ЖАУАПТЫ ХАТШЫ ЖӘМІШЕВ

76-ның қарашасы. Студентпін. Бірер айлық күзгі «практикамды» «Қазақ әдебиетінде» өткізбекші едім. Жолдамамды жоғарғы курстағы «жанашырым» көргенде маңдайы тыржиып, қабағы кіржиіп, құдды қолына прокурордың санкциясын ұстағандай бетіме біртүрлі аяй қараған. Сосын әдеттегі керенау, марғау қимылымен жатақхананың аядай бөлмесінде ары-бері жүріп келіп:

– Бекер істепсің. Басқа газет аз ба еді,– деді мен үшін өзі өкінгендей. – Ол газетте мен де практикада болғам. Болғаным құрысын, кейін «Қазақ әдебиетін» енді желкемнің шұңқыры көрсін деп кеткем. Аптасына бір-ақ рет шығатын газетке материал шығарудың қиындығы өз алдына, бәрінен де онда жазғаныңды жазған қалпында бастыра алмай ит болатының жаман. Өйткені онда Әбіраш деген көзілдірікті үлкен «қайшы» бар. Ол «қайшыға» түскен материалдың туралмай, қырқылмай өтетіні болмайды. Бір құлаш очерктен бір сүйем суреттеме шығара салу – ол кісіге түк емес. «Е, Әбекең тегі очеркті сүймейтін шығар» деп, бір сүйем суреттеме ұсынсаң оныңды тек бес жол хабар ғана қылады. Айтып отырмын ғой, жазғаныңа тура жаудай тиеді ол. Жау демекші, редакцияда оны «жауапты хатшы» дейді, ал мен «жау хатшы» деймін. Солай, бала!..

Ойланып қалдым. Расында «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» секілді студенттердің «жаттығу алаңы» тұрғанда, мүйізі қарағайдай жазушылар газетінде нем бар еді деймін. Бірақ кеше ғана, академиялық демалысымда облыстық газетте бір жыл қызмет істеп келгенім есіме түскенде «сап-сап көңілім» деп бір қоямын. Егер «Қазақ әдебиетінде» Әбіраш деген қайшы болса, «Коммунизм туында» Манап Салықбаев деген «ұстараны» да көргем. Ол менің өнердегі қарын шашымды қырып, шел-майымды сылып, бір жыл бойы иім қанғанша илеп болған соң: «Міне, енді дайын тауар болдың» деп, таяуда ғана Алматыға аттандырып салған. Ендеше ұстарадан өткеннің қайшыдан қорқып несі бар, қарашадағы үш күндік «қызыл күнге» үш күнді және қосып алып, ауылда алты күн аунап-қунап қайтқан күннің ертеңінде, салып-ұрып «Қазақ әдебиетіне» жетіп келдім. Келгенде тура «жауапты хатшы Жәмішевтің» өзіне кірдім. Қап-қара ұзын шашы еңкейгенде көзіне түсіп, алдындағы әлдебір қолжазбаға шүйліге төніп отыр екен. Қаламның ұшы қағаз бетіне тиіп-қашып, тиіп-қашып, бір жерін сызып жіберуге дайын тұрғандай көрінді.

– Ұлықсат па?– дедім, босағада үнсіз тұра беруге ыңғайсызданып.

Қағаздан басын жұлып алып, қайқайып отыра қалды. Тесірейе қадалған көзі өңменімді тесіп өткендей болды. Қапелімде сәлемді де ұмытып:

– Практикаға келіп ем… КазГУ-ден,– дедім кібіртіктеп.

– Қағазың кәне?

– Міне…

Жолдамама әуелі көзілдірігімен қарады. Сосын жай көзбен үңілді. Артынша көзілдірігін қайта киіп, алақандай қағазды шұқшия оқып шықты да:

– Қайда жүрсің?– деді қатқылдау. Түсіндім. «Неге кешік-тің?» дегені. Жолдама бойынша 1 қарашада осында болуым керек-ті. Ал бүгін – 11-і.

