қаламымен қоса бүкіл қажырқайратын жұмсаған Жүсіпбек секілді арлы ұрпақтың артында қалған кезкелген кенішмұрасын ұлттық байлығымыз деп түсінген жөн. Ендеше ұлттық байлықты ысырап етпес болар. Екінші ақиқат – Жүсіпбек жөнінде жазылған әзіргі эссе, естелік, зерттеу мақалалар тыңға түскен алғашқы түрен ғана. Түрен тісін неғұрлым терең батырып, алпыс жыл бойы тусырап жатқан рухани «тыңның» пұшпақпұшпағына дейін із салып, оның қабатқабат қыртысын қопара сыртқа шығарғанда ғана сахи дүние саф болмысымен көрінбек. Бұл – бейнелеп айтқандағы сөзіміз. Ал белінен басып сөйлесек, Жүсіпбектің өмірі мен өнері, таланты мен таным тереңдігі – таусылып бітпес әңгіме, сарқылып болмас қазына. Бұны біз хас таланттың қазір қолымызға тиген шығармаларынанақ сезіп, біліп отырмыз. Олардан түйер ортақ түйін: Жүсіпбек – профессионалдық, ұлттық әдебиеті-міздің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген санаулы саңлақтың бірі. Бұл жағынан ол – әрі ұстаз. Егер сонау бір соқ-тықпалы кезеңнің өзінде қосарлана шауып, қосамжар есіммен белгілі болған «Екеудің» (псевдоним) бірі – Мұхтар, бірі – Жүсіпбек болса, Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің айтулы шебері Ғабит Мүсіреповтің өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек» десе, ол неге ұстаз болмасын! Бір сөзбен айтқанда, Жүсіпбек Аймауытов деген есім қазақ әдебиетінде талайға ұстаз болған, талайға әлі де ұстаз боп қала береді. Оның бір айғағы, соңғы екі жылда ғана әдеби ортада «Жүсіпбек сияқты жазады екен», «Аймауытовқа ұқсайды» деген сөздер жиі естіле бастады. Бұл – бір. Екінші, осы әдеби ортаның, оның ішінде әсіресе кейінгі екіүш буынның отызыншы жылдарға дейінгі әдебиет, әдеби көркем сын, мәдениет, қазақ интеллигенциясы туралы танымтүсінігіне ол (Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Ғұмар Қарашев, т.б. әдебиет, қоғам, ғылым қайраткерлерімен бірге) төңкеріс жасағандай болды. Ең бастысы, сол отызыншы жылдарға дейінгі әдеби, мәдени жәдігерлерден дәл қазір де үйрене беретін әдемі үлгілер бар екен. Олардың бәрін бір мақалада салалап көрсетіп, санамалап айтып беру қиын, бұл жолы біз тек әдеби көркем сын хақында ғана сөз сабақтамақпыз. Тілге тиек етеріміз – Жүсіпбектің «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласы. Біз мақала дегенмен 1923 жылы «Лениншіл жас» журналының 5санында жарияланған алғашқы нұсқасында Жүсекең оған «Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама» деп сілтеме берген. Ендігі сөз осы «баяндама» барысында. Дәлірегінде Жүсіпбектің сыншылығы жөнінде.
2
Жүсіпбек – бірінші кезекте прозашы, сосын драматург, публицист, аудармашы. Ал сын саласында, көнекөз қалам-герлердің, әсіресе белгілі ғалымжазушы Қайым Мұқаметхановтың деректеріне қарағанда, ол (Жүсекең) кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы, Л.Н.Толстой, В.Г.Короленко, М.Горький әңгімелерінің қазақша аудармасы, сондайақ кейбір төлтума пьесалар мен спектакльдер төңірегінде ойлы мақалалар жазған. Редакцияға Қайым аға тап-сырған олардың бірекеуі ғана қолымызда бар. Сондықтан Жүсіпбекті сыншы ретінде қарауға әзірше жалғыз «баяндаманы» негіз етуге тура келді.
