ЖАЛҒЫЗ БАЛА
Жаралып па ем деп жейдемен,
Тас-талқан болам кейде мен.
Мен жерге түскен жалғыз дән
Жапырақтардан сөйлеген.
Т.Айбергенов
Табиғат қорғау мәселесі бойынша Талдықорған облысынан алып қайтқан фактілеріміз мол еді. Оны шұғыл жазуымыз да керек-ті. Бірақ қолға қалам алсақ болды, осы сапарда көрген бір семьядағы жағдай, сол семьядағы бір кішкентай баланың қылығы, жас әке айтқан әңгіме ойымызды он саққа бөле берді. Сосын амалсыз табиғаттан бұрын семья мәселесінен сыр қозғауды жөн көрдік.
Біз онымен кездейсоқ «Талдықорған» қонақ үйінің алдында кездестік. Кешкілік сыртқа шыққан бетіміз еді, көлденең көшеден өтіп бара жатқан ұзын бойлы ақ сары жігіт бізді көріп, кілт бері бұрылды. Жақындай келе таныдық, бұдан тоғыз жыл бұрын Алматы үй құрылысы комбинатында бірге істеген Жомартбек деген жігіт екен. Жатақханада бір жылдай бір бөлмеде тұрғанбыз. Мінезі тым тұйық, жұмбақтау жігіт болатын. Жайраңдап сөйлесіп, жадырап күлгенін көрген кезіміз сирек. Енді, міне, көптен көрмегендікі ме, жып-жылы жымиып, хал-жағдайымызды сұрап жатыр. Сауалымызға орай өз жайында да ашық-жарқын әңгіме қозғайды. Айтуынша, Алматыдан кеткеннен кейін Талдықорған педагогикалық институтына түсіпті. Бір себеппен оны бірінші курсынан тастап, Семей қаласына қоныс аударыпты. Бірер жылдан соң ол жақты да қойып, Талдықорғанға қайта оралыпты да, аккумулятор заводына орналасыпты. Қазір де сонда істейді екен. Үйленген. Жалғыз ұлы бес жаста көрінеді… Ол осыны айтты да, бізді үйіне шақырды. Қарсылық көрсеткенімізге қарамай жетелей жөнелді. Жолай бала бақшаға соға кетпекші болдық.
Арада біраз жыл өтсе де оның сырт пішіні көп өзгере қоймапты. Баяғы сәнді киініп, сымдай тартылып жүретін қалпы. Тек ақсары өңі сәл жұқара түскен. Ал мінезі… қалай бетін бері қаратқанына таңымыз бар. Бұрын былай жылы сөзге келгенді қойып, сауалыңа жөні түзу жауабы да аз еді. Сол себепті де оны құрбы-құрдастары жақын тартпайтын. Өзі де ешкімге жуымай көбінде жалғыз, жабырқау жүретін. Тым өзімшіл, кірпияз, әрі тәкаппар жігітпен бір бөлмеде тұру бізге де оңай соқпаған. Өйткені екеуіміздің арамызда қарапайым қарым-қатынастың өзі жоққа тән болатын. Ол отыратын орындыққа біз отыра алмайтынбыз; ол жататын төсекті айналып өтетінбіз. Түнде байқамай оның сандалын сүйретіп кетпеуге де сақтық жасаушы едік. Бұның да себебі бар. Алғаш мінезін білмей тұрғанда «жаңа көршіміздің» кесесімен абайсыз шай ішіп қойыппыз. Бұған қатты ренжіген ол: «Әркім өз ыдысын пайдаланған жөн» деп күңк еткен. Бұл да ештеңе емес, бізге ең ауыры – Жомартбектің асты жеке ішетіндігі еді. Буфеттен өзіне ғана шақтап әкелген самсасы мен сары майын, колбасасы мен сосискасын бір бұрышта жалғыз отырып, жәукемдеп алатын да, аппақ орамалының шетімен ернін еппен сүртіп, үнсіз жүре беретін. Сол Жомартбегіңіз осы.
Балабақшаға жақындай бергенімізде ауладағы көп баладан жырылып жеке тұрған бір бүлдіршін «папа» деп тұра ұмтылды. Оны жерден көтеріп алған Жомартбек:
– Күнде өстіп жеке күтіп алатын әдеті. Кеш болса көшеге қарап, көзі мөлдіреп тұрады,– деп күліп қойды.