– Ауылға барып… боран соғып… жол ашылмай…

– Онда менің шаруам жоқ. Белгіленген уақытта белгілі жер-де болу сенің міндетің. Бұл газет үшін емес, өзің үшін керек. Қазірден өстіп не нәрсеге жүрдім-бардым қарасаң өмір бойы осылай жұрт соңында жүресің ақсақ қойдай ма-ңырап. Адам өзіне жастайынан жауапкершілікпен қарау ке-рек. Күн сайын өзін соған үйретуі керек. Бұны саған сол үшін айтып отырмын. Әйтпесе «Қазақ әдебиетінің» студентке қарап қалған күні жоқ, сенсіз де газет шығара аламыз. Түсіндің бе?

– Түсіндім.

– Түсінсең, ер соңымнан. Қазір сені очерк бөлімінің меңгерушісі Сәбит Досановпен таныстырамын.

Сәбең танысты. Қабылдады. Есік жақтағы ескі үстелге отырғызды. Сонан соң алдыма машинкаға басылған қалыңдау қолжазбаны тастады да:

– Мынау – «Простор» журналының главный редакторы Лариннің тың өмірінен жазылған очеркі. Қазақшаға аудару керек. Өзім-ақ диктовкамен қағып тастар ем, мына романның шаруасымен қолым босамай тұр. Баспаға барам. Ал сен дүйсенбіге дейін осыны тап-тұйнақтай етіп қатырып әкел. Сонда өзі белгілі боп қалады,– деп, бетіне де, бүйіріне де саусақтай әріптермен «Тау жолы» деп жазылған, қалыңдығы бір қарыс қолжазбасын қолтығына қысып кете барды. Кетіп бара жатып:

– Мені кім сұраса да «осында жүр де» дегенді де ұмытпады.

Мең-зең боп мен қалдым. Расында, осы «Қазақ әде-биетінде» нем бар еді деймін. «Қайшының» қарсы алған түрі – анау. Сәбеңнің соңғы сөзіне салмақ салып кеткені – мынау. «Сонда өзі белгілі боп қалады» дейді. Әрине, «белгілі болатыны» – Лариннің очеркі емес, менің шамам. Жаман студенттің жазудағы шама-шарқы мен қабілет-қарымын байқайық дегені ғой. Кенет қаным ысып, намысым ойнап шыға келді. «Жоқ,– сендер қалай қайқайсаңдар да облыстық газеттегі Манап ағамнан артық емес шығарсыңдар. Ол кісінің иімді қалай қандырып жібергенін көрсетейін!»– дедім де, алдымдағы қолжазбаға шаншыла кеп құладым.

Содан кешкі беске дейін бас алмастан тоғыз беттік аударманы диктовкасыз-ақ қағып тастап, енді еңсемді көтере бергенде «Тау жолын» қолтығына қысып, Сәбең кірсін есіктен:

– Мені ешкім іздеген жоқ па?

– Iздеген. «Осында жүр» дедім.

– Дұрыс. Өзің неге қайтпай отырсың?

– Манағы бергеніңізді аударып… бітірдім.

– Солай ма!.. Қане, көрейінші…

Көрді. Оқыды. Жымиды. Екі-үш көпшікті де астыма аямай тастап жіберді. Мен де риза, ол да риза.

– Мына романмен басым қатып жүргенде сен маған жақсы келдің, бала. Мен дүйсенбі күні де баспада болам. Сен бұны машинкаға бастырып, Әбекеңе бере бер.

Дүйсенбіде әлгі аудармамен қоса өзімнің «Терең тамыр» деген очеркімді де машинкадан өткізіп, «енді маған не дер екенсің» дегендей, Әбекеңе батылдау жетіп барайын. Бірақ… алып-қашқан көңілім тағы су сепкендей басылды. Ол материалдың маңдайына қараған да, маған қарай ысыра салған.

– Сәбит қайда?

– Келмей жатыр.

– Келеді. Оқытып, қол қойдырып әкел. Тәртіп солай.

«Қырсық!– дедім ішімнен. – Бұл «қайшымен» тіл табысу қиын шығар тегінде. Өзіме де обал жоқ, нем бар еді осы «Қазақ әдебиетінде»! Есіме бір сәт «Коммунизм туы»түскен. «Қайран Манап аға, енді сіздей адамға өмірі жолықпайтын шығармын!..»