Осы тұста мына мәселенің басын ашып алған жөн. Бір ғана «баяндама» бойынша Жүсіпбектен сыншылық іздеуімізге қандай қажеттілік болды? Жалпы осы мақаланы жазудағы бас-ты мақсатымыз не? Аталған еңбекте Жүсекеңнің өзі айт-қандай, біздікі әншейін мықтыны «ат қылып мініп, әбүйіратақ іздеп, көзге түсем деушілік» пе? Әлде әйтеуір жұрт Жүсіпбек туралы айтып жатыр екен, мен де бірдеме деп қалайын деген алаөкпелік пе? Жоқ, бірі де емес. Бұл еңбек жөнінде бізге қалам алғызған – көркем әдеби сынымыздың дәл бүгінгі жағдайы. Мәселен, айтыңызшы: соңғы бірнеше жыл көлемінде қазіргі қазақ әдебиетінің бір тірі өкілі туралы жанжақты сөз сабақтап, оның шығармашылық еңбегін әлеуметтік шындықтармен терең байланыстырып, ағын ақ, қарасын қара деп, әрі мәдениетті, әрі өткір жазылған қандай сынды білесіз? Ал біз білетін сынның, амал не, өткірлігі болса, мәдениеті жетіспейді, мәдениеті болса, әділеті, әділеті болса, әлеуметтік мәні келте келіп жатады. Егер түбірден тартып қозғасақ, әдеби сын жеке қаламгерлер үшін қолшоқпар да, қолпаштаушы да, қолтықтан демеуші де емес, тұтастай әдебиеттің қозғаушы күші, оған бағытбағдар сілтейтін шамшырағы болуы керекті. Сыншы сол жеке қаламгер шығармашылығы (творчествосы) арқылы өмір, қоғам туралы өз ойларын да ортаға сала білер санаткер болуы керекті. Әр кезде мұндай деңгейге көтеріле алмай жүрсек, бұған тек сыншылар ғана кінәлі болмас. Кешегі күнге дейін ең еркін болуға тиіс әдебиетке де үстемдік көрсетіп, әмсе үстінен қарап келген партиялық өктемдіктің, соның ықпалымен дүниеге келген социалистік реализмнің «әдебиетке таптық көзқарас» деген жартыкеш қағиданың сынға да салқынын тигізгені анық. «Салқыны» деген – тым сыпайы сөз. Белгілі бір кезеңдерде сын қазылықтан гөрі жендеттік қызмет атқарғаны да белгілі. Қазақ әдеби сынының көркем әдебиеттен көш кейін қалуының бұл – обьективті себептері. Ал субьективті себептерін Жүсекеңнің өзі бізден бұрынақ айтып кеткен екен: «Замана сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей. Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не бықсыған күншілдер…»
Алпыс жылдан астам уақыттан кейін «Лениншіл жас» журналынан (№5; 1923) «Қазақ әдебиеті» газетіне (№4–5; 1989) қайта көшіріліп басылған «Мағжанның ақындығы тура-лыдан» осы жолдарды оқыған кейбір қаламгердің: «Құдайау, мынасы дәл бүгінгі сыншыларға айтылған ғой. Жүсекеңнен бері жалпақ дүние қанша өзгерсе де жан дүниеміз қалай өзгермеген!» деп таңданғаны бар. Біздіңше таңданатын дәнеңе жоқ. Жоқтан өзгеге таңданып, таңдай қаға беру болмыс сырын я білмеуден, я ескермеуден шығады. Қай уақытта, қай елде, қандай қоғамдық формацияда болмасын барша адамзатқа тән ортақ қасиеттер-дің: парасатпен бірге пасықтықтың, адамдықпен қоса пендешіліктің, дархан талантпен қатар дарынсыз күншілдіктің қос өрімдей қосақталып жүруі – диалектикалық заңдылық. Мәңгі өлмейтін, мәнін жоймайтын, кезкелген кезеңде жаңа айтылғандай жалпыға «бәрекелді!» дегізетін сөз – осы заңдылық негізінде туындайтын сан түрлі кеселкесепат пен жақсылықшарапатты адамзаттың күрес практикасынан қорытып, пісіріп берген сөз болса керек. Мың жыл бұрынғы Қорқыт ата сөзі мен жүз жыл бұрын айтылған Абай даналықтарының бүгін де қажетімізге жарап жатуы, сондайақ қажет кезінде қазір де қадым заманғы қытай философы Конфуций мен өткен ғасырдағы орыс ойшылдарына жүгінетініміз сондықтан. Егер Жүсекең: «Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі» десе, бұл тек қазақ жұртына немесе сол Жү-секең өмір сүрген уақытқа ғана тән жағдай емес. Бұл сөздің кешегі құндылығы сол – Жүсекеңнің Мағжан өлеңдерінің өлмес, өшпес рухын дер кезінде тануында, сондай дүние тудырған ақынды тірісінде бағалайық, сақтайық деген емеуірін сездіруінде. Бұл сөздің бүгінгі әсері сол – кезінде Мағжанға қарата айтылған осы ойдың енді Жүсекеңнің өз «қадірін» де білдіретіндігі. Жүсекең деймізау, «талай таланттардың… «қадірі» дегенде, бүгінде Мұқағали, Жұмекен, Кеңшілік жөнінде жанжақтан жазып, жабыла кірісіп кеткеніміз тағы еске түседі.