– Папа, сен маған не әкелдің?– деді салған жерден баласы.
– И-и, шешесінің жаман үйреткені-ай, осыны,– деп әкесі қабақ шытқан.
– Папа деймін, сен маған не әкелдің?– деп ұлы да қояр емес.
– Балам-ау, күн сайын саған не әкелуші едім. Бүгін, міне, аға әкелдім,– дейді әкесі енді әзілдегендей болып.
«Аға маған керек жоқ» дегендей баласы ернін бұртитты. Жолай базарлық ала салмағанымызға біз де өкініп қалдық…
Бала әкесінің мойнынан тас қып құшақтап алған, үш көшені қиып өтсек те жерге түсер түрі жоқ. Жомартбектің де белі бүгіліп, ентіге дем алып келеді. Бір мезет оның қолын босатуды ойлаған біз:
– Келе ғой, айналайын, келші,– деп балаға қол создық. Жатырқамай, бірден құшағымызға қойып кетті. Құшағымызда тұрып кіп-кішкентай саусақтарын қойнымызға сүңгітіп те жіберді. «И-и, айналайын-ай, еркелегені ғой» деп қоямыз ішімізден. Бірақ қолын қайта суырып алғанда әкесі:
– Қой, қой, Ерік, қайтар өзіне,– деп тұра ұмтылды. Қарасақ, сырты жылтыр автоқаламымыз Еріктің қолында тұр. Сәбидің көңілін қалдыруға бола ма, жалғыз «қаруымыз» бодау-сыз кетіп бара жатса да, «алсын, алсын» дейміз. Алмасын десек те, тыңдағалы тұрған Ерік емес, сақ-сақ күліп, сол автоқаламмен бетімізді бір-екі сүйкеп те өтті. Осы мезетте Жомартбек ұлын жұлқа тартып жерге түсірді де, жетелей жөнелді. Ол көшені басына көтеріп, ал кеп бақырсын. Бәріне кінәлі біздей қарадай бетіміз ду етті. Сосын жол жиегіндегі магазинге кірдік те, бір орам конфет алып шықтық. Ерік жылағанын лезде қоя қойды. Бірақ бір конфеттің қағазын аршып көрді де, «Ой, батон ғой» деп бетін тыржитып, тағы да сұңқылдасын.
– Шоколадтан басқа тәтті таңдайына татымайды бұ неменің,– дейді Жомартбек қапаланып.
Көшедегі бүкіл адамды өзімізге қаратып, Жомартбектің үйіне де жеттік. Екі бөлмелі сәнді пәтер екен. Екі бөлмеде де есіктен төрге дейін шашылып жатқан ойыншық: арбалы ат, арғымақ ат… аю… піл… түйе, «техниканың» сан түрі… «Қару-жарақтың» небір үлгісі… Қысқасы, кіші-гірім ойыншықтар магазиніне кіріп кеткен сияқтымыз. Жұбайы жұмыстан оралмапты, Жомартбек білек сыбанып, ас әзірлеуге кірісіп кетті. Ерік әр ойыншығын бір сүйреп, біраз томпаңдап жүрді де, кенет бізді де ойынға шақырды. Қонақта ерік жоқ, аядай бөлмеде арбаң қағып, жасырынбақ ойнай бастадық. Артынша бұдан да жалыққан Ерік:
– Дяденька, сен слон бол,– деді. Дырдай басымызбен «слон» болу ыңғайсыз-ақ. Дегенмен сәбидің меселін қайтарғымыз келмей, амалсыз айтқанына көндік.Қарғып арқамызға мінген Ерік енді тебіне бергенде… есік қоңырауы шылдыр ете түсті. Біз ұшіп тұрып «слон» емес, қонақ бола қалдық. Келген Еріктің мамасы болса керек, алдынан жүгіріп шыққан ол:
– Мама, сен маған не әкелдің?– деп жатыр.
Бөлмеге кірген етжеңді, қара торы келіншек жылы шыраймен амандық білдірді. Жанындағы Еріктің бір қолында жалпақ шоколад, екінші қолында ойыншық машина. Екі бірдей дүниеге ие болған шіркінің мәз.
– Тағы да шұрым-бұрымыңды сүйрете жеткенбісің?– дейді ас үйден Жомартбек.