Түстен кейін Сәбең келген қолжазбасын көтеріп. «Жағдайды» білді. Қолын қойды. Әбекеңе екі материалды да өзі апарып келді. «Қай жерін қиып жатыр екен» деп мен отырмын көңілсіз. Арада бір сағат өтер-өтпесте хатшы қыз есіктен басын қылтитып:

– Сені Әбекең шақырады,– деді сызылып.

Бұл сөз маған «сотқа шақырадыдан» кем естілген жоқ. Сүйретіле басып жеттім. «Тағы не дер екенсің?!»…

– Кел, кел,– деді ол менің төбемді көре. – Берірек кел, бері. Мұнда… менің қарсы алдыма отыршы келіп… (Кейін білдім: әлденеге риза болғанда я ренжігенде бір сөзін қайталай береді екен).

– Сен өзі бұрын газетке қатысып көріп пе едің?

– Көргем… Облыстық газетте істегем.

– Е, бәсе!– деді өңі жылып. – Бірақ саған айтарым – бұдан кейін облыстық, аудандық газет дегендерден аулақ жүр. Өйткені, сен жазушысың…

«Не дейд!»– деймін таңырқап. – Мына сөзді шынымен айтып отыр ма осы кісі? Әлде құлағым шалыс естіді ме? Жоқ, ап-анық айтты! «Жазушысың» деді… Әне, әлі сөйлеп отыр. «Жақсы очерк – әңгіме. Жаман әңгіме – жақсы суреттеме де бола алмайды. Өстіп жаза бер»…

Міне, мен Әбекеңмен 76-ның қарашасында осылайша танысқам. Кейін 20 жыл бойы ол кісімен жақын жүріп – қызметтес, алыс жүріп – ниеттес болғанымды, қай жерде мейлі жүрсек те бір-бірімізге адал аға, адал іні қалпымыздан танбасымызды ол уақытта тағдырдан басқа кім білген.

20 жыл! Бұл менің өмір жолымды, өнер мұратымды анықтаған бір кезең. Сол кезеңге қайрылып көз салсам, Әбекеңнен бөліп қарар күндерім, қызықты қимас сәттерім аз екен. «Жазушысың» деген жалғыз ауыз сөзі жас қанатыма дем беріп, жас қаламыма күш қосып, әдебиет әлеміне сеніммен аттауыма зор себепкер болуы бір басқа, «Сайын ағаң да саған қарсы емес, кел»,– деп, 80-ші жылы «Қазақстан пионерінен» «Қазақ әдебиетіне» шақырып алған да, 92-де «Заман-Қазақстан» ашылғанда оған алғашқы кадрлардың бірі етіп мені алдырған да, ол жерде «зав»-тан «зам»-ға, «Түркістанда» «зам»-нан біріншіге жылжығанда да жанашырлығынан жаз-баған Әбекең еді. Тәйір-ай, әңгіме бүгін бар да, ертең жоқ қызметте ме! Айтайын дегенім қан жағынан қырық қайнаса сорпасы қосылмас мен сияқты қайдағы біреуге деген асыл ағаның айнымас адал пейілі, сан рет байқатқан ыстық ықыласы да баяғы. Жоқ, жалғыз мен ғана емес, мұндай ықылас, пейілді кезінде менің замандас қаламдастарым: Асқар Егеубаев, Жұмагүл Солтиева, Бекен Ибраимов, Әлия Бөпежанова, Абзал Бөкенов, Көлбай Адырбеков те көп көрген. Олардың бұл сөзіме қарсылығы жоқ шығар, ал енді біреулердің «жауапты хатшы Жәмішев» десе, қай-қайдағысы еске түсетінін де сеземін. Өйткені?

