ЖЕРІҢ – ЖҮРЕГІҢ
Арарат – қырып аларға қынасынан басқа түгі жоқ, қожыр-қожыр қара тасты, қос өркешті, жалтыр-жалаңаш екі тау. Бірақ оны армяндар жалтыр-жалаңаш егіз тау емес – анасының исініп жатқан екі емшегіндей көреді екен. Исініп жатқан екі емшекті көре тұрып, оған жете алмаған сәби қалай өксіп жыласа, Араратқа қарап тұрып, армяндар да дәл солай жылайды екен. Жылап тұрып айтқан жоқтау әндері қол созым жердегі қожыр-қожыр тастарда жаңғырығып, қайта өздеріне естіліп жатады екен. Дауыс жетер, көз көрер жерге жете алмау! Бұдан өткен қандай өкініш бар! Көз көріп тұрғанды жылап жоқтау! Жерден айрылған халықтың қасіретін де, оны сүйген жүректің қасиетін де осыдан-ақ көруге болар.
Әсте өз басынан өткермей біреудің мұңын біреудің түсінуі қиын ғой. Әйтпесе, балағынан басына дейін тек қана қара тастан тұратын әншейін бір жалаңаш тауды армяндардың соншама жылап жоқтауына не жорық деп ойлар ма едік. Сөйтсек, жаттың жамбасында кеткен бір кесек тас пен бір уыс топырақтың өзі намысы бар халықтың ұрпағынан ұрпағына ғұмырлық күйік, өмірлік өксік екен де.
Ал, бұны мен не үшін айтып отырмын?
Бүгінде біреу Қатонқарағай, біреу Қатынқарағай деп жүрген Шығыс Қазақстандағы ең сулы да нулы аудан аты – осы ғасырдың 20-жылдары ғана ел өміріне ендеп кірген, арғы тегі тұлдыр, бергі мағынасы бұлдыр бір атау. Патшалық Ресейдің: Министрлер Кабинетінің, Императорлық орыс География қоғамының, Батыс-сібір генерал губернаторының, әсіресе, 1900 жылдары қазақ жеріне мал мен жердің есебін алуға шыққан Ф.А Чербина экспедициясының барлық тарихи құжаттарында бұл өлке Шәңтіштай болысы деген атпен белгілі. Сондай-ақ осы құжаттармен қатар қазақ өмірінің басқа да шежірелік мұрағаттарында жиі кездесетін «Бұхтырма губерниясы», «Шабамбай жайлауы», «Қаратай елі» деген сілтемелердің де бұл жердің өткен тарихына тікелей қатысы бар. Мәселен мына дерекке қараңыз: Не заманнан бері Шаңгістай (Шәңгіштай – Д.Ә.) болысының найманы Шабамбай деген жерді жайлады. Бұл Қытаймен шекарадағы талас жайлау еді. Кабинет, қалам өзінікі болған соң, менікі қылып жазып алған», деп жазады Алаштың атақты көсемі Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 51-санында. Егер зерттеушісі табылса, осы қысқа ғана үш сөйлемнің арғы түбінен революцияға дейінгі Патшалық Ресейдің отар аймақтарында жүргізген аграрлық саясатының небір озбыр беттерін ашар еді. Дегенмен мүлде түрен тимеген «тың» да емес бұл. Белгілі этнолог ғалым, тарихшы Марат Сәбитұлы Мұқановтың қазір «Атамұра» баспасында жариялануын күтіп жатқан «Орта жүздің шежіресі» кітабында, Еңбек Ері, ел ақсақалы Бошай Кітапбаевтың «Жеті Көкжарлы» шежіре-жинағында, жас ғалым Раушан Айдарбаеваның баспасөзде жарияланған материалдарында Бұқтырма бойын мекендеген қазақтардың арғы-бергі тарихы мен тағдыр-талайынан біршама құнды деректер береді. Бұл зерттеулерден және Шәңгіштай болысы Ғабдолкәрім (Әбдікерім) Ережеповтің «Қазақ» газетінде (38; 1913 ж.) жарық көрген «Жерін алдырған қазақтардың жауабы» атты мақаласына орай жазған Әлихан Бөкейхановтың «Жауап хатынан» біз қысқаша мынадай жайларға қанық боламыз. Өткен ғасырдың аяғында Шабамбай жайлауын Ресей Министрлер Кабинеті өз меншігіне алған. Әлекеңнің айтуына қарағанда, бір қызығы, «Кабинет жері дейтін жер орыс патшасының өз мүлкі» болғанға ұқсайды. Қазақтардан тартып алып «өз мүлкі» еткен сол Шабамбай жайлауының әр десятина жерін ол 10 сом 78 тиынға бағалап, әлгі қазақтардың өзіне қайта сатқан. Оны сатып алуға жағдайы жоқ, өріс пен қоныстан әбден тарылған елдің біраз бөлігі Алтайдың арғы бетіне – Змеиногорск, Қосағаш жағына өтіп кеткен. Бүгінде осы Қосағашта (Ресей Федерациясында) тұратын 10 мың қазақ – этникалық жағынан қазіргі Қатонқарағай жерін мекендейтін қаратайлардың бір бұтағы болып есептеледі.