– Қойшы, осы ұсақ-түйекке сөйлегенді. Бір-екі сом әкеңнен қалған мал емес шығар,– дейді бұл бөлмеден жодасы.
– Жарқыным-ау, мәселе бір-екі сомда емес қой. Баланы күн сайын қолыңа қаратып, жаман үйретпесеңші,– дейді Жомартбек күйініп.
– Болды, болды! Қонақтан ұялсай тегі. Босқа сөйлемей манадан Эриктің киімін ауыстыра салсаң қайтер,– деп келіншек ұлын шешіндіріп, шифонерді ашқан. Көзіміз шалып қалды, шифонердің қақ жарытысына Еріктің киімі ілініпті. Бұл да бір кішкентай балалар магазиніне ұқсайды.
– Альбом көре отырыңыз,– деді әлден уақытта келіншек. Көре бастадық. Қалыңдығы төрт елі алғашқы альбомда түгелдей Еріктің суреттері екен… Ол жөргөкте жатыр… Ол еңбектеп жүр… қаз басып тұр… жүгіріп жүр… Бұны тауысып, екінші бір альбомды қолға алдық. Мұнда да Еріктің суреттері… Жоқ, әкесінің суреттері сияқты… Иә, әкесінікі. Бүлдіршін кезінен есейгенге дейінгі бар бейнесі көз алдымыздан көшіп жатыр. Әр суретінде әр түрлі киінген. Бәрі де әдемі, бәрі де сәнді.
– Бар қызықты балалық шағыңда көрген екенсің ғой,– дейміз Жомартбекке әзілмен.
– Одан не опа тапты дейсің,– деп ол қолын селсоқ сілтей салды.
Ас үстінде Жомартбекпен өткен-кеткенді әңгіме етпек болдық. Бірақ ортамызда отырған Ерік сықылықтап күліп, қасығымен тарелкасын тарсылдата ұрып, тағы мазамызды алған.
– Қой, Ерік, тентек болма,– дейді әкесі ақырын. Оны тыңдап жатқан Ерік жоқ: «Папа жаман, папа жаман» деп тарелкасын тарсылдата түседі.
– Қой деймін, Ерік, ағадан ұят болады,– дейді әкесі енді ашуланып.
Бала ұятты біле ме, кенет бір кесек тұздалған балықты біздің шайымызға тастап та үлгерді. Жомартбек манадан бері әзер шыдар отырса керек, орнынан атып тұрып:
– Шақыршы, ана көршінің баласын!– деді жолдасына есікті нұсқап.
– Ол екеуі қайбір тату ойнаушы еді,– деп жолдасы былқ-сылқ басып, сыртқа беттеді.
Көршінің қара домалағын көрісімен Ерік орындықтан секіріп түсіп, «досын» жоғары сүйрей жөнелді. Құлағымыз бірден тыныштала қалған біз де бір сәт үзілген әңгімемізді қайта жалғастырдық. Алайда бұл тыныштық ұзаққа созылмады, бес-он минут өтпей-ақ Ерік төргі бөлмеден жүгіріп шығып:
– Анау менің машинама тиісед,– дейді кемсеңдеп.
– Баршы әрі!– деп әкесі сәл ғана итеріп қалып еді, ал кеп өкірсін. Сол-ақ екен, шешесі ал кеп сөйлесін:
– Неге тиісесің балаға, неге нұқисың! Осы жалғыз баланың еркелігін көтере алмасаң, несіне әке боп жүрсің! Сөйтіп отырып, бала керек дейді тағы да. Көрер едім, төрт-бесеуі төбеңде ойнақтаса,– деп дір-дір етеді.
Отырыстан мән кеткенін сезіп, сыртқа беттедік. Жомартбек те ере шықты. Тып-тыныш тымық түнде тып-тыныш жүріп келеміз. Не заматтан соң Жомартбек:
– Ерік мазаңды алды-ау,– деді ыңғайсызданып. – Осы бала неден еркінсіп кеткенін білмеймін. Ары жығыл десең бері жығылатын әпербақанның өзі. Тек бір нәрсе сатып беріп қана тілін табасың. Ал қолыңның ұшы тиіп кетсе, жаңағыдай бір кварталды ұйқысынан оятады. Сосын шешесінің маған тартар сыйы әлгі. Соңғы кезде үйдегі ыдыс-аяқ та осы бала үшін сылдырлап жүр. Кінәнің көбі шешесінен. «Өті жарылып кетсе де баланы қызылға қызықтыруды қой деймін. Қоймайды. Қоймаған соң әлгіндей сөзге келіп қаламыз да, арамызда салқындық туады. Еркіне жығыла бергенге Ерік те тым әспенсіп алған. Үйде отырсақ тек соның айтқанына көніп, айдағанына жүруіміз керек. Жүрмесек – «папа жаман». Не істерімді білмей кейде басым қатады.
