ЖЕТПІС АПА

ЖЕТПІС АПА

Айнакөлдің үстінен қаз қаңқылдап, тырналар қиқу салды.

– Қош! – деді Жетпіс апа. – Қайырылып сендер келгенде қанатсыз мені көрер ме екенсіңдер бұл жерден…

Қайтқан құстар шың басындағы қорғасын бұлттың қойнына сіңе берді.

– Қош! – деді Жетпіс апа тағы да. Суықтөбеден суық жел есіп, жағадағы жалғыз кәрі қа йыңның сидиған қу сабақтары сыңсыды. Жетпіс апа да өмірінің ең соңғы күзімен қоштасқандай боп еді…

Жатаған үйдің жалғыз терезесін мұзбен құрсаулап, онсыз да жермен-жексен шаңырақтың белін қармен майыстырып кәр лі қыс келді. Ала жаздай Айнакөлдің жағасынан тірнектеп жиған шүйкедей шөбін жұлмалап, Жетпіс апаның жүйкесін жейтін ақ бораны тағы бар. Шүкіршілік, өлтірмейтін күйкі тірлік бұған да сүйреп жеткізді. Әзір желтоқсанның басы ғана, Алтайдың алты ай қысы алда жатыр. Оған дейін әлі кім бар, кім жоқ?..

Бүгін жұма. Жетпіс апа сергек тұрған. Қорадағы бір-екі қойы мен қасқа сиырын жайлап тастап, шайға отырғанда да, өзін біртүрлі көңілді сезінген. Ойда жоқта шекпенінің етегіне ша лынып, Қасен шал жетті.

–       Төрлет, төрлет, – деді Жетпіс апа. – Өзім шақырып алайын десем, жүгірте қоятын қолдаяқ та жоқ.

–       Құрдас, қалай, қуаттымысың? – Қасен шал сөйлей жүріп етек-жеңін жинады да, төрге барып жайғасты. – Қоңсы отырсақ та қол тимейді… Қайда-а-а-ан, мына қыс қалтыраған біз секілді кәрі-құртаңға мұң болды емес пе…

–       Көненің көзі едің, аруақтарды ауызға алып, дәм таталық, асықпа, – деді де Жетпіс апа бүкең қағып, ас қамына кетті.

Шал шаруасының жайын, белдің сырқатын, берекесіз ағайынға деген өкпе-сықпасын тауысқанда, буы бұрқырап ас та келген. Қайың қара табақтағы жамбастың өзіне қараған мырза басына тамсана бір қарады да, аруақтардың атына көшті.

– …Сандыбайұлы Сабыр. Сабырұлы Жетпіс…

– Тоқта! – Жетпіс апаның жаюлы алақаны дастарқанға құлап түсті. – Сандалып отырғаның не, құрғыр?! – Жетпіс өлді деп кімнен естіп ең? Алжығаннан саумысың?!

Қасен шалдың мақамы шорт үзілді. Біраз уақыт жер шұ қылап қалды да:

– Әй, құрдас-ай, соғыстың біткеніне отыз жыл, тірі болса қай да жүр? – деп міңгірледі.

Жетпіс апа тіл қатқан жоқ, әңгімені бұдан әрмен өрбітсе, іш тегі бітеу жараның аузын тырнайтынын біледі. Қайтып Қасеннің де жүзі ашылмады. Дастарқан жиналғанша қипақтап әрең шыдады да, сүйретіліп сыртқа беттеді.

Қасеннің бір ауыз сөзі өмірінің бүгіні мен ертеңін жалғастырып келген жалғыз сабақ жібін шорт үзгендей болды. Күні бойы алақандай үйдің есік пен төрінде шоқаңдап жүрді де қойды. Малға шөп салайын деп қораның төбесіне шығып еді, қолында шелек жүр екен. Онан сиыр саумақ болған, қасқа сиыр да қасқыр көргендей аталаңдап, маңына жуытпай ит қылды.

– Қайтеді мына қарасан келгір?! – деп Жетпіс апа соңынан ұмтылған, қашаны ықтай қашқан сиыр әлденені даңғыр еткізіп, төңкеріп кеткенде барып кемпір қолындағы айырға көзі түсті.

– Құдай-ау, қартайтқаныңды қайтейін, алжытқаның не? – деп енді шелегіне жүгірді.

