Дидахмет Әшімханұлы,
1988 жыл, Қазақ әдебиеті
ЖЕРҰЙЫҒЫ ОНЫҢ – ЖЕМ БОЙЫ
Ұшы—қиырсыз далада ұзақ жүріп келе жатқан жолаушы алдындағы алыс көкжиектен көз тоқтатар бір белгі көрсе, шіркін-ай, соған жетсем—ау, жеткен жерде ат шалдырып, аяқ суытып алсам—ау деп, әлдебір үміт, әлдебір алданыш жетегімен алға тынымсыз асыға түсер еді. Көздеген жерге жетем деп, көк дөнен оймен тепеңдеп, төзім мен жүйкені тоздырып барып, ерте ме, кеш пе, әлгі бір белгіге әйтеуір табан тіреген кезде, ол енді алдағы бағытын анықтап алмас бұрын жаңағы жүріп өткен жолына көз талдыра қарап тұрып, осынау жерге дейін не көрдім, қай соқпақта сүрініп, қай сонарда ізім қалды, жолай кезіккен біреуге жөн сілтей алмасам, көргенім мен түйгенімнен не пайда деп өзіне-өзі есеп беріп алатыны және бар. Ат жалын тартып мінгеннен бүгінгі алпысқа келген шағына дейін бүкіл ғұмыры құба дала төсінде – жел мен күннің өтінде өткен Мақаң да соң-ғы жылдары сонау көкжиектен көрініп қалған пенсиясына жақындаған сайын көңілі әлденеге алаңдап, әлденеге қобалжи бергені рас—ты. Бірақ бұл ертеңгі күні еңбекпен қалай қоштасам, ата мұра – ақ таяқты қалай қиып тастаймын деген жалаң ойдан тумаған; жаратылысында жасанды сөйлеп көрмеген ол аудан—облыс басшыларына көптен бергі шешімін көлгірсіз-ақ жеткізген: «Бойымдағы барымды аяп қалған жерім жоқ, күш—қуаттың барында берерімді бердім; ал алпыстан асқан соң «жүз қойдан тағы жүз елуден қозы алам, жеңімпаз болам, жеткіз-беймін» дей алмаймын. Елуден асқанша ел шетінен жырақта – жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүріп, түбінде бір тұрақтап тұрар жеріме түп қазық та қақпаппын. Енді соны ойласақ»,– деген. Бұл сөзіне орай облыс басшыларының бірі: «Қаласаңыз, қалаға келіп тұрыңыз. Қазықты қай жерге қағуға да сіздің қақыңыз бар ғой» деп еді. Мақаңның ойын он саққа бөлген де осы жай. Әрине, қалаған жерге тұруға хақысы бұның бар шығар. «Мақсұт Мамытов деген Еңбек Ері мен болам!» деп Жұлдызды омырауын жұдырықпен қағып бармаса да, ел таныған, жұрт сыйлаған азаматтың жолын ешкім бөгемес, ендеше бетті сол құйқалы қалың орта – қалаға неге бұрмасқа? Өздерін қойшы, жолдасы Қуаныш екеуі кез келген ортадан ойып тұрып өз орындарын табар, бәрінен де соңдарынан қуалап өсіп келе жатқан анау қараорманы – қарадомалақ немерелерін айтсаңшы, солардың болашағын айтсаңшы! Шүкіршілік, өз балалары оқыды, арысы Алматы, берісі Ақтөбеден үлкен оқу бітірді, оқып жатқандары және бар. Бірақ сол балалардың қолы білімге оңай жетті ме? Жеті жасқа жетер—жетпесте көздері мөлдіреп, ыстық ұядан ұшып кететін алысқа… Әуелі совхоздағы мектеп… аудандағы мектеп… Сосын сонау Ақтөбедегі мектеп—интернат… Әр демалысты асыға күтіп, екі көздері төрт болып бұлар отыратын қыстауда. Сағынышпен сарғайып олар жүретін жырақта. Шіркін, шама келсе, бала—шағаны көзден таса етпей, өз ошағыңның айналасында өсіргенге не жетсін! Бірақ оған қойшы адамға қолайлы жағдай бар ма? Бар жағдай сол қалада емес пе? Егер қаладан қоныс сайласа, айнала қаптап ұшатын еңбекқор ара сияқты мына кішкентай Мамытовтар да ертеңгі күні Мақаңның маңын төңіректеп, жылы орын, жайлы мекенде мектебін таусып, институтын да қиналмай бітіріп алмай ма? Міне, алдымен соны ескерген жөн! Міне, қала сол үшін де қажет!..