Қысқасы, «Мағжанның ақындығы туралы» баяғы Мағжанды танытумен қатар қазіргі қоғамдық, шығармашылық халахуалымыз туралы, бүгінгі талай таланттарымыз бен жақсыларымыз туралы ойлантуға да жетелейді. Бізге осы мақаланы жазуға ұмтылдырған да, ең алдымен, оның танымдық жағынан бұрын тағылымдық мәні еді.
3
Кейде бір шығармасын жазарда қаламгердің «осыны айтсам» дейтін ойидеясынан бөлек «осы үшін жазсам» деген, онысын тек өзі ғана біліп, ақылпарасатын іштей соған бағыттап отыратын жеке мақсаттары да болады. Айталық, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында этнографиялық суреттеулердің өте көп кездесетіні, кей сәтте олар тіпті тәптіштеліп, түсіндіріліп берілетіні де бар. Екі қазақтың бірі білетін мұндай жайларды алға тарта берудің қандай қажеттілігі болуы мүмкін? Мәселе мақсатта ма дейміз. Ұлы жазушы сол ұлы шығармасы арқылы бұрынғы қазақ тұрмысына тән салтдәстүрлер мен әдетғұрыптарды өзге де жұртқа жеткізуді көп мақсатының бірі де бірегейі етіп ұстағандай. Ал Жүсіпбектің Мағжан туралы жазудағы мақсаты? Біздіңше ол үш нысананы көздеген. Бірінші – ақын талантын таныту арқылы ең әуелі оны көлденең сөз, ешкікөз, «бықсыған күншілдер» мен әпербақан сыншылардан қорғау. Екінші – «буыны бекіп, бұғанасы қатпаған әдебиетті тәрбиелеу» үшін профессионалды көркем әдебиет сынының жаңа үлгісін жасау. Сосын Мағжан шығармашылығын талдаптарата отырып, ақын өсіпөнген орта – қазақ әдебиетінің сырсипаты мен ерекшелігін, әсіресе оның отарлық жағдайдағы халахуалын көрсету.
Жұмыс процесінде автор соңғы екі нысананы тіпті тікелей мақсат етпеуі де мүмкін. Бірақ қалай топшыласақ та оның басты көздегені – Мағжан басына үйіріліп келе жатқан қара бұлтты күні бұрын сезіп, ақынға араша түсу екені айдан анық.
Иә, ол уақытта – жиырмасыншы жылдардың басындаақ Мағжанның қатерлі қарауылға іліге бастағаны айқын еді. Көп жағдайда жасын да жалғыз ағашқа түседі. Мағжан – төңкеріске дейін де, кейін де жанжағынан азынай соққан қара дауылдың ығына қарай қисаймай, оның азалы да азапты зарын азғантай ғана жұртына айнақатесіз жеткізіп, әр «жапырағы» сыр шертіп, әр «бұтағы» қыл қобыздай күңіреніп тұрған жапандағы жалғыз дарақтай еді. Сол сарынмен, сондай сазды әуенмен, шыншылдықпен 1923 жылға дейін (Жүсіпбек сынына дейін) ол үш кітабын шығарып үлгерді. Жұрттың елден ерек танығаны – Мағжан болды, өзгеден таппағанды олар Мағжаннан тапты. Мағжан шығармаларындағы мөлдір махаббат, сыбызғыдай сыршылдық, ескі күндердің әдемі суреттері, әмсе еркіндікті аңсаған халықтың баяғы батырлық, ерлік, елдік дәстүрі ендігі мына тұманды да бұлдыр күндерде санасы сан саққа жүгіріп, сарсаңға түскен қалың бұқара үшін әрі алданыш, әрі сағыныш еді. Сол үшін де оны елі сүйді, құрметтеді. Сонысы үшін де ол біреулерге қара сүйелдей көрінді. Уақытына орай дәл осындай ақынның – халқын қалың ұйқыдан оята білетін, сыршыл да шыншыл, білімді де білікті, сезімтал да жүректі ақынның аса қажеттігін, оны қолдан келгенше қорғау керектігін түсінгендер аз. Аздың ішіндегілер – Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мұхтар, Смағұл (Садуақасов), Даниял (Кәкітайұлы) сияқты санаулы санаткер ғана. Бұлар Мағжанмен бір бағыттағы, бір пікірдегі адамдар еді.