Күн қайтса болды, Жетпіс апаның еңсесін зіл басады. Өйткені күйбеңмен жүріп аядай үйдің тірлігін тәмамдайтын ендігі ғұмыры да осымен таусылғандай қаңырап отырып қалатын. Артынша шуақ сөніп, әне-міне дегенше қара түндік терезеге төнеді. Қараңғылық қоюланған сайын дәрменсіз кемпірдің басындағы дәнекерсіз ойлар қайтадан божып шыға келеді. Бірақ ол алдағы күннің қызығы, ертеңнің қамы, уайымы емес. Келер күн күтпей-ақ келеді, атар таң онсыз-ақ атады. Оны қинайтын – өткен ғұмырдың көңілде қалған мұңы мен алда нышы, кө ңілде ғана қалған суыртпақтай шолақ сүрлеу. Осы сүрлеуді күн сайын шиырлап өтсе де, жүрек түбіндегі жылт еткен боларболмас бір сәулені сөндірмей-ақ келіп еді. Ертеңге жетелейтін сүйеніші де сол болатын.

Жетпіс апа төсегінің тұсында ілулі тұрған әскери формалы жас жігіттің суретіне ұзақ үңілді. Кенет баяғы бір таныс дауыс та жаңғырды:

– Апа, жыламашы, ораламын! Ораламын, жылама!

Көз алдындағы сурет бүгінде көптің көңілінен өше бастаған көне бір елесті қайта тірілтіп еді.

…Кеңсе маңы қаптаған халық. Желкілдеген құрақтай жетіп қалған он шақты жігітті кезек-кезек бауырына басқан аналар… Іштей қамығып, ет бауыры езіліп бара жатса да жұрт алдында босамай, жалғыз ұлын үнсіз иіскеп тұрған, міне, өзі. «Қалшы, апа», – деп жалына тіл қатқан Жетпісті де тыңдамай жүріп келеді. Ауылдан шақырым ұзап шыққанда, ең соңғы рет бетінен емірене сүйгенде, өзегі өртеніп сала берді. Сырт көзге суық бауыр шығарып салуға бекінген жүрек бұдан соң шыдамады, егілді-ай кеп. Арбалар ұзап барады. Майланбаған доңғалақтар сықырлап, еңіреген апа зары батқандай ыңырсып, «Оралады, жылама, оралады, жылама» дегендей болады…

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген, көңілінің қуанышы мен жұбанышы болған жалғыз ұлдың бейнесі сол бір күздің сұрқай суретіндей оңып, көз алдынан өшіп бара жатты.

Қанша жыл өтсе де осы бір елес сарғайған санасында сағыныш болып тұрып алатын әдеті. Әбігермен жүріп күндіз ұмытса да, түнде мұң боп қайта оралады. Қайта оралады да, құлағының түбінен сол таныс дауыс тағы да айқайлап тұрады:

– Апа-а, ораламын, жыламашы! Ораламын!..

Әр хатының соңында «Ораламын» деуші еді. Әр хатының басында «Аманмын, апа» деуші еді. Кей азаматтардан қара қағаз келіп, жадау жандарды тұралатып кетсе де, бұл жаман дық күтпейтін. Жетпістің келетініне сенетін. Хатты жиі жазатын. Қырық бесінші жылдың көкек айына дейін үзілген жоқ. Тек бір хабарында: «Апа, Берлинге бет бұрдық. Амандық болса аз күнде үйде боламын», – деді де үшкіл хаттар ұшты-күйлі жоғалды.

Сол жылғы мамыр айы қандай тамаша еді?! Ұзақ уақыт ар қаға аяздай батқан соғыстың салмағын жұрт сілкіп тастап, кеудесін кеңге салған кең пейіл күндер еді ғой. Кешегі көздерінен жас кетпеген әрбір үйдің көңілдеріне қуаныш толып, біреудің қаралы жаны біреудің қуанышымен қайта көгере бастаған сәнді де жомарт көктем еді. Бүкіл Қызылқайың ауылының өлгені тіріліп, өшкені жанғандай, Жетпіс апа сондағы адамның жомарттығындай телегей-теңіз көңілді көрген емес. Кеше ғана сіңіріне сүйеніп, үзілмей келген сірі жандар бір-ақ күнде тоқішектей майланып шыға келді. Сол күнгі аспан да енді қайтып бұлттанбастай алқа-қотан той үстіне аппақ нұрын септі де тұрды. Бірақ ол дәл сол күні Жетпіс апаның төбесіне найзағайын бір ойнатып кетіп еді-ау…