Адам деген – пенде ғой. Мақаң бұл ойына бірден құлап түспегенмен… былай аздап қисая бергені де рас. Бұрын зәуімде бір қалаға барғанда көп нәрсеге көңіл бөлмеуші еді, енді солай жолы түсе қалса, жан—жағын барлап-бажайлап, түстенген жерде ойын түгендеп, тілдескен жанның түсіне ғана емес, түпкі болмысына да үңіле түсуге тырысып, әйтеуір әр құбылысты әртүрлі қырынан қарай бастаған. Сондағы бір түйгені – түстеніп өткен адамға қалада небір жақсы бар екен; көше толы көлігің анау, дүниесі мол дүкендерің мынау, қыдыратын, қызықтайтын жерлерің де жетерлік. Бәрінен де жанға жайлы үй жайларын айтсаңшы, шала басын ысырар шаруасы сірә аз шығар, бөлмең өзі жылиды, суың өзі ысиды, қазір-әзір газыңыз да әнеки, бұдан артық не керек. Әсіресе, Мақаң сияқты еліне еңбек сіңірген азаматтарға мұнда тұру, тіпті қолайлы ма деп қалды; олардың азық—түлік алатын арнайы магазині бар дейді. Телефонмен звондай салсаң, жеткізіп те беретін көрінеді… Иә, түстеніп өткен адамға бұның бәрі тамаша—ау, ал түнеп қалсаң… Міне, шидің басы осы тұста шығатын сияқты. Түнеп қана емес, Мақаңның қалада аз күн аялдап та қалған кездері болған. Сонда не сезді дейсіз? Бірер күнгі қызықтан кейін, неге екені белгісіз, болмашыға қабақ шытып, ұсақ-түйекке бола жүйке тоздырып, қарадай қажи береді екенсің. Екі иығыңды зіл-батпан күш басқандай, еңсең түсіп, қос өкпеңнен демігіп, тынысың тарыла түсетіні және бар. Бұдан бірер жыл бұрын Ақтөбеде аз уақыт ат суытқанда дәл осындай күй кешкен. Дәл осындай күй кешіп отырғанда, қалада бұрыннан тұратын бір беделді құрдасы үйіне шақыра қалсын. Барды. Обалы нешік, құрдасы құрақ ұшып қарсы алып, қонақ бөлмесінің төріне бір-ақ шығарды. Әңгіме—дүкен қызды. Жасы ұлғайған сайын адамның сөзге үйір келетін әдеті емес пе, кеш бойы бұл алдындағы адамның аузына қараудан бір жалыққан емес. Шіркіннің білмейтіні жоқ, ұлыс тарихынан бастап, ұрпақ тәрбиесіне дейін жыр етті, сыр шертті. Бір сөздің ұшын қылтитсаң болды, ұршықтай айналдырып, шүйкедей созып, «тағыны жетіп қайырмай» тынбайды. «Бүйтіп қартайған адамның арманы не, кең сарайының жарығы—ай!» деп бұл отырды. Әңгіменің қызығымен өзінің сергіп, серпіліп қалғанын да сезді. Өстіп құрдасының сөзін бойына балдай сіңіре берер ме еді, кенет… есік қоңырауы шыр ете қалған…
– Алик қой… Біздің ұл,– деді де, үзіліп кеткен сөз жүйесін қайта жалғай берген.