– Кішкентай ғой, әлі-ақ басылып кетер,– дейміз біз Жомартбекті алдарқатып.
– Әй, кім білсін, еркеліктің зардабын кейін тарта ма деп қорқамын… Өзіміз де тарттық қой,– деп ол жеңіл күрсініп қойды. Күрсінді де ұзақ әңгімеге көшті.
– Мен де бір семьяның жалғызы едім,– деп бастады Жомартбек әңгімесін. – Ата-анам Панфилов қаласында қызмет істеген ауқатты адамдар еді. Кішкентайымнан не кием, не ішем дегем жоқ. Өзгеде жоқ киім де, бұйым да менен табылатын. Табылмаса таптырып алатынмын. Өйткені, үйдегілер мен үшін бәрін істеуге тиіс көрінетін… Не керек, әйтеуір он бес жасыма дейін небір қызықты көріп өстім. Үйде бетімнен ешкім қақпайды. Мектепте бәрінің көзі маған түседі. Қызыға, қызғана қарағандардан өзім де алшағырақ жүремін. Көбін менсінбеймін. Менен олар төмен секілді боп тұрады. Біреулермен ойнасам тез жалығамын. Жетінші класс бітіргенше бұл мінезімді оғаш деп білмедім де. Оған дейін әке-шешем де бар қылығыма «бала ғой» деп баға беретін. Ал сосын «баладан « көрсін шыжықты. Мектепте жиналыс болса, менің әке-шешем қызарады. Естір сөздері: «Жомартбек қырыс, эгоист, қоғамдық жұмысқа қатыспайды, үлгерімі нашар». Үйге келісімен екеуі мені ортаға алады. Ұрсады, ақыл айтады. Түсінгендей тымырайып отыра беремін. Бірақ бірер апта өтпей жатып, тағы да артыма қоңырау байлап жетемін. Бұл да ештеңе емес, жоғары класта мен әке-шешені де тыңдағанды қойдым. Ол кезде бәрін өзім білем деген мінез пайда болған. Ата-ананың қара шашы да сол уақытта ағара бастады. Жалғанда өз балаңа сөзің өтпегеннен ауыр ештеме жоқ шығар. Әкем байқұс кейде басын тас қып ұстап, жынданып кете жаздаушы еді… Қойшы, сонымен орта мектепті орталау бітіріп шықтым. Ары қарай оқығым келмеп еді, үйдегілер желкемнен сүйрегендей СХИ-ға топ еткізді. Одан бір курсты бітірмей шығып қалдым да, құрылыстағы өздеріңнің қатарларыңа қосылдым. Бұдан кейін Талдықорған, Семейді кезіп кеткенімді мана айттым ғой… Ақыры айналып, айналып осы аккумулятор заводына тұрақтаған жайым бар. Жоғарыдағы ұзақ сенделістің маған тиген бір пайдасы – әр түр-лі коллективтің ортасында болып, әр түрлі адамдармен та-ныстым. Оларға қарап кем-кетігімді де көре бастадым. Қызық-ау, адамдардан қаншама қашсаң да, бәрібір қуып әкеп орталарына тығады екен ғой. Мен де қазір сол ортаға қосылдым ба деймін… Бірақ көкірегімдегі бір өкініштің орны ешқашан толар емес. Өткен жылдары әке-шешем дүниеден қайтқан. Енді мен ағайын-туғаннан мүлде адамын, қуаныш-мұңыма ортақтасар не аға, не қарындас жоқ. Қара жер хабар бермесін, марқұм әке-шешеме сол үшін ренжимін. Не ойлады екен солар бір кезде, не ойлады екен?..