Өйткені ол – (ақындығы мен сыншылығын басқалар айта жатар) туабітті журналист, оның ішінде, әсіресе, газет үшін жаралған жан еді. Ал газеттің өзінде жауапты хатшы қызметін атқару – қызу майданның өтінде, қызыл сөздің бетінде, қызық-думанның шетінде болу деген сөз. Жақсы жауапты хатшы – редакцияның жарым ырысы ғой, шіркін! Жарықтық Әбекең де өзі қызмет еткен әр редакцияның жарым ырысы болатын. Бұл сөзіме Сырағаңның (Мәуленов) аруағы, Сайын аға мен Шерағаңның, Қалағаңның ар-ұяты куә шығар. Осы азаматтардың редакторлығы тұсында «Қазақ әдебиетінде» Әбекең секретариаттың жұмысын шыр айналдыра жүріп, бөлім материалын оқудан да бір жалыққан емес. Оқығанда және бізше айтқанда, өңдеп-жөндеп, түзеп, түрлендіріп оқыса, біреулерше «қырып-жонып, кесіп-турап» оқиды. Бұл, әрине, кейінгілерге жақпайды. Жақпаған соң Әбекеңнің қолындағы қалам емес, қайшы болып көрінеді. Олардың айтуынша: «Әбіраш бұны әдейі істейді, шығарманың ең жақсы жерін қасақана қырқып тастайды». Ал осы «қасақана қырқып тасталған» «ең жақсы жерлерді» өзің оқысаң, материалды емес, Әбекеңді аяр едің. Әбекең мен қоса оқырманды ойлар едің. Ештемеге керексіз, езбе, мыжыма, бос сөздерді оқу алтын уақытқа қандай обал десеңші!.. Амал не, бұл өзі қалам ұстаған көп қазақтың кеше де, бүгін де айықпай келе жатқан ауруы ғой. Әңгімені сонау ит жылынан бастайтын көш-құлаш «әл-қиссаны» оқығанда, менің есіме Шер-ағаңның мына сөзі түсер еді. Лездеме кезінде бір әдеби қызметкерге: «Шырағым, «апа» деген сөзді «апа» дей салса да түсінікті емес пе, «а-а-по-оу» деп созғаннан не ұтасың!»– деген-ді. Әбекеңнің жарты ғұмыры сол «а-а-по-оу»-ды «апа»-ға түсірумен өтті ғой. Онысын тірісінде бағалаған кім бар, түсінгендер тіпті жоқ шығар.

Қысқарту, ықшамдау дегенде ойға оралады, Әбекең бірде маған («Қазақ әдебиетінде») жедел басып жетіп келген де:

– Әй, әй, мына материалдың оригиналы қайда, оригиналы?– деді қолындағы қолжазбаны желп-желп еткізіп.

– Қандай материалдың?– дедім түсінбей.

– Немат Келімбетовтің… Дұрыстап өзің дайында деп тапсырып едім ғой саған. Дұрыстағаның осы ма? Тапшы оригиналын тезірек!

Таптым. Бердім. Ол қарсы алдымдағы үстелге отыра қалып, Немат-нұсқа мен Мен-нұсқаны салыстыра бастадым. «Не боп қалды?– деймін абыржып. – Тағы қай жері қысқармай кетті, құдай-ау!..» Қарап отырмын, Әбекеңнің түрі біртіндеп жыли түскен секілді. Артынша қараторы өңіне қан да жүгіріп үлгерді.

– Дұрыс екен… дұрыс! Орынды екен бәрі. Тым шұнтиып қалғанына қарап, қаламың қатты батып кетті ме десем… Иә, дұрыс екен!– деп риза кейіппен шығып жүре берген.

Сөйтсем, қысқарту жағынан мен Әбекеңнің өзін қорқытып жіберсем керек… (Газеттегі «әкел де әкел жұмыс» авторлық құқпен үнемі санаса беруге мүмкіндік бере ме, құрғыр!)

Бұл да ештеңе емес, қысқарту жағынан мен кейін сол Әбекеңнің өзіне де «ауыз салып» жіберіппін. Әрине, ол мақтанатын жай емес, бірақ ақиқатты айтып арылу да керек қой.

Әлі есімде, 95-тің наурызында Әбекең маған дін жөнінде жазылған 12 беттік өз мақаласын ұсынған. Мен – орынбасар, ол тілші («Түркістанда»). Алдына түскен дүниені кідіртпей оқитын өзі секілді мен де бірден оқыдым. Ол кезде Әбекеңнің қажыңқырап қалған кезі еді. (Ауырып жүргенін қайдан білейін). Өзін зорлап жазғаны біраз жерінен белгілі болып тұрды. Сол тұстарын ықшамдауды белгілеп, өзіне келсем, «дәрігерге барам» деп кетіп қалыпты. Күтіп отыруға уақыт жоқ. Алқымнан алып тұрған – кезекті нөмірдің «әкел де әкел» процесі. Амалсыз өз нұсқамды секретариатқа өткізгем.