«Алигі» несі? «Азан шақырып қойған аты солай ма?» деп ойлады бұл. Артынша есіктен алқын-жұлқын кіріп келген жиырмалар шамасындағы соқталдай жігіт дастарқан басына ит көрген ешкікөздене бір қарап алған да, аман жоқ, саулық жоқ, бұның арқасын жанай өтіп, бірден төрге озған. Сосын бұрыштағы телевизордың түймесін басып қалып, бар айтқаны:
– Футбол идет!
«Мынауың қайтеді-ей» дегендей Мақаң аң-таң болып құрдасына қараған. Ол ешнәрсеге мән берер емес: «Сол уақытта Сырдария мен Әмударияның екі аралығындағы үлкен алқапты Мәуренахр деп атаған» деп есте жоқ ескі тарихқа ендеп кіре берген. Бұдан соң-ақ Мақаңнан маза кеткен-ді. Құрдасының «Мәуренахры» құлағына бір кіріп, бір шығып отырып не заматта ақыры:
– Мен енді қайтайын,– деген ақырын.
– Е, неге асықтың?– деді құрдасы абдырап.
– Жайым болмай тұрғаны,– деді бұл қысқа ғана.
Содан түн жамылып түстенген үйіне жеткенше әлгі жігіт көз алдынан кетсеші. Бір қызығы, сырт тұлғасы мен киген киімі қаншама әдемі болғанмен ол бұған соншама аянышты да көрінген. «Қалқам-ай, ертең қандай адам боларсың, көрінгенге көз түрткі бомасаң, бопты да» деген ой көпке дейін көкірегін ашытты да тұрды. Енді бір мезет құрдасы есіне түскенде: «Мылжың!– деді кілт ашуланып. – Сөйлегенде алдына жан салмайды, ал түтінін шығарар жалғыз ұлының түрі анау». …Егер оның орнында өз ағайындарының бірі болса, жаңа бұл: «Әй, шырағым, қайдағы бір «Мәуренанахрдан бұрын мына бәтуасыз пақырыңа қарасай!» дер еді. Амал не, дей алмай кетті. Айтар сөзі көкірегінде кетті шемен боп. Тіл ұқпайды, жөн білмейді деп, тілдеп жатамыз баланы. Ал шындығында бала байғұстың не жазығы бар. Оларға қаршадайынан тіл үйретпеген, жөн көрсетпеген әке-шешеде ғой бар кінә. Ендеше тілдің бізін соларға неге қадамасқа алдымен. Кейде біреулер: «Бала деген – еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы, қоғамның бір-бір бөлшегі» деп сайрай жөнелгенде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Айтылғанның бәрі рас. Алайда ақиқатқа жүгінсек, бала – деген ең алдымен өз отыңды өшірмейтін үмітің, өз шаңырағыңды құлатпайтын уығың, өз жаныңа демеу болар тынысың емес пе. Үмітіңді үрлей білсең – отың өше ме; уығыңды көбірек шанышсаң – шаңырағың құлай ма; тынысыңды кең алсаң – тынбай қалар жұмысың бола ма? Жә, бұны былай қойғанда, баланы – бүгінгі қуанышың, қуатың, ел алдындағы абыройың, беделің деп неге білмеске? Ертеректе үлкендер: «Әкесіне қарап баласын таны» деуші еді, енді баласына қарап әкесін танитын кез келген. Дәл солай. Мақаңның бұдан мүлт кеткен тұсы шамалы. Мәселен, жаңағы құрдасына қараңыз: «халқым, жұртым» дегенде өзегі өртенетін секілді. Ал сол халқының болашағы – ұрпағының сыйқы анау… Мұндайды көргенде Мақаң іштей «тәуба» дейді сыйынып. Өйткені өзі алты бірдей ұл-қыз өсіріп отырып, әзірге ешқайсысынан жаманат естіп көрді ме? Шүкіршілік, өз алдында бәрі де жібектей есіліп, қыздай сызылып тұрғаны. Өз алдында сызылып тұрған баласы өзгенің алдынан қиып өтер деймісің… Иә, бұның ендігі қуанышы мен жұбанышы, базары мен байлығы – сол соңынан ерген тұяқтары ғой. Маң даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, әйтеуір олардың ешбірін қатарынан қалдырмай өсірді, жеткізді. Енді өздері де бір-бір үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, бұны төңіректей түтін түтетіп отыр. Бірақ бұнымен парызым бітті деп ойламайды. Білген жанға ұрпақты өсіріп қою аз, олардың алдынан өнер-білім өрісін де ашу керек. Және ұрпақ деген – тек өз кіндігіңнен өрбіген жаңағы тұяқтарың ғана емес, немере атты шұнақтарың және бар. Олардың да оқып-білім алуына жағдай жасаған жөн. Ол жағдайды Мақаң бұрын қалада деп білетін. Сондықтан да көңілі қалаға ауа беретін. Енді ойлап қараса… әй, қиындау ғой, қиындау ма, қалай?.. Ұрпағым деп, ел мен жер деп, өрекпіген көңілдің бұл жақтан табар қызығы шамалы сияқты. Әрине, көпке топырақ шаша алмас, мұнда да ұл өсіріп, қыз жеткізіп, қызығына батып отырғандар көп шығар, бірақ бір сескеніп қалғаны – осынау қабат-қабат үйлердің қайсысына кірсең де, екі-үш баладан артық көрмейсің, олардың жанталасып жұмыс істеп жатқанын және көзің шалмайды. Еңбектен ерте ажырап қалған жастардың ертеңінен қандай үміт күтуге болады? Қандай өнеге іздейсің олардан? Егер өз балалары елге сыйлы, жұртқа жұғымды болса, ол – кішкентай күндерінен өзіне қолқанат еткен, қозы өсіріп, қой өргізген, айналайын, сол еңбектің арқасы шығар, еңбек үстінде адамдық, аяушылық сезімдерін оята білгендерінен болар… Ендеше осынау өнегелі, өсімтал өлкеден жас өркеннің өкшесін көтеру қалай болар екен?.. Әй, қиын-ау, қиын сияқты ғой…
… Сол жылы Мақаң Ақтөбемен алғаш рет қоңырқайлау қоштасып, Жем бойына тезірек жетуге асыққан. Бұл мінген поез да қаладан шыға жүйткіп ала жөнелді-ау! Терезе жақтауынан жанға жайлы бір леп есті. Көз ұшында ұшы-қиыры жоқ дала жатты далиып. Сол далаға поезд ендеп кірген сайын бұның да тынысы кеңіп, кең сарайы ашылып, көңіл қошы көтеріле түскендей еді. Сонда… соңғы уақытта ойын он саққа бөліп жүрген әлгі пенсиясы түрткі болды ма, әлде кешегі қаладан көргендері көңілін нілдей бұзда ма, Мақаң сыртқа қадала қарап отырып, ел мен жер туралы тағы да ұзақ ойға батқан-ды. Сонда… қарсы алдында отырған қараторы жігіттің бір ауыз сұрағы да талай дүниеге дәнекер болғаны әлі есінде. Сұрақ болғанда қандай!
– Аға,– деген ол. – Адамға ғұмырлық жолдас не осы?
– Ой, ғой, шырағым… Ойдан айрылсақ, бәрінен де айрылатын шығармыз,– деді бұл.