Кешкілік есік алдында жайбарақат отырған. Туған бауыры Хамит бастаған бес-алты шал айналма көшеден шығып тура өзіне беттегенде, жүрегі дір ете түсті. Хамит те мұны көріп іркіліп қалды. «Япыр-ай, Жетпістен бір жаманат әкеле жатпаса нетті… Сұмдық-ай! Сұмдық-ай!» Өз ойынан өзі шошыған Жетпіс апа тұра беріп, етпетінен құлады. «Кейін, кейін… Бәрін де кейін…» – деген Хамиттің сөзін құлағы шалды. Бұдан соң бей ғам шаруамен кәукілдесіп өте берген жұрттың су сыртын ғана көріп қалған.

Жетпісім жуырда келеді деп жүрген Жетпіс апа содан бері сәл нәрседен секем алып, сәл нәрсеге сескене қарайтын болған. Әсіресе, Хамитті көрсе қатты түршігеді. Қашанда бауыры оған бір сырды айта алмай мысы құрып, жасырып жүргендей көрінді. Бірақ сан жылдардың сары жұртында тапталып кеткен сол бір сары уайым да өше бастаған. Қара қағаз келгендер де қай та оралып жатты. Бұл да оған демеу. «Өлгендер қайтып кел генде, хабарсыздар ең болмағанда тірілердің санатында еді ғой», – деп өше бастаған үмітін үрлеп қоздататын. Хамиттен де жаманат естімеді. Қамқоршысы да, қорғаны да сол. Бірде Жетпіс апаның шөбін шауып жүріп:

–       Әпке, – деді ол. – Әпке, қашанғы осы жеркепеде отыра бере сің? Босқа тыртаңдап өзіңді қинама. Жасың болса жер ор тасынан ауып барады. Жетпісің келгенше бір жерден ошақ көтергеніміз жөн.

–       Жоқ, – деді Жетпіс апа. – Сенің орның бір төбе. Жеркепеде отырсам да, мен де бір шаңырақпын. Бұл ауылға келін боп түскенде осы үйде бетім ашылған. Жетпісіме қанат байлаған да осы үй. Топырағы торқа болғыр кешегі жездеңді де мәңгіге шығарып салған осы қара шаңырақ. Бір ұрпақтың түтінін өшір дегенің бе?

Хамит буынсыз жерге пышақ салғанын түсініп, қайтып жақ ашқан жоқ.

Одан бері де, міне, табаны күректей жиырма жыл өтті. Бауыры қинала қалса қасында, ауыра бастаса басында отырады. Тіпті оны қойып, совхоз басшылары да бәйек болып жүргені. Жаңа салынған үйлерден пәтер де бермек болды. Көнбеген тағы да кемпірдің өзі.

Жетпіс апа өте кеш жатты. Қасеннің манағы сөзінен кейін күпті көңілі баяғы күдігін қайта оятты да, сұғанақ ойлардың шырмауында сілесін әбден қатырып барып көз ілді…

– Апа, есік ашшы! Мен ғой, мен – Жетпіс.

Құлағына дүбірлей жеткен тосын дыбыстан Жетпіс апа шошына тұрды. «Япыр-ау, өңім бе, түсім бе? Не деді, әке, Жетпіс деді ме, қалай?» Есік тағы да тырсылдады.

– Апа, мен ғой, мен – Жеміс.

«Не деп кетті құрғыр, Жетпіс деді ме, Жеміс деді ме?» Ол ең-кеңдей басып есікті ашқанда Қасен шалдың немересін көрді.

–       Е, сен екенсің ғой. Кір, кіре ғой бүріспей. Немене, таңсә-ріден азан шақырып жүрмісің?

–       Таңсәріңіз не, апа?.. Тал түс болды емес пе? – деп қыз бия-лайын шешіп, қолын уқалады. – Саған көмектесейін деп келдім. Ұсақ-түйек шаруаңыз бар ма?..

– Жә, отыр, – деді оған Жетпіс апа, – сенсіз де шаруа бітер. Ер бейіп маған серік болсаң жетед те.

Қыз қымсына басып, көнетоз сырмақтың үстіне келіп отырды.