– Ал сендерде не ой бар?– дедік біз тосыннан. Күтпеген сұраққа Жомартбек қысылып қалды да:
– Ой көп қой,– деді жай ғана. – Мен баланың болашағын ойлаймын. Өзімдей өкінбесе екен, соңынан ерер іні-қарындастары болса екен деймін. Ал шешесі не ойлайтынын кім білсін. Алғашқы кезде Ерік кішкене өссін деп жүрді. Сонан кейін тұрмысты жақсартып алайық деген. Қазір тіптен сылтауы көп.
Жомартбек әңгімесін аяқтап, тағы да күрсінді. Бұл уақытта қонақ үйіне де жеткенбіз, ол бізбен көңілсіздеу қоштасты да, жалғыз өзі қараңғылық қойнына сіңе берді.
… Жолсапарда көрген бір семьядағы жағдай, жас әке айт-қан әңгіме осы еді. Бұдан біз не түйдік? Еріктің тым «әспенсіп» кету себебі не? Бар кінә «әпер» дегенін әперіп, «әкел» дегенін әкеліп, әбден дәніктірген шешесінде ме? Мүмкін табиғат жаратылысы бөлек шығар?.. Жоқ, біздіңше негізгі кінарат баланың жалғыз өсіп келе жатқандығы болса керек.
Әдетте, бала ес білмей жатып, үлкеннен гөрі кішіге үйірсек келетіні бар. Мәселен, жеті-сегіз айлық екі сәбиді қарама-қарсы отырғызса, бір-біріне қарап күлісіп, былдырлап «сөйлесіп», мәздері шығар еді. Сосын екі жастан бастап, өздерінен кішінің аузына тәтті ұсынады, қолына ойыншық ұстатады. Үш-төртке келгенде жылаған сәбиді жұбатып, ата-анаға кәдімгідей қам-қор бола бастайды. Бұл – оның аяушылық, мейірбандық, қамқорлық сезімдерін оятады. Және ол өздері үшін ермек, алданыш та… Ал жалғыз бала үйде не істейді? Әрі-бері ойнаған соң сөзсіз жалығар еді. Себебі ойыншықтары қанша көп, қанша керемет болса да, тірінің қызығы мен қызметін атқара ала ма? Сонан кейін бала амалсыз ата-ананы айналдырады, қонақты «слон» еткісі келеді. Оған үлкендер үнемі көне бермейтіні белгілі. Сондықтан ол басқа бірдемені ермек еткісі келіп, ойына келгенін істейді.
Жалғыз балаға ата-ананың ерекше мейірлі келетіні тағы бар. «Адамның бір қызығы – бала» болса, ол әрі жалғыз болса, неге құлай сүймеске. Әрине сүйеді. Сүйеді де оны материалдық жағынан да, рухани жағынан да толық қанағаттандыруға тырысады. Бар кінәсін «жалғыз ғой, кішкене ғой» деп, жуып-шаяды. Ол «жалғыз» өтпелі жастан (переходной возраст) өткен соң, Жомартбек тәрізді «бәрін де өзі біліп» кетпесіне кім кепіл.
Біз бұл материалды жазар алдында астанамыздағы Калинин ауданына қарасты «Дубок» бала-бақшасында болып, тәрбиешілермен де әңгімелестік. «Шындығында, семьядағы жалғыз бала басқалардан ерекшеленіп тұрады,– дейді осында біраз жылдан бері қызмет істейтін бір тәрбиеші. – Олардың тілін табу да тым қиын. Көбі өзімшіл, өкпешіл. Бақшада берілетін тамақ, ойыншық, қалам-қағаздың сапасын анықтайтын да солар. Әрі «білгіш». Мәселен, олар біз оқытатын, үйрететін нәрселердің біразын білетін болып шығады. Білген соң көңіл аударғылары келмей басқа іспен шұғылданып, өзгелерге кедергі жасайды. Және осындай балалар үлкендерге тән сөйлеуге, қылықтар жасауға бейім келеді. Бұған басты себеп: үйде олардың тек ата-аналармен ғана байланыста болғаны деп білеміз… Тағы бір айтар жай, мына іргедегі 52 орта мектептің оқушыларының дені – кешегі біздің түлектер. Естісек, солардың арасында тентектік жасайтындардың көпшілігі әлгіндей «жалғыздар» екен.
Бұл айтылған мәселелер, негізінен, жалғыз баланың тәрбиесіне, оның болашағына, ата-анасына және жүрген ортасына қатысты. Ал осы жөнінде жалпы қоғамдық тұрғыдан қандай ой қозғауға болады?