Жердің шеті бір сөгілмесін! Бір сөгілсе – жібек жіптей ыдырай беруі оңай ғой. Сонда ол қалай сөгіледі? Бұған Алтай жері айқын мысал. Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанға дейін-ақ патша саясатының құрбаны болған орыс мұжықтары мұнда шәркейін сүйретіп, боқшасын көтеріп әуелі жылап келген. Сосын сұрап келген. Жылаған да, сұраған да өз сыбағасын алған соң… өріс пен өзен-сулардың басына шошқасын қорсылдатып қоя бергенде, «харамнан» қашқан қазақтар өз еркімен қырға қарай ойысқан да кезі болған. Ал ХIХ ғасырдың 60-жылдары Орта жүздің Ресейге толық қосылып бітуімен бірге Алтай қазақтары да жерге деген иеліктен толық айрылып біткен-ді. Атақонысында атасының құнындай ақша төлеп тұру, ағайын арасындағы алауыздық, рулар ішіндегі араздық, шекара асып, шет жұртқа өту секілді берекесіз тірлік осы кезден басталса керек. Бұл да аз екен, Марат Сәбитұлы Мұқанов алға тартқан бір дерекке қарасақ, 1910 жылдары Ресейдің ресми бір жоғары мекемесі IIIәңгіштай болысының қазақтарын тұтастай Қарқаралы округіне көшіру туралы жоспар жасаған екен. Депортация түріндегі мұндай жойдасыз жоспардың іске асуынан Қаратай елін сол уақыттағы Ресейдің өз ішіндегі саяси тұрақсыздық қана құтқарып қалғандай.
Шәңгіштай болысының осындай зорлық-зобалаң, тайғақты тағдыр кешетініндей жазығы не еді? «Түлкінің соры терісінің қызылы», тұла бойы сыңсыған орман, сылдырап аққан бұлақ, қойнау-қолатында жыртылып айрылатын аң-құс, ат бауырымен жүзетін көкорай шалғын балқұрақ, балығы тайдай тулаған өзен-көлдер – Иранбақтай ғажайып жер – о бастан талай көршінің көзіне құрт, көңіліне желік бітірген ғой. Бұдан көрген қорлық-зорлықтың бір көрінісі жоғарыдағыдай. Ол уақыттағы момын елдің обалы отаршыл Ресейдің озбырлығында дейміз. Бірақ… 1928 жылы Қатонқарағай ауданы болып қайта құрылғаннан кейін де жергілікті халықтың жетісіп кеткені шамалы. Олар таршылықты тағы да жерден көрген. Ауданның іске жарамды, ең шұрайлы деген егістік, шабындық алқаптарының бәрі колхоз-совхоздардың еншісіне айналды да, жеке адамдар қорасындағы бірер қараның қыстық азығы үшін ат аяғы жете алмас тау қияндарын түртініп кете барды. Сөйтіп жүріп, бұта-бұтаның түбінен бір шөмеле шөп алса, алақайлап тымағын аспанға атар еді Алтай қазағы. Егіс көлемін есепсіз өсіру, шамадан тыс қоғамдық мал басын көбейту – елді де, жерді де әбден тоздырған. Соның нәтижесінде 1980 жылдардың аяғында Катонқарағай – республикадағы ең артта қалған 30 ауданның бірі боп шыға келген.