Мал жайлай кеткен кемпір кешіккен соң, Жеміс ыдыс-аяқты қағыстырып көріп еді, осы үйде ғұмыры қазан көтеріліп, ас ішілмегендей бәрі де тап-таза, қылау тимеген, еденде де көлденең жатқан шырпы жоқ, ақыры осыным да қолғабыс шығар деп қайыңның қабығын жыртып, кепкен жаңқадан қазан дыққа от тұтатты. Жатаған үйге лайық жалпайған аласа қа зан дықтың көмейі күркірей жөнелгенде, бала тіксініп қалды, көбігі бұрқырап көрінгенді қуалайтын осы ауылдың жалғыз бурасындай үні тым үрейлі екен, төбе дірілдеп, бұрышбұрыштан әлдене құбыжықтар ырылдасқандай болды. Кемпірдің өз жүзіндей арса-арса боп тозған үй, өңі түскен мүліктер тым суық, тынысы тар сияқты көрінді. «Жетпіс апам қорықпай жалғыз қалай тұрады екен?» деп ойлады. Енді болмағанда тысқа ата жөнелетін еді, ойбайлап есік ашылды. Суық сорғандікі ме, Жетпіс апаның жүзі әлгіндей емес, шаңыт екен: кимешегінен шыққан бір уыс самай шашы қыраудай, шүңкиген беттегі еті қашқан қоңқақтау қыр мұрын Жаңа жыл кешінде оқушылар киетін маскадай кеуіп қалған қаңылтыр маңдайдан бөлек тұр. Тастай қатқан шүңірек көзге қадалып:

– Апа, осы сіздің шын атыңыз кім? – деді қыз.

Оқыс сұраққа таңданғандай кемпір босағада серейіп тұрып қалды. Әлден соң барып шелек түбіндегі сүтін шырп еткізіп қазанға құйды да, от басында қыбырлап отырған қызды қолтығынан алып тұрғызды. Тесіліп жүзіне қарады.

–       Камила, – деді. – Оны неге сұрадың?

–       Камила? Әдемі ат екен…

– Е-е, менің Жетпіс апа атанғаныма да қай заман, құлыным… Жаман кемпірде қазір қай бір ес қалды дейсің… Жаңылшақтық та баяғы… Жетпіс армияға аттанғаннан кейін бұл ауылдың Жеңісі де, Жемісі де, Қайраты мен Талғаты да мен үшін бір Жетпіс боп кеткен жоқ па…

Мұңсыз баланың сұрағы Жетпіс апаны тағы да ойға қалдырды. Жеміс те үнсіз. Бетіндегі манағы сәби күлкінің табы жоғалған. Мөлдіреген қос жанары ұп-ұзын кірпіктерінің аясын да бейкүнә бір мұңға батқан тәрізді.

Жиегі жыбырлай бастаған сүтіне иегін соза қарады да, кемпір қазандықтың қақпағын шымшуырмен түртіп ашып, отты ысырды, самауырға шоқ салды.

– Мелшиген байғұс, саған не жоқ?! – деп өзінен де көне миқиған сары самауырға ұрсып алды. – Бір үйге бір мелшиме жететін шығар. Бәтшағар, тым болмаса ызыңдай тұршы!..

Жетпіс апаның самауырға тіл қатқаны қызға құлаққағыс сияқты көрінді де, езуіне күлкі үйіріліп, жымиып қойды. От қызуынан ба, екі беті албырап, алманың қабығындай үлбіреп тұр екен. Өзі де үлбіреп отыр екен, үлбіреп отырып, кемпірдің кәрі жүрегін езілте:

– Апа, – деді. – Апа десе, отының әлі таусылған жоқ па?..

– Неге таусылсын, күнім? Ел тұрғанда таусыла ма? Анада әлгі теміршілерің келіп…

– Тимуршылар деңіз.

– Иә, соларың келіп… Осы үйдегі бар-жоқ отынды ұсақтап жарып кеткен… Айтпақшы, сен осы кәмәндірсің ғой деймін, ә?..

Жеміс «кәмәндірмін» деп мақтана алмады. Кемпірдің оны көтере сөйлеп, көпшік қойып отырғанын да білді. Сосын да тура жауаптан тайқып:

– Атам биесін жегіп, отынға барам деп жатыр еді, – деді.

– Мынау аязда ма?.. Ескі жарасы ашылып, тағы да тоңқалаң асып жүрмесін. Мен отынсыз қалмаспын-ау, ағайын қиналса көрші-қолаң бар дегендей…

– Атам кеше сізді ренжітіп алдым деп келді де, түні бойы дөң бекшіп…

Кемпірдің жанары тағы тастай қатып тұна қалды. Қолы столды таппай, кесесін еденге түсіріп алды да, жарқ етіп төгілген сүтке керіскедей ала мысық тұра жүгірді.