Деді де жігіттің жүзіне барлай қарады. Оның күнге тотыққан өңінен даланың қоңыр лебі есіп тұрғандай екен. Сөзі де, сырт тұлғасы да осы даланың дәл өзіндей қарапайым. Оған қараған сайын көптен көз жазып қалған адамына енді ғана жолыққандай Мақаңның іші жылып сала берген. Бәрінен де жаңағы сауалын айтсай! Өмірдің тура өзінен ойып алғандай-ау тіпті… Сол мезетте Мақаң өткен бір жағдайларды еріксіз есіне түсірген…
… Еңбегі жанып, атақ-абыройы аспандай бастағанда талай әңгімеге тап болып еді бұл. Әсіресе, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған кезде сұрақ қойып, сұқбат құрғандар тіпті көп болған. Сондағы сұрақтардың сыйқы мынау: «Ақсақал, алдымен көрсеткіштеріңізді айтып жіберсеңіз?..» «Алдағы жылға қандай көтеріңкі міндеттеме қабылдайсыз?..» «Табысыңыздың кілті неде?..» «Алай-дүлей боранда адасып кеткен кезіңіз болды ма?.. Өстіп жылп-жылп етіп бірі кетсе, екіншісі келеді. Сосын темір таяғын аузыңа тыққыштап үшіншісі алдыңда тұрады. Бәрінің сөзі жаңағы: «көрсеткіш», «көтеріңкі міндеттеме», «адасу». Құдды бірімен бірі келісіп қойғандай. Мұндай жаттанды сұрақтарға жарытып қайбір жауап айтарсың, айтар сөзің көкіректе булығып, іштей қыж-қыж қайнап қала береді де, тәйірі. Егер әлгі азаматтардың бірі болмаса бірі: «Мынау дала туралы, жер туралы не ойлайсыз?» десе, міне, сыр тиегі сонда ағытылып салмас па. «Көрсеткіш», «көтеріңкі міндеттеме», «табыстың кілті» дегендер де түбін қуып келгенде, сол жер, сол дала төңірегінен табылмас па? Амал не, біреудердің ойынша, бұны биікке көтеріп, есімін елге танытып, бақыт құсын қолына әкеп қондырған – тек өз еңбегінің арқасы сияқты. Жо-жоқ, бәрі де жердің жемісі, бәрі де жаратылыстың бергені. Білген жанға, табиғаттан ешкім де еш нәрсені тартып ала алмайды. Тартып алған дүниең тай қазаныңа тастай батып, судай сіңіп кетуі де екіталай. Бүкіл ғұмырын дала төсінде өткізген Мақаң бұған сан мәрте көз жеткізген. Оның берем десе – көл, бермеймін десе – шөл екенін де жақсы біледі. Обалы нешік, кезінде жер жарықтық бұны талай-талай жарылқаған. Мақаңның мықтылығы сол – оның жарылқайын деп, берейін деп тұрғанын күні бұрын сезіп, табиғаттың қас-қабағына қарай қимылдап қалғаны. Шопанға ең қажеті осы еді. Осы Мақаңда бар еді… Мәселен, 1973 жылы жазда Жем бойы жасанып-ақ тұрды. Не ыстық емес, не салқын емес қоңыржай күндер қоңыр күзге дейін созылған. Жайлау мен жайылымдық ауық-ауық төгіп өткен жаңбырдан да кенде болған жоқ. Шөп қалың өсті. Сол жылы Жем арнасы да суға жарып, жағасын жасыл құрғақ көмкерген. «Иә, сәт! Келер көктем көгенсіз болмас» деп түйді Мақаң. Өстіп іштей сыйына жүріп, күн төбеден шыжғыра бастаған шақта отарын Жемге құлатып, оларды ағынды судан ары-бері өткізіп алатын. Ондағы ойы: қойдың жүні тазарсын, кір-қоқыс пен шуаштан арылса, қоңы да тез жетілер. Сосын жатар мезгілде ертеңгі күннің қандай болатынын батыс көкжиек пен жұлдыз жымына қарап сезетін де, таңертең қойды қай мезгілде өргізіп, қай