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкеевтің, жазушы Әлібек Асқаровтың ел мен жер туралы жазылған әр шығармасының әуенінен нәзік мұң, жұқалтаң бір уайым сезілер еді. Бұл – қайдан келген уайым-мұң? Жауап біреу-ақ. Өздері туып—өскен осынау жұмақтай сұлу жердің тұрғындары жұмақтағыдай тіршілік еткен болса, онда олар жүректеріне салмақ салып несі бар!.. Мүмкін оларды жазушы еткен де – бала жастан сезіне білген ел мен жердің осы уайым-мұңы шығар. IIIүкіршілік, бұл азаматтар өз шығармаларын қалай, қандай ыңғайда жазсын мейлі, Катонқарағайдың кейінгі жарты ғасырлық шежіресін көркем кестелеп берді. Соның арқасында аудан аты былай тұрсын, Шыңғыстай (Шәңгіштай), Топқайың секілді алақандай ауылдардың аты жалпақ жұртқа мәшһүр болды. Алайда, бүкіл түркі жұртына ата-қоныс, ана-тау болған қасиетті Алтайдың арғы-бергі тарихын кең көлемде көрсете білген, ақиқатын әділетпен жеткізе алған кесек туынды әзірге жоқ екені де рас. Осы олқылықтың орнын шама-шарқынша толтырсам деген ниетпен Қалихан Ысқақ соңғы жылдары туған Алтайына қайта-қайта айналып соғып, материал жинаумен әлектеніп жүр еді. Сол себепті де, міне, біз оны жоғарыда айтқан атақты Шабамбай жайлауына алып шыққанбыз.
Кешкі алакеуімде ат басын тіреген жеріміз – төрт түстігінен түгел жүздеген шақырым аумақ алақандағыдай көрінетін биік таудың үсті. Алтай жұрты аңыз етіп айтатын әйгілі Бөгембай асуы – осы.
– Қалаға,– дейді ат үстінде алысқа көз тігіп тұрған мол денелі, батыр тұлғалы, аудан әкімінің бірінші орынбасары Шаймерден Оразаев. – 1750-55 жылдар шамасында Қанжығалы Бөгенбай бабамыз бастаған қазақ жасақтары құба қалмақты тықсыра қуып келе жатқанда, жаудың авангард бөлімі анау етектегі терең шатқалдың ішімен андыздай қашып, арғы беттегі Көкжотаға қарай ұмтылса керек. Сонда Бөгенбай бабамыз Альпіні асқан Суворов секілді мына теріскей беттің тік қиясын төтелей қиып түсіп, күтпеген жерде қалың қалмақтың алдынан шыққан дейді. Бұл жердің Бөгенбай асуы деп аталатын себебі содан секілді.
– Әбден мүмкін,– дейді Қалағаң. – Мен осы жасыма дейін бұл төңіректегі елдің тілінен де, тіпті аты-жөн, фамилиясынан да «бөген» деген сөзді естіген емеспін. Абайдың арғы аталары: Ырғызбай – Ырғызда, Торғай – Торғайда, то-бықты Кеңгірбай би – Кеңгірде туған десек, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың өзі де Сыр бойына жақын, бөген жасап, су байлайтын жерде дүниеге келген ғой. Ендеше Алтайға Бөгенбай есімінің сырттан келгеніне еш күмән жоқ.
Менің есіме тарихи-эпикалық «Бөгенбай батыр» жыр-дастаны түскен. Онда: «Қалмақты қуып қашырған, Алтай таудан асырған» деген жолдар бар еді.
– Ата, мына көз алдымыздағы жердің бәрі біздікі ме?–деп Дәулет-бала көз ұшында көлденең-көлденең көсіліп жатқан көгілдір тауларға масаттана қараған.
Қалағаң:
– Біздікі. Бәрі де біздікі!– деп еді, Дәулет-баланың көзі жайнап шыға келген де, иығындағы видео-камерасын тезірек қолына ала бастаған.