Бағыт, пікір демекші, Мағжанға қарсылық негізінен екі түрлі жағдайда туындаған секілді. Алдыңғысы – идеялық қайшылық. Оның бір ұшынан ұстағандар – жаңағы бағыт, пікір жағынан Мағжаннан аулақ, жаңа заманның тапшыл, жаңашыл қағидаларына бар болмыстарымен сенген, ол жолда Мағжанды қойып, бірге туған ағабауырды да байлап жіберуден таймайтын, домна пеш жылытпас догматиктер. Олардың көбінекөп сүйенері – Маркс, Плеханов, Троцкий, Луначарский… үлгілері. Еуропа, Ресей қоғамдары. Ал Маркстің кейбір идеялары «кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған» қазақ елін былай қойғанда, капиталистік жолға әлдеқашан түсіп үлгерген Ресейдің өзіне қонымды бола қоймасын, Плеханов, Троцкий, Луначарский қағидалары қандай қоғамдық ортада туғанын ескеруге, ескере тұрып оны өз елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени ерекшеліктеріне сәйкес қорыта ой қозғауға бұл «қайраткерлер» бір жағынан дәрменсіз, екіншіден шарасыз еді. Сондықтан да олар Мағжан, Жүсіпбек сынды ел деп еңірегендердің төбесінен қиқу кетірген емес.
Мағжан тап болған екінші қарсылық пәнәйі пендешіліктен өрбісе керек. Бұған, қызғаныш пен күншілдікке берілген адамдар ақынға деген бүкіл өшпенділік отын аямай үрлеп, қаскөйлік қоламтасын үнемі қоздырып отырғаны байқалады. Мәселен, сол кездегі белгілі сыншылардың бірі Ғаббас Тоғжанов өзінің 1926 жылы Мәскеуде жарық көрген «Жүсіпбектің сыны, Мағжанның ақындығы туралы» деген кітапшасында ақынды екі сөзінің бірінде «байшыл, ұлтшыл, ескішіл, діншіл, шығысшыл, түрікшіл» деп кінәлағанымен қоймай, оны ең ақыры әйелқұмар, нәпсінің құлы, жеңілтек етіп көрсетуге ұмтылған. Қараңыз: «Мағжан – байшыл, идеяшыл ақын. Қазақ даласында ерке, бұла болып өскен ақын. «Ақ отау, төрт түлік мал, сары қымыз, әдемі қыз». Міне, Мағжанның ұяда көргені. Қазақ оқығандарының көпшілігі қазақ даласына, «ардақты ерке» ғой! Оқыған елде қадірлі, әсіресе қазақ қыздарына қадірлі. Қыз арасында қазіргі бар, ерке өскен қазақ оқығандарының құлық, мінездері Мағжан өлеңдерінде анық көрінеді. Мағжан ерке өскен оқығандардың ішіндегі алдымен көзге түсіп, ауызға алынатын оқығанның бірі. Мағжанның «еркелігі» тіпті күшті. Бұл «гүлді» де, «күлді» де құшағына алған. Мынау «күл», мынау «гүл» деп талғамаған. Сүйгісі келген, көңілі шапқан әйеліне Мағжан:
«Құшақта да, қойныңды аш
Бұғақтан бір сүйейін,
Сүйейін де күйейін!»