Ертеңінде сүлесоқтау басып Әбекең келсін маған. Өңі сынық. Қабағы салыңқы.

– Мақаламды тым қысқартып жіберіпсің ғой,– деді ақырын. Орнымнан тұрып, қарсы алдына келіп отырдым. Сосын күліп:

– Әбеке-ау, мен сіздің шәкіртіңіз емеспін бе? Өстім бе, өштім бе, ұстазыма бір сынатып алайын деп едім,– дедім әзілдеп.– Жөнсіз сызылған жері болса, қайта қосайық, аға. Екі дүниеде Сізді ренжіткім келмейді.

– Тоқта ендеше. Мен тағы бір қарап келейін,– деп жаңағыдай емес ширақ қимылдап шыға жөнелген.

Біраздан соң қайта оралған ол:

– Айналайын, дұрыс екен… дұрыс. Сен менің шын шәкіртім екенсің. Келші бері!– деп, құшақтап бетімнен сүйді.

Көзіме жас келді. Тұрақсыз, тұрлаусыз, баянсыз күннің болмашы жылы шуағы терезеден ары ауып бара жатыр еді. 76-ның қарашасында жүрген ізінен жел есетін қайран Әбе-кемнің қатқан қайың безіндей шып-шымыр денесінен қазір- менің құшағымда қалғаны – қарлығаштың ұясындай бір-ақ- уыс кеуде еді. Осы кіп-кішкентай ұяда өмірге, өнерге, адамға- деген ыстық махаббаттың сексеуілдің шоғындай жайнап, қызып жатқанын жақын-жаттан білгендер аз шығар…

Әбекең!.. Әбекең десе, бүгінде әр кездегі әр түрлі бір суреттер көз алдыма келер еді. Ол суреттермен бірге кейде жылы, кейде өктем, кейде тіпті мазалы да қапалы шығар бір үнді құлағым ап-анық естігендей болады.

… Біреудің бір жақсы дүниесін оқыса, өзі жазғандай қуанып: «Жақсы екен мынасы, жақсы екен!» деп, мәз болып отыратын Әбекең.

… Оқып отырған қолжазбасын шетке ысыра салып… «Түу, адам өстіп те жаза ма екен!– деп, көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, қарадай күйіп-пісетін Әбекең.

… Газеттің жаңа санын қарап жіберіп: «Әй, мына қате қай-дан жүр? Шақырыңдаршы кезекшіні!»– деп атып тұратын Әбекең.

… Редакция мен баспахана арасын жол қылып жүретін Әбекең.

… Қажымайтын, шаршамайтын Әбекең.

Жоқ, өмірінің соңғы жылында қажыды да шаршады Әбекең. Дәлірегінде, біз солай ойладық, соған баладық. Өйткені оның бұрынғы шапшаң қимылы шабандап, салмақты мінезінен сабырсыздық байқалып, біртүрлі «қызық» қылық көрсете бастаған. Кейде қызметке түстен кейін әзер келеді. Болмашыға қабақ шыта қалады. Әйтеуір, әр нәрсеге сіркесі су көтермей тұрады. «Япыр-ау, Әбекең қалай өзгеріп барады?» деймін таңданып. Редакциядағы жігіттер де «Әбекеңе не болған?»– деп жиі айтатын болған. Ал шындығында «не болғанын» «Қайран Әбекең!» деп, аһ ұрғанда бір-ақ білдік қой.

Тумысынан қайратты, намысшыл, мүсіркей қарауды жек көретін Әбекем айықпас дертін бізден жасырып келген ғой…

«Өлді!» дегенше өзекті жанның қасіретіне сенбейтін, сезбейтін біздің тірлігіміз – міне, осы!..

Сөз соңында, қалың оқырман есінде әдебиетші ретінде қалған, ондаған жыр жинағы мен сын жинағын беріп кеткен Әбіраш (Жамаладдин) Жәмішевтің ақындығы, сыншылығы, аудармашылығы туралы не айтасың дегенге:

– Әбекең сияқты газетке жан-тәнімен берілген жанның көркем шығарманы да өндіріп жазуы – ЕРЛIК, тек қана ЕРЛIК!– дер едім.

1998 ж.

Дидахмет
Әшімханұлы
logo