–       Не дейді?.. Неменеге ренжіттім деді?..

–       Білмеймін.

–       Тағы не айтты?

– Басқа ештеңе айтқан жоқ. О баста бір қателік жасадық-ау дей берді…

«Тоқта!.. Күнім-ау, әлгі жеңіс күні!.. Әлгі Хамиттің қасында Қасен де бар еді-ау… Иә, бартұғын. Басында пелөтке, қолында таяғы… Иә, бартұғын…»

–       Құлыным-ау, Хамитті аузына алған жоқ па?

–       Жоқ, апа. Ол туралы да ештеңе айтқан жоқ.

– «О баста қателік болған екен-ау…» – Кемпір Жемістің баржоғын ұмытқан тәрізді. Өзінен-өзі күбірлеп отыр. Қолы ғана жыбырлаған сияқты еді, ала мысықты кеңірдегінен алып сығып отыр екен. Ала мысық бажылдап, жанталасып жатыр.

– Бүгін Хамитке барайын, бір жағына шығарайын! – деді.

Ала мысық та енді өлдім дегенде сытылып шықты. Кемпір алақанымен бетін бүркеген, қайта түсіргенде тырнақ сойып кеткен қолынан маңдайына қан жұғыпты, сорасынан үзіліп түсіп, үзіліп түсіп жатқан мөп-мөлдір жасты көрді.

–       Апа десе, жыламаңызшы! Кемпір естіген жоқ.

–       Анығына жетсем де арманым жоқ, – деді.

–       Жыламаңызшы, апа. Сізді ренжітіп алдым ба, жыламаңыз шы! – Жеміс оның мойнынан құшақтап, кінәлі адамдай аймалай берді.

–       Мені жылатқан сен емессің. Оған қиналмай-ақ қой, – деді. – Бұл шыққырда тоқтау бар ма? Жуа берсең, шүберек те оңатын еді, бұ шыққыр ағармайды да!..

Жемістің қашан кеткенін білмейді. Күн жетер биігіне барып, енді ылдиға құлағанда, Жетпіс апа да киіне бастады. Қайда ба рары, кімге барары есіне түскенде кәрі жүрек бір мұздап, бір сыздады. «Не болса да жет Хамитке» деген бір ой есікке итер меледі. «Жә, әлі де артын бақ, шәй деспеген жақыныңды жәбір леп қайтесің?..» деді бір ой аяғына тежеу салғандай.

«Жоқ, күдікпен күпті болған күнің құрысын! Өлсең бүгін өл. Бас аяғыңды» деген бір ой жеңер болды да, бұдан кейін өзіменөзі салғыласып тұра алмады, таяқпен есікті нұқып ашқан…

Жетпіс апаны жұрттан бұрын танып, еркелей далбалақтаған қара төбеттің басына қара таяқ таңқ ете қалды. Сонсоң, есемді сенен қайтарайын дегендей, ол да үйге кіре алмай есікті есікті тырмалап жатқан тарғыл мысықты қуа қашты.

Үйге кірер-кірместен екі-үш қара домалақ аяғына оралып еді. Қараған жоқ. Бұрынғыдай бастарынан сипап, беттерінен де сүймеді. Бұрынғыдай қалтасынан кәмпиті де ақтарылып қалмаған соң, көңілсіз тарқай бастаған балалардың ересектеуіне:

–       Атаң қайда? – деді даусы қалтырап.

–       Үйде, – деп ол төргі бөлмені нұсқады.

Жетпіс апа қарсы алдындағы есікке ұмтылып барып тоқтады. «Сәл… Сәлден кейін… Кішкене ентігімді басайыншы».

– Үйде атам, үйде, – деді бала.

Дірілдеген қолын тұтқаға созған, бірақ уысына ілікпеді. Осы сәтте жарма есіктің өзі қақ жарылды.

– Әпке… Жайша ма, әйтеуір?

«Жайша болса жайыма жатпаймын ба…» Жетпіс апа босағаға сүйеніп әлі тұр. Екі көзі Хамитте. Тастай қатқан жанардан жасқанған Хамит жүзін теріс бұра берді. Теріс қарап тұрып:

– Не болды саған? Біреу ренжітті ме? – деді. – Жоғары шық-саңшы.

Әпкесі аяғын санап басып, төрге жетті.