(«Сүйгенім анық»)
«Бұл ләззаттың бір минөтін бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Ләззат, рахат, бақыт бәрі қойныңда
Сұрамаймын енді ұжмақ жақсы жәй…»
(«Сүй, жан сәулем тағы да»)
дейді ақын. Қазақ байының қолы жете қоймайтын ең үлкен арманы «патшаның тағы, дүниенің малы ғой!» Мағжан қыз сүйгенін, қойында жатып, ләззат тапқанын, соған да айырбастамайды».(65бет)
Сол кездің өзінде бірнеше оқу орнында (Омбы гимназиясы, Орта Азия университеті, Москва халық шаруашылығы институты) оқи жүріп үнемі идеологиялық басшы қызметтер атқарған азаматтың сыны да – осы, сөзі де – осы! Қай жағынан болмасын Мағжанға қамшыны аямай сілтеу. Мағжанға оның идеялық сенімі сәйкес келмеуі бір басқа, ақынның жеке басын да өте жеккөруі, қызғаншақтығы мен күншілдігі аталған кітапшаның әр парағынан аңқып тұрады.
Жүсіпбек сыны осындай содыр сынның сойылы ақын басына әр тұстан ендіенді көтеріле бастағанда жазылған. Ол соққыдан Мағжанды қорғау үшін қолға қандай қалқан ұстау керек? Жұрттың көбі марксшіл. Бәрі де ойын Маркс сөзімен тұздықтауға құмар. Ал шын мәнінде өмір, тұрмыс, шындық туралы Маркс не дейді?
Иә… «Маркс не дейді?» Жүсіпбек баяндамасына үлкен бір тақырып ретінде осы сауалды қояды да, жауабына: «Сананы, пікірді тұрмыс билейді» дейді» деп сөзін бірден тереңнен сабақтай жөнеледі. (Бұнысы – жалаң марксшілдердің өз қаруын өзіне жұмсауы ма дейсің). Матералистік, идеалистік философияның қайқайсынан да терең білімі бар ол бұдан әрі Маркстің осынау ұлы тұжырымының мәнмағынасын қордалы ой қазанында қорыта келіп, практика тұрғысынан оны қарапайым тілмен түсіндіруге ұмтылады. Алыстан бұлай орағытудың қажеттілігі сол – алдымен Мағжан өсіпөнген орта – қазақ әдебиетінің өзіне ғана тән шаруашылық, тұрмыстық ерекше-лігін ашып көрсетпейінше ақын шығармашылығын әділ бағалау қиын еді. Өйткені «әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақыны сол замандағы әлеуметтік тұрмысымен, әдетғұрпымен, мақсатымен, салтсанасымен суырылып, әлеуметімен біте қайнап өсіп шықпақшы». Құдай берген құдіретін сыйсияпатқа айырбастап, заманның ығында, мықтының ықпалында жүретін көп өлеңшіден нағыз Ақынның айырмашылығы да сол өзін тудырған әлеуметінің көзі мен сөзі, музасы мен мұңы бола білуінде ғой. Мағжан осындай дәреже, осындай биікке көтерілген ақын еді. Оның қамтыған өрісі – не қарақұрым малды Қарымбайдың, не қаратабан шаруа Мырқымбайдың ғана жайы емес, жалпы қазақ жұртының тынысы. Бұл тыныстың жылдан жылға тарыла түскенін ақын жүрегі өзгеден бұрын сезді, өзгеден ерек жырлады. Туған жері – Сасықкөлге «итиіп қара шекпен келіп қонса», кешегі саумал иісті сары даласына енді «Айналасы – тұман, түн, Дем алысы – от, түтін» қалалар орнығып жатса, баяғы «Қасымның қасқа билігі, Есімнің ескі билігі» ұмытылып, елді ұрлыққарлық, парақорлық жайласа ақын қалай: «Көрген сайын, көп қысым, зарлы, ащы дауысым шырқырар Сарыарқада» демесін! Бұл – ақынның ғана емес, отарлық қырсаудағы қалың қазақтың ащы зарытұғын. Ақынның азаматтығы сонда – әр қазақтың ішінде өксік болып тығылып, запыран болып қатып жатқан осынау ащы зарды жалпақ жұртына жан айқайымен жеткізе білуінде еді. Шындығында, жеткізейін, айтайын демейді, айтпасқа, жыламасқа ақынның амалы жоқ тәрізді. Мағжан жырларындағы шыншылдық, шынайылық соған мегзейді, соны сездіреді. Мейлі ол күлсін, күңіренсін, мейлі торығып, түңілсін – бәрбәріне сенесіз. Сенесіз де сіз де күйініп, күрсінесіз. Өйткені ондағы (Мағжан жырларындағы) лирикалық кейіпкердің сан түрлі сезім сапырылысы көп жағдайда халық тағдырынан туындап, ел өмірімен етене ұштасып жатқанын көресіз. Шын мәніндегі