өріске салатынын да белгілеп қоятын. Кейін қыстауға келіп, қойды ұрықтандыруға кіріскен кезде де тыным көрмеген. Ол жұмысты қашан бастап, қашан аяқтағанға дейін әркүнгі атқарылған істі қойын дәптеріне мұқият жазып отырды. Бұл – көктемгі төл алу науқанына аса қажет есеп-ті… Соныменен, қысқасы, Мақаң бастаған Құмжарған фермасының шопандары 1974 жылы әр жүз саулықтан 141-ден қозы ертіп, ерлеп шыға келді ғой. Бұл да ештеңе емес, арада бірер жыл өтпей жатып Мақаңның өзі жаңағы көрсеткішті 156-ға бір-ақ жеткізгенде, облыс көлемінен елең ете қалмаған ешкім жоқ шығар. «Ердің аты – Ер ғой» деді біреулер. «Мақаң міндеттеме алса, орындамай қоймайды» деді тағы бірі. Бірақ бұл іштей: «Бергеніңе шүкір, жер ием!» деп жүре берген. Өйткені табиғат-ана жыл сайын жылы қабақ таныта бермесін Мақаң жақсы білетін. Өкінішке орай, бұл жағдаймен санасатындар да санаулы ғой. Мысалы, әлі есінде… сол жүз қойдан 156 қозы алған жылы жоғарыдан келген басшылардың бірі: «Алдағы жылы да осы көрсеткіштен төмендемейтін шығарсыз» дегені бар. Сонда Мақаң: «Шырағым, мен қоян емес, қой өсіріп отырмын. Алдағы жылды ойламас бұрын алдымен жерге, анау Жем бойының арнасына қарап алған жөн» деп қысқа қайырған. Бұлай деген себебі: өткен жаздың райы өзіне жақпаған. Шөптің нағыз қаулап өсер шағында жердің кенезесін кептіріп, қара аңызақ есті де тұрды. Жаз бойы да жауған жаңбыр шамалы. Жерден нәр, жылғадан су азайса, қой баласында қоң бола ма? Қоңы болмаған қой жарытып қозы бере ме?..
Жер-су туралы ойласа, Мақаңның қай-қайдағысы қозатын әдеті. Кейде бір түйінді мәселелердің түбіне жете алмай қарадай жаны құлазитын да кезі көп. Әсіресе, Жем бойын жағалап өткенде есіне не түспейді, ойына не оралмайды десеңші! Сондағы қиналатыны – мынау жалпақ даланы айналып-иіріліп, бөртек-бөртек жоталардың арасында мың бұралып ағатын ерке өзеннің көз алдында жадап-жүдей бастағаны да. Шіркін, бұның бала кезінде қандай еді ол? Асау арнасынан ат омыраулап әзер өтетін баяғы ағысы қайда оның? Не керек, бір кезде самал желмен сыбдыр қағып, сыңсып тұратын қамыс-құрағы да, ақ тол-қынның арасында бауыры жалт-жұлт етіп, ойнақ салып жататын балығы да, бәрі-бәрі бүгінде сирей бастаған. Маңайдағы жердің тозуы да осы Жемнен байқалатын секілді. Ал жер тозса, ертеңгі күні малдың күйі не болмақ? Ендеше мал үшін, малдың өрісі мен оты үшін де «жер!» деп дауыс көтеретін кез жеткен жоқ па екен осы?..
… Мақаң аудан орталығында поездан түсіп, қалаға аттанарда қаңтарып кеткен жерінен ақ «Волгасына» мініп, «Жұрынға» апарар жалпақ жолға түскенде, манағы ауыр ойлардан әп-сәтте арылып шыға келгендей болды. Алдынан жылы леп есті. Ол – алпыс жыл бойы өзін от қызуындай жылытқан туған жердің демі еді. Сол жағында сайын даланы сылқ-сылқ күлкіге бөлеп, сылдырай ағып Жем жатты. Алтыннан Жұлдыз таққызып, ақ «Волгаға» мінгізіп, соңынан ұрпақ өргізген Жем бойыңыз осы еді. Азаматтың Жерұйығы осы еді. Ендеше бұл жерден жыла қонып несі бар.
1988 ж.