Осы тұста әңгімеге көлденең қосыла кеткен орманшы Ниязбек Әбішев.
– Жоқ, бәрі біздікі емес. Ана-ау арғы көкжиектегі араның жүзіндей ирек-ирек үшкір таулар Ресейдікі. Дәлірек айтқанда, Алтай республикасының жері,– деп еді, Дәулет-баланың видео-камерасы қолынан құлап түсе жаздады.
– Қалай олардікі? Қашаннан бері?– дейді ол өкінішті балаң дауыспен. «Құдай-ау, адамның жерге деген ынтызарлығы туа бітер, қанмен сіңер қасиет екен ғой. Әйтпесе, бесіктен белі шықпаған баланың өзегін өртеген бұл қай өкініш!» деп ойлаймын мен.
Қалағаң да бұны сезе қалса керек, Дәулеттің иығынан құшақтап тұрып:
– 20-жылдардағы шекара бөлісінде әркім өз еншісін алған ғой. Оған енді біздің дауымыз жоқ. Марқұм Оралхан ағаң: «Ақсағын қойып, сауын түгендеп алайық» дегеңді жиі ауызға алушы еді. Сол айтқандай, өзімізге тиесілі осы ұланқайыр жерге ие болып, аман-сау сендерге тастап кетсек – ол да үлкен бақыт,– деген.
– Жә, атқа қонайық. Бүгін етекте түнеп, ертең төр жайлау-ға – Науаға жетіп жығылайық,– дедім мен бурыл аттың шылбырына қол созып.
Ниязбек маған таңдана қарады.
– Білмеуші ме едіңіз, аға,– деді сосын.– Науаға енді бара алмаймыз ғой.
– Қалай?– деймін таңданып.
– Солай. Ол жер Ресейдің жері. Тіпті, бұрыннан солай екен. Оны біз Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін бір-ақ білгенбіз. Қазір ол төңіректі атты казактар қорғайды. Шекара бойына әдемілеп алабағандарын қойып тастаған. Сондықтан Науа дегенді енді ұмытыңыз, аға!
Көзім қарауытып, жүрегім сазып, көк майсаға отыра кеттім. «Науа дегенді ұмытыңыз» дейді. Қалай ұмытам? Науа – менің бүкіл балдәурен балалық шағым өткен жер еді. Менің ғана емес, ол – әкемнің әкесі, оның бабасы төсінде ат ойнатып, төскейінде мал шұбыртқан жердің төрі, жайлаудың төресі еді. 1956 жылы әкем сол жайлауда тек қана қара тастан қалап монша тұрғызған. Менің алғашқы әңгімелер жинағыма кіріген «Тас монша» деген әңгімем содан туған тұңғышым еді. 1990 жылға дейін, елге келген сайын алдымен ат басын бұратын нысаналы биігім де сол Науа болатын. Мен енді оған бара алмаймын. Көріп тұрып… жете алмайтын. Жүрегім қолқа тамырымен қоса суырылып түскендей. Мен өзім – осында, жүрегім сонда қалғандай…
Төрт түстігінен жүздеген шақырым жер алақаныңдағыдай көрінетін Бөгенбай асуы үстінен сонау-сонау Науа жаққа көзім боталай қарап отырмын.
Көз алдымда – көк мұхиттың тізбек-тізбек толқындарындай бір-бірімен иықтасқан көгілдір таулар. Анау алыс көкжиекте – таудай толқындарды қақ жарып, көк мұхитта көктей жүзіп бара жатқан Нұх пайғамбардың кемесіндей болып Мұзтау-дың қос өркешті төбесі көрінеді. Тұтасқан аппақ бұлттарды найзадай тесіп шыққан қос өркеш! Оралхан қарасөзбен жырлаған Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтауыңыз – сол.
Бала кезімде үлкендер айтушы еді: «Мұзтауды алғаш бұлтсыз көрген адам мұңсыз болады» деп. Бірақ Мұзтауды бұлтсыз көрген пенде жоқ шығар.
Мұзтау бұлтсыз болмаса, адам да мұңсыз болмайтын шығар… Бабалардың: «Жерің – жүрегің, халқың – тірегің» дегені рас екен ғой.
1998 ж.