азаматтық поэзия дегеніміз осы болса керек. Ал социалистік реализмнің тұмса тұңғыштары мен біз сияқты сүткенже-лерінің ұғымындағы «азаматтық поэзия» – бері айтқанда, «отан», «партия», «туған ел», «ұлы жеңістер» туралы мадақ (ода), ары айтқанда, жалған патриотизм екенін енді мойындасақ болар. Мағжанның ақындық тұлғасын асқақ көтеріп, атын алысқа жеткізген де, өмір жолын бірде қияға, бірде қияңға жетелеп, ақыр соңында оны құрдымға әкеп тіреген де осынау азаматтық жырлары еді. Ол махаббат, табиғат, интимдік лирикасымен де қазақ поэзиясынан қадірлі орнын алатын еді, бірақ ел мен жер, ұлт пен ұрпақ тағдырынан ақындық отауын оңаша тігуге азаматтық ары жібермегені анық. Ақын күн санап сол ардың садағасы болып бара жатқанын кей мезетте өзі де сезіп отырғаны байқалады. Сондай мезетте, әсіресе замана зауалы төніп қалған кезде амалсыз қорғануға, шарасыз шегінуге мәжбүр болғанын да көреміз. Бір қызығы, мұндай мақсатта жазылған жырлары шын көңілден шықпағандығын, жасандылығы мен жалғандығын жасырып қала алмайды. Мәселен, «Леонид Исаевич Мирзоянға» арнаған «Қаламыма» атты өлеңін қара-ңыз. Басаяғы үшақ шумақ болғандықтан толық келтірейік.
«… Енді бетім, елді көр еңбек емген,
Басында бағы жанып, күндей күлген.
Қомданып, қас қырандай қаруланып,
Алыстан орағытқан жауға төнген.
Осы бетім – ақ ниетім, елге ере алсам,
Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.
Социалды Отанды қанмен қорғап,
Керек болса кезінде жан бере алсам.
Осы бетім – ақ ниетім, келдім бастап,
Жанымнан бар жараны сылып тастап.
Еңбекші ел, ашуы – ұшан, мейірімі мол,
Жанымды тарттым саған жалаңаштап».
Осындай сыртында сыны, ішінде сыры шамалы, арзанқол дүниені Мағжан неге жазды дейсіз ғой? Жауабын тек жалғыз шумақ «Жамбылға» деген өлеңінен оқыңыз.
«… Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші!..»
Бұл екі өлеңнің қайсысы жүректі жарып шыққанын айтпасақ та болар. Алайда алғашқы үш шумақтың ойлы оқырман жүрегін қан жылататыны және рас. Несімен? Көркемдігімен, әлде тереңдігімен? Жоғә! Кешегі жиырмасыншы жылдары «исламшыл», «түрікшіл», «шығысшыл» болудан да, тіпті «ұлтшыл» атанудан да қорықпай, айтарын айтып, жырлайтынын жырлап, бар талантымен, қайратымен көрінген қайсар ақынның отызыншы жылдары осындай мүскін де мүшкіл күйге түскеніне жаның жабырқап, көңілің құлазиды. Заманға нәлет айтасыз!
Заманның Мағжанды өстіп түбінде бір тұқыртарын Жүсіп-бек ерте сезгендей. Оған соншалықты көріпкелдіктің де көп қажеті жоқ еді. Төңкеріс мақсаты белгілі. Саясаттың беті ашық. Кім нені жазуы, нені жазбауы керек деген мәселенің ұшқыны сол жиырмасыншы жылдардың басындаақ жылтырап көріне бастаған. Бұл ұшқын ертеңгі күні өрт болып лаулайтын болса, оның жалыны алдымен әліге дейін «Қорқыттың» қобызын тартып, «Сорлы қазақ», «Күншығыс», «Бостандық», «Қазақ тілі» деп қақсап жүрген Мағжанды шарпитынына дау жоқты. Дәлірек айтқанда, қай замандасы қалай десе де, Мағжан жаңа өмір, жаңа қоғамдық құрылысты бірден қабылдай алмағаны (іштей өмір бойы қабылдамай кетуі де мүмкін) анық еді. Неге? Не үшін? Жүсіпбек бірінші кезекте осы сауалдарға терең де дәлелді жауап бергенде ғана Мағжанды әрі ақтауға, әрі оның талант құдіретін танытуға болатынын түсінген тәрізді. Сыншы бұл мақсатына жету барысында әуелі қазақ әдебиетінің шаруашылық, тұрмыстық, дәстүрлік, нанымсенімдік, тіпті ұлттық мінезқұлық ерекшеліктеріне дейін ашып көрсетуге ұмтылады. Сондағы көздер нысанасы: Мағжанның үні, қайғымұңы, қасіреті, жылт еткен үміт ұшқыны мен алыстан аңсар арманы – бәрібәрі өз халқының бастан кешкен, кешіріп жатқан жайы екенін жеткізу, түсіндіру болса керек.