– Адамның өмірге келудегі ең ұлы міндеттерінің бірі – артына ұрпақ қалдыру,– дейді педагогика ғылымының кандидаты, белгілі демограф Мақаш Тәтімов. – Ұрпақ – адамның сөнбейтін оты, өшпейтін түтіні. Ұрпақ – жер бетіндегі саналы тіршіліктің тірегі. Бүгінгі бала – қоғамымыздың ертеңгі бір мүшесі. Оны гүлдендіретін де, түрлендіретін де сол. Бір сөзбен айтқанда, ұрпақсыз қоғам да жоқ. Демек кейбір ата-аналар ойлағандай бала тәрбиелеу, ұрпақ қалдыру – семьялық жеке мәселе емес. Біздің елімізде бала өсіріп, тәрбиелеуге зор көңіл бөлінуінің бір себебі де, міне, осында.
Балалы әйелдер мен көп балалы аналарға деген қамқорлық жыл сайын молая түсуде (оның бәрін тізбесек те, жұртшылық жақсы біледі). Осы қамқорлық пен мүмкіндіктерді ата-аналар қалай пайдаланып отыр? Мүмкін көп балалы семьялар қатары көбейіп келе жатқан шығар? Өкінішке қарай, демографиялық зерттеулер мен статистикалық есептеулерге қарағанда 1–2 балалы семьялар қазір процент жағынан өсе түскені байқалады. Бүгінгі таңда мұндай семьялар еліміздегі барлық семьяның жартысына жуығын қамтиды. Алдағы жылдары асып түсуі де ықтимал. Бұның өзі халықтың табиғи өсімін тежей бермек.
Денсаулығы қалыпты әйел адамның физиологиялық мүмкіндігі – 7-8 бала әкелу. Ал еліміз бойынша қазір орта есеппен әр әйел 2–3 баламен ғана шектелуде (советтік семьяда баланың орташа нормасы үштен кем болмауы тиіс). Мұндай жағдай соңғы кезде қазақ әйелдерінде де жиі кездесіп жүр. Мысалы, 1959 жылы 20–50 жас аралығындағы мың әйелдің бір жасқа толмаған нәрестелері 220 болса, 1979 жылы бұл сан 131-ге кеміді.
Көп бала өсіру – қазақ халқының ата салты, ізгі дәстүрі. Кейінгі жастар, оның ішінде 25-35 аралығындағы жастар осы салтқа салқын қарайтын сияқты. Бұған мына мысал да дәлел. Қазақ халқының бір жылдағы орташа өсімі 1959–1979 жылдары 4,6 процент болса, 1970-1979 жылдары 2,6 процентке дейін төмендеді. Өсімнің кемуі, әсіресе, солтүстік облыстарымызда көбірек көрініп отыр. Айталық, 1970-1979 жылдары Шымкент облысындағы қазақтар өсімі 31,3 процент те, Қостанай облысында небәрі 13,5-ақ процент.
Жылдан жылға еліміздің өндірістік қуаттары мен кәсіп-орындары молайып, Отан байлығы арта түсуде. Оны игеру үшін жеткілікті еңбек ресурстары қажет, яки адам қажет. Егер бірер балалы семьялар көбейе берсе, бұл қажеттілікті біз толық өтей аламыз ба? Екіншіден, ерке, шолжың өскен балалардың біразы еңбекке қабілетсіз келетіндігі де белгілі. Ондай балалар көбінде шағын семьялардан шығады. Қорыта келгенде айтарым: семьядағы жалғыз баланы «эгоист» дегеннен гөрі, шын эгоизмнің түп тамырын Отанның, халықтың, баланың болашағынан бұрын, өз жағдай-тұрмыстарын ғана ойлайтын ата-аналардан іздеген жөн сияқты.
Табиғат қорғау мәселесі бойынша Талдықорған облысынан алып қайтқан фактілеріміз мол еді. Оны шұғыл жазуымыз да керек-ті. Бірақ табиғаттан бұрын ұрпақ мәселесін сөз етуімізге тура келді. Және бұл очеркте біз ойымызды толық жеткіздік деп айта алмаймыз. Мүмкін сіздер де пікір қосатын шығарсыздар, құрметті оқырман?!
1981 ж.