«Біліп отырсың ба неге келгенімді?» Жетпіс апа Хамитке тым шаршай, тым ұзақ қарады. Егіл-тегіл іші жылап тұрса да, сырттай тас түйін бекіген қуқыл жүзі қазір сыздана қал ған. Хамит те осы үнсіздіктен оның нені білгісі келіп, нені айта алмай өксіп отырғанын айтқызбай-ақ ұқты. Бірақ енді жасы руға шамасы жетпесе де, қалай білдіруге бұның да шарасы тау сылған. Тек осы сәтте бір-біріне арбаса қадалған төрт көз, екі жанның көкіректе қатқан көк мұздарын шытыр-шытыр қозғап еді.

«Не дейін саған, не дейін енді? Бұдан отыз жыл бұрын батылым жетпегенде қазір дәтім жетер деймісің?.. Қинамашы мені, қинама. Түсінсеңші өзің-ақ».

«Өліп кетсем де, дәл сол күні өстіп неге қарамадың? Мен бей бақты неге мұнша қажадың?»

«Есіңе алшы, әпкешім. Төрт жыл бойы төгілген көздің жасы аз ба еді? Соның бәрін бір сәтке ұмыттырып, қуанышқа бөлеген жалғыз күннің қызығын да қимағандай елді тағы жылатқым келмеп еді».

«Одан бері де қанша жыл өтті?»

«Жан азабын мен де аз тартты деймісің? Бірақ мен көтерген жүкті сен көтерер ме едің? Сен үмітіңмен күн кештің. Сол үмітің – өмірің еді ғой».

Жүрек түкпірінде талайдан бері арпалысып, жанын жегідей жеп келген бір жұмбақ сырдан құтылғанын сезген Хамит енді әпкесінің өксігін ғана күтті, енді оны жұбатуға ыңғайланды. Бұл уақытта Жетпіс апа жалғыз ұлдан мәңгі бақи айырылғанына, енді қайтып күн сайын елеңдеп есікке ұмтылмайтынына шүбәсіз иланған. Отыз жыл бойы белгісіз бір үміт сәулесінің жетегінде келген кәрі көңіл қазір тас боп қатқан. Хамит күткендей көңілі босап, көз жасын да төккен жоқ.

Қазір өзінің қайда отырғанын да сезбейтін сияқты, бір нүк теге қадалған күйі тырп етпей отыр. Біраздан соң барып көзін сүртті. Құп-құрғақ. «Тәңірім-ау, сен де суалғаннан сау мы сың?» Кемсең қаққан еріндері күбір-күбір етті. «Жоқ, – деді ішінен. – Жылағаннан пайда жоқ. Қолымды көкке жа йып, еңіреп сұрағаным келді ме?! Жалғыз ұлды күтем деп жар ты ғұ мыр бос кетті. Жас болып жар қызығын көрдім бе?! Жастығыма, жарқын өмірге қарыздар боп қала бергем жоқ па?! Бұ ған сен айыптысың, Хамит. Білесің бе, қалған ғұмы рымның қанжығасына нені байлағаныңды? Енді үмітімді ал дың да, өкінішті алданыш еттің сен маған. Жақындығыңа, жа нашырлығыңа өкпем жоқ, бауырым. Бірақ өксіп кеткен жас тығым үшін айыбыңды кешпеймін!..»

– Әпке! – деді Хамит. – Ертеңнен бастап осында көшіп келсең деп едім. Жетпіс апа үндеген жоқ, жер таянып орнынан тұрды.

– Қайда барасың жеті қараңғыда? Қал дедім ғой мен саған, қал осында!..

Қайтпасқа бекінген қатал жүрек Жетпіс апаны тура есікке жетеледі. Бұдан кейін Хамит екі-ақ аттап табалдырыққа жетті де, кескен томардай етпетінен құлады:

– Енді менің сүйегімді аттап өт осы үйден!.. Сүйегімді аттап!..

Балалар шыр ете түсті. Топырлап кеп Жетпіс апаның етегіне жармасты. Бірақ қара тастай қатқан көңіл аяққа тежеу салмады, бәрін де сыйырып тастап, тас боп қатқан жанары тағы да Хамитке қадалды:

– Тұр!

Хамит оған бір-ақ қарап үлгерді. Бір-ақ қарап үлгерді де, дәрменсіз қолдары табалдырықты тырмалап қала берді…

Дидахмет
Әшімханұлы