Қысқасы, Жүсекең осынау «баяндамасында» Мағжан шығармашылығын тілге тиек ете отырып, ақынды ол өмір сүрген орта мен уақыт болмысынан бөлек алып «тексеруге» болмайтындығын, бұл екі ұғымды (субьект, обьект) бірбірімен тығыз байланыста қарағанда ғана тура ақиқатқа жол ашылатындығын алға тартады. Бұл жағынан Жүсекең – әрі қоғам танушы, әрі философ, әрі ақынды қорғаушыадвокат.
Адвокат! Сыншыға теліген қызық сөз. Алайда, бір шындығы «баяндаманың» өн-бойынан Жүсіпбектің сыншылық сыпатынан гөрі адвокаттық әрекеті көбірек байқалады. Яки сөз басында Жүсекеңнің өзі айтқандай, «заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмаса», бұдан «баяндама» авторы да су жұқтырмай сытылып шыға алмағанын, көп жағдайда оның өз бүйрегі де Мағжанның жақсылығына қарай бұрыла бергенін көреміз. Мәселен кей тұстарда ол Мағжанды сынапақ тұрғандай болады, бірақ артынша оны қалай ақтап алғанын өзі де сезбей қалатын секілді. Мысалы қараңыз: «Әрине қазақтың халы ақынды сонша зарландырғандай ауыр деп айтуға болмайды. Төңкерістен кейін жұртшылыққа кірісіп, азаматы қызмет істеп, қазақтың жастары леклегімен оқып жатыр. Аз да болса келешектен үміт бар ғой. Осынша қайғырып, зарлануға бола ма? Жетектеуге көсемдік көрсете, қайрат-жігер бере жазғаны дұрыс қой. Бұл жағынан қарасақ, Мағжанға уайымшылсың деп кінә қоюға болады» дейді кәдімгі сынаған сыңай танытып. Сосын іле-шала: «Бірақ оның табиғаты сондай нәзік, болмашы нәрсе оны жабықтырады, болмашы нәрсе қуантады, оның сезімді жүрегі, ұшқыр қиялы «ұжмақ» сынды сәулетті (идеальный) өмірді көксейді, бүгінгі жабайы тұрмысқа, сұр өмірге қанағат етпейді. Сондықтан ол қорыққан ақын болып шығып отыр» деп ақтап ала қояды. Ең тамашасы, сыншының екі түрлі уәжіне де келіспеуің қиын.
Сондайақ және бір жерде Жүсекең: «Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында. Бұ жағынан Мағжанның кемшілік жерлері бар»,– дейді де, 16жылғы оқиғаларға байланысты ақын «Орамал» деген жалғыз-ақ өлең жазды, ұлттың ыстығына күйіп, суығына тоңам деп жүрген ақынның мұнысына көңіліміз жарымайды дегенді айтады. Иә, солай дейді де: «Бірақ бұл кемшілік талай зор уақыттарда болған. Атақты Пушкин өз заманындағы оқиғаларды түгел суреттей алмаған, қайта Гоголь әлеумет мінін көбірек көрген» деп Мағжанның алдыартын тағы бір қымтап қояды.
Бұдан біздің болжайтынымыз: Мағжанды біреу қай жағынан сынауы мүмкін, ал оған қандай уәж айту керек деген екі мәселені Жүсекең екі тізгіндей қатар ұстап отырған. Сөйтіп ол Мағжанды мейлі «сынасын», мейлі ақтасын, қалай да оны жаңа өкіметтің жауы емес екенін дәлелдей түскісі келетіндей. Мемлекет бар жерде үстемдік болмай қоймайтыны белгілі. Ал үстемдік тізгінін ұстағандар қай кезде де сөз өнерін бұғалықтап, орақ тілдіні ауыздықтап отыруды ұмытпаған ғой. Өйткені елді соңынан бір ертсе – солар ғана ерте алатынын білген де. Жүсіпбек осы жайды ескерді ме, кім білсін, сөз соңына таман мынадай қызық пайым жасайды: «Мағжан терең ойдың ақыны емес, ол заманды суреттеуге шебер емес. Ол келешекті болжап, жұртты соңынан ертетін пайғамбар ақын да емес. Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыш-тығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті».
Соңғы сөйлемдегі ойларға түгелдей қосылмасқа лажың жоқ. Мағжан шығармашылығының ең көрнекті тұсы да осы өрісте жатқаны рас. Ал бастапқы тұжырымдарға қалай қараймыз? Әсіресе, Мағжанның «заманды суреттеуге шебер еместігіне» келісе аламыз ба? Егер ол бұған «шебер» болмаса, тек қана махаббат пен табиғатты жырлап жүре берсе, «ұлтшыл, түрікшіл, шығысшыл» атанып несі бар? Заманды жырлап зарламаса, «қазағын» айтып қақсамаса – интернационалидеологтар оған қаламын безеп, қаруын кезеп қайтеді! Әрі-берідесін Мағжанды романтизмге жетелеген де оның заман зарынан жеруі шығар. Әйтпесе:
«Бар жерді күннен күнге алып жатыр,
Біреулер алып қала салып жатыр.
Қырылысып өздіөзімен қазақ сорлы,
Жерінен аузын ашып қалып жатыр», («Қазағым») деген сияқты шумақтарда заман суреті жоқ деп кім айтады?
Сонда бұны Жүсіпбек оқымады, түсінбеді дейміз бе? Жоқ. Біздіңше, мәні басқада. Мағжанды қызылкөздерден қызғыштай қорғағысы келген Жүсіпбек жоғарыдағы сөзін айтқанда, ақынның дәл сондайға «шеберлігін», «пайғамбарлығын» жасыруды, пәленің бетін бұруды ойлады ма деп тон пішесің. Өйткені «баяндама» соңында: «Мағжан – терең ойдың ақыны емес» деп тағы да шегелеп тұрып қайталауы тегін болмас.
Мағжан шығармашылығының мазмұндық ерекшелігін жіктеп, жіліктеп беруде Жүсекең, міне, осындай азаматтық, зерделілік танытса, енді оның пішіндік жағын «тексергенде» өзін тамаша ұстап, талғамды да мәдениетті жан ретінде көрсетеді.
«Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, Абай да сөздің ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауға, сөздің сыртқы түрін әдемілеуге Мағжанға жеткен ақын жоқ» деген бір сөйлемінде қаншама ой, қаншалықты әділ баға жатқанын сезесіз бе?!
«Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Сыбырға айналады сылдыр.
Жүректі өртеді құрғыр-ды» оқығанда, маңайыңның бәрі сылдырлап кеткендей боласың» дегеніне иланбай көр! Сұлулықты сұлу сөзбен жеткізе білу де үлкен өнерау!
Жүсекең Мағжан өнерінде еліктеу де болғанын жасырмайды. Оның көрсетуінше, ақын кезінде Бальмонттан бастап, Абай, Ғабдолла, Тоқай, Ахмет, Міржақыпқа дейін ұқсатып өлең жазған. Олардан мысал келтіргенде кей шумақты Мағжан тіпті көшіріп алғандай көрінеді. Бірақ Жүсекең бүгінгі бір білгіштер секілді ит жылғы тезектен қылшық көргендей байбалам салып жатпайды, еліктеу алғашқы кезде бар өнерге тән екенін сыпайы ғана айтып өтеді.
«Мағжанның ақындығы туралы аздыкөпті байқағанымызды айттық. Қалғаны болса, оқушылар жеткізе жатар деп, сөзімізді бітірдік» деп Жүсекеңнің өзі айтқандай, Жүсіпбектің сыншылығы туралы аздыкөпті ойымызды, міне, біз де ортаға салып біттік. Тек сол ойымызды бірер сөзбен түйіндер болсақ:
«Мағжанның ақындығы туралы» – қазақ көркем әдебиеті сынының алғашқы эталлондарының бірі де бірегейі;
ол – әдебиет сынының тамаша үлгісі ретінде әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарай берері сөзсіз.
1990 ж.